"Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 112 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Смайылов

Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 10, 17 және 21-баптарына сәйкес жэне қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңінен хабардар ету, атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін арттыру, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Орталық атқарушы органдар (Қазақстан Республикасының Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерін қоспағанда):

      1) жергілікті халықтың мәселелерін жедел шешу мақсатында жьш ішінде "сұрақ-жауап" форматында халықпен кездесулер (бұдан әрі - өңірлік кездесулер) өткізсін;

      2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда аудан орталықтарымен және басқа елді мекендермен бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы өңірлік кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін;

      3) өңірлік кездесуде баяндама жоспарланған уақыттың төрттен бір бөлігінен аспауы тиіс;

      4) халықпен өңірлік кездесу өткізгенге дейін:

      өңірлік кездесуді ұйымдастыруда, оның ішінде оны өткізу күні мен уақытын анықтау кезінде оның халыққа ыңғайлы болуын;

      өңірлерді саралау және басымдықтарын белгілеу мақсатында өңірлер бөлінісінде ағымдағы жағдайғаталдау жүргізуді;

      жыл сайын, 15 желтоқсаннан кешіктірмей, орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары мен ведомстволары төрағаларының кездесулерін өткізудің жоспарланған күндері мен форматын (онлайн/офлайн) көрсете отырып, Ақпараттық ашықтық және халықпен коммуникация жоспарын (бұдан әрі - ведомстволық жоспар) әзірлеуді және бекітуді;

      орталық мемлекеттік орган басшыларының халықпен өңірлік кездесулерінің жылдық графигін (бұдан әрі - график) қалыптастыру үшін жыл сайын, 1 желтоқсаннан кешіктірмей орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларының өңірлік кездесулері жөніндегі келесі күнтізбелік жылға ұсыныстарды бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органға жіберуді;

      орталық атқарушы органдардың салалық құрылымдық бөлімшелерімен және ведомстволарымен бейнеконференцбайланыс өткізілетін орынды айқындау және ұйымдастыру мәселелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісуді;

      өңірлік кездесулерді ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілердегі ресми және жеке аккаунттарда, сондай-ақ график пен ведомстволық жоспарды, алдағы кездесулерге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жіберу тәсілдері туралы ақпаратты жария хабарлау үшін жалпыға қолжетімді орындарда ақпараттық жария етуді;

      бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өңірлік кездесулерді өткізудің барлық кезеңдерінде тұрақты ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды және ақпарат алмасуды қамтамасыз етсін;

      5) халықпен әрбір өңірлік кездесуді өткізу шеңберінде:

      азаматтарды жеке қабылдауды;

      коммерциялық емес ұйымдармен салалық кездесулерді;

      бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифингті қамтамасыз етсін;

      6) әрбір өңірлік кездесудің қорытындысы бойынша барлық айтылған мәселелердің саралауды және оларды жүйелеуді жүргізсін;

      7) өңірлік кездесулерде халық кетерген проблемалық мәселелердің шешілу барысы туралы ақпаратты тоқсан сайын орталық атқарушы органның ресми интернет-ресурсында орналастырсын;

      8) қандай да бір өңірдегі жетекшілік ететін салада ахуалдың нашарлау қаупі болжанатын не туындаған жағдайда орталық атқарушы органның бірінші басшысы халықпен өңірлік кездесуді графиктен тыс өткізсін.

      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жарты жылда бір рет орталық атқарушы органдарға өңірлердің халқы көтерген жүйелі проблемалар мен мәселелер туралы ақпарат ұсынатын болсын.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:

      1) орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен өңірлік кездесулеріне қатыссын;

      2) барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің қорытындылары бойынша өңірдің орталық атқарушы органдары, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін жүйелі проблемаларын жинақтап, өңірлік кездесулерді өткізу кезінде ескеру үшін жарты жылда бір рет құзыреті бойынша орталық атқарушы органдарға жіберсін.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша өңірлік кездесулердің қорытындысы бойынша халық көтерген проблемаларды шешу жөнінде шаралар қабылдауды;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарында өңірлік кездесулерді өткізу қорытындыларын жартыжылдық негізде қарауды;

      3) жыл сайын 10 қаңтардан кешіктірмей, өңірдің салалық басымдығын негізге ала отырып графикті бекітуді;

      4) әлеуметтік шиеленістің және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздану қаупі жоғары болған жағдайда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының орталық атқарушы органдардың өңірлік кездесулеріне қатысуын қамтамасыз етсін.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында өңірлік кездесулер өткізілетіні туралы хабарлауды және өткізу барысы мен нәтижелерін кеңінен жария етуді ақпараттық қамтамасыз етсін.

      6. Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган:

      1) жыл сайын 15 желтоқсаннан кешіктірмей, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне графикті енгізуді;

      2) орталық атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау шеңберінде өңірлік кездесулерді өткізу нәтижелерін есепке алуды;

      3) халықпен өңірлік кездесулер өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуді және орталық атқарушы органдардың назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      8. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады