"Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 692 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Реcпубликасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы 1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң кеңістіктік деректерді іздеуді, жинауды, сақтауды, өңдеуді, ұсынуды және таратуды қоса алғанда, геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) атлас - жалпы бағдарламамен біріктірілген көптеген карталардан тұратын картографиялық туынды;

      2) биіктік есептеу жүйесі - бастапқы деңгейлік бетке қатысты жер бетіндегі нүктелердің биіктігін анықтауға арналған есептеу жүйесі;

      3) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының картографиялық құрамдас бөлігі және Қазақстан Республикасының аумағы туралы базалық кеңістіктік деректердің жүйеленген жиындары болып табылатын ақпараттық ресурс;

      4) географиялық ақпараттық жүйе - Жер, жер бетінің объектілері, табиғи, техногендік және қоғамдық процестер туралы кеңістіктік ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, модельдеуді, сақтауды, таратуды және өзге де пайдалануды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      5) географиялық ақпараттық ресурстар - кеңістіктік деректер базалары мен метадеректер жиындары;

      6) геодезия - карталар мен жоспарлар жасау мақсатында, сондай-ақ жер бетіндегі әртүрлі инженерлік міндеттерді шешуді қамтамасыз ету үшін жүргізілетін Жердің пішінін, мөлшері мен сыртқы гравитациялық өрісін, жер беті координаттары мен нүктелерінің биіктіктерін және олардың уақыт ішіндегі өзгерістерін айқындау жөніндегі ғылыми, техникалық және ендірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы;

      7) геодезиялық гравиметрия - Жер пішінін айқындау, геодезиялық өлшемдерді эллипсоидтың бетіне келтіру, геодезиялық координаттардың әртүрлі жүйелері арасында байланыс орнату жөніндегі геодезиялық міндеттерді шешуге қатысты гравиметриялық айқындамаларды қарайтын гравиметрия белімі;

      8) геодезия және картография саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - геодезия және картография саласындағы мемлекеттік басқаруды және бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) геодезиялық және картографиялық қызмет - геодезия және картография саласындағы жұмыстарды орындау жөніндегі, сондай-ақ геодезиялық және картографиялық материалдар мен кеңістіктік деректерді алу жөніндегі ғылыми-техникалық, өндірістік, басқарушылық және өзге де қызмет;

      10) геодезиялық желі - жер бетіндегі жағдайы геодезиялық өлшемдер негізінде олар үшін ортақ геодезиялық координаттарды есептеу жүйесінде айқындалған геодезиялық пункттер жиындары;

      11) геодезиялық координаттар жүйесі - объектілердің жер бетінде орналасқан жерін айқындау үшін пайдаланылатын координаттар жүйесі;

      12) геодезиялық пункт - белгілі бір координаттары және (немесе) биіктіктері бар жер бетінің нүктесін бекітіп беретін инженерлік конструкция;

      13) геопортал - ақпараттық-телекоммуникациялық желілер арқылы кеңістіктік деректер мен геосервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      14) гидрография - су объектілерін, олардың сапалық және сандық сипаттамаларын зерделеу және сипаттау;

      15) гравиметриялық желі - гравиметриялық өлшемдердің жалпы есептеу жүйесінде ауырлық күшін жылдамдатудың белгілі мәндері бар жер бетіндегі геодезиялық пункттердің жиындары;

      16) гравиметриялық есептеу жүйесі - ауырлық күшінің үдеуінің абсолютті немесе салыстырмалы өлшемдерін анықтауға арналған есептеу жүйесі;

      17) датум - белгілі бір уақытта бекітілген эллипсоид немесе квазигеоид параметрлерінің жиындары;

      18) жайғастырудың спутниктік технологиялары - жаһандық навигациялық спутниктік жүйені пайдалана отырып, бақылаушының немесе объектінің орналасқан жерін координаттық-уақыттық айқындау технологиялары;

      19) жергілікті координаттық есептеу жүйесі - шектеулі аумаққа қатысты белгіленетін проекцияның координаттық есептеу жүйесі;

      20) Жерді қашықтан зондтау - құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін ғарыш және әуе кеңістігінен байқау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу процесі;

      21) Жерді геодинамикалық зерттеу - жер қыртысының қазіргі қозғалыстары мен деформацияларын зерделеу;

      22) жоспар - жазықтықта қандай да бір жерді, құрылысты тік көлденең проекциялау әдісімен бейнелейтін сызба;

      23) карта - белгіленген талаптарға сәйкес, белгілі бір проекцияда, сондай-ақ шартты белгілерді пайдалана отырып алынған жер бетінің, басқа да табиғи аспан денелерінің немесе жазықтыктағы олардың бөліктерінің кішірейтілген жинақталған бейнесі;

      24) карта-сызба - оңайлатылған-жинакталған картографиялық бейне;

      25) картография - картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөніндегі ғылыми, техникалық және өндірістік қызмет процесінде туындайтын қатынастар саласы;

      26) картографиялық өнім - картографиялык қызмет нәтижесінде белгілі бір математикалық заңдылықтар бойынша және шартты белгілердің қабылданған жүйесінде салынған, Жер беті мен аспан денелерінің қағаз және магниттік жеткізгіштердегі кішірейтілген, өлшенетін және жинақталған бейнелері;

      27) картографиялық проекция - Жер бетін бейнелеудің математикалық айқындалган тәсілі;

      28) квазигеоид - бұл жерүсті геодезиялық өлшемдер және беті Жердің физикалық бетіне жуықтайтын массаларды бөлу бойынша деректерді тартпай ауырлық күші әлеуеттерінің мәндері негізінде есептелген математикалық қатаң модель;

      29) кеңістіктік деректер - белгілі бір нысанда және координаттық есептеу жүйесінде ұсынылған, жергілікті жер объектілерінің орналасқан жері туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат;

      30) кеңістіктік деректердің геосервистері (бұдан әрі - геосервистер) - пайдаланушыға кеңістіктік деректермен және (немесе) метадеректермен операцияларды жүзеге асыруға арналған құралдарды беретін және дербес өнім немесе қосылатын сервис түрінде қолданыстағы мамандандырылған қосымшалар;

      31) кеңістіктік деректердің интероперабельділігі - кеңістіктік деректердің, метадеректердің, техникалық және бағдарламалық құралдардың функционалдық және ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қабілеттілігін білдіретін өзара үйлесімділік қағидаты;

      32) кеңістіктік деректер инфрақұрылымы - кеңістіктік деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға, таратуға және тиімді пайдалануға арналған технология, саясат, стандарттар және ресурстар;

      33) кеңістіктік объект - объектінің орналасқан жері немесе географиялық аймаққа тиесілігі бар абстрактілі көрінісі;

      34) координаттык есептеу жүйесі - датум көмегімен объектімен байланысқан геодезиялық координаттар жүйесі;

      35) координаттарды трансформациялау - бір датуммен байланысты бір координаттық есептеу жүйесінен басқа датуммен басқа координаттық есептеу жүйесіне ауысу;

      36) координаттарды түрлендіру - бірдей датумдарға негізделген бір координаттық есептеу жүйесінен екіншісіне ауысу;

      37) Қазақстан Республикасының кезекші анықтамалық картасы - жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенуін көрсететін, әкімшілік-аумақтық бірліктер шекараларының орналасқан жерінде болып жатқан өзгерістерді, сондай-ақ географиялық объектілердің және олардың Қазақстан Республикасы аумағының жаңартылатын және жаңадан жасалатын карталары мен жоспарларында есепке алынуға және көрсетуге жататын атауларының өзгеруі ескерілетін географиялық ақпараттық ресурс;

      38) масштаб - картадағы немесе жоспардағы сызық ұзындығының оның жергілікті жердегі көлденең проекциясына қатынасы;

      39) межелеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа коса берілетін карталарда графика түрінде бейнеленген, Мемлекеттік шекараның жағдайы мен бағытын шектес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;

      40) мемлекеттік геодезиялық желі - мемлекеттік координаттық есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын геодезиялық желі;

      41) мемлекеттік гравиметриялық желі - бірыңғай гравиметриялық негізді белгілеу және тарату мақсатында пайдаланылатын гравиметриялық желілер;

      42) мемлекеттік есептеу жүйесі - мемлекеттік координаттық, биіктік және гравиметриялық есептеу жүйелерінің жиындары;

      43) мемлекеттік нивелирлік желі - биіктіктерді есептеудің мемлекеттік жүйесін белгілеу немесе тарату мақсатында пайдаланылатын нивелирлік желі;

      44) метадеректер - кеңістіктік деректер мен геосервистер жиындарын сипаттайтын ақпарат;

      45) нивелирлік пункт - жер бетінің нүктесін немесе кеңістіктік объектіні оның орталығы биіктігінің белгілі бір мәндерімен бекітетін инженерлік конструкция;

      46) нивелирлік желі - биіктігі ортақ биіктіктерді есептеу жүйесінде айқындалған жер бетіндегі геодезиялық пункттердің жиындары;

      47) тақырыптық карта, жоспар, атлас, карта-сызба - негізгі мазмұны нақты тақырыппен, сюжетпен, табиғи немесе қоғамдық құбылыстармен не олардың үйлесімімен айқындалатын картографиялық туындылар;

      48) топографиялық жоспар - жергілікті жердің шектелген учаскесінің белгілі бір масштабында, шегінде деңгейленген беттің қисықтығы ескерілмейтін ортогональды проекциядағы жазықтықта картографиялық бейнелеу;

      49) топографиялық карта - классификатор мен шартты белгілерді қолдана отырып, Жер бетіндегі нүктелердің жоспарлы да, биіктік те жағдайын айқындауға мүмкіндік беретін белгілі бір масштабтағы жергілікті жердің егжей-тегжейлі картографиялық бейнесі;

      50) тұрақты жұмыс істейтін референц станциясы - белгілі кеңістіктік координаттары бар нүктеде орналасқан, олардың көмегімен кейіннен өңдеу және пайдаланушыларға түзетуші ақпаратты беру үшін жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдарын қабылдау жүзеге асырылатын радиоэлектрондық және техникалық күралдар кешені;

      51) Ұлттық кеңістіктік деректер қоры - жалпы мемлекеттік, салааралық маңызы, арнайы және (немесе) салалық маңызы бар және геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алуға, ұзақ сақтауға жататын цифрлық және (немесе) аналогты түрдегі кеңістіктік деректер жиындары;

      52) шегендеу - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген жергілікті жердегі Мемлекеттік шекараны айқындау және белгілеу;

      53) эллипсоид - Жердің немесе басқа аспан объектісінің фигурасын жақындататын бет.

      3-бап. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері мен субъектілері

      1. Қазақстан Республикасының аумағы, жер шарының аумағы, табиғи аспан денелерін және Жердің жасанды серіктерін қоса алғанда, әуе және ғарыш кеңістігі геодезиялық және картографиялық қызметтің объектілері болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз кұзыреті шегінде геодезиялық және картографиялык қызметтің субъектілері болып табылады.

      5-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырудың негізгі қағидаттары

      Геодезия және картография саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу:

      1) геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырудың жүйелілігі мен үздіксіздігі;

      2) кеңістіктік деректердің толықтығы, дәйектілігі және өзектілігі;

      3) геодезиялық, картографиялық және гравиметриялық жұмыстарды орындау кезіндегі өлшемдердің бірлігі;

      4) бірыңғай стандарттарды пайдалану;

      5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кеңістіктік деректердің қолжетімділігі мен ашықтығы;

      6) бекітілген есептеу жүйелерін пайдалану;

      7) интероперабельділік (өзара үйлесімділік);

      8) геодезия және картография саласының ғылыми дамуын мемлекеттік қолдау және ынталандыру қағидаттарына негізделеді.

      6-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтің негізгі бағыттары

      1. Орындалатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет:

      1) нәтижелерінің жалпы мемлекеттік және салааралық маңызы бар мемлекеттік мақсатқа арналған қызмет;

      2) жүргізу қажеттігі Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызметі субъектілерінің қажеттерімен айқындалатын арнаулы және (немесе) салалық мақсатқа арналған қызмет болып бөлінеді.

      2. Мемлекеттік мақсатқа арналған геодезиялық және картографиялық қызмет:

      1) Жердің пішінін, мөлшерін және сыртқы гравитациялық өрісін анықтауды;

      2) мемлекеттік санақ жүйелерінің, топографиялық карталар мен жоспарлардың картографиялық проекцияларының параметрлерін айқындауды;

      3) жерді геодинамикалық зерттеуді;

      4) тығыздығы мен дәлдігі топографиялық карталар мен жоспарлар жасауды, қорғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін, іргелі астрономиялық-геодезиялық желінің, дәлдігі жоғары геодезиялық желінің, спутниктік геодезиялық желінің, астрономиялық-геодезиялық желінің, қоюлану геодезиялық желісінің, барлық сыныптағы нивелирлік желілердің, гравиметриялық желілердің іргелі және бірінші сыныбының пункттері жататын мемлекеттік геодезиялық желілерді құруды, дамытуды, олардың сақталуын қамтамасыз етуді және жұмыс жағдайында ұстап тұруды;

      5) дәлдігі мен мазмұны жалпы мемлекеттік, қорғаныс, ғылыми-зерттеу және өзге де міндеттердің шешілуін қамтамасыз ететін топографиялық карталар мен жоспарларды, оның ішінде қалалар мен елді мекендердің жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасауды, жаңартуды және басып шығаруды;

      6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы сызығының межеленуін, шегенделуін және өтуін тексеруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының теңіз кеңістігін межелеуді геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық қамтамасыз етуді;

      7) теңіздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарын картографиялауды және топографиялық, навигациялық теңіз карталарын, құралдарын, теңіздер, кеме жүзетін өзендер мен су айдындары лоцияларын жасауды;

      8) мемлекеттің, оның қорғанысы мен қауіпсіздігінің мүдделері үшін геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргізуді, сондай-ақ теңіздерде, кеме жүзетін өзендер мен су айдындарында жалпы теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;

      9) жалпы мемлекеттік, салааралық, қорғаныс және ғылыми-зерттеу міндеттерін шешу үшін Жерді, оның ішінде шет мемлекеттер мен дүниежүзілік мұхит аумағын қашықтан зондтауды;

      10) Кеңістіктік деректердің ұлттық қорын қалыптастыруды және жүргізуді;

      11) мемлекеттік функциялар мен міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелерді, ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді құруды, дамытуды және қолдап отыруды;

      12) салааралық мақсаттағы жалпы географиялық, саяси-әкімшілік, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптык, карталар, жоспарлар мен атластар, картографиялық оқу құралдарын жасауды және басып шығаруды;

      13) Қазақстан Республикасының географиялық атауларын стандарттауды, есепке алуды және олардың қолданысын ретке келтіруді, географиялық атаулардың деректер базасын жасауды және жүргізуді;

      14) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді және қазіргі заманғы технологияларды енгізуді;

      15) геодезия және картография саласында нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеуді, бекітуді және қолданысқа енгізуді;

      16) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды метрологиялық қамтамасыз етуді;

      17) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құруды және дамытуды;

      18) жергілікті координаттық есептеу жүйесін құруды және жаңартуды қамтиды.

      3. Арнайы және (немесе) салалық мақсатқа арналған геодезиялық және картографиялық қызмет:

      1) әртүрлі объектілердің, жерүсті және жерасты құрылысжайлары мен желілерінің құрылыс учаскелерінің бас жоспарларын жасауға, ғимараттар мен құрылыстарды құрылыс учаскелеріне байланыстыруга, сондай-ақ өзге де арнайы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасауды және жаңартуды;

      2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда тақырыптық карталар, жоспарлар, атластар, карта-схемалар жасауды және басып шығаруды;

      3) арнайы және (немесе) салалық міндеттерді орындауға бағытталған географиялық ақпараттық жүйелерді, ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді құруды, дамытуды және қолдап отыруды;

      4) желілік және алаңдық үлгідегі инженерлік құрылысжайларды, жерасты құрылысжайлары мен желілерін жобалау және іздестіру, салу және пайдалану кезіндегі жерді қашықтықтан зондтауды, геодезиялық, картографиялық және басқа да арнайы жұмыстарды, кадастрларды және өзге де іздестірулер мен арнайы жұмыстарды жүргізуді;

      5) осы тармақта көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді;

      6) инженерлік-геодезиялық жұмыстарды;

      7) тақырыптық кеңістіктік деректерді құруды және дамытуды қамтиды.

      7-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызмет

      Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесіндегі геодезиялық және картографиялық қызметті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен уәкілетті орган өзара келісілген жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асырады.

      8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық қамтамасыз ету

      1. Уәкілетті органның өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес:

      1) Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес геодезиялық өлшем құралдарының бірлігі мен дәлдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға;

      2) геодезиялық және картографиялық жабдыққа, аспаптарға және құрал-саймандарға метрологиялық бақылау жүргізуге құқығы бар.

      2. Шет мемлекет берген топографиялық-геодезиялық және картографиялық мақсаттағы өлшем құралының типін бекіту (метрологиялық аттестаттау) туралы сертификат Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес танылған жағдайда, Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледі.

      3. Геодезиялық және картографиялық қызметті метрологиялық қамтамасыз ету геодезиялық өлшем бірлігін қамтамасыз ететін және геодезиялық және картографиялық қызметке тартылған барлық субъектілер үшін міндетті болып табылатын стандарттар, эталондар, техникалық шарттар мен әдістемелер жүйесін қамтиды.

      9-бап. Геодезия және (немесе) картография саласындағы хабарлама

      1. Геодезиялық және (немесе) картографиялық қызметтің мынадай түрлері:

      1) геодезиялық жұмыстарды жүргізу;

      2) картографиялық жұмыстарды жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, аэротүсірілім жұмыстарын жүзеге асыру "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жасау тәртібі бойынша жүзеге асырылады.

      2. Хабарламаға геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптарға сәйкес мәліметтер мен құжаттар қоса беріледі.

      3. Геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерге қойылатын талаптар:

      1) геодезиялық және (немесе) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін меншікті немесе жалға алынган салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар мен құрал-саймандар жиындарының не зауыттық нөмірлері көрсетіле отырып, салыстырып тексерілген аспаптар, жабдықтар, құрал-саймандар жиындары бар ұйыммен геодезия және картография саласында қызметтер көрсетуге арналған шарттың болуы;

      2) штатында геодезия және (немесе) картография саласында жоғары немесе орта білімнен кейінгі білімі бар маманның болуы.

      4. Аэротүсірілім жұмыстарын жүзеге асыруды жоспарлайтын субъектілер хабарламаға аэротүсірілім жұмыстарын жүргізу жоспарланған аумақтың картограммасын оның географиялық координаттарын, ауқымын және аэротүсірілім жұмыстарының тапсырыс берушісін көрсете отырып бекітуге міндетті.

      10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметті қаржыландыру

      1. Мемлекеттік мақсатқа арналған геодезиялық және картографиялық қызмет бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.

      2. Арнайы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет бюджет қаражаты, сондай-ақ өнімге тапсырыс беруші болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      3. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын геодезиялық, топографиялық, картографиялық жұмыстардың тапсырыс берушілері және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық қызмет және картографиялық қызмет субъектілері бұрын жасалған кеңістіктік деректерді пайдалануға міндетті.

      4. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік ақпараттық жүйелер, деректер базалары, кадастрлар, географиялық ақпараттық жүйелер, ресурстар, геопорталдар, геосервистер бірыңғай цифрлық картографиялық негізді пайдалануға міндетті.

      11-бап. Геодезиялық және картографиялық өнімге мемлекеттік меншік

      Мемлекеттік геодезиялық желілердің, мемлекеттік нивелирлік желілердің, мемлекеттік гравиметриялық желілердің пункттері, геодезиялық және картографиялық өнімдер, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесінде алынған гидрографиялық, аэроғарыштық түсірілім және гравиметриялық материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншігі болып табылады.

      2-тарау. Геодезия және картография саласындағы мемлекеттік басқару

      12-бап. Геодезия және картография саласындағы мемлекеттік органдар

      Геодезия және картография саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) уәкілетті орган;

      3) астананың, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ аудандардың жергілікті атқарушы органдары болып табылады.

      13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:

      1) геодезия және картография саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

      2) мемлекеттік есептеу жүйелерін және картографиялық проекцияларды белгілеу;

      3) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді беру қағидаларын бекіту

      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

      14-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті органның құзыретіне мыналар:

      1) геодезия және картография саласында бірыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясатты жүргізу;

      2) геодезиялық пунктгерді қорғау, бұзу немесе кайта салу (орнын ауыстыру) туралы қағидаларды әзірлеу және бекіту;

      3) мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілер құруды, дамытуды және техникалық сүйемелдеуді ұйымдастыру;

      4) топографиялық карталар мен жоспарларды жасау және жаңарту;

      5) геодезия және картография саласындағы қызмет субъектілерінің қызметін үйлестіру;

      6) мемлекеттік мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауды ұйымдастыру;

      7) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және дамыту;

      8) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және олардың күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;

      9) бюджет қаражаты есебінен орындалатын аэротүсірілім, топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың құнын айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      10) есептеудің жергілікті координаттық жүйесін белгілеу;

      11) мемлекеттік, халықаралық, жергілікті координаттық есептеу жүйелері арасындағы трансформациялау және қайта құру параметрлерін әзірлеу және бекіту;

      12) Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      13) есептеудің жергілікті координаттық жүйелерін белгілеу және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      14) Қазақстан Республикасының Ұлттық кауіпсіздік комитетімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеуді және шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидаларды әзірлеу және бекіту;

      15) бюджет каражаты есебінен жасалатын картографиялык өнімді жаңарту кезеңділігін әзірлеу және бекіту;

      16) бюджет қаражаты есебінен картографиялық өнімді жасау женіндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

      17) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру және жаңарту жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

      18) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;

      19) салалық көтермелеу жүйесін әзірлеу және бекіту;

      20) аэротүсірілім жұмыстарын жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізу;

      21) Қазақстан Республикасы қауіпсіздігінің мүдделерін ескере отырып, геодезиялық, картографиялық және аэроғарыштық түсірілім жұмыстарының деректері мен материалдарын есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      22) геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама берген субъектілердің тізілімін жүргізу;

      23) бюджет қаражаты есебінен орындалатын топографиялық-геодезиялық, картографиялық және аэроғарыштық түсірілім жұмыстарының тізбесін әзірлеу және бекіту;

      24) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      25) координаттық есептеу жүйелері арасындағы түрлендіру және трансформациялау параметрлерін айқындау және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      26) тұрақты жұмыс істейтін референц станцияларын орнату қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      27) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты жұмыс істейтін референц станцияларын мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      28) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу және қазіргі заманғы технологияларды енгізу;

      29) кеңістіктік деректердің метадеректеріне қойылатын талаптарды, метадеректерді жасау (жаңарту) және Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру тәртібін әзірлеу және бекіту;

      30) нивелирлеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

      31) Қазақстан Республикасының мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерін құру және дамыту жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

      32) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      33) мемлекеттік есептеу жүйелерін және картографиялық проекцияларды әзірлеу;

      34) базалық кеңістіктік деректер тізбесін әзірлеу және бекіту;

      35) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жузеге асыру жатады.

      15-бап. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар калалардың, облыс аудандарының жергілікті атқаруіны органының құзыреті

      Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының, оның әкімшілік бағынысына берілген аумақтағы жергілікті атқарушы органының құзырегіне мыналар жатады:

      1) уәкілетті органмен келісу бойынша картографиялық өнімді жаңартудың бекітілген кезеңділігіне сәйкес елді мекендердің картографиялық өнімін жасау және жаңарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      2) елді мекендердің картографиялық өнімінің сақталуын қамтамасыз ету және данасын Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де зандарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.

      16-бап. Геодезия және картография саласындағы халықаралық ынтымактастық

      1. Қазақстан Республикасы геодезия және картография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өзара тиімді қатынастарды дамытуға ұмтыла отырып жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді.

      17-бап. Геодезия және картография саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік реттеу осы Заңның қолданысымен, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесімен қамтамасыз етіледі.

      2. Геодезия және картография саласындағы нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесі мыналарды:

      1) нормативтік құқықтық актілерді;

      2) орындалатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың дәлдігіне міндетті және ұсынымдық талаптарды белгілейтін нормативтік техникалық құжаттарды:

      геодезиялық, картографиялық нұсқаулықтарды, нормалар мен қағидаларды;

      карталар мен жоспарлардың шартты белгілерін, сыныптауыштарды;

      3) геодезия және картография саласындағы стандарттау бойынша ерікті түрде қолданылатын нормативтік техникалық құжаттарды;

      4) халықаралық шарттарға сәйкес Қазакстан Республикасының аумағында қолданысқа енгізілген геодезия және картография саласындағы мемлекетаралық стандарттар мен қағидаларды қамтиды.

      3. Мыналар:

      1) мемлекеттік топографиялық карталардың масштабтық қатары 1:10000, 1:25000, 1:50000, 1:100000, 1:200000, 1:500000, 1:1000000;

      2) мемлекеттік топографиялық жоспарлардың мемлекеттік масштабтық қатары 1:500, 1:1000, 1:2000, 1:5000;

      3) мемлекетгік геодезиялық желі нормативтік құжаттардың мемлекеттік жүйесінің объектілері болып табылады.

      3-тарау. Геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жагдайларды қамтамасыз ету

      18-бап. Координаттық есептеу жүйесі, биіктік есептеу жүйесі және гравиметриялық есептеу жүйесі

      1. Геодезиялық және картографиялық жұмыстар мемлекеттік, жергілікті координаттық есептеу жүйелерін, биіктік есептеу жүйелерін және гравиметриялық есептеу жүйелерін пайдалана отырып орындалады.

      2. Жердің пішіні мен гравитациялық өрісінің параметрлері, өзге де параметрлер мемлекеттік координаттық, биіктік, гравиметрпялық есептеу жүйелерін белгілеу шеңберінде айқындалады.

      3. Геодезиялық және картографиялық қызметтің барлық субъектілері мемлекеттік және жергілікті координаттық есептеу жүйелері арасындағы қайта құрудың бекітілген параметрлерін қолдануға міндетті.

      Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кеңістіктік деректері мен картографиялық материалдарын алдыңғы мемлекеттік және жергілікті координаттар жүйесінен жаңадан қабылданатын координаттық есептеу жүйелеріне көшіруді жүзеге асыруды кеңістіктік деректер мен картографиялық материалдардың иелері орындайды.

      19-бап. Кеңістіктік деректер

      1. Кеңістіктік деректер базалық кеңістіктік мәліметтерден және тақырыптық кеңістіктік мәліметтерден тұрады.

      Базалық кеңістіктік деректер геоақпараттық жүйелерде интеграциялау және бірлесіп пайдалану үшін бірыңғай негіз ретінде жалпыға қолжетімді стандартталған кеңістіктік деректердің жиындары болып табылады.

      Тақырыптық кеңістіктік деректерге субъектілер ғылыми, өндірістік немесе өзге де қызмет процесінде құрылатын кеңістіктік деректер жатады;

      2. Базалық кеңістіктік деректер барлық кеңістіктік деректерді өндірушілер пайдалану үшін бастапқы деректер болып табылады.

      20-бап. Жергілікті жер объектілері туралы ақпарат беру

      1. Бюджет қаражаты есебінен жасалатын кеңістіктік деректер мен геосервистердің метадеректері Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында орналастырылуға тиіс.

      2. Арнайы, топографиялық карталар мен жоспарларда көрсетуге жататын жергілікті жер объектілері туралы кеңістіктік деректердің иелері болып табылатын орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен тиісті аумақтың геодезиялык және картографиялық жұмыстарын бюджет қаражаты есебінен орындайтын геодезия және картография саласындагы субъектілердің сұрау салулары бойынша картографиялық және геодезиялық материалдардың көшірмелерін береді.

      21-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қоры

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қоры жалпы мемлекеттік, салааралық маңызы, арнайы және (немесе) салалық маңызы бар және геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алуға, ұзақ сақтауға жататын цифрлық және (немесе) аналогты түрдегі кеңістіктік деректер жиындарын білдіреді.

      2. Ұлттық кеңістіктік деректер қоры уәкілетті органның қарауында болады және оны мемлекеттік кәсіпорын жүргізеді.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кеңістіктік деректер қоры Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің карауында болады.

      4. Ұлттық кеңістіктік деректер қорын жүргізу кезінде мемлекеттік кәсіпорын мыналарды:

      1) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланатын жұмыс учаскелеріндегі жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық зерделенгендігі туралы тиісті мәліметтерді, оның ішінде Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының деректерін беруді;

      2) кеңістіктік деректерді, метадеректерді қабылдауды және тексеруді және оларды Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталында орналастыруды;

      3) онда жергілікті жердің геодезиялык және картографиялық зерделенгенін, үш өлшемді кеңістіктік деректерді, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктер арасындағы шекаралардың және географиялық объектілер атауларының өзгерістерін ашық және шектеулі пайдаланылатын цифрлық және (немесе) қағаз түрінде көрсете отырып, кезекші анықтамалық карта жүргізуді;

      4) геодезиялық пункттерді есепке алуды, тұрақты жұмыс істейтін реферецті станциялар желісінің тұтастығын бақылауды;

      5) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік геодезиялық желілердің тұрақты жұмыс істейтін референцті станциялары арқылы дәлдігі жоғары спутниктік позициялау мәліметтерін беруді;

      6) Қазақстан Республикасының географиялық атауларының деректер базасын жүргізуді;

      7) қордың құрамына жатқызылған материалдар мен деректерді мемлекеттік есепке алуды, жинауды, сақтауды және олардың сақталуын қамтамасыз етуді;

      8) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері шекараларының деректер базасын жүргізуді жүзеге асырады.

      Орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бірліктер мен географиялық объектілердің шекараларын өзгерту, оларды қайта атау туралы шешімдердің көшірмелерін Ұлттық кеңістіктік деректер қорына ұсынуға міндетті.

      5. Ұлттық кеңістіктік деректер қорының геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерімен өзара іс-қимылдары және мәліметтер беру ақпараттық жүйе арқылы және (немесе) қағаз түрінде жүзеге асырылады.

      6. Белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құрамына жатқызылған Ұлттық кеңістіктік деректер қорының цифрлық және (немесе) қағаз деректері және материалдары "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақталады.

      7. Бюджет қаражаты есебінен геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесінде алынған және Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорының құрамына жатқызылған цифрлық және (немесе) аналогты деректер мен материалдар мемлекеттік меншікте болады және иеліктен шығаруға жатпайды, сондай-ақ оларды басқа мемлекеттерге тұрақты сақтауға әкетуге тыйым салынады.

      8. Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңістіктік деректер қорының деректері мен материалдарын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен белгілейді.

      Орталық мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға аталған қызметтер тегін көрсетіледі.

      10. Геодезиялық және картографиялық қызметті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыратын субъектілер өздері жасаған деректер мен материалдар көшірмелерінің бір данасын Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына өтеусіз беруге міндетті.

      Деректер мен материалдардың тізбесі, оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорының деректерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларында белгіленеді.

      11. Орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілетін, бюджет қаражаты есебінен құрылған кеңістіктік деректерді Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беруге міндетті.

      Оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру тәртібі Ұлттық кеңістіктік деректер инфракұрылымына кеңістіктік деректерді беру қағидаларында белгіленеді.

      12. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын деректерімен және материалдарымен жұмыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасы сақтала отырып жүзеге асырылады.

      13. Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңістіктік деректер қорының картографиялық және геодезиялық өнімдерін пайдаланушылар алынған материалдар мен мемлекеттік құпияларды құрайтын деректердің сақталуын қамтамасыз етуге, көрсетілген материалдарда қамтылган мәліметтерді жария етпеуге және оларды уәкілетті орган белгілеген мерзімде қайтаруға міндетті.

      22-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы

      1. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы мыналарды:

      1) базалық және тақырыптық кеңістіктік деректерді, оның ішінде ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, жасаудың, жинаудың, сақтаудың, идентификаттаудың, берудің және таратудың жалпы қағидаларын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттарды, стандарттарды;

      2) тығыздығы мен дәлдігі мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарлар жасауды, корғаныстық, ғылыми-зерттеу және өзге де міндетгерді шешуді қамтамасыз ететін, іргелі астрономиялық-геодезиялық желі, дәлдігі жоғары геодезиялық желі, спутниктік геодезиялық желі, барлық сыныптагы нивелирлік желілер, іргелі және бірінші сыныптағы гравиметриялық желілер жататын мемлекеттік геодезиялық желілерді;

      3) кеңістіктік деректер жиындарын;

      4) кеңістіктік деректер жиындарына және осы жиынтықтарға арналған сервистерге арналған метадеректерді;

      5) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері үшін тұрақты жұмыс істейтін референцті станциялардың деректеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін мемлекетгік геодезиялық қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесін;

      6) бірыңғай цифрлық картографиялық негізді;

      7) Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталын қамтиды.

      2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді беру қағидаларына сәйкес кеңістіктік деректер жиындарын алмасу мен берудің бірыңғай форматтарын қолдану арқылы кеңістіктік деректер жиындарының интероперабельділігін (өзара үйлесімділігін) қамтамасыз ету талаптары ескеріле отырып қалыптастырылады.

      23-бап. Кеңістіктік деректер жиындары

      1. Кеңістіктік деректер жиындары заңнамада белгіленген тәртіппен Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына қосылады.

      2. Кеңістіктік деректер жиындарына қол жеткізу геосервистер арқылы не Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен пайдаланушыға кеңістіктік деректерді беру арқылы қамтамасыз етіледі. Метадеректер әр кеңістіктік мәліметтер жиындарына және осы жиындарға арналған сервистерге міндетті түрде қоса беріледі.

      3. Базалық кеңістіктік деректер жиындары және бюджет қаражаты есебінен қалыптастырылатын тақырыптық кеңістіктік деректер жиындары Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының негіз қалаушы құрамбөліктері болып табылады.

      4. Тақырыптық кеңістіктік деректер жиындары базалық кеңістіктік деректер жиындары ескеріле отырып жасалады және жаңартылады.

      Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілетін тақырыптық кеңістіктік деректер жиындары республикалық және өңірлік (аумақтық) мемлекеттік ақпараттық ресурстардың мәліметтерінен, мемлекеттік кадастрлардың, тіркелімдердің, тізілімдердің, дерекқорлардың, оның ішінде мемлекеттік географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстардың, мемлекеттік географиялық ақпараттық жүйелердің және жалпыға бірдей қолжетімді мәліметтер құрамындағы арнайы мақсаттағы ресурстардың құрамынан қалыптастырылады және орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде жасалатын тақырыптық бағыттағы ақпаратты қамтиды.

      5. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілген базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жиындары географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды құру және (немесе) жаңарту кезінде пайдалануға міндетті болып табылады.

      6. Бюджет қаражатын, мемлекеттік бюджеттен тыс қорларды, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың каражатын тартпай құрылатын өзге де ақпараттық дереккөздердің мәліметтерінен қалыптастырылған базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жиындары Ұлттық кеңістіктік деректер қорына берілетін осындай жиындар иелерінің өтінімдері бойынша Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілуі мүмкін.

      7. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына енгізілген кеңістіктік деректер жиындарының дұрыстығы, толықтығы, дәлдігі және өзектілігі үшін олардың меншік иесі жауаптылықта болады.

      24-бап. Кеңістіктік деректер жиындарының метадеректері

      1. Метадеректер Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына кіретін кеңістіктік деректер жиындарына және осы жиындарға арналған сервистерге қалыптастырылады.

      2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілетін кеңістіктік деректер жиындарының метадеректеріне қойылатын талаптарды, метадеректерді жасау (жаңарту) және Ұлттық кеңістіктік деректер қорына беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталына метадеректерді орналастыру және оларға қол жеткізуді Ұлттық кеңістіктік деректер қоры қамтамасыз етеді.

      4. Метадеректердің дұрыстығы, толықтығы және өзектілігі үшін осы метадеректер жасалған кеңістіктік деректер жиындарының меншік иесі жауаптылықта болады.

      25-бап. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталы

      1. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталының бағдарламалық-техникалық құралдары кешенін жүргізуді, бағдарламалық-техникалық сүйемелдеуді және жаңғыртуды уәкілетті орган қамтамасыз етеді.

      2. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының құрамына енгізілген кеңістіктік деректер жиындарының меншік иелері кеңістіктік деректер жиындарын қызметтер мен заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қолжетімді тәсілдердің көмегімен өз порталдарында (веб-сайттарында) орналастыруға, сондай-ақ пайдаланушылар мен Ұлттық кеңістіктік деректер қорының оларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Меншік иесінде өзінің порталы (вебсайты) болмаған жағдайда, ол өзі қалыптастырған кеңістіктік деректер жиындарын орналастыру және осы жиындармен басқа да іс-қимылдарды орындау үшін уәкілетті opганға жүгінуге құқылы.

      26-бап. Геосервистер және желілік сервистер

      Геопорталдардың құрамында мынадай:

      1) ақпараттық желілерде кеңістіктік деректер мен кеңістіктік деректер сервистерін анықтауды қамтамасыз ететін іздеу сервистері;

      2) кеңістіктік деректерді, кеңістіктік объектілердің сипаттамалары және метадеректер мазмұны туралы ақпаратты қарау сервистері;

      3) кеңістіктік      деректерге тікелей қол жеткізуді немесе олардың көшірмелерін алуды қамтамасыз ететін қол жеткізу сервистері;

      4) кеңістіктік      деректердің координаттарын бір координаттар жүйесінен немесе картографиялық проекциядан басқасына трансформациялауды және түрлендіруді қамтамасыз ететін координаттық операциялар кеңістіктік деректер сервистері;

      5) геосервистер мен желілік сервистер осы Заңға сәйкес пайдаланылуы үшін басқа сервистермен құрамдастырылған (интероперабельденген) деректерді трансформациялау сервистері құрылады және қызмет көрсетіледі.

      27-бап. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз

      1. Уәкілетті орган бірыңғай цифрлық картографиялық негізді жасауды және жаңартуды қамтамасыз етеді.

      2. Бірыңғай цифрлық картографиялық негізге қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.

      3. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, заңды және жеке тұлғаларға ақпараттандыру объектілері арқылы беріледі.

      4. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіз кадастрлары барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, географиялық ақпараттық жүйелерді, ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді қоса алғанда міндетті картографияльщ негізі болып табылады.

      5. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіздегі мәліметтерді жаңарту мақсатында олардың кадастрларын, географиялық ақпараттық жүйелерді, ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді қоса алғанда, барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қамтылған мәліметтер де пайдаланылуы мүмкін.

      6. Бірыңғай цифрлық картографиялық негіздің мәліметтерін жаңарту мақсатында бірыңғай цифрлық картографиялық негізді жүргізудің мемлекеттік ақпараттық жүйесінің кадастрларын, географиялық ақпараттық жүйелерді, ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді қоса алғанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл жасау тәртібі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен белгіленеді.

      28-бап. Картографиялық өнімге авторлық құқық

      Геодезия және картография саласына жататын картографиялық өнімге авторлық құқық және онымен байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының авторлық кұқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасымен реттеледі.

      29-бап. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңнамасының бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауаптылықта болады.

      4-тарау. Геодезиялық және картографиялық бақылау

      30-бап. Геодезия және картография саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Қазақстан Республикасындағы геодезиялық және картографиялық қызметті мемлекеттік бақылау геодезия және картография саласындағы субъектілердің геодезия және картография саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органмен және астананың, республикалық маңызы бар калалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ облыс аудандарының жергілікті аткарушы органдарымен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өз құзыреті шегінде тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган:

      1) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауға және олардың нәтижелеріне қойылатын нормативтік техникалық құжаттар талаптарының сақталуына;

      2) Мемлекетгік шекараны картографиялық материалдарда көрсетуге;

      3) географиялық объектілердің атаулары туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарда, картографиялық және өзге де басылымдарда географиялық объектілердің атауларын пайдалану қағидаларының сақталуына;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорына бюджет қаражаты есебінен құрылған материалдар мен метадеректер көшірмелерінің бір данасын уақтылы беруге;

      5) бюджет қаражаты есебінен алынған геодезиялық, картографиялық, аэроғарыштық түсірілім материалдары мен деректерін есепке алу, сақтау, пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.

      3. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдары геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады.

      31-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі

      1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды геодезиялық және картографиялық қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар болып табылатын бақылау субъектілеріне қатысты уәкілетті орган, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары геодезиялық және (немесе)      картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын субъектілерге белгіленген талаптардың бұзушылықтарын уақтылы жолын кесу, бақылау субъектілеріне бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай және оларға әкімшілік жүктемені төмендетпей профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру болып табылады.

      3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған материалдарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер қорынан талдау және жинау жолымен жүргізіледі.

      Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай-ақ профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының жергілікті атқарушы органының лауазымды адамдары бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, бақылау субъектісіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамастан, бірақ бақылау субъектісіне оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, хабарлама жібереді.

      Хабарлама қолма-қол табыс етіледі немесе тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не электрондық цифрлық қолтаңба қойылған электрондық құжат арқылы, егер мұндай мекенжайды субъект бұрын бақылау және қадағалау органына ұсынған болса, бақылау субъектісінің электрондық поштасының мекенжайы бойынша немесе ұялы байланыс арналары бойынша мәтіндік хабарламалар арқылы, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де қолжетімді тәсілмен жіберіледі.

      4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаны алған бақылау субъектісі оны алған күннен кейінгі күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарына орындаудың нақты мерзімдерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі ақпаратты ұсынуға міндетті.

      Бақылау субъектісі көрсетілген мерзім өткенге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын уәкілетті органға, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыс аудандарының жергілікті атқарушы органдарына бұзушылықтарды жою жөніндегі іс- шаралардың орындалуы туралы ақпарат беруге міндетті.

      5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймау, сол сияқты бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын мерзімінде ұсынбау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бакылауды тағайындауға әкеп соғады.

      6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жылына екі реттен жиі жүргізілмейді.

      32-бап. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілер пункттерін қорғау

      1. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттері, жер бетіндегі белгілер мен осы пункттердің орталықтары мемлекеттік меншік болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

      Геодезиялық пункттерді бұзу немесе кайта салу (орнын ауыстыру) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

      2. Жер учаскелерін оларға геодезиялық пункттерді орналастыру үшін беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Аумағында геодезиялық пункттер орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылары:

      1) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен геодезиялық пункттердің бүлінген немесе жойылған жағдайлары туралы уәкілетті органға хабарлауға;

      2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу кезінде геодезиялық пункттерге кіру (келу) мүмкіндігін беруге міндетті.

      4. Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындау кезінде геодезиялық пункттердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық пункттерді, дифференциалды станцияларды жою немесе бүлдіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      6. Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілердің пункттеріне келтірілген зиянды өтеуді зиян келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      5-тарау. Қорытынды ережелер

      33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Геодезия және картография туралы" 2002 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады