Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 614 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 614 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі

      өз мемлекеттерінің аумақтарында дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруына байланысты мәселелерді өзара түсіністік негізде реттеуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мұнда мынадай терминдер пайдаланылады:

      1) "өкілдіктің қызметкерлері" термині 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы 1-бабының b-тармағы, 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 1-бабының g-тармағы шеңберінде дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктердің қызметкерлерін білдіреді;

      2) "отбасы мүшелері" термині:

      - жұбайын/зайыбын;

      - қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында белгіленген шектеулер шеңберінде елге ресми расталған отбасы мүшесі ретінде келген, некеде тұрмайтын кез келген баланы;

      - қабылдаушы мемлекет қолданыстағы ішкі заңнамаға сәйкес ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат бере алатын өкілдік қызметкері отбасының кез келген басқа мүшесін білдіреді;

      3) "ақылы еңбек қызметі" отбасы мүшесінің қабылдаушы мемлекеттің аумағында табыс көзінен кіріс әкелетін және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын кез келген тәуелді немесе тәуелсіз қызметін білдіреді;

      4) "тиісті конвенциялар" 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясын білдіреді.

2-бап

Ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған рұқсат

      1. Тараптардың бірінің екінші Тарап немесе екінші Тарапта құрылған халықаралық ұйым жанында ресми аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, халықаралық ұйым жанындағы тұрақты өкілдіктері мен консулдық мекемелері қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне осы Келісімге сәйкес олардың қабылдаушы мемлекетте болуы және өздері бірге жүретін тұлғамен бір үй шаруашылығында тұруы шартымен, қабылдаушы мемлекетте өзара түсіністік негізде ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат етіледі.

      2. Қабылдаушы мемлекеттің ақылы еңбек қызметінің белгілі бір түрлерін жүзеге асыру шарттарына қатысты ұлттық заңнамасы сақталады.

3-бап

Рұқсат алуға арналған сұрау салу

      1. Қазақстан Республикасында отбасы мүшесіне ақылы еңбек қызметімен айналысуға рұқсат алуға арналған сұрау салуды Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдік, Швейцария Конфедерациясының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігі немесе консулдық мекеме Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолдайды. Сұрау салуда отбасы мүшесін өкілдіктің қызметкерімен байланыстыратын отбасылық қатынастар, еңбек қызметінің түрі, ол жүзеге асырылатын өңір және жұмыс берушінің атауы мен бизнес сәйкестендіру нөмірі, сондай-ақ лауазымын көрсете отырып, еңбек шартын жасасу ниеті туралы жұмыс берушінің хаты көрсетіледі. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі сұрау салудың негізінде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотадан тыс жұмыс істеуге рұқсат беру үшін тиісті жергілікті атқарушы органға хат жолдайды. Рұқсат беру тәртібі мен мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      2. Швейцария Конфедерациясында отбасы мүшесіне ақылы еңбек қызметімен айналысуға рұқсат алуға арналған сұрау салуды Швейцария Конфедерациясында аккредиттелген дипломатиялық өкілдік, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдігі немесе консулдық мекеме Швейцария Конфедерациясының Федералдық сыртқы істер департаментіне жолдайды. Мұндай сұрау салуды тіркеу кезінде Швейцария Конфедерациясының Федералдық сыртқы істер департаменті сұратып отырған тұлғаның шетелдік жұмыскерлердің квотасы бойынша өтпейтінін растайтын құжат береді. Жалдау туралы шартты, жұмыс істеуге ұсынысты немесе қызметтің түрін нақтылай отырып, өз бетінше қызметпен айналысу ниеті туралы өтінішті ұсынған кезде құзыретті кантоналдық органдар тиісті тұлғаға ақылы еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық беретін жұмысқа рұқсат (Ci permit) береді. Мұндай рұқсаттың мерзімі Швейцария Конфедерациясының заңнамасына сәйкес айқындалады.

4-бап

Рұқсаттың қолданылуын тоқтату

      Қабылдаушы мемлекетте ақылы еңбек қызметімен айналысуға арналған рұқсаттың қолданылуы, егер:

      1) осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағына сәйкес оның бенефициары отбасы мүшесі болуын тоқтатса;

      2) өкілдік қызметкерінің өкілеттіктер мерзімі аяқталса;

      3) оның бенефициары өкілдік қызметкерінің отбасы мүшесі ретінде қабылдаушы мемлекетте болуын тоқтатса;

      4) ақылы еңбек қызметі тоқтатыла тұрса және жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу (егер қабылдаушы мемлекеттің заңнамасы жұмыссыздық бойынша жәрдемақы берсе) құқығының қолданылу мерзімі аяқталса;

      5) қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталса, тоқтатылады.

5-бап

Азаматтық және әкімшілік артықшылықтар мен иммунитеттер

      1. Отбасы мүшелері ақылы еңбек қызметі нәтижесінде туындайтын және қабылдаушы мемлекеттің азаматтық немесе әкімшілік құқығының қолданысына жататын барлық мәселелерге қатысты иммунитетті пайдаланбайды.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларда, жіберуші мемлекет отбасы мүшесіне қатысты қандай да бір сот шешімін орындауға қатысты иммунитеттен бас тартуды, мұндай орындаудың тиісті конвенцияларға сәйкес оның жеке басына немесе тұрғылықты жеріне қол сұғылмаушылықты бұзбауы шартымен, мұқият қарайды.

6-бап

Қылмыстық жауаптылықтан иммунитет

      1. Тиісті конвенцияларға сәйкес қабылдаушы мемлекеттің қылмыстық юрисдикциясынан иммунитетті пайдаланатын отбасы мүшелеріне қатысты жіберуші мемлекет тиісті отбасы мүшесінің ақылы еңбек қызметі нәтижесінде туындайтын кез келген әрекетке немесе әрекетсіздікке қатысты қабылдаушы мемлекеттің қылмыстық юрисдикциясынан иммунитеттен бас тартуын, жіберуші мемлекет мұндай бас тарту өз мүдделеріне қайшы келеді деп есептейтін ерекше жағдайларды қоспағанда, мұқият қарайды. Егер иммунитет кері қайтарып алынбаса және қабылдаушы мемлекеттің пікірі бойынша іс елеулі сипатқа ие болса, қабылдаушы мемлекет отбасының тиісті мүшесін елден шығарып жіберуді сұрата алады.

      2. Қылмыстық юрисдикциядан иммунитеттен бас тарту нақты бас тартуды талап ететін үкімді орындаудан иммунитетке қолдану ретінде түсіндірілмейді. Мұндай жағдайларда жіберуші мемлекет үкімді орындаудан иммунитеттен бас тарту туралы мәселені байыппен қарайды.

7-бап

Қолданылатын заңнама

      1. Қабылдаушы мемлекеттің аумағында ақылы еңбек қызметін жүзеге асыратын отбасы мүшесіне қабылдаушы мемлекеттің заңнамасы қолданылады.

      2. Отбасы мүшесінің ақылы еңбек қызметінен түсетін табысқа 1999 жылғы 21 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға сәйкес қабылдаушы мемлекетте салық салынады.

      3. Осы Келісімге сәйкес ақылы еңбек қызметін жүзеге асыратын отбасы мүшесіне қабылдаушы мемлекеттің әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасының әрекеті қолданылады.

8-бап

Дәрежелерді тану

      Осы Келісім екі мемлекет арасындағы дәрежелерді, санаттарды немесе ғылыми жұмыстарды тану мәселесін реттемейді.

9-бап

Дауларды шешу тәртібі

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасында туындайтын кез келген даулар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

10-бап

Өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 11(1)-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және бұзу тәртібі

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

      3. Әрбір Тарап екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарлама алынған күннен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін тоқтатылады.

      20__ жылғы "___" __________ ____________қаласында қазақ, француз және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Швейцария Федералдық Кеңесі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады