"Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 847 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Әскери полиция органдары туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан әскери полиция органдарының мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыруды және оның тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Әскери полиция органдарының мәртебесі

      Әскери полиция органдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң (бұдан әрі – Қарулы Күштер), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті), Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) құрамына кіретін және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында (бұдан әрі – басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) құқық тәртібін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын арнайы әскери бөлімшелер болып табылады.

2-бап. Әскери полиция органдары қызметінің құқықтық негізі

      1. Әскери полиция органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Әскери полиция органдары қызметінің қағидаттары

      Әскери полиция органдарының қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңдылық;

      2) дара басшылық және субординация;

      3) жариялылық;

      4) барлық адамның заң алдында теңдігі;

      5) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сақтау.

4-бап. Әскери полиция органдарының құрылымы

      1. Әскери полиция органдары Қарулы Күштерде, Ұлттық қауiпсіздiк комитетінде және Ұлттық ұланда құрылады.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі (бұдан әрі – Қорғаныс министрі), Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы әскери полиция органдарының қызметіне басшылық жасауды жүзеге асырады, ұйымдық-штаттық іс-шараларды жүргізу туралы шешім қабылдайды, құрылымы мен штат санын бекітеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

5-бап. Әскери полиция органдарының міндеттері

      1. Әскери полиция органдарының міндеттері:

      1) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда
құқық тәртібін қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар профилактикасы, оларды анықтау, жолын кесу және ашу шараларын жүзеге асыру, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтау;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау;

      4) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу;

      5) анықтау, тергеу органдарынан және соттан жасырынып жүрген, сондай-ақ бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен әскери қызметшілерді іздестіру;

      6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары (бұдан әрі – ұлттық қауіпсіздік органдары), Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      7) заңнамада көзделген жағдайларда әскери қызметшілерді ұстауды және күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шараларын орындау, қамаққа алу түріндегі қылмыстық жазаны және оларды гауптвахтада ұстаумен әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаны орындау;

      8) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерін қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың механикалық көлік құралдары мен оларға тіркемелерді тиісті құжаттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін берумен мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру;

      9) әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдары мен оларға тіркемелерді міндетті техникалық қарап-тексеруді жүргізу;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу;

      11) өздеріне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.

      2. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жасаған қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу (ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын басқаратын адамдардың, жол жүрісіне қатысушы болып табылатын ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілері мен жұмыскерлерінің, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдары көлік құралдарының техникалық жай-күйіне және оларды пайдалануға жауапты лауазымды адамдардың жол жүрісі қағидаларын бұзу бөлігінде);

      3) ұлттық қауіпсіздік органдарының объектілерін, оның ішінде қару-жарақты, арнайы құралдарды, қауіпсіздік жүйелерін және өзге де техникалық құралдарды пайдалана отырып күзету, сондай-ақ көрсетілген объектілерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тәртіппен және шекте өткізу жəне объектішілік режимдерді қамтамасыз ету;

      4) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тəртіппен жəне шекте әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу саласындағы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметін үйлестіру болып табылады.

      3. Сонымен қатар Қарулы Күштер әскери полиция органдарының міндеттері:

      1) тәуліктік нарядтың, ішкі және гарнизондық қызметтердің қызметін, диверсияға қарсы қауіпсіздікті, терроризмге қарсы қорғалуды ұйымдастыруға, Қарулы Күштер әскери бөлімдері мен мекемелерінің техникалық күзет құралдарының пайдаланылуын ішкі бақылауды жүзеге асыру;

      2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – Қорғаныс министрлігі) ғимаратының және оған іргелес орналасқан аумақтар мен құрылыстардың режимі мен қауіпсіздігін, оның ішінде қару-жарақты, арнайы құралдарды, қауіпсіздік жүйелерін және өзге де техникалық күзет құралдарын пайдалана отырып қамтамасыз ету.

      Күзету іс-шараларын жүргізу кезеңінде әскери полиция органдары күзететін объектілерде немесе әскери полиция органдары режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін объектілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуде ұйымдастырушы және үйлестіруші орган болып табылады;

      3) әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға ведомстволық бақылауды жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметіне қатысу болып табылады.

6-бап. Әскери полиция органдарының мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, лауазымды адамдармен өзара іс-қимыл жасауы

      1. Әскери полиция органдары өз қызметін заңнамада белгіленген шекте Қазақстан Республикасының құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады және өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша бір-бірін өзара хабардар етеді.

      Әскери полиция органдарының мемлекеттік органдармен, олардың құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі тиісті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

      2. Әскери құралымдардың қолбасшылығы, әскери басқару органдары мен әскери қызметшілер әскери полиция органдарына өздеріне жүктелген міндеттерді шешуде жәрдем көрсетуге міндетті.

2-тарау. Әскери полиция органдарының өкілеттіктері

7-бап. Ұлттық ұлан әскери полиция органдарының өкілеттіктері

      1. Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуді Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде Ұлттық ұланның әскери полиция органдары жүзеге асырады.

      2. Ұлттық ұланның әскери полиция органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін заңда белгіленген өкілеттіктер шегінде және тәртіппен Ұлттық ұланның көлік құралдарын тоқтатуға, жете тексеруге, сондай-ақ ұстауға, мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін оларды пайдалануға тыйым салуға, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ақаулықтар мен жағдайлар болған кезде, тораптары мен агрегаттарының жасырын, жалған, өзгертілген нөмірлері, сондай-ақ жалған не өзгертілген мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар, сол сияқты көлік құралдарының таңбалануы тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға, алкогольдік, есірткі немесе уытқұмарлық масаң күйді тудыратын психобелсенді заттарды тұтынды деп күдік туғызған адамдарды ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын басқарудан шеттетуге және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда медициналық куәландыруға жіберуге құқылы.

8-бап. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының өкілеттіктері

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне және әскери қызметшілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуді қылмыстық-процестік заңнамада көзделген құзыретіне сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары жүзеге асырады.

      2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін заңда белгіленген өкілеттіктер шегінде және тәртіппен ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын тоқтатуға, жете тексеруге, сондай-ақ ұстауға, мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін оларды пайдалануға тыйым салуға, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ақаулықтар мен жағдайлар болған кезде, тораптары мен агрегаттарының жасырын, жалған, өзгертілген нөмірлері не жалған немесе жасанды мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар, сол сияқты көлік құралдарының таңбалануы тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға, алкогольдік, есірткі немесе уытқұмарлық масаң күйді тудыратын психобелсенді заттарды тұтынды деп күдік туғызған адамдарды ұлттық қауіпсіздік органдарының көлік құралдарын басқарудан шеттетуге және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда медициналық куәландыруға жіберуге құқылы.

      3. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары күзететін объектілерге кіруге әрекет етуге және кіріп кетуге байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік ұстауды жүзеге асыруға, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке жете тексеруді, жеке тұлғаның заттарын, құжаттарын жете тексеруді және алып қоюды, көлік құралдарын жете тексеруді жүзеге асыруға құқылы.

9-бап. Қарулы Күштер әскери полиция органдарының өкілеттіктері

      1. Қарулы Күштердің, әскери басқару органдарының және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган әскери бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қатысты Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуді Қарулы Күштердің әскери полиция органдары жүзеге асырады.

      2. Қарулы Күштердің әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен Қарулы Күштердің әскери полиция органдары режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін объектілерге кіруге әрекет етуге және кіріп кетуге байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарды әкімшілік ұстауды жүзеге асыруға, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олардан түсініктемелер алуға, оларды жеке жете тексеруді, жеке адамның заттарын, құжаттарын жете тексеруді және алып қоюды, көлік құралдарын жете тексеруді жүзеге асыруға құқылы.

      3. Қарулы Күштердің әскери полиция органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін өкілеттіктері шегінде және заңда белгіленген тәртіппен Қарулы Күштердің көлік құралдарын тоқтатуға, жете тексеруге, сондай-ақ ұстауға, мұндай тыйым салуға негіз болған себептер жойылғанға дейін оларды пайдалануға тыйым салуға, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ақаулықтар мен жағдайлар болған кезде, тораптары мен агрегаттарының жасырын, жалған, өзгертілген нөмірлері не жалған немесе жасанды мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері бар, сол сияқты көлік құралдарының таңбалануы тіркеу құжаттарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде Қарулы Күштердің көлік құралдарын пайдалануға тыйым салуға, алкогольдік, есірткі және уытқұмарлық масаң күйді тудыратын психобелсенді заттарды тұтынған деп күдік келтірген адамдарды Қарулы Күштердің көлік құралдарын басқарудан шеттетуге және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда медициналық куәландыруға жіберуге құқылы.

      4. Қарулы Күштердің әскери полиция органдары әскери полиция қызметін жетілдіру бойынша шараларды әзірлейді, әскери бөлімдер мен мекемелердің тәуліктік наряд қызметін, ішкі және гарнизондық қызметтерін, диверсияға қарсы қауіпсіздігін, терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру, техникалық күзет құралдарын пайдалану, сондай-ақ әскерлер қызметі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қарулы Күштердің қызметін үйлестіруге қатысады.

      Қарулы Күштердің әскери полиция органдары әскери полицияның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ғылыми жұмысқа, қару-жарақ пен әскери техника, арнайы құралдар, арнайы техникалық құралдар мен жабдық үлгілерін әзірлеуге қатысады.

10-бап. Әскери полиция органдарының құқықтары

      Әскери полиция органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін өз өкілеттіктері шегінде және заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) әскери қызметші мәртебесі бар адамдардан (бұдан әрі – әскери қызметшілер), сондай-ақ әскери бөлімдер мен мекемелердің азаматтық персонал адамдарынан олардың қызметтік міндеттерін орындауына байланысты қоғамдық тәртіпті, әскери киім нысанын киіп жүру қағидаларын сақтауын (азаматтық персонал адамдарынан басқа), құқыққа қайшы әрекеттерді және әскери полиция органдарының міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруға кедергі келтіретін әрекеттерді тоқтатуды талап етуге, сондай-ақ психобелсенді заттарды тұтыну фактісін және масаң күйін анықтау үшін адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда медициналық куәландыруға жіберуге;

      2) әскери полиция органдары күзететін объектілерде немесе әскери полиция органдары режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін объектілерде өткізу және объектішілік режимдердің сақталуын талап етуге;

      3) әскери бөлімдер мен мекемелер (әскери объектілер) және әскери қалашықтар аумағында әскери қызметшілер және өзге де адамдар құқық бұзушылық жасаған кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, құқық бұзушылықты тоқтатуды қамтамасыз ететін шаралар қабылдауға;

      4) іс жүргізуде бар әкімшілік қылмыстық істер бойынша әскери қызметшілерді және өзге де азаматтарды әскери полиция органдарына шақыруға, олардан түсініктемелер, құжаттарды немесе олардың көшірмелерін алуға, жауап алуды және өзге де тергеу әрекеттерін жүргізуге, сондай-ақ дәлелсіз себеппен келуден жалтарған адамдарды заңда белгіленген тәртіппен күштеп әкелуге;

      5) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен осы баптың 4) тармақшасында көрсетілген ұсталған адамдарды жеке жете тексеруге, олардың заттарын, құжаттарын, көлік құралдарын жете тексеруге, заңсыз айналымдағы заттарды алып қоюға;

      6) әскери тәртіпті немесе қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған әскери қызметшілерді ұстауға және әскери полиция органдарының мекемелеріне немесе қызмет орны бойынша жеткізуге;

      7) әскери қызметшілер жасаған тәртіптік теріс қылықтар туралы материалдарды Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тәртіптік жарғысына сәйкес әскери бөлімдер мен мекемелердің тиісті командирлеріне (бастықтарына) қарауға беруге;

      8) азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамдарды қудалау кезінде азаматтардың, заңды тұлғалардың тұрғын үйіне және өзге де үй-жайларына, оларға тиесілі жер учаскелеріне, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі күзететін объектілерден басқа) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан іс жүргізіліп жатқан қылмыстық істер бойынша ақпарат пен материалдарды кедергісіз және өтеусіз алуға;

      10) өз құзыреті шегінде әскери бөлімдер мен мекемелер қолбасшылығына және өзге де лауазымды адамдарға қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою жөнінде ұсынымдар енгізуге;

      11) шұғыл жағдайларда олардың орналасқан жеріне және тиесілігіне қарамастан байланыс құралдарын қызметтік мақсаттарда пайдалануға (көрсетілген құралдардың дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне тиесілігін қоспағанда);

      12) әскери бөлім орналасқан жерді қарумен өз бетімен тастап кеткен әскери қызметшілерді іздестіру және ұстау жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде құқық қорғау органдарымен келісу бойынша кейіннен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды хабардар ете отырып, бақылау-өткізу пункттерін дербес орнатуға;

      13) қылмыстық құқық бұзушылық жасауда күдікті адамдарды ұстау жөніндегі шараларды өткізу кезінде, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша көшелердің, автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерінде және басқа да аумақтарда көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын шектеуге немесе тыйым салуға;

      14) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен үйлесімділікте әскери көлік құралдарының лектері өткен кезде жол жүрісін реттеуге, осы лектер мен арнайы мақсаттағы көлік құралдарына ілесіп жүруді ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге (әскери көлік құралдары, арнайы мақсаттағы көлік құралдары лектерінің күзет іс-шаралары жүргізілетін аймақтан өтуі Мемлекеттік күзет қызметімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі);

      15) әскери бөлімдер мен мекемелерде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бақылау және профилактикалық іс-шаралардың орындалуын тексеруге;

      16) әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеруге;

      17) өзге мүмкіндіктер болмаған кезде оқиға орнына бару, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж әскери қызметшілер мен азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін әскери көлікті пайдалануға;

      18) әскери қалашықтар, бөлімдер, мекемелер мен объектілер аумағында әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдарының жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ олардың орындалуын ведомстволық бақылау әскери полиция органдарына жүктелген белгіленген қағидалардың сақталуын тексеру үшін қажетті басқа да құжаттарды тексеруді жүзеге асыруға;

      19) әскерлер қатысатын бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарға кіру (кіргізу) кезінде адамдарды, олардың заттарын, көлік құралдарын және алып кіретін жүктерді, оның ішінде техникалық құралдар мен қызметтік жануарларды қолдана отырып тексеруді жүргізуге;

      20) қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттерін техникалық тіркеу құралдарын пайдалануға;

      21) әскери полиция органдары күзететін объектілерге немесе әскери полиция органдары режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін объектілерге кіргізуге (шығаруға), әкелуге (әкетуге) шектеу қойылған заттарды, нәрселерді, құжаттарды және өзге де мүлікті табу және алып қою үшін техникалық құралдарды пайдалануға;

      22) әскери полиция органдары күзететін объектілерге немесе әскери полиция органдары режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін объектілерге кірген (шыққан) және келген (кеткен) кезде жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, олардың алып жүрген заттарын тексеруді жүзеге асыруға құқылы.

      Әскери полиция органдары осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген қызметті жүзеге асырады.

      Бұдан басқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бақылау және профилактикалық іс-шаралардың орындалуын тексеруге құқылы.

11-бап. Әскери полиция органдарының міндеттері

      Әскери полиция органдары өздерінің алдына қойылған міндеттерге сәйкес және өкілеттіктері шегінде:

      1) әскери қызметшілердің және басқа да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;

      2) әскери қалашықтарда, әскери бөлімдер мен мекемелерде (әскери объектілерде) құқық тәртібін қамтамасыз етуге, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, ашуға және жолын кесуге, олардың жасалуына ықпал ететін мән-жайларды анықтауға;

      3) әскери қызметшілер жасаған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар, сондай-ақ гарнизондарда, әскери бөлімдер мен мекемелерде болған оқиғалар туралы ақпаратты талдауға;

      4) басқа құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылда әскери бөлім орналасқан жерді немесе қызмет орындарын өз бетімен тастап кеткен, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, анықтау, алдын ала тергеу органдарынан және соттан жасырынып жүрген, қылмыстық жазаны орындаудан жалтарып жүрген әскери қызметшілерді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда iздестiрудi жүзеге асыруға;

      5) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгiленген тәртiппен әскери бөлiмдер мен мекемелердiң әскери қызметшілері, азаматтық персонал адамдары өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты немесе олардың осы бөлімдер мен мекемелер орналасқан жерде жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргiзуге;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген әскери қызметшілерді, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеу органдарынан немесе соттан жасырынып жүрген айыпталушыларды немесе сотталушыларды ұстауға;

      7) өз құзыретi шегiнде әскери көлiк құралдарының жол жүрiсiн және оларды пайдалану қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;

      8) заңда белгіленген тәртiппен тергеушiнiң тапсырмасын, прокурордың нұсқауын, сот шешiмiн орындауға;

      9) әскери полиция органдарының құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға;

      10) заңнамада белгіленген тәртіппен төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ әскерлердің қатысуымен бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;

      11) әскери бөлімдер мен мекемелер қолбасшылығына әскери қызметшiлер арасында әскери тәртiптi қамтамасыз етуде жәрдем көрсетуге;

      12) құқыққа қарсы қол сұғушылықтан, оқиғалардан және жазатайым оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ шарасыз не денсаулығы мен өмiрiне қауiп төнген өзге де жағдайдағы азаматтарға көмек көрсетуге;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше немесе соғыс жағдайы режимiн қамтамасыз етуге қатысуға, соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындауға;

      14) заңнамада көзделген жағдайларда әскери қызметшiлердi гауптвахтаға жабу арқылы ұстауға;

      15) қылмыстық процесті жүргізетін органдардың жазбаша талаптары бойынша гауптвахтада ұсталатын әскери қызметшілерді тергеу әрекеттерін жүргізу үшін айдауылмен алып жүруді қамтамасыз етуге;

      16) Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар көлік құралдарының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған жерде адамдарды құтқару жөніндегі шұғыл іс-қимылдарды жүзеге асыруға, оның ішінде адамдарды эвакуациялау және оларға шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдауға, зақымданған көлік құралдарын эвакуациялауға, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерде Қарулы Күштердің әскери мүлкін күзетуге жәрдемдесуге;

      17) оларға қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалған әскери қызметшілерді ұстау үшін гауптвахталардың режимі мен қауіпсіздігін, қамаққа алу түрінде қылмыстық жазаның және әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазаның орындалуын қамтамасыз етуге;

      18) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

12-бап. Уəкілетті органдардың құзыреті

      1. Қорғаныс министрлігі мыналарды әзірлейді және бекітеді:

      1) Қарулы Күштер əскери полиция органдарының Қарулы Күштер көлік құралдарының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін ұйымдастыру қағидалары;

      2) əскери көлік құралдарының жəне арнайы мақсаттағы көлік құралдарының лектеріне ілесіп жүруді ұйымдастыру жəне қамтамасыз ету, осы лектер автомобиль жолдарынан және көшелерден өтетін уақытта жол жүрісін реттеу қағидалары;

      3) Қарулы Күштер əскери полиция органдарының гауптвахтасындағы ішкі күн тәртібі жəне онда күдіктілер мен айыпталушыларды ұстау тәртібі қағидалары;

      4) əскери қызметшілердің Қарулы Күштер əскери полиция органдарының гауптвахтасында əкімшілік қамаққа алуды өтеу қағидалары;

      5) Қарулы Күштер əскери полиция органдарының гауптвахтасындағы ішкі күн тәртібі жəне онда сотталғандарды ұстау тəртібі қағидалары;

      6) Қарулы Күштер əскери полиция органдары патрульдік-бекеттік қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидалары;

      7) Қарулы Күштер əскери полиция органдарының қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру қағидалары;

      8) Қарулы Күштер əскери полиция органдары əскери қызметшілерінің қызметтік əдеп қағидалары;

      9) Қарулы Күштерде əскерлер қызметін ұйымдастыру қағидалары;

      10) анықтау, тергеу органдарынан жəне соттан жасырынып жүрген, сондай-ақ əскери бөлімдер орналасқан жерді, қызмет атқару орындарын өз бетімен тастап кеткен Қарулы Күштердің əскери қызметшілерін іздестіруді ұйымдастыру қағидалары.

      2. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мыналарды әзірлейді және бекітеді:

      1) əскери қызметшілердің Ұлттық қауіпсіздік комитеті əскери полиция органдарының гауптвахтасында əкімшілік қамаққа алуды өтеу қағидалары;

      2) Ұлттық қауіпсіздік комитеті əскери полиция органдарының патрульдеуді ұйымдастыру жəне жүргізу қағидалары;

      3) ұлттық қауіпсіздік органдары көлік құралдарының және арнайы мақсаттағы көлік құралдарының лектеріне ілесіп жүруді, осы лектер өткен уақытта автомобиль жолдарындағы және көшелердегі жол жүрісін реттеуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидалары.

      3. Ішкі істер министрлігі мыналарды әзірлейді және бекітеді:

      1) Ұлттық ұлан әскери полиция органдары арнайы көлік құралдарының тізбесі;

      2) Ұлттық ұланның механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу қағидалары;

      3) Ұлттық ұланның әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелеріне міндетті техникалық қарап-тексеру жүргізу қағидалары.

13-бап. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерiнiң жауаптылығы

      1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерi құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiн әскери тәртіпті бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту тәртібі Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жалпыәскери жарғыларымен белгіленеді.

      2. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерiнiң әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

3-тарау. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің атыс қаруын, арнайы құралдарды және адам күшін қолдануы

14-бап. Атыс қаруын қолдану

      1. Атыс қаруын қолдану шекті шара болып табылады және оған басқа шаралар тиімсіз болған немесе жағдайдың шарттары бойынша басқа шараларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда жол беріледі.

      2. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабында көзделген жағдайларда атыс қаруын қолдануға құқылы.

15-бап. Арнайы құралдарды және адам күшін қолдану

      1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабында көзделген жағдайларда адам күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін және тізбесін Қорғаныс министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы және Ішкі істер министрі айқындайтын арнайы көлік құралдарын қолдануға құқылы.

      Бұдан басқа, әскери полиция органдарының әскери қызметшілері есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз сақтау, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ұрлау мен жоғалту фактілерінің алдын алуға және анықтауға, әскери қызметшілерді іздестіруге бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және Президентінің актілерінде көзделген өзге де жағдайларда арнайы құралдарды қолдануға құқылы.


16-бап. Адам күшін, арнайы құралдарды, атыс қаруын қолдану шарттары мен шектері

      Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері қаруды, арнайы құралдарды алып жүруге, сақтау және оларды, сондай-ақ адам күшін қолдануға құқылы. Әскери полиция органдарының әскери қызметшісі, егер қорғану күзетілетін объектілерге немесе әскери полиция органдары әскери қызметшісінің өзіне қол сұғудың сипаты мен қауіптілік дәрежесіне сәйкес келсе, заңда көзделген жағдайларда адам күшін, арнайы құралдарды, қаруды қолдануға байланысты келтірілген моральдық, мүліктік залал және дене зақымы үшін жауапты болмайды.

      Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің адам күшін, арнайы құралдар мен қаруды өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып қолдануы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

      Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері атыс және өзге де қаруды, арнайы құралдар мен дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда әрекет етуге жарамдылыққа арнайы даярлықтан, мерзімді тексеруден өтуге міндетті.

4-тарау. Әскери полиция органдары жеке құрамының кадрлық құрамы, әлеуметтiк және құқықтық қорғалуы

17-бап. Әскери полиция органдарының кадрлық құрамы

      1. Әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшілермен және азаматтық персоналмен жасақталады.

      2. Әскери полиция органдарында қызмет өткеру үшін кандидаттар лауазымға тағайындалар алдында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті арнайы тексеруден өтеді.

      Әскери полиция органдарына алғаш қызметке тұратын адамдар мiндеттi түрде арнайы бастапқы оқытудан және тағылымдамадан өтедi, олар үшiн сынақ мерзiмi белгiленуi мүмкiн. Олардың сынақ мерзiмiнен және тағылымдамадан өту тәртiбi мен шарттарын Қорғаныс министрi, Iшкi iстер министрi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы айқындайды.

      3. Əскери қызмет немесе құрылымына əскери полиция органы кіретін тиісті органдарда қызмет өткеруді регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда адамдар əскери полиция органдарына қызметке қабылданбайды.

      4. Әскери полиция органдарының азаматтық персоналын жұмысқа қабылдау мәселелерi және еңбек ету шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледi.

      5. Қарулы Күштер әскери полиция органдарының әскери қызметшілері Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында және оқу-жаттығу орталықтарында қайта даярлаудан өтеді.

      6. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан ауысып келген, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелерінен Қарулы Күштердің әскери полиция органдарына ауыстырылған әскери қызметшілер бұрын әскери полиция органдарында қызмет өткерген адамдарды қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында және оқу-жаттығу орталықтарында міндетті қайта даярлаудан өтеді.

18-бап. Әскери полиция органдарының жеке құрамын әлеуметтік және құқықтық қорғау

      1. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiне әскери қызмет өткерудi регламенттейтiн, құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi, медициналық, зейнеттiк және басқа да қамсыздандыру түрлерiн белгілейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы, сондай-ақ осы шарттарға қайшы келмейтiн, құрылымына әскери полиция органы кiретiн тиiстi органдарда қызмет өткерудi регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.

      2. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілері мемлекеттік билік өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады, жүктелген міндеттерді орындау мақсатында оларға қызметтік куәліктер мен жетондар, сондай-ақ киім-кешек, қажет болған кезде арнайы құралдар мен қару беріледі.

      Әскери полиция органдарының мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне қызметтік куәліктер мен жетондар берілмейді, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің әскери полиция органдарына тиесілігін растау үшін оларға белгіленген үлгідегі нысанды киім мен айырым белгілері беріледі.

      3. Әскери полиция органдарының әскери қызметшілеріне жүктелген қызметтік борыш пен қызметтік мiндеттердi орындауға кедергі келтіру, сондай-ақ қорлау, қарсылық көрсету, күш көрсетумен қорқыту немесе
олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен абыройына, мүлкіне қол сұғу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеледі.

      4. Әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің заңды талаптары жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.

19-бап. Әскери полиция органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Әскери полиция органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты әскери прокурорлар жүзеге асырады.

20-бап. Әскери полиция органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Әскери полиция органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тиісінше Қорғаныс министрлігіне, ұлттық қауіпсіздік органдарына және Ұлттық ұланға бөлінетін бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының оқшауланған құрылымдық бөлімшелері ұлттық қауіпсіздік органдары және орналасқан жерлерінде олардың бөлімшелері есебінен қызмет ету және тыныс-тіршілігі үшін қажетті қызметтік үй-жайлармен, байланыс құралдарымен, автокөлікпен, жанар-жағармай материалдарымен, қару-жарақпен, тұрғын үймен және басқа да материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Әскери полиция органдары туралы" 2005 жылғы 21 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады