Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы № 182 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Арманұлы Ерғалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.     

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 30 наурыздағы
№ 182 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуіне жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісім

      Осы Әріптестік туралы негіздемелік келісім (бұдан әрі – "Негіздемелік келісім") бұдан әрі бөлек-бөлек "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – "Үкімет") мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі – "ЕҚДБ") арасында жасалады.

      ЕҚДБ-ның халықаралық құқыққа сәйкес 1990 жылғы 29 мамырдағы ЕҚДБ құру туралы келісіммен (бұдан әрі – "ЕҚДБ келісімі") құрылған халықаралық қаржы ұйымы болып табылатынын, мақсаты елдердің ашық нарықтық экономикаға өтуіне және ЕҚДБ жұмыс істейтін елдерде жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу болып табылатынын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;

      Үкімет Қазақстандағы экономикалық реформалар процесін күшейтуге, оның ішінде сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту процесін ынталандыру, тиісті құрылымдық реформалар жүргізу және Қазақстан экономикасының орнықты өсуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы әртараптандыру арқылы күшейтуге ниеттенгенін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП, осыған байланысты Үкімет Қазақстан экономикасын дамытуға жәрдемдесу және оның азаматтарының әл-ауқатын арттыру үшін бірлескен бастамаларды дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мақсатында ЕҚДБ-мен байырғы әріптестікті күшейтуге және мүмкіндіктерді зерделеуді жалғастыруға ниетті;

      ЕҚДБ мен Үкімет Қазақстандағы экономикалық дамуға жәрдемдесу мақсатында, оның ішінде әртүрлі инвестициялық құралдарды, инвестициялық гранттарды, техникалық көмек жобаларын және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі мемлекеттік саясатқа байланысты тұрақты диалогты пайдалана отырып, ынтымақтастықты күшейтуге негіз болатын осы Негіздемелік келісімге қол қоюға ниеттеніп отырғанын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП.

      Осымен Тараптар төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бөлім. Мақсаты

      Осы Негіздемелік келісімнің мақсаты әртараптандыру, орнықтылық, экологиялылық ("жасыл экономика"), инклюзивтілік және цифрландыру қағидаттарында жеке бизнесті белсенді түрде тарту арқылы Қазақстанның орнықты экономикасының дамуына ықпал ету мақсатында Тараптар арасындағы ынтымақтастықты айрықша емес негізде күшейту; сондай-ақ елде "Орнықты даму мақсаттарына" қол жеткізу болып табылады.

      Осы жан-жақты мақсаттарға қол жеткізу ел экономикасының заңнамалық және институционалдық-құқықтық базасын өзгертуді қамтитын аса маңызды құрылымдық реформалар бойынша Тараптардың бірлескен жұмысы, сондай-ақ қажет болған жерде Үкіметті қолдай отырып, ЕҚДБ инвестициялық жобаларын айқындау, құрылымдау және әлеуетті қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негіздемелік келісім Қазақстандағы басқа да халықаралық қаржы ұйымдарымен (бұдан әрі – "ХҚҰ") жұмысты үйлестіру үшін де негізді қамтамасыз етеді.

2-бөлім. Ынтымақтастық салалары

      2.1. Осы Негіздемелік келісім шеңберіндегі ынтымақтастық салаларын Тараптар ішкі қағидалар мен рәсімдерді ескере отырып бірлесіп айқындайтын болады. Тараптар осы Негіздемелік келісімде көзделген шараларды іске асыруға қатысу үшін басқа да ХҚҰ тартуға құқылы.

      2.2. Осы Негіздемелік келісім шеңберінде Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастық жасайды:

      (i) Қазақстан экономикасының орнықтылығын арттыру үшін жекеше секторды қолдау;

      (ii) инвестициялық жобалар арқылы, сондай-ақ салалық және жалпы экономикалық реформаларды іске асыру арқылы Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар тарту;

      (iii) инфрақұрылым, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты секторлардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы Қазақстанның өңірлік және әлемдік экономикаға және өндірістік-өткізу тізбектеріне одан әрі интеграциялануын қолдау;

      (iv) төмен көміртекті дамуға басымдық беру және ұлттық деңгейде айқындалатын Салым шеңберінде Климат жөніндегі Париж келісімін (Nationally Determined Contributions) және Қазақстан Республикасының төмен көміртекті даму стратегиясын сақтау;

      (v) күрделі салымдарды бірлесіп қаржыландыру, тәуекелдерді бөлу/орнықтылыққа байланыстыра отырып кредиттерді өтеу, жасыл жобаларды кешенді бағалау үшін көміртегі нарығының құралдары мен техникалық ынтымақтастық қорлары, сондай-ақ жасыл қаржыландыруды одан әрі ауқымдырақ ету үшін қажетті нормативтік база әзірлеуді қолдау сияқты қазіргі заманғы энергия тиімді және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, табиғатқа бағдарланған шешімдерді әзірлеу, жасыл экономиканы қолдау үшін жаңа нысандар мен құралдарды жасау есебінен жасыл экономиканы дамыту;

      (vi) жаңартылатын энергия өндірісін, электр желілерін нығайтуды, электр энергиясын теңгерімдеуді және энергияны сақтауға арналған шешімдерді енгізуді, төмен көміртекті энергетикалық секторды дамыту стратегиясына сәйкес ауа сапасын едәуір жақсарту үшін газ желілерін және газ электр генераторларын пайдалануды қоса алғанда, энергетикалық секторды декарбонизациялау үшін инвестициялау және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;

      (vii) адами капиталды дамыту және ұлттық біліктілік жүйесін күшейту және еңбек заңнамасын жетілдіру мақсатында баршаға тең мүмкіндіктер жасау үшін гендерлік, өңірлік және жастар интеграциясын ілгерілету, сондай-ақ микро, шағын және орта кәсіпкерлікпен (бұдан әрі – "МШОК") және неғұрлым ірі жеке және мемлекеттік компаниялармен, оның ішінде жекелеген клиенттер мен экономиканың секторлары деңгейінде жұмыс істеу;

      (viii) венчурлік қаржыландыруды дамыту, экономиканың жекеше және мемлекеттік секторларында цифрлық технологияларды пайдалану арқылы инновациялар мен цифрландыруға жәрдемдесу;

      (ix) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің (бұдан әрі – "МЖӘ") құқықтық және институционалдық базасын олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігі мақсатында нығайту және халықаралық практикаға сәйкес МЖӘ жобаларын іске қосу, МЖӘ және басқа да модельдердің көмегімен бүкіл Қазақстан бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту;

      (x) көлік және муниципалдық инфрақұрылымда қаржылық және экологиялық орнықтылыққа қол жеткізу, әділ және тең құқықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғау желілерін енгізу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру және коммерцияландыру арқылы муниципалдық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жекеше сектордың тәжірибесін тарту және құқықтық және институционалдық базаны жетілдіру;

      (xi) Қазақстанның барлық өңірлерінде МШОК консультациялық жобаларын, оның ішінде цифрлық трансформация және цифрландыру жөніндегі жобаларды генерациялау мен басқару, жасыл қаржыландыруды тарту, климаттың өзгеруіне қарсы күреске жәрдемдесу және ресурс тиімділігін ұлғайту үшін бизнес-шешімдерді енгізу, басқарушылық дағдыларды жетілдіру,

      МШОК өсуіне жәрдемдесу және олардың экспорттық әлеуетін ұлғайту арқылы МШОК дамыту;

      (xii) банк секторын және банктік емес қаржы ұйымдарын, капитал нарықтарын және қаржы технологиялары өнімдерін жақсарту жолымен қаржы секторын дамыту. Бұдан басқа, климаттың өзгеруіне байланысты әсерлерді жұмсартуға бағытталған жобаларға инвестициялар тарту үшін квазимемлекеттік мекемелермен ынтымақтастыққа жәрдемдесу, сондай-ақ МШОК, оның ішінде әйелдер басқаратын ұйымдарға қаржылай және техникалық қолдау көрсету;

      (xiii) қаржы нарығын жетілдіру және ЕҚДБ тарапынан жергілікті валютада қаржы қаражатын тарту бойынша жәрдемдесу;

      (xiv) өңірдің жасыл және әлеуметтік жобаларын қаржыландыру құралдары ретінде орнықты облигацияларды ілгерілету, сондай-ақ жауапты инвестициялау қағидаттарын енгізу бөлігінде "Астана" халықаралық қаржы орталығының дамуына жәрдемдесу;

      (xv) жекешелендіру процестеріне жәрдемдесу, оның ішінде активтерді жекешелендіруге дайындауға көмек, сенімгерлік басқару келісімшарттары және нәтижеге бағдарланған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сияқты жекеше секторды тартудың баламалы нысандарын енгізу, мемлекеттік меншікте қалатын кәсіпорындарды корпоративтік басқаруды жақсарту және оларды коммерцияландыру;

      (xvi) сыртқы факторларға байланысты экономикалық күйзелістерді болжау, алдын алу және жеңілдету үшін алдын ала ескерту жүйелерін пайдалану арқылы мемлекеттік мекемелер мен жекеше сектордағы институционалдық әлеуетті нығайту.

      2.3. Бағдарламаларды іске асыру "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 – 2025 жылдар кезеңіне ұзартылған Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі ЕҚДБ бизнес-консультациялық көрсетілетін қызметтер бағдарламасы шеңберінде тәуелсіз және қосалқы тәуелсіз негізде инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп қаржыландыруды және Техникалық ынтымақтастық шотын толықтыруды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экономиканың орнықты дамуына жәрдемдесу үшін, оның ішінде осы Негіздемелік келісімнің 2.2-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша Үкімет бөлетін күрделі салымдар және техникалық ынтымақтастықты қолдау қорларының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Жоғарыда көрсетілген қаражатты бөлу тетіктері Тараптар арасындағы жекелеген келісімдер негізінде жеке тәртіппен айқындалатын болады.

      2.4. ЕҚДБ Директорлар кеңесі бекіткен Қазақстанға арналған елдік стратегия шеңберінде және онда айтылған құралдар арқылы және ЕҚДБ-ның ішкі қағидаларына, рәсімдері мен келісулеріне сәйкес ЕҚДБ:

      (i) жобаларды әзірлеу мен іске асыруда консультациялар мен техникалық көмек көрсетуді ұйымдастырады;

      (ii) ішкі рәсімдер мен қағидаларға сәйкес қарыздар береді және басқа да қаржылай қолдау көрсетеді;

      (iii) ЕҚДБ басқаратын жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу мен бағалауда ЕҚДБ ішкі саясатына, рәсімдері мен қағидаларына сәйкес қолдау көрсетеді; және

      (iv) басқа ХҚҰ-мен, даму жөніндегі әріптестермен және мүдделі тараптармен ынтымақтасады.

3-бөлім. Іске асыру тетіктері

      3.1. Осы Негіздемелік келісімді іске асыру мақсатында 2014 жылы құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесі мемлекеттік саясаттың негізгі шараларына шолу жасау және бағдарламалардың іске асырылуын жалпы қадағалау функцияларын орындайтын болады, сондай-ақ шешімдер қабылдаудың тиімді процесіне жәрдемдесетін болады.

      3.2. Үйлестіру кеңесі жаңа жобаларды бекіту үшін қажеттілігіне қарай тұрақты отырыстар өткізетін болады. Бұдан басқа, тоқсан сайынғы негізде немесе қажет болса, одан да жиірек Үйлестіру кеңесі қол қоюға және/немесе іске асыруға дайындық сатысында тұрған жобалар бойынша ағымдағы мәселелерді талқылау үшін шақырылады.

      3.3. Үкімет ЕҚДБ-мен және басқа да ХҚҰ-мен бірлесіп инвестициялық жобалар мен техникалық көмекті (консультацияларды) тарту жөніндегі жобалар үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ХҚҰ әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру шеңберінде Қазақстанды дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын (бұдан әрі – "Бағдарлама") әзірлейді. Бағдарламаны өзгерту және іске асыру барысы Үйлестіру кеңесінің отырыстарында тұрақты түрде қаралатын болады.

      3.4. Үйлестіру кеңесінің барлық шешімдері, осы Негіздемелік келісімге сәйкес іске асырылатын операциялар мен қызмет (i) Тараптардың ішкі саясатын, рәсімдері мен келісуін сақтау және (ii) Тараптар арасында жекелеген құқықтық келісімдер және/немесе ЕҚДБ мен жобалар бенефициарлары арасында келісімдер жасасу шартымен орындалуға жатады.

4-бөлім. Тараптардың міндеттемелері

      4.1. Осы Негіздемелік келісім Тараптарға ешқандай қаржылық міндеттемелер жүктемейді. Кез келген осындай міндеттеме осы Негіздемелік келісімге сәйкес Тараптар қабылдауы мүмкін жекелеген келісімдерде көрсетілуге тиіс. Мұндай міндеттемелер мен келісімдер Тараптардың ішкі қағидалары мен рәсімдеріне сәйкес жеке келісуге жатады. Осы Негіздемелік келісім кез келген Тарап үшін екінші Тарапқа артықшылық беруге арналған міндеттемелерді жүктемейді.

5-бөлім. Осы Негіздемелік келісімнің күшіне ену, оған өзгерістер енгізу, қолданысын тоқтату тәртібі және басқа мәселелер

      5.1. Осы Негіздемелік келісім Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді және 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

      5.2. Тараптардың кез келгені осы Негіздемелік келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете алады. Мұндай жағдайда осы Негіздемелік келісім Тараптардың бірі тиісті хабарлама алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      5.3. Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Негіздемелік келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      5.4. Осы Негіздемелік келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген дауларды Тараптар консультациялар жүргізу арқылы шешеді.

      5.5. Осы Негіздемелік келісім Тараптардың ерекше емес негізде ынтымақтасу көзқарастары мен ниеттерін көрсетеді және Тараптарға заңды немесе қандай да бір басқа міндеттемелер жүктемейді. Осы Негіздемелік келісім үшінші тарапқа заңды түрде қолданылмайды.

      5.6. Осы Негіздемелік Келісімде ештеңе де ЕҚДБ келісімі және 2013 жылғы 11 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен ЕҚДБ арасындағы ЕҚДБ-ның Қазақстан Республикасындағы ынтымақтастығы мен қызметіне қатысты Келісім шеңберінде ЕҚДБ берген артықшылықтардан, иммунитеттер мен жеңілдіктерден бас тарту немесе оларды өзгерту ретінде табылмайды және түсіндірілмейді.


      2021 жылғы "___" _______ Қазақстан Республикасының Нұр-Сұлтан қаласында әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды. Ағылшын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтіннің басым күші болады.


      Қазақстан Республикасының
Үкіметінен
Еуропа Қайта Құру жәнеДаму Банкінен

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады