"Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 921 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Өсімдіктер дүниесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                                  А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Өсімдіктер дүниесі туралы

      Осы Заң өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау, күзету, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мақсаттарды, міндеттерді және құқықтық негіздерді айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биотоп – өсімдіктер, жануарлар және микроағзалар биоценозының мекендеу ортасының салыстырмалы түрде біртекті жағдайларымен сипатталатын учаскесі;

      2) биоценоз – белгілі бір, салыстырмалы түрде біртекті жер учаскесін немесе су айдыны учаскесін мекендейтін және бір-бірімен өзара байланыс жасайтын өсімдіктердің, жануарлардың және микроағзалардың жиынтығы;

      3) ботаникалық коллекция – ғылыми, оқу-танымдық, мәдени-тарихи және эстетикалық құндылығы бар өсімдіктердің және (немесе) олардың бөліктерінің жүйеленіп құжатталған жинағы болып табылатын табиғи-ғылыми коллекция;

      4) гермоплазма (ұрықтық плазма) банкі – көбейту және қоныстандыру үшін қызмет ететін әртүрлі морфологиялық табиғаттағы өсімдіктер бөліктерінің (спора, ұрық, жеміс, түйнек) коллекциясы (қоймасы);

      5) гендік тип – әртүрлі деңгейлерде өзара байланыс жасайтын ағзаның генетикалық элементтерінің тұқым қуалауға негізделген жиынтығы, бірыңғай жүйесі;

      6) генетикалық қор (гендік қор) – дарақтардың (популяциялар, популяциялар тобы немесе түрі) бір тобы гендерінің жиынтығы, оның шегінде олар белгілі бір жиілікпен кездесуімен сипатталады;

      7) генетикалық эрозия – генетикалық ресурстардың ұтымды пайдаланылмауын және тиісінше дәрежеде сақталмауын қоса алғанда, антропогендік қызметтің салдарынан генетикалық әртүрліліктің жоғалуы;

      8) генетикалық материал – репродуктивтік және вегетативтік жолмен көбейтілетін материалдарды қоса алғанда, тұқым қуалаушылықтың функционалдық бірліктерін қамтитын өсімдік тектес кез келген материал;

      9) генетикалық құбылу – дезоксирибонуклеин қышқылы (бұдан
әрі – ДНҚ) тізбегіндегі кез келген тұқым қуалаушылық өзгеріс;

      10) генетикалық ресурстардың үлгісі – тұтас өсімдіктер, сондай-ақ бір ботаникалық түрге немесе әр түрлерге жататын және тірі күйінде сақталатын тұтас ағза немесе ағзалар алуға болатын өсімдіктің бір бөлігі (тұқым, түйнек, баданақ, тамыр және өзге де бөліктері), оның органдарының тіндері, жасушалары;

      11) генетикалық түрлендірілген ағза (ГТА) – гендік типі гендік инженерия әдістерінің көмегімен жасанды түрде өзгертілген ағза;

      12) дериват – қолдан өсірілген өсімдік пен одан және оның туындысынан өндірілген өнім;

      13) жабайы өсетін өсімдіктерді қорғау – өсімдіктер дүниесі объектілерін зиянкестерден, аурулардан, табиғи және антропогендік сипаттағы қолайсыз факторлардың әсерінен қорғау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;

      14) көгалдандыру екпелері – негізінен елді мекендердің шекарасында орналасқан маңызды санитариялық-гигиеналық, әлеуметтік, эстетикалық және өзге де функцияларды орындайтын қорғаныштық екпелер;

      15) қопа – өсімдіктер қауымдастығын әлі қалыптастырмаған табиғи өскен өсімдіктер тобы;

      16) дақылдық өсімдіктердің жабайы тұқымдастары – дақылдық өсімдіктерге эволюциялық-генетикалық жағынан жақын, дақылдық өсімдіктермен бір тұқымға кіретін, дақылға енгізуге немесе жаңа сорттар алу процесінде пайдалануға әлеуетті жарамды табиғи флораның түрлері;

      17) дақылдық өсімдіктер – адам тағам өнімдерін, өнеркәсіпке арналған шикізат, жемшөп, сәндік түрлер алу үшін өсіретін өсімдіктердің түрлері, пішіндері және сорттары;

      18) орнықты пайдалану – биологиялық әртүрлілік құрамбөліктерін ұзақ мерзімді перспективада биологиялық әртүрліліктің қазіргі және болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетін сақтай отырып, оның сарқылуына әкеп соқтырмайтындай етіп және сондай қарқынмен пайдалану;

      19) өсімдіктерді жерсіндіру – жабайы өсетін жоғары өсімдіктерді, мүктерді, қыналарды, балдырларды, сондай-ақ саңырауқұлақтарды олар дамудың барлық сатыларынан өтетін және өсуге бейім тұқым беретін
өсіріп-өнуін жаңа немесе өзгерген жағдайларына бейімдеу;

      20) өсімдіктер қауымдастығы – флористикалық құрамы, құрылымы біртұтас және тіршілік ету орнының жағдайлары біркелкі қауымдастықты біріктіретін өсімдіктер жамылғысының негізгі таксономиялық бірлігі;

      21) өсімдіктердің биологиялық әртүрлілігі (биоәртүрлілік) – әртүрлі өсу орталарында қалыптасқан және қалыптасатын барлық биологиялық түрлер мен биотикалық қауымдастықтардың жиынтығы, ол түр шеңберінде, түрлер арасындағы әртүрлілікті және экожүйелердің әртүрлілігін қамтиды;

      22) өсімдіктердің генетикалық ресурстары – өсімдік ағзалары және (немесе) олардың бөліктері мен дериваттары, популяциялары немесе адамзат үшін нақты немесе әлеуетті пайдасы немесе құндылығы бар экологиялық жүйелердің кез келген басқа да биотикалық өсімдік құрамбөліктері;

      23) өсімдіктерді қалпына келтіру – табиғи өсімдіктер ресурстарының сандық және сапалық сипаттамаларын тұрақтандыру немесе қалпына келтіру процесі;

      24) өсімдіктер дүниесінің генетикалық әртүрлілігі – өсімдіктердің белгілі бір түрінің ішінде немесе алуан түрлерінің арасында анықталатын ықтимал генетикалық сипаттамалардың саны;

      25) өсімдіктерді интродукциялау – өсімдіктердің түрлерін олар өсіп өнетін жерлерден тысқары жерлерге әдейі немесе кездейсоқ көшіру;

      26) өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциясы – өсімдіктер әртүрлілігі құрамбөліктерінің жиналған, жүйеленген және құжатталған, нақты немесе әлеуетті құндылықты білдіретін, жеке немесе заңды тұлғалар бақыланатын жағдайларда өздерінің табиғи өсетін жерлерінен тыс жерлерде оларды тірі күйінде ұстау, одан әрі зерделеу және ұтымды пайдалану мақсатында сақтайтын табиғи-ғылыми коллекция;

      27) өсіп-өну жерлері – өсімдіктер дүниесі объектілерінің өмір сүруі мен дамуы үшін қажетті экологиялық жағдайларды қамтамасыз ететін жерүсті, су кеңістігі;

      28) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану – өсімдіктер дүниесі объектілерін күзетуге, қорғауға, қалпына келтіруге, пайдалануға және алып қоюға, сондай-ақ көгалдандыруға байланысты қызмет;

      29) өсімдіктер дүниесі объектілері – өсімдіктер дүниесін құрайтын кез келген ағза немесе оның бөліктері (жерасты және жерүсті бөліктері, жемістері, тұқымдары, геномдары), осы ағзалардың табиғи және жасанды құрылған қауымдастықтары;

      30) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану – өсімдіктер дүниесі объектілерін шаруашылық, дақылдық және эстетикалық мақсатта пайдалану жөніндегі заңдық тұрғыдан негізделген қызмет;

      31) өсімдіктер дүниесін пайдаланушылар – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану құқығы берілген жеке және заңды тұлғалар;

      32) өсімдіктер таралымы – ішінде оқшаулау кедергілері жоқ және еркін будандастыру жүзеге асырылатын түрлік таралу аймағының белгілі бір бөлігін ұзақ уақыт бойы алатын өсімдіктер түрі дарақтарының жиынтығы;

      33) өсімдіктер ресурстары – қоғамның әртүрлі мұқтаждары үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жабайы өсетін жоғары өсімдіктердің, мүктердің, қыналардың, балдырлардың, сондай-ақ саңырауқұлақтардың, олардың бөліктері мен дериваттарының табиғи ресурстары;

      34) өсімдіктер – белгілі бір аумақтың өсімдіктер қауымдастықтарының (фитоценоздардың) жиынтығы;

      35) өсімдік материалы – нақты немесе әлеуетті құндылығы бар және ғылыми-зерттеу, селекциялық және экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілері;

      36) өсімдіктер дүниесі – Қазақстан Республикасының аумағында табиғи жағдайларда өздерінің бүкіл биологиялық әртүрлілігімен және табиғи ортаның басқа да құрамбөліктерімен өзара байланыста өсетін, сондай-ақ олардың табиғи өсіп-өнетін жерлеріне таралу аймағын қалпына келтіру мақсатында және тірі коллекцияларда сақтау үшін жасанды жолмен отырғызылған жабайы өсетін жоғары өсімдіктердің, мүктердің, қыналардың, балдырлардың, сондай-ақ саңырауқұлақтардың барлық түрлері мен қауымдастықтарының жиынтығы;

      37) өсімдіктер қауымдастығы (фитоценоз) – белгілі бір флористикалық құрамымен, құрылымымен, өсімдіктердің бір-бірімен де, қоршаған орта факторларымен де байланысымен сипатталатын өсімдіктер түрлерінің неғұрлым тұрақты немесе тұрақсыз табиғи топтамасы;

      38) өсімдіктер типі – бір немесе бірнеше бағалы генетикалық ұқсас экобиоморфалардың басым түрлері құраған формацияларды біріктіретін өсімдіктер жамылғысының таксономиялық санаты;

      39) өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өсімдіктер дүниесі саласында басқару және өсімдіктер дүниесі объектілерін рұқсатсыз алып қоюды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      40) өсімдіктердің ДНҚ банкі (өсімдіктердің генетикалық банкі) – әртүрлі өсімдік тіндерінің мұздатылған үлгілері, дайындалған тұқымдар немесе жиналған өсімдік тозаңдары сақталатын қойма;

      41) реликтер – жойылып кеткен, бір кездері кең таралған флоралардың сақталып қалған өсімдіктер түрлері;

      42) реинтродукция – өсімдіктердің белгілі бір түрін оның бұрынғы табиғи жағдайларда өсіп-өнген жерлеріне қайтару;

      43) ресурстық зерттеп қарау – өсімдіктер дүниесінің жекелеген объектілерінің шикізат қорларын зерделеу және оларды алып қоюдың ықтимал көлемін айқындау жөніндегі ғылыми және жобалау-іздестіру жұмыстарының кешені;

      44) техникалық өсімдіктер (техникалық дақылдар) – өнеркәсіпте және тұрмыста қолданылатын шикізат беретін өсімдіктер;

      45) түгендеу – өсімдіктер дүниесі объектілерінің сандық және сапалық көрсеткіштерін сипаттау, картаға түсіру және айқындау жөніндегі жұмыстар кешені;

      46) флора – белгілі бір аумақта (су өсімдіктері үшін акваторияда) немесе нақты өсімдіктер қауымдастығының құрамында мекендейтін (өткен геологиялық дәуірлерде мекендеген) өсімдіктер түрлерінің жиынтығы;

      47) экологиялық жүйе (экожүйе) – өсімдіктер, жануарлар және микроағзалар қауымдастықтарының, сондай-ақ олардың жансыз қоршаған ортасының бірыңғай функционалдық тұтастығы ретінде өзара байланыс жасайтын серпінді кешені;

      48) экожүйелік әртүрлілік – осы аумақта анықталған экожүйелер саны;

      49) эндемиктер (эндемикалық түрлер, эндемдер) – өздерінің таралуы жағынан айтарлықтай шағын географиялық өңірмен шектелген және басқа аумақтарда кездеспейтін түрлер, тұқымдар, тұқымдастар.

2-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының шекараларында орналасқан Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі объектілерін иелену, пайдалану және оларға билік ету кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының арнаулы заңнамасымен және оған қайшы келмейтін осы Заңның нормаларымен реттеледі.

3-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы мақсаттар, міндеттер

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерін қолдану саласындағы негізгі мақсаттар өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және пайдалану аясындағы барлық алуан түрлі қатынастардың реттелуін қамтамасыз ету, табиғи өсімдіктер ресурстарын және өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтау, молықтыру, ұтымды және теңгерімді пайдалану мәселелерін тиімді басқару, халықтың осы табиғи ресурстарға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру, өсімдіктер дүниесінің ресурстарын пайдаланушылардың – жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, сондай-ақ өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау және пайдалану саласында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту үшін жағдайлар жасау болып табылады.

      2. Өсімдіктер дүниесі объектілерін қолдану саласындағы міндеттер:

      1) өсімдіктер дүниесінің маңызды объектілерін анықтау, есепке алу, зерттеу, түгендеу және олардың жай-күйіне мониторинг жасау;

      2) барлық деңгейде мемлекеттік басқару мен үйлестіруді жүзеге асыру;

      3) өсімдіктер ресурстарын орнықты пайдалануды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету;

      4) мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

      5) өсімдіктердің генетикалық ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      6) халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

4-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы негізгі қағидаттар

      Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы негізгі қағидаттар:

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерін, өсімдіктерді, оның ішінде генетикалық ресурстарды пайдалануды мемлекеттік реттеуді, сондай-ақ өсімдіктердің жабайы түрлерінің және олар қалыптастыратын табиғи өсімдіктер қауымдастықтарының өсіп-өну ортасын қорғауды қамтамасыз ету;

      2) өсімдіктер дүниесін мемлекеттік басқаруды бірінші кезекте оның табиғат қорғау және экологиялық функцияларының (топырақ қорғау, су қорғау, эрозияға қарсы, климат реттеу, орта құру, көміртегін жинау, сауықтыру, рекреациялық) айрықша маңыздылығын, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі оның рөлін басшылыққа ала отырып жүзеге асыру;

      3) жерсіндіру, интродукциялау арқылы бөтентекті түрлерді, сондай-ақ гендік түрлендірілген өсімдіктерді табиғи өсімдіктер жүйелеріне негізсіз енгізуге жол бермеу;

      4) өсімдіктер ресурстарын ұтымды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады. Шикізат ресурстарына деген ішкі қажеттіліктерге және халықаралық сауданы жүзеге асыруға байланысты жабайы флора түрлерінің бірде-біріне қауіп төндірілмеуге тиіс;

      5) өсімдіктер дүниесі туралы заңнама бұзылған кезде залал мен шығынды өтеу және осы қаражатты оларды қалпына келтіруге пайдалану;

      6) өсімдіктер дүниесі объектілерін, оның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін жойғаны (зақымдағаны) және заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік туындауының бұлтартпастығы;

      7) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы ақпараттың қолжетімділігі, жұртшылықтың өсімдіктер дүниесін басқаруға қатысуы;

      8) биологиялық әртүрлілікті сақтау, өсімдіктер дүниесіне зиянды әсердің алдын алу және өсімдіктер дүниесін қорғауды ынталандыру болып табылады.

5-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесіне меншік құқығы

      Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігі болып табылады.

      Жеке меншіктегі жерлерде өсіп-өнетін өсімдіктер дүниесінің объектілері (сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген өсімдіктер түрлерiнен, сондай-ақ өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктерден, сондай-ақ дәрілік өсімдіктерден басқа) осы жерлердің жеке меншік құқығы субъектілерінің меншігі болып табылады және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға болады.

6-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін басқару жүйесі

      Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін басқару жүйесіне Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган, орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган, олардың ведомстволары және аумақтық бөлімшелері осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары кіреді.

2-тарау. Өсімдіктер дүниесі саласындағы құқықтық қатынастардың объектілері мен субъектілері

7-бап. Өсімдіктер дүниесі саласындағы саласындағы құқықтық қатынастар объектілері

      1. Өсімдіктер дүниесі саласындағы қатынастар объектілері:

      1) жабайы өсетін өсімдіктер және олардың қауымдастықтары;

      2) өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, реликтілі және эндемикалық түрлері;

      3) дайындалған (алып қойылған) жабайы өсетін өсімдіктер, олардың бөліктері мен дериваттары;

      4) көгалдандыру мақсатында пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілері;

      5) ботаникалық коллекциялар (табиғи флораның тірі, гербарий коллекциялары, гермоплазма коллекциялары, өсімдіктердің түрлері мен нысандарының ДНҚ-лары);

      6) өсімдіктер дүниесі объектілерінің өсіп-өну ортасы болып табылады.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілері:

      1) мақсаты бойынша – тағамдық, жемшөптік, дәрілік, техникалық объектілер;

      2) таралуы бойынша – жаппай, шектеулі мөлшерде таралған, эндемдер, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлері;

      3) генетикалық құндылығы бойынша – қазіргі уақытта өсірілетін өсімдіктердің жабайы туыстары (түп аталығы-аналығы) және болашақта селекция үшін бағалануы және қажет болуы мүмкін жабайы өсетін өсімдік ағзалары болып бөлінеді.

      3. Осы Заңның ережелері:

      1) үй жанындағы, саяжай, бау-бақша учаскелеріндегі заңды негізде өсірілетін өсімдіктер дүниесінің объектілеріне;

      2) ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне қолданылмайды.

8-бап. Өсімдіктер дүниесі саласындағы құқықтық қатынастардың субъектілері

      Өсімдіктер дүниесі саласындағы құқықтық қатынастардың субъектілері осы салада қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып табылады.

3-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтары мен міндеттері

9-бап. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

      1. Жеке және заңды тұлғалардың:

      1) аумақты қорғаудың ерекше режимі белгіленген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен орман қоры жерлерін қоспағанда, жабайы өсетін өсімдіктердің, олардың бөліктері мен дериваттарының жойылуына және бүлінуіне, оларды заңсыз жинауға, өсіп-өну (өсу) ортасының бұзылуына, учаскелердің қоқыстануына, өрт қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуына жол бермей, өсімдіктер дүниесі объектілері орналасқан учаскелерге емін-еркін баруға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға және олардың меншігіндегі және өсімдіктер дүниесінің дайындалған (жиналған) ресурстарына, сондай-ақ оларды өткізуден түсетін кірістерге иелік етуге;

      3) алынбаған пайданы қоса алғанда, өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдаланушылар құқықтарының бұзылуы не өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану жүзеге асырылатын учаскелерді мемлекеттік немесе қоғамдық мұқтаждықтар үшін алып қою салдарынан келтірілген залалдар мен шығындарды өндіріп алуға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімдіктер дүниесі объектілерін қолдану саласында ақпарат алуға, осы объектілер бойынша талқылауларға, қоғамдық тыңдауларға және олар бойынша шешімдер әзірлеуге қатысуға құқығы бар.

      2. Жеке және заңды тұлғалар:

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерінің өсіп-өну (өсу) ортасының нашарлауына жол бермеуге, жабайы өсетін өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын дайындау (жинау) кезінде табиғат қорғау технологияларын сақтауға;

      2) табиғи өсімдіктер қауымдастықтарының тұтастығын бұзбауға, олардың биологиялық әртүрлілігін сақтауға ықпал етуге;

      3) бекітіп берілген аумақтарда карантиндік объектілермен, бөтентекті түрлермен және ерекше қауіпті зиянды ағзалармен, олардың таралуымен, арамшөптердің өсуімен күрес жөнінде, сондай-ақ топырақтың су және жел эрозиясына, батпақтануға, су басуға, судың жайылуына, сортаңдануға, ластануға, топырақ құнарлылығының төмендеуіне және өсімдіктер дүниесі объектілерінің сақталуына теріс әсер ететін басқа да процестерге жол бермеу жөнінде жұмыстар жүргізуге;

      4) өсімдіктер ресурстарын пайдалану процесінде басқа табиғи ресурстардың жай-күйінің нашарлауына жол бермеуге;

      5) өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануды жүзеге асыру кезінде жер учаскелері меншік иелерінің (пайдаланушыларының) құқықтарын бұзбауға;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.

10-бап. Қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтары мен міндеттері

      1. Қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының:

      1) белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесінің объектілерін қолдану саласында ақпарат алуға;

      2) өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануға беруге, сондай-ақ өсімдіктер дүниесінің объектілері орналасқан учаскелерде өндірістік, ауыл шаруашылығы және азаматтық объектілер салуға байланысты мәселелерді мемлекеттік органдардың талқылауына және шешуіне қатысуға;

      3) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп табиғи жайылымдарға арналған жүктеме нормаларының сақталуын қамтамасыз етуге және жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөнінде жоспарлар әзірлеуге қатысуға;

      4) өсімдіктер дүниесінің объектілерін қолдану саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;

      5) өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзетуді, қорғауды, қалпына келтіруді және пайдалануды жақсарту жөніндегі ұсыныстармен мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жүгінуге құқығы бар.

      2. Қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары:

      1) өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды қамтамасыз етуде мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге;

      2) пайдаланушылар – жеке және заңды тұлғаларға өсімдіктер дүниесінің объектілерін сақтау, орнықты қолдану қажеттігі туралы хабарлауға қатысуға міндетті.

4-тарау. Өсімдіктер дүниесі саласындағы мемлекеттік органдардың құзыреті

11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) өсімдіктер дүниесі саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейді;

      2) өсімдіктер дүниесі объектілерін иелену, пайдалану және оларға иелік ету құқықтарын жүзеге асырады;

      3) өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерінің тізбесін бекітеді;

      4) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын алып қою туралы шешім қабылдайды, оларды алып қою көлемін бекітеді;

      5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

12-бап. Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның, уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің құзыреті

      Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган:

      1) өсімдіктер дүниесі саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

      2) өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың өсімдіктер дүниесі объектілерін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік кадастры мен мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидаларын бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі туралы заңнамасының бұзылуы салдарынан келтiрiлген зиянның мөлшерiн есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерді бекiтедi;

      5) ботаникалық коллекцияларды мемлекеттік есепке алу және олардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      6) өсімдіктер дүниесі саласында шектеулер мен тыйым салулар белгілеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) өсімдіктер дүниесі объектілерінің генетикалық қорын пайдалану, оны Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа елдердің жеке және заңды тұлғаларына беруге шектеулер мен тыйым салулар енгізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) өсімдіктер дүниесінің объектілерін ғылыми-зерттеу және оқу мақсатында пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9) жабайы өсетін дәрілік, тағамдық және техникалық өсімдік ресурстарын дайындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша дәрілік өсімдіктердің (сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерінен басқа) тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      11) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлері тізбесіне енгізілген өсімдіктер дүниесінің объектілерін жер учаскелерінің (акваториялардың) меншік иелерінің (пайдаланушыларының) қорғауына беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) өсімдіктердің реликтілі және эндемикалық түрлерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      13) өсімдіктер ресурстарын пайдалануға арналған лимиттерді айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді, өзінің құзыреті шегінде оларды пайдалануға арналған лимиттерді бекітеді;

      14) жабайы өсетін өсімдіктердің генетикалық ресурстарын қорғау мен пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді, оларды есепке алуды ұйымдастырады және мемлекеттік тізілімін жүргізеді;

      15) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі туралы заңнамасының бұзылуы салдарынан келтірген зиянды есепке алу және оның мөлшерін айқындау жөнінде қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      16) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлері тізбесін әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді;

      17) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін:

      фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу қағидаларын;

      өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантиндік объектілер мен бөтентекті түрлердің тізбесін;

      аса қауіпті зиянды ағзалардың тізбесін;

      табиғи шабындықтар мен жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларын, жүктеменің жол берілетін шекті нормаларын, сондай-ақ табиғи жайылымдардың тозуымен және шөлейттенуімен күрес жөніндегі іс-шараларды келіседі;

      18) Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы ашық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері өз қызметін уәкілетті орган белгілеген құзырет шегінде жүзеге асырады.

13-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдарының өсімдіктер дүниесі саласындағы құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары өздерінің құзыреті шегінде:

      1) өсімдіктер дүниесі саласындағы іс-шаралар жоспарларын бекітеді;

      2) табиғи жайылымдар үшін мал жаю нормаларын және оларды ұтымды пайдалану қағидаларын бекітеді;

      3) өсімдіктер дүниесін пайдалану мәселелері жөнінде жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдайды;

      4) қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, абаттандырудың үлгі қағидалары негізінде әзірленген сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін жасыл екпелерді күтіп ұстау мен қорғаудың үлгі қағидаларын бекітеді.

14-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының өсімдіктер дүниесі саласындағы құзыреті

      Өсімдіктер дүниесі саласындағы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өздерінің құзыреті шегінде:

      1) өсімдіктер дүниесі саласындағы іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және іске асырады;

      2) өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануға байланысты қызметті ұйымдастырады;

      3) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлері тізбесіне енгізілген өсімдіктер дүниесінің объектілерін жер учаскелерінің (акваториялардың) меншік иелерінің (пайдаланушылардың) қорғауына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беруді жүзеге асырады;

      4) елді мекендердің ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін күтіп ұстауды қамтамасыз етеді;

      5) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне қатысты фитосанитариялық мониторингті жүзеге асыруға және өсімдіктер карантині жөнінде іс-шаралар жүйесін іске асыруға қатысады;

      6) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы ашық ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады;

      7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


5-тарау. Өсімдіктер дүниесін сақтау және қорғау жөніндегі қызметке қойылатын негізгі талаптар

15-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін сақтау және қорғау

      1. Жердің барлық санатының жер учаскелері (акваториялары) шекараларында орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілері сақталуға және қорғалуға тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау жер учаскелерінің меншік иелеріне (пайдаланушыларына) жүктелген жағдайларды қоспағанда, өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғауды жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді.

16-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғауды қамтамасыз ету

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау:

      1) өсімдіктер дүниесінің объектілерін зақымдаудың немесе жоюдың алдын алу және болдырмау;

      2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жоспарланып отырған жер учаскелерін резервте қалдыру;

      3) жабайы өсетін өсімдіктердің коллекцияларын, сондай-ақ жабайы өсетін өсімдіктерді өсіру, олардың генетикалық қорын сақтау және табиғи ортада өсіп-өнуін қалпына келтіру жөніндегі мамандандырылған объектілер (ботаникалық және дендрологиялық объектілер, гермоплазма және өсімдіктер ДНҚ банктері, питомниктер, оранжереялар) құру;

      4) өсімдіктер дүниесінің объектілерін анықтауға (түгендеуге) және оларды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;

      5) өсімдіктер дүниесінің объектілерін зақымдауға немесе жоюға әкеп соғуы мүмкін қызметтің алдын алу мақсатында мемлекеттік экологиялық сараптама және басқа да іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;

      6) өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік кадастры мен мемлекеттік мониторингін жүргізу, өсімдіктер дүниесі объектілерін санкциясыз алып қоюға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      7) өсімдіктер дүниесінің объектілерін, оның ішінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерін пайдалану қағидаларын белгілеу;

      8) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеу;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы экологиялық және өзге де ақпаратқа қол жеткізу;

      10) өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың өсіп-өну ортасын қорғауды насихаттау, азаматтарды оларға ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы қамтамасыз етіледі.

17-бап. Өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі қызметке қойылатын негізгі талаптар

      1. Өсімдіктер дүниесін қорғау жөніндегі қызмет мынадай негізгі талаптар:

      1) жүйелі сипатқа ие болу және мемлекеттің реттеуі;

      2) барлық деңгейдегі билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қоғамдық ұйымдардың, өсімдіктер дүниесінің ресурстарын пайдаланушылардың, халықтың қатысуын қамтамасыз ету;

      3) қолданыстағы қағидаларды, стандарттарды, нормалар мен нормативтерді сақтау;

      4) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне, оларды сақтауға және көбейтуге ұқыпты қарауды насихаттауды жүзеге асыру;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғаудың сараланған режимін, оларды пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды қолдануды және пайдалануды лимиттеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру;

      6) қалпына келтіру мен молықтырудың қажетті шараларын жүргізуді ұйымдастыру;

      7) өсімдіктер дүниесі объектілерін санкциясыз алып қоюға жүйелі мемлекеттік бақылау жасалуын қамтамасыз ету және өсімдіктер дүниесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы;

      8) өсімдіктер дүниесінің неғұрлым маңызды объектілерінің жай-күйі мен пайдаланылуы туралы жүйелі талдау жасалуын, есеп беруді және мүдделі мемлекеттік органдар мен жұртшылықты хабардар етуді қамтамасыз ету ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау жөніндегі шаралар басқа табиғи объектілерге, тарихи-мәдени құндылықтарға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, олардың мүлкіне және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтірмеуге тиіс.

18-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануда шектеулер мен тыйым салулар белгілеу

      1. Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган өзінің құзыреті шегінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың өсіп-өнетін жерлерін пайдалануда шектеулер мен тыйым салулар белгілейді.

      2. Шектеулер мен тыйым салулар:

      1) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына сәйкес табиғи-қорық қорының объектілеріне жатқызылған өсімдіктер дүниесінің кез келген объектісі (олардың биотоптары, қауымдастықтары), оның ішінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктердің түрлері және олар өсіп-өнетін жерлерге (орта);

      2) түрлік әралуандықты қолдау, биотоптар мен табиғи объектілерді, сондай-ақ олардың өсіп-өнетін жерлерін (ортасын) сақтау мақсатында сақталуы қажет өсімдіктер түрлері (олардың биотоптары, қауымдастықтары);

      3) сақтау мен тартымдылығын қамтамасыз ету не жердің тозуының алдын алу мақсатында сирек кездесетін немесе үлгілік ландшафтқа;

      4) егер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы арнайы заңнамада өзгеше белгіленбесе, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру үшін резервте қалдырылған, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының шекараларында орналасқан жер учаскелеріндегі өсімдіктер қауымдастықтарына қатысты белгіленеді.

19-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін өрттен қорғау

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін өрттен қорғауды жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ осы объектілер өсіп-өнетін жер учаскелерінің меншік иелері (пайдаланушылары) жүзеге асырады.

      2. Өрт шыққан жағдайда жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ меншік иелері (пайдаланушылар) ерікті өртке қарсы құрамалар мен өртке қарсы бекеттерді тарта отырып, оны оқшаулау және сөндіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдауға міндетті.

      Өрт шыққан не қауіпті түрде таралған кезде, оларды сөндіруге өртке қарсы мемлекеттік қызмет тартылады, өрттің мемлекеттік орман қорының аумағына таралу қаупі төнген кезде, мемлекеттік орман күзетінің авиациялық және жердегі қызметтерінің күштері тартылады.

      3. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіптілігінің жоғары сыныбы кезеңінде:

      құрғақ өсімдіктерді және оның тамырлы қалдықтарын жағуға;

      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде ауыл шаруашылығы аңыздарын жағуға тыйым салынады.

      Қамыс және құрғақ өсімдіктерді шабуға шаруашылық қажеттілік жағдайында және өрттердің туындау қаупін төмендету мақсатында ғана жол беріледі.

20-бап. Өсімдіктер дүниесін объектілерін зиянкестер мен аурулардан қорғау

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін зиянкестер мен аурулардан қорғау орман заңнамасына, өсімдіктерді қорғау туралы, өсімдіктер карантині туралы заңдарға, сондай-ақ осы Заңға сәйкес іс-шаралар кешенін қамтиды.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін олардың биологиялық және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып қорғауды жергілікті атқарушы органдар,
сондай-ақ шекараларында осы объектілер орналасқан жер учаскелерінің (акваториялардың) меншік иелері (пайдаланушылары) жүзеге асырады.

      3. Жергілікті атқарушы органдар, жер учаскелерінің (акваториялардың) меншік иелері (пайдаланушылары) өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау мақсатында:

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерінің зиянкестері мен ауруларының алдын алу мен оларды дер кезінде анықтау және олармен күрес жөніндегі
іс-шараларды орындауға;

      2) өсімдіктер дүниесі объектілерінің зиянкестері мен ауруларының таралуына жол бермеуге;

      3) қызметті өсімдіктер дүниесі объектілерінің, тиісінше жерлер мен су ресурстарының тиісті санитариялық жай-күйін қамтамасыз ететін тәсілдермен және технологияларды сақтай отырып жүзеге асыруға;

      4) агроөнеркәсіптік кешен, өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органдарды өсімдіктер дүниесі объектілерінің зиянкестері мен ауру ошақтарының қауіпті таралу фактілері жайында уақтылы хабардар етуге міндетті.

6-тарау. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың өсіп-өнетін ортасын күзету мен қорғаудың ерекшеліктері

21-бап. Табиғи шабындықтар мен жайылымдар ретінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету мен қорғау

      Табиғи шабындықтар мен жайылымдар ретінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету мен қорғауды жергілікті атқарушы органдар, олар орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері (пайдаланушылары) жүзеге асырады. Осы өсімдіктер қауымдастықтарын күзету мен қорғау өсімдіктер жамылғысын ұтымды пайдалану, оның тозуының алдын алу және орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

22-бап. Дәрілік және техникалық шикізат ретінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету мен қорғау

      Осы объектілерді күзету мен қорғау дәрілік және техникалық өсімдіктер ресурстарын және олардың өсіп-өнетін орындарын (ортасын) орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге шақырады.

      Дәрілік және техникалық шикізат ретінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету мен қорғауды жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ дайындау үшін учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген осы ресурстардың меншік иелері (пайдаланушылары) жүзеге асырады.

      Дәрілік және техникалық шикізат ретінде пайдаланылатын өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғау және қорғау жөніндегі іс-шаралар олардың өрттермен жойылуын болдырмауды, зиянкестер мен ауруларға қарсы күресті, сондай-ақ заңсыз дайындау мен зақымданудың жолын кесуді қамтиды.

23-бап. Қалалардың және өзге де елді мекендердің көгалдандыру екпелерінде өсетін өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзету және қорғау

      Қалалардың және өзге де елді мекендердің көгалдандыру екпелерінде өсетін өсімдіктер дүниесінің объектілерін күзетуді және қорғауды жергілікті атқарушы органдар, осы өсімдіктер объектілері иелігінде болатын меншік иелері (пайдаланушылары) қамтамасыз етеді.

      Осы объектілерді қорғау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды есепке алуды, ағаштың заңсыз кесілуінен, қазып алу мен зақымдаудан тікелей қорғауды, зиянкестермен және аурулармен күресті қоса алғанда, оларды күтіп-баптауды, құрғақ (қуарған), кемілген және жел құлатқан (қар сындырған, суланған) ағаш өсімдіктерін жоюды, өз функцияларын жоғалтқан өсімдіктер объектілерін жоюды (алып кетуді) не алмастыруды қамтиды.

24-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің өсіп-өнетін ортасын қорғау

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілері мен олардың қауымдастықтары өсіп- өнетін ортасының өзгеруіне әкеліп соғатын кез келген қызмет осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      2. Елді мекендерді, үй-жайларды, желілік құрылыстарды, жолдар мен өзге де объектілерді орналастыру, жобалау, салу немесе реконструкциялау, жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыру, мал жаю және айдап өту орындарын анықтау, азаматтардың жаппай демалатын орындарын ұйымдастыру, туристік маршруттар әзірлеу және басқа да қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өсімдіктер дүниесінің объектілері мен олардың қауымдастықтарының өсіп-өнетін ортасына, осы өсімдіктер объектілері мен олардың қауымдастықтарының көбею жағдайларына теріс әсер етуіне жол берілмейді.

      3. Мемлекеттік органдар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктердің түрлері өсіп тұрған жер учаскелерін мемлекеттік және өзге де мұқтаждықтар үшін пайдалану жөнінде негізделген шешім қабылдаған жағдайда, қоғамдық тыңдаудың қортындысын ескере отырып, бұл объектілер осы жер учаскелерін олардың жаңа мақсаты бойынша пайдалану басталғанға дейін қазып алынып, өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органмен келісілген олар үшін қолайлы басқа өсіп-өнетін орнына ауыстырылады.

7-тарау. Өсімдіктер дүниесінің сирек кездесетін, жойылып кету қаупі төнген, реликтілі және эндемикалық түрлерін күзету және қорғау

25-бап. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін күзету және қорғау

      1. Өсімдіктер түрлерін сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлер санатына жатқызу осы түрлердің табиғи таралу аймағы шекараларында жүргізілетін түгендеу мен ғылыми зерттеулердің өзекті деректері мен ботаникалық комиссияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

      Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлер санатына жатқызылатын өсімдіктер түрлерінің тізбесін өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Көрсетілген тізбе Қазақстан Республикасы Қызыл кітабының тиісті бөлімін дайындау және басып шығару үшін негіз болып табылады.

      Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) Халықаралық Қызыл кітабына енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында өсетін өсімдіктер сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерінің санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерінің тізбесіне енгізіледі.

      Жеке және заңды тұлғалар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерінің санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерінің тізбесіне енгізілген өсімдіктерді қорғау және олардың бүлінуіне немесе жойылуына жол бермеу жөнінде шаралар қолданады.

      2. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерімен, олардың бөліктерімен және дериваттарымен халықаралық сауда, оларды халықаралық алмасу Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін қорғау және қорғау жөніндегі іс-шаралар оларды өрттермен жоюды болдырмауды, зиянкестер мен ауруларға қарсы күресті, сондай-ақ заңсыз дайындау мен зақымдаудың жолын кесуді қамтиды.

      4. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде:

      1) табиғи популяциялар санын қалпына келтіру;

      халықаралық алмасу мақсатында арнайы жасалған жағдайларда көбейту;

      2) ғылыми зерттеулер, оның ішінде ДНҚ және РНҚ коллекцияларын қоса алғанда, дала коллекциялары, генетикалық банктер жасау;

      3) селекция үшін жүзеге асырылады.

26-бап. Өсімдіктердің реликтілі және эндемикалық түрлерін қорғау

      Өсімдіктер әлемінің реликті және эндемикалық түрлерін қорғау және оларды пайдалану мемлекеттік реттеуге жатады.

      Өсімдіктердің реликтілі және эндемикалық түрлерін қорғау және қорғау жөніндегі іс-шараларға олардың өрттермен жойылуының алдын алу, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес, сондай-ақ заңсыз дайындау мен зақымдаудың жолын кесу жатады.

8-тарау. Өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтау

27-бап. Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтаудың негізгі тәсілдері

      1. Қазақстан Республикасында өсімдіктер дүниесінің генетикалық қорын сақтаудың негізгі тәсілдері ретінде:

      1) түрлерді, олардың түр өзгешеліктерін (нысандарын), қауымдастықтарын, өсіп-өнетін орындарын және экожүйелерін табиғи орта жағдайында сақтау;

      2) өсімдіктердің алуан түрлі компоненттерін олардың табиғи өсіп-өнетін орындарынан тыс жерлерде сақтау;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер негізінде кешенді түрде сақтау пайдаланылады.

      2. Түрлерді, олардың сан алуан түрлерін (нысандарын), қауымдастық-тарын, өсіп-өнетін орындарын және экожүйелерін табиғи орта жағдайында сақтау түрдің табиғи гендік қоры мен оның анықталған табиғи сан алуан түрлері (нысандары) сақталған өсімдіктер қауымдастықтарының ерекше құнды учаскелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктердің ерекше құнды учаскелері (ерекше құнды орман алқаптары), генетикалық резерваттар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен объектілер мәртебесін бере отырып, оларды табиғи ортада бөліп алу арқылы қамтамасыз етіледі.

      3. Өсімдіктердің сан алуан түрлерінің компоненттерін олардың табиғи өсіп-өнетін орындарынан тыс жерлерде сақтау өсімдіктердің неғұрлым құнды түрлерінің (жалпыұлттық және халықаралық маңызы бар) тірі коллекцияларын, клондар архивтерін (далалық генетикалық банктер) құру және күтіп-баптау, сондай-ақ таралымдардан өсімдіктерді, олардың вегетативтік бөліктерін, тұқымдардан (спораларын) консервациялаудың әртүрлі тәсілдерін пайдалана отырып, бақыланатын ортада ұстау арқылы қамтамасыз етіледі.

      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тәсілдер бойынша гендік қорды сақтау, гранттар және жеке адамдардың қаражаттары есебінен қамтамасыз етіледі.


28-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің аса құнды учаскелері мен генетикалық резерваттарын бөліп алу

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің аса құнды учаскелері мен генетикалық резерваттары маңызды ұлттық не халықаралық маңызы бар түрлердің не олардың таралымдарының (қауымдастықтарының) гендік қорын сақтау мақсатында бөліп алынады. Олар тиесілігі мен меншік нысанына қарамастан, жердің барлық санаттарындағы геоботаникалық зерттеулердің не өсімдіктерді түгендеудің нәтижелері бойынша бөлінуі мүмкін.

      Ерекше құнды орман алқаптары мен орман генетикалық резерваттарын бөлу Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Аса құнды учаскелер мен генетикалық резерваттарды бөліп алу кезіндегі негізгі өлшемшарттар:

      1) флораның құрамы, оның ішінде реликтілі және эндемикалық түрлердің болуы бойынша учаскелердің бірегейлігі,

      2) сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлер таралымдарының (қауымдастықтарының) болуы;

      3) қазіргі кезде және болашақта селекцияға арналған объектілер ретінде ауыл және орман шаруашылығы үшін құндылығы бар түрлер таралымдарының (қауымдастықтарының) және олардың нысандық алуан түрлілігінің болуы;

      4) өсімдіктердің шаруашылық жағынан бағалы түрлері бар таралымдарының (қауымдастықтардың) болуы;

      5) күрделі табиғи жағдайларда маңызды қорғау функцияларын орындайтын өсімдіктер түрлері таралымдардың (қауымдастықтардың) болуы болып табылады.

      3. Өсімдіктер дүниесінің аса құнды учаскелері мен генетикалық резерваттары жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленеді және оларға арнайы күзет және пайдалану режимі орнатылады.

      Генетикалық резерваттарға өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган (орман генетикалық резерваттары жағдайында – орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган) бекітетін төлқұжаттар ресімделеді.

      Генетикалық резерваттарда өсімдіктердің табиғи таралымдарына күтім жасау, қорғау және қалпына келтіру шараларынан, олардың жай-күйінің өзгеруіне ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізуден, сондай-ақ ғылыми және экологиялық туризмнің қатаң реттелетін жекелеген түрлерінен басқа кез келген шаруашылық қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

      4. Сақталатын генетикалық ресурстардың генетикалық эрозиясына ықпал ететін факторларды қоса алғанда, оларға сыртқы теріс әсерді төмендету мақсатында генетикалық резерваттардың айналасында радиусы кемінде екі километр болатын аралық аймақтар белгіленеді.

      Аралық аймақтар белгілеу және оларды шаруашылық мақсатта пайдалану режимдері туралы шешімді өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.

29-бап. Өсімдіктер дүниесінің генетикалық ресурстары бойынша құжаттама жүргізу

      1. Генетикалық ресурстар табиғи өсетін жерлерде (оның ішінде генетикалық резерваттар учаскелерінде) сақталатын олар мынадай құжаттамамен:

      1) белгіленген үлгідегі паспортпен;

      2) өсімдіктердің сақталатын генетикалық ресурстарының мониторингі журналымен;

      3) осы ресурстарды пайдалануға беру туралы деректермен қамтамасыз етіледі.

      Аталған құжаттаманың нысандарын және оны жүргізуге қойылатын бірыңғай талаптарды өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      2. Коллекцияларда сақталатын генетикалық ресурстар туралы құжаттама сақталатын үлгілер туралы қажетті ақпаратты қамтуы тиіс.

      Коллекциялар деректерінің банкі коллекцияны ұстаушы-ұйымның сақтауындағы әрбір үлгі туралы сипаттамалық, бағалаушылық және кез келген басқа да мынадай қолжетімді:

      1) паспорттық деректер: коллекция үлгілерінің негізгі өлшемдерін сипаттайтын базалық ақпарат;

      2) сипаттамалық деректер: негізгі фенотиптік сипаттамалар (сыртқы орта жағдайларына байланысты емес мұрагерлік, көзбен жеңіл шолып тіркелетін сипаттамалар);

      3) бағалау деректері: үлгіні кешенді зерделеу кезінде алынған барлық деректер;

      4) жергілікті дәстүрлі білімдер: экспедициялық зерттеулер өткізу кезінде жергілікті халықтан алынған өсімдіктер ресурстары туралы ақпаратты қамтиды.

      3. Сақталатын өсімдіктердің генетикалық ресурстары туралы ақпаратты генетикалық ресурстарға қол жеткізу және пайданы бірлесіп пайдалану мәселелері жөніндегі құзыретті органдар мен ұлттық үйлестіру орталығы қалыптастырады.

      Мұндай ақпаратқа қол жеткізу өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен ұлттық делдалдық тетігі арқылы жүзеге асырылады.

9-тарау. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қалпына келтіруге және олардың орнықтылығын арттыруға қойылатын негізгі талаптар

30-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қалпына келтіруге қойылатын талаптар

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қалпына келтіру:

      1) өсіп-өнуге (өсуге) қолайлы орта жасау және оның тозуының алдын алу;

      2) табиғи қалпына келтіруге жәрдемдесу;

      3) өсімдіктер отырғызу (себу);

      4) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсіп-өну ортасына зиянды әсер ететін қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектеу арқылы қамтамасыз етіледі.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қалпына келтіру жер, орман орналастыру, қала құрылысын жоспарлау, шаруашылық және өзге де қызметті ұйымдастыруды жоспарлау, арнайы зерттеулер материалдар немесе осыған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың ұйғарымдары негізінде жүзеге асырылады.

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін қалпына келтіру тәсілдері мен технологиялары (агротехникасы) мамандандырылған ғылыми және жобалау ұйымдарының ғылыми ұсынымдары негізінде әзірленген жұмыс жобаларымен айқындалады.

      3. Өсімдіктер қауымдастықтарын қалпына келтіру кепілдік берілген гендік типтің көшеттік материалын, тұқымдарын, аналық өсімдіктерінің вегетативтік бөліктерін пайдалана отырып жүзеге асырылады.

31-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің орнықтылығын арттыруға қойылатын талаптар

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің орнықтылығын арттыру:

      1) өсімдіктердің (өсімдіктер қауымдастықтарының) өсу аймақтарында қажетті қорғау режимін белгілеу және сақтау;

      2) олардың өсу (өсу) ортасының табиғи жағдайларын сақтау;

      3) өсімдіктердің (өсімдіктер қауымдастықтарының) генетикалық эрозиясының алдын алу және туыстығы жақын түрлер мен сұрыптар отырғызылған жерлердің (егістіктердің) орналасуын бақылау;

      4) өсімдіктердің бөтен түрлерін табиғи экожүйелерге енгізуді реттеу және инвазиялық түрлермен күрес;

      5) өсімдіктердің (өсімдіктер қауымдастықтарының) жай-күйіне мониторинг жүргізу және уақтылы басқарушылыққа ден қою;

      6) өсімдіктің аналық белгілерін мүмкін болатын молынан мұраға алуды қамтамасыз ететін технологияларды пайдалана отырып, тозған өсімдіктер қауымдастықтарын қалпына келтіру жөніндегі шараларды жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

10-тарау. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін интродукциялау, жерсіндіру және будандастыру, өсімдіктердің бөтентекті түрлерінің таралуын реттеу

32-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін интродукциялау және жерсіндіру

      1. Жабайы өсетін өсімдіктерді интродукциялауға және (немесе) жерсіндіруге шаруашылық мақсаттарда плантацияда өсіру, арнайы бөлінген учаскелерде (ғылыми стационарларда) ғылыми зерттеулер және елді мекендерді көгалдандыру үшін, сондай-ақ коллекцияларда сақтау үшін ғана жол беріледі.

      2. Өсімдіктердің жабайы өсетін түрлерін табиғи биоценоздарда қалпына келтіру абориген флораны реинтродукциялау (қайта жерсіндіру) арқылы жүргізіледі.

33-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін будандастыру

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарда питомниктерде, арборетумдарда, плантацияларда, ғылыми полигондарда, жеміс бақтарында және саяжай учаскелерінде жасанды жолмен будандастыруға жол беріледі. Бұл учаскелер өсімдіктер дүниесінің объектілері үшін генетикалық эрозияның көзі болмауға тиіс.

      2. Жеміс бақтарын (жеміс плантацияларын) селекция үшін бағалы гендік қордың көзі болып табылатын жабайы жеміс екпелері (тұқымдастары) өсіп-өнетін аймақта олардың сыртқы шекарасынан кемінде 2 км жақын орналастыруға тыйым салынады.

      3. Өсімдіктердің аборигендік түрлеріне қауіп төндіретін будандардың, гендік түрлендірілген өсімдіктердің екпелерін (егістерін) орналастыруға шектеу немесе тыйым салу өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның шешімімен белгіленеді.

34-бап. Өсімдіктердің бөтентекті түрлерінің таралуына жол бермеу ерекшеліктері

      1. Өсімдіктердің бөтентекті түрлерінің таралуына жол бермеу мақсаты табиғи өсімдіктер қауымдастықтарына төнетін қауіптің алдын алу болып табылады.

      2. Бөтентекті өсімдіктер түрлерін табиғи өсімдіктер қауымдастықтарына енгізуге жол берілмейді.

35-бап. Су өсімдіктерінің таралуын жол бермеу ерекшеліктері

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары су, балық шаруашылығының және электр энергетикасының мүддесінде мелиоративтік жұмыстар мен қажетсіз өсімдіктермен күрес жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етеді.

      2. Балық шаруашылығы су айдындарында қажетсіз өсімдіктердің таралуына жол бермеу балық шаруашылығы мелиорациясы тәсілдерінің: биологиялық (өсімдіктермен қоректенетін балықтарды қоныстандыру) және механикалық тәсілдің (шөп қалың өскен учаскелерді шабу, шөптің тамыр жүйесін зақымдау, оларды қысқа мерзімдік құрғату) көмегімен жүзеге асырылады.

      Балық шаруашылығы мелиорациясы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

11-тарау. Өсімдіктер дүниесі саласындағы ғылыми зерттеулер (жұмыстар)

36-бап. Ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерін қолдану саласындағы ғылыми зерттеулер (жұмыстар):

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерінің, оның ішінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің, реликтілік және эндемикалық өсімдіктердің, олар құратын өсімдіктер қауымдастықтарының, экожүйелердің жай-күйін бағалау, табиғи және антропогендік процестердің оларға әсерін зерделеу;

      2) өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеу, олардың мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізу;

      3) өсімдіктер дүниесінің объектілерін, олардың гендік қорын қорғау, күзету, қалпына келтіру және орнықты пайдалану саласындағы ғылыми негіздер мен ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ пайдалану нормативтерін және экожүйелерге жүктемені негіздеу;

      4) ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық материалының коллекцияларын жинау, жүйелеу және сақтау;

      5) биологиялық әртүрлілікті және тума табиғи ландшафттарды сақтау жөніндегі шаралардың негіздемелерін әзірлеу;

      6) өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғаудың, күзетудің, қалпына келтірудің және орнықты пайдаланудың құқықтық және экономикалық тетіктерін әзірлеу;

      7) халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысу мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

37-бап. Ботаникалық коллекциялар, өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциялары

      1. Ботаникалық коллекцияларға:

      ботаникалық бақтар, дендрарийлер, дендропарктер, оранжереялар, питомниктер, далалық генетикалық банктер (клондар мұрағаттары), арборетумдар өсімдіктерінің тірі коллекциялары;

      тірі өсімдіктердің сақталатын тұқымдары мен басқа да бөліктері;

      гербарийлер және өсімдіктер бөліктері мен өнімдерінің өзге де жинақтары жатады.

      2. Өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекцияларына:

      белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес дүниежүзілік өсімдіктер әртүрлілігінің жинағын, оның ішінде дақылдық өсімдіктердің және олардың жабайы туыстарының алуан түрлерінің генетикалық ресурстары үлгілерінің жинағын білдіретін өсімдіктердің генетикалық ресурстарының ұлттық коллекциялары;

      өсімдіктердің әртүрлі генетикалық материалының үлгілерін қамтитын және нақты ғылыми-зерттеу, жалпы білім беру немесе селекциялық міндеттерді шешу үшін қалыптастырылатын селекциялық-зерттеу коллекциялары;

      генетикалық материалдың өзін де, оны зерделеуге байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерін де коммерциялық мақсатта пайдалану үшін өсімдіктер ресурстарын ұстаушы – ұйымдарда немесе осы ресурстардың басқа пайдаланушылары құратын арнайы коммерциялық коллекциялар;

      ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың гранттарына немесе жоспарларына сәйкес өздерінің ғылыми-зерттеу және селекциялық бағдарламаларын қамтамасыз ету үшін әртүрлі пайдаланушылардың ұйымдары немесе ғылыми бөлімшелері алғашқы екі санаттағы коллекцияларды ұстаушылардан келіп түскен өтінімдер негізінде алынған өсімдіктер ресурстарының үлгілерінен қалыптастыратын уақытша зерттеу коллекциялары;

      құрамына халықаралық ұйымдардан, шетелдік ұлттық коллекциялардан немесе шетелдік генетикалық банктерден жауапты сақтауға (қайтарымды коллекциялар) берілген өсімдіктер әртүрлілігінің үлгілері кіретін халықаралық коллекциялар жатады. Бұл коллекцияларды басқару екіжақты немесе көпжақты халықаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

      3. Ботаникалық коллекцияларды және өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекцияларын осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес ғылыми мекеме мәртебесі бар ғылыми ұйымдар, табиғат қорғау ұйымдары, өзге де заңды, сондай-ақ жеке тұлғалар құрады.

      Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциялары мемлекеттік меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін.

      Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган көрсетілген коллекцияларды осы Заңда белгіленген тәртіппен есепке алуды жүзеге асырады.

      4. Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекцияларын қалыптастыру:

      1) өсімдіктерді не олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасына, орман заңнамасына және осы Заңға сәйкес олар табиғи өсіп-өнетін жерлерде алып қою;

      2) сатып алу – сату, айырбастау, сыйға тарту шартының немесе оларды иеліктен шығару туралы өзге де мәміленің негізінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жолмен негізгі коллекциялардан құжатталған сақтаулы өсімдіктерді не өзге де өсімдіктерді сатып алу;

      3) негізгі коллекциядан оның коллекция белгілеріне дербес ие бөлігін бөліп алу арқылы жүзеге асырылады.

      5. Ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекциялары не олардың құрамына кіретін жекелеген құрамдас бөлігін (өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен ботаникалық коллекцияларды, өсімдіктердің генетикалық ресурстарының коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

12-тарау. Өсімдіктер дүниесін түгендеу, оның мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастры

38-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеу

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеу оларды анықтау, есепке алу, сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістерін талдау және оларды пайдалану шарттарын айқындау мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, пайдаланушылар – жеке және заңды тұлғаларды осы объектілер туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдаланушылар, жер учаскелерінің (акваториялардың) меншік иелері (пайдаланушылары) өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеуге қатысады.

39-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің мемлекеттік мониторингі

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің мемлекеттік мониторингі биологиялық әртүрлілікті сақтау, өсімдіктер дүниесі объектілерінің орнықты жай-күйін және пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау мақсатында өсімдіктер дүниесі объектілерінің және олардың өсіп-өнетін ортасының жай-күйін мерзімді бақылау, олардың өзгерістерін бағалау және болжау жүйесін білдіреді.

      Мемлекеттік мониторинг өсімдіктер дүниесі объектілерінің индикаторлық түрлері (қауымдастықтары) бойынша олар өсіп-өнетін жерлерде арнайы бөлінген ғылыми полигондарда (мониторингтік алаңдарда) жүзеге асырылады.

      2. Мониторингтік ақпарат алу үшін қашықтықтан байқап білу, орман орналастыру және ормандарды мемлекеттік есепке алу, табиғи түгендеу, геоботаникалық зерттеулер әдістері, жобалық іздестіру материалдары пайдаланылады.

40-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің мемлекеттік кадастры

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің мемлекеттік кадастры өсімдіктер дүниесі объектілерінің жер санаттары, жер учаскелерін пайдаланушылар, өсімдіктер дүниесі объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасы, оларды экономикалық бағалау және пайдалану бойынша таралуы мен бөлінуі туралы деректердің, сондай-ақ олардың сақталуын және қолданалуын қамтамасыз ету үшін қажет өсімдіктер дүниесінің объектілері туралы басқа да деректердің жүйелендірілген жиынтығын білдіреді.

41-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеуді, мемлекеттік мониторингті жүргізу мен мемлекеттік кадастрын жүзеге асыру тәртібі

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеуді, мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын өсімдіктер дүниесі, орман шаруашылығы және (немесе) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті органдардың мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеу, олардың мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастры орман шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті органдардың келісуі бойынша өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен өсімдіктер дүниесі объектілерін түгендеу, олардың мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

13-тарау. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану

42-бап. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану тәртібі мен құқығының түрлері

      1. Қазақстан Республикасының аумағында өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану құқығының мынадай түрлеріне жол беріледі:

      1) арнайы пайдалану тәртібімен:

      өсімдіктер дүниесінің объектілерін мал шаруашылығының мұқтаждықтары үшін (мал жаю, өсімдік жемшөптерін дайындау) пайдалану;

      өсімдіктер дүниесінің объектілерін бал арасын өсіру мұқтаждықтары үшін пайдалану;

      өсімдіктер дүниесінің объектілерін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждықтар үшін (жабайы өсетін дәрілік, тағамдық, техникалық өсімдік шикізатын дайындау (жинау) пайдалану;

      2) жалпы пайдалану тәртібімен өсімдіктер дүниесінің объектілерін ғылыми-зерттеу, табиғат қорғау, оқу, мәдени-сауықтыру, тәрбие, эстетикалық, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалану.

      2. Өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын табиғи өсу ортасынан алмай-ақ та, алып қоя отырып та өсімдіктер дүниесінің объектілерін жалпы пайдалану өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Мұндай өтеусіз алып қоюдың шекті көлемі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ұсынымы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының шешімдерімен айқындалады.

      3. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін арнайы пайдалануды:

      1) жердің меншік иелері (пайдаланушылары) – осы учаскелерде өсіп-өнетін өсімдіктер дүниесінің объектілерін (өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінен, дәрілік өсімдіктерден басқа) бір мезгілде өтеусіз негізде пайдалану құқығын беретін жер учаскелерін пайдалану құқығына тиісті құқық белгілейтін құжаттар негізінде;

      2) уақытша жер пайдаланушылар не өсімдік ресурстарының уақытша пайдаланушылары – осы учаскелерде өсіп-өнетін өсімдіктер дүниесінің объектілерін (өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінен, дәрілік өсімдіктерден басқа) пайдалану шарттары мен тәртібін айқындайтын жер учаскелерін немесе өсімдіктер дүниесінің объектілерін жалға алу шарттары негізінде жүзеге асырады.

      4. Егер өсімдіктер дүниесін пайдаланудың бір түрін жүзеге асыру басқасын жүзеге асыруға кедергі келтірмесе, бір аумақта (акваторияда) олардың бірнеше түрі жүзеге асырылуы мүмкін.

      5. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидалар мен лимиттерге сәйкес жүзеге асырылады.

43-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін мал шаруашылығы мен бал арасын өсіру мұқтаждықтары үшін пайдалану

      1. Табиғи жайылымдар учаскелерінде өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі бекітілген жоспарға сәйкес, жаюдың белгіленген нормаларын ескере отырып жүзеге асырылады.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін жемшөптік мақсаттарда пайдалану (пішен, бұтақтан жемшөп дайындау) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы үшін арнайы бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы, мемлекеттік орман қоры, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, босалқы жерлердің учаскелерінде жүзеге асырылады.

      3. Өсімдіктер дүниесінің объектілерін бал арасы шаруашылығының мұқтаждықтары үшін пайдалану мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерінде, мемлекеттік меншіктегі жерлердің басқа санаттарының учаскелерінде жүзеге асырылады.

44-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждықтар үшін пайдалану

      1. Фармацевтикалық мұқтаждықтар үшін өсімдіктер дүниесінің объектілерін (дәрілік өсімдіктер) дайындау дәрілік өсімдіктердің табиғи қопаларының сақталуын қамтамасыз етуді ескере отырып, жинау учаскелерін кезектестіруді қоса алғанда, қопалардың бір бөлігін ұрықтар түрінде қалдыру, тамырлар мен тамырларды жинағаннан (қазғаннан) кейін учаскені жоспарлау (тегістеу) жүзеге асырылады.

      2. Өсімдіктің түріне байланысты фармацевтикалық мұқтаждықтар үшін дайындауға (жинауға) өсімдіктердің морфологиялық бөліктері: жапырақтар, гүлдер (гүлшоғырлар, бітеугүлдер), тамырлар, тамыр сабақтары, түйнектер, баданалар, қабықтар, бүршіктер, жемістер, тұқымдар жатады.

      Дәрілік өсімдіктер шикізатын сол қопаның өзінде қайта жинауға өсімдіктің нақты түрінің шикізат қоры толық қалпына келтірілгеннен кейін ғана жол беріледі. Бұл ретте бір қопада біржылдық өсімдіктердің гүл шоғырын және басқа да жерүсті органдарын 2 жылда бір реттен жиілетпей, көпжылдық өсімдіктердің жерүсті органдарын – 4-6 жылда бір рет, жерасты бөліктерін - өсімдіктің түріне және оның өсуінің географиялық жағдайларына байланысты 15-20 жылда бір реттен жиілетпей дайындауға жол беріледі.

      3. Өсімдіктер дүниесі объектілерін азық-түліктік мұқтаждықтар үшін пайдалану түрлеріне жемістер (жидектер, жаңғақтар), ағаш шырындарын, баданалар, қырыққұлақ-орляктің өскіндерін (жапырақтарын), торжуалар және басқаларды, сондай-ақ саңырауқұлақтар дайындау (жинау) жатады.

      4. Өсімдіктер дүниесі объектілерін техникалық мұқтаждықтар үшін пайдалану түрлеріне өнеркәсіптік өңдеу, құрылыс және буып-түю материалдарын өндіру үшін пайдаланылатын көк шыбықтар, жапырақтар, бұтақтар, ағаш-бұта өсімдіктерінің қабықтарын, шайыр, ши сабақтарын, қамыс, итқоға, қамыс құрағы және басқа да жабайы өсетін өсімдіктер, мүк, жануарларға арналған азықтар, малмалар мен бояғыштар, пайда табу мақсатындағы бұйымдар, кәдесыйлар дайындау және оларды өзге де мақсаттар үшін дайындау жатады.

      5. Дәрілік, тағамдық және техникалық өсімдіктердің табиғи қопаларына жүктемені төмендету және олардың азып-тозуына жол бермеу, сондай-ақ өңдеуші өндірістердің қажеттіліктерін орнықты қамтамасыз ету мақсатында осы өсімдіктерді плантацияда (өнеркәсіптік) өсіру жүзеге асырылады.

      6. Фармацевтикалық, тағамдық және техникалық мұқтаждықтар үшін өсімдіктер дүниесінің объектілерін дайындау өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

45-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін ғылыми-зерттеу, табиғат қорғау, оқу, мәдени-сауықтыру, тәрбиелік, эстетикалық, туристік және рекреациялық мақсаттарда пайдалану

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерін ғылыми-зерттеу, табиғат қорғау, оқу, мәдени-ағарту, тәрбиелік, эстетикалық, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттарда пайдалану жабайы өсетін өсімдіктерді және олардың бөліктері мен дериваттарын алып қоя отырып немесе алмай-ақ жүзеге асырылуы мүмкін және бұған бұл өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына зиянды әсер етпейтін жағдайларда Қазақстан Республикасының орман заңнамасына, Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына және өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекіткен өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану қағидаларына сәйкес жол беріледі.

      2. Табиғи ландшафттарды, өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың өсу ортасын сақтау үшін халықтың жаппай демалуын ұйымдастыру, рекреация, мәдени-ағарту, тәрбиелік, эстетикалық, сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін пайдаланылатын учаскелерде жергілікті атқарушы органдар, осы учаскелердің (акваториялардың) меншік иелері (пайдаланушылары) белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасына, қолданыстағы экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес осы учаскелерді (су объектілерін) абаттандыруға және демалушыларға, туристерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.

46-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалануға арналған лимиттер

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалануға арналған лимиттер оларды орнықты пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында белгіленеді.

      2. Мамандандырылған ғылыми ұйымдар жүргізетін ресурстық зерттеулердің негізінде жабайы өсетін өсімдіктерді және (немесе) олардың бөліктерін дайындауға (жинауға) арналған лимиттерді жыл сайын өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      3. Дәрілік өсімдік шикізатының қорларын анықтау (ресурстық зерттеу) әдістемесін өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

14-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін елді мекендерді көгалдандыру мұқтаждықтары үшін пайдалану

47-бап. Көгалдандыру екпелерін жасау

      1. Көгалдандыру екпелері маңызды қорғау, санитариялық-гигиеналық, әлеуметтік, эстетикалық және өзге де функцияларды орындайтын қорғау екпелері жүйесінің бөлігі болып табылады. Көгалдандыру екпелеріне:

      1) орман саябақтарының, саябақтардың, скверлердің, тоғайлардың, бульварлардың, жолдар, каналдар бойындағы желілік екпелердің, қалалардың және өзге де елді мекендердің жасыл және рекреациялық аймақтарының, көгалдардың, гүлзарлардың;

      2) үй жанындағы екпелердің, қоғамдық үй-жайлар, спорт ғимараттары, ауруханалар, мектептер, балабақшалар маңындағы, өнеркәсіптік орындарының санитариялық-қорғаныш аймақтарындағы екпелердің өсімдік объектілері;

      3) ғылыми функциялармен қатар көгалдандыру екпелерінің де функцияларын орындайтын дендрарийлердің, ботаникалық бақтардың, зоологиялық және дендрологиялық саябақтардың (дендрологиялық бақтардың) екпелері жатады.

      2. Көгалдандыру екпелері:

      1) өсімдіктердің сауықтыру және қорғаныштық функцияларының бүкіл ауқымын пайдалануын;

      2) күрделі қала жағдайларында өсімдіктердің орнықты болуын;

      3) өсімдіктермен саябақ аймақтарында және тұрғын үй кешендерінің аумағында қажетті көлеңкелеу жағдайларын, оңтайлы шу және жел режимдерін, ауаның ластануын азайтуды қамтамасыз етуін ескере отырып құрылады.

48-бап. Көгалдандыру екпелерін құру және олардың орнықтылығын қамтамасыз ету тәртібі

      1. Елді мекендерде өсімдіктерді отырғызуға, егуге, көгалдандыру екпелерін құруға қала құрылысы жобаларына сәйкес, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтай отырып, осы үшін арнайы арналған орындарда ғана жол беріледі.

      Жергілікті атқарушы органдар отырғызылғандарға күтім жасалуын және көгалдандыру екпелерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      2. Жасы бойынша не теріс табиғи немесе антропогендік әсер ету салдарынан өздерінің экологиялық және эстетикалық функцияларын жоғалтқан, мемлекеттік қажеттілікке байланысты (азаматтық және өзге де объектілер, жолдар және елді мекендер инфрақұрылымының басқа да объектілерін және қайта жаңарту) алып қойған екпелерді ауыстыру үшін жергілікті атқарушы органдар оларды қайта жаңартуды және өтемдік ағаш отырғызуды жүргізеді. Өтемдік ағаш отырғызу көлемін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары бекітетін нормативтерге сәйкес жергілікті атқарушы органдар белгілейді.

      3. Елді мекендерде көгалдандыру екпелерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тиісті өкілді органдары бекітеді.

15-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің пайдалы қасиеттері

49-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің пайдалы қасиеттері

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің маңызды экологиялық: климатты реттеу, су қорғау, топырақ қорғау, рекреациялық, орта құру функцияларын орындайды және көшкіндермен, топырақ эрозиясымен, жағалауларды судың шайып кетуімен күресуді, жерасты және жерүсті суларының деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз етеді.

      Өсімдіктердің генетикалық ресурстары Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі болып табылады әрі экология және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

50-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің жинақтаушы қасиеттерін пайдалану

      Өсімдіктер дүниесінің объектілері атмосферадағы парниктік газдардың оң теңгерімін қамтамасыз етеді, сол арқылы ел халқы мен экономикасы үшін климаттың теріс өзгерістерінің зардаптарын төмендетеді.

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің жинақтаушы қасиеттері өсімдіктер дүниесінің объектілерін түгендеу, олардың мемлекеттік мониторингі мен кадастрын жүргізу кезінде ескеріледі.

16-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану ерекшеліктері

51-бап. Шекаралық аймақта орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану ерекшеліктері

      1. Шекаралық аймақта орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану осы аумақтардың нысаналы мақсатымен және белгіленген арнайы режимімен үйлесім таппаса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасына сәйкес ол шектелуі, тоқтатыла тұруы немесе оған тыйым салынуы мүмкін.

      2. Шекаралық аймақта орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану ерекшеліктерін мемлекеттік шекара күзеті саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

52-бап. Радиоактивті немесе химиялық ластануға ұшыраған аумақтарда орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану

      Радиоактивті немесе химиялық ластануға ұшыраған аумақтарда орналасқан өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануға тыйым салынады.

      Осы аумақтардағы өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалануға Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жерлердің учаскелерін меншікке (пайдалануға) беру туралы шешімінің негізінде оларда радиоактивті немесе химиялық ластанудың зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар және кешенді экологиялық зерттеу жүргізілгеннен кейін ғана рұқсат етілуі мүмкін.

17-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру

53-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібі

      Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда айтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

54-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелеріне негізделеді және:

      1) өсімдіктер дүниесінің объектілері бойынша ақпарат алмасумен;

      2) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне бірлескен зерттеулер мен мониторинг жүргізумен;

      3) халықаралық маңызы бар өсімдіктер объектілерін анықтау және сақтаумен;

      4) Биологиялық әртүрілілік туралы конвенцияға Генетикалық ресурстарға қол жеткізуді және оларды қолданудан алынған пайданы әділетті және тепе-тең негізде бірлесіп пайдалануды реттеу жөніндегі Нагоя хаттамасының ережелеріне сәйкес генетикалық ресурстарға және генетикалық ресурстарға байланысты дәстүрлі білімге қол жеткізумен жүзеге асырылады.

55-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерімен халықаралық алмасу

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілері мен генетикалық материалын интродукциялау (реинтродукциялау), ғылыми зерттеулер, көгалдандыру және өзге де мақсаттар үшін оларды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан алып кету жолымен халықаралық алмасу (сатып алу, сату) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция қолданылатын сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлеріне жататын өсімдіктер дүниесінің объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету жолымен айырбастау (сатып алу, сату) Қазақстан Республикасының заңнамасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің гендік қорының репродукциялық материалымен халықаралық алмасу халықаралық шарттың ережелеріне не Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешіміне сәйкес өтеулі және өтеусіз негізде жүзеге асырылуы мүмкін.


18-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы экономикалық тетік

56-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы экономикалық тетіктің мазмұны

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы экономикалық тетік:

      1) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына келтірілген зиянды өтеуді;

      2) өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын өтеуді қамтамасыз етеді.

57-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы іс-шараларды қаржыландыру

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы іс-шараларды қаржыландыру:

      1) табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты;

      2) жеке инвесторлар;

      3) жер учаскелері мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің меншік иелерінің (пайдаланушыларының) қаражаты;

      4) гранттар;

      5) жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырмалдықтары;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

58-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілеріне және олардың өсу ортасына келтірілген залалды өтеу

      1. Қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тәртәбінде залалды өтеу өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына келтірілген залалды өтеу заңсыз алып қойғаны, дайындағаны (жинағаны), зақымдағаны немесе жойғаны, сондай-ақ олардың өсу ортасын бұзғаны үшін жүзеге асырылады. Өсімдіктер дүниесі объектілеріне және олардың өсу ортасына келтірілген зиянды өтеу мөлшерін өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ведомствосының аумақтық бөлімшелері айқындайды.

      2. Өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына келтірілген залалды өтеу тәртібімен заң бұзушылардан өндіріп алынған қаражат осы объектілердің тиісті иелерінің (пайдаланушыларының) шоттарына аударылады және олар бүлінген өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың өсу ортасын қалпына келтіруге мақсатында пайдаланады.

      Егер бұл объектілер иелеріне (пайдаланушыларға) бекітілмеген жағдайда көрсетілген қаражат бюджетке есепке алынады.

      Өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына залалды өтеу тәртібімен заң бұзушылардан өндіріп алынған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылауды қаржылық бақылау саласындағы уәкілетті орган өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп жүзеге асырады.

59-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын өтеу

      1. Өсімдіктер дүниесінің объектілері жер қойнауын пайдалануға, үй-жайлар (ғимараттар), жолдар, құбыр желілерін және өзге де объектілер салуға (реконструкциялауға) арналған, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған осы объектілердің жобалау құжаттамасына сәйкес берілетін жердің барлық санаттарының жер учаскелерінде жойылған (қайтарымсыз жоғалған) жағдайда, сондай-ақ жер учаскелері оларда өсіп тұрған және ауылшаруашылық қызметін, жеке қосалқы шаруашылық, ұжымдық бау-бақша немесе көкөніс шаруашылығын жүргізу үшін жойылуға жататын өсімдіктер объектілерімен берілген жағдайда олардың шығындары өтелуге жатады.

      2. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын олардың орналасуына қарай өсімдіктер дүниесінің осы объектілері өздерінің мүддесі үшін жойылатын жеке немесе заңды тұлғалар:

      1) елді мекендердің жерлерінде, сондай-ақ өзге жер санаттарының бекітілмеген жер учаскелерінде орналасқан өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын – тиісті жергілікті атқарушы органға;

      2) жеке меншік құқығы субъектілерінің жерлерінде орналасқан өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын – осы жер учаскесінің меншік иесіне;

      3) тұрақты жер пайдалану құқығында мемлекеттік меншіктегі жерлерде орналасқан өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын – тиісті тұрақты жер пайдаланушыға өтейді.

      3. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындары жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданған сәттен бастап алты ай мерзімде өтелуге жатады.

      4. Өтелуге жататын шығындардың мөлшері орман және ауыл шаруашылығы жерлерін орман және ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін оларды алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы және ауыл шаруашылығы шығындарын өтеу нормативтері және өсімдіктер дүниесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу салдарынан келтiрiлген зиянның мөлшерiн есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерін басшылыққа алына отырып айқындалады.

      5. Шығындар мөлшері оған жер учаскесін беруге мүдделі тұлғамен келісіледі және жер учаскесіне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітілетін актімен ресімделеді.

      6. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің шығындарын өтеу мәселелері бойынша шешімге сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

19-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алып қойылуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру

60-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алып қойылуын мемлекеттік бақылау

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алып қойылуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.

61-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алынуына мемлекеттік бақылау жасау объектілері

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алып қойылуына мемлекеттік бақылау жасау мәселесі:

      1) шикізат дайындау жүргізілгенге дейінгі және одан кейінгі өсімдіктер дүниесінің объектілері мен олардың өсу ортасы және олардың қазіргі жай-күйі;

      2) жиналған (дайындалған) жабайы өсетін өсімдік өнімі (шикізаты);

      3) өсімдіктер дүниесінің объектілерін қорғау, күзету, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі қызмет;

      4) өсімдіктер дүниесінің объектілеріне және олардың өсу ортасына теріс әсер ететін қызмет болып табылады.

62-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

      1. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың:

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Үкіметі, өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар шешімдері талаптарының сақталуы мәселесін бақылау мақсатында объектілерге баруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесін пайдаланушылардың қызметі туралы ақпарат алуға;

      2) осы Заңда берілген өкілеттіктер шегінде актілер шығаруға;

      3) процестік шешім қабылдау үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына беруге;

      4) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесін пайдаланушылардың қызметін тоқтата тұруға немесе қызметіне тыйым салу туралы ұсыныс енгізуге;

      5) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген зиянның мөлшерін айқындауға, кінәлі адамдарға осы зиянды өз еркімен өтеу туралы кінәрат қою не сотқа талап қоюға;

      6) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға;

      7) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған учаскелерде, сондай-ақ осы учаскелерге кіру және шығу орындарында автокөлік және жүзу құралдарын тоқтатуға, оларға жете тексеру жүргізуге;

      8) өсімдіктер ресурстарын дайындау учаскелерінде болған және одан шығуы кезінде адамдардың өсімдіктер дүниесін пайдалану құқығы берілген құжаттарын қарап тексеруге;

      9) өсімдіктер дүниесінің заңсыз олжаланған объектілерін, оларды өңдеу өнімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алып қоюға;

      10) өсімдіктер дүниесінің объектілерін және олардың бөліктерін заңсыз жинау (дайындау) үшін пайдаланылған құрылғыларды, тетіктерді, көлік құралдарын сот шешім шығарғанға дейін уақытша сақтау үшін алып қоюға;

      11) арнайы құралдар мен қызметтік атыс қаруын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.

      2. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

      1) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану қағидаларының сақталуына;

      2) жеке және заңды тұлғалардың өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалануға арналған шарт талаптарын орындауға;

      3) өсімдіктер дүниесін пайдалануға белгіленген шектеулер мен тыйым салулардың сақталуына;

      4) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану бойынша іс-шаралардың орындалуына;

      5) уәкілетті орган белгілеген өсімдіктерді интродукциялауды, будандастыруды және жерсіндіруді жүзеге асыру тәртібінің сақталуына;

      6) өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы нормативтерінің және өзге де талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.

      3. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің рұқсатсыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар айырым белгілері бар нысанды киіммен (погонсыз) және қызметтік қарумен қамтамасыз етіледі.

63-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелері лауазымды адамдарының актілері

      1. Мыналар:

      1) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама;

      2) тексеру актісі;

      3) мынадай:

      өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы;

      жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметіне үш күннен аспайтын мерзімде міндетті түрде сотқа талапарыз бере отырып, сот шешімінсіз көрсетілген мерзімге тыйым салу немесе тоқтата тұру туралы нұсқама болып табылады (бұл ретте қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт анықталған тәртіп бұзушылықтар жойылғанға немесе сот шешімі шығарылғанға дейін қолданылады);

      4) мынадай:

      өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылған жағдайда кінәлі адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту не қылмыстық жазаланатын әрекет жасалған
жағдайда – материалдарды тергеу органдарына беру туралы;

      өсімдіктер дүниесінің заңсыз олжаланған объектілерін және олардың бөліктері мен дериваттарын, сондай-ақ осы үшін пайдаланылған құрылғыларды, тетіктерді және көлік құралдарын сот шешімі шығарылғанға дейін уақытша сақтау үшін алып қою туралы қаулы өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелері лауазымды адамдарының актілері болып табылады.

64-бап. Өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті орган ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын құқықтық және әлеуметтік қорғау

      Өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өсімдіктер дүниесі саласындағы уәкілетті органның ведомствосының және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік қорғалуға жатады.

20-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру

65-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады.

21-тарау. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы дауларды шешу және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік

66-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану саласындағы дауларды шешу

      Өсімдіктер дүниесінің объектілерін пайдалану, олардың өсіп-өну ортасын қорғау, өсімдіктер дүниесін пайдалануға беру саласындағы мәселелер бойынша даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.

67-бап. Өсімдіктер дүниесі объектілеріне және олардың өсіп-өну ортасына келтірілген залал үшін жауапкершілік

      Өсімдіктер дүниесі объектілеріне және олардың өсу ортасына залал келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

22-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

68-бап. Өтпелі ережелер

      1. Пайдаланушылардың осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалануға алған рұқсаттары оларға берілген мерзім бойы қолданыста болады.

69-бап. Осы Заңды қолдану тәртібі

      Осы Заң ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған өсімдіктер дүниесін пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.

70-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады