Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 6 қарашадағы № 740 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 6 қарашадағы
№ 740 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      1992 жылғы 26 маусымдағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімнің, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімнің (2018 жылғы 1 маусымдағы редакцияда), 2014 жылғы 21 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздігі тұжырымдамасының, 2018 жылғы 2 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімнің және 2016 жылғы 7 маусымдағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиоактивті көздерді өткізу мәселелері бойынша ақпараттық өзара іс-қимылы туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,

      радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдаумен байланысты ықтимал авариялар мен қасақана құқыққа қарсы іс-әрекеттер салдарынан болатын зиянды әсерден және әсер етуден халықты және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігін мойындай отырып,

      радиоактивті материалдар мен радиациялық технологияларды пайдалану, радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ете отырып,

      1979 жылғы 26 қазандағы Ядролық материал мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау туралы конвенцияны, IAEA/CODEOC/2004 радиоактивті көздердің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі мінез-құлық кодексін,
IAEA/CODEOC/IMO-EXP/2012 радиоактивті көздердің импорты мен экспорты жөніндегі басшылыққа алынатын материалдарды, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) IAEA/CODEOC/MGT-DRS/2018 пайдаланудан алынған радиоактивті көздермен жұмыс істеу жөніндегі басшылыққа алынатын материалдарын, 2005 жылғы 13 сәуірдегі Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияны, 1963 жылғы 21 мамырдағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін төменде келтірілген терминдердің мынадай мағыналары болады:

      межелі мемлекет – аумағына радиоактивті материалдарды әкелу жүзеге асырылатын осы Келісімге қатысушы мемлекет;

      транзит мемлекеті – аумағы арқылы радиоактивті материалдардың транзиті жүзеге асырылатын осы Келісімге қатысушы мемлекет;

      экспорт мемлекеті – аумағынан радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау жүзеге асырылатын осы Келісімге қатысушы мемлекет;

      жүк жөнелтуші – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес радиоактивті материалдарды жөнелтуге уәкілетті заңды немесе жеке тұлға;

      жүк алушы – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес радиоактивті материалдарды алуға уәкілетті заңды немесе жеке тұлға;

      тасымалдаушы – радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;

      МАГАТЭ қағидалары – МАГАТЭ-нің радиоактивті материалдарды қауіпсіз тасымалдау қағидалары (2018 жылғы басылым, SSR-6);

      радиоактивті материал – тасымалдауға МАГАТЭ қағидалары қолданылатын радионуклидтерден тұратын материал;

      транзит – егер жөнелту және межелі пункттер осы мемлекеттің аумағында орналаспаған болса, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің аумағы арқылы радиоактивті материалдарды өткізу (егер онда қону көзделмесе, осы мемлекеттің аумағының үстінен радиоактивті материалдарды әуе көлігімен тасымалдау жағдайларын қоспағанда);

      трансшекаралық тасымалдау – радиоактивті материалдарды осы Келісімге қатысушы бір мемлекеттің аумағынан осы Келісімге қатысушы екінші мемлекеттің аумағына немесе аумағы арқылы өткізу (егер онда қону көзделмесе, радиоактивті материалдарды осы мемлекет аумағының үстінен әуе көлігімен тасымалдау жағдайларын қоспағанда);

      уәкілетті (құзыретті) орган – осы Келісім шеңберінде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды реттеуді, мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру бойынша өкілеттіктер берілген Тараптың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін министрлік, ведомство, мемлекеттік корпорация немесе өзге де ұйым.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары:

      радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде негізсіз кідірістерді болғызбау;

      радиоактивті материалдардың трансшекаралық тасымалдануын бақылауды қамтамасыз ету;

      радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдаумен байланысты процестердің тұрақты жұмыс істеуіне бағытталған бірлескен
іс-қимылды үйлестіру болып табылады.

3-бап

      Осы Келісімнің күші осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтары арқылы жүзеге асырылатын радиоактивті материалдарды теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен трансшекаралық тасымалдауға қолданылады.

      Әрбір Тарап осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті (құзыретті) органдарды айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде осы Келісімнің депозитарийін хабардар етеді.

      Уәкілетті (құзыретті) органдар өзгерген жағдайда тиісті Тарап күнтізбелік 30 күн ішінде бұл туралы осы Келісімнің депозитарийін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

4-бап

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау халықаралық шарттарға және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шарт (келісімшарт) немесе осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмейтін өзге де құжат негізінде жүзеге асырылады.

5-бап

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыру үшін, егер бұл аумағы арқылы трансшекаралық тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, жүк жөнелтушінің осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес экспорт мемлекетінің, транзит мемлекетінің (транзит жағдайында) және межелі мемлекеттің уәкілетті (құзыретті) органдары беретін рұқсат беру құжаттары, оның ішінде жүк алушыға және тасымалдаушыларға берілетін рұқсат беру құжаттарының көшірмелері (немесе электрондық көшірмелері) болуға тиіс.

6-бап

      1. Осы Келісімнің 5-бабына сәйкес радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау үшін қажетті рұқсат беру құжаттары тиісті мемлекеттер заңнамасының:

      ядролық және радиациялық қауіпсіздікті;

      радиоактивті материалдарды физикалық қорғауды;

      трансшекаралық тасымалдау кезінде авариялар болған жағдайда авариялық дайындықты және ден қоюды;

      ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауды;

      трансшекаралық тасымалдау кезінде авариялар болған жағдайда залалды өтеуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптары сақталған жағдайда берілуге тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген тиісті мемлекеттер заңнамасы талаптарының сақталуын растайтын рұқсат беру құжаттарын алу қажеттілігі осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасымен реттеледі.

7-бап

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау тасымалдаушыда немесе радиоактивті материалдарды алып жүретін жүк жөнелтушінің/жүк алушының өкілінде радиоактивті материалдарды тасымалдауға арналған лицензия және/немесе аумақтары арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өзге де құжаттар болған кезде халықаралық шарттардың ережелері және/немесе төменде көрсетілген халықаралық құжаттар ескеріле отырып жүзеге асырылады (осы халықаралық құжаттарға қатысушы мемлекеттер үшін):

      теміржолдар бойынша – 1951 жылғы 1 қарашадағы Халықаралық теміржол жүк қатынасы туралы келісім;

      автомобиль көлігімен – 1957 жылғы 30 қыркүйектегі Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келісім;

      әуе көлігімен – Тараптардың арасында қолданылатын әуе қатынасы туралы екіжақты немесе көпжақты келісімдер, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қауіпті жүктерді әуе арқылы қауіпсіз тасымалдау жөніндегі техникалық нұсқаулықтарында (Doc 9284-AN/905) көзделген қағидалар мен рәсімдер;

      ішкі су көлігімен – 2000 жылғы 26 мамырдағы Ішкі су жолдары арқылы қауіпті жүктерді халықаралық тасымалдау туралы еуропалық келісім;

      теңіз көлігімен – 1965 жылғы 27 қыркүйектегі Қауіпті жүктерді теңіз арқылы тасымалдаудың халықаралық кодексі және 1999 жылғы 27 мамырдағы Кемелерде жоғары белсенділік деңгейіндегі сәулеленген буып-түюлі ядролық отынды, плутоний мен радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз тасымалдаудың халықаралық кодексі.

8-бап

      Уәкілетті (құзыретті) органдар осы Келісім күшіне енгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде Интернеттегі өздерінің ресми сайттарында осы Келісімнің 5-бабына сәйкес өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде талап етілетін құжаттардың тізбесін, сондай-ақ тиісті рұқсат беру құжаттарын алу рәсімдерінің сипаттамасын орналастырады.

      Тараптар осы Келісім олар үшін күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне осы баптың бірінші абзацында көрсетілген ресми сайттардың мекенжайларын жібереді, Комитет олардың тізбесін Интернеттегі өз сайтында жариялайды.

      Уәкілетті (құзыретті) органдар радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезінде талап етілетін рұқсат беру құжаттарын алу тетіктерін жақындастыру мәселелері бойынша консультациялар жүргізеді.

9-бап

      Радиоактивті материалдарға қатысты кедендік операциялар (кедендік ресімдеу) және кедендік бақылау кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарға, сондай-ақ осы Кедендік реттеу туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде оларды физикалық қорғау осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген халықаралық құжаттардың қолданылатын ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі талаптар 1979 жылғы 26 қазандағы Ядролық материал мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау туралы конвенцияда, Ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғауға қатысты физикалық ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұсынымдарда (INFCIRC/225/Revision 5) көзделгеннен төмен болмауға тиіс.

11-бап

      Уәкілетті (құзыретті) органдар радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде осы Келісімнің ережелерін немесе осы Келісімге қатысушы мемлекеттер заңнамасының тиісті ережелерін бұзудың маңызды фактілері туралы бір-бірін хабардар етеді және осындай бұзушылықтар мен олардың салдарын жою жөнінде шаралар қабылдайды.

      Уәкілетті (құзыретті) органдар тиісті құжаттарда мәлімделген радиоактивті материалдардың параметрлерін тексерудің тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіруде бір-біріне жәрдем көрсетеді, радиоактивті материалдардың жекелеген түрлерін әкелуге/транзитіне барлық тыйым салулар мен шектеулер туралы олардың нақты тізбесін көрсете отырып, бір-бірін алдын ала хабардар етеді, сондай-ақ радиоактивті материалдарды заңсыз трансшекаралық тасымалдауға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу бойынша тұрақты негізде консультациялар жүргізеді.

12-бап

      Ядролық және радиациялық қауіпсіздікті бұзудың ықтимал қаупімен байланысты мән-жайлар анықталған кезде, сондай-ақ осы Келісімнің ережелері және/немесе осы Келісімнің 5-бабына сәйкес берілген рұқсат беру құжаттарының қолданылу шарттары бұзылған кезде рұқсат беру құжаттарын берген уәкілетті (құзыретті) органдар бұл туралы аумағы арқылы радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау жүзеге асырылатын, барлық мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарын хабардар ете отырып, өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес олардың күшін жоюы немесе қолданылуын тоқтата тұруы мүмкін, сондай-ақ мұндай тасымалдауды/транзитті тоқтата тұруға немесе тоқтатуға құқылы.

      Трансшекаралық тасымалдауды тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім қабылдаған мемлекеттің уәкілетті (құзыретті) органдары бұл шешім туралы аумағы арқылы осындай тасымалдау жүзеге асырылатын барлық мемлекеттердің уәкілетті (құзыретті) органдарын дереу хабардар етеді.

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауды тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, халықаралық шарттарға және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қажетті іс-шаралар жүргізіледі.

13-бап

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде авариялардың алдын алу, сондай-ақ персоналды, халықты және қоршаған ортаны зиянды әсерден және әсер етуден қорғау жөніндегі іс-шараларды осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 4-бабына сәйкес радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шартқа (келісімшартқа) немесе өзге де құжатқа сәйкес жүк жөнелтуші, жүк алушы және/немесе тасымалдаушы жүзеге асырады. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдауға арналған шартта (келісімшартта) авариялардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар, ықтимал авария жағдайын сақтандыру және басқа да қаржылық кепілдіктер, сондай-ақ радиоактивті материалдарды физикалық қорғау үшін жауапкершілікті беру орны, күзет үшін жауапкершілікті беру тәртібі (ол болған жағдайда) көзделеді.

      Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау кезінде туындаған авария жағдайында оның салдарын жою, сондай-ақ авария ауданында күзет пен байланысты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар аумағында осы авария болған мемлекеттің күштерімен, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 4-бабына сәйкес радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау шартына (келісімшартына) немесе өзге де құжатқа сәйкес жүк жөнелтушінің, жүк алушының (аумағында авария болған) және/немесе тасымалдаушының күштерімен жүзеге асырылады.

      Аумағында авария болған мемлекеттің өз уәкілетті (құзыретті) органы арқылы жіберілетін Тараптың көмек көрсетуі туралы ресми сұрау салудың негізінде басқа Тараптар оған аварияның салдарын жедел жою үшін көмек көрсетеді. Тараптар көмек көрсету жөніндегі өз қызметінде 1986 жылғы 26 қыркүйектегі Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны басшылыққа алады.

14-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

15-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

17-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін оған ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      20__ жылғы ________ __________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.


Әзербайжан Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Армения Республикасының
Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Түрікменстанның Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін

Украинаның Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады