Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 64-65, 388-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), сондай-ақ басқа да ұйымдар (келісу бойынша) осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 99 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) – елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан астам), орта мерзімді (бір жылдан 5 жылға дейін қоса алғанда) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестері мен қатысушыларынан тұратын өзара байланысты элементтер кешені.
2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.
2-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) ішкі теңгерімділік – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша үйлесуін қамтамасыз ету;
2) тиімділік – мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау оларға ресурстардың ең аз шығындарымен қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс;
3) "адамға бағдарлану" – мақсаттардың, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерінің халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға түпкілікті бағытталуы;
4) дербестік – өз құзыреті шегінде елді дамытудың мақсаттарына қол жеткізу мен міндеттерін шешудің жолдары мен әдістерін таңдауда мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жеткілікті дербестігін қамтамасыз ету;
5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізбегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
6) айқындық (ашықтық) – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларын (мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда) салалық тәуелсіз сарапшылармен, ал қоғамдық мүдделерді қозғайтын неғұрлым маңызды мәселелер бойынша халықтың қалың бұқарасымен міндетті талқылау тетіктерін енгізу;
7) шынайылық – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында мақсаттарды, міндеттер мен көрсеткіштерді белгілеу, оларға қол жеткізу мүмкіндігі бастапқы параметрлердің дұрыстығы және тиісті ресурстарды бөлу шартымен негізделген;
8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің табыстылығы төмен тұрған құжаттарды жоспарлаудың және мақсаттарға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасы мен уақтылығына, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігіне байланысты болады.
3-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады (иерархиялық маңыздылығы ретімен):
1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы;
2) Жалпыұлттық басымдықтар;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы;
4) Елдің аумақтық даму жоспары;
5) саланы/аяны дамыту тұжырымдамасы, ұлттық жобалар;
6) мемлекеттік органдардың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) даму жоспарлары.
5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды әзірлеу қажеттілігі мен заңдылығы жоғары деңгейде тұрған құжаттардан туындайтын тұтас жүйе болып табылады, ал жоғары деңгейде тұрған құжаттарды мониторингтеу және бағалау төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды іске асыру туралы анық ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері осы иерархияға сүйене отырып декомпозициялануға және айқындалуға тиіс.
6. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау (бұдан әрі – Жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу және түзету үшін негіздеме болып табылады, сондай-ақ алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілуге тиіс.
Жолдау жобасын әзірлеу, келісу, Жолдауды іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
7. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша доктриналар (стратегиялар), жекелеген басым бағыттар бойынша – мемлекеттік бағдарламалар, кешенді жоспарлар әзірленеді.
Доктрина (стратегия) – бұл белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың, пайым мен көзқарастардың жиынтығын айқындайтын және Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін құжат.
Мемлекеттік бағдарлама негізінен дамудың идеологиялық, нормативтік және т.б. аспектілерін қозғайтын және елеулі қаржы ресурстарын бөлуді талап етпейтін жекелеген саясаттарды іске асырудың мақсаттарын, міндеттері мен тәсілдерін айқындайтын құжат болып табылады.
Мемлекеттік бағдарламаны Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Кешенді жоспарлар жекелеген маңызды салалық немесе өңірлік даму мәселелерін жедел шешуге арналған іс-шаралар жиынтығын қамтитын іске асыру сипатындағы құжат болып табылады.
Кешенді жоспарларды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
8. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасымен ведомствоаралық сипаттағы қызметтің жекелеген бағыттары бойынша саланың/аяның жекелеген міндеттеріне қол жеткізуге арналған іс-шаралар жиынтығын қамтитын іске асыру сипатындағы құжаттар болып табылатын жол карталары әзірленеді.
Жол карталары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының шешімдерімен, орталық мемлекеттік органдар бірінші басшыларының бірлескен бұйрықтарымен бекітіледі.
Қабылданған кешенді жоспарлардың, жол карталарының тізілімін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Доктриналарды (стратегияларды), мемлекеттік бағдарламаларды, кешенді жоспарларды, жол карталарын әзірлеу тәртібін стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
4-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері
9. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторингтеу, сондай-ақ түзету болып табылады.
10. Әзірлеу процесі құжатқа бастама жасаудан, ағымдағы жағдайды талдаудан, мүдделі тараптардан ұсыныстар жинаудан, қойылған міндеттерді шешу бойынша пайымды қалыптастырудан, қол жеткізілетін нәтижелер мен қажетті ресурстарды айқындаудан, құжат жобасын тұжырымдаудан, оны мүдделі тараптармен талқылаудан, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа да құжаттарымен байланыстырудан, белгіленген тәртіппен пысықтаудан, келісуден және бекітуден тұрады.
11. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) жекелеген құжатты әзірлеудің негізділігі, сондай-ақ таңдап алынған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттердің, нәтижелер көрсеткіштерінің (аралық және түпкілікті) шынайылығы;
2) ұсынылған қол жеткізу жолдарының құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне, игілікті алушылардың күтулеріне сәйкестігі;
3) құжаттың мақсаттарының, нысаналы индикаторларының, міндеттерінің, нәтижелер көрсеткіштерінің (аралық және түпкілікті) оны іске асырудың жоспарланған мерзімдеріне, сондай-ақ іске асыру мақсатында құжат әзірленген жоғары деңгейдегі Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары деңгейдегі құжатында белгіленген стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі;
4) құжатты іске асыру үшін қаржы-экономикалық, материалдық-техникалық, еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу;
5) құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін ықтимал сыртқы және ішкі тәуекелдер мен мән-жайларды есепке алу, сондай-ақ олардың туындауының алдын алу үшін, туындаған жағдайда оларды еңсеру үшін не құжатты түзету үшін қабылдануы тиіс шараларды айқындау.
12. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын, Елдің аумақтық даму жоспарын, тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, мемлекеттік органдардың даму жоспарларын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын әзірлеуді әдіснамалық сүйемелдеуді стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әдіснамалық сүйемелдейді.
13. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында берілген мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелердің аралық және түпкілікті көрсеткіштеріне қол жеткізу процесі іске асыру болып табылады.
14. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру процесінде мыналар қамтамасыз етілуге тиіс:
1) ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы келісу;
2) берілген нәтижелерге ресурстардың ең аз шығынымен қол жеткізуге бағдарлану;
3) қаржылық, еңбек және басқа ресурстардың теңгерімділігі.
15. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, жалпыұлттық басымдықтарды және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы есептер мен басқа да ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту процесі мониторинг болып табылады.
16. Құжаттардың мониторингі:
1) құжаттың іске асырылу барысы туралы ақпарат алудың тұрақтылығын;
2) құжаттың іске асырылу барысын бағалау, оның тиімсіз іске асырылу тәуекелдерін анықтау және басқарушылық шешімдерді оңтайландыру үшін мүмкіндіктерді айқындау мақсатында келіп түскен ақпаратқа жедел талдау жүргізу мүмкіндігін;
3) мемлекеттік органдардың тиісті құжатты іске асырудағы іс-қимылдарының келісілуін;
4) құжатты іске асыру шарттары елеулі өзгерген жағдайда оны түзету жөнінде ұсыныстарды уақтылы тұжырымдау мүмкіндігін;
5) құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін оны іске асыру қорытындыларын сапалы шығаруды қамтамасыз етеді.
17. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу мониторингін осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған уәкілетті органдар жүзеге асырады.
18. Мониторинг нәтижелері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша және тәртіппен жасалатын тиісті кезеңде үшін іске асыру туралы есеп түрінде ресімделеді.
19. Іске асыру туралы есепте мыналар қамтылуға тиіс:
1) құжаттың деректемелері:
құжаттың атауы, нөмірі, күні;
әзірлеуші мемлекеттік орган және бірлесіп орындаушылар;
іске асыру мерзімдері, оның ішінде кезең-кезеңімен;
2) жоспарланған және нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторларды, міндеттер нәтижелерінің көрсеткіштері, сондай-ақ оларға қол жеткізбеу себептері;
3) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, есепті кезеңде бөлінген және игерілген қаражат көрсетілген, орындалған жоспарланған іс-шаралар, орындалмаған немесе ішінара орындалған іс-шаралар (құжат іске асырылған кезден бастап бүкіл кезең ішінде) туралы ақпарат, сондай-ақ (іс-шаралар орындалмаған немесе ішінара орындалған жағдайда) олардың орындалмау себептері және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалған белгіленген мақсаттарға, міндеттерге және тиісті нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге әсер етуі туралы түсініктемелер;
4) базалық кезеңмен салыстырғанда игілік алушылардың қанағаттану деңгейінің серпіні туралы ақпарат (құжат іске асырыла бастаған сәтте тиісті көрсеткіштердің мәні туралы ақпарат болған кезде, ол болмаған жағдайда – құжатты іске асырудың бірінші жылы базалық болып танылады);
5) жүргізілген бақылау іс-шаралары, мемлекеттік аудит, сараптамалық-талдау іс-шаралары туралы мәліметтер және бақылау іс-шаралары мен мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша орындалған ұсынымдар туралы ақпарат.
Құжатты іске асыру бюджеттік инвестицияларды іске асырумен байланысты жағдайларда әзірлеуші мемлекеттік орган іске асыру туралы есепте іс-шаралардың орындалу дәрежесін айқындау жөніндегі көшпелі іс-шаралардың нәтижелері туралы мәліметтерді көрсетеді;
6) шешілуіне құжат бағытталған проблемалар мен міндеттердің шешілу дәрежесі туралы ақпарат, сондай-ақ қорытындылар мен ұсыныстар, оның ішінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзету қажеттілігіне, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талап етілетін өзгерістеріне және басқаларға қатысты ақпарат көрсетілген құжаттың іске асырылу барысына жинақталған талдау.
20. Қолданыстағы құжаттың іске асырылуы туралы есеп жыл сайын Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде белгіленген мерзімдерде дайындалады.
Құжатты іске асыру мерзімі аяқталғаннан кейін құжаттың іске асырылуы туралы қорытынды есеп қалыптастырылады, онда құжаттың қолданылуының соңғы жылындағы іске асырылуы жөніндегі ақпарат та, құжаттың қолданылуының бүкіл кезеңі үшін жинақталған ақпарат та қамтылады.
21. Құжатты іске асыру туралы есептің негізінде мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес пайдаланылатын бағалау туралы қорытындылардың жобаларын дайындайды.
22. Қорытындыда мыналар қамтылуға тиіс:
1) деректемелер (стратегиялық және бағдарламалық құжат бекітілген актінің атауы, нөмірі, күні, әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар және бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдар (ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар және мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер), іске асыру мерзімдері, оның ішінде кезеңдер бойынша);
2) есепті кезеңге жоспарланған нақты нәтижелерге қол жеткізуді қысқаша талдау, сондай-ақ нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеудің (құжатты іске асыру басталған кезден бастап бүкіл кезең үшін) және осындай қол жеткізуге әкеп соққан нақты іс-шаралардың орындалмауының негіздемелері ретінде жауапты мемлекеттік органдар келтіретін себептердің объективтілігіне қатысты ұстаным;
3) құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған одан арғы шаралар, түзету іс-қимылдарын қабылдау (қажет болған кезде) жөніндегі тұжырымдар (бағалау) мен ұсыныстар, ал қорытынды есептер үшін – құжатты іске асыру шеңберінде қабылданған іс-шаралардың елдің әлеуметтік-экономикалық және/немесе қоғамдық-саяси дамуына әсері туралы тұжырымдар және тиісті бағыт/ая/сала бойынша одан арғы қызметті жетілдіру туралы ұсыныстар.
23. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мониторингі нәтижелерінің толықтығы, сапасы, анықтығы және уақтылы берілуі үшін жауапкершілік әзірлеуші мемлекеттік органдарға және осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингтеу процесінде пайдалану үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеуші мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде ұсынылатын ақпараттың толықтығы, сапасы, анықтығы және уақтылығы үшін жауапты болады.
24. Іске асыру процесінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары түзетілуі мүмкін.
Түзету – осы құжаттардың іске асырылуына мониторинг пен бағалау жүргізу нәтижесі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жолдауларының ережелерін, жекелеген тапсырмаларын іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
25. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың соңғы жылында мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін түзетуге жол берілмейді.
26. Тиісті есептілік нысандарын айқындауды және т.б. қоса алғанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру және мониторинг жүргізу бойынша әдіснамалық сүйемелдеуді стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
27. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингтеу және іске асыру кезінде жобалық басқару әдістері мен тәсілдері қолданылуы мүмкін.
Жобалық басқару Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға және жобалық басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік органдардың жобалық басқарудың үлгілік регламентіне сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың жобалық басқаруды қолдануын үйлестіруді қайталанатын тіркелген уақыт аралықтары шеңберінде жобалық басқарудың икемді әдістерін пайдалану арқылы жобалау қызметіне барлық қатысушылардың бірлескен қызметін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімімен құрылатын жобалау офисі (бұдан әрі – Офис) жүзеге асырады, оларды сақтау жобалау қызметіне барлық қатысушылар үшін міндетті.
5-тарау. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы
28. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының жаһандық пайымын, ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын ескере отырып айқындайды.
29. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттары арқылы іске асырылады.
6-тарау. Жалпыұлттық басымдықтар
30. Жалпыұлттық басымдықтар Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған міндеттерді ескере отырып, ел дамуының тиісті орта мерзімді кезеңге арналған негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындайды.
Әрбір жалпыұлттық басымдық оларға қол жеткізу дәрежесін сипаттайтын 1-3 өлшенетін нысаналы индикаторлармен сүйемелденеді.
Жалпыұлттық басымдықтар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттарын әзірлеу, мемлекеттік органдардың жоспарлауды жүзеге асыруы кезінде міндетті түрде ескеріледі.
31. Жалпыұлттық басымдықтардың жобасын стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді, ол жария талқылау үшін оның интернет-ресурсында және ашық деректердің интернет-порталында орналастырылады және келіп түскен ұсыныстар ескеріліп пысықталады.
Пысықталған жоба заңнамада белгіленген тәртіппен мүдделі органдармен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісіледі.
32. Жалпыұлттық басымдықтардың жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мақұлдайды және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
33. Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.
7-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары
34. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын және Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру мақсатында әзірленеді, тиісті кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының негізгі бағыттары бойынша оларға қол жеткізудің негізгі мақсаттарын, міндеттері мен тәсілдерін, сондай-ақ олардың көрсеткіштерін көрсете отырып, күтілетін нәтижелерді айқындайды.
35. Жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының жобасын әзірлеуді стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының алдыңғы Ұлттық даму жоспарының қолданылуы аяқталғанға дейін кемінде 1 жыл бұрын жүзеге асырады.
36. Әзірленген Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының жобасы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясынан және Жалпыұлттық басымдықтардан туындайтын ел дамуының басым бағыттарын қамтуы;
2) ел дамуының алдағы жоспарлы кезеңге арналған басым бағыттары арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуі;
3) елдің дамуындағы күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіптерді талдауға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың ұзақ мерзімді болжамына негізделу.
37. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында мынадай бөлімдер қамтылады:
1) кіріспе;
2) жаһандық үрдістерді талдау;
3) іске асырудың негізгі қағидаттары;
4) іске асыру тәсілдері мен күтілетін нәтижелер;
5) стратегиялық көрсеткіштер картасы (қосымша түрінде).
38. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының жобасы әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсында және жария талқылау үшін ашық деректердің интернет-порталында орналастырылады және келіп түскен ұсыныстар ескеріле отырып пысықталады.
Пысықталған жоба заңнамада белгіленген тәртіппен мүдделі органдармен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісіледі.
39. Стратегиялық көрсеткіштер картасы іске асырудың әрбір жылы бойынша көрсеткіштердің аралық мәндеріне бөле отырып, тиісті стратегиялық бағыттар, салалар мен аялар бойынша, сондай-ақ өңірлер бөлінісінде көрсеткіштердің декомпозициясын қамтиды.
Көрсеткіштер мәндері, жылдары, қол жеткізу мерзімдері бойынша теңдестірілуге және өзара байланыстырылуға, салалар, аялар және өңірлер бойынша бөлінуді (бөлу мүмкін болған кезде), сондай-ақ оларға қол жеткізуге үлесті тиісті жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компанияларға бекітуді қамтуы керек.
Стратегиялық көрсеткіштер картасы Жалпыұлттық басымдықтардың және Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының көрсеткіштерін қамтиды.
Көрсеткіштер басым бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық жоспарын іске асырудың әрбір жылында елдің даму параметрлерін айқындайды және Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудегі жалпы елдік прогресті өлшеуге мүмкіндік береді.
40. Стратегиялық көрсеткіштер картасының көрсеткіштері орталық, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған деңгейдегі құжаттарын әзірлеу кезінде міндетті түрде қолданылады.
Қолданылатын дереккөздердің тізбесі және/немесе Стратегиялық көрсеткіштер картасының индикаторларын тиісті есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
41. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мақұлдайды және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
42. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру аяларды/салаларды дамыту тұжырымдамаларын, ұлттық жобаларды, мемлекеттік органдардың даму жоспарларын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
43. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының іске асырылуын мониторингтеу осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 16-23-тармақтарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайынғы негізде жүргізеді.
44. Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарына жыл сайын мониторинг жүргізу үшін көрсеткіштерге қол жеткізуге жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар өз құзыреті шегінде есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыс туралы ақпарат ұсынады.
45. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған ақпарат негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру туралы есеп пен қорытындының жобасын қалыптастырады, оларда салалар, аялар, өңірлер бөлінісінде (Стратегиялық көрсеткіштер картасына сәйкес) көрсеткіштердің орындалуы жөніндегі ақпарат қамтылуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асырудың соңғы жылындағы есеп пен қорытынды жобасы жоғарыда көрсетілген тәртіппен оны іске асырудың бүкіл кезеңі үшін қалыптастырылады және енгізіледі.
46. Есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру туралы есеп пен қорытынды жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
47. Қазақстан Республикасының Үкіметі есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесіне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы есеп пен қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
48. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесіне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының іске асырылу барысы туралы өз қорытындысын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
49. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының және ұлттық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндаманы енгізеді.
50. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының есепті кезеңде іске асырылуы туралы қысқаша есепті кесте нысанында "жоспар-факт-түсініктемелер" форматында өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.
8-тарау. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы
51. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру мақсатында әзірленеді.
52. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы орта мерзімді пайымды айқындайды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өлшемшарттарын қамтиды.
53. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
54. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Қазақстан Республикасының алдыңғы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірмей әзірленеді.
55. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдері мен негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды.
56. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган екі ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлейді.
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
57. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылу қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.
9-тарау. Елдің аумақтық даму жоспары
58. Елдің тиісті кезеңге арналған аумақтық даму жоспары Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленеді және елді ұтымды аумақтық ұйымдастыру жөніндегі пайымды, қағидаттар мен тәсілдерді, көші-қон процестерін ескере отырып, демографиялық ахуалдың болжамдарын, сондай-ақ әрбір өңірдің негізгі даму параметрлерін сипаттайтын құжат болып табылады.
59. Елдің аумақтық даму жоспарының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ оны пысықтауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың, қоғамдық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуымен жүзеге асырады.
60. Елдің аумақтық даму жоспарының әзірленген жобасы мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) елдің перспективалық аумақтық ұйымдастырылуы және экономикалық ресурстарды оңтайлы пайдалану мәселелерін ашуға;
2) аумақтардың ағымдағы және перспективалық инфрақұрылымдық даму, белгіленген өңірлік стандарттарға қол жеткізу мәселелерін ашуға;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де құжаттарында бекітілген тәсілдер мен параметрлерге негізделуге тиіс.
61. Елдің аумақтық даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
10-тарау. Даму тұжырымдамасы
62. Даму тұжырымдамасы нақты аяны/саланы дамыту пайымын (5-10 жыл кезеңге), сондай-ақ Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге, тәсілдерге және Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған тиісті саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін айқындайтын құжат болып табылады.
63. Тұжырымдамада ағымдағы ахуалды талдау, саланың/аяның проблемалары, халықаралық тәжірибені шолу, саланы/аяны дамытудың процестері мен пайымы қамтылады, ол саланы/аяны дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, күтілетін нәтижелерді, сондай-ақ тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын (қосымша түрінде ресімделеді) айқындайды.
64. Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының стратегиялық көрсеткіштеріне сәйкес келетін индикаторлардан басқа, белгілі бір аядағы/саладағы оң өзгерістерді сипаттайтын тұжырымдаманы іске асырудың күтілетін нәтижелерінің шектеулі (5-7-ден аспайтын) санын қамтуы мүмкін.
Даму тұжырымдамасының күтілетін нәтижелерінің мәндері Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының стратегиялық көрсеткіштеріне сәйкес келуге тиіс.
Егер даму тұжырымдамасын іске асыру кезеңі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын іске асыру кезеңінен кейін аяқталса, даму тұжырымдамасы индикаторларының мәндері және күтілетін нәтижелер келесі кезеңде жақсаруға тиіс.
65. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың аяны/саланы даму тұжырымдамасын әзірлеуі үшін негіз болып табылады. Осы Даму тұжырымдамаларын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
66. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың аяны/саланы дамыту тұжырымдамасын әзірлеуі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы негіз болып табылады. Осы даму тұжырымдамалары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі, ал Қазақстан Республикасы Президентінің жекелеген тапсырмалары бойынша – Қазақстан Республикасының Президенті бекітуі мүмкін.
67. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберілетін даму тұжырымдамасының жобасына міндетті түрде стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы қоса беріледі.
68. Даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында жетекшілік ететін аяда/салада қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін аса маңызды түйінді реформалар мен негізгі іс-шаралардың тізбесін, оларды аяқтау мерзімдерін және нақты (есептелетін және қадағаланатын) нәтиже қамтылады.
69. Даму тұжырымдамасы ұлттық жобалар, мемлекеттік органдардың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарлары, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары, заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асырылады.
70. Даму тұжырымдамаларының іске асырылу мониторингін осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 16 – 23-тармақтарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайынғы негізде жүргізеді.
71. Даму тұжырымдамаларына жыл сайын мониторинг жүргізу үшін даму тұжырымдамасын іске асыруға тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар өз құзыреті шегінде, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 сәуіріне дейін даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі есепті даму тұжырымдамасын әзірлеуші органға ұсынады.
72. Даму тұжырымдамасын әзірлеуші орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға даму тұжырымдамасының іске асырылуы бойынша есепті жолдайды, сондай-ақ бірінші басшының қолын қойғызып, оны интернет-ресурста орналастырады (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда).
73. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлеуші органдар ұсынған ақпарат негізінде есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 маусымына дейін даму тұжырымдамаларының іске асырылуы туралы жиынтық есеп пен жиынтық қорытындының жобасын (әрбір даму тұжырымдамасы бойынша) қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
74. Қазақстан Республикасының Үкіметі есепті кезеңнен кейінгі жылдың 20 маусымына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне даму тұжырымдамаларының іске асырылуы туралы жиынтық есеп пен қорытынды енгізеді.
75. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 20 маусымына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне даму тұжырымдамаларының іске асырылу барысы туралы өз қорытындысын енгізеді.
Даму тұжырымдамалары мониторингінің қорытындыларын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының және ұлттық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндаманы дайындау кезінде пайдаланады.
76. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде есепті кезеңде даму тұжырымдамаларының іске асырылуы туралы қысқаша есепті кесте нысанында "жоспар-факт-түсініктемелер" форматында өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады.
11-тарау. Ұлттық жобалар
77. Ұлттық жоба жан-жақты ведомствоаралық өзара іс-қимылды және Жалпыұлттық басымдықтарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясының, Елдің аумақтық даму жоспарының мақсаттарына, міндеттері мен стратегиялық көрсеткіштеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының индикаторларына қол жеткізу үшін аса маңызды немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған жекелеген міндеттерді (жобаларды) белгіленген мерзімдерде шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруды басым бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз ететін құжат болып табылады.
78. Ұлттық жобалардың тізбесін стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
79. Ұлттық жоба мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:
1) нақтылық (жеткілікті ресурстар бөлінген жағдайда нақты, өлшенетін нәтиже алуға бағытталуы);
2) қол жеткізілуі (күтілетін нәтижеге белгіленген шектеулі мерзімде түпкілікті қол жеткізу мүмкіндігі);
3) маңыздылығы (халықтың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне немесе бизнес жүргізу жағдайларына елеулі оң өзгеріс әкеліп, ел ауқымында әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз етуі);
4) жауапкершілік пен мүмкіндіктердің сәйкестігі (жобаны сәтті және уақтылы іске асыру үшін қажетті өкілеттіктер берумен қатар, жеке жауапкершілікті бекіту).
80. Ұлттық жобаның құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
1) паспорт (негізгі параметрлер);
2) міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштері;
3) күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсер;
4) ресурстар;
5) жауапкершілік пен өкілеттіктерді бөлу;
6) жобаны іске асырудың жоспар-графигі (қосымша түрінде).
81. Құжатты әзірлеу әдіснамасын, ұсыну форматын, іске асырудың жоспар-графигінің нысандарын және орындаушылардың есептілігін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар бірлескен бұйрықпен бекітеді.
82. Ұлттық жобаны тиісті мемлекеттік уәкілетті орган Офистің қатысуымен әзірлейді және мыналармен:
1) экономикалық негізділігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен;
2) қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуі тұрғысынан бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясына және Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарына сәйкестігі тұрғысынан стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен;
4) өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі.
83. Ұлттық жобаның келісілген жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
84. Ұлттық жобаның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің қарауына шығару үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
85. Ұлттық жобалар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мақұлдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
86. Ұлттық жобаларды іске асыру ұлттық жобаларды іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру арқылы жобаның жоспар-графигін орындау жолымен жүзеге асырылады.
87. Ұлттық жобалардың іске асырылуын үйлестіру және оны тұрақты жедел мониторингтеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Офис жүзеге асырады.
88. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өзі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша ұлттық жобалардың іске асырылуына бағалау жүргізеді.
89. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген ұлттық жобалардың іске асырылуын бағалау қорытындылары мемлекеттік тиімділік аудитінің және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің қаулысы қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға, ұлттық жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға жіберіледі.
90. Ұлттық жобаға жыл сайын мониторинг жүргізу үшін:
1) бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган және ұлттық жобаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдар (ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) өз құзыреті шегінде ұлттық жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға есепті жылдан кейінгі 10 ақпанға дейін іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады;
2) ұлттық жобаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган іске асырылу барысы туралы ұсынылған ақпараттың негізінде ұлттық жобаны іске асыру туралы есепті қалыптастырады және есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 наурызына дейін мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға ұсынады, сондай-ақ оны бірінші басшының қолын қойғызып, интернет-ресурста (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) орналастырады;
3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұлттық жобалардың (әрбір ұлттық жоба бойынша) іске асырылуы туралы есептердің негізінде ұлттық жобаларды іске асыру туралы жиынтық есеп пен жиынтық қорытындының жобасын қалыптастырады және оларды есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырына дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады;
4) стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган ұлттық жобалардың іске асырылуы туралы өзінің жиынтық қорытындысын дайындайды және оны есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 маусымына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жібереді;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі есепті кезеңнен кейінгі жылдың1 мамырына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұлттық жобалардың іске асырылуы туралы жиынтық есепті және қорытындыны енгізеді.
Ұлттық жобалардың іске асырылуы туралы жиынтық есеп пен қорытынды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізгенге дейін олардың жобалары Қазақстан Республикасының Үкіметінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық кеңестердің өкілдері, тәуелсіз салалық сарапшылар (қол жетімділігі шектелген ақпаратты қоспағанда) шақырылып тыңдалады;
6) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ұлттық жобалардың іске асырылуы жөніндегі жыл сайынғы мониторингі және ұлттық жобалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары мен ұлттық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндаманы дайындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі пайдаланады, ол Қазақстан Республикасының Президентіне енгізіледі.
91. Барлық белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізе отырып, ұлттық жоба толық орындалған жағдайда әзірлеуші орган бір ай мерзімде ұлттық жобаның іске асырылуының аяқталғаны туралы қорытынды есепті дайындайды, ол мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға енгізіледі.
92. Мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар екі апта мерзімде ұлттық жобаның іске асырылуының аяқталғаны туралы түпкілікті есепке қорытындылар дайындайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
93. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық жобаның іске асырылуының аяқталғаны туралы түпкілікті есепке мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар қорытындыларының негізінде екі апта мерзімде жиынтық есеп қалыптастырады және оны түпкілікті есеппен бірге (мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың қорытындылары қоса беріледі) Қазақстан Республикасы Президентінің атына енгізеді.
94. Қазақстан Республикасы Президентінің оң қарары іске асырылған ұлттық жобаны Ұлттық жобалар тізбесінен алып тастау үшін негіз (тізбе оған жаңа ұлттық жобаның қосылуына байланысты кезекті жаңартылған кезде) болып табылады.
95. Ұлттық жобаның белгіленген мақсаттары мен міндеттеріне белгіленген мерзімде қол жеткізілмеген/толық қол жеткізілмеген жағдайда әзірлеуші орган бір ай мерзімде ұлттық жобаның сапасыз іске асырылу себептері туралы анықтама дайындайды, ол мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарға енгізіледі.
96. Мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар екі апта мерзімде ұлттық жобаның сапасыз іске асырылу себептері туралы анықтама бойынша қорытынды дайындайды және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
97. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық жобаның сапасыз іске асырылу себептері туралы анықтама бойынша мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың қорытындыларының негізінде екі апта мерзімде жиынтық қорытынды қалыптастырады және оны анықтамамен бірге (мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың қорытындылары қоса беріледі) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
98. Анықтамада ұлттық жобаның сапасыз іске асырылу себептерін талдау, ұлттық жобаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін қолданылатын шаралар мен болжамдар, ұлттық жобаны іске асырудың бұзылуына жауапты адамдарға қолданылатын жауапкершілік шаралары туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
99. Ұлттық жобаның сапасыз іске асырылу себептері туралы анықтаманың және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің атына ұлттық жобаға қатысты одан арғы шаралар туралы ұсыныстар енгізеді.
12-тарау. Мемлекеттік органдардың даму жоспарлары
100. Мемлекеттік органның даму жоспары мемлекеттік органның орта мерзімді кезеңдегі қызметін айқындайтын, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарына қол жеткізуге бағытталған құжат болып табылады.
101. Мемлекеттік органның даму жоспары Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспары, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, ұлттық жобалар негізінде тиісті аяның/саланың даму тұжырымдамаларын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.
102. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мемлекеттік органдар, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Ұлттық Банк даму жоспарларын әзірлемейді.
Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің қаулысымен бекітілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің стратегиялық жоспарын әзірлеу және мониторингтеу әдістемесіне сәйкес стратегиялық жоспарды әзірлейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің стратегиялық жоспарын Қазақстан Республикасы Президентімен немесе оның уәкілеттік беруімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы бекітеді.
103. Мемлекеттік органның даму жоспары бюджет процесіне қатысатын және бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ететін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады.
104. Мемлекеттік органның даму жоспары мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) мақсаттарға, көрсеткіштерге қол жеткізу және қойылған міндеттерді шешу жолдары мен тәсілдерін баяндай отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, ұлттық жобаларды және тиісті даму тұжырымдамаларын іске асыруға, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді тиімді орындауына және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағдарлануы;
2) игілік алушылардың тұрмыс сапасын арттыруға және қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлануы;
3) стратегиялық көрсеткіштер картасының индикаторларына қол жеткізу қажеттілігін ескеру;
4) тезистік форматта, қысқаша және нақты баяндалуы.
105. Мемлекеттік органның даму жоспарының құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) миссиясы және пайымы;
2) стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының архитектурасы;
3) стратегиялық бағыттар, мақсаттар, мақсатты индикаторлар;
4) ресурстар.
106. "Миссиясы және пайымы" бөлімінде мемлекеттік органның миссиясы мен пайымы баяндалады.
107. Мемлекеттік органның миссиясы мемлекеттік басқару субъектісі ретінде мемлекеттік органның тиісті аяда немесе қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асырудағы оның рөлін айқындаудан тұратын негізгі мақсаты болып табылады.
108. Мемлекеттік органның даму жоспарын іске асыру нәтижесінде жетекшілік ететін салалардың немесе қызмет аясының перспективалық жай-күйі мемлекеттік органның пайымы болып табылады.
109. "Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының архитектурасы" бөлімінде мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттары бөлінісінде мемлекеттік органның қолданыстағы заңнамадан және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарынан туындайтын, іске асырылуына мемлекеттік органға бекітілген индикаторларға қол жеткізу байланысты болатын бюджеттік бағдарламалармен өзара байланысты мақсаттары көрсетіледі.
110. "Стратегиялық бағыттар, мақсаттар, мақсатты индикаторлар" бөлімінде мемлекеттік органның даму жоспарының стратегиялық бағыттары, мақсаттары, нысаналы индикаторлары баяндалады.
Стратегиялық бағыттар өзгерістері Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, ұлттық жобаларда белгіленген мақсаттарға, басымдықтарға, нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін неғұрлым маңызды болып табылатын экономиканың реттелетін салаларын, секторларын немесе қызмет салаларын талдау негізінде қалыптастырылады.
111. Мемлекеттік органның мақсаты мемлекеттік органның өзінің қызметінде не ол реттейтін салада нысаналы индикаторлар ретінде көрсетілген белгілі бір нақты өзгеріске қол жеткізу болып табылады.
Мақсаттарды анықтау кезінде мемлекеттік орган мынадай талаптарды ұстануы қажет:
1) мақсаттың белгіленген проблемалармен нақты себеп-салдарлық байланысының болуы;
2) мақсатқа қол жеткізуді сандық көрсеткіштер арқылы білдіру мүмкіндігі;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарының, Аумақтық даму жоспарының, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік стратегиясының, ұлттық жобалардың мақсаттарына сәйкестігі;
4) мақсаттардың қысқа және нақты баяндалуы, оларды тұжырымдау кезінде:
еркін немесе екіұшты түсіндірілетін терминдерді, ұғымдарды және сөз орамдарын пайдалануға;
мақсатқа қол жеткізудің салдары болып табылатын өзге де мақсаттарды, міндеттерді немесе нәтижелерді көрсетуге жол берілмейді.
112. Мемлекеттік органның даму жоспарындағы әрбір мақсат үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған деңгейдегі тиісті құжаттарында бекітілген индикаторлар мен көрсеткіштерден туындайтын нысаналы индикаторлар айқындалады.
Мемлекеттік органның даму жоспарының нысаналы индикаторлары жетекшілік ететін аялардың/салалардың дамуын сипаттайтын макроиндикаторларға және бюджеттік бағдарламалармен өзара байланысты және/немесе мемлекеттік органның қызметіне байланысты нысаналы индикаторларға бөлініп көрсетіледі.
Бюджеттік бағдарламалармен өзара байланысты нысаналы индикаторлар ұлттық жобаларда қарастырылған міндеттердің шешілуін де көрсетеді.
Мемлекеттік органның даму жоспарында Стратегиялық көрсеткіштер картасы шеңберінде оған бекітілген барлық көрсеткіштер ескеріледі.
Әрбір нысаналы индикатор бойынша есепті және бес жылдық кезеңдердің жылдары бойынша нысаналы индикатордың аралық мәндерін айқындай отырып, оның жоспарланған мәніне қол жеткізудің түпкілікті мерзімі (кезеңі) айқындалады.
113. "Ресурстар" бөлімінде есепті және жоспарлы кезеңнің жылдарына бөлінген мемлекеттік органның даму жоспарын іске асыруға тартылған штат саны көрсетіліп, бюджет шығыстарының жиынтығы мен адами ресурстар келтіріледі.
114. Мемлекеттік органның даму жоспарының форматын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
115. Мемлекеттік органдардың даму жоспарлары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.
116. Даму жоспарын әзірлеуші мемлекеттік орган бекіткеннен немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізгеннен кейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
117. Мемлекеттік органның даму жоспары бекітілгеннен немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) интернет-ресурсында орналастырылады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мемлекеттік органның даму жоспары мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік мемлекеттік органның даму жоспарын әзірлеуші мемлекеттік органға жүктеледі.
118. Даму жоспарын іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.
Операциялық жоспар ресурстар, жауапты орындаушылар және даму жоспарының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өзге де міндеттер бойынша байланыстырылған мемлекеттік органның ағымдағы қаржы жылындағы нақты іс-қимылдарын қамтитын құжат болып табылады.
119. Операциялық жоспарды әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу және іске асырылуын бақылау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Бюджет заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органның даму жоспарын түзетуге жол беріледі.
Бюджет қаражатының күтілетін игерілмеуіне байланысты ағымдағы қаржы жылының үшінші тоқсанынан кейін мемлекеттік органның даму жоспарының нысаналы индикаторлары мәнінің төмендеуін көздейтін түзетуге жол берілмейді.
120. Мемлекеттік органның даму жоспарының мониторингін операциялық жоспардың іске асырылу барысын талдау негізінде әзірлеуші мемлекеттік орган есептік жылдың қорытындысы бойынша жылына бір рет жүзеге асырады.
121. Мемлекеттік органдар даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептерді дайындайды және есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты кеңінен хабардар етуді және түсініктеме беру мен халық тарапынан ұсыныстар енгізу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, кемінде күнтізбелік он төрт күн кезеңге оларды бірінші басшының қолын қойғызып (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) интернет-ресурста орналастырады.
122. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептер олар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде шоғырландыру және интернет-ресурсына орналастыру үшін есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
123. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған мемлекеттік органның даму жоспарының іске асыру есебі мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік даму жоспарын әзірлеуші мемлекеттік органға жүктеледі
13-тарау. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары
124. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары тиісті аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып және осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 4-тармағының 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес оның дамуын айқындайтын құжат болып табылады.
125. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әзірлейді.
Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдерінен және мәслихат депутаттарынан құралған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылады, қажет болған кезде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, үкіметтік емес және ғылыми ұйымдардың өкілдері, білімнің әртүрлі салаларының ғалымдары мен мамандары, бизнес-қоғамдастықтар тартылады.
126. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының әзірленген жобасы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында белгіленген бағыттармен өзара байланыста өңірді дамытудың басым бағыттарын айқындауы;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында нақты аумақта белгіленген мақсаттарға қол жеткізу, міндеттерді шешу жолдарының баяндалуы;
3) аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін бағалаудың баяндалуы;
4) нысаналы индикаторлар көрсетіле отырып, бес жылдық кезеңнің соңына қарай аумақты дамытудың түпкілікті мақсаттарын айқындауы;
5) күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктер мен қауіптерді талдау ескеріліп, қойылған мақсаттарға қол жеткізудің ықтимал жолдары мен тәсілдерін айқындауы;
6) мақсаттар мен нысаналы индикаторлардың қисынды өзара байланысын сақтауы;
7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумында айқындалған облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің түйінді нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етуі;
8) игілік алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және өңірдің меншікті экономикалық әлеуетін дамытуға бағдарлануы;
9) қаржыландыру көздері мен іске асыру кезеңдері бойынша бөліністе даму жоспарын іске асыруға арналған шығыстардың абсолютті көрінісіндегі көлемі туралы ақпаратты қамтуы;
10) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар іс-шараларының келісімділігін, сондай-ақ мақсаттар мен ресурстар бойынша құжаттың теңгерімділігін сақтауы;
11) тезистік форматта қысқаша және нақты баяндалуы.
127. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын мемлекеттік органдардың ведомствоішілік мәселелерін шешуге бағыттап әзірлеуге жол берілмейді.
128. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
1) паспорт (негізгі сипаттамалары);
2) аумақты дамытудың пайымы мен перспективасы;
3) ағымдағы ахуалды талдау;
4) негізгі бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар және оларға қол жеткізу жолдары;
5) қажетті ресурстар.
129. "Паспорт (негізгі сипаттамалар)" бөлімінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының негізгі параметрлері баяндалады, олар мыналарды қамтиды:
1) атауы;
2) осы өңірдің негізгі сипаттамалары;
3) бағыттар, мақсаттар және нысаналы индикаторлар;
4) қажетті ресурстар.
130. "Аумақты дамытудың пайымы мен перспективасы" бөлімінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру нәтижесінде өңірдің перспективалық жай-күйі сипатталады.
131. "Ағымдағы ахуалды талдау" бөлімінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ағымдағы дамуы, негізгі проблемалардың кешенді сипаттамасы, сондай-ақ өңірдің бәсекелік артықшылықтары мен мүмкіндіктері сипатталады.
Осы бөлімнің көлемі құжаттың жалпы көлемінің 25%-ынан аспауы керек.
132. "Негізгі бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар және оларға қол жеткізу жолдары" бөлімінде:
1) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары;
2) нысаналы индикаторларды көрсете отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің ұзақ мерзімді жүйесіне сәйкес аумақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың әрбір бағыты бойынша мақсаттары;
3) қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары баяндалады.
133. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары жоспарлы кезеңнің соңына қарай өңірді дамытудың белгілі бір бағы тының жай-күйінің пайымын, оны дамытудың сапалық бағдарларын білдіреді.
134. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының барлық мақсаттарында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізу дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін аралық және түпкілікті маңызы бар нысаналы индикаторлар қамтылуға тиіс.
135. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары, іске асырудың нысаналы индикаторлары оларға қол жеткізуге жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар көрсетіліп келтіріледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асырудың нысаналы индикаторлары тиісті өңірге бекітілген түйінді ұлттық индикаторларға, ұлттық жобаларға қол жеткізуге бағдарланады.
136. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту жоспары міндетті түрде Стратегиялық көрсеткіштер картасында және ұлттық жобаларда көзделген, тиісті өңірге бекітілген көрсеткіштерді қамтиды.
137. Жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асырудың нысаналы индикаторлары ретінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында өңірге бекітілген индикаторлардың 20 %-ынан аспайтын мөлшерде өңірдің ерекшелігі ескерілген қосымша индикаторлар енгізілуі мүмкін.
138. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының нысаналы индикаторлары өңірдің дамуын сипаттайтын макроиндикаторларға және қаржы шығыстарымен өзара байланысты нысаналы индикаторларға бөлініп көрсетіледі.
Макроиндикаторларға өңірде аяны/саланы дамытудың кешенді сипаттамасын көрсететін нысаналы индикаторлар жатады.
Қаржылық шығыстармен өзара байланысты нысаналы индикаторларға жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік бағдарламаларымен өзара байланысты және/немесе жергілікті атқарушы органдардың қызметіне байланысты нысаналы индикаторлар жатады.
139. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге байланысты емес (мемлекеттік қызметшілерді ұстауға, заңнамалық актілерде тікелей айқындалатын немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыруға бағытталған функциялар мен міндеттерді іске асыруға байланысты шығыстарды қоспағанда) бюджет шығыстарын жоспарлауға жол берілмейді.
140. Орталық мемлекеттік органдардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жоспарына Стратегиялық көрсеткіштер картасында және ұлттық жобаларда тиісті өңірге бекітілмеген индикаторларды енгізуге бастама жасауына жол берілмейді.
141. Ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторлар болған кезде орталық мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша есептеу әдістемесін әзірлейді және бір ай мерзімде бекітеді.
Өңірдің ерекшелігін есепке алу үшін жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторларды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына енгізген жағдайда жергілікті атқарушы орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша есептеу әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
142. Облыстың даму жоспарында нысаналы индикаторлар облыстық маңызы бар аудандар мен қалалар бөлінісінде облыстың даму жоспарына қосымша түрінде ресімделеді.
143. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган қалыптастырмайтын нысаналы индикаторлар қосымшаға аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бойынша бөлінбей енгізілуі мүмкін.
Тұтас облыс бойынша нысаналы индикаторлар мен олардың мәндерін түзетусіз даму жоспарға қосымшаға өзгерістер енгізілген жағдайда бұл өзгерістер мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісілмейді.
144. "Қажетті ресурстар" бөлімінде мақсаттар бөлінісінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру үшін қаржылық ресурстарға қажеттілік баяндалады.
145. Тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әзірлеген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының жобасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар келіп түскен күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қарайды.
146. Жергілікті атқарушы орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын ағымдағы жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмейтін мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына бекітуге ұсынады.
147. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың даму жоспарын әзірлеуші облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы бекіткеннен кейін немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
148. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) бекітілгеннен кейін немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
149. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспары мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын әзірлеуші облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жүктеледі.
150. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын іске асыру Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына және Мемлекеттік органдарды жобалық басқару үлгілік регламентіне сәйкес оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау арқылы жүзеге асырылады.
151. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – мерзімдері, орындаушылары, аяқталу нысаны, оны іске асыруға қажетті шығындар айқындалған облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған нақты іс-қимылдардың жиынтығы.
152. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын тиісті аумақтың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп әзірлейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспары бекітілгеннен кейін бір ай мерзімде облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі.
153. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мониторингін тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарына қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, ұсынатын іске асырылуы туралы ақпарат негізінде іске асырылуы туралы есептерді қалыптастыру жолымен жүргізеді.
154. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мониторингі жыл қорытындысы бойынша жылына бір рет жүзеге асырылады.
155. Жыл қорытындысы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын мониторингтеу үшін:
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган, өз құзыреті шегінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына іске асыру туралы ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін ұсынады;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынған іске асыру туралы ақпараттың негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру туралы есепті қалыптастырады және оны есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде бірінші басшының қолын қойғызып (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырады.
156. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру туралы есеп есепті кезеңнен кейінгі жылдың 10 наурызынан кешіктірмей шоғырландыру және келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оның интернет-ресурсында орналастыру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
157. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 30 сәуіріне дейінгі мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын іске асыру туралы қысқаша жиынтық есепті Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне жібереді.
158. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын іске асыру туралы есеп мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына жүктеледі.
159. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларының іске асырылу мониторингі және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары жылына бір рет ағымдағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірілмей түзетілуі мүмкін.
14-тарау. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары
160. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттары ескеріліп әзірленеді.
161. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары ұлттық компаниялардың алдыңғы даму жоспарын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірмей әзірленеді.
162. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және акциялары (қатысу үлестері) ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескеріліп әзірленеді.
163. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында баяндалған мақсаттарға, міндеттерге және бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
164. Ұлттық әл-ауқат қорының даму жоспарын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің стратегиясы жөніндегі комитет қарап, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын басқару жөніндегі кеңес мақұлдағаннан кейін ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері бекітеді.
165. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу мен бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
166. Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру мақсатында ұлттық компаниялардың 5 жыл мерзімге арналған іс-шаралар жоспарлары әзірленеді.
167. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу мен бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
168. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын мониторингтеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) жүзеге асырады.
169. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жүргізу шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалауды қоспағанда, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын бағалау аудиттелген қаржылық есептілік бекітілгеннен кейін 3 жыл өткен соң мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
170. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті өзі бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын бағалауды жүзеге асырады.
171. Тиісті саланың уәкілетті органы ұлттық компаниялардың даму жоспарларының мониторингі мен оларды бағалау нәтижелерін интернет-ресурста (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
172. Тиісті саланың уәкілетті органы ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
173. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің стратегиясы жөніндегі комитет "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының даму жоспарының іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есебін қарайды және оны өз ұсынымдарымен бірге "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын басқару жөніндегі кеңесте қарау үшін жібереді.
15-тарау. Өтпелі ережелер
174. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған мемлекеттік бағдарламалардың мониторингі осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде даму тұжырымдамаларын мониторингтеу үшін көзделген процестерге сәйкес жүзеге асырылады.
175. Тиісті мемлекеттік бағдарлама шеңберінде саланы/аяны қамтитын даму тұжырымдамасы және/немесе ұлттық жоба бекітілгеннен кейін мемлекеттік бағдарлама қолданысы тоқтатылған болып саналады.