"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 наурыздағы № 171 қаулысы


      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  ЖОБА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім):

      1) 183-баптың 1-тармағындағы "тараптардың медиация туралы шарт жасасуы," деген сөздерден кейін "нотариустың атқарушылық жазба жасауы," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 20-тарау мынадай мазмұндағы 351-1-баппен толықтырылсын:

      "351-1-бап. Шарттық залалдар

      1. Міндеттеме тараптары өздерінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруы кезінде әрекеттер жасай отырып, өз келісімінде міндеттемені бұзған борышкер міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін кредиторға белгілі бір соманы (шарттық залалдар) төлеуге міндетті деп көздей алады.

      Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, кредитор борышкердің міндеттемені орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан өзіне келтірілген залалдардың нақты мөлшеріне қарамастан, шарттық залалдар сомасын төлеуді талап етуге құқылы.

      Тараптар арасында шарттық залалдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді көздейтін келісім болған жағдайда, осы Кодекстің 350 және 351-баптарында көзделген залалдарды және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу тәртібі қолданылмайды.

      2. Егер борышкер шарттық залалдар сомасы міндеттемені бұзу салдарына қарағанда анық мөлшерлес емес және шарттық залалдарды шартта көзделген мөлшерде өндіріп алу кредитордың өз құқығын теріс пайдалануының салдары болып табылатынын дәлелдей алса, шарттық залалдар сомасын ақылға қонымды шекке дейін азайтуға айрықша жағдайларда жол беріледі.

      Егер шартты бұзу қасақана сипатта болса, сот шарттық залалдар сомасын азайтуға құқылы емес.

      3. Осы баптың ережелері оларға қатысты заңнамада тараптар үшін міндетті ережелер (үлгілік шарттар, ережелер және т.б.) белгіленген жария шарттарға қолданылмайды.";

      3) 359-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "Заңдарда" деген сөз "Заңнамалық актілерде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 22-тарау мынадай мазмұндағы 392-1-баппен толықтырылсын:

      "392-1-бап. Мән-жайлар туралы куәландыру

      1. Шартты жасасушы тараптың шартты жасау, оны орындау немесе тоқтату үшін елеулі маңызы бар екінші тараптың мән-жайлар туралы дәйексіз куәландыруын ақылға қонымды түрде негізге ала отырып, осындай куәландырудың дәйексіздігімен келтірілген өзінің залалдарын немесе шартта көзделген айыпақы төлемін, егер:

      1) мән-жайлар туралы куәландыру жазбаша нысанда жасалған және шартта осындай куәландыруды берген тұлғаның осы арқылы өзі үшін міндеттемелер немесе өзге де заңдық салдарлар жасау жөніндегі айқын ниеті бар болса;

      2) мән-жайлар туралы дәйексіз куәландыруды берген тарап олардың дәйексіздігі туралы және келісімшарт жасаушы агенттің шарт жасасу кезінде осындай дәйексіз куәландыруға сүйенгендігі туралы білгені немесе білуі тиіс болғаны дәлелденсе, өтеткізіп алуға құқығы бар.

      2. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты дәйексіз куәландыруды берген тұлға, ол өзі берген куәландырудың дәйексіздігін білмесе де және білуге тиіс болмаса да, егер шартта өзгеше белгіленбесе, осы баптың 1-тармағында көзделген жауаптылықта болады. Бұл ретте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде дәйексіз куәландыруды берген тұлға екінші тараптың осындай куәландыруға сүйенетіндігін білген болып саналады.

      3. Өзі үшін елеулі маңызы бар келісімшарт жасаушы агенттің дәйексіз куәландыруына сүйенген тарап, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, залалдарды өтеу немесе айыпақыны өндіріп алу туралы талаппен бірге шарттан бас тартуға да құқылы.

      4. Басқа тарап ұсынған дәйексіз куәландырудан туындаған алдаудың немесе елеулі жаңылыстырудың ықпалымен шарт жасасқан тарап шарттан бас тартудың (осы баптың 3-тармағы) орнына шартты жарамсыз деп тануды (осы Кодекстің 159-бабының 8 және 9-тармақтары) талап етуге құқылы.

      5. Шартты жарамсыз деп тану осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген салдарлардың туындауына кедергі келтірмейді.

      6. Осы бапты венчурлік қордың жасалатын шарттарына қатысты қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес венчурлік қаржыландыру мақсатында жасалатын шарттардың ерекшеліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      5) 23-тарау мынадай мазмұндағы 394-1-баппен толықтырылсын:

      "394-1-бап. Шартты жасасу туралы келіссөздер

      1. Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізуге ерікті, оларды жүргізумен байланысты шығыстарды дербес көтереді және келісімге қол жеткізілмегені үшін жауапты болмайды.

      2. Келіссөздерді жүргізу кезінде жосықсыз әрекеттермен келтірілген залалдар осы Кодекстің 921-1-бабында көзделген тәртіппен өтеледі.

      3. Тараптар келіссөздерді жүргізу тәртібі туралы келісім жасаса алады. Мұндай келісім келіссөздерді адал жүргізуге қойылатын талаптарды нақтылауы, келіссөздерді жүргізуге шығыстарды бөлу тәртібін белгілеуі, келіссөздерден бас тартқаны үшін төлемді және өзге де ұқсас құқықтар мен міндеттерді көздеуі мүмкін. Келіссөздерді жүргізу тәртібі туралы келісім онда көзделген ережелерді бұзғаны үшін айыпақы белгілей алады.

      Осы Кодекстің 921-1-бабында көзделген, келісім тараптарының жосықсыз әрекеттері үшін жауаптылықты шектейтін келіссөздерді жүргізу тәртібі туралы келісімнің шарттары мәнсіз болады.".

      2. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім):

      1) 563-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шартта осындай жауапкершіліктің басталу талаптары тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жалға берушi қандай да болсын құқықтары жоқ үшiншi бiр тұлғаның құқыққа сыйымсыз ұстанымымен жол берілген жалға алынған мүлiктi пайдаланудың бұзылғаны үшiн жалға алушының алдында жауапты болмайды.";

      2) 712-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "712-бап. Ұстап қалу құқығы

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, экспедитор жүктi тек оның экспедициялық қызмет көрсеткенi үшiн алуы тиiс сыйақының төленбеуiне байланысты ғана ұстап қалуға құқылы.";

      3) 740-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) осы Кодекстің 39-1-тарауына сәйкес шартты түрде депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, шартты түрде депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға;";

      4) 741-баптың екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) осы Кодекстің 39-1-тарауына сәйкес шартты түрде депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, шартты түрде депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға;";

      5) 768-баптың 2-тармағындағы "Сақтау шарты" деген сөздерден кейін ", егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе," деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 4-бөлім мынадай мазмұндағы 39-1-тараумен толықтырылсын:

      "39-1-тарау. Шартты түрде депонирлеу (эскроу)

      802-1-бап. Шартты түрде депонирлеу шарты (эскроу)

      1. Шартты түрде депонирлеу шарты (эскроу) бойынша депонент мүлікті пайдасына депонирлеу жүзеге асырылатын басқа тұлғаға (бенефициарға) беруі жөніндегі депоненттің міндеттемесін орындау мақсатында мүлікті эскроу-агентке депонирлеуге беруге міндеттенеді, ал эскроу-агент осы мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге және шартта көрсетілген негіздемелер туындаған кезде оны бенефициарға беруге міндеттенеді.

      Эскроу шарты депоненттің, бенефициардың және эскроу-агенттің арасында жасалады және онда мүлікті депонирлеу мерзімі көзделуге тиіс. Эскроу шартының қолданылу мерзімі бес жылдан аспауға тиіс. Ұзақ мерзімге немесе мерзімі көрсетілмей жасалған эскроу шарты бес жылға жасалған болып есептеледі.

      Эскроу-агенттерге банктер және нотариустар жатады.

      Шартты түрде депонирлеу (эскроу) шарты негізінде банк шотына есепке жатқызумен ақшаны және (немесе) құжатсыз бағалы қағаздарды депонирлеу жағдайларын қоспағанда, эскроу шарты нотариаттық куәландырылуға жатады.

      2. Мүлікті бенефициарға беру үшін эскроу шартында көрсетілген негіздер туындаған кезде (оның ішінде шартта көзделген мән-жайлар / қойылатын шарттар пайда болған кезде және/немесе бенефициар, депонент немесе үшінші тұлға шартта көзделген іс-әрекеттерді жасаған кезде не шартта белгіленген мерзім немесе оқиға туындаған кезде) эскроу-агент эскроу шартының талаптарына сәйкес депонирленген мүлікті бенефициарға беруге міндетті. Егер эксроу шартында көрсетілген мүлікті бенефициарға берудің негіздері эскроу шартының қолданылу мерзімі ішінде туындамаса, эскроу-агент алынған мүлікті депонентке қайтаруға міндетті.

      3. Депонирлеудің объектісі ақша мен банк шоттарындағы ақша, құжатталған және құжатсыз бағалы қағаздар мен құжаттар болуы мүмкін.

      4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, депонирлеудің объектісін эскроу-агентке бергеннен кейін және эскроу шартының барлық қолданылу кезеңі ішінде депонент осы мүлікке билік етуге құқылы емес.

      5. Тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе, мүлікті бенефициарға беру жөніндегі депоненттің міндеттемесі осы мүлікті эскроу-агентке берген кезден бастап орындалған болып есептеледі.

      6. Тараптар екіжақты шарт тараптарының бір-біріне беруіне (өзара эскроу) жататын эскроу-агенттің мүлкі депонирленуге тиіс болуын негізге алып шарт жасасуы мүмкін.

      7. Бағалы қағаздарды депонирлеу бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Банк шотының есебіне жатқызу арқылы ақшаны депонирлеу Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      802-2-бап. Эскроу-агенттің сыйақысы

      1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, эскроу-агент өз міндеттемелерін орындағаны үшін сыйақы төлеуді талап етуге құқылы.

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, депоненттің және бенефициардың эскроу-агентке сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемесі ортақтасқан міндеттеме болып табылады.

      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, эскроу-агент депоненттен алынған мүлікті өзінің сыйақысын төлеудің немесе төлемді қамтамасыз етудің есебіне жатқызуға немесе ұстап қалуға құқылы емес.

      802-3-бап. Мүлікті бенефициарға беру үшін негіздерді тексеру

      Эскроу шартында эскроу-агенттің мүлікті бенефициарға беруі үшін негіздердің бар екендігін тексеру міндеті көзделуі мүмкін.

      802-4-бап. Депонирленген мүліктің оқшаулануы

      1. Эскроу-агентке депонирлеуге берілген мүлік оның мүлкінен оқшаулануы тиіс. Бұл мүлік Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасына сәйкес шартты түрде депонирлеу (эскроу) шарты негізінде банк шотына аударыла отырып, ақшаны депонирлеу жағдайларын қоспағанда, жеке баланста көрсетіледі және (немесе) ол бойынша оқшауланған есеп жүргізіледі.

      2. Эскроу-агенттің өзіне депонирлеуге берілген мүлікті сол тектегі өзге (оның ішінде өзінің) мүлкімен араластыруы эскроу-агенттің депонент және бенефициар алдындағы міндеттемесін тоқтатпайды.

      3. Егер шартта өзгеше көзделмесе немесе міндеттеменің мәнінен туындамаса, эскроу-агент оған депонирлеуге берілген мүлікті пайдалануға және оған билік етуге құқылы емес.

      802-5-бап. Заттарды депонирлеудің ерекшеліктері

      1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заттарды депонирлеуге берген жағдайда оларды бенефициарға беру үшін негіздер туындайтын күнге дейін депонент оларға меншік құқығын сақтайды, ал көрсетілген күннен кейін депонирленген заттарға меншік құқығы бенефициарға өтеді.

      2. Эскроу-агент өзіне депонирлеуге берілген заттардың тиісінше сақталуын қамтамасыз етуге міндетті және, егер бұл мән-жайлардың еңсерілмейтін күштің салдарынан не эскроу-агент оларды депонирлеуге қабылдай отырып, не депоненттің пиғылы немесе өрескел абайсыздығы нәтижесінде білмеген және білуге тиіс болмаған заттардың қасиеттеріне байланысты болғанын дәлелдей алмаса, олардың жоғалғаны, жетіспегені немесе бүлінгені үшін жауап береді.

      3. Егер осы тараудың қағидаларында, шартта өзгеше көзделмесе немесе міндеттеменің мәнінен туындамаса, меншік құқығы депонентте сақталатын заттарды депонирлеуге беруді көздейтін эскроу шарты бойынша қатынастарға осы Кодекстің 39-тарауының ережелері қолданылады.

      802-6-бап.

      Эскроу шарты тараптарына қойылатын талаптар бойынша мүлікке өндіріп алуды қолданудың ерекшеліктері

      1. Депонирленген мүлікке өндіріп алуды қолдануға немесе оған қатысты эскроу-агенттің не депоненттің борыштары бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.

      2. Эскроу шарты тоқтатылған, осы Кодекстің 802-1-бабының 1-тармағында көзделген оның қолданылу мерзімі өткен не ол бойынша міндеттемелер бұзылған жағдайларда депоненттің борыштары бойынша өндіріп алу депоненттің бенефициарға немесе эскроу-агентке құқығына (талап етуіне) қолданылуы мүмкін.

      3. Бенефициардың борыштары бойынша өндіріп алу оның депонирленген мүлікті беру туралы эскроу-агентке құқығына (талабына) қолданылуы мүмкін.

      802-7-бап. Эскроу шартын тоқтату

      1. Эскроу шарты эскроу-агент болып табылатын нотариустың өкілеттіктерін тоқтату, заңды тұлға болып табылатын эскроу-агенттің таратылуы, эскроу шарты мерзімінің аяқталуы салдарынан, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша көзделген өзге де негіздер бойынша тоқтатылады.

      Депонент пен бенефициар бас тарту туралы жазбаша нысанда немесе эскроу шартында көзделген өзге тәсілмен эскроу-агентке бірлескен хабарлама жібере отырып, эскроу шартынан бас тартуы мүмкін.

      2. Егер депонент пен бенефициардың келісімінде өзгеше көзделмесе, эскроу шарты тоқтатылған кезде депонирленген мүлік депонентке қайтарылуға жатады, ал осы мүлікті бенефициарға беру үшін негіздер туындаған кезде бенефициарға беруге жатады.

      3. Осы бапта көзделген мән-жайлар туындағанға дейін тараптардың келісімі бойынша банк шотының есебіне жатқызу арқылы ақшаны депонирлеумен байланысты емес эскроу шарты бойынша эскроу-агенттің міндеттемелері шартта көзделгендей талаптарда не тараптармен келісілген өзгерістер енгізіле отырып, басқа эскроу-агентке берілуі мүмкін.

      Егер эскроу-агенттің міндеттемелері басқа эскроу-агентке берілмеген болса, депонирленген мүлік депонентке қайтарылуға жатады, ал осы мүлікті бенефициарға беру үшін негіздер туындаған кезде бенефициарға беруге жатады.";

      7) 4-бөлім мынадай мазмұндағы 43-1-тараумен толықтырылсын:

      "43-1-тарау. Агенттік шарт

      882-1-бап. Агенттік шарт

      1. Агенттік шарт бойынша бір тұлға (принципал) кәсіпкер ретінде дербес қызметпен тұрақты айналысатын басқа тұлғаға (коммерциялық агентке) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу туралы келіссөздер жүргізу кезінде және/немесе мәміле талаптарын талқылауда және принципал атынан мәміле жасасуда принципал атынан және оның есебінен үшінші тұлғалармен қарым-қатынас жасауға тапсырма береді.

      Агенттік шарт бірнеше коммерциялық агентпен жасалуы мүмкін.

      2. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да коммерциялық агент болуы мүмкін.

      3. Коммерциялық агенттер ұғымына мыналар:

      1) қор немесе тауар биржаларының жұмыскерлері мен лауазымды адамдары;

      2) кәмелетке толмаған және әрекетке қабiлетсіз адамдардың заңды өкілі болып табылатын адамдар;

      3) заңды тұлғалардың лауазымды адамдары;

      4) делдалдық қызметті өтеусіз жүзеге асыратын тұлғалар;

      5) "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыратын әкімшілер;

      6) принципалмен еңбек шартын жасасқан тұлғалар;

      7) тендерді, аукционды және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген сауда-саттықтың өзге де нысандарын ұйымдастырған және өткізген кезде агенттік қызмет көрсететін тұлғалар;

      8) сақтандыру агенттерінің тізіліміне енгізілген және бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кірмейді.

      Егер шартта, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, агенттік шарт жасаспаған делдалдық қызметпен немесе басқа тұлғалардың мүддесінде мәмілелер жасаумен айналысатын тұлғаларға осы тараудың қағидалары қолданылмайды.

      4. Агенттік шарт жазбаша нысанда жасалады.

      5. Агенттік шарт белгілі бір мерзімге немесе оның қолданылу мерзімі көрсетілмей жасалуы мүмкін.

      6. Сыйақының мөлшері және оны төлеу тәртібі агенттік шартта айқындалады.

      Егер шартта коммерциялық агент сыйақысының мөлшері көзделмеген болса және оны шарт талаптарын негізге ала отырып айқындау мүмкін болмаса, сыйақы ұқсас тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өткізу кезіндегі шарт бойынша агент функцияларын жүзеге асыру үшін әдетте салыстырмалы мән-жайлар кезінде алынатын баға бойынша айқындалатын мөлшерде төленуге жатады.

      7. Заңнамалық актілерде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыру кезінде агенттік шарттың ерекшеліктері көзделуі мүмкін.

      882-2-бап. Коммерциялық агенттің міндеттері

      1. Коммерциялық агент:

      1) принципалдың заңды мүдделерін сақтай отырып, оның агенті ретінде принципалдың атынан мәмілелер жасасуға ақылға қонымды күш-жігерін салуға немесе жасасуға;

      2) жасасқан шарттар туралы принципалды хабардар етуге;

      3) агенттік шартта көрсетілген, жасалған мәмілелер туралы қажетті ақпаратты принципалға хабарлауға;

      4) ұсынылған өкілеттіктер шеңберінде берілген принципалдың өкімдерін орындауға;

      5) өз есебінен немесе басқа принципалдың есебінен принципалдың тауарларына, жұмыстарына және көрсетілген қызметтеріне ұқсас тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынуға принципалдың алдын ала келісімін алуға міндетті.

      2. Коммерциялық агентке шартпен өзге де міндеттер жүктелуі мүмкін.

      3. Коммерциялық агент бір мезгілде мынадай шарттар болған кезде:

      1) міндеттеме жазбаша нысанда жазылған болса;

      2) ол нақты айқындалған мәмілеге не белгілі бір тұлғалармен бірнеше мәмілеге қолданылса;

      3) міндеттемеде сыйақы мөлшеріне және төлеу мерзіміне нұсқау қамтылса, принципалға немесе үшінші тұлғаға қатысты мәмілені (делькредерені) орындау үшін міндеттемені өзіне қабылдаған болып есептеледі.

      4. Осы баптың 3-тармағының қағидаларына сәйкес келмейтін мәмілелерді (делькредерені) орындағаны үшін міндеттемені қабылдау туралы келісім жасалмаған болып есептеледі.

      882-3-бап. Принципалдың міндеттері

      1. Принципал:

      1) коммерциялық агентке суреттерді, прейскуранттарды, жарнама проспектілерін қоса алғанда, тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы қажетті ақпаратты және мәміле шарттарын ұсынуға;

      2) коммерциялық агентті делдалдық туралы шартты орындау үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге;

      3) коммерциялық агентті жасалатын мәміленің көлемі туралы, егер әдеттегі айналым кезінде коммерциялық агент өзі шамалап отырған көлемнен оның едәуір айырмашылығы болса, ақылға қонымды мерзімде ескертуге;

      4) коммерциялық агент ұсынған мәмілелердің қабылдануы, қабылданбауы немесе орындалмауы туралы оны ақылға қонымды мерзімде хабардар етуге;

      5) коммерциялық агентке сыйақы төлеуге міндетті.

      2. Шартта, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде принципалдың өзге де міндеттері көзделуі мүмкін.

      882-4-бап. Агенттік шартты тоқтату

      1. Агенттік шарт міндеттемелерді тоқтатудың жалпы негіздерімен қатар:

      1) тараптардың бірі қолданылуының аяқталу мерзімі айқындалмай жасалған шартты орындаудан бас тартқан;

      2) коммерциялық агент және (немесе) принципиал қайтыс болған, ол әрекетке қабiлетсіз, әрекетке қабiлеттiлігі шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған;

      3) коммерциялық агент немесе принципиал болып табылатын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер дәрменсiз (банкрот) деп танылған;

      4) осы Кодекстің 49-бабында көзделген негіздер бойынша коммерциялық агент немесе принципал болып табылатын заңды тұлға таратылған өзге де жағдайларда тоқтатылады.

      882-5-бап. Коммерциялық агентке өтемақы

      1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін коммерциялық агент мынадай шарттар болған кезде:

      1) принципалдың агенттік шарт тоқтатылғаннан кейін де коммерциялық агент тартқан жаңа клиенттермен іскерлік байланыстан айтарлықтай пайдасы болса;

      2) коммерциялық агент агенттік шарттың аяқталуы салдарынан өзі тартқан клиенттермен жасалып қойған немесе болашақта жүзеге асырылуы мүмкін мәмілелердің жалғасуы кезінде иеленуі мүмкін сыйақы алуға құқығын жоғалтса;

      3) барлық мән-жайлар ескеріле отырып, өтемақы төлеу ақылға сыйымдылық пен әдiлеттiлiк талаптарына сәйкес келсе, өтемақы алуға құқығы бар.

      2. Өтемақы қызмет кезеңі үшін сыйақының орташа шамасын құрайды.

      3. Өтемақы:

      1) егер принципал коммерциялық агенттің шарттық міндеттемелерді орындамауы салдарынан шартты бұзса;

      2) коммерциялық агент делдалдық шарт бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін принципалдың келісуімен үшінші тұлғаға берген кезде;

      3) коммерциялық агент агенттік шарт бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін принципалдың келісуімен басқа тұлғаға бергенде, төленбейді.

      4. Коммерциялық агенттің өтемақы алу құқығы болашаққа алынып тасталмайды. Егер тараптардың келісімімен өзгеше мерзім белгіленбесе, оны делдалдық шарты тоқтатылғаннан кейін бір жыл ішінде талап етуге болады.";

      8) 47-тарау мынадай мазмұндағы 921-1-баппен толықтырылсын:

      "921-1-бап.

      Шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізу кезінде жосықсыз әрекеттерден келтірілген зиян үшін жауапкершілік

      1. Шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізу кезінде жосықсыз әрекеттерден келтірілген зиянды зиян келтірген тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген мөлшерде өтеуге тиіс.

      Келіссөздер жүргізу кезіндегі жосықсыз әрекеттер:

      1) контрагентке көрінеу дәйексіз ақпарат ұсыну немесе шарттың сипатына байланысты контрагенттің назарына жеткізілуге тиіс қолда бар ақпаратты бермеу;

      2) шарт жасасу туралы келіссөздер барысында алынған құпия ақпаратты ашу және (немесе) тиісінше пайдаланбау;

      3) екінші тараптың шарт жасасу туралы күтілетін ниеті болмаған кезде тараптардың бірінің шарт жасасу туралы келіссөздерді негізсіз тоқтатуы болып табылады.

      2. Келіссөздер жүргізу кезінде жосықсыз әрекеттерден келтірілген зиянды өтеу нәтижесінде жәбірленушінің жосықсыз контрагентпен келіссөздерді бастамай тұрғандағы жағдайы қалпына келтірілуге тиіс.

      Жосықсыз тараптың өтеуіне жататын залал деп екінші тараптың шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізуге байланысты шеккен шығыстары танылады.

      3. Тұлғаның шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізу кезінде жосықсыз әрекеттерден келтірілген зиянды өтеу міндеті туралы осы баптың ережелері "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұтынушылар деп танылатын азаматтарға қолданылмайды.".

      3. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне:

      156-баптың бірінші бөлігі 1) тармақшасының екінші абзацы "банктік шоттардағы ақшаға нотариус депозиті шарттарында енгізілген," деген сөздерден кейін "шартты депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға," деген сөздермен толықтырылсын.

      4. "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      125-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің 2) тармақшасындағы "еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, клиенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша;" деген абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес жасалған шартты депонирлеу шарттары (эскроу) бойынша;".

      5. "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      17-баптың алтыншы бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер шартта залалдардың толық сомасын өтеу көзделмесе, жүктi немесе багажды тасымалдау кезiнде келтiрiлген залал:".

      6. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 36-баптың 2-тармағының бірінші абзацындағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны," деген сөздерден кейін "шартты депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаны," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 51-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) шартты депонирлеу (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға;".

      7. "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 13-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-тарау.

      Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін беру. Ақшаны депозитке қабылдау. Мүлікті шартты депонирлеуге (эскроу) қабылдау";

      2) 13-тарау мынадай мазмұндағы 86-1-баппен толықтырылсын:

      "86-1 бап. Мүлікті шартты депонирлеуге (эскроу) қабылдау

      Заңнамада көзделген жағдайларда, нотариус кредитор мен борышкердің бірлескен өтініші негізінде қолма-қол ақшаны, құжатталған және құжатсыз бағалы қағаздар мен құжаттарды шартты депонирлеуге (эскроу) қабылдайды.".

      8. "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 37-баптың 4-тармағының екінші бөлігіндегі "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ олардың негізінде жасалатын шарттарда" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 76-баптың 5-тармағындағы "Тасымалдаушы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген зиянның орнын толтырумен бiрге," деген сөздер "Егер шартта залалдардың толық сомасын өтеу көзделмесе, тасымалдаушы осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген зиянның орнын толтырумен бiрге," деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 91-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі "Жүктi тасымалдау үшiн" деген сөздер "Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүкті тасымалдау үшін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 103-баптың 2-тармағындағы "Жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы" деген сөздер "Егер шартта залалдардың толық сомасын өтеу көзделмесе, жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы" деген сөздермен ауыстырылсын.

      10. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 58-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) шартты депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға;";

      2) 62-баптың 3-тармағының екінші бөлігі мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) шартты депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшаға;";

      3) 98-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 19-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "19-2) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 39-1-тарауына сәйкес шартты депонирлеу шартының (эскроу) талаптарына байланысты іс бойынша сот актісі бойынша ғана, шартты депонирлеу шартының (эскроу) негізінде банк шоттарындағы ақшадан;".

      11. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      195-баптағы "мәмілесін сот ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп тануы мүмкін." деген сөздер "мәмілесі маңызсыз болып табылады." деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады