Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидаларын және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысанын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 мамырдағы № 312 қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидалары;

      2) инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысаны бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 мамырдағы
№ 312 қаулысымен
бекітілген

Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 295-3-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер енгізу, оның қолданысын тоқтату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) өтініш беруші – Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы болып табылатын әрі Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабының 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келетін инвестор;

      2) өтініш – инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім;

      3) инвестициялық міндеттемелер туралы келісім (бұдан әрі – келісім) – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен заңды тұлға арасында жасалатын, заңды тұлғаның осындай келісім жасасуға өтінім берілген жылды қоса алғанда, сегіз жыл ішінде капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) тіркелген жаңа активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру жөніндегі, сондай-ақ тіркелген активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және оны жасасуға өтінім берілген жылдың 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жетпіс бес миллион еселенген мөлшерінен кем болмайтын жиынтық мөлшердегі міндеттемелерін көздейтін шарт;

      4) қаржылық дәрменділік – қаражаттың бар екенін растайтын құжаттың атауы мен нөмірі көрсетілген қаражатты қаржыландыру көздері (меншікті немесе қарыз қаражаты);

      5) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, өндірістердің жаңаларын құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестициялар көздейтін іс-шаралар кешені.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу тәртібі

      3. Келісімді жасасу үшін өтініш беруші инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз тасығыштағы мынадай құжаттармен қоса өтініш береді:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келісім жасасуға өтініш;

      2) өтініш беруші жарғысының көшірмесі;

      3) өтініш берушіні мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      4) өтініш берушінің қаржылық дәрменділігін растайтын құжаттардың көшірмелері;

      5) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес инвестициялық жобаның бизнес-жоспарын жасауға қойылатын талаптарға сай әзірленген бизнес-жоспар;

      6) құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен басшының қолымен куәландырылған қорытындысы.

      Қағидалардың осы тармағының 5) және 6) тармақшаларында көзделген құжаттар инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қоса беріледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтініш пен оған қоса берілген құжаттарды қабылдайды және өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабына сәйкестігін қарайды.

      Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш берген жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес өтінішті қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      5. Құжаттар осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген тізбеге сәйкес келмеген жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган құжаттарды өтініш түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушіге қарамай қайтарады. Құжаттардың қайтарылғаны өтініш беруші келісім жасауға арналған құжаттарды қараудан бас тарту себептерін жойғаннан кейін қайтадан өтініш берген кезде өтінішті қараудан бас тартуға негіз болып табылмайды.

      6. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес:

      бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органнан;

      кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміндегі мәліметтерді сұратады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сұрау салу қаралған күні өтініш берушіде салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек пен әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің бар немесе жоқ екені туралы мәліметтерді ұсынады.

      Өтініш берушінің салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешегінің бар болуы туралы мәліметтер ескертулерді жою мақсатында өтінішті қайтаруға негіз болып табылады.

      Анықталған ескертулер жойылған жағдайда өтініш беруші қайтадан өтініш жіберуге құқылы.

      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1091 қаулысымен бекітілген Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес өтініш берушіге қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміндегі кәсіпкерлік субъектілерінің санаты туралы мәліметтерді сұратады.

      Өтініш берушінің Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі өтінішті қараудан бас тартуға негіз болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Салықтар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болмаған кезде, сондай-ақ өтініш беруші Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен осындай келісімге қол қою үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.

      Келісім жобасын келісімнің үлгілік нысанының ережелерін ескере отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган дайындайды.

      9. Келісім жасасу туралы шешімді өтініш берушінің келісім жасасу шарттарына сәйкес келетін өтініші мен оған қоса берілетін құжаттары және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның мәліметтері негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      Келісім жасасу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің туралы қаулысында келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілетін лауазымды адам көрсетіледі.

      10. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мақұлданған келісім жобасы екі данада қол қоюға және мөрмен (бар болса) куәландыру үшін өтініш берушіге жіберіледі.

      Өтініш беруші келісімнің екі данасын алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларға қол қояды, мөрмен (бар болса) куәландырады және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

3-тарау. Келісімге өзгерістер енгізу және қолданысын тоқтату тәртібі

      11. Келісімге өзгерістер Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген ережелердің сақталуы ескеріле отырып, инвестициялар салу графигін өзгерту бөлігінде ғана енгізілуі мүмкін.

      12. Инвестициялар салу графигіне өзгерістер енгізуді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің растайтын құжаттары бар түсіндірме жазбасы және инвестициялар салу графигінің жобасы қоса берілген ресми өтініші негізінде қарайды.

      Ескерту. 12-тармақта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осындай өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес мәліметтерді сұратады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Салықтар және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган сұрау салуды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсынады. Өтініш берушінің салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешегінің бар екені туралы мәліметтер өтінішті ескертулерді жою үшін қайтаруға негіз болып табылады.

      Анықталған ескертулер жойылған жағдайда өтініш беруші қайтадан өтініш жіберуге құқылы.

      Өтініш берушінің Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабы 2-тармағының шарттарына сәйкес келмеуі өтінішті қараудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

      Келісімге өзгерістер енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес мәліметтер алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      15. Келісімге өзгерістер енгізу туралы шешімді өтініш берушінің ресми арызы және оған қоса берілетін, осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде өзгерістер енгізу және салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның мәліметтеріне сәйкес келісу шарттарына және кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне сәйкес келген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мақұлданған келісімге өзгерістер енгізудің жобасы қол қою және мөрмен (бар болса) куәландыру үшін екі данада өтініш берушіге жіберіледі.

      Өтініш беруші келісімге өзгерістер енгізу жобасының екі данасын алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде оларға қол қояды, мөрмен (бар болса) куәландырады және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      17. Келісімнің Кәсіпкерлік кодексі 289-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзім өткенге дейінгі қолданылуы тараптардың келісуі бойынша немесе Кәсіпкерлік кодексі 295-3-бабының 8-тармағына сәйкес біржақты тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.

      Келісім қолданылатын кезеңде Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде, 2-тармағында, 3-тармағының екінші бөлігінде және 4-тармағында көзделген міндеттемелер мен шарттар орындалмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі оның қолданысын хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.

      18. Келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда осындай келісім жасасқан заңды тұлға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес белгіленген тәртіппен өзінің салық міндеттемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады.

      19. Келісімді бұзу тәртібі келісімнің өзіндегі шарттарға сәйкес және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы ескеріліп жүзеге асырылады.

  Инвестициялық міндеттемелер
туралы келісімді жасасу, оған
өзгерістер енгізу, оның
қолданысын тоқтату
қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтініш

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Р/с

1-тарау. Инвестор туралы мәліметтер

1.

Қазақстан Республикасының заңды тұлғасының атауы


2.

Орналасқан жері: заңды мекенжайы және нақты орналасқан жері


3.

Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН)


4.

Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының басшысы

____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
____________________________
(телефоны, электрондық поштасы)

5.

Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бас бухгалтері

____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
____________________________
(телефоны, электрондық поштасы)

6.

Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім менеджері

____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
____________________________
(телефоны, электрондық поштасы)

7.

Өткен жылғы жиынтық жылдық кіріс


8.

Өз өндірісінің тауарларын өткізуден не өндірілген пайдалы қазбаларды және (немесе) пайдалы қазбаларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізуден өткен жылғы табыс


9.

Өз өндірісінің тауарларын өткізуден не өндірілген пайдалы қазбаларды және (немесе) пайдалы қазбаларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізуден түскен табыстың жылдық жиынтық табыстағы мынадай формула бойынша есептелетін үлесі: (өз өндірісінің тауарларын өткізуден не өндірілген пайдалы қазбаларды және (немесе) пайдалы қазбаларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізуден түскен табыс өткен жыл үшін / өткен жыл үшін жиынтық табыс)* 100%


10.

Кәсіпкерлік субъектісінің санаты


2-тарау. Инвестициялық жоба туралы мәліметтер (инвестициялық жоба іске асырылған жағдайда толтырылады)

11.

Инвестициялық
жобаның атауы


12.

Инвестициялық жоба іске асырылатын жер (облыс, аудан, қала)


13.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 295-3-бабының 1-тармағына сәйкес өтінім берілген жылды қоса алғанда, алдағы 8 жылға инвестициялар сомасы


14.

Жаңа жұмыс орындарын құру (уақытша/тұрақты)


15.

Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландырудың жылдық көлемі


3-тарау. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бойынша инвестициялар салу кестесі

Инвестициялық міндеттемелер, мың теңге 

Р/с

Инвестициялық міндеттемелердің түрі

Күнтізбелік жыл

Барлығы

1-жыл

2-жыл

3-жыл

4-жыл

кейінгі жылдар



































4-тарау. Өтініш беруші өтініш берген күнгі жағдай бойынша төлейтін салықтар мен төлемдердің түрлері

16.


______________________________
(кезең, тіркелген салық мөлшерлемесі)

17.


______________________________
(кезең, тіркелген салық мөлшерлемесі)

18.


______________________________
(кезең, тіркелген салық мөлшерлемесі)

19.


______________________________
(кезең, тіркелген салық мөлшерлемесі)

  Инвестициялық міндеттемелер
туралы келісімді жасасу, оған
өзгерістер енгізу, оның
  қолданысын тоқтату
қағидаларына
2-қосымша

Бизнес-жоспар құру жөніндегі талаптар

      1. Бизнес-жоспар мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) жобаның түйіндемесі;

      2) технологиялық бөлім;

      3) коммерциялық бөлім;

      4) әлеуметтік-экономикалық әсері*;

      5) қаржы бөлімі*.

      2. Жоба түйіндемесі мыналарды қамтиды:

      1) заңды тұлға туралы ақпарат:

      шет елдердің қатысу үлесі (ел көрсетіледі);

      квазимемлекеттік сектордың қатысу үлесі;

      2) жоба бойынша ақпарат:

      жобаның атауы;

      жобаның мақсаты;

      болжамды инвестициялық жобаның сипаты (тіркелген активтерді сатып алу, өндіру, салу);

      құрылатын жұмыс орындарының саны (уақытша және тұрақты);

      экономикалық қызмет түрлері бойынша өнім жіктеуіші (ҚР ЭҚТӨЖ) бойынша шығарылатын өнімнің номенклатурасы.

      3. Технологиялық бөлім мыналарды қамтиды:

      1) инвестициялық жоба технологиясының сатып алынатын және пайдаланылатын тіркелген активтері көрсетілген сипаты;

      2) инвестициялық жобада заманауи технологиялардың қолданылуы.

      4. Коммерциялық бөлім мыналарды қамтиды:

      1) жабдықты жеткізу:

      қажетті технологиялық жабдықтар тізбесі;

      технологиялық жабдықтың жаңалығы (жабдықтың шығарылған күні және моделі);

      2) маркетинг:

      өнімді өткізу – қандай өңірлерге, қандай тұтынушыларға, шетелде қандай елдерге жеткізу болжанып отыр.

      5. Әлеуметтік-экономикалық әсер мыналарды қамтиды:

      1) жобаны іске асыру кезінде күтілетін әлеуметтік тиімділік;

      2) өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесі;

      3) әлеуметтік-экономикалық жағдайды дамыту жөніндегі міндеттемелер мен ниеттер.

      6. Қаржылық бөлім мыналарды қамтиды:

      1) жобаны іске асыру құны, қаржыландыру көздері:

      өз қаражаты;

      қарыз қаражаты (кредиттер немесе шаруашылық жүргізуші субъектілердің тартылған қаражаты) және/немесе грант;

      бюджет қаражаты;

      2) қаржылық талдау:

      жобаның қаржылық моделі;

      жобаның бастан-аяқ циклі ішінде таза дисконттық табыс;

      жобаның бастан-аяқ циклі ішінде табыстылықтың ішкі нормасы;

      жобаның ақталу мерзімі (қарапайым және дисконтталған);

      пайданың қарапайым нормасы (рентабельділігі).

      7. Инвестициялық жобаның бизнес-жоспарын тігу және нөмірлеу, басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен (бар болса) куәландыру қажет.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 мамырдағы
№ 312 қаулысымен
бекітілген

Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің үлгілік нысаны

      ____________ (күні, айы, жылы)

      Инвестициялық міндеттемелер туралы осы келісім бұдан әрі тараптар деп аталатын, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан әрекет ететін

      _________________________ (бұдан әрі – Үкімет)

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      және ________________________________________________________________

      (Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының атауы, мемлекеттік тіркелген нөмірі,

      күні)

      атынан___________________________________________ негізінде әрекет ететін
(жарғы немесе сенімхат)

      ______________________________________________________________________
(бұдан әрі – инвестор)

      (басшының немесе өзге уәкілетті тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      арасында жасалды.

      Мыналарды:

      Қазақстан Республикасында қолайлы инвестициялық ахуал құру мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатынын,

      инвестор осы келісімге сәйкес инвестицияларды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 289-бабының 3-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 712-5-бабына сәйкес салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктер алуға мүдделі екенін ескере отырып,

      Үкімет пен инвестор инвестициялық міндеттемелер туралы осы келісімді (бұдан әрі – келісім) жасасты және келісім ол қолданылатын мерзім ішінде олардың өзара құқықтары мен міндеттерін реттейтін болады деп уағдаласты.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Негізгі ұғымдар

      1. Келісімде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) инвестициялар – лизинг шартының күнінен бастап қаржылық лизинг заттарын қоса алғанда, мүліктің барлық түрлері (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа), сондай-ақ инвестор заңды тұлғаның жарғылық капиталына немесе кәсіпкерлік қызмет үшін, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын тіркелген активтерді ұлғайтуға салатын оларға құқықтар;

      2) инвестициялық міндеттемелер – инвестордың капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) тіркелген жаңа активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыру жөніндегі, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелген активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелері;

      3) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, өндiрiстердің жаңаларын құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенi;

      4) салық заңнамасының тұрақтылығы – Салық кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылықтың кепілі.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Келісімнің нысанасы

      2. Осы келісімнің 3-тарамағының ережелерін ескере отырып, инвестордың сегіз жыл бойы __________ теңге мөлшеріндегі инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыруы келісімнің нысаны болып табылады.

      Осы келісімді жасасқан инвесторға Кәсіпкерлік кодексінің 289-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3. Инвестицияларды жүзеге асыру

      3. Инвестициялар инвестордың капиталдандырылатын кейінгі шығыстарды және (немесе) тіркелген жаңа активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға арналған шығыстарды қаржыландыруын, сондай-ақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес тіркелген активтердің құнын ұлғайтатын басқа да шығындарды қаржыландыруын (бұдан әрі – инвестициялар) қамтиды.

      4. Инвестор инвестицияларға _________ теңге жұмсайды.

      Бұл ретте осы келісімнің 2-тармағында көзделген инвестициялық міндеттемелер сомасының кемінде елу пайызын қаржыландыру осы келісімді жасауға өтінім берілген жылды қоса алғанда, алғашқы төрт жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

      Инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындаған кезде:

      1) өзара байланысты тараппен жасалған шарттар бойынша тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде, бірақ осы келісімнің 2-тармағында көзделген міндеттемелер сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде ескеріледі;

      2) өзара байланысты тараппен құны іс жүзінде шеккен шығыстар мөлшерінде ескерілетін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарттарын жасасқан кезде мұндай өзара байланысты тарап Қазақстан Республикасының резиденті болып табылуға тиіс.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Осы келісімнің 4-тармағында көрсетілген инвестициялар сомасына келісім жасасуға өтінім берген жылы инвестор жүзеге асыратын инвестициялар қосылады.

      6. Инвестор инвестициялар салуды осы келісімге 1-қосымшаға сәйкес инвестордың инвестициялар салуының күнтізбелік графигін айқындайтын графикке сәйкес жүзеге асырады.

4. Тараптардың құқықтары

      7. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Үкіметтің атынан:

      1) инвестормен келіссөздер жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етуге;

      2) инвестордан өзінің барлық міндеттері мен келісімнің талаптарын орындауды талап етуге, сондай-ақ келісімді орындауға қатысты ақпаратты сұратуға;

      3) міндеттемелердің инвестициялар салу графигіне сәйкес орындалуын тексеру мақсатында инвестордың инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан объектісіне баруға;

      4) Кәсіпкерлік кодексіне және осы келісімге сәйкес келісімді мерзімінен бұрын бұзуға;

      5) сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

      8. Инвестордың:

      1) инвестицияларды жүзеге асыру кезінде келісімге және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін кез келген іс-қимылдарды қабылдауға;

      2) Кәсіпкерлік кодексіне және осы келісімге сәйкес келісімді мерзімінен бұрын бұзуға құқығы бар.

5. Тараптардың міндеттері

      9. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Үкімет атынан өз құзыреті шегінде:

      1) келісім шеңберінде міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге;

      2) келісімге өзгерістер енгізу және оны бұзу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      3) келісімге қол қою үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуге;

      4) инвестордың қатысуымен инвестициялық дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдем көрсетуге міндеттенеді.

      10. Инвестор:

      1) инвестицияларды осы келісімнің 3 және 4-бөлімдерінде көзделген мөлшерде және мерзімдерде жүзеге асыруға;

      2) осы келісімнің ережелерін сақтауға;

      3) келісім жасалған жылдан кейінгі жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қазақстандық кадрларды үздіксіз оқытуды осындай қаржыландыру жүзеге асырылатын жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жиырма мың еселенген мөлшерінен кем емес сомада қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруды жүзеге асыруға және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жүргізуге (жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген шығыстарды қаржыландыруды Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады);

      4) инвестициялардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат ұсынуға және осы келісімнің 19 және 20-тармақтарына сәйкес есептерді ұсыну мерзімдерін сақтауға міндеттенеді.

6. Форс-мажор

      11. Егер келісім бойынша қандай да бір міндеттемелерді орындамау немесе орындау кезіндегі кідіріс еңсерілмейтін күш мән-жайларынан (бұдан әрі – форс-мажор) туындаған болса, Тараптардың ешқайсысы оларды орындамағаны үшін жауапты болмайды.

      12. Форс-мажорға еңсерілмейтін күш мән-жайлары, яғни төтенше және осы мән-жайлар кезінде алдын алу мүмкін болмайтын мән-жайлар (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және т. б.) жатады.

      13. Инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыру форс-мажор мән-жайлары әсерінен толық немесе ішінара тоқтатыла тұрған кезде инвестициялық міндеттемелерді жүзеге асыру кезеңі инвестицияларды салу графигіне өзгерістер енгізу жолымен форс-мажордың әрекет ету мерзіміне ұзартылады және ол тоқтаған күннен бастап қайта басталады.

      14. Форс-мажор мән-жайлары туындаған жағдайда одан зардап шеккен тарап олар туындаған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ол жөнінде оқиғаның басталған күнін көрсетіп әрі форс-мажор мән-жайларын сипаттап жазбаша хабарлама тапсыру арқылы екінші тарапты хабардар етеді.

      15. Форс-мажор мән-жайлары туындаған кезде тараптар қалыптасқан жағдайдың шешімін іздеу үшін дереу келіссөздер жүргізеді және мұндай мән-жайлардың салдарын барынша азайту үшін барлық құралдарды пайдаланады.

7. Құпиялылық

      16. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келісімнің қолданылу мерзімі ішінде оны іске асыру жөніндегі жұмысқа қатысты барлық құжаттар, ақпарат және есептер бойынша құпиялылық шарттарын сақтайды.

      17. Тараптардың ешқайсысының:

      1) ақпарат сот талқылауы барысында пайдаланылатын;

      2) ақпарат келісім бойынша тараптардың біріне қызмет көрсететін үшінші тұлғаларға мұндай үшінші тұлғаның өзіне осындай ақпараттың құпиялылық шарттарын сақтау және оны тараптар белгілеген мақсаттарда және тараптар айқындаған мерзімде ғана пайдалану міндеттемесін алуы шартымен берілетін;

      3) ақпарат келісім бойынша тарап қаржы қаражатын алатын банктің немесе өзге қаржы ұйымының өзіне осындай ақпараттың құпиялылық шарттарын сақтау міндеттемесін алуы шартымен осындай банкке немесе қаржы ұйымына берілетін;

      4) ақпарат кез келген, оның iшiнде банктік құпия болып табылатын, инвестордың кез келген, оның ішiнде Қазақстан Республикасынан тыс шетелдiк банктерде ашылған шоттарына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алатын салық немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік уәкiлеттi органдарына берілетін жағдайлардан басқа, келісімнің мазмұнына қатысты ақпаратты немесе құпия деп есептелетін және инвестицияларды жүзеге асыруға байланысты өзге де ақпаратты екінші тараптың жазбаша келісімін алмай ашуға құқығы жоқ.

8. Келісім шарттарының сақталуына мониторинг жасау

      18. Келісім шарттарының сақталуына мониторингті инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      19. Келісім жасалғаннан кейін инвестор инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілейтін нысан бойынша міндеттемелердің орындалуын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімімен қоса инвестициялар салу графигі бойынша инвестициялық міндеттемелерді бөліп, инвестициялар салу графигіне сәйкес есепті жылдан кейінгі жылдың жиырма бесінші ақпанынан кешіктірмей осы келісімге 2-қосымшаға сәйкес осы келісімнің орындалуы туралы жылдық есепті ұсынады.

      Инвестор келісімнің шарттарын бұзған немесе міндеттемелерін орындамаған жағдайда инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторға анықталған бұзушылықтарды көрсетіп хабарлама жібереді және оларды жоюға 3 (үш) ай береді. Анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда Үкімет атынан инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган осы келісімнің 31-тармағына сәйкес осы келісімді біржақты тәртіппен бұзады.

      20. Инвестициялар салу графигін іске асыру аяқталғаннан кейін екі ай ішінде инвестор инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға аудиторлық есеп береді, онда мыналар қамтылуы тиіс:

      1) инвестициялар салу графигіне сәйкес инвестициялардың жүзеге асырылғаны туралы ақпарат;

      2) инвестициялар салу графигіне сәйкес инвестициялардың салынғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі.

9. Дауларды шешу

      21. Тараптар келісім ережелерінің кез келгенін орындауға немесе түсіндіруге байланысты барлық даулар мен келіспеушіліктерді өзара келіссөздер жолымен шешуге барлық күш-жігерін салады.

      22. Тараптардың кез келгенінің екінші тарапқа жазбаша өтініші алынған күннен бастап екі ай ішінде тараптар келісімге қол жеткізбеген жағдайда дауларды шешу "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотында, "Астана" халықаралық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығында немесе Қазақстан Республикасының сот органдарында, сондай-ақ тараптардың келісімімен айқындалатын төреліктерде жүргізілуі мүмкін.

      23. Тараптар туындаған даулар мен келіспеушіліктер толық шешілгенге дейін Келісімде белгіленген міндеттемелерді орындаудан босатылмайды.

10. Қолданылатын құқық

      24. Келісім және осы келісімнің негізінде қол қойылған басқа да келісімдер үшін Қазақстан Республикасының немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы қолданылады.

11. Келісімнің қолданылу және күшіне ену мерзімі

      25. Келісімнің қолданылу мерзімі салық заңнамасының тұрақтылығы кепілдіктерінің қолданылу мерзімімен айқындалады.

      Инвестицияларды жүзеге асыру мерзімі инвестициялар салу графигінде айқындалады.

      26. Осы келісім тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

      27. Келісімнің қолданысы ___________________________________өткеннен

      (күні)

      кейін тоқтатылады.

12. Келісімге енгізілетін өзгерістер

      28. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптар осы келісімнің 3, 4, 10, 13-тармақтары ережелерінің сақталуын ескере отырып, өзара келісу бойынша жылына екі реттен асырмай қосымша келісімдер жасасу жолымен инвестициялар салу графигін өзгерту бөлігінде ғана келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы.

13. Келісімді бұзу шарттары

      29. Келісімнің қолданысы осы келісімнің 27-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін тараптардың келісуі бойынша немесе осы бөлімге сәйкес біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

      30. Келісім мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде осындай келісім жасасқан заңды тұлға Салық кодексіне сәйкес белгіленген тәртіппен өзінің салықтық міндеттемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады.

      31. Келісімнің 10-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген міндеттемелер мен шарттар инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылу кезеңінде орындалмаса, Қазақстан Республикасының Үкіметі хабарлама жіберілген күннен бастап үш ай өткен соң келісімнің қолданылуын біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатады.

      32. Инвестор осы келісім бұзылатын күнге дейін кемінде 3 (үш) ай бұрын инвестициялар жөніндегі уәкілетті органды алдын ала хабардар ете отырып, осы Келісімді біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

14. Келісімнің тілі

      33. Келісімнің мәтіні, өзгерістер, қосымшалар, осы келісімге қоса берілетін қосымша құжаттар мемлекеттік және орыс тілдерінде екі данада жасалады. Егер Келісім шарттарында өзгеше көзделмесе, барлық даналар теңтүпнұсқалы болып табылады және заңды күші бірдей.

      34. Тараптар ___________ тілі қарым-қатынас тілі ретінде қолданылады деп уағдаласады. Келісім күшіне енген күннен бастап келісім шарттарының орындалуына қатысты ақпарат ___________ тілінде жасалады.

15. Қосымша шарттар

      35. Хабарламалар мен есептер қолма-қол ұсынылады немесе пошта арқылы мына мекенжайға хабарлама арқылы жіберіледі:

      инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган:

      ________________________________________;

      (атауы, заңды мекенжайы, телефондары)

      инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның басшысы:

      ____________________________;

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      инвестор:

      _____________________________________________;

      (атауы, заңды және нақты мекенжайы, телефондары, электрондық мекенжайы)

      инвестордың басшысы: _____________________________________.

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      36. Келісімде көрсетілген мекенжайлар өзгерген жағдайда тараптардың әрқайсысы екі апта мерзімде бұл туралы екінші тарапты жазбаша хабардар етуге тиіс.

      37. Қосымшалардың ережелері мен келісімнің арасында қандай да бір алшақтықтар болған жағдайда соңғысының негіз қалаушы мәні болады.

      38. Келісімге тараптардың уәкілетті өкілдері ____ жылғы __ _________ Астана қаласында, Қазақстан Республикасы, қол қойды.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Инвестор:
      Үкіметінің атынан: Қолы ________ (бар болса)
      Қолы ________ М.О. (бар болса)
      М.О.

  Инвестициялық міндеттемелер
туралы келісімнің үлгілік
нысанына
1-қосымша

      Нысан

Инвестициялар салу графигі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.02.2023 № 134 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Инвестордың атауы: _________________________________

      Инвестициялық міндеттемелер, мың теңге

Р/с

Инвестициялық міндеттемелердің түрі

Күнтізбелік жыл

Барлығы

1-жыл

2-жыл

3-жыл

4-жыл

кейінгі жылдар


































Уәкілетті орган:
Қолы __________ М.О.

Инвестор:
Қолы _____________ М.О.
(бар болса)

  Инвестициялық міндеттемелер
туралы келісімге
2-қосымша
  Әкімшілік деректерді
жинауға арналған
нысан

Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің орындалуы туралы 20__жылғы "__"________№________ жылдық есеп

      __________________________________

      _________________________________

      (Инвестициялық міндеттемелер туралы

      (инвестордың орналасқан жері)

      келісім жасасқан заңды тұлғаның атауы)

      Есепті кезең: 20 ____ жыл

      Кезеңділігі: жылдық

      Ұсынатындар: Қазақстан Республикасының инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан заңды тұлғалары

      Ұсыну мерзімдері: есепті жылдан кейінгі жылдың 25 ақпанына дейін

1-бөлім. Тіркелген активтерге инвестициялар, мың теңге

Р/с

Инвестициялық міндеттемелердің, оның ішінде шығындар баптары бойынша түрі

Жоспар

Нақты

Ауытқу (+;-)

Ауытқу себебі

Растаушы құжаттар (атауы, №, күні)

1

2

3

4

5

6

7























20___ жылғы барлық инвестициялар






2-бөлім. Кадрларды оқыту бойынша қабылданған міндеттемелер бойынша салымдар






























Жиыны:






      Көрсетілген мәліметтердің түпнұсқалығы мен шынайылығын растаймыз.

      Орындаушы _____________________________________

      Тел. _______________ электрондық поштасы______________қолы __________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Басшы ____________________________________

      Қолы ______________________М.О. (бар болса)

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Бас бухгалтер _______________________________

      Қолы ______________________

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Келісімнің орындалуы туралы жылдық есеп нысанын толтыру бойынша түсіндірме.

      1. "Келісімнің орындалуы туралы жылдық есеп" нысаны Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 295-3-бабына сәйкес әзірленді.

      2. "Келісімнің орындалуы туралы жылдық есеп" нысанын инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары инвестициялар салу графигі аяқталғанға дейін жыл сайын 25 ақпаннан кешіктірмей тіркелген активтердің пайдалануға енгізілгенін растайтын құжаттармен қоса инвестициялар салу графигінде көзделген шығындар баптары бойынша таратып жазып ұсынады.

      Қосымшалар: тіркелген активтердің пайдалануға енгізілгенін, қабылданған міндеттемелердің орындалғанын растайтын, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан тараптардың басшысының қолымен және мөрімен расталған құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады