Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясының жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Арманұлы Ерғалиевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясына қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қазандағы № 719 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің басым салалардағы жобаларды дамытуға арналған ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік құру туралы бірлескен декларациясы
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі
екі ел арасындағы берік, достық және ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастарды дамыта отырып;
екі үкіметтің ортақ мақсаттары мен бірлескен мүдделерін ескере отырып;
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарына орай;
Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынастарда соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеушілік байқалатынын және бұл қатынастар екі ел халқының үнемі дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету үшін өзара сенімге, құрметке және ортақ мүдделерге негізделгенін растай отырып;
теңдік және өзара пайда қағидаттары негізінде Қазақстан Республикасында электр энергетикасы, фармацевтика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салаларында және басқа да салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға және қаржыландыруға мүдделілік таныта отырып;
экономикалық ресурстарды тиімді пайдалануға, жұмысқа орналасу үшін мүмкіндіктер жасауға, азаматтардың денсаулығын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсартуға, "жасыл" экономиканы орнықты дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, сондай-ақ озық және экологиялық таза технологиялар мен тәжірибені пайдалануға ұмтыла отырып;
бірлескен жобалар атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайту және Қазақстан Республикасына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін жобаланатынын, жаңғыртылатынын және (немесе) салынатынын, іске асырылатынын және қаржыландырылатынын мойындай отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
Стратегиялық әріптестік ынтымақтастықтың бағыттары
Тараптар екі Тараптың келісімі бойынша Қазақстан Республикасында электр энергетикасы, фармацевтика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салаларындағы және өзге де салалардағы жобаларды (бұдан әрі – стратегиялық инвестициялық жобалар) іске асыруға ниетті.
Тараптар электр энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды айқындаған кезде олар жалпы көлемі шамамен 5 ГВт жаңа электр қуатын іске қосумен және халықаралық озық практика мен қолданылатын халықаралық стандарттарға сәйкес тиісті объектілердің салынуы мен барлық қажетті келісулері болған жағдайда Тараптардың ұлттық әл-ауқат қорларының энергетикалық холдинг құруы арқылы іске асырылатынын мойындайды.
Стратегиялық инвестициялық жобалар үшін қолданылатын электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында келісілген электр энергиясының бағасы (1) қазақстандық теңгенің АҚШ долларына қатысты ауытқуына сәйкес 100 %-ға және (2) АҚШ өндірушілерінің (электр энергиясын өндіру түріне қарай) бағалар индексіне және электр энергетикасы саласындағы осындай стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін келісілген кірістіліктің ішкі нормасына (IRR) (бұдан әрі – келісілген IRR) қол жеткізу үшін талап етілетін өзге де тиісті индикаторларға сәйкес 30 %-ға дейін электр энергиясының бағасын түзетуді қоса алғанда, кемінде 13 % АҚШ доллары мөлшеріндегі қарыз қаражатын ескере отырып, IRR-ге негізделетін болады.
Тараптар стратегиялық әріптестік ынтымақтастықты іске асыруға қолдау көрсету үшін әрбір Тараптың қолданылатын ұлттық заңнамасына сәйкес барлық ақылға қонымды күш-жігерді қолдануға ниетті.
Тараптар көрсететін қолдау осы Декларацияға қосымшада көзделген тізбеге сәйкес стратегиялық инвестициялық жобаларға ғана қолданылатынына Тараптар келіседі, оны Тараптар осы Декларацияда көзделген тәртіппен ауық- ауық өзгерте алады.
Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің құзыретті органы Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқат қорына және Біріккен Араб Әмірліктерінің алдын ала айқындалған ұлттық әл-ауқат қорларына электр энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға басым құқық беретінін қамтамасыз ететінін мойындайды.
Тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі "АЭС Шүлбi ГЭС" ЖШС (бұдан әрі – ШГЭС) мен "АЭС Өскемен ГЭС" ЖШС (бұдан әрі – ӨГЭС, ШГЭС-пен бірлесіп "гидроэлектрстанциялар" деп аталады) жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызына дейін Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуды жүзеге асыруға ниетті екенін мойындайды.
Тараптар тиісті тараптар арасында жасалатын түпкілікті транзакциялық келісімдерге сәйкес:
(1) ӨГЭС-тің төртінші гидроагрегатын жаңғырту келісілген шарттар да жүргізілуге тиіс;
(2) ШГЭС және оның контрреттегішінің (бұдан әрі бірге – қондырғылар және бөлек – қондырғы) екінші кезегіне қатысты техникалық-экономикалық негіздемелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дайындалуға тиіс және бұл техникалық-экономикалық негіздемелер тиісті органдар мен жоғарыда аталған инвесторлар үшін қолайлы болған жағдайда, қондырғыға және (немесе) қондырғыларға инвестициялау шарттарын, жоғарыда көрсетілген инвесторларды қоса алғанда, тиісті тараптар өзара келіскен болса, мұндай инвесторлар қондырғыны және (немесе) қондырғыларды салу міндеттемесін қабылдауы тиіс екенін мойындайды.
Консорциумның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген құқықтарына қосымша Қазақстан Республикасының Үкіметі осы консорциумға мынадай құқықтарды береді:
1) 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін – гидроэлектрстанциялар өндірген электр энергиясының көлемін және қазақстандық инвестордың Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде орналасқан өндірістік зауыттары үшін аттестатталған электр қуатының гидроэлектрстанциялар көрсететін қызметтерін сатып алу бойынша;
2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – өндірілген электр энергиясының және қазақстандық инвестордың Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде орналасқан өндірістік зауыттары үшін аттестатталған электр қуатының көрсетілетін қызметтерінің барлық көлемінің 50 %-ын сатып алу бойынша.
Қазақстан Республикасының міндеттемесі
Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына белгілі бір өзгерістер енгізу талап етілуі мүмкін екенін мойындайды және Қазақстан Республикасының мүдделерін назарға ала отырып, белгіленген рәсімдерге сәйкес тиісті өзгерістерді іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға келіседі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі сондай-ақ:
(i) тартылған мемлекеттік органдар мен электр энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға тартылған басқа да мүдделі тараптардың қызметін үйлестіретін мемлекеттік мекемені тағайындауға;
(ii) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр желісі мен электр энергиясын беру жүйесін, телекоммуникациялық жүйені, қолданыстағы жолдардан электр станцияларына кірме жолдарды, су құбыры құрылыстарын және электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында келісілетін өзге де объектілерді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, жобалау учаскелерінде орналасқан объектілерді қосу жөніндегі талаптарды орындау үшін салынуға тиіс инфрақұрылымды салуға арналған шығындарды жабуға;
(iii) қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес жер учаскелерін беруге;
(iv) электр энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы ұлттық әл-ауқат қорының (бұдан әрі – Самұрық-Қазына) акционері ретінде "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) "KEGOC" АҚ акцияларының 39 %-ына дейін және "Самұрық-Энерго" АҚ акцияларының және (немесе) "Самұрық-Энерго" АҚ компаниялар тобы активтерінің 49 %-ына дейін иеліктен шығаруға рұқсат ететіне;
(v) жоғарыдағы (iv) тармақта көрсетілген иеліктен шығаруға қолданылатын өз қағидалары мен рәсімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге және көрсетілген иеліктен шығаруды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге;
(vi) электр энергиясын өндіру саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларға қатысты электр энергиясын сатып алу-сату шарттары: Қазақстан Республикасының уәкілетті органымен тікелей келіссөздер негізінде, оның ішінде осы Декларацияның тиісті ережелерін тиісті түрде және толық ескере отырып, 25 жылға дейінгі мерзімге және егер жаңартылатын энергия көздері мен газ негізінде жаңа электр қуаттарын құратын электр энергиясын өндіру саласындағы осындай стратегиялық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін талап етілетін болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан әрекет ететін уәкілетті ұйымның халықаралық жобалық қаржыландырудың әдеттегі қағидаттарына және тиісті электр энергиясын сатып алу-сату шартында келісілген талаптарға сәйкес стратегиялық инвестициялық жобаны қаржыландыру және шектеулі регресс құқығы негізінде іске асыру үшін жеткілікті кредиттік қолдау көрсету үшін жобалау компаниясымен тікелей келісім жасай алуын қамтамасыз ету үшін жасалуы мүмкін екеніне келіседі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгелерден басқа, электр энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін осы Декларацияда көрсетілген ұлттық әл-ауқат қорларына басым құқық беруді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын сатып алушының электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындауы үшін оған қаржылық қолдау көрсетуді, жобалау компанияларымен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасуды және Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан әрекет ететін уәкілетті ұйымға электр энергиясын сатып алу-сатудың көрсетілген шарттарына сәйкес талап етілетін жағдайларда жобалау компаниясымен тікелей келісімдер жасасуға өкілеттіктер беруді, ұлттық газ операторы тарапынан газ отынының үздіксіз берілуін қолдауды, мұндай объектілерді пайдалануға беру кезінде объектілердің қолданылатын халықаралық стандарттарға сәйкес келуі шартымен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында белгіленген талаптарға сәйкес салынған объектілерді пайдалануға қабылдауды қоса алғанда, барлық қажетті шаралар мен іс-қимылдарды қолданады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің міндеттемесі
Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі өзінің алдын ала айқындалған ұлттық әл-ауқат қорлары мен даму институттары арқылы стратегиялық инвестициялық жобалар үшін тиісті қаржыландыруды ұсынады, сондай-ақ ұсынылатын стратегиялық инвестициялық жобаларға қатысты тиісті және жалпы қабылданған кешенді тексеру жүргізу және егер тиісті стратегиялық инвестициялық жоба қанағаттанарлық болып табылса және Біріккен Араб Әмірліктерінің тиісті ұлттық әл-ауқат қоры белгілеген шарттарға, қағидаттар мен инвестициялық кірістілікке сай болуы шартымен стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін үшінші тұлғалардан қаржыландыруды тартуға қолдау мен жәрдем көрсетеді.
Стратегиялық ұзақ мерзімді әріптестікті іске асыру
Осы Декларация екіжақты қатынастардағы серпінді кезеңді білдіреді. Осыған байланысты Тараптар іске асыруды бақылау үшін:
- Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігін;
- Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан – "Abu Dhabi Developmental Holding Company PJSC" (бұдан әрі – Тараптардың өкілдері) тағайындауға ниетті, бұл Қазақстан-Әмірліктер бірлескен үкіметаралық комиссиясының қызметі шеңберінде қызметтің әрбір бағытында, сондай-ақ стратегиялық инвестициялық жобалар бойынша Тараптарға ұсыныстар енгізу үшін барлық тиісті мүдделі тараптар мен мекемелер арасындағы үйлестіру мен ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. "Abu Dhabi Developmental Holding Company PJSC" Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан осы Декларацияның іске асырылуына жауапты болады, бірақ өзінің бақылауынан тыс, атап айтқанда, осы ынтымақтастықты қолдау үшін шығарылатын қазақстандық заңнамаға қатысты мәселелер немесе стратегиялық инвестициялық жобалар бойынша тиісті тараптар арасындағы белгіленген келісімдермен реттелетін мәселелер үшін жауапты болмайды.
Қорытынды ережелер
Осы Декларациядан туындайтын Тараптар арасындағы кез келген даулар дипломатиялық арналар арқылы келіссөздер жолымен бейбіт түрде шешіледі.
Осы Декларацияға екі Тарап та қол қоюға тиіс, Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің орындалғаны туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптардың келісімі бойынша осы Декларацияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін және осы бөлімде көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Декларацияны Тараптардың кез келгені екінші Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен бұза алады және осындай хабарлама алынғаннан кейін алты айдан соң өзінің қолданысын тоқтатады.
2021 жылғы "___" _________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде жасалды екі данада жасалады, бұл ретте барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Біріккен Араб ӘмірліктерініңҮкіметі үшін |
Қосымша |
Стратегиялық инвестициялық жобалардың тізбесі
Р/с № | Жоба | Жалпы қуаты |
---|---|---|
1 | 2 | 3 |
ЭЛЕКТР ЭНЕРГЕТИКАСЫ | ||
1. | Күн электр станцияларын салу | 2 000 МВт |
2. | Жел электр станцияларын салу | 2 000 МВт |
3. | Алматы қаласында немесе Алматы облысында жаңа газ электр станцияларын салу | 1 000 МВт |
4. | "Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) "KEGOC" АҚ ("Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ға тиесілі акциялардың 39 %-ына дейінгісі иеліктен шығаруға жатады) |
Электр энергиясын беру: 51 млрд кВтсағ |
5. | "Самұрық-Энерго" АҚ ("Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ға тиесілі акциялардың 49 %-ына дейінгісі иеліктен шығаруға жатады) | 6 146 МВт |
5.1. | Екібастұз ГРЭС-1 | 4 000 МВт |
5.2. | Екібастұз ГРЭС-2 | 1 000 МВт |
5.3. | ГРЭС-2 3-блогын салу (жылу электр станциясы) | 636 МВт |
5.4. | "Мойнақ ГЭС" АҚ кеңейту | 300 МВт |
5.5. | "Мойнақ ГЭС" АҚ | 300 МВт |
5.6. | "Шардара ГЭС" АҚ | 126 МВт |
1 | 2 | 3 |
5.7. | "EWP" ЖШС ("Ereymentau Wind Power") | 50 МВт |
5.8. | "ПВЭС" ЖШС ("Бірінші жел электр станциясы") | 45 МВт |
5.9. | "Samruk-Green Energy" ЖШС | 7,4 МВт |
5.10. | "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ (электр энергиясын беру) | жылына 6,9 млрд кВтсағ |
5.11. | "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС (энергиямен жабдықтаушы ұйым) | жылына 6 млрд кВтсағ |
5.12. | "Богатырь Көмір" ЖШС (көмір өндіру) | жылына 42 млн тонна |
5.13. | Бу-газ қондырғысын сала отырып, "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ ЖЭО-1 кеңейту | |
5.14. | "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерін барынша азайта отырып жаңғырту | |
5.15. | Бу-газ қондырғысын салумен "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ ЖЭО-3 реконструкциялау | |
6. | "Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы" АҚ (ОАЭК) | 1 318 МВт |
ФАРМАЦЕВТИКА МЕН ЗЕРТХАНАЛАР | ||
7. | "СК-Фармация" ЖШС және Rafed Healthcare Supplies LLC фармацевтикалық өнімдерін пилоттық топтық сатып алуды жүзеге асыру | |
ҚАРЖЫ | ||
8. | 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде мақсатты капиталдандырумен ADQ және "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ ("Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның еншілес ұйымы) арасындағы бірлескен венчурлік қор | |
КӨЛІК ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА | ||
9. |
Қазақстан Республикасында 24 көтерме-дистрибьюторлық орталықтан тұратын желіні дамытатын консорциум | |
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ | ||
10. | "Qazaq Steppe Sheep" ЖШС, қой, қозы және басқа жануарлар отарының тұрақты өсуі мен дамуы үшін қажетті желілік фермаларды (мегафермаларды) дамыту |