Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Жоба |
Қазақстан Республикасының Заңы Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы
Осы Заң Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
3) негізгі қызмет түрлері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсаттарына сәйкес келетін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторы қызметінің түрлері;
4) радиоактивті ластанған объектілер – адамның антропогендік қызметі нәтижесінде пайда болған, ядролық сынақтардың нәтижесінде нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскелері мен объектілер;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы – нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, осы Заңда көзделген Семей ядролық қауіпсіздік аймағының арнайы құқықтық режимі қолданылатын Қазақстан Республикасы аумағының шектеулі бөлігі;
6) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспорты – аумақты сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі, сондай-ақ инфрақұрылымы анықталған, географиялық координаталары, аумағының шекарасы, оның ауданы сипатталған карта-схемасы бар аумақтың және функционалдық аймақтардың орналасқан жері, оларды қорғау режимінің түрі, рұқсат етілген және тыйым салынған қызмет түрлері, онда бару қағидалары, жұмыс режимі, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер, олардың міндеттемелері қамтылған құжат;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілері – Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан және оның жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жер учаскелерінде орналасқан өндірістік және сынақ алаңдарының, техникалық құралдардың, құрылғылардың, инженерлік коммуникациялардың, ғимараттардың, құрылыстар мен жер учаскелерінің кешені;
8) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторы (бұдан әрі – оператор) – Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заңға сәйкес айқындалатын заңды тұлға;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауды және қадағалауды іске асыратын мемлекеттік орган;
10) ядролық қару сынақтары жүргізілген аумақтарды кешенді экологиялық тексеру – ядролық қару сынақтары, әскери техника, соның ішінде зымыран техникасының сынақтары жүргізілген жер учаскелеріндегі қоршаған ортаның жай-күйін бағалауға бағытталған экологиялық тексеру;
11) ядролық қауіпсіздік аймағының жері – ядролық қауіпсіздік аймағын құру және олардың жұмыс істеуі үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін жер.
2-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру мақсаты және міндеттері
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радиоактивті ластанудың таралуын шектеу, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту, Қазақстан Республикасының ғылыми әлеуетін дамыту, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде Қазақстан Республикасының ұстанымын нығайту, Семей сынақ полигонының (бұдан әрі – ССП) таза жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару мүмкіндігін жасау мақсатында құрылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру міндеттері:
1) мемлекеттің ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ССП аумағы мен оған іргелес жатқан жерлерде ядролық қаруды таратпау режиміне қолдау көрсету жөніндегі міндеттемелерін, соның ішінде халықаралық міндеттемелерін орындау;
2) ССП инфрақұрылымының объектілерін тиімді басқаруды және оларға тиісінше қызмет көрсетуді ұйымдастыру;
3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын оңалту және қауіпсіздігін күшейту жұмыстарын жүргізу;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында су объектілерінің және ауа кеңістігінің радиоактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ радионуклидтердің таралу параметрлерін анықтау;
5) Қазақстан Республикасының ядролық технологиялар, атом энергетикасы және радиоэкология салаларында ғылымды дамыту болып табылады.
2-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекараларын, оның ауданын белгілеу және өзгерту;
3) уәкілетті органның ұсынуы бойынша уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдары арасынан операторды айқындау;
4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
5-бап. Уәкілетті органдардың құзыреті
1. Уәкілетті органның құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен оператордың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
3) ядролық қауіпсіздік аймақтарының шекарасын және ауданын, оларды өзгертуді негіздейтін кешенді экологиялық тексеру материалдарын келісу;
4) босалқы жерді ядролық қауіпсіздік аймақтарының жері санатына ауыстыру тәртібін әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекарасы мен ауданын белгілеу және өзгерту, босалқы жерді ядролық қауіпсіздік аймақтарының жері санатына ауыстыру туралы ұсыныс енгізу;
6) операторды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметіне уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдары арасынан операторды айқындау туралы ұсыныс енгізу;
8) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы оператордың ұсынысын келісу;
9) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының паспортын әзірлеу және тіркеу (қайта тіркеу) қағидаларын әзірлеу және бекіту;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданын және оларды өзгертуді негіздейтін кешенді экологиялық тексеру материалдарына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылауды;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Шекараларында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы толық немесе ішінара орналасқан облыстардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асыру;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу және өзгерту туралы уәкілетті органның ұсыныстарын келісу;
3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
3-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі
7-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жер учаскелерінің шекараларын және ауданын белгілеу туралы шешімнің жобасын уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданы Семей сынақ полигонының аумағын және оған іргелес жатқан жерлерді кешенді экологиялық тексеру материалдары, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы негізінде белгіленеді.
4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жері өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерлер, ядролық қауіпсіздік аймақтары және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жерлер санатына жатады.
5. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде құрылады.
6. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылатын жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оператордың жер пайдалануына беріледі.
7. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы жергілікті жерде арнайы ескерту белгілерімен белгіленеді.
8-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы және ауданы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болған жағдайда, тиісті аумақты кешенді экологиялық тексеру нәтижелері бойынша ғана өзгертілуі мүмкін.
2. Оператор Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағының шекарасы мен ауданын өзгерту қажеттігінің негіздемесін (кешенді экологиялық тексеру нәтижелерін, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын) ұсына отырып, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты уәкілетті органға енгізеді.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданын өзгерту туралы ұсынысқа Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мүдделі мемлекеттік органдар бастама жасауы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мүдделі мемлекеттік органдар Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысқа бастама жасаған жағдайда, оператор кешенді экологиялық тексеру жүргізуді, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын алуды қамтамасыз етеді және оларды уәкілетті органға енгізеді.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты уәкілетті орган осы баптың 2-тармағында көрсетілген материалдар енгізілген күннен бастап алпыс жұмыс күні ішінде қарайды.
4. Уәкілетті орган Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты мынадай:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
3) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған жағдайларда қабылдамайды.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсыныстың қабылданбауы Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы ұсынысты кейіннен енгізу үшін кедергі болып табылмайды.
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің жобасын уәкілетті орган міндетті түрде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
6. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасын және ауданын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
9-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, жер, экологиялық заңнамасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі шарттарының жиынтығы болып табылатын арнайы құқықтық режим қолданылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуі Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден алынған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілері мемлекеттік меншік болып табылады.
10-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлері:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және ондағы инфрақұрылым объектілерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағы аумағында ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету;
3) ядролық сынақ салдарының әсерін болдырмау, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының радиоактивті ластанған жерлерін оңалту және қауіптілігін төмендету;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының стратегиялық объектілерін физикалық қорғау жүйелерін құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті және қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу, оларды көму үшін орналастыру;
6) өнеркәсіптік қауіпті объектілердегі авариялар мен оқыс оқиғаларды модельдеу бойынша оқу-жаттығу қызметін жүзеге асыру;
7) ядролық технологиялар және радиоэкология саласында ғылыми зерттеулер жүргізу болып табылады.
2. Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы негізгі қызмет түрлерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оператор жүзеге асырады.
3. Семей ядролық қауіпсіздік аймағында осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін және уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың функцияларын орындауға бағытталған өзге де қызметті қоспағанда, өзге қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
4. Семей ядролық қауіпсіздік аймағында негізгі қызмет түрлерін орындау үшін оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа ұйымдарды тартуға құқылы.
5. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағына басқа мемлекеттерден радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму мақсатында әкелуге тыйым салынады.
Көму пункттерін салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында көму пунктін салу жоспарланып отырған жергілікті өкілетті органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
11-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының стратегиялық объектілерін күзетуді қамтамасыз ету
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында орналасқан стратегиялық объектілерді күзетуді қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар, ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жүзеге асыра алады.
2. Оператор мемлекеттік күзетті жүзеге асыратын субъектілермен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
3. Физикалық қорғауды қамтамасыз ету тәртібі мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің инженерлік-техникалық нығайтылуы жөніндегі талаптармен айқындалады.
4-тарау. Семей ядролық қауіпсіздік аймағын басқару
12-бап. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының операторын айқындау
1. Операторды айқындау туралы шешімді уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдары арасынан уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Операторға қойылатын біліктілік талаптары операторды айқындау қағидаларында белгіленеді.
13-бап. Оператордың Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және басқару жөніндегі функциялары мен жауапкершілігі
1. Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оператор мынадай:
1) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жер учаскелерінің шекарасы мен ауданының негіздемесін (кешенді экологиялық тексеру нәтижелерін, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын) ұсына отырып, уәкілетті органға Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру туралы ұсыныс дайындау;
2) Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері шеңберінде Семей ядролық қауіпсіздік аймағында ядролық қаруды таратпау режимін қолдау және нығайту саласындағы іс-шараларды орындау;
4) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
5) Семей ядролық қауіпсіздік аймағына және онымен шекаралас аумақтарға кешенді экологиялық тексеру жүргізу;
6) ядролық сынақтардың салдарын жою және Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумақтарын қауіпсіз деңгейге дейін оңалту жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
7) Семей ядролық қауіпсіздік аймағының және онымен шекаралас аумақтардың радиоактивті ластану деңгейіне мониторинг жүргізу, сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радионуклидтердің таралу параметрлерін анықтау;
8) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы инфрақұрылымының объектілерін салу және негізгі қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қаражат тарту;
9) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес Семей ядролық қауіпсіздік аймағында радиоактивті және қауіпті қалдықтардың тиісті қоймаларын, сондай-ақ оларды көму пункттерін жасау;
10) қоршаған ортаның жай-күйін бақылауды және қадағалауды қамтамасыз ету үшін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында радиоактивті заттарды сақтау және көму пункттеріне экологиялық мониторинг жүргізу;
11) радиоактивті қалдықтармен және иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеу, соның ішінде оларды өңдеу;
12) Семей ядролық қауіпсіздігі аймағының аумағында сақталған радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынға есеп және бақылау жүргізу;
13) радиоактивті ластанған объектілерде табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу және орындау;
14) осы Заңды іске асыруға байланысты қызметті жария ету жөніндегі, соның ішінде, бірақ халықты радиациялық жағдай туралы, оны жақсарту бойынша қолданылатын шаралар, сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағының құқықтық режимі және оны бұзғаны үшін жауаптылық туралы хабардар етуді қоса алғанда, қоғамдық тыңдаулармен және бұқаралық ақпарат құралдарында жария етумен шектелмейтін іс-шаралар жүргізу;
15) Семей ядролық қауіпсіздік аймағы стратегиялық объектілерінің физикалық қорғау жүйелерін құру және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
16) жергілікті жерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекараларын арнайы ескерту белгілерімен белгілеу;
17) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ресми өтінішке сәйкес осы Заңды іске асыруға байланысты қызмет туралы ақпарат ұсыну функцияларын жүзеге асырады.
2. Оператор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Оператор атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңдерінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
14-бап. Оператордың қызметін қаржыландыру
1. Оператордың қызметін қаржыландыру:
1) Оператор көрсететін (орындайтын) қызметтер (жұмыстар) үшін сыйақы;
2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
3) жарғылық капиталға енгізілген мүлік;
4) республикалық бюджет қаражаты;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған оператордың қызметінен түсетін өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
2. Оператордың қызметін республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
15-бап. Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
16-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |