Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 19 қарашадағы № 774 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2018 жылғы 13 қыркүйекте Анкарада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2020 жылғы 19 қарашадағы
  № 774 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери саладағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісім

      (2021 жылғы 26 наурызда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2021 ж., N 2, 12-құжат)

      Бұдан әрі "Тарап" немесе "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі

      2018 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін назарға ала отырып,

      осы Келісімге сәйкес алмасатын әскери саладағы құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Мақсаты

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасы мен ережелеріне сәйкес Тараптар арасында алмасатын әскери саладағы құпия ақпаратты қорғау үшін қауіпсіздік қағидаттарын қолдануға қатысты тәртіпті белгілейді.

2-бап Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын анықтамалардың мынадай мағынасы бар:

      1) әскери саладағы құпия ақпарат – рұқсатсыз таратылуы Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ұлттық заңнамасына сәйкес қорғалатын кез келген нысанда білдірілген әскери саладағы Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларын қамтитын мәліметтер мен материалдар және/немесе Тараптардың ынтымақтастығы процесінде қалыптасқан мәліметтер;

      2) құзыретті орган – өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің органы;

      3) уәкілетті орган – осы Келісімді іске асыру үшін жауапты Тарап мемлекетінің органы;

      4) Жөнелтуші Тарап – өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға уәкілеттілік берілген әскери саладағы құпия ақпаратты екінші Тарапқа беретін немесе осы Келісімнің шеңберінде келетін адамдарды жіберетін Тарап;

      5) Алушы Тарап – өз Тарапы мемлекетінің заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратты екінші Тараптан алатын немесе осы Келісім шеңберінде келетін адамдарды қабылдайтын Тарап;

      6) келетін адамдар – әскери саладағы құпия ақпаратпен жұмыс істеу үшін қабылдаушы Тарапқа келетін, жөнелтуші Тараптың персоналы;

      7) үшінші тарап – осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын адамдар, институттар, мемлекеттер, халықаралық және ұлттық ұйымдар, мемлекеттік және жеке компаниялар, сондай-ақ осы Келісімнің қолданылу саласынан тыс болатын Тараптардың жеке және заңды тұлғаларымен тең осы мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары;

      8) персоналдың рұқсатнамасы – Тараптар мемлекеттерінің құпия ақпаратты қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасына сәйкес әскери саладағы құпия ақпаратпен жұмыс істеуге өкілеттілікті растайтын Тараптардың біреуінің құзыретті немесе уәкілетті органы берген құжат;

      9) объектіге рұқсатнама – Тараптар мемлекеттерінің құпия ақпаратты қорғау жөніндегі ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымның әскери саладағы құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге жеке және ұйымдық мүмкіндіктері бар екенін растайтын Тараптардың біреуінің құзыретті органы берген құжат.

3-бап Уәкілетті органдар

      1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасының Үкіметінен – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі;

      Түркия Республикасының Үкіметінен – Түркия Республикасының Бас штабы.

      2. Уәкілетті органдар осы Келісімді іске асыруға байланысты барлық талаптар мен рәсімдерге қатысты екінші Тараппен үйлестіру үшін тиісті шараларды қабылдайды.

      3. Уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін шұғыл түрде дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

4-бап Құпиялылық белгілерінің арақатынасы

      Тараптар мемлекеттерінің тиісті ұлттық заңнамасында көзделген қауіпсіздік шаралары шеңберінде уәкілетті органдар әскери саладағы құпия ақпаратты қорғауды тиісті түрде қамтамасыз етуге және төмендегі кестеде көрсетілген шектеу дәрежелеріне сәйкес қабылдауға міндеттенеді:

Қазақ тілінде

Түрік тілінде

Ағылшын тілінде

Орыс тілінде

Өте құпия

Çok Gizli

Top secret

Совершенно секретно

Құпия

Gizli

Secret

Секретно

Özel

Confidential

Қызмет бабында пайдалану үшін

Hizmete Özel

Restricted

Для служебного пользования

5-бап Әскери саладағы құпия ақпаратты беру

      1. Әскери саладағы құпия ақпаратты беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес уәкілетті органдармен келісу бойынша әскери және/немесе дипломатиялық арналар арқылы немесе кез келген басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.

      2. Тараптардың біреуінің егемендігіне және ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төнген немесе оның ұлттық/халықаралық мүдделеріне қайшы келетін жағдайда әскери саладағы құпия ақпаратты беруден бас тартылуы мүмкін.

      3. Уәкілетті органдар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес берілетін әскери саладағы құпия ақпаратты тасымалдау тәсілі, маршруты мен алып жүру нысаны туралы келіседі.

      4. Алушы Тарап әскери саладағы құпия ақпаратты алғаны туралы Жөнелтуші-Тарапты хабардар етеді.

6-бап Әскери саладағы құпия ақпаратты пайдалану тәртібі және оны қорғау шаралары

      1. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес уәкілетті органдар әскери саладағы құпия ақпаратты қорғау үшін қажетті шараларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы мәселелер бойынша консультациялар (келіссөздер) өткізеді.

      2. Әскери саладағы құпия ақпарат осы Келісімнің мақсаттарында ғана пайдаланылады және жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілмейді.

      3. Әскери саладағы құпия ақпарат персоналдың тиісті рұқсатнамасы бар адамдарға ғана ашылады.

      4. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір Тарап мемлекетінің адамдарына немесе ұйымдарына ұсынылған әскери саладағы құпия ақпаратқа рұқсатнаманы басқа Тарап уәкілетті орган ресми түрде растағаннан кейін мойындайды.

      5. Алушы Тарап жіберуші Тараптан алынған әскери саладағы құпия ақпаратқа осы Келісімнің 4-бабына сәйкес баламалы құпиялылық дәрежесін беруді қамтамасыз етеді.

      6. Жөнелтуші Тарап берген әскери саладағы құпия ақпарат көшірілген (үзінділер пайдаланылған) және/немесе тілдік аударма жасалған жағдайда алушы Тарап осындай көшірмелерге (үзінділерге) және аудармаларға жөнелтуші Тарап берген баламалы құпиялылық дәрежесін береді.

      7. Алушы Тарап жөнелтуші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жөнелтуші Тарап берген құпиялылық дәрежесін өзгертпеуге тиіс.

      8. Жөнелтуші Тарап өзінің әскери саладағы құпия ақпаратының құпиялылық дәрежесінің кез келген өзгерісі туралы алушы Тарапты хабардар етеді. Алушы Тарап тиісінше алынған әскери саладағы құпия ақпараттың құпиялылық дәрежесін өзгертеді.

      9. Ынтымақтастық процесінде әзірленген әскери саладағы құпия ақпаратқа берілген шектеу дәрежесі Тараптар уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша айқындалады, қайта қаралады немесе алынады.

      10. Жөнелтуші Тарапқа әскери саладағы құпия ақпаратты қайтару оның жазбаша сұрау салуы бойынша жүзеге асырылады.

      11. Әскери саладағы құпия ақпаратты жою оны қалпына келтіру мүмкін болмайтындай етіп жүзеге асырылады.

      12. Алушы Тарап әскери саладағы құпия ақпаратты жойғаны туралы жөнелтуші Тарапты хабардар етеді.

7-бап Құпиялылықты бұзу

      1. Әскери саладағы құпия ақпарат рұқсатсыз жария етілген немесе жоғалтылған жағдайда не құпиялылықты осындай бұзушылықтар туралы күдік туындаған жағдайда:

      Алушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық қажетті шараларды қабылдайды, жөнелтуші Тарап келтірілген залалды толық көлемде бағалай алатындай жөнелтуші Тараптың құзыретті және уәкілетті органдарын мән-жайлар мен қабылданған шаралар туралы дереу хабардар етеді.

      Әскери саладағы құпия ақпараттың жоғалуын немесе рұқсатсыз жария етілуін анықтаған немесе ықтималдығын болжаған алушы Тараптың уәкілетті органы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу тергеп-тексеруге (қажет болған кезде жөнелтуші Тараптың өкілдерін тарта отырып) кіріседі.

      2. Жөнелтуші Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру жүргізеді.

      3. Әскери саладағы құпия ақпаратты жоғалту немесе рұқсатсыз жария ету салдарынан келген залалдың мөлшерін әрбір жеке жағдайда құрылатын, Тараптар өкілдерінен тұратын Бірлескен комиссия айқындайды.

8-бап Сапарлар

      1. Әскери саладағы құпия ақпаратқа рұқсатнаманы және объектілерге қолжетімділікті алушы Тараптың уәкілетті органының алдын ала рұқсатын алғаннан кейін бір Тарап басқа Тараптың өкілдеріне береді. Мұндай рұқсат мүдделі Тараптың уәкілетті органының бұрын келісілген өтініші бойынша тиісті рұқсатнамасы бар келетін адамдарға беріледі.

      2. Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісім шеңберінде өздерінің келетін адамдары рұқсатнамасының өзгергені туралы, атап айтқанда рұқсатнама кері қайтарылған немесе деңгейі төмендетілген жағдайдабір-бірін хабардар етеді. Келетін адамдар алушы Тараптың мемлекетінде қолданылатын құпиялылық режимін сақтайды.

      3. Жөнелтуші Тараптың уәкілетті органы Келетін адамдардың сапары туралы жоспарланған келуге дейін 45 күннен кешіктірмей алушы Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді. Ерекше жағдайларда сапарға рұқсат Тараптар уәкілетті органдарының алдын ала келісуі бойынша мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде берілуі мүмкін.

      4. Сапарға өтініш мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) Келетін адамның тегі және аты, туған күні мен жері, азаматтығы және паспорт нөмірі;

      2) Келетін адамның лауазымы және өкілдік ететін ұйымның атауы;

      3) тиісті құпиялылық дәрежесі рұқсатнамасының деңгейі;

      4) сапардың болжамды күні және оның ұзақтығы;

      5) сапардың мақсаты;

      6) бару жоспарланып отырған объектілердің атауы мен орналасқан жері;

      7) Келетін адамға рұқсат етілуі мүмкін әскери саладағы құпия ақпараттың талап етілетін санаты.

      5. Сапарға өтініш Тараптар келіскен әскери немесе дипломатиялық арналар арқылы беріледі.

      6. Уәкілетті органдар белгілі бір мерзімге, бірақ 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімде объектіге бір рет/көп рет баруға рұқсатқа сұрау салады. Рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту қажет болған кезде жөнелтуші Тарап алушы Тарапқа ағымдағы рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) аптадан кешіктірмей жаңа рұқсат алу туралы өтініш жасайды. Сапарлар графигін жасауға рұқсат етіледі.

9-бап Қаржы мәселелері

      Егер өзгеше келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес дербес көтереді.

10-бап Басқа да халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелер

      Осы Келісімнің ережелері Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және басқа мемлекеттердің мүдделеріне, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қарсы пайдаланылмауға тиіс.

11-бап Түзетулер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап Дауларды реттеу

      Осы Келісімді іске асыру немесе түсіндіру бойынша туындайтын кез келген дау консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі және шешу үшін ешқандай ұлттық немесе халықаралық сотқа немесе кез келген үшінші тарапқа берілмейді.

13-бап Күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Кез келген Тарап өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламаны басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберу жолымен кез келген уақытта осы Келісімнің қолданысын тоқтатуы мүмкін. Келісімнің қолданысы осындай хабарламаны алған күннен бастап 90 (тоқсан) күн ішінде тоқтатылады.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату іске асырылып жатқан бағдарламалар мен іс-шараларға әсер етпейді.

      4. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілген немесе жасалған әскери саладағы құпия ақпаратқа қатысты осы Келісімде көзделген оны қорғау жөніндегі шаралар құпиялылық белгілері алынып тасталғанша қолданылуын жалғастырады.

      2018 жылғы "13" қыркүйекте Анкара қаласында қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Түркия РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады