Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына және "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 840 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының бюджеттеріне және Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2021 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.2. Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органдары мәслихат 2021 жылға арналған облыстық бюджетте және астана бюджетінде тиісті түсімдерді көздейтін шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде мәслихаттың көрсетілген шешімін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынсын.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.3. Қазақстан Республикасының Қаржы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарт жасасуды;
2) бюджеттік кредиттің нысаналы пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.4. Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне бюджеттік кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.5. Қазақстан Республикасының Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2021 жылы бөлінген бюджеттік кредиттің игерілуіне мониторингті қамтамасыз етсін.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне жүктелсін.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен.7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі № 202 қаулысымен бекітілген |
Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының бюджеттеріне және Нұр-Сұлтан қаласының бюджетіне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2021 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары
Ескерту. Негізгі шарттар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.07.2021 № 501 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.05.2022 № 278 қаулысымен.
Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы № 840 қаулысында көзделген 224 "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу үшін кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша 8081866000 (сегіз миллиард сексен бір миллион сегіз жүз алпыс алты мың) теңге сомасындағы және 042 "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне жылумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялауға және салуға кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша 37940000 (отыз жеті миллион тоғыз жүз қырық мың) теңге сомасындағы бюджеттік кредиттер қарыз алушыларға 2021 жылға жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға жылдық 0,01 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;
2) негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең 6 (алты) жылдан аспауға тиіс;
3) бюджеттік кредитті игеру кезеңі бюджеттік кредиттер қарыз алушыларға аударылған кезден бастап есептеледі және 2022 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.