"VALLEY KUSTO GB BV" компаниясымен Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және ауыл шаруашылығы дақылдарын суару мен олардың түсімділігін басқарудың заманауи жүйелерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді іске асырудың кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 қазандағы № 768 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 тамыздағы № 647 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 12.08.2024 № 647 қаулысымен.

      2021 жылғы 12 қаңтардағы "VALLEY KUSTO GB BV" компаниясымен Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және ауыл шаруашылығы дақылдарын суару мен олардың түсімділігін басқарудың заманауи жүйелерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді (бұдан әрі – Инвестициялар туралы келісім) іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мына лизингтік компаниялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру жөніндегі уәкілетті қаржы институттары (бұдан әрі – уәкілетті қаржы институттары) болып айқындалсын:

      1) "Water Management Leasing" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (2000 бірлік механикаландырылған суару машинасы);

      2) "QZQ Finance" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (1000 бірлік механикаландырылған суару машинасы);

      3) "Jetisy Invest" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (1000 бірлік механикаландырылған суару машинасы).

      2. Осы қаулының 1-тармағында көрсетілген уәкілетті қаржы институттары (келісу бойынша) Инвестициялар туралы келісімнің шарттарына сәйкес "Valley Kusto Kazakhstan Ltd." компаниясымен жалпы 4000 бірлік мөлшерінде механикаландырылған суару машиналарын жеткізу туралы келісім жасасуды заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етсін.

      3. Инвестициялар туралы келісімді іске асыру мақсатында қоса беріліп отырған облыстардың әкімдіктері мен уәкілетті қаржы институттарын бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілсін.

      4. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктері Іс-қимыл жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы қаулының 4-тармағында көрсетілген облыстардың әкімдіктері тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне қарай, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне Іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы ақпарат берілсін.

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 30-күніне қарай, Іс-қимыл жоспарының орындалуы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат берсін.

      7. Осы қаулының Жеткізу туралы келісімге қол қойылғаннан кейін қолданысқа енгізілетін 3-тармағын қоспағанда, осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 26 қазандағы
№ 768 қаулысымен
бекітілген

"VALLEY KUSTO GB BV" компаниясымен Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және ауыл шаруашылығы дақылдарын суару мен олардың түсімділігін басқарудың заманауи жүйелерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді іске асыру мақсатында әкімдіктер және институттарын бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      Осы Іс-қимыл жоспарында пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) Инвестициялар туралы келісім – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "VALLEY KUSTO GB BV" компаниясы арасында 2021 жылғы 12 қаңтарда жасалған Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және ауыл шаруашылығы дақылдарын суару мен олардың түсімділігін басқарудың заманауи жүйелерін шығаратын зауыт салу жөніндегі инвестициялар туралы келісім;

      2) уәкілетті қаржы институттары – "Water Management Leasing" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі, "QZQ Finance" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі, "Jetisy Invest" жауапкерлігі шектеулі серіктестігі немесе олардың кез келген құқықтық мирасқоры не Инвестициялар туралы келісімде айқындалған шарттармен Жеткізу туралы келісімге қол қоюға және оны іске асыруға жауапты қаржы институты ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған кез келген өзге тұлға;

      3) компания – компания деп тек "VALLEY KUSTO GB BV" ғана емес, сондай-ақ Инвестициялар туралы келісімге сәйкес инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын оның еншілес компаниясы/ компаниялары түсініледі;

      4) механикаландырылған суару машиналары/жабдықтар – ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға арналған және сорғыларды, су беру жүйелерін, жүйені қозғалысқа келтіретін моторларды, спринклерлері бар суаратын шлангілерді және басқару жүйесін қоса алғанда, жабдықтар кешені түрінде көрсетілген "Valley" сауда маркасы желісінің бөлігі болып табылатын механикаландырылған ирригациялық жабдық;

      5) жабдық бірлігі – механикаландырылған суару машинасы, ол кем дегенде сегіз аралықтан тұруы және агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің/фермердің қалауы бойынша таңдалуы тиіс;

      6) дайындық жұмыстары – кірме жолдарды ұйымдастыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету, су жеткізуге арналған арналар немесе құбырларды төсеу, сорғы жабдықтарын сатып алу (қажет болса) және монтаждау, өзге де қажетті жұмыстар, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің/фермерлердің жер учаскесінде механикаландырылған суару машиналарының жұмыс істеуі үшін қажетті өзге де жабдықтарды сатып алу және монтаждау сияқты жұмыстарды қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей, механикаландырылған суару машиналарын кейіннен іске қосу және пайдалану үшін инфрақұрылымды дайындау үшін орындалуы қажет жұмыстар;

      7) Жеткізу туралы келісім – Инвестициялар туралы келісімнің шарттарына сәйкес уәкілетті қаржы институттары мен "Valley Kusto Kazakhstan Ltd" компаниясы арасында жасалуға тиіс 4000 бірлік механикаландырылған суару машинасын Жеткізу туралы келісім;

      8) Іс-қимыл жоспары – Инвестициялар туралы келісімді және Жеткізу туралы келісімді іске асыру мақсатында әкімдіктер мен уәкілетті қаржы институттарын бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары;

      9) агроөнеркәсіптік кешен субъектілері (бұдан әрі – АӨК субъектілері/ фермерлер) – агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалар;

      10) аванстық төлем – жеткізу графигіне және Инвестициялар туралы келісім мен Жеткізу туралы келісімнің шарттарына сәйкес әрбір нақты жылда жабдықтың тапсырыс берілмеген бірлігі үшін компанияның пайдасына уәкілетті қаржы институттары төлеуі тиіс алдын ала төлем сомасы;

      11) Инвестициялық субсидиялау қағидалары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы23 шілдедегі № 317 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17320 болып тіркелген) бекітілген Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары;

      12) инвестициялық субсидияларға аванс беру – дайындық жұмыстарын жүргізуге және/немесе жабдықты лизингке сатып алуға кредит беру кезінде бастапқы жарна ретінде пайдалану (бірлесе қаржыландыру) үшін АӨК субъектілеріне/фермерлерге дайындық жұмыстарын жүргізуге мемлекеттің жабдық құнының кемінде 50 %-ы мөлшерінде инвестициялық субсидияларды аванстық ұсынуы;

      13) ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші (бұдан әрі – АШТӨ) – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;

      14) ҚР АШМ – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;

      15) ЖАО/әкімдік/әкімдіктер – бірлесіп Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының әкімдіктері немесе жеке-жеке әр әкімдік.

      16) сенім білдірілген агент – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация немесе сенім білдірілген агенттің функцияларын орындауға әкімдік уәкілеттік берген өзге де заңды тұлға;

      17) револьверлік кредит – кредиттік келісімнің тараптары арасында қосымша келіссөздерсіз кез келген уақытта автоматты түрде берешектің белгіленген мерзімі шегінде берілетін револьверлік кредит.

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 100 текше км жаңартылатын су көздерінің резерві бар. Бұл ретте Қазақстан су күйзелісінің деңгейі жоғары ел болып табылады және қуаңшылық жылдары құрғақ өңірлерде су тапшылығымен бетпе-бет келеді. Дүниежүзілік Банктің болжамдарына сәйкес климаттың өзгеруіне байланысты 2030 жылға қарай қолжетімді су көлемі 72 текше км-ге дейін қысқарады, бұл ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді.

      Су ресурстарының негізгі тұтынушылары 66 % ауыл шаруашылығы және 34 % өнеркәсіп.

      Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстары бас басқармасының деректері бойынша 1989 жылы суармалы жерлердің ауданы 2,3 млн гектарды құрады, оның 664 мың гектары жаңбырлатқыш қондырғылармен суарылды, жерүсті суаруы 1,7 млн гектар аумақта қолданылды. Бүгінгі күні Қазақстандағы суару ауданы 1,57 млн гектарды құрайды, бұл ретте су үнемдеу технологияларының ауданы 248,5 мың гектарды құрайды, оның 176,2 мың гектары – жаңбырлатып, 72,2 мың гектары – тамшылатып суару. Өңірлердің сумен біркелкі қамтамасыз етілмеуі, ирригациялық инфрақұрылымдардың қазіргі проблемалары, судың жоғары ысырабы (шамамен 36 %), суарудың ескірген әдістері ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігінің төмен болуының және су ресурстарын ұтымсыз пайдаланудың себептері болып табылады.


      1-сурет. Су ресурстарының Қазақстан өңірлері бойынша бөлінуі.





      2-сурет. Қазақстанда суарудың су үнемдеу технологияларын енгізудің даму серпіні




      Дереккөз: ҚР АШМ

      1-кесте. 2021 жылғы жай-күй бойынша су үнемдеу технологияларымен суару ауданы, га

Облыс

Жаңбырлатып суару

Тамшылатып суару

Барлығы

Ақмола

29600


29600

Ақтөбе

20900

600

21500

Алматы

8300

12000

20300

Атырау

940

3170

4110

Шығыс Қазақстан

9700

700

10400

Жамбыл

12000

28000

40000

Батыс Қазақстан

2900

936

3836

Қарағанды

23700


23700

Қостанай

5780

322

6102

Қызылорда

90

3

93

Маңғыстау

71

863

934

Павлодар

57085

691

57776

Солтүстік Қазақстан

2220

230

2450

Түркістан

3000

24715

27715

Жиыны

176286

72230

248516

      Дереккөз: ҚР АШМ

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің суармалы егіншілікті дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі жоспарларына сәйкес суармалы егіншілік алаңын 3 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл мал шаруашылығын дамыту үшін азық ресурстарына қажеттіліктің өсуімен, сондай-ақ жалпы өсімдік шаруашылығындағы қызметтің тиімділігін арттырумен байланысты.

      Суармалы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін негізгі өңірлер –Түркістан (34 %), Жамбыл (22 %), Алматы (19 %), Қызылорда (16 %) облыстары. Қазақстанның қалған облыстарына суармалы алқаптардың 9 %-ы ғана тиесілі (2-кесте). Суармалы алқаптар құрылымының басым бөлігін азықтық дақылдар (35 %), мақта (12 %), жүгері (10 %), күріш (9 %), майлы дақылдар (8 %), көкөністер (7 %) және бақша дақылдары (7 %) алып жатыр.

      2-кесте. 2020 жылы өңірлер бөлінісінде суармалы дақылдардың жиналған ауданы, мың га

Дақыл Түркістан облысы Жамбыл облысы Алматы облысы Қызылорда облысы Басқа облыстар Жиыны

азықтық

123,7

173,7

27,6

58,3

43,8

427,1

мақта

125,9





125,9

жүгері

41,9

17,4

53,4

0,4

4,0

117,1

күріш

3,8


8,9

89,4


102,1

майлы

3,1

9,4

52,2

5,6

3,1

73,4

бақша

60,6

14,3

1,3

1,5

1,5

79,2

көкөніс

30,1

32,6

5,7

0,2

11,0

79,6

өзге

54,6

20,6

70,8

10,2

54,4

210,6

Жиыны

443,7

268,0

219,9

165,7

117,7

1214,95

      Дереккөз: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

      Жаңбырлатып суару, тамшылатып суару және басқа да су үнемдеу технологиялары сияқты су үнемдеу технологияларын енгізу тұтынылатын су көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік береді, бұл ретте бір гектар алаңнан алынатын ауыл шаруашылығы өнімінің шығымын арттырады.

      Осы Іс-қимыл жоспары Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуді іске асыруға бағытталған шаралар кешенін айқындайды, бұл мынадай мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді:

      1) ауыл шаруашылығында суды пайдалану тиімділігін арттыру;

      2) өсімдік шаруашылығындағы өнімділікті арттыру және суармалы егіншілік алаңы бірлігінен алынған қосылған құнды ұлғайту;

      3) елдің су тапшы өңірлерінде судың қолжетімділігін арттыру;

      4) ауа райына тәуелділікті төмендету және құрғақшылықтан егінді жоғалту қаупін жою.

3-бөлім. Инвестициялар туралы келісімнің және жеткізу туралы келісімнің шарттарына сәйкес қаржыландыру тетігі

      Инвестициялар туралы келісімнің шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 10 жыл ішінде 4000 бірлік жабдық сатып алуды 100 % қаржыландыруды және "Valley Kusto Kazakhstan Ltd" компаниясы мен уәкілетті қаржы институттары арасында жасалатын Жеткізу туралы келісімнің шарттарында қажетті дайындық жұмыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету міндеттемесін алды.

      Компаниядан 4000 бірлік жабдық сатып алуды қаржыландыру және дайындық жұмыстарын қаржыландыру бойынша міндеттемелерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджеттік қаржыландырудың келесі тетігін айқындады.

1-параграф. ЖАО/Облыстар әкімдіктерін нысаналы қаржыландыру

      1.1. Жыл сайын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен әкімдіктердің инвестициялық субсидиялау және бюджеттік кредиттеу мақсаттарына арналған өтінімдеріне сәйкес жабдықтарды сатып алу және дайындық жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті көлемде мынадай графикке сәйкес қаражат бөлінді:

      - 2022 жылы – 200 (екі жүз) бірлік;

      - 2023 жылы – 325 (үш жүз жиырма бес) бірлік;

      - 2024 жылы – 375 (үш жүз жетпіс бес) бірлік;

      - 2025 жылы – 400 (төрт жүз) бірлік;

      - 2026 жылы – 400 (төрт жүз) бірлік;

      - 2027 жылы – 400 (төрт жүз) бірлік;

      - 2028 жылы – 400 (төрт жүз) бірлік;

      - 2029 жылы – 500 (бес жүз) бірлік;

      - 2030 жылы – 500 (бес жүз) бірлік;

      - 2031 жылы – 500 (бес жүз) бірлік.

      1.2. Облыстар әкімдіктерін республикалық бюджеттен қаржыландыру:

      1) инвестициялық субсидиялау мақсаттарына: ҚР АШМ әзірлейтін және енгізетін өзгерістерді ескере отырып, осы Іс-қимыл жоспарының 1.1-тармағында көрсетілген графикке және Инвестициялық субсидиялау қағидаларына сәйкес жабдықтарды сатып алуға және Дайындық жұмыстарын жүргізуге инвестициялық субсидиялау беру үшін жеткілікті көлемде;

      2) бюджеттік кредит беру мақсаттарына: осы Іс-қимыл жоспарының 1.1-тармағында көрсетілген графикке сәйкес жабдықтарды сатып алу және Дайындық жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті көлемде жүзеге асырылады.

      ҚР АШМ қолданыстағы заңнамаға және жасалатын тиісті кредиттік шарттарда айтылған талаптарға сәйкес әкімдіктерге бөлінген бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылайды және қамтамасыз етеді. Әкімдіктерге жоғарыда бөлінген қаражатты осы іс-қимылдар жоспарында көзделмеген мақсаттарға жіберуге тыйым салынады.

      1.3. Әкімдіктер заңды тұлғаларға Сенім білдірілген агенттердің функцияларын орындауға уәкілеттік береді.

      1.4. Уәкілетті заңды тұлғалар әкімдіктермен жасалған шарттарға сәйкес Сенім білдірілген агенттердің функцияларын орындайды және ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмейтін мерзімде, қаражаттың пайдаланылуы туралы есептер дайындайды.

2-параграф. Уәкілетті қаржы институттарын нысаналы қаржыландыру

      Уәкілетті қаржы институттарына бюджеттік кредит беру үшін қаржыландыру мынадай тәртіппен ұсынылады:

      2.1. Уәкілетті қаржы институттары АШТӨ-ден жабдықтарды сатып алуға және дайындық жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер жинайды, талап етілетін инвестициялық субсидиялау мен бюджеттік кредит беру сомасын қоса алғанда, келесі жылға арналған бюджеттік қаржыландыруға облыс бойынша шоғырландырылған өтінім қалыптастырады және ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмейтін мерзімде сенім білдірілген агентке береді.

      2.2. Сенім білдірілген агент өтінімді тексереді және тиісті облыс әкімдігімен бірлесіп, қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттік қаржыландырудың мәлімделген сомасын алу бойынша іс-шаралар жүргізеді.

      2.3. Келесі жылы бюджет қаражатын алғаннан кейін әкімдіктер уәкілетті қаржы институттарымен тиісті кредиттік келісімдерге қол қояды және уәкілетті қаржы институттарының өтінімдері бойынша оларға бюджеттік кредиттерді береді.

      2.4. Қамтамасыз ету түрі – уәкілетті қаржы институттарының теңгеріміндегі және АШТӨ-ге лизингке берілген жабдық, АШТӨ-ге жеке меншік немесе ұзақ мерзімді жер пайдалану және ҚМЖ құқығымен тиесілі жер учаскесі, басқа заңды тұлғалардың кепілдігі, кепілгерлігі.

      2.5. Уәкілетті қаржы институттары кредиттердің пайдаланылуы туралы ақпаратты қоса алғанда, есепті жылдың 15 желтоқсанына дейін:

      а) жабдықтарды сатып алуға;

      б) дайындық жұмыстарын қаржыландыруды жүргізуге;

      в) аванстық төлемдерді төлеуге арналған кредит қаражатын нысаналы пайдалану және игеру жөніндегі әкімдіктің Сенім білдірілген агентінің алдында есеп береді.

      Уәкілетті қаржы институттарының есептерін ұсыну тәртібі, нысаны және кезеңділігі, сондай-ақ уәкілетті қаржы институттарына кредиттер берудің осы Іс-қимыл жоспарында көзделмеген өзге де талаптары тиісті кредиттік шартта белгіленеді.

      Әкімдік пен уәкілетті қаржы институттары арасында жасалған кредиттік шарттар бойынша уәкілетті қаржы институттары қарыздарды мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, осы қаражатты қайта пайдалану револьверлік кредит беру талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

3-параграф. Уәкілетті қаржы институттарының жабдықтарды сатып алуға және дайындық жұмыстарына АШТӨ-ні қаржыландыруды ұсыну шарттары


Көрсеткіш

Шарты, мәні

Жабдықтарды лизингке сатып алуды және дайындық жұмыстарын қаржыландыру мерзімі

10 жылдан аспайды

Валюта

Теңге

Сыйақының жылдық мөлшерлемесі

7 %-дан аспайды.

Кредитті өтеу және сыйақы төлеу

Жылдық аннуитеттік төлемдермен 1 желтоқсанға дейін

Жеңілдікті кезең

1 жыл

Қамтамасыз ету

Уәкілетті қаржы ұйымдарының теңгеріміндегі және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жалға берілген жабдықтар, жеке меншік немесе ұзақ мерзімді жер пайдалану мен құрылыс-монтаж жұмыстары, басқа заңды тұлғалардың кепілдіктері, кепілдіктері негізінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиесілі жер.
 

4-параграф. Күтілетін нәтижелер

      Іс-қимыл жоспарын іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді және экономиканың аралас салаларын дамытуға оң әсер етеді, суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етеді, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырады және су ысырабын қысқартады, құрғақшылық пен климаттың өзгеру қаупін азайту есебінен халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады