"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 наурыздағы № 162 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы № 45 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.01.2024 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысына мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      4) 1 және 2-топтағы мүгедектер;

      5) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiткен аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар (бұдан әрі – кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімі);

      7) жасына байланысты зейнеткерлер;

      8) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұндай адамдар әскери қызметке шақырылатын болса, жасы мерзiмдi әскери қызмет өткеру мерзiмiне ұзартылады;

      9) қандастар;

      10) экологиялық апаттар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      11) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      12) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызмет атқару, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе оны жүзеге асыру, адам өмiрiн құтқару, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

      13) толық емес отбасылар жатады.";

      мынадай мазмұндағы 11-3-тармақпен толықтырылсын:

      "11-3. Егер 1 немесе 2-топтағы мүгедектік он сегіз жасқа толған, отбасы мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы ретінде есепте тұрған мүгедек балаға белгіленсе, оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжай беру кезектілігі тұрғынжайды алғанға дейін сақталады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады