"Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 507 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Осы Жарлық қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Орталық Азия мемлекеттері халықтарының терең тарихи және мәдени ортақтығын ескере отырып,

      Орталық Азия мемлекеттерінің үдемелі дамуы үшін мемлекеттік егемендіктің, аумақтық тұтастықтың, тұрақтылықтың айрықша маңыздылығы мен баға жетпес құндылығын мойындай отырып,

      достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі нығайту Орталық Азия мемлекеттері халықтарының түпкі мүдделеріне сай келетініне сенімді бола отырып,

      саяси диалогті дәйекті түрде тереңдетуге және өзара тиімді көпжоспарлы ынтымақтастықты қарқындатуға өзара ұмтылысты негізге ала отырып,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділікті растай отырып,

      бүкіл өңірдің орнықты дамуының негізі болып табылатын Орталық Азиядағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің жоғары деңгейін сезіне отырып,

      өңірдегі тұрақтылықты нығайту мақсатында іс-қимылдарды үйлестіру қажеттілігін және бірлескен күш-жігердің маңыздылығын мойындай отырып,

      Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық, су-энергетикалық, көліктік, логистикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуетін жан-жақты дамытуға бағытталған өңірлік кооперация, сондай-ақ барлық Уағдаласушы Тараптар азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру идеясын одан әрі ілгерілетуге өзінің табандылығы туралы мәлімдей отырып,

      Уағдаласушы Тараптардың өзара іс-қимылының негіз қалаушы тұғырнамасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері шеңберінде саяси диалогті және жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өте отырып,

      Орталық Азияда бейбітшілік пен өсіп-өркендеу аймағын құру, сондай-ақ барлық Уағдаласушы Тараптардың мүдделеріне сай келетін XXI ғасырда өңірлік ынтымақтастықтың биік мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығын мойындай отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты.

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз қарым-қатынастарын өзара құрмет, теңдік, өзара түсіністік және бір-бірінің мүдделерін жан-жақты ескеру негізінде құрады.

      Уағдаласушы Тараптар өңірдегі берік бейбітшілікті қамтамасыз ету және Орталық Азия мемлекеттерінің орнықты және үдемелі дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өздерінің күш-жігерін жұмылдыруға ниеттенеді.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзара қарым-қатынастарын мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты және шекаралардың мызғымастығын өзара құрметтеу, ішкі істерге араласпау және дауларды бейбіт жолмен реттеу, күш қолданбау немесе күш қолдану қатерін төндірмеу, өзара тиімділік және бейбіт қатар өмір сүру, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау, халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сенім, стратегиялық әріптестікті және көпжоспарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ұмтылу, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған басқа да қағидаттары мен нормалары негізінде дамытады.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар әрбір Уағдаласушы Тараптарың таңдап алған саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолдарын өзара құрметтейді.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында тығыз өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде өзара мүдделілікті білдіретін өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша бесжақты консультацияларды тұрақты негізде жүзеге асырады.

      Уағдаласушы Тараптар тең құқықты сенімді әріптестікті және стратегиялық өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері форматының тиімділігін арттыруға ықпал етеді, қолданыстағы бесжақты өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіреді, сондай-ақ қажет болған кезде өзге де
консультативтік-кеңесші органдар мен мемлекетаралық құрылымдарды құрады.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қауіп-қатерді болғызбау мәселелерінде бір-біріне жан-жақты қолдау және өзара көмек көрсетеді.

      Уағдаласушы Тараптардың бірінің қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қатер төндіретін ахуал туындаған жағдайда, туындаған қатердің тиімді алдын алуға ықпал ететін шараларды айқындау мақсатында екіжақты форматта да, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері шеңберінде де тиісті консультациялар өткізілуі мүмкін.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзара мемлекетаралық қатынастарда күш қолданудан немесе күш қолдану қатерін төндіруден тартынуға нық бейілділігін растайды, Уағдаласушы Тараптарға қарсы бағытталған мемлекеттердің әскери одақтарына, блоктарына не өзге де бірлестіктеріне кірмеуге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне қарсы бағытталған іс-қимылдарға қатыспауға міндеттенеді.

      Даулы мәселелер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды өзара құрмет пен өзара түсіністік рухында тек қана диалог шеңберіндегі бейбіт дипломатиялық жолмен, оның ішінде қажет болған жағдайда өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін құру арқылы шешеді.

      Уағдаласушы Тараптар үшінші мемлекеттердің өз аумақтарын, коммуникация жүйелерін және басқа да инфрақұрылымын қандай да бір басқа Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, конституциялық құрылысына және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіре отырып пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      Уағдаласушы Тараптар өзара мүддені білдіретін мәселелер бойынша әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты дамытады.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымында белсенді өзара іс-қимыл жасайды, БҰҰ-ның неғұрлым беделді және әмбебап халықаралық ұйым ретіндегі орталық рөлін нығайтуға күш салады.

      Уағдаласушы Тараптар басқа халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейтеді, өздерінің мүдделерін қозғайтын мәселелерді қарау кезінде бір-біріне қолдау көрсетеді және қажет болған кезде халықаралық жағдайдың өзекті мәселелері бойынша өз ұстанымдарын келісу үшін консультациялар өткізеді, сондай-ақ Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде бірыңғай келісілген ұстанымдармен шығады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты одан әрі нығайту саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді, ядролық қарусыздану процестеріне белсенді жәрдемдеседі, жаппай қырып-жою қаруының барлық түрлері таралуының алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асырады.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қарудың, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.

      Уағдаласушы Тараптар терроризм мен экстремизм идеологиясының, ең алдымен жастар арасында таралуына қарсы іс-қимыл жасау үшін күш салады және діни төзбеушіліктің, ксенофобияның және этностық кемсітушіліктің профилактикасы бойынша жұмыс жүргізеді.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің атқарушы, заң шығарушы және сот билігі тармақтары арасындағы ынтымақтастықты көтермелейді, олардың, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің саяси партиялары, қоғамдық ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға жәрдемдеседі.

12-бап

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия мемлекеттері арасындағы экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, энергетика, туризм салаларында және өзара мүддені білдіретін өзге де салаларда кеңейту және тереңдету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың бірі мүшесі болып табылатын сол бір халықаралық ұйымдарға қатысуға немесе кіруге бір-біріне қолдау көрсете отырып, әртүрлі халықаралық экономикалық, қаржылық және басқа да ұйымдар мен институттар шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.

13-бап

      Уағдаласушы Тараптар инвестицияларды ынталандыру мен өзара қорғауды, бірлескен кәсіпорындар, логистикалық және инфрақұрылымдық объектілер құруды, ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Орталық Азия мемлекеттері халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, инвестициялық ынтымақтастықты дамытады.

      Уағдаласушы Тараптар кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасайды, өздерінің азаматтары, кәсіпорындары мен экономикалық ынтымақтастықтың басқа да субъектілері арасындағы бірлестіктердің әртүрлі нысандары мен тікелей байланыстарды дамытуға жәрдемдеседі.

14-бап

      Уағдаласушы Тараптар қолданыстағы теміржол, автомобиль, әуе және су коммуникацияларын кеңінен пайдалану және жаңаларын құру жолымен, сондай-ақ трансшекаралық тасымалдау кезінде әкімшілік рәсімдерді оңайлату арқылы өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін одан әрі дамытуға жәрдемдеседі.

      Уағдаласушы Тараптар өнімдер мен тауарлардың транзитін жеңілдету үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азияда индустриялық-логистикалық және көтерме-тарату орталықтарының желісін қалыптастыру үшін қажетті шараларды қабылдайды.

15-бап

      Уағдаласушы Тараптар өңіраралық және шекарамаңы ынтымақтастығын дамытуға және өздерінің әкімшілік-аумақтық бірліктері арасындағы сауда-экономикалық, шаруашылық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.

16-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзара шарттарында бір-бірінің дипломатиялық, консулдық, сауда және басқа да ресми өкілдіктерінің қызметін жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.

17-бап

      Уағдаласушы Тараптар қатысушылары Уағдаласушы Тараптар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес барлық Уағдаласушы Тараптардың мүдделерін ескере отырып, су-энергетикалық ресурстарды кешенді және ұтымды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтеді.

18-бап

      Уағдаласушы Тараптар қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шөлейттенуге және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты дамытады.

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия өңірінің экологиялық жүйесін сақтауда, биоәртүрлілікті қалпына келтіруде, сондай-ақ, ең алдымен дүлей зілзалалардың қауіп-қатерлеріне ықтимал ұшырайтын аймақтарда орналасқан уранның қалдығы қоймаларын рекультивациялауда күш-жігерді үйлестіреді.

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында дүлей зілзалалардың, ірі авариялар мен техногендік апаттар салдарларының алдын алуда және оларды жоюда өзара көмек көрсетеді, сондай-ақ табиғи ортаға экологиялық апаттар және антропогендік әсер ету салдарына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамытады.

19-бап

      Уағдаласушы Тараптар Арал теңізі бассейнінің және Арал маңы аудандарының экологиялық жүйесін қалпына келтіру ісінде күш-жігерді біріктіреді және үйлестіреді, осы саладағы халықаралық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда өзара іс-қимыл жасайды.

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіруге қажетті күш салады.

20-бап

      Уағдаласушы Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.

      Бұл мақсаттарда Уағдаласушы Тараптар кадрларды даярлау, ғалымдар, мамандар және студенттер алмасу саласында өзара іс-қимыл жасайды және қолайлы жағдайлар жасайды, білім беру мекемелері арасындағы, оның ішінде оқытудың бірлескен бағдарламаларын әзірлеу мақсатында және өзара мүддені білдіретін басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастыққа барынша ықпал етеді.

21-бап

      Уағдаласушы Тараптар қазіргі заманғы ғылымның, техника мен технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты тереңдетеді, ұлттық ғылым академиялары, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындары арасында ұзақ мерзімді негіздегі ғылыми байланыстарды кеңейтуге жәрдемдеседі, жалпы, оның ішінде цифрлық және нанотехнологиялар, жасанды интеллект және басқа да инновациялық технологиялар саласындағы бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуын көтермелейді, бірлескен ғылыми және ғылыми-өндірістік бірлестіктерді, сондай-ақ өзінің ғылыми объектілері базасында халықаралық орталықтарды құруға және олардың қызметіне жәрдем көрсетеді.

22-бап

      Уағдаласушы Тараптар ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсаттарда пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытады, осы салада бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді және олардың нәтижелерін барлық Уағдаласушы Тараптардың мүдделерінде пайдаланады.

      Уағдаласушы Тараптар ғарыш саласында бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу мақсатында кадрлар даярлау, ғалымдар, инженерлер және техникалық мамандар алмасу саласында өзара іс-қимыл және қолайлы жағдайлар жасайды.

23-бап

      Уағдаласушы Тараптар электрондық үкіметті енгізу және дамыту, экономика салаларын цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуды және басқа да өзара іс-қимылды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық саладағы ынтымақтастықты дамытады.

24-бап

      Уағдаласушы Тараптар Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытады.

      Уағдаласушы Тараптар халықтың денсаулығын қорғау, эпидемияға, табиғи-ошақтық және басқа да қауіпті инфекцияларға қарсы іс-қимыл жасау, медицина ғылымын дамыту, медициналық және фармацевтикалық бейіндегі кадрларды даярлау саласында тәжірибе алмасу, денсаулық сақтау және телемедицинаны дамыту саласында жаңа дистанциялық технологияларды енгізу бойынша бірлескен іс-қимыл жасайды.

      Уағдаласушы Тараптар бірлескен тренингтер, оқу-жаттығулар, семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізу, сондай-ақ өңірлік жобалар мен бағдарламаларды іске асыру арқылы ұлттық эпидемиологиялық қызметтердің өзара іс-қимылы мен тәжірибе алмасуын дамытады.

25-бап

      Уағдаласушы Тараптар халықтардың рухани және мәдени ортақтығын сақтауға жан-жақты ықпал етеді, Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында этностық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелікті және онда тұратын этностық топтарды қорғауды қамтамасыз етеді, осы өзіндік ерекшелікті сақтау мен дамыту және олардың мәдени, әлеуметтік және экономикалық өмірге, сондай-ақ мемлекеттік істерге тең қатысуы үшін Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес жағдайлар жасайды.

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында мәдени-ағарту және ақпараттық жұмысты жүзеге асыратын және ұлттық-мәдени бірлестіктермен байланыс жасайтын басқа Уағдаласушы Тараптардың ақпараттық-мәдени орталықтарының қызметін олар орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып қолдайды.

      Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мәдени және тарихи мұрасын ілгерілету мен танымал ету үшін халықаралық алаңдарда бірлескен іс-қимылдар жасайды.

      Қалыптасқан тарихи ортақтық пен ұлтаралық байланыстар негізінде бірыңғай мәдени кеңістікті нығайту мақсатында Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия мемлекеттерінің мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері арасындағы байланыстарға ықпал етеді.

26-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында жүрген немесе уақытша болатын басқа Уағдаласушы Тараптар азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдік береді, бір-бірінің азаматтарына қатысты көші-қон талаптарын одан әрі жеңілдету жөнінде шаралар қабылдайды.

      Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптар өз аумағында жүрген немесе болатын басқа Уағдаласушы Тараптар азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдік береді.

27-бап

      Туристік мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында Уағдаласушы Тараптар Орталық Азияны бірыңғай мәдени-тарихи өңір және туристік бренд ретінде ілгерілету бойынша бірлескен күш-жігер салады.

28-бап

      Осы Шартты орындау мақсатында Уағдаласушы Тараптар өзара мүддені білдіретін ынтымақтастықтың нақты салаларында халықаралық шарттар мен өзге де құжаттарды қабылдайды.

29-бап

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

30-бап

      Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

31-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар немесе келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешеді.

32-бап

      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың ратификациялауына жатады және депозитарий соңғы ратификациялау грамотасын алғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.


      Осы Шарт БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге жатады.

      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы депозитарийді бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, осы Шарттан шығуға құқылы.

      Осындай Уағдаласушы Тарапқа қатысты осы Шарт депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

      Депозитарий осындай Уағдаласушы Тарапқа қатысты осы Шарттың қолданысын тоқтату туралы басқа Уағдаласушы Тараптарды хабардар етеді.

      Осы Шарттың депозитарийі Қазақстан Республикасы болып табылады.

      Депозитарий әрбір Уағдаласушы Тарапқа осы Шарттың куәландырылған көшірмесін жібереді.

      2022 жылғы 21 шілдеде Чолпон-Ата қаласында қазақ, қырғыз, тәжік, түрікмен, өзбек және орыс тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіру мақсаттары үшін Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшінТүрікменстан үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады