Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 ақпандағы № 83 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 23 ақпандағы
№ 83 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясында Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарын және Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім беру кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,

      білім беру саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық және интеграциялық өзара іс-қимылды тереңдету мүддесінде,

      Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Ресей Федерациясының аумағындағы филиалдарында және Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалдарында білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында

      төмендегілер туралы келісті.

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін "филиал" ұғымы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметін жүзеге асыратын және осы Келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес білім беру бағдарламаларын іске асыруға бағытталған Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының Ресей Федерациясының аумағында орналасқан оқшауланған құрылымдық немесе Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімшесін білдіреді.

      Осы Келісімнің күші жұмыс істеп тұрған филиалдарға, оның ішінде 2017 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімнің негізінде жұмыс істейтін М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалына және 1995 жылғы 4 тамыздағы Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Ресей Федерациясының Жоғары білім беру жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы "Байқоңыр" кешені үшін Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан ғарыш техникасы саласында мамандар даярлау туралы келісімнің негізінде жұмыс істейтін "Мәскеу авиация институты (ұлттық зерттеу университеті)" жоғары кәсіптік білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесінің "Восход" филиалына қолданылмайды.

2-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыруға жауапты уәкілетті органдары (бұдан әрі – уәкілетті органдар):

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;

      Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Білім және ғылым саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызмет болып табылады.

      Тараптар өз уәкілетті органдары атауларының өзгергені және (немесе) олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабарламалар жібереді.

3-бап

      Филиалдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес құрылады және таратылады.

      Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында филиалдары құрылуы мүмкін білім беру ұйымдарының тізбесін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 21-отырысының шешіміне сәйкес құрылған білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия (бұдан әрі – кіші комиссия) айқындайды.

      Ресей Федерациясының аумағында орналасқан филиал (бұдан әрі –Қазақстан филиалы) Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының жарғысы және Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы бекіткен филиал туралы ереже негізінде жұмыс істейді.

      Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиал (бұдан әрі – Ресей филиалы) Ресей Федерациясы жоғары білім беру ұйымының жарғысы және Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымы бекіткен филиал туралы ереже негізінде жұмыс істейді.

4-бап

      Филиалда оқыту жүзеге асырылуы мүмкін кәсіптердің, мамандықтардың және даярлау бағыттарының тізбелерін кіші комиссия айқындайды.

      Филиалдарда оқыту филиалдар орналасқан елдегі білім беру тіліне қойылатын талаптар ескеріле отырып, білім беру бағдарламалары шеңберінде филиалдар орналасқан елдің мемлекеттік тілі және тарихы міндетті түрде оқытыла отырып, Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік тілдерінде жүргізілуі мүмкін.

5-бап

      Қазақстан филиалында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеруді аяқтаған және қорытынды (мемлекеттік қорытынды) аттестаттаудан ойдағыдай өткен білім алушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі білім туралы құжаттар беріледі.

      Ресей филиалында жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген және қорытынды (мемлекеттік қорытынды) аттестаттаудан ойдағыдай өткен білім алушыларға Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес белгіленген үлгідегі білім және (немесе) біліктілік туралы құжаттар беріледі.

      Білім туралы құжаттарды тану Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      Филиалдың білім беру қызметін лицензиялау және аккредиттеу Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиясы және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес берілген білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болған кезде филиалдың Ресей Федерациясында орналасқан жері бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.

      Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымы Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес берілген білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиясы болған кезде филиалдың Қазақстан Республикасында орналасқан жері бойынша білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.

      Қазақстан тарапының шешімі бойынша құрылатын Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының филиалдары үшін олардың қызметін лицензиялау жөнінде өзге де талаптар белгіленуі мүмкін.

7-бап

      Филиалдарда оқуға қабылдау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Филиалдардың қызметін мемлекеттік бақылау (қадағалау) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

9-бап

      Филиалды құруды және оның жұмыс істеуін қаржылық қамтамасыз ету өзін-өзі қаржыландыру шарттарымен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өзге де көздерден жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының өз филиалының орналасқан жері бойынша қаржы-шаруашылық қызметі Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ресей Федерациясының жоғары білім беретін білім беру ұйымының өз филиалының орналасқан жері бойынша қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Инженерлік коммуникацияларды (электрмен, жылумен, сумен жабдықтау, кәріз) пайдалануға және оқу, оқу-көмекші, спорт алаңдары мен жатақхананы күтіп-ұстауға байланысты шығыстарды жабу филиалдың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

      Осы Келісімді орындау процесінде туындайтын мәселелерді шешу кіші комиссияға жүктеледі.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім бес жыл бойы қолданыста болады және егер Тараптардың бірде-біреуі кезекті кезең аяқталғанға дейін бір жылдан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық мерзімдерге автоматты түрде ұзартылады.

      20__ жылғы "___" _________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің күші бірдей.

      Осы Келісімнің мәтінін түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады