Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімге кол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А.Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 10 қарашадағы № 799 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
ТМД-ға катысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
зияткерлік меншік саласындағы халықаралық құқықтың қазіргі талаптарын ескере отырып, авторлық құқық пен сабақтас құқыктар объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін ұғына отырып,
ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды дамыту жағдайында авторлық құқық пен сабақтас құкықтар объектілеріне құқықтарды қорғау жүйесін жетілдірудің маңыздылығын ескере отырып,
ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану мәселелерінің жеткіліксіз реттелуіне байланысты алаңдаушылық білдіре отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
Тараптар арасында сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын ұғына отырып,
1993 жылғы 24 қыркүйектегі Авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 2010 жылғы 19 қарашадағы Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау саласындағы ынтымақтастық және Зияткерлік меншікті құқықтық күзету мен қорғау мәселелері жөнінде мемлекетаралық кеңес құру туралы келісімді негізге ала отырып,
2017 жылғы 26 мамырдағы Контрафактілі өнімді өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ 1886 жылғы 9 қыркүйектегі Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының (1979 жылғы 28 қыркүйектегі өзгерістермен, бұдан әрі - Берн конвенциясы), 1971 жылғы 29 қазандағы Фонограмма жасаушылардың мүдделерін олардың фонограммаларын заңсыз көшіріп көбейтуден қорғау жөніндегі конвенцияның, 1961 жылғы 26 қазандағы Орындаушылардың, фонограмма жасаушылардың және хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияның, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімнің, 1996 жылғы 20 желтоқсандағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) авторлық құқық жөніндегі шартының (АҚШ), 1996 жылғы 20 желтоқсандағы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) орындаушылықтар мен фонограммалар жөніндегі шартының (ОФШ), 2012 жылғы 24 маусымдағы Аудиовизуалды орындаулар жөніндегі Пекин шартының, сондай-ақ 2013 жылғы 27 маусымдағы Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі өзге де адамдардың жарияланған шығармаларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартының ережелерін назарға ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер өздері қатысушылары болып табылатын зияткерлік меншік саласындағы халықаралық шарттардың кіріспесінде көрсетілген талаптарға сәйкес ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін растайды.
Көрсетілген халықаралық шарттардың қатысушылары болып табылмайтын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер олардың қағидаттарын ұстануға немесе оларға қосылуға ұмтылатын болады.
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтардың бұзылуына қарсы іс-қимыл тетіктерін құруға бағытталған шараларды әзірлейді және оларды іске асырады.
Осы Келісімнің іске асырылуын қамтамасыз ету үшін Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасын басшылыққа ала отырып, мынадай:
өз мемлекеттерінің зияткерлік меншік саласындағы заңнамасын ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтауға және қорғауға қатысты бөлігінде жетілдіру;
техникалық қорғау құралдарын қолдануды қоса алғанда, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдаланудың алдын алу және жолын кесу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдарының құқық иеленушілермен ынтымақтастығын тереңдету;
Тараптардың уәкілетті (құзыретті) органдары арасында ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу;
осы тақырып бойынша оқу, әдістемелік және арнайы әдебиеттермен, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен тұрақты негізде алмасуды қамтамасыз ету;
осы тақырып бойынша семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар, сондай-ақ ғылыми зерттеулер, оның ішінде бірлескен зерттеулер өткізу бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытады.
Тараптар авторлар мен өзге де құқық иеленушілердің өздеріне тиесілі авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін ақпараттық- телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте пайдалануға рұқсат етуге айрықша құқықты пайдаланатынын таниды.
Тараптар Берн конвенциясына, ОФШ мен АҚШ-қа сәйкес осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген шектеулер мен алып қоюлардың ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға қолданылуы мүмкін екендігімен келіседі. Бұл ретте Тараптар белгілі бір ерекше жағдайларда авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін қалыпты пайдалануға зиян келтірмейтін және авторлар мен құқық иеленушілердің заңды мүдделеріне негізсіз түрде нұқсан келтірмейтін, авторларға және өзге де құқық иеленушілерге берілетін құқықтарға өзге де шектеулерді және олардан алып қоюларды белгілеуге құқылы.
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану деп мыналар түсініледі:
қайта шығару (Берн конвенциясының 9-бабы, ОФШ-ның 7 және 11-баптары мағынасында);
тарату (АҚШ-тың 6-бабы, ОФШ-ның 8 және 12-баптары мағынасында);
хабарлау және (немесе) жалпы жұрттың назарына жеткізу (АҚШ-тың 8-бабы, ОФШ-ның 10 және 14-баптары мағынасында).
Осы Келісімге қатысушы мемлекеттер үшін авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін хабарлау және (немесе) жалпы жұрттың назарына жеткізу атап айтқанда мыналарды қамтиды:
авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін интернет-ресурстар арқылы берілетін радио- және (немесе) телевизиялық бағдарламалар құрамында пайдалану;
авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте кез келген адам осындай объектілерге кез келген жерден және кез келген уақытта өз қалауы бойынша қол жеткізе алатындай оларға қолжетімділікті беру арқылы пайдалану.
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тиісті құқықтық қорғауды көздеудің және құқық иеленушілер пайдаланатын және авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты олардың құқық иеленушілері рұқсат етпеген әрекеттердің жүзеге асырылуын шектейтін, қолданыстағы техникалық құралдарды айналып өтуден құқықтық қорғаудың тиімді құралдарын қамтамасыз етудің қажеттігімен келіседі.
Тараптардың осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша өзара іс-қимылын үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органына - Зияткерлік меншікті құқықтық сақтау және қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктеледі.
Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру бойынша ынтымақтастықты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдары арқылы жүзеге асырады.
Тараптар өздерінің уәкілетті (құзыретті) органдарының тізбесін айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде бұл жөнінде дспозитарийге хабарлайды. Уәкілетті (құзыретті) органдар тізбесінің өзгеруі туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде дипломатиялық арналар арқылы депозитарийді жазбаша хабардар етеді.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржылық қамтамасыз етуді Тараптар уәкілетті (құзыретті) органдарға олардың функцияларын орындауына ұлттық бюджеттерде көзделетін қаражат есебінен және шегінде жүзеге асырылады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Тараптар арасында осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа да рәсім арқылы шешіледі.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Келісім шектелмеген мерзімге жасалады. Тараптардың әркайсысы депозитарийге осы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып және Келісімнің қолданысы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шығуға құқылы.
2021 жылғы 12 қарашада Бішкек қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін |
Армения Республикасының | Тәжікстан Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
Беларусь Республикасының | Түрікменстан Үкіметі үшін |
Үкіметі үшін | |
Қазақстан Республикасының | Өзбекстан Республикасының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының | Украина Үкіметі үшін |
Үкіметі үшін | |
Молдова Республикасының | |
Үкіметі үшін |