"Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 наурыздағы № 140 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке түсіндірме жазбада экономикалық жағдай, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтардың іске асырылуы, тиісті кезеңге арналған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың, саланы/аяны дамыту тұжырымдамасының, ұлттық жобалардың іске асырылуы және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң баптарының орындалуы туралы талдамалық ақпарат көрсетіледі";

      8-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервтің, Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің бөлінбеген қалдығын қоспағанда, түзетілген бюджеттің бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден асып кету сомасы, сондай-ақ өткен қаржы жылында бөлінген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша толық пайдалануға рұқсат етілген пайдаланылмаған нысаналы даму трансферттерін қайтару сомасы республикалық бюджет қаражатының игерілмеген сомасы болып табылады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есеп есепті қаржы жылында түзетілген республикалық бюджеттің атқарылуын көрсетеді және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік орган жүргізген бюджеттік мониторинг нәтижелері мен нәтижелерді бағалауға негізделген республикалық бюджеттік бағдарламалардың түсімдері және оларды іске асыру жөніндегі талдамалық деректерді қамтиды.

      Түсімдер бойынша талдамалық есепте мынадай ақпарат қамтылады:

      республикалық бюджет кірістері туралы, оның ішінде түсімдер жоспарының атқарылуына әсер ететін негізгі факторларды және кірістер түсімдерінің жоспарынан іс жүзіндегі атқарылудың ауытқу себептерін баяндай отырып, салықтық түсімдердің, салықтық емес түсімдердің, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің, трансферттер түсімдерінің атқарылуын талдау;

      бюджеттік кредиттерді өтеуден түсетін түсімдер туралы, оның ішінде іс жүзіндегі атқарылудың бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша қаражаттың түсу жоспарынан ауытқуының негізгі факторлары мен себептері.

      Республикалық бюджеттің шығыстары бойынша талдамалық есепте мынадай ақпарат қамтылады:

      бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде шығыстардың ведомстволық сыныптамасы бойынша қалыптастырылатын республикалық бюджеттің шығыстары туралы;

      республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша тапшылықтың (профициттің) іс жүзінде қалыптасқан сомасын түсіндіретін бюджет тапшылығы (профициті) туралы;

      қарызға алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабуды іс жүзінде қамтамасыз ету немесе бюджет профицитін, қарыз қаражатын, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарын қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жұмсау жолымен бюджет профицитін пайдалану нәтижелерін қамтитын бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) туралы.

      Республикалық бюджеттің шығыстары туралы талдамалық ақпаратта мыналар қамтылады:

      1) мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша:

      мемлекеттік органның даму жоспарының стратегиялық мақсаттарын іске асыру және нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы;

      бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштерін көрсете отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша мемлекеттік органның даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бюджет қаражаты, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпарат;

      2) мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша:

      қол жеткізілген (жеткізілмеген) көрсеткіштер көрсетіле отырып, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражаттың игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпарат.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын, ағымдағы жылғы 20 сәуірден кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне береді.

      Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті қарау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламентінде республикалық бюджеттен алынған нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      Тиісті мемлекеттік органдар есепті қаржы жылында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің жобасын уақтылы дайындау мақсатында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мәндерді мың теңгемен көрсете отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты ұсынады:

      мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – есепті жылдан кейінгі жылдың 20 ақпанынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы және елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру шеңберінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы талдамалық ақпарат;

      республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері:

      есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей:

      мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылуы туралы есеп;

      бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуы туралы есеп;

      республикалық бюджеттің шығыстары туралы талдамалық ақпарат;

      тиісті мемлекеттік органның квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қаражат қалдықтарының қалыптасу себептері көрсетілген олар туралы ақпарат;

      есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызынан кешіктірмей мемлекеттік бағдарламалардың, саланы/аяны дамыту тұжырымдамасының, ұлттық жобалардың іске асырылуы туралы есептер, сондай-ақ есепті жылы көзделген және олардың іске асырылуына пайдаланылған қаражат, жоспарланған іс-шаралардың орындалу (орындалмау) нәтижелері және себептері, олардың саланың, өңірдің, елдің дамуына ықпалы көрсетілген талдамалық ақпарат.

      Мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің талдамалық ақпаратында мынадай ақпарат қамтылады:

      стратегиялық мақсаттарды іске асыру және нысаналы индикаторларға қол жеткізбеу (оларды асыра орындау) себептері түсіндірілген, мемлекеттік органның даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткізу туралы (қаржы жылы ішінде бекітілген мәндермен, нысаналы индикаторлардың көлемдерімен және санымен салыстырғанда өзгерістер болған жағдайда, енгізілген өзгерістердің себептері көрсетіледі);

      бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша мемлекеттік органның даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бюджет қаражаты және олардың орындалмау (асыра орындалу) себептері көрсетілген бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштері туралы.

      Мемлекеттік органның даму жоспарларын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің талдамалық ақпаратында іске асырылатын бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражаттың игерілуі және оларға қол жеткізбеу (оларды асыра орындау) себептері көрсетілген, қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) нәтижелер көрсеткіштері туралы ақпарат қамтылады.

      Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік қаражаты бойынша бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша жоспарлы және іс жүзінде игерілген сомалар, қаражат игерілмеген жағдайда – игерілмеу себептері көрсетіледі.

      Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган басқа қажетті ақпаратты сұратады және өз құзыреті шегінде қосымша нысандарды белгілейді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады