Қарағанды және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2022 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 4 мамырдағы № 279 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 180-бабының 2-тармағына, "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қарағанды және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2022 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.

      2. Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдары 2022 жылға арналған облыстық бюджетте тиісті түсімдерді көздейтін шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде мәслихаттың көрсетілген шешімін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне ұсынсын.

      3. Қазақстан Республикасының Қаржы және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;

      2) бюджеттік кредиттің нысаналы пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсін.

      4. Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне бюджеттік кредиттің игерілуі туралы ақпарат беріп тұрсын.

      5. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылға жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға бөлінген бюджеттік кредиттің игерілуіне мониторингті қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 4 мамырдағы
№ 279 қаулысымен
бекітілген

Қарағанды және Маңғыстау облыстарының бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға 2022 жылға арналған кредит берудің негізгі шарттары

      1. Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі – қарыз алушылар) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:

      1) "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында 224 "Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу үшін кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген 8612030000 (сегіз миллиард алты жүз он екі миллион отыз мың) теңге сомасындағы бюджеттік кредиттер қарыз алушыларға 2022 жылға жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялауға және салуға жылдық 0,01 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 (жиырма) жыл мерзімге беріледі;

      2) бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушылар 72 (жетпіс екі) айды құрайтын жеңілдікті кезең өткеннен кейін 2028 жылдан бастап тең үлестермен жүзеге асырады;

      3) бюджеттік кредитті игеру кезеңі бюджеттік кредиттер қарыз алушыларға аударылған кезден бастап есептеледі және 2023 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 05.08.2022 № 534 қаулысымен.

      2. Бюджеттік кредитті беру, өтеу және оған қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады