Соттардың атқарушылық жазбаға дау айту бойынша істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 26 мамырдағы № 6 Нормативтік қаулысы

      Нотариустардың атқарушылық жазба жасау мәселелерін реттейтін заңнаманы соттардың қолдануының біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелер беруге қаулы етеді.

      1. Көрсетілген құқықтық қатынастар бойынша заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінен (бұдан әрі – АПК), "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155-І Заңынан (бұдан әрі – Нотариат туралы заң); "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңынан (бұдан әрі – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң), Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау ережесінен (бұдан әрі – Ереже) және басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      2. Атқарушылық жазба борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе өзге жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. Нотариат туралы заңның 34-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес атқарушылық жазба нотариустар жасайтын нотариаттық әрекет түрлерінің бірі болып табылады.

      3. АПК-нің 45-тарауында көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен шағымдарды сотта қарау нысанасы атқарушылық жазбаның дұрыс жасалуын не оны жасаудан бас тартудың заңдылығын тексеру болып табылады.

      Нотариаттық әрекеттің дұрыс жасалмауы деп оның Нотариат туралы заңның және нотариустың қызметін реттейтін өзге де нормативтік актілердің талаптарына сәйкес келмеуін түсінген жөн.

      Мұндай бұзушылықтардың мысалдарына:

      Нотариат туралы заңның 92-1-бабының 2-тармағында көзделмеген талап ету бойынша;

      орындау мерзімі басталмаған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша;

      өндіріп алушы Ережеде көзделген талаптың даусыздығын растайтын құжаттарды ұсынбай;

      атқарушылық жазбаны жасау күніне талап қоюдың ескіру мерзімі өткен кезде атқарушылық жазбаны жасау жатады.

      Атқарушылық жазбаны жасаудан заңсыз бас тарту деп Нотариат туралы заңда көзделмеген негіз бойынша бас тартуды түсіну керек.

      Осы санаттағы істер бойынша сот шешімі АПК-нің 19-тарауында көзделген жалпы талаптарға сәйкес болуға тиіс.

      Шағым қанағаттандырылған жағдайда, шешімнің уәждеу бөлігінде атқарушылық жазбаның күшін жою үшін негіздер, атқарушылық жазбаны жасаған кезде не оны жасаудан бас тартқан кезде нотариус бұзған нормативтік актілер жазылады.

      Нотариаттық әрекетке берілген шағымды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде сот нотариус туралы мәліметтерді, күші жойылуға жататын атқарушылық жазбаның атауын, нөмірін және берілген күнін көрсетеді. Атқарушылық жазбаны жасаудан бас тартуға шағымды қанағаттандырған кезде - соттың атқарушылық жазбаны жасаудан бас тартуды заңсыз деп тану туралы қорытындысын, сондай-ақ нотариус туралы мәліметтерді және ол жасауға тиіс атқарушылық жазбаны көрсетеді.

      4. АПК-нің 366-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер шағым беру кезінде немесе істі қарау кезінде мүдделі тұлғалар арасында жасалған нотариаттық әрекетке негізделген құқық туралы дау белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарып, онда арыз берушіге және басқа да мүдделі тұлғаларға дауды талап қою ісін жүргізу тәртібімен шешу құқығын түсіндіреді.

      Егер атқарушылық жазба жасалған кезде өндіріп алушы мен борышкердің арасында сот дауы болса, сот мәмілені жарамсыз деп таныса, борышкер борышты ішінара немесе толық өтесе не құқық туралы даудың бар екенін куәландыратын өзге де мән-жайлар болса, мұндай дау талап қою ісін жүргізуде қаралуы тиіс. Қарау нысанасы борышкердің өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны толық не бір бөлігінде орындауға жатпайтынын тану туралы талабы болады.

      Бұл жағдайда нотариус даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде іске қатысуға тартылуы мүмкін.

      Талап қою ісін жүргізуде атқарушылық жазба құқықтарын, мүдделерін бұзады не қандай да бір міндет заңсыз жүктеледі деп пайымдайтын өзге адамдардың талаптары қаралуға тиіс. Іс жауапкерлердің: өндіріп алушы мен борышкердің қатысуымен қаралуға жатады, нотариус даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде іске қатысуға тартылады.

      Прокурор мемлекеттің және АПК-нің 54-бабының үшінші бөлігінде аталған адамдардың мүдделерін қорғау үшін ерекше немесе талап қою іс жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге құқылы.

      Талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде нотариус туралы мәліметтерді, толық не бір бөлігінде орындалуға жатпайтын атқарушылық жазбаның атауын, нөмірін және берілген күнін көрсетеді.

      Егер нотариаттық әрекетке шағым немесе орындалуға жатпайтын атқарушылық жазбаны тану туралы талап қою берілген сәтінде атқарушылық іс жүргізу қозғалса, арыз беруші (талап қоюшы) талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы, атқарушылық жазба бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      5. Нотариаттық әрекетке немесе оны жасаудан бас тартуға шағым нотариус орналасқан жердегі сотқа беріледі.

      Нотариустың орналасқан жері нотариустың есептік тіркелген мекенжайы болып табылады.

      Нотариустың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкін мемлекеттік органның лауазымды адамы болып табылмайды. Демек, нотариаттық әрекеттерге шағымдану туралы істер азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      Нотариус заңды тұлға құрмай дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайды, сондықтан заңды тұлғалардың және заңды тұлға құрмай дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың нотариаттық әрекеттерге шағымдары бойынша істер мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатпайды.

      Борышкер мен өндіріп алушының арасындағы атқарушылық жазбаны жасау нәтижесінде туындаған құқық туралы дау, сондай-ақ атқарушылық жазбаны жасау салдарынан құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған үшінші тұлғаның талап қоюы соттылықтың жалпы қағидалары бойынша қаралады.

      Егер атқарушылық жазбаны жасаған нотариус өз қызметін тоқтатса, шағым осы нотариустың соңғы тұрған жері бойынша нотариаттық палатаның өкілін іске мүдделі тұлға ретінде қатысуға тарта отырып, сотқа беріледі.

      6. АПК-нің 302-бабы бірінші бөлігінің 14) тармақшасына сәйкес сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілген шағымдар бойынша істер жатады.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес ерекше іс жүргізу істері бойынша сотқа берілетін арыздардан (шағымдардан) мемлекеттік баж – 0,5 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде алынады.

      Борышкердің не үшінші тұлғаның орындалуға жатпайтын атқарушылық жазбаны тану туралы талабы Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес мемлекеттік баж -0,5 АЕК мөлшерінде алынатын талап қою кезінде мүліктік емес сипаттағы талап болып табылады.

      7. АПК-нің 364-бабының төртінші бөлігіне сәйкес шағым жасалған нотариаттық әрекет туралы немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде сотқа беріледі.

      Соттар АПК-де әртүрлі уақыт бойынша санаттар: жұмыс күні, жұмыс істемейтін күн, он күндік мерзім пайдаланылатынын ескергендері жөн. АПК-нің 364-бабының төртінші бөлігінде жұмыс күндерін есептеу туралы нақтылаудың болмауы, он күндік мерзімнің көрсетілуі оның күнтізбелік күндермен есептелгенін куәландырады.

      Он күндік мерзімді өткізіп алу сот үшін шағымды қабылдаудан бас тартуға не оны қайтаруға негіз болып табылмайды.

      Арыз берушінің көрсетілген мерзімді сақтауын тексеру кезінде соттар нотариаттық әрекеттің жасалған немесе оны жасаудан бас тартылған күнін, нотариаттық әрекет туралы арыз берушіге белгілі болған күнді және арыз берушінің сотқа шағымдану мерзімін өткізіп алу себептерін анықтауы тиіс.

      Арыз берушінің сотқа жүгіну мерзімін сақтауы туралы мәселені мүдделі тұлғалардың осы мән-жайға сілтеме жасауына-жасамауына қарамастан талқылаған жөн, бұл ретте сот арыз берушіге оның өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беру құқығын түсіндіреді.

      Егер сот арыз берушінің мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алғанын анықтаса, ол оны арыз берушінің өтінішхаты бойынша қалпына келтіруге міндетті, бұл туралы шешімнің уәждеу бөлігінде көрсетеді.

      Борышкер атқарушылық жазбаға қарсылық келтіру мерзімін, сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған кезде, сот іс бойынша өзге де нақты мән-жайларды зерттемей, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мұндай шешімді судья істі сот талқылауына дайындау кезінде де қабылдауы мүмкін.

      Атқарушылық жазбаны жасауға шағыммен сотқа нотариус оның күшін жоюдан бас тартқаннан кейін ғана жүгінуге мүмкін болады. Бұл жағдайда сотқа жүгіну үшін он күндік мерзім борышкер нотариустан атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тарту алған күнінен бастап есептеледі.

      Заңнамада өзгеше көзделмегендіктен, талап қою ісін жүргізу тәртібімен мәлімделген талаптар үшін талап қоюдың ескіруінің жалпы мерзімі қолданылады.

      8. Нотариат туралы заңның 92-8-бабының 2-тармағына сәйкес, егер нотариустың қаулысымен жасалған атқарушылық жазбаның борышкердің қарсылығы бойынша күші жойылмаған жағдайда, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      Келтірілген ережеге сәйкес атқарушылық жазбаның жасалуына сотқа шағымданғанға дейін борышкер нотариусқа қарсылықпен жүгінуі тиіс. Мұндай өтініштің дәлелдемесі ұсынылмаған жағдайда судья шағымды АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының негізінде қайтарады не оны АПК-нің 279-бабы 1) тармақшасының негізінде қараусыз қалдырады.

      Егер борышкер өндіріп алушы қойған талапқа қарсылық берген немесе атқарушылық жазбаға сот тәртібімен шағым жасаған кезде жекеше нотариус нотариаттық қызметті тоқтатқан болса, онда дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтау мүмкіндігі жоғалады. Бұл жағдайда борышкердің нотариусқа қарсылықпен жүгінуі талап етілмейді. Борышкер шағымда нотариусқа қарсылық берудің мүмкін еместігінің себебін көрсете отырып, сотқа атқарушылық жазбаға шағым жасауға құқылы.

      9. Атқарушылық жазба жиынтығында екі шарт сақталған кезде жасалуы мүмкін: ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екендігінің расталуы және талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыттың өтуі. Өзге ескіру мерзімі белгіленген талап үшін атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.

      10. Атқарушылық жазба негізінде өндіріп алу жүргізілетін даусыз талаптардың тізбесі Нотариат туралы заңның 92-1-бабының 2-тармағында қамтылған.

      Атқарушылық жазбаны жасау үшін ұсынуға жататын құжаттар тізбесі Ереженің 223-тармағында қамтылған.

      11. Егер өндіріп алушыда талап қою құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан астам уақыт (не заңда белгіленген өзге де ескіру мерзімі) өтсе, атқарушылық жазбаны жасаудан бас тартылуы тиіс, өйткені нотариусқа талап қоюдың ескіру мерзімін тоқтата тұру және үзу фактісін анықтау не оны қалпына келтіру құқығы берілмеген.

      12. Орындау мерзімі басталған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы талап бойынша атқарушылық жазбаны жасау үшін (Нотариат туралы заңның 92-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) өндіріп алушы нотариусқа борышкердің міндеттемені орындамағаны туралы жазбаша мойындағанын табыс етуге тиіс.

      Жазбаша тану Ереженің 223-тармағының 2) тармақшасында санамаланған құжаттардың бірінде немесе бірнешеуінде көрсетілуі мүмкін. Құжаттар атқарушылық жазбаны жасау кезінде борышкерде берешектің бар екендігін, оның мөлшері және өндіріп алуға жататын соманы борышкердің мойындауын куәландыруға тиіс.

      Нотариат туралы заңда борышкердің міндеттемені орындамағанын жазбаша тануды ұсыну бөлігінде банктік қарыз шарттарына және микрокредит беру туралы шарттарға негізделген талаптар үшін ерекшеліктер қамтылмаған. Осыған байланысты, мұндай талаптар бойынша өндіріп алушы нотариусқа борышкердің жазбаша нысанда білдірілген міндеттемені орындамағаны туралы тануын ұсынуға міндетті.

      13. Жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы талап бойынша атқарушылық жазбаны жасау кезінде міндеттемені орындау мерзімі басталуы тиіс.

      Соттар өндіріп алушының АК-нің 722-бабының 3-тармағына негізделген қарыз берушінің қарыз нысанасының барлық қалған бөлігін мерзімінен бұрын қайтару құқығы туралы талабы қарыз алушы қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару үшін белгіленген мерзімді бұзған жағдайда атқарушылық жазба жасалуы мүмкін талаптарға жатпайтынын, өйткені оны жасау кезінде міндеттемені толық көлемде орындау мерзімі басталмағанын ескеруі тиіс. Мұндай талап даусыз талаптарға жатқызылуы мүмкін емес.

      14. АК-нің 298-бабына сәйкес борышкерді міндеттемені бұзғаны үшін жауаптылыққа тарту шарттары болған кезде міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы өндіріп алынады. Өз кезегінде АК-нің 359-бабына сәйкес борышкер, егер заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, кінәсі болған кезде міндеттемені орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жауапты болады.

      Нотариат туралы заңның 92-1-бабы 3-тармағының мазмұнынан атқарушылық жазба бойынша тұрақсыздық айыбын өндіріп алудың міндетті шарты борышкердің міндеттемені орындамағаны үшін кінәсін мойындауы және орындалмаған міндеттемеде кінәсін мойындау фактісін нотариустың растауы болып табылады.

      Орындалмаған міндеттемеде кінәні мойындау фактісін нотариус өндіріп алушының шағымына борышкердің жазбаша жауабының негізінде растайды. Борышкер өндіріп алушының наразылығына берген жауабында: шарт, оның жасалған күні, берешектің немесе талап етуге жататын өзге де жылжымалы мүліктің сомасы, наразылықта көрсетілген кезең үшін есептелген тұрақсыздық айыбының (өсімпұлдың, айыппұлдың) мөлшері туралы және борышкердің міндеттемені орындамағаны үшін жауаптылығын болғызбайтын мән-жайлардың жоқ екендігі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алынатын тұрақсыздық айыбының сомасы заң актілерінде белгіленген шекті мөлшерден аспауға тиіс.

      15. Нотариат туралы заңның 92-1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгеннен басқа, барлық өзге талаптар бойынша атқарушылық жазбаны жасау үшін борышкердің міндеттемені орындамағаны туралы жазбаша мойындауын нотариусқа ұсыну талап етілмейді. Өндіріп алушы жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімде төлемеуіне байланысты оларды өндіріп алу үшін наразылықты борышкерге жіберу фактісін растайтын құжатты нотариусқа ұсынуы тиіс.

      16. Нотариус атқарушылық жазба жасалғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей оның көшірмесін борышкерге электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе борышкердің белгілі тұрғылықты (тұрған) немесе тіркелген жері бойынша жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып табыс етеді немесе жібереді.

      Атқарушылық жазбаның көшірмесі пошта хат-хабарын адресатқа тапсырудың мүмкін еместігі туралы немесе борышкердің оны қабылдаудан бас тартуына байланысты белгісі бар хабарлама қайтарылған жағдайда тиісті түрде жіберілген болып есептеледі.

      17. Борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа мәлімделген талапқа қарсылықтарын хабарламамен жазбаша түрде жіберуге құқылы. Соттар борышкердiң атқарушылық жазбаға қарсылық бiлдiру мерзiмiн атқарушылық жазбаны орындауға сотқа шағым беру мерзiмiнен, оның iшiнде оларды есептеудiң әртүрлі тәртiбiнен ажыратуы қажет.

      Қарсылық мәлімделген талаппен келіспеу себептерін қамтуға тиіс.

      Өндіріп алушы мәлімдеген талаппен келіспеу себептері бар борышкердің қарсылығы заңда белгіленген мерзімде келіп түскен кезде нотариус қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады.

      Егер борышкердің қарсылығында өндіріп алушы мәлімдеген талаппен келіспеу себептері көрсетілмесе немесе ол мерзімді бұза отырып берілсе, нотариус Нотариат туралы заңның 92-6-бабының 3-тармағында көзделген талаптардың сақталмауына және борышкердің қарсылық беру мерзімін қалпына келтіруге нотариустың өкілеттіктері болмауына байланысты атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартады.

      Бұл ретте атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тарту туралы қаулы шығарылмайды, нотариус қабылданған шешім туралы борышкерге хатпен хабарлайды, онда қабылданған шешімнің себептерін көрсетіп, борышкерге атқарушылық жазбаға сотта дау айту құқығын шағым беру немесе талап қою мерзімін көрсете отырып түсіндіреді.

      Атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге тапсырылғаны және борышкердің қарсылығы жоқ екендігі туралы хабарлама келіп түскен кезде немесе адресатқа пошталық хат-хабарды тапсырудың мүмкін еместігі, оның ішінде борышкердің оны қабылдаудан бас тартуына байланысты белгісі бар хабарлама нотариусқа қайтарылғаннан кейін нотариустың орындауға ұсыну үшін атқарушылық жазба беруге құқығы бар.

      18. АПК-нің 45-тарауына сәйкес ерекше іс жүргізу тәртібімен тізбесі түпкілікті болып табылатын және Нотариат туралы заңның 34-бабында көзделген нотариаттық әрекеттерге, сондай-ақ оларды жасаудан бас тартуға шағымдар қаралуға жатады.

      Нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы нотариаттық әрекетке жатады. Өндіріп алушы мәлімдеген талаптарға борышкердің қарсылығын қарау және нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартуы сияқты нотариустың кейінгі әрекеттері дербес нотариаттық әрекеттер болып табылмайды және сот тәртібімен шағымдануға жатпайды.

      Нотариат туралы заңның 92-8-бабының 2-тармағына сәйкес атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы дау айтуға жатпайды.

      Демек нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тарту жөніндегі әрекетіне, сондай-ақ нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулысына шағымды АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сілтеме жасай отырып, қабылдаудан бас тарту керек. Мұндай шағым бойынша қозғалған іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сілтеме жасалып, оның ішінде істі сот талқылауына дайындау сатысында тоқтатылуға жатады.

      19. Атқарушылық жазба бойынша кейіннен күші жойылған берешек өндіріп алынған жағдайда, борышкер өндіріп алушыға атқарушылық жазба бойынша өндіріп алынғанды қайтару (негізсіз баю) туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы. Мұндай талап орындалуға жатпайтын атқарушылық жазбаны тану туралы талап қоюмен бір мезгілде не жеке талап қоюды беру арқылы мәлімделуі мүмкін.

      20. АПК-нің 174-бабының үшінші бөлігіне сәйкес татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеу туралы өтінішхат, егер АПК-де немесе заңда өзгеше көзделмесе, талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделуі мүмкін.

      Нотариаттық әрекетке не оны жасаудан бас тартуға шағымды қарау ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады, осыған байланысты татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеуге жол берілмейді.

      Егер іс талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралса (құқық туралы дау) татуласу келісім, дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы тараптар татуласуы мүмкін.

      21. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады