"Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Салидат Қайырбекованың есімі берілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының атауы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып өзгертілсін.
3. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысына енгізілетін тиісті өзгерістерді бекітуге ұсынуды;
2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында кәсіпорынды мемлекеттік қайта тіркеуді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:
"1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар" деген бөлімде:
реттік нөмірі 5-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы".
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |