Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойылсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 606 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және "Data-Driven Government" тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы
меморандум
Владивосток қ. 2021 жылғы 3 қыркүйек
Қазақстан Республикасының Үкіметі және
"Сбербанк России" жария акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "СБЕР компаниялар тобы" немесе "Сбербанк" ЖАҚ), бірлесіп "Тараптар" немесе жеке-жеке "Тарап" деп аталады,
мыналарды:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екенін,
- цифрлық платформалық шешімдерді құруға арналған технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар СБЕР компаниялар тобы стратегиялық әріптес ретінде қазақстандық бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші – "BTS Digital" ЖШС-ны (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 40 % үлесі бар ERG тобының еншілес компаниясы, бұдан әрі – "СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесі") анықтағанын назарға ала отырып,
жалпыға бірдей қабылданған практикаға сүйеніп, теңдік, ізгі ниет, құрмет пен сенім негізінде әрекет ете отырып, СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесінің және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қазақстан Республикасына тиесілі бейінді ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен жобаны іске асыру үшін арнайы консорциум (бұдан әрі – "Консорциум") құру туралы шешімді келісіп:
- адамға бағдарланған сервистерді іске асыру үшін цифрлық платформалық шешімдерді енгізу;
- деректерді талдау және жасанды интеллект бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау;
- қолайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру;
- экономикалық өсуге және инновациялық белсенділікті дамытуға жәрдемдесу мақсатында.
Төмендегілер туралы түсінікке келді:
Осы Меморандумның мәні СБЕР компаниялар тобының "Platform V" шешімі базасында Қазақстан Республикасында цифрландырудың платформалық моделіне (бұдан әрі – "GovTech платформасы") көшу мақсатында Тараптар үшін әріптестік қатынастар орнату және оны іске асыру үшін қажетті іс-шараларды айқындау болып табылады.
2. Осы Меморандум шеңберінде Тараптар мынадай іс-шараларды іске асыруға ниетті:
2.1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 қазанға дейін Консорциумдық келісімге қол қою арқылы Консорциум құру мәселесін пысықтауы, осы Меморандумда көрсетілген міндеттемелер оған қол қою фактісі бойынша қолданыста болады;
2.2. 2021 жылдың соңына дейін СБЕР компаниялар тобы (BiZone Kazakhstan Ltd тұлғасында), СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесі және (немесе) оның үлестес тұлғасы арасында, Tier 3 Uptime Institute стандарты бойынша сертификатталған деректерді өңдеудің мамандандырылған орталығының базасында GovTech платформасын орналастыру үшін қорғалған динамикалық инфрақұрылым құру туралы келісімге қол қою;
2.3. 2021 жылдың соңына дейін СБЕР компаниялар тобы мен Консорциум арасында Сбер компаниялар тобының шешімдері базасында мемлекеттік технологиялық платформалар құру және лицензиялар мен көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша Қазақстанда, Орталық Азияда, Моңғолияда және Түркияда эксклюзивті әріптестікке ниеттене отырып, Эксклюзивті әріптестік туралы шарт (бұдан әрі – "Әріптестік туралы шарт") жасасу. Әріптестік туралы шарт оның талаптарына сәйкес көрсетілген елдерде цифрландырудың платформалық моделіне көшу мақсатында Қазақстан аумағында СБЕР компаниялар тобының "Platform V" платформасын мемлекеттік органдар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғаларда өрістетуге, енгізуге және пайдалануға Консорциумға 20 жылға арналған лицензиялар беруді және Орталық Азия елдерінде, Моңғолияда және Түркияда осыған ұқсас мүмкіндік беруді, сондай-ақ GovTech платформасын іске асыруға шарт жасасқан күннен бастап үш жыл өткен соң "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – "ҰАТ" АҚ) пайдасына "Platform V" платформасын қосалқы лицензиялау шарттарын көздейтін болады.
2.4. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – "ЦДИАӨМ") 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech платформасы сервисін көрсетуге бағытталған үш жылдық кезеңге арналған ұзақ мерзімді шарт (бұдан әрі – "GovTech" платформасы қызметтерін алу шарты") жасасу арқылы кейіннен мерзімін ұзарта отырып, үш жылдық кезеңге "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы болып табылатын "ҰАТ" АҚ-ны тартуы;
2.5. "ҰАТ" АҚ мен Сбербанк ЖАҚ арасында оған қызмет көрсету бойынша негізгі борыш пен пайыздар сомасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен "ҰАТ" АҚ пайдасына кредит желісін ұсынуды көздейтін Қарыз туралы келісім (бұдан әрі – "Қарыз туралы келісім") жасасу. Кредит желісі Сбербанк ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін бес жүз миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшердегі сомаға балама сомаға Ресей рублімен берілетін болады;
2.6. 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін бюджеттік заңнама шеңберінде техникалық-экономикалық құжаттаманы әзірлеу қажеттігін ескере отырып, ұзақ мерзімді шарт (бұдан әрі – "GovTech платформасын іске асыру шарты") жасасу жолымен сервистерді әзірлей отырып, "Platform V" шешімі базасында GovTech платформасын іске асыру үшін "ҰАТ" АҚ тарапынан Консорциумды тікелей тарту. GovTech платформасын іске асыру төрт жыл бойы көрсетілетін қызметтер кешені (IaaS, PaaS және SaaS) түрінде жүзеге асырылады;
2.7. Қазақстан Республикасында цифрландырудың платформалық моделіне көшу үшін қажетті өзге де іс-шаралар.
3. Осы Меморандум шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі:
3.1. Осы Меморандум шарттарында GovTech платформасын іске асыру шартын және GovTech платформасы қызметтерін алу шартын жасасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
3.2. GovTech платформасын "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық платформасының түйінді бөлігі ретінде айқындайды;
3.3. Қажетті шараларды қабылдай отырып, Қарыз туралы келісім бойынша "ҰАТ" АҚ міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде "ҰАТ" АҚ-ны капиталдандыру бойынша мемлекеттік кепілдік беруді пысықтайды;
3.4. 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech цифрлық платформасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының IТ жүйелері мен инфрақұрылымын зерттеу нәтижелерін Консорциуммен бірлесіп, талдау базасында техникалық тапсырманы қоса алғанда, GovTech платформасының нысаналы архитектурасын енгізу үшін негізгі параметрлерді әзірлеуді қамтамасыз етеді;
3.5. Цифрлық трансформациялау орталығының рөлін күшейте отырып және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік деректерді иелену мен басқару, архитектура және архитектуралық қадағалау, мемлекеттік жүйелер мен платформаларды әзірлеу жөніндегі тәсілдерді орталықтандыру, мемлекеттік жүйелер мен платформалар әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізу бойынша қажетті өкілеттіктерді бекітіп бере отырып, мемлекеттік органдардың бизнес-процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізуді үйлестіру үшін институционалдық негіз құруды қамтамасыз етеді.
4. Осы Меморандум шеңберінде Консорциум:
4.1. Қазақстан Республикасында негізінен Консорциум тартатын қазақстандық мамандардың күшімен GovTech цифрлық платформасын іске қосу бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізуді және GovTech платформасын нақты өрістетуді қамтамасыз етеді.
4.2. Техникалық тапсырмаға сәйкес деректерді қолдана отырып, адамға бағдарланған сервистер көрсету мақсатында мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына арналған құралдарды енгізеді;
4.3. Тиісті келісімдердің шарттарына сәйкес азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын цифрлық трансформациялау үшін жаңа сервистер әзірлеуді және жұмыс істеп тұрған сервистерді көшіруді қамтамасыз етеді;
4.4. GovTech платформасын іске асыру және қолдау барысында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын кемінде бір мың маманға қажетті құзыреттерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
4.5. Осы Меморандум шеңберінде жобаларды іске асыру үшін ІТ-компанияларды іріктеудің және тарту процестерінің ашықтығын, оның ішінде іріктеу рәсімдерін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу жолымен қамтамасыз етеді;
4.6. "ҰАТ" АҚ-ға GovTech платформасын іске асыру шарты аяқталғаннан кейін (егер ол ұзартылмаса және жаңа шарт жасалмаса) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әзірленген барлық сервистерге (SaaS) құқықтармен бірге оған қосалқы лицензияны (PaaS) береді. Бұл ретте Консорциумға қатысушылар және (немесе) олардың үлестес тұлғалары консорциум шеңберінде жасалатын келісімдер шарттарында GovTech цифрлық платформасын экспорттауға қатысатын болады;
4.7. Талап етілетін рәсімдерден өтуді және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дербес деректерді қорғау бойынша барлық талаптардың кейіннен сақталуын қамтамасыз етеді.
Осы Меморандум шеңберінде СБЕР компаниялар тобы:
Консорциумға "Platform V" платформасын өрістетуге және пайдалануға, 3 жыл ішінде Әріптестік туралы шартта сипатталған шарттарда техникалық қолдауды қоса алғанда, лицензиялар береді;
5.2. GovTech платформасы мен оның компоненттерін өрістету және теңшеу үшін консультациялық, әдіснамалық қолдауды қамтамасыз етеді;
5.3. Консорциумға "Platform V" платформасына қатысты 20 жылға дейінгі мерзімге Әріптестік туралы шартта сипатталған өзара тиімді талаптармен техникалық қолдау көрсетеді;
5.4. Консорциум тарапынан техникалық қолдауға ақы төлеу кезінде "Platform V" платформасының (оның ішінде жоспарланған архитектурадағы жылдамдық көрсеткіштері бойынша) функционалдығы мен жұмысқа қабілеттігінің кепілдігін және оның техникалық тапсырмаға (бұдан әрі – ТТ) сәйкестігін қамтамасыз етеді;
5.5. "PlatformV" платформасы базасында GovTech цифрлық платформасын енгізу кезінде СБЕР компаниялар тобы ұсынған немесе әзірлеген бағдарламалық қамтылымдағы Эксклюзивті әріптестік туралы шарт қолданылатын бүкіл кезең бойы үшінші тұлғалардың зияткерлік меншік құқықтарын СБЕР компаниялар тобының сақтайтынына және құқықтарды беру (қосалқы лицензиялау) мүмкіндігіне кепілдік береді, ал наразылықтар туындаған жағдайда оларды өз есебінен дербес реттеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.
Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау:
6.1. СБЕР компаниялар тобы ақпараттық қауіпсіздікке және СБЕР компаниялар тобы ұсынған немесе әзірлеген бағдарламалық қамтылымда құжатталмаған функциялардың болмайтынына кепілдік береді;
6.2. GovTech платформасының және ондағы деректердің ақпараттық қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжатталмаған функциялардың болмауын және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың сақталуын бақылау бөлігінде Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – "МТҚ") жүктелетін болады, бұл ретте операциялық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтер кешені Қазақстан Республикасының резиденті – лицензиясы бар мамандандырылған ұйымға берілуі мүмкін;
6.3. СБЕР компаниялар тобы Қазақстан Республикасының заңнамасына және МТҚ Сбербанк ЖАҚ-мен немесе оның қолжетімділік ұсынатын еншілес компаниясымен алдын ала жасалуға тиіс құпия ақпаратты жарияламау туралы келісімнің (NDA) шарттарына сәйкес аудит жүргізу үшін МТҚ-ға "Platform V" платформасының компоненттеріне қолжетімділік беруді қамтамасыз етеді;
6.4. СБЕР компаниялар тобы GovTech платформасын іске асыру шеңберінде СБЕР компаниялар тобы тарапынан іске асырылған кез келген пысықтаулар мен модификациялар туралы ақпаратты қоса алғанда, "Platform V" платформасының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті және жеткілікті көлемде "Platform V"-де пайдаланылған құралдар мен технологиялар туралы қажетті ақпаратты NDA шарттарында ұсынуды қамтамасыз етеді;
6.5. Шетелдік техникалық мамандардың GovTech платформасының және (немесе) "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол жеткізуді МТҚ және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті қоятын талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Осы Меморандум шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы ақпарат алмасу, Тараптар ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатысу, консультациялар өткізу, бірлескен талдамалық және басқа да шолулар дайындау, оқыту жүргізу арқылы және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Қорытынды ережелер.
Осы Меморандумды іске асыру мақсатында Тараптар 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін оны іске асыру жөніндегі егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және оған қол қояды;
8.2. Осы Меморандум қаржылық және заңдық міндеттемелерге әкеп соқпайды, алдын ала шарт болып табылмайды, міндеттемелердің туындауы үшін Тараптардың жеке шарттар мен келісімдер жасасуы талап етіледі (Консорциумға қатысушылар осы Меморандум бойынша құқықтар мен міндеттерді өздерінің үлестес тұлғаларына беруге құқылы);
8.3. Тиісті шарттар шеңберінде жеке ескертілетін жағдайларды қоспағанда, әрбір Тарап осы Меморандумның талаптарын орындау кезінде туындайтын өз шығыстарын дербес көтереді;
8.4. Әрбір Тарап осы Меморандум шеңберінде өздерінің ынтымақтастығына қатысты бөлікте басқа Тараптармен алдын ала келіспей осы Меморандумды іске асыруға қатысты жария мәлімдемелермен сөз сөйлемейтін болады;
8.5. Тараптар осы Меморандум шарттарының және құпия ақпарат ретінде немесе сипаты бойынша құпия деп саналуы тиіс ақпарат ретінде берілген барлық ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндеттенеді, бұл ретте Тараптар құпия ақпаратты өзінің үлестес тұлғаларына, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда ашуға құқылы;
8.6. Осы Меморандум талқыланады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі;
8.7. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жазбаша нысанда жасалады және Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қояды;
8.8. Меморандум Тараптар оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді, Меморандумның қолданылуы Тараптар Меморандумда көрсетілген ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша міндеттейтін келісімдерге қол қойған күннен бастап, бірақ кез келген жағдайда 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей тоқтатылады;
8.9. Осы Меморандум Тараптардың бірінің бастамасы бойынша бұзу күніне дейін кемінде отыз күн қалғанда екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы кез келген уақытта бұзылуы мүмкін;
8.10. Меморандум қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының Үкіметі және Сбербанк ЖАҚ үшін бір-бір данадан бірдей заңды күші бар 2 (екі) данада жасалды.