Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ҰБОО" КеАҚ) құрылсын.
2. "ҰБОО" КеАҚ қызметінің негізгі түрлері психоневрологиялық аурулары бар балалар мен жасөспірімдерге медициналық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмекті қамтитын арнаулы, жоғары технологиялық, стационарлық, стационарды алмастыратын, консультациялық-диагностикалық, кешенді оңалту және өзге де медициналық көмек, қалпына келтіру емін көрсету және медициналық оңалту, тиімді диеталық тамақтануды қамтамасыз ету және балаларды жалпы, қосалқы және түзету бағдарламалары бойынша оқыту, инклюзивті білім беру және паралимпиадалық ойындарға тарту, докторантура (PhD), резидентура, магистратура арқылы кадрлар даярлау, сондай-ақ бейіні бойынша медициналық және медициналық-әлеуметтік мекемелер мамандарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау, қалпына келтіру емін және медициналық оңалтуды жетілдіруге бағытталған ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жүргізу, ғылыми-инновациялық технологияларды енгізу, бала жасындағы ауруларды оңалту мен олардың профилактикасының қолданыстағы технологияларын (әдістерін) жетілдіруге қатысу және жаңаларын әзірлеу, оңалту және қалпына келтіру емі саласындағы ғылыми және әдістемелік әдебиетті әзірлеу және басып шығару, холдинг компанияларының қызметі болып айқындалсын.
3. "ҰБОО" КеАҚ жарғылық капиталы осы қаулыға қосымшаға сәйкес республикалық мүлік есебінен қалыптастырылсын.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы "Балбұлақ" республикалық балаларды оңалту орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Балбұлақ" балаларды оңалту орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Балбұлақ" БОО" АҚ) болып қайта ұйымдастырылсын.
5. "Балбұлақ" БОО" АҚ қызметінің негізгі түрлері балаларды климатотерапия, емдік дене шынықтыру, физиотерапиялық және басқа да ем-шараларды пайдалана отырып, стационар жағдайында оңалту, диагностиканың, зерттеулер мен емдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, олардың сапасын тұрақты арттыру жолымен балаларға арнаулы кешенді емдеу-сауықтыру, медициналық-диагностикалық, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-бейімдеу көмегін көрсету, шығару кезінде қажетті ұсынымдары бар мәліметтерді медициналық ұйымдарға беру болып айқындалсын.
6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) "ҰБОО" КеАҚ мен "Балбұлақ" БОО" АҚ жарғыларын бекітуді;
2) мемлекеттік тіркеу үшін "ҰБОО" КеАҚ мен "Балбұлақ" БОО" АҚ атынан құжаттарға қол қоюға, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және "ҰБОО" КеАҚ мен "Балбұлақ" БОО" АҚ органдары құрылғанға дейін үшінші тұлғалардың алдында олардың мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген адамдарды сайлауды;
3) "ҰБОО" КеАҚ-ны әділет органдарында және "Балбұлақ" БОО" АҚ-ны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркеуді;
4) "ҰБОО" КеАҚ акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне беруді;
5) осы тармақтан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті осы қаулының 1, 4 және 6-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар орындалғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен "Балбұлақ" БОО" АҚ акцияларының мемлекеттік пакетін "ҰБОО" КеАҚ-ға берсін.
8. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар бекітілсін.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қаңтардағы № 25 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар
1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Нұр-Сұлтан қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-204-жолмен толықтырылсын:
"21-204. "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".
2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 227-27-жолмен толықтырылсын:
"227-27. "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".
3. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінiң және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
1) "1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар" деген бөлімде:
реттік нөмірі 29-жол алып тасталсын;
2) "4. Акционерлік қоғамдар" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 18-жолмен толықтырылсын:
"18. "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".