Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 452 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.

      2. Орталық, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша) және Бағдарламаны іске асыруға жауапты өзге де ұйымдар (келісу бойынша):

      1) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;

      2) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күніне дейін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.

      3. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат беріп тұрсын.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасының
Үкіметінің
2022 жылғы 30 маусымдағы
№ 452 қаулысымен
бекітілген

Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы

Паспорт

Атауы

Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында берілген Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жоспардың 33-тармағы

Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Мақсаты

Ішкі нарықты отандық өндірістің бәсекеге қабілетті тауарларымен толықтыру, кейіннен экспортқа шығару

Міндеттері

1. Ішкі және сыртқы нарықтарда базалық шикізатты, тауарларды шығару номенклатурасын кеңейту.
2. Бәсекеге қабілетті тауарлардың отандық өндірісін тұрақты дамыту үшін базалық жағдайларды дамыту.

Іске асыру мерзімі

2022 – 2026 жылдар

Нысаналы индикаторлар

Ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнеркәсіптік тауарлар өндірісі – 761 бірлік, оның ішінде түйінді тауарлар өндірісі – 106 бірлік.

Қаржыландыру көздері мен көлемі*

Қаржыландырудың жалпы көлемі:
2023 жыл – 1 575,4 (РБ – 496,6; БТҚ – 1078,8) млрд теңге;
2024 жыл – 1 512,9 (РБ – 481,2; БТҚ – 1031,7) млрд теңге;
2025 жыл – 1 483,74 (РБ – 471,94; БТҚ – 1011,8) млрд теңге;
2026 жыл – 1 425,6 (РБ – 463,7; БТҚ – 961,8) млрд теңге.


      1. Кіріспе

      Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) базалық жағдайларды дамыту, базалық шикізат өндірістерін құру, жаңа өндірістерді жаңғырту мен қалыптастыру әрі жұмыс істеп тұрған және жаңа қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жүйелі, ұзақ мерзімді ынталандыру арқылы ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өнеркәсіптік тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге бағытталған.

      Әлемдік экономикадағы тұрақсыз конъюнктура және кәсіпкерлерді қолдаудың шектеулі тетіктері (Дүниежүзілік сауда ұйымы (бұдан әрі – ДСҰ), Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) міндеттемелері) жағдайында біртіндеп өсуге бағдарланған қолданыстағы даму моделі қайта бағалауды және экономика өсуінің жаңа моделіне көшуді талап етеді.

      Осыған байланысты ішкі нарықта шетелдік өнім берушілермен табысты бәсекелестік үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жете жүктеу, олардың негізгі қорларын жаңарту және жаңа өндірістерді, базалық шикізат өндірістерін іске қосу, нормативтік база құру, кедергілерді жою, базалық инфрақұрылыммен, қолжетімді қаржыландырумен, оның ішінде ішкі нарықты молықтырып, кейіннен экспортқа шығуға бағытталған өндірістерді жергіліктендіруді арттыру үшін тартылған инвестициялар есебінен қамтамасыз ету жолымен номенклатураны кеңейту және "күрделендіру" арқылы қазақстандық тауарлар өндірісінің өсуін ынталандыру қажет.

      Бұл ретте орта мерзімді кезеңде мемлекеттік қаржыландырудың үлесі бюджеттен тыс көздердің пайдасына қарай біртіндеп төмендеуге тиіс екенін ескерген жөн.

      Осы Бағдарламаны іске асыру тәсілі жаңа өндірістерді ұйымдастыруды ынталандыру үшін жобалар мен жүйелі шараларды іске асыруға негізделетін болады.

      2. Қазақстан Республикасының индустриялық дамуын талдау

      2.1 Индустрияландыруды дамытудың алдыңғы бағдарламаларын талдау

      Қазақстанда 2010 жылдан бері өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық даму саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып келеді, ол өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі (бұдан әрі – ЖІӨ) үлесінің төмендеуіне байланысты келеңсіз процестерді тұрақтандыруға және экономиканы әртараптандыру процесін бастау үшін базалық жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

      Айталық, 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейін жүргізіліп келген индустрияландыру саясаты өңдеу өнеркәсібі орындарының өндірісін 3,4 есе 3,8-ден 13,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл ретте осы аралықта жалпы көлем шамамен 84,7 трлн теңгені құрады (индустрияландырудың бірінші бесжылдығы кезеңінде – 26,1 трлн теңге, екінші кезеңінде – 58,6 трлн теңге).                 

      Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны (бұдан әрі – ЖҚҚ) 2010 жылғы 2,5 трлн теңгеден 2021 жылы 10,8 трлн теңгеге дейін 4,3 есеге ұлғайды. Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерінің өндірісі игерілді, олар: жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер мен автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, жарық-диодты шамдар, титан құймалары мен тақталары, дәрілік заттардың жекелеген түрлері.

      Өңдеу өнеркәсібі орындарынан түсетін салық аударымдары соңғы 11 жылда (2010 – 2021 жылдар) бюджетке қомақты тұрақты түсімдердің негізгі көздерінің біріне айналды және 538,2 млрд теңгеден 2157,5 млрд теңгеге дейін 4 есеге ұлғайды.

      Өнеркәсіптік саясаттың оң қорытындысына қарамастан, өңдеу өнеркәсібінің инновациялық және технологиялық дамуы былайша сипатталады:

      2020 жылы саланың көптеген кәсіпорындарында негізгі қорлардың тозуы – 39,2 %;

      2021 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының жалпы көлемінде жоғары технологиялық өнім экспорты үлесінің төмендігі – 15,5 %;

      2020 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендігі – 15,4 % және ЖІӨ-дегі инновациялық өнім үлесінің төмендігі – 2,1 %.

      Реттелетін сатып алу шеңберінде елішілік құндылық үлесінің серпіні 2010 жылдан бері мынадай үрдіске ие болды: 2010 жылдан бастап 2014 жылға дейін 48,2 %-дан 63,2 %-ға дейін үдемелі өсу, 2015 жылдан бастап 57,5 %-дан 2021 жылы 56,1 %-ға дейін төмендеу. Негізгі себеп Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінің интеграциялық бірлестіктері шеңберінде халықаралық шарттар талаптарын сақтау болды, оның нәтижесінде отандық тауар өндірушілер үшін барлық преференциялардың күші жойылды.

      Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі Қазақстан аумағында өндірілмейтін және одан әрі жергіліктендіру перспективасы жоқ импорттық шикізат пен жинақтауыштарға тәуелділікпен сипатталады. Қайта өңдеу өндірістеріндегі осындай аралық тауарлар импортының үлесі 50 % дейін және одан да көп болуы мүмкін.

      Өңдеу өнеркәсібі өнімдері импортының көлемі 2021 жылы 38,3 млрд АҚШ долл. құрады және 4729 тауардан тұратын өңдеу өнеркәсібі тауарларының кең ассортименті бар, бұл ретте 3200 позицияның импорт көлемі 100 мың АҚШ долл. асады, оның ішінде көлемнің 80 %-ы 524 тауарға тиесілі.

      Ауқымды экономикалық санаттар бойынша өңдеу өнеркәсібінің импортын талдау 2021 жылы аралық тауарлардың 44,6 %, тұтыну тауарларының 31,6 % және өндіріс құралдарының 23,8 % сырттан әкелінгенін көрсетті.

      Одан әрі өндіру үшін пайдаланылатын аралық тауарлардың (шикізат, қосалқы бөлшектер) импорты машина жасау (27 %), металлургия (18 %) және химия өнеркәсібі (16 %) тауарларынан тұрады. Олардың ішінде ең көп әкелінетіндері – автомобиль бөлшектері (556,0 млн АҚШ долл.), жалпақ илек (418,8 млн АҚШ долл.), шанақ (418,1 млн АҚШ долл.), полиэтилен (257 млн АҚШ долл.).

      Тұтыну тауарлары түпкілікті тұтынуда пайдаланылады және машина жасау тауарларынан (29 %), азық-түлік өнімдерінен (22 %) және фармацевтика өнеркәсібінен (12 %) тұрады. Тұтыну тауарларынан елге жеңіл автомобильдер (1337,1 млн АҚШ долл.), дәрілік заттар (1092,0 млн АҚШ долл.), ұялы телефондар (768,8 млн АҚШ долл.) және т.б. әкелінеді.

      Тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді (жабдықтар, техника) өндіру процесіне қатысатын өндіріс құралдары импортының 92 %-дан астамы машина жасау тауарларына тиесілі: деректерді өңдеудің цифрлық блоктары (1149,7 млн АҚШ долл.), есептеу машиналары (294 млн АҚШ долл.), суреттер мен дауысты қабылдауға арналған аппаратура (257,4 млн АҚШ долл.) және т.б.

      Салалық құрылымда ағымдағы жағдай өңдеу өнеркәсібінің экономикалық қызметінің жекелеген түрлерін дамытудағы әртектілікті көрсетеді. Кейбір салаларда: жеңіл, жиһаз, машина жасау өнеркәсібінде импортқа тәуелділік 70 %-дан асады және экспорт үлесінің төмендігімен сипатталады, соның салдарынан реттелетін сатып алудағы осы салалардың елішілік құндылығының үлесі төмен. Дәстүрлі салаларда – металлургия, химия өнеркәсібінде экспорт импорттан асып түседі, ол төмен деңгейде өңделіп жасалған өнімдерді шетелге жеткізумен сипатталады.

      Машина жасау

      Өңдеу өнеркәсібіндегі машина жасау үлесі 13,7 %-ға тең. 2010 жылдан бері сала өндірісінің көлемі 6 есеге артып, 2021 жылы 2304,8 млрд теңгені құрады. Негізгі өсім мынадай секторларда болды: автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі 46,9 есе өсті және өндіріс көлемі 739,1 млрд теңгені құрады; басқа көлік құралдары өндірісі 12,1 есе (немесе 1115 %) өсті және 333,2 млрд теңгені құрады; басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі 5,6 есе (немесе 464 %) өсті және 320,1 млрд теңгені құрады; электр жабдықтарының өндірісі 4,5 есе (немесе 348,8 %) өсті және 221,1 млрд теңгені құрады; машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 3,1 есе (немесе 210,7 %) өсті және 653,4 млрд теңгені құрады; компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі 2,2 есе (немесе 123,8 %) өсті және 37,1 млрд теңгені құрады.

      Бұл ретте ішкі нарықтың машина жасау өніміне сұранысының 83 %-ы шетелдік жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіледі (импорттың 60 %-дан астамы Ресейге, Қытайға және Оңтүстік Кореяға тиесілі; экспорттаушылардың бестігіне Германия мен АҚШ та кіреді).

      2021 жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 63,4 %-ға артып, 16,5 млрд АҚШ долл. құрады. Импортталатын негізгі тауар позициялары: деректерді өңдеудің цифрлық блоктары (7 %), қозғалтқышының көлемі 1500-3000 см3 (4,9 %) көлік құралдары, ұялы телефондар (4,7 %), шанақтар (2,5 %), ұшақтар және өзге де ұшу аппараттары (2,3 %).

      Экспорт көлемі реэкспорт өнімдерін (телефондар, турбореактивті қозғалтқыштар, ұшақтар және т.б.) қоса алғанда, 2010 жылмен салыстырғанда 5,2 есеге артып, 1946,5 млн АҚШ долл. құрады. Экспорт құрылымында отандық өндірушілердің негізгі үлесі бұрғылау және пайдалану платформаларына (7 %), қозғалтқыш көлемі 1500-3000 см3 (5,9 %) жеңіл автомобильдерге, теңгергіш жүрісті теміржол арбаларына, осьтер мен дөңгелектерге (5,4 %), аккумуляторларға (4,3 %) және басқаларына тиесілі.

      Автомобиль жасау

      Машина жасау саласының жалпы көлеміндегі автомобиль жасау секторы өндірісінің үлесі 2021 жылы 33,1 % (763557 млн теңге) құрады, қазақстандық компаниялардың өндірісі ішкі нарық көлемінің 37,5 %-ын жабады.

      Қозғалтқышы 1500-3000 см3 жеңіл автомобильдер; жеңіл автомобильдерге арналған шанақтар; қозғалтқышы 1000-1500 см3 жеңіл автомобильдер; көлемі 1000 см3 асатын іштен жану қозғалтқыштары; қозғалтқышы 3000 см3 асатын жеңіл автомобильдер автомобиль жасаудың импортталатын негізгі өнімдері болып табылады.

      Автомобиль жасау өнімдерінің экспорты 2021 жылы 272,4 млн АҚШ долл. құрады. Қозғалтқышы 1500-3000 см3 жеңіл автомобильдер; қозғалтқышы 1000-1500 см3 жеңіл автомобильдер; қозғалтқышы 3000 см3 асатын жеңіл автомобильдер; іштен жану қозғалтқыштары; массасы 5 тоннадан аспайтын жүк автомобильдері автомобиль жасаудың экспортталатын негізгі өнімдері болып табылады.

      Теміржол локомотивтері және жылжымалы құрам

      Теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісінің үлесі машина жасау саласының жалпы көлемінде 12,4 % (286103 млн теңге) құрады, отандық өндіріс ішкі нарық көлемінің 61,1 %-ын жабады.

      Теміржол машинасын жасау өнімінің импорты 2021 жылы 580,1 млн АҚШ долл. құрады. Теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамның бөліктері; теміржол жүк вагондары; теміржол жолаушылар вагондары; жол жабдықтары мен құрылғылары импортталатын негізгі өнім болып табылады.

      Теміржол машинасын жасау өнімдерінің экспорты 2021 жылы 152,4 млн АҚШ долл. құрады. Теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамның бөліктері; теміржол локомотивтері; теміржол жүк вагондары; жолаушылар теміржол вагондары экспортталатын негізгі өнім болып табылады.

      Электр-техникалық машина жасау

      Электр-техникалық машина жасау үлесі машина жасау саласының жалпы көлемінде 11 % (252595 млн теңге) құрайды, қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінің 20,5 %-ын қамтамасыз етеді.

      Электр-техникалық машина жасау өнімінің импорты 2021 жылы 2 533,2 млн АҚШ долл. құрады. Статикалық түрлендіргіштер; жел-энергетикалық қондырғылар; электр аппаратурасына арналған тарату қалқандары мен негіздер; кабельдік-өткізгіш өнімдер; жарықтандыру жабдығы импортталатын негізгі өнімдер болып табылады.

      Электр-техникалық машина жасау өнімдерінің экспорты 2021 жылы 235,4 млн АҚШ долл. құрады. Қорғасын электр аккумуляторлар; қуаты 650 кВА аспайтын трансформаторлар; қуаты 650-10000 кВА трансформаторлар; қуаты 75 кВт асатын айнымалы ток қозғалтқыштары; кабельдік-өткізгіш өнім экспортталатын негізгі өнімдер болып табылады.

      Ауыл шаруашылығы машинасын жасау

      Машина жасау саласының жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің үлесі 7,3 % (167291 млн теңге) құрады, отандық өндіріс ішкі нарық көлемінің 41,3 %-ын жабады.

      2021 жылы ауыл шаруашылығы техникасының импорты 562,1 млн АҚШ долл. құрады. Топырақты дайындауға және өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы машиналары; қозғалтқышы 130 кВт асатын тракторлар; астық жинайтын комбайндар; қозғалтқышы 37-75 кВт тракторлар; ауыл шаруашылығы машиналарының бөліктері импортталатын негізгі техника болып табылады.

      Ауыл шаруашылығы техникасының экспорты 2021 жылы 4,95 млн АҚШ долл. құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға немесе бастыруға арналған машиналар; қозғалтқышы 37-75 кВт тракторлар; топырақты дайындауға және өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы машиналары; тіркемелер, жартылай тіркемелер; қозғалтқышы 75-130 кВт тракторлар экспортталатын негізгі техника болып табылады.

      Мұнай-газ машинасын жасау

      Машина жасау саласының жалпы көлеміндегі мұнай-газ машинасын жасау үлесі 3 % (68487 млн теңге) құрайды, отандық өндіріс ішкі нарық көлемінің 9,4 %-ын ғана жабады.

      Мұнай-газ машинасын жасау өнімдерінің импорты 2021 жылы 1624,3 млн АҚШ долл. құрады. Құбыржолдар мен ыдыстарға арналған арматура; сорғылар мен компрессорлар; машиналар мен механизмдер; ортадан тепкіш сорғылар; сұйықтықтарды сүзуге және тазартуға арналған жабдық негізгі импортталатын өнім болып табылады.

      Мұнай-газ машинасын жасау өнімдерінің экспорты 2021 жылы 74,5 млн АҚШ долл. құрады. Құбыржолдар мен ыдыстарға арналған арматура; өзге де машиналар, сорғылар мен компрессорлар; отын, май сорғылары; іштен жану қозғалтқышында майды немесе отынды сүзуге арналған жабдық экспортталатын негізгі өнім болып табылады.

      Тау-кен машиналарын жасау

      Машина жасау саласының жалпы көлеміндегі тау-кен машинасын жасау үлесі 1,1 % (26159 млн теңге) құрайды, отандық өндіріс ішкі нарық көлемінің тек 6,8 %-ын ғана жабады.

      Тау-кен машинасын жасау өнімдерінің импорты 2021 жылы 960,6 млн АҚШ долл. құрады. Бір шөмішті фронталды тиегіштер; толық бұрылатын машиналар; өзі аударғыш автомобильдер; тау-кен жабдықтарының бөліктері; ұсақтауға немесе ұнтақтауға арналған машиналар импортталатын негізгі өнімдер болып табылады.

      Тау-кен машинасын жасау өнімдерінің экспорты 2021 жылы 43,4 млн АҚШ долл. құрады. Машиналардың өзге де бөліктері; толық бұрылатын машиналар; тау-кен жабдықтарының бөліктері; минералдық заттарды араластыруға арналған машиналар; орнын ауыстыруға, нығыздауға арналған машиналар мен механизмдер экспортталатын негізгі өнімдер болып табылады.

      Электрондық өнеркәсіп

      (Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі)

      Электрондық өнеркәсіп денсаулық сақтау мен банк ісінен кейінгі нарықтық айналым ауқымы бойынша әлемдік экономиканың үшінші секторы, ал даму серпіні бойынша бірінші болып табылады.

      Қазақстанда 195-ке жуық электрондық өнеркәсіп орны бар, оның ішінде 60-қа жуығы электрондық өнеркәсіп өнімдерін өндіретін кәсіпорын.

      2021 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісінің үлесі 0,002 %-ды құрады.

      2021 жылдың қорытындысы бойынша компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі саласындағы өндіріс көлемі 37,1 млрд теңгені құрады.

      Бұл ретте компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі саласындағы ішкі нарық сұранысының 99 %-дан астамы шетелдік жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіледі. ЕАЭО елдерін ескергенде импорт көлемі 1,7 трлн теңгені құрады.

      Смартфондар, компьютерлік техника, телекоммуникациялық және серверлік жабдықтар импортталатын негізгі тауарлар болып табылады.

      Реэкспортты ескерсек, экспорт көлемі 305 млрд теңгені құрады, оның ішінде Қазақстанда өндірілген тауарлар экспортының көлемі 9,9 млрд теңгені құрады.

      Қара металлургия

      Өңдеу өнеркәсібіндегі қара металлургияның үлесі 17,2 %-ды құрайды. 2010 жылдан бері қара металлургиядағы өндіріс 687,4 млрд теңгеден 4,2 есеге артып, 2021 жылы 2886,7 млрд теңгеге жетті.

      Өндіріс көлемінің ұлғаюы мына өнім түрлері өндірісінің өсуіне байланысты: өзектер мен шыбықтар 9 есе, профильдер мен бұрыштар 4 есе, жіксіз құбырлар мен қуыс профильдер 2 есе, өңдеп жасалған шойын 25 %, ферроқорытпалар 22 %, жалпақ илек 5 %, тазартылмаған болат 4 %.

      Қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінен өнімнің 45 %-ын өндіреді.

      Қара металлургия өнімдерінің экспорты 2021 жылы 4841 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылдың көрсеткішінен (3541,5 млн АҚШ доллары) 36,7 % жоғары. 2021 жылы импорт 2365,6 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2010 жылдан (1387,7 млн АҚШ доллары) 70,4 % артық. Талданып отырған кезеңде сала барлық негізгі тауар позициялары бойынша экспорттың өсуі арқасында экспортқа бағдарланған мәртебесін сақтап қалды.

      Бұл ретте өзектер мен шыбықтар бойынша импорттың 3,4 есе (2010 жылы – 161 млн АҚШ долл., 2021 жылы – 544 млн АҚШ долл.), жазық илек бойынша 3,2 есе (2010 жылы – 155,9 млн АҚШ долл., 2021 жылы – 492,1 млн АҚШ долл.), дәнекерленген құбыр бойынша 8,4 % (импорт 2010 жылы – 161 млн АҚШ долл., 2021 жылы – 544 млн АҚШ долл., 2021 жылы – 283 млн АҚШ долл.) өсуі байқалады.

      Түсті металлургия

      Өңдеу өнеркәсібіндегі түсті металлургияның үлесі 28,4 %-ды құрайды. 2010 – 2021 жылдар кезеңінде өндіріс 902,4 млрд теңгеден 4774,6 млрд теңгеге дейін 5 еседен астам ұлғайды.

      Қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінің 82,5 % өнімін өндіреді.

      Өндіріс көлемінің ұлғаюы мынадай өнім түрлері өндірісінің өсуімен байланысты: өңделмеген алтын және жартылай өңделген алтын 4 есе, өңделмеген күміс және жартылай өңделген күміс 2 есе, тазартылған мыс 1,5 есе.

      2021 жылы өнім экспорты 8006,3 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылмен (6792,6 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 17,9 % жоғары. Осы аралықта сала қорғасын мен алтыннан басқа, барлық негізгі тауар позициялары бойынша экспорттың өсуіне байланысты нетто экспорттаушы мәртебесін сақтап қалды.

      Бұл ретте 2021 жылы импорт көлемі 679 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылмен (124 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 5,5 есе көп. 2010 жылға қарағанда 2021 жылы Қазақстан Республикасында өндірісі жоқ тауарлар бойынша импорттың өсуі байқалады: алюминийден және оның қорытпаларынан жасалған қалыңдығы 0,2 мм асатын тақталар, табақтар, жолақтар немесе таспалар 2,4 есе (13,4-тен 30,9 млн АҚШ долл. дейін), цирконий және одан жасалған бұйымдар 11,4 есе (1,1-ден 13,1 млн АҚШ долл. дейін), алюминий фольгасы 1,2 есе (7,9-дан 9,3 млн АҚШ долл. дейін), қалыңдығы 0,15 мм-ден астам мыс пен оның қорытпаларынан жасалған тақталар, табақтар, жолақтар мен таспалар 1,4 есе (5,2-ден 7 млн АҚШ долл. дейін), мыстан және оның қорытпаларынан жасалған шыбықтар мен профильдер 2,5 есе (2,6-дан 6,6 млн АҚШ долл. дейін).

      Химия өнеркәсібі

      Саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 2021 жылы 3,3 % құрады. Өндіріс көлемі 2010 жылғы 104,1 млрд теңгеден 2021 жылы 554,7 млрд теңгеге дейін 5,3 есеге ұлғайды. Бұл өсім мыналардың өндірісінің кеңеюіне байланысты: фосфор тыңайтқыштары 4,8 есе; азот тыңайтқыштары 2,8 есе; аммиак 2,7 есе; полимерлер негізіндегі бояулар 2,3 есе; құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қоспалар 2,4 есе; жуу құралдары 1,9 есе; моногидраттағы күкірт қышқылы 1,6 есе; фосфор 1,5 есе; хром оксиді 1,4 есе және т.б.

      Қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінің 6,9 %-ын ғана өндіреді.

      2021 жылы саланың экспорты да ұлғайып, 1061,5 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылғы көлеммен (408,1 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 2,6 есе көп.

      2021 жылы импорт көлемі 3248,7 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылмен (1691,7 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1,9 есе көп. Сабақтас салаларда (металлургия, құрылыс жұмыстары, ауыл шаруашылығы, мұнай өндіру және т.б.) өндірістің өрлеуі: пигменттер; қоюландырғыштар; хош иістендіргіштер; беттік-белсенді заттар; реагенттер; полиэтилен және т.б. импортының өсуіне ықпал етті.

      Жеңіл өнеркәсіп

      Өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 0,8 % құрайды. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 139,9 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылдан 4,1 есе жоғары. Өндірістің өсуі киім шығарудың 4,2 есе, тоқыма бұйымдарының 4,1 есе және былғары мен оған жататын өнімдердің 4 есе артуымен байланысты.

      Қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінің 10 %-ын өндіреді.

      2021 жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 83,3 млн АҚШ долл. құрады, бұл импорттан 26 есе төмен.

      Жеңіл өнеркәсіп тауарларының импорты 2021 жылы 2177,6 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 5,8 есе жоғары: табаны бар және үсті резеңкеден немесе пластмассадан жасалған өзге аяқ киім
(358,3 млн АҚШ долл., 201 есе өсу); мақта-мата иірімжіптен жасалған әйелдер шұлықтары немесе гольфтар (51,4 есе өсіп 72,8 млн АҚШ долл. құрады); ерлерге арналған мақта-мата иірімжіптен жасалған шалбар, комбинезон, бриджи және шорты (7,7 есе өсіп, 56,1 млн АҚШ долл.); химиялық материалдардан тоқылған кілемдер (2,5 есе өсіп, 46,2 млн АҚШ долл.); мақта-мата иірімжіптен жасалған, майкалар, жеңдері бар трикотаж фуфайкалар (7,6 есе өсіп, 45,8 млн АҚШ долл.).

      Құрылыс материалдарын өндіру

      Өңдеу өнеркәсібінде саланың үлесі 5,4 % құрайды. 2021 жылы өндіріс көлемі 902,7 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылдың көрсеткішінен (202 млрд теңге) 4,5 есе көп. Өндіріс көлемінің ұлғаюы портландцемент өндірісінің 2,7 есе, керамикалық кірпіш – 6,7 есе, тауарлық бетон – 2,2 есе, жылу оқшаулағыш материалдар – 3,4 есе, құрылыс ерітінділері – 2,8 есе және т.б. өсуіне байланысты.

      Қазақстандық компаниялар цементке сұраныстың 91 %-ын, полимер құбырларына – 95 %-ын, силикат кірпішке – 98 %-ын, гипсокартонға – 72 %-ын, полимерлер негізіндегі бояулар мен лактарға – шамамен 60 %-ын өндіреді.

      Бұл ретте салада соңғы әрлеу тауарлары арасында шетелдік тауарлар басым: қыш тақташалар, санитариялық-техникалық бұйымдар, тұсқағаздар, табақ шыны, минералды плиталар, шатыр материалдары, линолеум және т.б.

      Бұл ретте 2021 жылы импорттық өнім көлемі 1394,3 млн АҚШ долл. құрап, 2010 жылмен (679 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 2,1 есе өсті. Импорттың ұлғаюы әрлеу материалдарын жеткізу есебінен қамтамасыз етілді: тұсқағаздар 2,7 есе; табақ шыны 2 есе; линолеум 1,7 есе; отқа төзімді кірпіштер 1,7 есе және т.б.

      Құрылыс материалдары өнімдерінің экспорты 2021 жылы 215 млн АҚШ долл. құрап, 2010 жылғы кезеңге қарағанда (106 млн АҚШ долл.) құндық мәнде 2 есе өсті.

      Жиһаз өнеркәсібі

      Өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 0,36 % құрайды. Өндіріс көлемі 59,7 млрд теңгені құрайды, бұл 2010 жылдан (21,5 млрд теңге) 2,8 есеге артық.

      Қазақстандық компаниялар ішкі нарық көлемінің 26 %-ын өндіреді.

      Жиһаз саласының өндірісі негізінен импорттық өнімге тәуелді болып табылады (2021 жылы импорт үлесі – 74 %): қылқан жапырақты аралау материалдары, АЖА, ҰДФ, фанера.

      Жоғарыда көрсетілген тауарлар түпкілікті өнім өндіру үшін шикізат ретінде қолданылады, осылайша жиһаз саласы тауарларының импорты 2021 жылы 375,8 млн АҚШ долл. құрап, 2010 жылмен салыстырғанда (220,2 млн АҚШ долл.) 70,7 % артты, олардың басым бөлігі шикізатқа – плиталық өнімге тиесілі – 269,2 млн АҚШ доллары.

      Жиһаз өнеркәсібінің экспорты 2021 жылы 8 млн АҚШ долл. құрады, 2010 жылғы деңгейге қарағанда (1,1 млн АҚШ долл.) құндық мәнде 7,3 есе өсімді көрсетті.

      Азық-түлік өнімдерін өндіру

      2021 жылы өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы тамақ өнімдері өндірісінің үлесі 13,2 % құрады, өндіріс көлемі 2216,7 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылмен (695,2 млрд теңге) салыстырғанда 3,2 есе көп.

      Тамақ өнімдерін өндіру құрылымындағы негізгі үлесті астық өңдеу саласы және сүт саласы (18,4 %-дан), ет өңдеу саласы (16,5 %), нан және нан-тоқаш саласы (11,2 %), май және тоң-май саласы (11,1 %), жеміс-көкөніс саласы (4,7 %), балық өңдеу саласы (1,3 %) және басқалар (18,4 %) алады.

      Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша импорт көлемі 2752 млн АҚШ долларынан 3269 млн АҚШ долларына дейін 18,7 % ұлғайды.

      Импорттың жалпы құрылымында 8 % қантқа, 3,5 % ірімшік пен сүзбеге, 5,1 % құс етіне, 3,3 % шұжық өнімдеріне тиесілі.

      Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша экспорт 4,5 % (1348-ден 1410 млн АҚШ долларына) ұлғайды.

      Экспорттың жалпы құрылымында ұн – 31 %, өсімдік майы – 11 %, мақта талшығы – 8 %, сүт өнімдері – 5 %, макарон өнімдері – 4,6 %, құс еті 2,7 % құрайды.

      Мұнай-газ химиясы

      2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 190 мың тоннаны құрады. Мұнай-газ химиясы өнімдерін ішкі тұтыну импортқа 100 % тәуелді.

      2020 жылдың қорытындысы* бойынша мұнай-газ химиясы өнімдерінің импорты 513 мың тоннаны құрады, бұл 2018 жылдың көрсеткішінен 1,2 есе артық. Мұнай-газ химиясы өнімдерінің импортында полиэтилен (2020 жылы импорт үлесі – 34 %) мен дайын майлар (2020 жылы импорт үлесі – 24 %) импортының үлесі анағұрлым жоғары.

      Бұл ретте мұнай-газ химиясы өнімдері экспортының көлемі 2020 жылы 281 мың тоннаны құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 6,7 есе өсімді көрсетті. Талданып отырған кезеңде экспорт көлемінің ұлғаюы 200 мың тонна параксилол өндірісі мен экспорты есебінен қамтамасыз етілді, бұл 2020 жылы барлық экспортталатын өнімнің 72 %-ын құрады.

      *Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2021 жылға арналған статистикалық деректері ағымдағы жылғы 30 маусымда жарияланатын болады.

      Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп

      Өңдеу өнеркәсібіндегі саланың үлесі 2021 жылы 1,8 % құрады. Өндіріс көлемі 2010 жылғы 19,9 млрд теңгеден 2021 жылы 198,7 млрд теңгеге дейін 10 есеге ұлғайды.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісі ішкі нарық көлемінің 24 %-ын жабады.

      Өндіріс көлемінің ұлғаюы отандық өндірушілердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) шеңберінде, жасалған офтейк шарттар шеңберінде мемлекеттік сатып алуға қатысуының арқасында, сондай-ақ бөлшек сауда нарығында: вакциналарға, құрамында антибиотиктер бар дәрілік заттарға, құрамында алкалоидтар бар дәрілік заттарға, таңу материалдарына, жеке қорғаныш құралдарына (маскалар, қолғаптар) сұраныстың артуы салдарынан болды.

      Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісінде
2018 жылғы деңгейге қарағанда Еңбек өнімділігінің нақты көлем индексі (бұдан әрі – НКИ) 214 %; жалпы қосылған құн 184 % құрады; негізгі капиталға инвестициялар көлемі бойынша 174 % құрайды.

      2021 жылы саланың экспорты 61,1 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылғы көлеммен (16,6 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 3,3 есе артық.

      2021 жылы импорт көлемі 1551 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылмен (974,7 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 1,6 есе көп.

      2.2 Реттелетін сатып алудағы елішілік құндылықты талдау

      Елішілік құндылық үлесі 2021 жылы 56,1 % құрады, бұл 2010 жылдың көрсеткішінен (48,2 %) жоғары, бірақ 2014 жылғы ең жоғары мәннен төмен (63,2 %).

      Мұндай серпіннің себебі халықаралық интеграция шеңберінде Қазақстанның міндеттемелер қабылдауына байланысты отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі преференциялардың (мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерінде отандық жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер, басым сатып алу, бір көзден сатып алу) жойылуы, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан баламалы шаралардың уақтылы қабылданбауы болып табылады.

      Талдау жүргізген кезде елішілік құндылық үлесі 2014 жылғы деңгейде сақталған жағдайда ел экономикасына жыл сайын орта есеппен 1,6 трлн теңге түсуі мүмкін екені анықталды.

      Сатып алу құрылымы елішілік құндылық үлесінің 50 %-дан жоғарғы көрсеткішіне жұмыстарда 58,9 %, көрсетілетін қызметтерде 70,1 %, бірақ бұл ретте тауарларда 41 % жоғары мәндер есебінен қол жеткізетінін көрсетеді.

      Субъектілер бойынша елішілік құндылық үлесі былайша бөлінген:

      мемлекеттік ұйымдар: тауарлар – 39,8 %, жұмыстар – 41,7 %, көрсетілетін қызметтер – 55,3 %; ұлттық компаниялар: тауарлар – 65 %, жұмыстар – 53,2 %, көрсетілетін қызметтер – 90,4 %; жүйе түзуші кәсіпорындар: тауарлар – 35 %, жұмыстар – 95,8 %, көрсетілетін қызметтер – 92,7 %; жер қойнауын пайдаланушылар тиісінше: тауарлар – 19,2 %, жұмыстар – 76,7 %, көрсетілетін қызметтер – 59,4 %.

      Осылайша, тауарларды сатып алудың едәуір бөлігі импорттық өнімге, оның ішінде жоғары технологиялық өнімге тиесілі. Мұндай жағдайдың себептері өндірілетін тауарлардың сапасына, импорттық аналогтарға қарағанда бағасының жоғарылығына және өңдеу өнеркәсібіндегі жүйелі кедергілерден туындаған бірқатар басқа факторларға байланысты жағдайлар болып табылады.

      Жүйелі кедергілер

      Өңдеу саласындағы негізгі кедергілер өндірістер үшін қолжетімді шикізаттың тапшылығы, технологиялық жарақтандырылудың әлсіздігі, өндірістің энергия мен капиталды көп қажет етуі, негізгі қорлардың тозуы, қаржы ресурстарының шектеулілігі, білікті кадрлардың жеткіліксіздігі және экологиялық шектеулер болып табылады, олар жиынтығында қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі мен елішілік құндылықты толық көлемде арттыруға мүмкіндік бермейді.

      Елішілік құндылықты дамытудың маңызды шарттарының бірі жеткілікті көлемде қолжетімді капиталдың болуы, сондай-ақ оны банк жүйесі және инвестициялар нысанындағы капиталдың басқа нарықтары арқылы тиімді бағыттау болып табылады.

      Қазақстандық компаниялар кредиттік мөлшерлемелердің жоғарылығы (>16 %), құрауыштар құнының құбылмалылығы, кепілді өткізудің болмауы жағдайында қаржылық кедергілерге тап болады, қарыз қаражаты негізінен айналым қаражатын толықтыру үшін пайдаланылады.

      Нарықтық конъюнктураға байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі 14 %-ға тең, бұл қарыз қаражатын инвестициялық мақсаттар үшін толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермейді.

      Арзан және "ұзын" ақша тапшылығының салдарынан жабдықтың тозу деңгейі, бұл техникалық әлеуетті төмендетеді, шығындардың өсуін арттырады, өйткені бұл өндірістің энергияны және капиталды көп қажет етуіне себеп болады. Мәселен, елдің электр энергиясының 62 %-ын тұтынатын 50 кәсіпорынның 14-і өңдеу өнеркәсібіне жатады, жалпы негізгі қорлардың тозуы 2020 жылы 39,2 % құрады, бұл ретте ең көп тозу сусындар (51,4 %), темекі өнімдері (50,7 %), металлургия (47,8 %), жиһаздан басқа ағаш және тығын бұйымдары (46,6 %) өндірісіне тиесілі болды.

      Елішілік құндылықты дамытуға металлургия, энергетика және мұнай-газ салаларында жоғары білікті инженерлік-техникалық және жұмысшы кадрлардың тапшылығы қосымша қысым болып отыр, олардың орташа жасы 50 жасты құрайды. Бұған қоса қазіргі заманғы жабдықтарға қызмет көрсету үшін инженерлердің жетіспеушілігі байқалады, бұл жыл сайын мыңдаған шетелдік маманды тартуға әкеледі.

      Меншікті қолжетімді шикізаттың болмауы отандық өндірістің ұлттық валюта бағамына қатысты осалдығы тәуекелін тудырады және саланың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әсер етеді.

      Қолданыстағы "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қысқа мерзімді кезеңге газдың шекті бағасын белгілеуді көздейді, ал өңдеуші өнеркәсіп үшін жоба іске асырылатын бүкіл мерзімге шикізаттың тіркелген құнының болуы қажет. Сонымен қатар салық режимі тұрақты өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар өндірген газға шекті бағаны айқындау тетігі қолданылмайды. Мұндай жер қойнауын пайдаланушылардың газды өткізуі шарттық негізде жүзеге асырылады және қазіргі уақытта ірі жер қойнауын пайдаланушылармен шикізатты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

      Өндірісте "ескі" технологияларды қолдану өнеркәсіптегі инновациялық белсенділікті дамытудың базалық шарты болып табылатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жүйесінің нашар дамуының салдары болып табылады. Тіпті технопарктердің, институттар мен венчурлік қорлардың жанында коммерцияландыру бөлімдерінің болуына қарамастан, ұлттық инновациялық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі төмен күйде қалуда, сапалы жобалардың саны шектеулі, ал сапалы "серпінді" жобалар жеткіліксіз.

      Инфрақұрылымдық қамтамасыз ету шеңберінде "соңғы миляны" қосу мәселелері де кездеседі. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан "Инфрақұрылым" индексі бойынша 141-ден 67-орынға ие болды, бұл өңірлік деңгейде бизнестің елеулі үлесінің көліктік, энергетикалық инфрақұрылыммен байланысты олқы тұстар мен шектеулердің болуына байланысты: жолдардың қанағаттанғысыз жай-күйі, электр желілерінің әбден тозуы.

      Қазақстанда 13 арнайы экономикалық және 26 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың әрқайсысында жұмыс істеп тұрған және әлеуетті инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті қазіргі заманғы объектілерді салуға қажеттілік бар.

      Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы мақсаттарына қол жеткізу 2060 жылға қарай бірқатар жүйелі проблемаларға әкеп соғады, өйткені өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістік процестерді терең трансформациялауды талап етеді. Шығарындылардың ең көп үлесі базалық материалдарды (цемент, шойын және болат, алюминий) өндіру кезінде байқалады, олар жиынтығында өнеркәсіптік процестердің барлық шығарындыларының 90 %-дан астамын шығарады.

      Негізгі экспорттық нарықтарда карбоннан арылу отандық өнеркәсіп өніміне болашақ жаһандық сұранысты күрт төмендетеді, бұл қазба энергия ресурстарын бейэкологиялық жағудан көміртексіз технологияларға жылдам әрі тиімді көшуді, өнеркәсіпте "жасыл" инновацияларды және энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттырудың өзге де технологияларын жаппай енгізуді талап етеді.

      2.3 Халықаралық тәжірибені талдау

      Шет елдерде импортты алмастырудың ашық саясаты жүргізілмейді, бірақ елде өндірілген өнімді өткізуге кепілдік беру тәсілдерін кеңейту арқылы ұлттық өнеркәсіпті ынталандыру саясаты арқылы ішкі нарықтық протекционизмнің "жасырын" механизмі қолданылады.

      Мұндай саясаттың негізгі құралдары салықтық ынталандыру, мемлекеттік сатып алу, кедендік-тарифтік реттеу, мемлекеттік субсидиялау мен стандарттау болып табылады. Құралдар мән-жайға байланысты әртүрлі мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылады. Мысалы, импорт үлесі төмен сегменттерде салықтық жеңілдіктер немесе субсидиялау ішкі өндіріс көлемін ұлғайтып, компаниялардың кейіннен экспорттық нарықтарға шығуы үшін де, бәсекеге қабілеттілік деңгейін сақтау мақсатында кәсіпорындарды жаңғырту үшін де пайдаланылуы мүмкін. Импортқа тәуелді секторларда дәл осындай тетік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін сақтап қана қоймай, оны арттыруға да мүмкіндік береді.

      Салықтық ынталандыру шеңберінде жоғары технологиялық жабдықтардың жылдамдатылған амортизациясын қолдану және жаңа өнеркәсіп орындары үшін табыс пен мүлік салығы бойынша салықтық демалыс беру салықтық ынталандырудың перспективалы түрлері болып табылады.

      Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттік сатып алу импортты алмастыру саясатының пәрменді құралы бола алады. Көптеген елдердегі мемлекеттік сатып алу нарығы ЖІӨ-нің айтарлықтай бөлігін құрайтынын ескерсек, жергілікті компаниялардың мемлекеттік тапсырыстарға басым шарттарда қол жеткізу мүмкіндігі отандық тауар өндірушілерді ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз етеді.

      Мәселен, Ресейде Үкіметтің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 616 және № 617 қаулылары және "Үшінші артық" қағидасы шет елдерде шығарылатын өнеркәсіптік тауарлардың мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейді.

      АҚШ заңнамасына сәйкес ("Buy American Act") шет елдерде өндірілген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекет мұқтажы үшін кез келген жеткізу шектелген.

      Еуропалық Одақ (бұдан әрі – ЕО) елдерінде бірыңғай кедендік тариф қолданылады, оған эскалация – тауарларды қайта өңдеу дәрежесінің өсуіне қарай кедендік баж мөлшерлемесінің ұлғаюы тән.

      АҚШ-та белгілі бір тауарлар нарығын қауымдастықтар реттейді, мысалы Ұлттық өрттен қорғау қауымдастығы (National Fire Protection Association) құрылыс, жобалау, жабдықтарға қызмет көрсету және оларды орнату өлшемшарттарын белгілеу арқылы өрт қаупі мен салдарын барынша азайтуға арналған стандарттарды әзірлейді. Белгілі бір өнімге арналған стандарттарды әртүрлі қауымдастықтар әзірлеуі мүмкін және тәжірибе болмаса, олардың тізілімін анықтау өте қиын.

      ЕО-да импорттаушы елдің экологиялық нормалары тарифтік емес маңызды кедергілерге айналды. Белгіленген талаптарға сәйкес келмеу сандық шектеулердің әрқилы түрлерін енгізуге (ең алдымен, импортқа уақытша тыйым салу, лицензияның қолданысын тоқтату), тауарларды кедендік шекара арқылы өткізу пункттерін шектеуге және басқа да бірқатар шараларға алып келеді.

      Бұл ретте импортты алмастырудың кейбір бағдарламалары (Ресей Федерациясы және Беларусь) ішкі нарыққа, ең алдымен, өнеркәсіптік тұтынушыларға арналған өнімдердің басым және маңызды түрлерін шығаруды ұйымдастыру тұрғысынан өнімдік-жобалық тәсілдің қолданылғанымен сипатталады. Осыған байланысты арнайы инвестициялық келісімшарттар, өнеркәсіпті дамыту қоры, өнеркәсіпке жеке инвестицияларды тартуға бағытталған субсидиялық қолдау шаралары сияқты қолдау шаралары бар салалық бағдарламалар қосымша әзірленді, экспортты қолдау инфрақұрылымы жасалды.

      Мақсаты мен міндеттері

      Бағдарламаның мақсаты және міндеттері Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының негізгі бағыттарына: Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының "Әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру" деген 8-жалпыұлттық басымдығына, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына, "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасының "Индустриялық-инновациялық дамуы" 1-бағытының міндеттеріне сәйкес келеді.

      Бағдарламаның мақсаты ішкі нарықты ішкі нарықта өндірілген, экспортқа шығу мүмкіндігі бар бәсекеге қабілетті тауарлармен толықтыру болып табылады.

      Мақсатты іске асыру және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды дамытуға жағдай жасау үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:

      ішкі және сыртқы нарықтарда шығарылатын тауарлар номенклатурасын кеңейту;

      бәсекеге қабілетті тауарлардың отандық өндірісін тұрақты дамыту үшін базалық жағдайларды дамыту.

      Мақсат пен міндеттерді табысты іске асыру мынадай индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді:

      1-кесте. Нысаналы индикаторлар

Р/с

Нысаналы индикаторлар

Өлшем бірлігі

Болжам

Орындауға жауаптылар

2022
жыл

2023 жыл

2024 жыл

2025 жыл

1.

Сұранысқа ие тауарлар өндірісі:

бірлік

134

233

138

150

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері

1.1

Түйінді тауарлар өндірісі

бірлік

43

15

20

28


      Бағдарламаның негізгі индикаторларына қол жеткізу мүмкіндігі әлемдік экономиканың даму перспективаларымен де (шикізат нарықтары мен өнеркәсіп тауарларының конъюнктурасы, санкциялық саясат және т.б.) айқындалатын болады.

      Бағдарламаның негізгі бағыттары мен оны іске асыру тетігі

      Бағдарламаның мақсатына қол жеткізу үшін өңдеу өнеркәсібі орындарын дамытуға, қойылған міндеттерді іске асыру арқылы ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық тауарлармен қамтамасыз етуге кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен тосқауылдарды шешу қажет.

      Ішкі және сыртқы нарықтарда тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі міндеттерді іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүргізілетін болады:

      1) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда тауарлар өндіру;

      2) жаңа өндірістерді пайдалануға беру;

      3) жаңа өсу нүктелерінің пайда болуы үшін қолайлы жағдайлар жасау.

      Бірінші және екінші бағыт шеңберінде бизнес-қоғамдастықпен елішілік құндылықты дамыту және оларды одан әрі сыртқы нарықтарға өткізуді ұйымдастыру үшін маңызды тауар және шикізат позицияларын айқындау жоспарлануда.

      Бірінші бағыт шеңберінде 2025 жылға дейін нарықты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы шамамен 655 тауар позициясымен толықтыру жоспарланған. Бұл қара металлургиядағы өнім – техникалық кремний, шойыннан жасалған бұйымдар, металл бөшкелер, құбырлар, темір брекеттер және т.б. тауарлар өндірісін ұлғайту; түсті металлургияда – Доре алтын қорытпасының, кабельдер мен сымдар, электролиттік марганец, алюминий профильдері мен басқа да тауарлар өндірісі; машина жасауда – машиналар мен механизмдерге, автотехникаға арналған қосалқы бөлшектердің, жарық жабдықтары жинақтауыштарының, трансформаторлардың, электр қалқандары жабдықтарының және басқа тауарлардың номенклатурасын кеңейту; химия өнеркәсібінде – металлургия саласына арналған химреагенттер, волластонит микроұнтағы, бояулар, лак, аммиак, селитра, органикалық тыңайтқыштар және т.б.; құрылыс индустриясында – кірпіш (силикат, қыш, керамзит, гиперпрестелген), ТББ, бетон, қадалар, асфальт-бетон қоспалары, шлак блоктары, битум және басқа тауарлар.

      Жаңа өндірістерді пайдалануға беруді ұйымдастыру бойынша екінші бағыт шеңберінде 106 түйінді тауар позициясы анықталды, олар ішкі нарықты қамтамасыз етуді және 2025 жылға дейін сыртқа шығуды жоспарлап отыр.

      Айталық, қара металлургияда – 5 түйінді тауар өндірісін ұйымдастыру: қоспаланған дайындамалар, болат дайындамалар, жартылай кокс, ферроқорытпалар және ферросиликоалюминий.

      Түсті металлургияда 12 түйінді тауар, оның 6-уы алюминий саласында: тамақ банкілері, терезе профильдері, плиталар мен табақтар, радиаторлар мен илек; 4-і мыс саласында: кабель өнімдері, илек және сымдар, сондай-ақ мыс құбырлары.

      Машина жасауда 20-дан астам түйінді тауарлар: автомобиль шиналары, белдігінің бас берілістері мен жүк автомобильдерінің арқалықтары, автомобиль дискілері, жүк автомобильдері, изотермиялық вагондар, қосалқы станцияларға арналған жоғары вольтты аппаратуралар, тұрмыстық техника және басқа тауарлар өндірісі.

      Химия өнеркәсібінде түйінді 24 тауар: кальцийленген сода, электрондық детонаторлар, натрий цианиді, геосинтетика, барит концентраты, каустикалық сода, поливинилхлорид, ұнтақты полипропилен, минералды тыңайтқыштар, фосфорит ұны, карбамид және басқа да тауарлар өндірісін ұйымдастыру.

      Мұнай-газ химиясы өнеркәсібінде полипропилен, метанол, терефтал қышқылы және полиэтилентерефталат, сондай-ақ полиэтилен мен бутадиен өндірісін ұйымдастыру жоспарлануда.

      Құрылыс материалдары өндірісінде түйінді 9 тауарды: қыш тақташалар, сэндвич-панельдер, көлемді блок-модульдер, жылу оқшаулағыш материалдар, еден жабындары, автоклавты газоблоктар, ЛАЖТ, бөлмеаралық есіктер, санфаянс шығару жоспарлануда.

      Жеңіл өнеркәсіпте отандық шикізатты өңдеуге, сондай-ақ иірілген жіп, мата, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған тауарлар өндірісі.

      Тамақ өнімдерінің өндірісінде қант, ет және шұжық өнімдерін, сүт өнімдерін, оның ішінде ірімшік пен сүзбе шығару өндірісі жолға қойылады.

      Перспективалы өндірістер үшін жағдай жасау жөніндегі үшінші бағытқа қатысты 20-дан астам тауар талданып, айқындалды.

      Қара металлургияда 12,5 млн тонна темір кені концентратын қайта өңдеу әлеуеті бар, бұл кейіннен арматура мен автомобиль табақтарын шығара отырып, концентратты болат етіп қайта өңдеу үшін болат құю зауытын құру қажеттігін болжайды.

      Түсті металлургияның алюминий өндірісі секторында алюминий тотығын жергілікті қайта өңдеу үшін алюминий тотығын қайта өңдеу әлеуеті 830 мың тоннаны құрайды, кейін бұл алюминий өнімін шығаратын өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді.

      Сирек және жерде сирек кездесетін металдарды дамыту бөлігінде технологиялық күрделі өнімдер – жоғары сапалы аммоний перренаты мен ванадий пентаоксидін шығаратын зауыттар салу жоспарлануда.

      Машина жасауда мұнай-газ машинасын жасауда сорғыларды, құбыржолдарға арналған арматураларды, сыйымдылықтарды, сүзуге арналған жабдықтарды өндіруге арналған тауашалық жобаларды іске асыруға инвестициялар тарту қажет.

      Химия өнеркәсібінде поливинилхлорид, калий және құрамында азот бар тыңайтқыштар, фосфорит ұны, гербицидтерді, изопропил спирті, эпихлоргидрин, эпоксидті шайыр, мұнай-полимерлі шайырлар, сутегі, сондай-ақ косметикалық және беттік-белсенді заттар (жуғыш және тазалағыш заттар) өндірісін іске асыруды қамтамасыз ету қажет.

      Жеңіл өнеркәсіпте тері өңдеу фабрикасын салу талап етіледі.

      Мұнай-газ химиясы саласында бутадиен өндірісін ұйымдастыру қажет.

      Бәсекеге қабілетті тауарлардың отандық өндірісін орнықты дамыту үшін базалық жағдайларды дамыту жөніндегі міндетті іске асыру мынадай жүйелі іс-шараларға негізделетін болады:

      Шикізатпен қамтамасыз ету

      Елішілік құндылықты қалыптастыру үшін базалық шарттардың бірі үздіксіз өндірісті қамтамасыз ететін жеткілікті шикізат ресурстарымен қамтамасыз ету болып табылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар елде шикізаттың болуына қарамастан, олардың қолжетімсіздігі мен жетіспеушілігіне тап болады; шикізатты шетелдік өнім берушілерден не делдалдардан сатып алуға тура келеді, бұл өнімнің өзіндік құнын арттырады, қуаттардың төмен жүктелуіне (30 %-дан 50 %-ға дейін) және соның салдарынан ішкі нарықты тауарлармен молықтырудың мүмкін болмауына алып келеді.

      Осы кедергіні шешу үшін өнеркәсіпті ынталандыру жөніндегі уәкілетті органның не көміртектер саласындағы уәкілетті органның қатысуымен шикізат (оның ішінде этан, пропан және бутан) берушілермен жасалатын келісімдер шеңберінде жұмыс істеп тұрған өндірістік кәсіпорындарды қолайлы баға бойынша шикізаттың қажетті көлемімен қамтамасыз ету қажет.

      Сонымен қатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу аясында елішілік құндылықты дамыту үшін ағымдағы қажеттіліктер ескеріліп, "стратегиялық" (шикізат және жиынтықтаушы) анықтамасына жататын тауарлардың тізбесі жаңартылады.

      Өндіру және қазақстандық кәсіпорындардың оңтайлы жүктелуін қамтамасыз ету үшін маңызды құрамдас бөліктер болып табылатын шикізаттық тауарларға тарифтік және тарифтік емес шектеулер қосымша белгіленетін болады.

      Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібі орындары үшін салық режимін мына бөлікте жақсарту мәселелері пысықталатын болады:

      1) стратегиялық шикізатты импорттау кезінде ішкі нарықтағы өндірушілер үшін ҚҚС төлеуді есепке жатқызу әдісімен белгілеу;

      2) қарсы міндеттемелерді қабылдау арқылы қосылған құны жоғары дайын өнімді отандық өндірушілер үшін отандық металлургиялық шикізатты өткізуге ҚҚС-ны алып тастау.

      Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу болашақта тауар номенклатурасын кеңейту және жаңа өндірістерді құру үшін заңнамалық негіз жасауға мүмкіндік береді.

      Қаржылық қамтамасыз ету

      Елішілік құндылықты дамыту мақсатында жүйелі проблемаларды шешудің маңызды шарттарының бірі жеткілікті ауқымда қолжетімді капиталдың болуы, сондай-ақ оны банк жүйесі мен басқа да капитал нарықтары арқылы инвестициялар нысанында тиімді бағыттау болып табылады.

      Осыған байланысты даму институттары мен жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) арқылы мемлекет тарапынан, сондай-ақ өнеркәсіп орындарын қаржыландыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерді (бұдан әрі – ЕДБ) ынталандыру үшін қаржыландыру бөлу көзделеді.

      Жалпы инвестициялық жобаларды қаржыландырудың 3 бағытын бөліп көрсетуге болады:

      құны 2 млрд теңгеге дейінгі шағын жобалар үшін түпкі алушыны ЕДБ-мен бірлесіп, номиналды сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 (бес) пайыздық тармаққа ұлғайтылған, оның айырмасын мемлекет субсидиялайтын 6 %-бен қаржыландыру;

      құны 2-ден 7 млрд теңгеге дейінгі орташа жобалар үшін түпкі алушыны ЕДБ-мен бірлесіп, номиналды сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық сыйақы мөлшерлемесінен аспайтын және 5 (бес) пайыздық тармаққа ұлғайтылған, оның айырмасын мемлекет субсидиялайтын 9,5 %-бен қаржыландыру;

      құны 7 млрд теңгеден басталатын ірі жобаларды қаржылық даму институтының түпкі қарыз алушы үшін 11 %-дан асырмай кредиттеуі;

      ЕДБ ынталандыру үшін мынадай құралдар көзделген:

      жобаның операциялық кезеңінің басталуына байланысты қаржылық даму институты арқылы сыйақы мөлшерлемесін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге субсидиялау;

      ЕДБ ұзақ мерзімді кредиттеріне 70/30 қағидаты бойынша кепілдік беру (ЕДБ қарыздары құнының 70 %-ы кепілдік есебінен жабылады);

      қаржылық даму институтымен бірлесіп, шағын және орта бизнесті (бұдан әрі – ШОБ) 20-20-60 % схемасы бойынша үлестік қаржыландыру (20 % өтініш берушінің меншікті қаражаты, 20 % қаржылық даму институтының қаражаты, 60 % ЕДБ кредиті).

      Іріктеудің бірінші деңгейі шеңберінде индустриялық жобаларды ЕДБ-мен бірлесіп қаржыландыру үшін жобаның перспективалығы мен табыстылығына қатысты ЕДБ тарапынан негізгі әмбебап өлшемшарттар қолданылатын болады.

      Іріктеудің екінші деңгейі шеңберінде жобалар мақсатты топтар бойынша бөлінетін болады:

      1) даму – жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғыртуға немесе кеңейтуге бағытталған жобаларға қаржылық даму институты арқылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорынан кредит сомасы 2 млрд теңгеден аспайтын жоба құнының 70 %-ынан аспайтын кепілдіктер беру мүмкіндігі берілетін болады;

      2) ұқсас бизнесті жүргізу тәжірибесі бар жаңа өндіріске қарыз сомасы 2 млрд теңгеден аспайтын сыйақы мөлшерлемесін қаржылық даму институты арқылы субсидиялау және барлық жобалары бойынша қарыздарға 70/30 қағидаты бойынша кепілдік беру көзделеді, мұнда қарыз сомасының тек 70 %-ы кепілдік есебінен жабылады;

      3) ұқсас бизнесті жүргізу тәжірибесі жоқ жаңа өндіріске ЕДБ қаржыландырудың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мүмкіндігімен жобаны үлестік қаржыландыру шарасын көрсететін болады.

      Өңдеу өнеркәсібінің құны 7 млрд теңгеден асатын (азық-түлік өнімдері өндірісі саласында 3 млрд теңгеден асатын) ірі инвестициялық жобалары үшін кредит беру тетігі енгізілетін болады. Бұл тетік инвестициялық жобаларды, оның ішінде қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілерін құру мен жаңғыртуды "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ арқылы қарыз алушы үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі 11 %-дан аспайтын (мемлекеттік қолдау көрсету мерзімі 5 жылға шектелетін болады) және қаржыландыру мерзімі 20 жылға дейінгі қаржыландыруды көздейді. Қаражат нарықтық қаражатпен микширленетін болады (60 % мемлекеттік бюджет қаражаты және 40 % нарықтан тартылатын қаражат).

      Бұған қоса жаңа жобаларды іске асыруға бейімделген тәсілді талап ететін кәсіпорындар үшін жергілікті қолдау шараларын (жер бөлу, ғимараттарды жалға беру, ЕДБ тетіктері арқылы қайта оңалту үшін борыштық жобаларды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан әрі – ӘКК) арқылы беру) көрсету үшін облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері ӘКК-мен бірлесіп жұмылдырылатын болады. Бұл ретте өңірлердегі жобаларды ЖАО-мен бірлесіп қаржыландыру: республикалық бюджеттен 50 % жергілікті бюджеттен 50 % қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

      Жаңа индустриялық жобаларды дамытуды ынталандыру үшін қаржыландырудың мынадай қосымша құралдарын қолдануға болады:

      жаһандық өндіріс тізбегіне ендіруге бағытталған ірі жобаларды қаржылық даму институты арқылы 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 3 % мөлшерлемемен кредиттеу;

      елішілік құндылықты және (немесе) экспортты дамытуға бағытталған жобаларды 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 7 % мөлшерлемемен кредиттеу. Қаражат микширлеу есебінен (70 % мемлекеттік бюджет қаражаты және 30 % нарықтан тартылған қаражат) жинақталатын болады;

      "Өнеркәсіптік даму қоры" АҚ және ЖАО арқылы тек ШОБ жобаларын 7 жылға дейінгі мерзімде жылдық 3 % мөлшерлемемен кредиттеу. Қаражат микширлеу есебінен (50 % мемлекеттік бюджет қаражаты және
50 % жергілікті бюджет қаражаты) жинақталатын болады.

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ) базасында өтінім беруден бастап қолдау шарасын алуға дейін барынша ыңғайлы сервис жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай терезе (маркетплейс) құру жоспарланған.

      Мониторингті жүзеге асыру мақсатында "Қазына Капитал Менеджмент", "Қазақстанның Даму Банкі", "Өнеркәсіпті дамыту қоры" және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамдары "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға бөлінген бюджет қаражатының игерілуі және мақсатты пайдаланылуы туралы есептерді тоқсан сайынғы негізде жібереді.

      "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тоқсан сайынғы негізде "Қазына Капитал Менеджмент", "Қазақстанның Даму Банкі", "Өнеркәсіпті дамыту қоры" және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамдарының бөлінген бюджет қаражатын игеруі және мақсатты пайдалануы туралы есептерді ИИДМ-ге жібереді.

      Толық өтінімді қарау мерзімін қысқарту үшін кепілдік бойынша мақұлдауды қаржылық даму институтынан ЕДБ-ға беру арқылы қарызға кепілдік беру бойынша қорытынды беру мандатын ЕДБ-ға ұсыну мәселесін пысықтау жоспарланған.

      Сонымен қатар негізгі қорларды жаңарту үшін өнеркәсіптік жабдықты лизингке алу тетігі енгізілетін болады.

      Сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға алғаш енгізілген тіркелген активтер бойынша өңдеу өнеркәсібінің жекелеген салалары үшін қосарланған амортизацияны есептеуді қолдану және жаңа өнеркәсіп орындары үшін кіріс салығы мен мүлік салығына 3 жылға салықтық демалыс беру мәселелесі пысықталады.

      Білікті кадрлармен қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) дамыту

      Өндірісте жаңа технологияларды енгізу жұмыскерлерден салалық, сол сияқты ақпараттық технологиялардағы білімді болжайтын түбегейлі жаңа дағдыларды талап етеді.

      Жаңа өндірістерді ұйымдастыру бойынша екінші бағыттағы кәсіпорындар (жаңа өндіріс) үшін елішілік құндылықты дамыту үшін қажетті салалар бойынша оқытудың үлгілік жоспарларын бекіту жөніндегі тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады.

      Сонымен қатар оқытушылар мен болашақ мамандарды қазіргі технологиялармен таныстыруға, сондай-ақ оқытушылардың кәсіптік дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа өндірістерге өнеркәсіптік "туризм" ұйымдастырылады.

      Өндірістерді ұйымдастыру үшін қажетті кадрларды даярлау шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысының инженерлік-техникалық мамандықтарының тізбесі жаңартылады.

      Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді өнеркәсіп орындарының сенімгерлік басқаруына беру тетігі әзірленеді. Бұдан басқа дуальды білім беруді жүзеге асыруды ұйымдастыру және қажетті кадрларды даярлау тетіктері тұжырымдалады.

      Үшінші бағытқа (жаңа кәсіпорындар үшін жағдай жасау) қатысты жаңа технологияларды енгізу негіздерін ұйымдастыру үшін болашақ талаптарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеуішіне, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша да өзгерістер енгізіледі.

      Реттелетін сатып алу

      Елішілік құндылықты дамыту реттелетін сатып алуда тиімді шараларды талап етеді, ол келешекте мына құралдарды қолдану арқылы ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім жасауға мүмкіндік беруге тиіс:

      сатып алынатын жұмыстардағы алынатын тауарларды жоспарлау кезеңінде ашу;

      ауқымды өндірісі бар тауарлар бойынша бірыңғай арнаулы техникалық ерекшеліктерді белгілеу;

      өтпеген сатып алу бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта сатып алудың басымдығын белгілеу;

      сатып алу рәсімдерін тексеру мақсатында қоғамның белсенді мүшелерін тарта отырып, қоғамдық мониторингтік топтар құру;

      халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық кәсіпорындар өндіретін тауарларды алуды ұйымдастыру үшін тауарлар тізбесін жаңарту;

      "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына отандық кәсіпорындар өндірілген өнімді кепілдендірілген өткізуді қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді және офтейк-шарттар жасасу жөніндегі міндеттерді енгізу.

      Жер қойнауын пайдалану, жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық машина жасау кәсіпорындары арасындағы кооперация саласындағы сатып алу туралы хабардар болуды арттыру мақсатында Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығына ұқсас тау-кен металлургиясы кешені кәсіпорындарының өз қаражатын пайдалану арқылы тау-кен металлургиясы кәсіпорындары үшін Машина жасау орталығын құру мәселесі пысықталатын болады.

      Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

      Барлық үш санаттағы тауарлар бойынша өндірісті жолға қою мақсатында жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындарды тиісті инфрақұрылыммен әрі жергілікті жерлерде қолдаумен қамтамасыз ету қажет. Кәсіпорындар сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, газ, көлік коммуникациялары сияқты инфрақұрылымдық сипаттағы проблемаларға тап болмаға тиіс.

      Кәсіпорындар үшін тікелей қаржыландыру және кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін өтеу шарттарында инфрақұрылымға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша бағдарлама құралы енгізіледі.

      Сондай-ақ қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі пысықталады.

      ЕАЭО нарығына қолжетімділік

      ЕАЭО шеңберінде мүше мемлекеттер арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету нарықтарға өзара еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жоғары әлеуетке ие. Осы мақсаттарда Еуразиялық Даму банкі арқылы кооперациялық жобаларды қаржыландыру тетігі көзделген, ол елдер арасындағы өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорттық-импорттық операцияларын жандандыруға бағытталған.

      Өнеркәсіптік тауарлардың еуразиялық тізіліміне енгізілген тауарлар тізбесін қалыптастыру және кеңейту арқылы Ресей мемлекеттік сатып алу нарығы қолжетімді болды, ол қазақстандық тауар өндірушілердің қатысуы үшін ең ірі әрі тартымды болып табылады.

      Өнеркәсіптік кооперация шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің нарықтарындағы өнеркәсіптік тауарлардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізу маңызды болып табылады.

      Сондай-ақ отандық өнімді өндіру және үшінші елдерге экспорттау әлеуетін арттыру мақсатында ЕАЭО бойынша әріптестермен бірлесіп халықаралық сауда келісімдерін қалыптастыру мәселесіне белсенді қатысу талап етеді (мысалы, ЕАЭО мен үшінші елдер арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім).

      Жоба өндірістің ұйымдық құрылымының тиімділігін арттыруға және өнеркәсіптік өнімдерді әзірлеуге, өндіру мен сервистік қызмет көрсетуге, сондай-ақ технологиялық процестерді орындауға тапсырыстарды орналастыру арқылы отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын оңтайлы жүктеуге мүмкіндік береді.

      Екінші бағытты іске асыру үшін жүйелі шаралардан басқа қосымша іс-шаралар жүргізілетін болады.

      ШОБ белдеуі

      Елішілік құндылықты ынталандыру шеңберінде ірі жобаларды іске асыру кезінде спутниктік өндірістерді тарта отырып, ШОБ белдеуін құру жоспарланған, олар шикізат тауарларын өңдеуге немесе жүйе түзуші кәсіпорынға өзі өндірген тауарларды және (немесе) сервистік қызметтерді ұсынуға тартылатын болады және олар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда (лицензияларда) міндеттемелер, сондай-ақ спутниктік кәсіпорындардан тауарлар сатып алуға және өз шикізатын өткізуге басымдықтар белгіленетін болады.

      Спутниктік кәсіпорындар үшін бағыттарды айқындауды ірі жобалардың бастамашылары жүргізеді, оларға елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын орындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жетекшілік етеді. Ол үшін бастамашылар мен жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен өндірістік алаңдар мен жаңа жобаларды ұйымдастыру үшін дайын үй-жайлармен қамтамасыз ету жоспарланған.

      Бұдан басқа жер қойнауын пайдаланушылар мен ірі кәсіпорындарды ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар негізінде кемінде 5 жыл мерзімге елішілік құндылықты дамытудың жеке бағдарламаларын әзірлеуге тарту жоспарлануда.

      Қосымша "нақты" арнаулы іс-шаралар: инвесторларды іздеу, офсет-келісімшарттар жасасуды ынталандыру жүргізіледі. Сондай-ақ Бағдарламаны орындау шеңберінде жобалар мен түйінді міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу мақсатында орталық мемлекеттік органдардың және ЖАО бірінші басшылары үшін түйінді индикаторларды белгілеу жоспарланған.

      Осылайша, жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша мақсаттарға қол жеткізу жекелеген жобаларды іске қосу арқылы жергіліктендірілетін бірқатар импорттық номенклатуралардың көлемін және оларға тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жоғары деңгейде өңдеп жасалған тауарлар өндірісінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

      Ұзақ мерзімді перспективада өндіру әлеуеті бар үшінші бағыт үшін бірінші және екінші бағыттағы іс-шаралардан басқа мынадай іс-шаралар қосымша өткізілетін болады:

      ұзақ мерзімді перспективада даму мүмкіндігі бар әлеуетті секторларды анықтау үшін форсайт-зерттеулер жүргізілетін болады, бұл күш-жігерді Қазақстан Республикасының аумағында әлеуеті бар бағыттарға шоғырландыруға мүмкіндік береді;

      қосымша қаржыландыру көзін тарту үшін уәкілетті орган технологиялар мен инвесторларды іздестіруді жүргізеді.

      Арнаулы іс-шаралар

      Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды (лицензияларды) қайта жасасу шеңберінде елішілік құндылықты дамыту бойынша толықтырулар енгізілетін болады, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуындағы елішілік құндылық үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

      Жергілікті атқарушы органдар елішілік құндылықты дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауы қажет, оларға мониторинг және импортты алмастыратын әрбір жобаны іске асыру жоспары көзделеді. Жергілікті жерлерде жобаларды мониторингтеу жүргізу қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік беріп, жергілікті атқарушы органдардың басшылығын тарту арқылы жобалардың нәтижелігін арттырады.

      Дербес жауапкершілік деңгейін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары үшін елішілік құндылықты дамытудың нысаналы индикаторларын белгілеуді көздеу қажет. Практика көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдардың басшылары үшін нысаналы индикаторлар мен оның орындалуына жеке жауапкершілікті белгілеу аса пәрменді тетік болып табылады.

      Өңдеу өнеркәсібінің әрбір жеке саласы бойынша елішілік құндылықты дамытуға бағытталған шаралар кешені қосымша әзірленетін болады, бұл әрбір сектордың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, жобалық-салалық тәсілді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

      5. Қаржыландыру көздері

      Бағдарламаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

      Бағдарламаны қаржыландыру көлемі, млрд теңге:


Қаржыландыру көзі

2022

2023

2024

2025

Барлығы

Республикалық бюджет

496,6

481,2

471,94

463,7

1 913,42

Жергілікті бюджет*





* ЖАО бюджеті бекітілгеннен кейін айқындалады

Бюджеттен тыс қаражат

1 078,8

1 031,7

1 011,8

961,8

4 084,127

Барлығы

1 575,328

1 512,9

1 483,7

1 425,5

5 997,547


      6. Бағдарламаны іске асырудың әсері

      Бағдарламаны іске асырудың елішілік құндылықты дамытуға, кейіннен экспортқа шығуға бағытталған бірқатар мақсаттары бар.

      Өңдеу өнеркәсібінің тауарларын өндіру бойынша жобалар пулын іске асыру шеңберінде импорттық тауарлар мен жинақтауыштар көлемінің едәуір алмастырылуы күтілуде.

      Ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар төңірегінде ШОБ белдеуін құру импортталатын тауарлардың көлемін жергілікті деңгейде қысқартуға және жаңа өндірістік кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

      Жобалар пулын іске асыру шеңберінде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрып, оларға Қазақстан Республикасының азаматтары арасынан мамандарды тарту жоспарланған, олардың жалақысы бәсекеге қабілетті белмақ.

      Сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған іс-шаралардың есебінен жобаларды іске асыруға тартылған Қазақстан Республикасының азаматтары өз құзыреттеріне сәйкес жоғары білікті тұрақты жұмыс орындарына және бәсекеге қабілетті жалақыға үміткер бола алады.

      Өндірісті жергіліктендіру және тауашалық өнім жасау есебінен отандық кәсіпорындар шығарылатын өнімнің қазіргі номенклатурасын кеңейте алады. Бірқатар кәсіпорындар жаңа өндірістік кәсіпорындар құруға және Бағдарламаның жекелеген бағыттары шеңберінде кооперациялық байланыстар орнатуға тартылады деп күтілуде.

      Жұмыс орындарын құру және қабылданатын қолдау шаралары есебінен кірістерді арттыру арқылы өңдеу өнеркәсібі тауарларын өндіруге тартылған кәсіпорындар мен ұйымдардың салықтық аударымдары үлесінің арттыруы күтіліп отыр.

      Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2023 – 2026 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағында өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар өсімі 20 трлн теңгеден астам соманы құрайды, бұл елде тауар айналымын (құрылыс материалдары, жобалау-сметалық құжаттаманы және құрылыс-монтаж жұмыстарын әзірлеу жөніндегі жұмыстар және т.б.) құрайды. Жекелеген жобаларды іске асырудың әсері өндірістік кәсіпорындарды құру кезеңінде-ақ қолжетімді болады.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар (іс-қимыл) жоспары

      Ескерту. Жоспарға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Р/с

Іс-шараның атауы

Жауапты орындаушылар

Аяқталу нысаны

Аяқталу мерзімі

Болжамды шығыстар, млн теңге


1

2

3

4

5

6

1. Ішкі және сыртқы нарықтарда шығарылатын тауарлар номенклатурасын кеңейту

1

Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға бағытталған жобаларды айқындау

ИИДМ, ЭМ, ДСМ, АШМ, ЦДИАӨМ, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

жобалар тізбесі

2022 жылғы желтоқсан
 

талап етілмейді

2

Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға бағытталған жобаларды Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізу

ИИДМ, ЭМ, ДСМ, АШМ, ЦДИАӨМ, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ИИДМ бұйрығы

жыл сайын

талап етілмейді

3

Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бойынша өнеркәсіп салаларын дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған жоспарын қабылдау (салалар бойынша елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың кіші бағдарламаларын қабылдау)

ИИДМ, ЭМ, ДСМ, АШМ, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі ВАК шешімі

2022 жылғы желтоқсан
 

талап етілмейді

2. Бәсекеге қабілетті тауарлардың отандық өндірісін орнықты дамыту үшін базалық жағдайларды дамыту
2.1 Шикізатпен қамтамасыз ету

4.

Отандық шикізат өндірушілердің отандық өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тікелей міндеттемелерін белгілеу

ИИДМ, ЭМ, ҰЭМ, ДСМ, АШМ, ЦДИАӨМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

5.

Өндіріс пен қазақстандық кәсіпорындардың оңтайлы жүктелуін қамтамасыз етудің маңызды құрамдасы болып табылатын шикізаттық тауарларға қатысты кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын белгілеу бойынша ұсыныстар енгізу

ИИДМ, СИМ, АШМ, ЭМ, ЭТРМ, ЦДИАӨМ, Қаржымині, ҰЭМ, ДСМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ҮА-ге ақпарат

қажет болған кезде

талап етілмейді

6.

"Стратегиялық шикізат" – ҚР аумағында өндірілмейтін (оның ішінде өсірілмейтін, шығарып алынбайтын, алынбайтын, байытылмайтын) шикізат түрі ұғымын белгілеу

ИИДМ, СИМ, АШМ, ЭМ, ЦДИАӨМ, ҰЭМ, Әділетмині, ДСМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

2.2 Қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету

7.

Қаржылық қолдау алудың неғұрлым ыңғайлы тәсілі мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ базасында "бірыңғай терезе" (маркетплейс) құру

ИИДМ, ҰЭМ, "Бәйтерек "ҰБХ" АҚ
(келісу бойынша)

"бірыңғай терезе" (маркетплейс)

2023 жыл

талап етілмейді

8.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды субсидиялау үшін "Даму" КДҚ" АҚ-ға бюджет қаражатын беру

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

субсидиялар беру

2023 – 2026 жылдар

75 825 (2023 жыл – 21 528; 2024 жыл – 27 041; 2025 жыл – 17 747; 2026 жыл – 9 509)

9.

Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды аралас кредиттеу үшін кейіннен "ҚДБ" АҚ-ны қорландыру/жарғылық капиталын ұлғайту үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға бюджет қаражатын бөлу

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

аралас кредиттеу

2023 – 2026 жылдар

1 008 000 (2023 жыл – 252 000; 2024 жыл – 252 000; 2025 жыл – 252 000; 2026 жыл – 252 000)

10.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға кепілдік беру үшін "Даму" КДҚ" АҚ-ға бюджет қаражатын беру

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

кепілдік беру

2023 – 2026 жылдар

8 800 (2023 жыл– 2 200; 2024 жыл – 2 200; 2025 жыл – 2 200; 2026 жыл – 2 200)

11.

ЕДБ қарыз қаражатын субсидиялау және оған кепілдік беру бөлігінде өзгерістер енгізу

ИИДМ,ҰЭМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

"Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізу туралы

2023 – 2026 жылдар

талап етілмейді

12.

ЕДБ-мен бірлесіп 20-20-60 схемасы бойынша өңдеу өнеркәсібі орындарын үлестік қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында кейіннен "ҚКМ" АҚ-ны капиталдандыру үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға бюджет қаражатын бөлу

ИИДМ, Қаржымині, ҰЭМ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

үлестік қаржыландыру

2023 – 2026 жылдар

20 800 (2023 жыл - 20 800,
бағдарлама қолданылған бүкіл мерзімге бір рет)

13.

Өңдеу өнеркәсібі жобаларын лизингтік қаржыландыру және кредиттеу үшін кейіннен "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ны қорландыру/жарғылық капиталын ұлғайту үшін "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-ға бюджет қаражатын бөлу

ИИДМ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша), Қаржымині, ҰЭМ
 

лизингтік қаржыландыру және кредиттеу

2023 – 2026

800 000 (2023 жыл - 200 000; 2024 жыл - 200 000; 2025 жыл - 200 000; 2026 жыл - 200 000)

14.

Импортты алмастыруға бағытталған өңдеу өнеркәсібі жобаларын іске асыру үшін АДБ, ЕАДБ, ЕҚДБ, ИДБ, ДБ қаржыландыруын (гранттар, қарыздар және басқалар) тарту мәселесін пысықтау

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, АШМ, ЭМ, ЦДИАӨМ, ДСМ,
облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

қарыз туралы шарттар, меморандумдар

2023 – 2026 жылдар

талап етілмейді

15.

Қазақстандық кәсiпорындармен офтейк-шарттар жасасу мiндеттемелерiн белгiлеу

ИИДМ, ЭМ, ҰЭМ, ЦДИАӨМ, АШМ, ДСМ
 

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

2.3 Кадрмен қамтамасыз ету және ҒЗТКЖ-ны дамыту

16.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде индустриялық жобалар үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлау мәселесін пысықтау

ҒЖБМ, ИИДМ, АШМ, ЭМ, ДСМ, ЦДИАӨМ, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

ИИДМ-ге ақпарат

жыл сайын

бөлінген қаражат шеңберінде
 

17.

Техникалық мамандықтарды насихаттау үшін орта білім беру ұйымдарында "өнеркәсіптік туризмді" енгізу (өндірістік объектілерге бару)

ОМ, ҒЖБМ, ДСМ, ИИДМ, ЦДИАӨМ, АШМ, ЭМ, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ИИДМ-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді

18.

Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтарының оқу жоспарларына өзгерістер енгізу

ОМ, Еңбекмині, ДСМ, ЭМ, ИИДМ, АШМ, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ОМ бұйрығы

2023 жыл

талап етілмейді

19.

Мемлекеттік білім беру тапсырысының инженерлік-техникалық мамандықтарының тізбесін жаңарту

ҒЖБМ, Еңбекмині, ЭМ, ДСМ, Қаржымині, ИИДМ, АШМ, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ҒЖБМ бұйрығы
 
 

жыл сайын

талап етілмейді

20.

ТжКБ-ны өнеркәсіп орындарына сенімгерлік басқаруға беру тетігін әзірлеу

ОМ, Еңбекмині, ЭМ, Қаржымині, ИИДМ, АШМ, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ОМ бұйрығы

2023 жыл

талап етілмейді

21.

Болашақ талаптарды, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша талаптарды ескере отырып, ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеуішіне өзгерістер енгізу

ҒЖБМ, Еңбекмині, ЭМ, Қаржымині, ДСМ, ИИДМ, АШМ, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ҒЖБМ бұйрығы

2023 жыл

талап етілмейді

22.

Кәсіптік стандарттарды жаңарту, ұлттық біліктілік шеңберімен (ҰБШ) үндестіру

ИИДМ, ДСМ, ЦДИАӨМ, ЭМ, АШМ, Еңбекмині, "Атамекен" ҰКП
(келісу бойынша)

ИИДМ бұйрығы

жыл сайын

талап етілмейді

2.4. Реттелетін сатып алу

23.

Жеткізушілер мен мердігер ұйымдардан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (тауарлар тізбесін) сатып алу кезінде сатып алынатын тауарларды ашу мәселесін пысықтау

ИИДМ, Қаржымині, ДСМ, ЦДИАӨМ, АШМ, ЭМ

ПМК-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді

24.

Ауқымды өндірісі бар тауарлар бойынша бірыңғай арнаулы техникалық ерекшеліктерді әзірлеу

ИИДМ, ДСМ, ЦДИАӨМ, АШМ, ЭМ

Өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі ВАК шешімі

2023 жыл

талап етілмейді

25.

Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар шеңберінде ішкі нарықта тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өнім берушілерден сатып алу басымдығын белгілеу

ИИДМ, ЭМ, ҰЭМ

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Өнеркәсіптік саясат туралы", Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы", "Табиғи монополиялар туралы" заңдарына өзгерістер енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

26.

Конкурстық рәсімдердің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының сатып алуында конкурстық комиссияларға қатысу үшін әрбір өңірде қоғамның белсенді мүшелерін тарта отырып, ЖАО төрағалығымен қоғамдық мониторингтік топтар құру

облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, ИИДМ, Қаржымині, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ИИДМ-ге ақпарат

тоқсан сайын

талап етілмейді

27.

Отандық өңдеу өнеркәсібі орындары өндіретін тауарларды ұлттық режимнен алу тізбесін жаңарту

ИИДМ, СИМ, АШМ, ЭМ, ДСМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

жыл сайын

талап етілмейді

28.

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында қазақстандық кәсіпорындармен ұзақ мерзімді шарттар жасасу бойынша міндеттемелер белгілеу

ИИДМ, ЭМ, ҰЭМ, ДСМ, АШМ, ЦДИАӨМ

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

29.

Тау-кен металлургиясы кешенінің машина жасау орталығын құру (Халықаралық Мұнай-газ машина жасау орталығына ұқсас)

ИИДМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ҮА-ге ақпарат

2023 жыл

ТКМ кешені кәсіпорындарының қаражаты есебінен

30.

Жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттар мен лицензияларда өз өндiрiстерiнiң төңiрегiнде ШОБ-ты дамыту шарттарының болуы туралы мiндеттi талапты белгiлеу

ИИДМ, ҰЭМ, Әділетмині, ЭМ, СИМ

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

31.

ОТӨ-мен міндетті түрде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу арқылы 5 жылдық мерзімге ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуындағы елішілік құндылықты дамытудың ішкі бағдарламаларын әзірлеу міндеттемесін белгілеу

ИИДМ, ЭМ, ЖАО, ҰЭМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу

2023 жыл

талап етілмейді

2.5. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

32.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық шарттарды жетілдіру

ИИДМ, ҰЭМ, ЭМ, облыстардың,
Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

"Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы

2023 жыл

талап етілмейді

33.

Заңнамалық актілерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсете отырып, басым негізде энергия ресурстарын (жер, газ, су, электр энергиясы) және оларға техникалық шарттарды міндетті түрде бере отырып, өнеркәсіп орындарының инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз етуде Индустрияландырудың бірыңғай картасын реттеу жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, БҚДА (келісу бойынша), "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

"Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

2023 жыл

талап етілмейді

34.

Жергiлiктi атқарушы органдардың iрi кәсiпорындар төңiрегiнде өндiрiс алаңдары мен жаңа жобаларды ұйымдастыруы үшiн дайын үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесiн пысықтау

облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, Қаржымині, ӘКК (келісу бойынша), ИИДМ

Өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі ВАК шешімі

2023 жыл

талап етілмейді

2.7. ЕАЭО нарығына қол жеткізу

35.

Халықаралық қаржы институттары арқылы қаржыландыру жолымен ЕАЭО елдерінің нарығына шығу құралы ретінде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту

ИИДМ, СИМ, ҰЭМ, Қаржымині, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ (келісу бойынша)

ҮА-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді

36.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарығына қол жеткізу үшін еуразиялық өнеркәсіптік тауарлар тізілімінің тауар позицияларының тізбесін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізу

ИИДМ, СИМ, ЦДИАӨМ, ДСМ, АШМ, ЭМ, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар

ЕЭК Кеңесінің шешімі

2023 жыл

талап етілмейді

37.

Нарықтарға (Ресей Федерациясы, Қырғызстан және т.б.) қол жеткізу шарттары жөнінде келіссөздер жүргізу және өнімдердің үшінші елдердің экспорттық нарықтарына шығуы бойынша консенсус болмаған жағдайда балама шаралар қабылдау

СИМ, СІМ, ИИДМ, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар

шешімдердің хаттамалары

2023 жыл

талап етілмейді

38.

ЕАЭО және үшінші елдер арасында еркін сауда аймағы туралы келісімді жасасуға дайындық шеңберінде экспорттық қызығушылық тудыратын тауарлардың басым салалық тізбесін қалыптастыру

СИМ, ДСМ, ИИДМ, ҰЭМ, ЦДИАӨМ, ДСМ, АШМ, ЭМ, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар

ЕЭК Алқасы Кеңесінің шешімі

2023 жыл

талап етілмейді

2.8. Арнаулы іс-шаралар

39.

Жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттық міндеттемелерді бұзған жағдайда отандық өңдеушілерге шартты жеңілдіктер қолдану бойынша жұмыстарды жүргізу

ИИДМ, СИМ, ЭМ

ҮА-ге ақпарат

2023 жыл

талап етілмейді

40.

Заңнамаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде шарттық міндеттемелердің талаптарын қайта қарау

ИИДМ, ЭМ

ИИДМ бұйрығы

2023 жыл

талап етілмейді

41.

Елшілік құндылықты және экспортқа бағытталған өндірістерді дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу және бекіту

облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері, ИИДМ, "Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ИИДМ-ге ақпарат

2022 жыл

талап етілмейді

42.

Жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары үшін елішілік құндылықты дамытудың түйінді индикаторларын белгілеу

ИИДМ, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

ҮА-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді

43.

Өңдеу өнеркәсібі жобаларын іске асыру үшін ЖАО жауапкершілігін енгізу

ИИДМ, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері

ҮА-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді

44.

Отандық тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілердің тікелей өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін "Қазақстандық мазмұн" интернет-порталында "Импортты алмастыру биржасы" онлайн сервисін енгізу және қолдау

ИИДМ,
"QazIndustry" ҚЭИО" АҚ (келісу бойынша)

ҮА-ге ақпарат

2023 – 2026 жылдар

бөлінген қаражат шеңберінде

45.

Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді тіркеу кезіндегі шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралын және сапа менеджменті жүйелерін жетілдіру (сертификат алу үшін техникалық, зертханалық, клиникалық-зертханалық зерттеулер жүргізу)

ИИДМ, СИМ, ДСМ, ҰЭМ, Қаржымині,
"QazlIndustry" ҚЭИО" АҚ (келісу бойынша),
"Атамекен" ҰКП (келісу бойынша)

ИИДМ бұйрығы

2023 жыл

талап етілмейді

46.

Өңдеу өнеркәсібі орындары үшін мынадай бөлікте салық салу режимін жетілдіру мәселесін пысықтау:
стратегиялық шикізатты импорттау кезінде ішкі нарықтағы өндірушілер үшін есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеуді белгілеу;
қарсы міндеттемелерді қабылдай отырып, қосылған құны жоғары дайын өнімді отандық өндірушілер үшін отандық металлургиялық шикізатты өткізу кезінде ҚҚС-ны жою;
Қазақстан Республикасының аумағында алғаш пайдалануға енгізілген тіркелген активтер үшін өңдеуші өнеркәсіптің жекелеген салаларына қосарланған амортизацияны есептеуді қолдану;
жаңа өнеркәсіп орындарын пайда салығы мен мүлік салығы бойынша 3 жылға салықтық демалыс беру;
өңдеу өнеркәсібі орындарының дайын өнімдерін өткізу кезінде ҚҚС-ны нөлге келтіру

ИИДМ, ҰЭМ, Қаржымині, АШМ, ЭМ, ЦДИАӨМ, ЭГТРМ, ДСМ

ҮА-ге ақпарат

жыл сайын

талап етілмейді


      Ескертпелер:

      *Бағдарламада ұсынылатын қаржыландыру көздері мен көлемі оларды орындау барысында айқындалады. Бұл ретте Бағдарлама іс-шараларын қаржыландыру мәселесін қарау кезінде жауапты орындаушылар бюджет түсімдері мен бюджет қаражатына қосымша қажеттілік, сондай-ақ оларды іске асыру нәтижесінде бюджет шығыстарын ықтимал оңтайландыру бойынша қаржылық-экономикалық есептердің және негіздемелердің болуын қамтамасыз етуі қажет.

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

"Атамекен" ҰКП

– "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

АШМ

– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

Әділетмині

– Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі

ӘКК

– әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация

"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ

– "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы

ҒЖБМ

– Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі

"Даму" КДҚ" АҚ

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы

ДСМ

– Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі

ЕАЭО

– Еуразиялық экономикалық одақ

Енбекмині

– Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ИИДМ

– Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Қаржымині

– Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

"ҚДБ" АҚ

– "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы

ОМ

– Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

"ӨДҚ" АҚ

– "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамы

РБ

– республикалық бюджет

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ

- "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы

СИМ

- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі

СІМ

- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі

ҰЭМ

- Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

ЦДИАӨМ

- Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

ЭТРМ

- Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ЭМ

- Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі

"QazIndustry" ҚИЭО" АҚ

-"QazIndustry" Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" акционерлік қоғамы

ҮА

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады