Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Аманғалиұлы Брекешевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 мамырдағы № 332 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті
шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі жұмысты жақсарту және олардан келетін залалды қысқарту мақсатында,
табиғи өрттерге қарсы күрес бойынша өзара көмек көрсету және тәжірибе алмасу мақсатында,
орман және дала өрттерінің профилактикасы және оларды сөндіру бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың тиімді нысандарын дамытуға ұмтылыс білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар орман және дала учаскелерін өрттерден өзара қорғау аймағын белгілейді, оған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара сызығынан (бұдан әрі – шекара маңы аумағы) әр Тарап мемлекетінің аумағында ені 5 километр белдеу енеді.
1. Осы Келісімді іске асыруға жауаптылар:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, жергілікті атқарушы органдар;
Қырғыз Тарапынан – Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы Орман қызметі, жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
2. Атаулары өзгерген және/немесе олардың функциялары басқа органдарға берілген жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
Тараптар:
1) табиғи өрттердің профилактикасына бақылауды қамтамасыз етеді, шекара маңы аумағында табиғи өрттерді болғызбау және жою жөніндегі іс-шараларды келіседі және іске асырады;
2) табиғи өрттердің Мемлекеттік шекара арқылы басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралуын болғызбау мақсатында оларды өз мемлекеттерінің аумағында, оның ішінде шекара маңы аймағында сөндіруді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдайды;
3) табиғи өрттерді болғызбау және жою бойынша екі Тараптың жұмыскерлері үшін оқу курстарын ұйымдастырады;
4) трансшекаралық өрттер туындаған кезде өзара іс-қимыл жасау бойынша мемлекетаралық оқу-жаттығуларды ұйымдастырады және өткізеді;
5) осы Келісім шеңберінде ақпарат алмасады.
Тараптар шекара маңы аумағын өрттерден бірлесіп қорғау үшін мамандандырылған диспетчерлік қызметтер (бұдан әрі – байланыс пункттері) құрады.
1. Тараптар өз мемлекетінің аумағында табиғи өрт шыққан және оның басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралу қаупі болған немесе басқа Тарап мемлекетінің аймағындағы шекара маңы аумағында табиғи өртті байқаған жағдайда оны жою жөнінде қажетті шаралар қолдану мақсатында ол туралы байланыс пункттері арқылы басқа Тараптың ведомствосына уақтылы хабарлайды.
2. Табиғи өрт бір Тарап мемлекетінің аумағынан басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралған жағдайда Тараптар мемлекетінің аумағынан өрт таралған Тарапқа көмекке, оның ішінде өртке қарсы қызмет күштері мен құралдарын тарту жөнінде жүгіне, сондай-ақ өрттің себептері мен салдарларына бірлесіп зерделеу жүргізе алады. Бірлесіп зерделеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының ұлттық заңнамаларына сәйкес шаралар қабылдайды.
1. Тараптар шекара маңы аумағының шегінде өз мемлекеттерінің орманды және далалық аумақтарының өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
2. Тараптар шекара маңы аумағында минералдандырылған жолақтарды, өртке қарсы жыралар жасауды және оларды күтіп-ұстауды қоса алғанда, тұрақты негізде ормандарды өртке қарсы жайластыру жөніндегі іс-шаралар өткізеді.
3. Тараптар өрт қауіпті маусым бойы жерүсті, авиация және ғарыш құралдарымен шекара маңы аумағының жай-күйіне мониторингті ұйымдастырады және осы Келісімнің 4-бабында көзделген байланыс пункттері арқылы алынған деректермен алмасады.
1. Тараптар табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсету үшін өз мемлекеттерінің өртке қарсы, авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларын тартады.
2. Тараптар мемлекеттерінің табиғи өрттерді сөндіруге жұмылдырылған өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құрамалары мүшелерінің мемлекеттік шекараны кесіп өтуі Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Өрт сөндіруге қатысқан өртке қарсы, авариялық-құтқару қызметі мен құрамасы қызметкерінің (жұмыскерлерінің) денсаулығына немесе өміріне келтірілген залалды өтеуді қоса алғанда, оны әлеуметтік қорғау өрт сөндіру орнына қарамастан, осы қызметкер (жұмыскер) азаматы болып табылатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тараптар шекара маңы аумақтарында табиғи өрттерді сөндіру кезінде өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қажетті медициналық көмек көрсетеді.
1. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Осы Келісімді түсіндіру немесе іске асыру жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер мен өзара консультациялар өткізу арқылы шешіледі.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Тараптардың кез келгені бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда алдын ала хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім екінші Тарап осындай жазбаша хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
2022 жылғы "____"__________ __________ қаласында қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, олардың мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының | Қырғыз Республикасының |
Үкіметі үшін | Министрлер Кабинеті үшін |