Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2000 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке 2000 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.08.2022 № 549 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 190 қаулысымен мақұлданған Жоба |
2000 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
2000 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 7-бабын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер енгізілсін:
2, 3-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Тараптар жыл сайын баламалы негізде 100 адамға дейін білім алушылармен алмасуды жүзеге асырады.
Қазақстан тарапы мынадай білім беру салалары бойынша: "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" – 50 адамды (бакалавриат – 40, магистратура – 10), "денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)" – 5 адамды (үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы (6 жылдық оқу) 2022 – 2023 оқу жылынан бастап + резидентура (5 жылға дейінгі оқу), "ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "өнер және гуманитарлық ғылымдар", "әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат", "бизнес, басқару және құқық" – 45 адамды (бакалавриат – 35, магистратура – 10) оқытуды ұсынады.
Тәжік тарапы техникалық мамандықтар бойынша – 50 адамды (бакалавриат – 40, магистратура – 10), медициналық мамандықтар бойынша – 5 адамды (бакалавриат/специалитет/интернатура – 5), гуманитарлық-экономикалық мамандықтар бойынша – 45 адамды (бакалавриат – 35, магистратура – 10) оқытуды ұсынады.
Қабылдаушы Тарап алмасуға қатысушыларды оқуға, оқу құралдарын, ғылыми-техникалық құжаттаманы, зерттеу құралдарын пайдалануға төлем төлеуден босатады және олардың:
оқытатын мемлекетте қолданылатын білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес оқуын, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуін;
өз мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайда жоғары оқу орнының жатақханасында тұруын;
қабылдаушы Тараптың денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнамасы шеңберінде медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қабылдаушы Тарап алмасуға қатысушыларға өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес стипендия төлейді.
Көлік шығыстарын төлеу алмасуға қатысушылар есебінен жүргізіледі.
3. Қабылдаушы Тарап жыл сайын 30 наурызға дейін жіберуші Тарапқа мамандықтар мен жоғары оқу орындары атауларының тізбесін ұсынады.
Жіберуші Тарап жыл сайын 30 мамырдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа осы Келісімнің 2-бабына сәйкес кандидаттардың оқуға қажетті құжаттарын ұсынады.
Қабылдаушы Тарап ұлттық заңнамасына сәйкес көрсетілген мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына кандидаттарды қабылдау бойынша қабылданған шешім туралы ақпаратты жібереді.
Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа оқу басталғанға дейінгі екі аптадан кешіктірмей, алмасуға қатысушылардың келетін күнін хабарлайды.
Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты осы Келісім шеңберінде оқуға қабылданған алмасуға қатысушыларды орналастыру туралы хабардар етеді.
Бакалавриатта, магистратурада, специалитетте/интернатурада мен резидентурада оқу мерзімін қабылдаушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.".
2-бап
Осы Хаттама Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және Келісімнің 8-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енеді және Келісімнің қолданысын тоқтатумен бір мезгілде өзінің қолданысын тоқтатады.
20____ жылғы "__" ________ _______________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтiндердің күшi бiрдей.
Мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының |
Тәжікстан Республикасының |