Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 мамырдағы № 348 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 26 мамырдағы
№ 348 қаулысымен
мақұлданған

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері

      2017 жылғы 17 наурыздағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ еңбек нарығын кезең-кезеңмен қалыптастыру және жұмыс күшінің көші-қонын реттеу тұжырымдамасының ережелерін негізге ала отырып,

      ортақ еңбек нарығын қалыптастыруға ұмтыла отырып,

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жұмыс күшін бөлу, алмасу және ұтымды пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау қажеттігін растай отырып,

      жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігіне қол жеткізу бойынша Тараптардың іс-қимылдарын жетілдіруге ықпал ететін ақпаратпен және мәліметтермен уақтылы алмасу қажеттігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары:

      ортақ еңбек нарығын қалыптастыру кезінде проблемаларды шешу мен кедергілерді жоюдың келісілген тәсілдерін тұжырымдау;

      Тараптар еңбек нарықтарында іске асыратын және осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды, бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтерді әзірлеу және олардың тиімділігін арттыру кезіндегі ынтымақтастық және өзара көмек;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының еркін жүріп-тұру және еңбек қызметін жүзеге асыру құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:

      Тараптардың уәкілетті органдары – Тараптар айқындайтын, осы Келісімді іске асыруға жауапты органдар;

      Тараптардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері жөніндегі уәкілетті ұйымдары мен органдары – Тараптардың құзыретіне халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін төмендету және еңбек көші-қоны мәселелерін шешу жөніндегі шараларды, бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтерді іске асыру кіретін мемлекеттік органдары және/немесе өзге де ұйымдары.

3-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберіндегі өзара іс-қимыл кезінде:

      адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, теңдік, сенім, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық;

      Тараптардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері жөніндегі уәкілетті ұйымдары мен органдары іс-қимылдарының үйлестірілуі, келісілуі мен жоспарлылығы қағидаттарын басшылыққа алады.

4-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:

      ортақ еңбек нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасау;

      Тараптардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері жөніндегі уәкілетті ұйымдары мен органдары іске асыратын және халықты жұмыспен қамту және еңбек көші-қонын реттеу проблемаларын шешуге бағытталған шаралардың, бағдарламалар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру;

      коммуникациялық кедергілерді, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің еңбекші мигранттарына жұмысқа орналасу мемлекетінің тілін, тарихын, мәдениеті мен құқығының негіздері мен ерекшеліктерін оқыту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу жолымен жою;

      халықаралық стандарттар бойынша, оның ішінде Ворлдскиллз стандарттары бойынша қысқа практикалық бағдарланған оқыту бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;

      халықаралық әдістемелер бойынша, оның ішінде Ворлдскиллз әдістемелері бойынша құзыреттерді тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша өзара тану жүйесін құру;

      жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған халықтың жекелеген топтарын, оның ішінде жастарды, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, әйелдерді, зейнеталды жастағы адамдарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін мүмкіндіктерді кеңейту;

      еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру;

      ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау;

      бейресми жұмыспен қамтуды төмендету;

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарында уақытша еңбек қызметін жүзеге асыру үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден еңбекші мигранттарды ұйымдасқан түрде жинау және тарту жүйесін дамыту және енгізу;

      заңсыз еңбек қызметіне, оның ішінде еңбекші көшіп-қонушылар жүзеге асыратын қызметке қарсы іс-қимыл жасау.

5-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай негізгі нысандарда жүзеге асырады:

      осы Келісімнің нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша өзара консультациялар жүргізу және өзара ақпарат алмасу;

      осы Келісімнің нысанасына қатысты мәселелер бойынша кеңестерді, конференцияларды және өзге де бірлескен іс-шараларды жоспарлау және өткізу;

      осы Келісім шеңберінде Тараптардың өзара іс-қимылының тиімділігі мен дамуын қамтамасыз ететін ұлттық ақпараттық жүйелерді, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарын жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі ақпараттық порталдарды құру және дамыту;

      Тараптар құратын жұмыс топтарына (комиссияларға) қатысу;

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асыру.

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері жөніндегі уәкілетті ұйымдары мен органдары арасында тікелей жүзеге асырылуы мүмкін.

      Тараптар осы Келісімді іске асыру кезінде іскерлік байланыстарды қолдайды және Тараптардың өзара іс-қимылының тиімділігі мен дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Осы Келісім Тараптарға өзара іс-қимылдың өзге де бағыттары мен нысандарын айқындауға және дамытуға кедергі келтірмейді.

6-бап

      Осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасу және оны беру осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Тараптар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде өздеріне белгілі болған заңмен қорғалатын құпияны (мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық және өзге) қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

7-бап

      Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржылық қамтамасыз етуді Тараптардың уәкілетті органдары өз қаражаты және осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен тартылатын қаражат есебінен жүзеге асырады

8-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында әрбір Тарап уәкілетті органды (уәкілетті органдарды) айқындайды, бұл туралы депозитарийге оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде хабарлайды.

      Уәкілетті органның (уәкілетті органдардың) атауы өзгерген жағдайда тиісті Тарап 30 күн ішінде бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлайды.

      Депозитарий Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтерін Тараптардың уәкілетті органдары туралы белгіленген тәртіппен хабардар етеді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан өзі үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер мүдделі Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаларды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.


      2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана ТМД-ның Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.


Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

Армения Республикасының Үкіметі үшін

Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

Түрікменстан Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

Украинаның Үкіметі үшін

Молдова Республикасының Үкіметі үшін









Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады