"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 848 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:

      3-баптың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) билік өкілі - мемлекеттік қызметте жүрген, қызмет бабымен өзіне тәуелді емес адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен билік ету өкілеттіктері берілген адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның қызметкері, әскери полиция органының әскери қызметшісі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші;".

      2. "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) әскери жоспарлау жүйесін бекітеді;";

      19-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қарулы Күштер арнайы әскерлерінің құрамына Қарулы Күштердің жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы міндеттерді орындау үшін арналған инженерлік, геоақпараттық және гидрометеорологиялық қамтамасыз ету, барлау, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, байланыс, радиоэлектрондық күрес, ақпараттық қарсы күрес әскери бөлімдері мен бөлімшелері, әскери полиция органдары кіреді.";

      22-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) әскери жоспарлау жүйесін әзірлейді;".

      3. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 7-тармағының бірінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Әскери полиция органдарының, әскери прокуратураның және әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілеріне заңнамалық тұрғыдан бекітіліп берілген міндеттерді орындау мақсатында олардың жеке басын және өкілеттіктерін растау үшін қызметтік куәліктер мен жетондар беріледі.";

      "Әскери полиция органдары, әскери прокуратура және әскери-тергеу органдары әскери қызметшілерінің қызметтік куәлігі қаруды, арнайы құралдарды алып жүруге және сақтауға құқығын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әскери қызметшілерге және қызметкерлерге берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады