"Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 587 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мақсаттары мен міндеті

      1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (бұдан әрі – Уәкіл) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету, оларды мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, өзге де ұйымдардың және лауазымды адамдардың сақтауы мен құрметтеуі мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады.

      Уәкіл қызметінің міндеті адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеуге және ілгерілетуге жәрдемдесу болып табылады.

      2. Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырады.

2-бап. Уәкіл қызметінің қағидаттары

      Уәкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарын және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басқа да қағидаттарды басшылыққа алады.

2-тарау. УӘКІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ, ОНЫ ЛАУАЗЫМҒА ТАҒАЙЫНДАУ, ӨКІЛЕТТІГІН ТОҚТАТА ТҰРУ ЖӘНЕ ТОҚТАТУ, ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТӘРТІБІ

3-бап. Уәкіл қызметінің кепілдіктері

      1. Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

      2. Уәкілге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша немесе сотқа дейінгі тергеп-тексерудің іс жүргізу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалады.

      3. Уəкілді қылмыс орнында ұстап алған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, өз өкілеттігінің мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, Уәкілдің құқықтары шектелуге жатпайды.

      Уәкілдің заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді және Уәкілдің жыл сайынғы баяндамасында көрсетіледі.

      5. Уәкіл өзінің лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы куә ретінде жауап алуға жатпайды.

      6. Уәкілге өз қызметін жүзеге асыруы кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқығына кепілдік беріледі.

      7. Уәкілдің қызметтік куәлігін көрсете отырып Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы мекемелер мен басқа да объектілерге кедергісіз баруға құқығы бар.

      Уәкіл аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерге,
сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барған уақытында өткізу және объектішілік режімдердің белгіленген талаптарын сақтайды.

      8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда, Уәкіл өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

4-бап. Уәкілді сайлау тәртібі

      1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты лауазымға сайлайды.

      2. Уәкіл лауазымына сайланатын адам мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға және соңғы он жылда оның аумағында тұрақты тұруы;

      2) жоғары білімі болуы;

      3) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы;

      4) отыз жастан кіші болмауы;

      5) мемлекеттік тілді еркін білуі;

      6) әрекетке қабілетті талаптарына сай болуы тиіс.

      3. Уәкіл лауазымына кіріскен кезде мынадай мазмұнда ант береді:

      "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына кірісе отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын басшылыққа ала отырып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын адал және абыроймен қорғауға және өз міндеттерімді әділдікпен және ар-ожданмен атқаруға салтанатты түрде ант етемін. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүддесі үшін тәуелсіз, бейтарап, объективті әрекет етуге міндеттенемін.".

5-бап. Уәкілді лауазымынан босату

      1. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты лауазымынан босатады.

      2. Уәкілді Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.

      3. Уәкілді атқарып отырған лауазымынан мерзімінен бұрын босатуға мыналар:

      1) осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтамау;

      2) оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;

      3) соттың Уәкілді әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы шешімінің заңды күшіне енуі;

      4) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;

      5) басқа лауазымға тағайындалу, сайлану немесе басқа жұмысқа ауысу;

      6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кету;

      7) атқарып отырған лауазымымен сыйыспайтын қылмыстық теріс қылықтар жасау;

      8) өз өкілеттіктерін доғару туралы өтініш негіздер болып табылады.

6-бап. Уәкілдің қызметіне байланысты шектеулер

      1. Уәкілдің саяси қызметпен айналысу құқығы жоқ.

      Уәкіл өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде өзінің саяси партиядағы мүшелігін тоқтата тұрады.

      2. Уәкіл, оқытушылық, ғылыми не өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, мемлекеттік қызметте бола алмайды, кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, коммерциялық ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатыса алмайды, сондай-ақ өзге де ақы төленетін қызметпен айналыса алмайды.

      3. Уәкілге, егер мүдделер қақтығысы болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады. Ол мүдделер қақтығысын болғызбау және шешу жөнінде шаралар қолдануға тиіс.

      4. Уәкіл өкілді органның депутаты бола алмайды.

      5. Уәкіл:

      1) өзінің қызметтік жұмысының материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;

      2) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;

      3) лауазымдық өкілеттіктерін атқаруына байланысты жеке және заңды тұлғалардың көрсететін қызметтерін жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.

3-тарау. УӘКІЛДІҢ ҚҰЗЫРЕТІ

7-бап. Уәкілдің құзыреті

      Уәкіл өз қызметінде:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді;

      2) өз қызметі туралы жыл сайынғы баяндаманы, сондай-ақ арнаулы баяндамаларды дайындайды және таратады;

      3) Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының кез келген, ашық та, жабық та, бірлескен және бөлек отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқылы;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес облыстар, республикалық маңызы бар қалалар немесе астана мәслихаттары сессиясының жалпы отырыстарына шақыру бойынша қатысады;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, мемлекеттік органдарда құрылатын алқалы және өзге де органдардың отырыстарына шақыру бойынша қатысады;

      6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдарға және лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары бұзушылықтардың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар береді;

      7) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына осы Конституциялық заңда көрсетілген міндеттерге сәйкес ұсыныстар енгізеді;

      8) 1984 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға сәйкес ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді;

      9) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қарайды;

      10) адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық шарттарды ратификациялау немесе Қазақстан Республикасы өзіне халықаралық шарттардың міндеттілігіне келісімін білдірудің өзге де тәсілі туралы ұсыныстар енгізеді;

      11) Қазақстан Республикасының шарттық міндеттемелерін орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары мен комитеттеріне, сондай-ақ өңірлік мекемелерге ұсынылатын ұлттық баяндамаларды дайындауға және талқылауға уәкілетті органдардың шақыруы бойынша қатысады және көрсетілген органдар мен комитеттер туралы рәсімдерге сәйкес осы мәселелер бойынша тәуелсіз пікірін білдіреді;

      12) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеуге және қорғауға жәрдемдесу мақсатында халықаралық, өңірлік және өзге де ұйымдармен, сондай-ақ басқа мемлекеттердің ұлттық құқық қорғау мекемелерімен, оның ішінде келісімдер (меморандумдар) жасасу арқылы ынтымақтастық жасайды;

      13) адамның және азаматтың құқықтары жөнінде оқу және зерттеу бағдарламаларын әзірлеуге жәрдемдеседі, оларды білім беру ұйымдары мен өзге де ұйымдарда іске асыруға қатысады;

      14) мыналарды:

      шағымдарды қарау қағидаларын;

      Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;

      Уәкіл жанындағы сараптама кеңесі туралы ережені;

      ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу қағидаларын;

      алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру қағидаларын;

      алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;

      Уәкілдің рәмізі мен туының ережесі мен сипаттамасын бекітеді;

      15) адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгінеді;

      16) шет мемлекеттің шақыруы бойынша басқа мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бақылаушы ретінде қатысуға құқылы;

      17) мемлекеттік органдардан, ғылыми мекемелерден және өзге де ұйымдардан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелері бойынша сараптамалық және талдамалық зерттеулерді олар болған жағдайда сұратады;

      18) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған алдын ала баруға жататын ұйымдар мен мекемелерге кедергісіз барады;

      19) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған ұйымдар мен мекемелер әкімшілігінің рұқсатымен, сондай-ақ тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдардың келісімімен кино-, фото- және бейнетүсiруді, олардан сұхбат алуды, оның iшiнде аудио-, бейнетехника құралдарын пайдалана отырып жүргізеді;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

8-бап. Уәкілдің баяндамалары

      1. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына нормативтік құқықтық актілерді талдау, осы Конституциялық заңға сәйкес шағымдарды қарау және басқа да өкілеттіктерді іске асыру нәтижелерін қамтитын өз қызметі туралы баяндамаларын жыл сайын ұсынады.

      2. Уәкіл Қазақстан Республикасында адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша арнаулы баяндамалар дайындай алады және тарата алады.

      3. Уәкілдің баяндамалары уәкілетті мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қарау үшін жіберіледі.

      Уәкілетті мемлекеттік органдар Уәкілдің баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде оған баяндаманы қарау нәтижелері туралы белгіленген тәртіппен хабарлайды.

      4. Уәкіл осы бапта көрсетілген баяндамаларды дайындау және тарату тәртібін бекітеді.

      5. Баяндамалар Уәкілдің интернет-ресурсында жариялануға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады.

9-бап. Ұлттық алдын алу тетігі

      Уәкіл ұлттық алдын алу тетігінің тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10-бап. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағарту, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен және мамандармен өзара іс-қимыл

      1. Уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық ағартуға жәрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, халықтың Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аса маңызды халықаралық актілерді білу деңгейін арттыруға қатысады.

      2. Уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы білімді ілгерілету, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы білім мен дағдыларды тұрақты түрде арттыру мақсатында ғылыми-білім беру орталығын және өзге де ұйымдарды құруға бастамашылық жасай алады.

      3. Уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      4. Уәкіл баяндамаларды дайындауға ұйымдар мен мамандарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт негізінде тартуға құқылы.

11-бап. Заңнаманы жетілдіру және халықаралық шарттар жасасу жөніндегі ұсыныстар

      Уәкіл өз қызметі шеңберінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелері бойынша және Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" және "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" заңдарында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру немесе халықаралық шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді;

      2) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың ұсыныстарын қарайды.

12-бап. Уәкіл жанындағы консультациялық-кеңесші органдар, сондай-ақ оның мемлекеттік органдар мен ұйымдар жанындағы консультациялық-кеңесші органдарға қатысуы

      1. Уәкіл жанынан консультациялық-талдамалық функциялары бар, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар адамдардан тұратын Сараптама кеңесі құрылады.

      2. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.

      3. Уәкіл мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен жұмыс топтарын және комиссиялар құра алады.

      4. Уәкіл дербес немесе өз өкілдері арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жанындағы консультациялық-кеңесші және байқаушы органдарға өз бастамасымен немесе шақыру бойынша қатыса алады.

4-тарау. УӘКІЛДІҢ АДАМНЫҢ БҰЗЫЛҒАН ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ ЖӘРДЕМДЕСУІ

13-бап. Шағымды қарау

      1. Уәкіл өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар жеке өздері және (немесе) өкілдері (бұдан әрі – арыз берушілер) арқылы берген шағымдарын шағым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      Азаматтың құқықтарын қорғау мақсатында және оның жазбаша келісімімен Уәкілге қоғамдық бірлестіктер жүгіне алады.

      2. Уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарамайды.

      3. Шағымда арыз берушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны туралы мәліметтер, арыз берушінің пікірі бойынша оның құқықтары мен бостандықтарын бұзған немесе бұзатын шешімдердің немесе әрекеттердің (әрекетсіздіктің) мәнін баяндау қамтылуға тиіс. Шағымға арыз берушінің дәлелдерін растайтын құжаттар және өзге де материалдар қоса беріледі.

      4. Шағымды алып, Уәкіл мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) шағымды Уәкіл бекітетін тәртіппен қарауға қабылдайды;

      2) арыз беруші өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін пайдалана алатын тәсілдер мен құралдарды түсіндіреді;

      3) құзыретті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға анықтауға жататын мән-жайларға тексеру жүргізу туралы өтініштер жібереді;

      4) шағымды қарауға қабылдаудан бас тартады, ол уәжді болуға тиіс. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту шағым жасалуға жатпайды.

      5. Шағымды қарау мерзімі Уәкілдің уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы арыз берушіге мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады. Уәкіл қабылданған шешім туралы арыз берушіні және шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған тиісті мемлекеттік органдарды, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын, лауазымды адамдарды хабардар етеді.

14-бап. Уәкілдің шағымды қарау кезіндегі құқықтары

      1. Уәкіл шағымды қарау кезінде:

      1) мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және
өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдардан және лауазымды адамдардан, соттың іс жүргізуіндегі істер мен материалдарды қоспағанда, шағымды қарау үшін қажетті құжаттарды, материалдар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;

      2) мемлекеттік ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты құжаттарына белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;

      3) шағым берушілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып, жедел қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыруға;

      4) егер жаппай бұзушылық туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы бар болса немесе өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өзі дербес пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, өз бастамасымен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді қарауға;

      5) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және
өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдар мен өтінішхаттар жіберуге құқылы.

      2. Уәкілге мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

15-бап. Шағымды қарау ерекшеліктері

      1. Шағымды қарау кезінде Уәкіл шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсіндірмелерін беру мүмкіндігін беруге міндетті.

      Уәкіл шағым нысанасы болған мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға жүгінуге құқылы.

      2. Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттары алынған күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады, қарау нәтижелері туралы Уәкілге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарланады.

      Қосымша зерделеудер жүргізу қажет болған жағдайларда, Уәкілдің ұсынымдары мен өтінішхаттарын қарау мерзімін олар жіберілген субъект күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартады, бұл туралы Уәкілге қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.

      3. Шағымды қарау кезінде алынған материалдар Уәкіл түпкілікті шешім шығарғанға дейін жария етуге жатпайды.

      4. Уәкіл шағымды қарау процесінде арыз берушінің және басқа да адамдардың жеке өмірі туралы өзіне белгілі болған мәліметтерді олардың жазбаша келісімінсіз жария етуге құқығы жоқ.

16-бап. Шағымды қарау нәтижелері

      Шағымды қарау нәтижелері бойынша Уәкіл өзі қабылдаған шешімге қарай:

      1) әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) арыз берушінің құқықтары мен бостандықтары бұзылған мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдарға, мемлекеттік қызметшілерге адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;

      2) уәкілетті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхатпен жүгінеді;

      3) сотқа мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) шектелмеген адамдар тобының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) жүгінеді. Уәкіл жіберетін талап арызға (талап қоюға) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж салынбайды.

17-бап. Шағымдарды қарау қорытындысын жинақтап қорыту

      1. Шағымдарды қарау қорытындыларын жинақтап қорыту нәтижелері бойынша Уәкіл:

      1) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге қатысты жалпы сипаттағы өз ескертулері мен ұсыныстарын жібереді;

      2) егер Уәкіл мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының немесе лауазымды адамдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын шешімдері немесе әрекеттері (әрекетсіздігі) құқықтық актілердің жетілдірілмеуіне немесе орын алған олқылықтарға не Қазақстан Республикасы заңнамасының Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына немесе өзге де міндеттемелеріне қайшы келуіне байланысты жасалады деп пайымдаса, құқықтық актілерді қабылдаған (шығарған) субъектілерге оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстармен өтініш жасайды.

      2. Ерекше қоғамдық маңызы бар не Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жаппай бұзылуына байланысты жағдайларда Уәкіл мынадай шаралар қолданады:

      1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталарына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне өтініш жолдайды;

      2) адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына жүгінеді;

      3) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірме беру ұсынысымен өтініш жасайды.

18-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының міндеттері

      1. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Уәкілге қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірулерді беруге міндетті.

      2. Уәкіл сұратқан материалдар, құжаттар, мәліметтер, егер оның сұрау салуында басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған жіберілуге тиіс. Бұл ретте сұрау салуда көрсетілген мерзім екі жұмыс күнінен кем болмауы тиіс.

      3. Уәкіл және оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың жедел қабылдауына кіру құқығын пайдаланады. Уәкілдің талап етуі бойынша аталған органдар мен лауазымды адамдар Уәкілге немесе оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті.

      4. Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, мекемелер және ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Уәкілге немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкіліне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны атқаруға арналған тиісті ұйымдар мен мекемелердегі адамдарға кедергісіз бару және олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Уәкіл немесе оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі аталған адамдармен куәларсыз жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу өткізеді. Аудио жазбаларды, фото және бейнетүсірілімдерді пайдалана отырып әңгімелесулер жүргізу тиісті ұйымдар мен мекемелер әкімшілігінің рұқсатымен жүзеге асырылады. Уәкілдің әңгімелесуін өзге тұлғалардың тыңдауына және аудио жазуына тыйым салынады.

5-тарау. УӘКІЛ МЕН ОНЫҢ ОБЛЫСТАҒЫ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАДАҒЫ, АСТАНАДАҒЫ ӨКІЛІНІҢ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

19-бап. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі

      1. Уәкілдің облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы өкілі (бұдан әрі – өкіл) болады, оны ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.

      2. Өкіл мемлекеттік қызметші болып табылады және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметіне басшылық жасайды.

      Өкілдердің функционалдық міндеттерін Уәкіл бекітеді.

      3. Өкіл тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Уәкілдің атынан өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде және оның тапсырмасы бойынша өкілеттігін жүзеге асырады.

20-бап. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық

      1. Уәкілдің қызметін қамтамасыз ету үшін жұмыс органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі – Ұлттық орталық) құрылады, ол мемлекеттік мекеме болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банктік мекемелерде тиісті шоттары болады.

      2. Ұлттық орталық туралы ережені Уәкілдің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің құрылымын Уәкіл бекітеді.

      3. Уәкіл Ұлттық орталықтың басшысы мен оның орынбасарларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдарынан босатады.

      4. Ұлттық орталық Уәкілдің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асырады, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша осы Конституциялық заңның 3-тарауында көзделген уәкілдің қызметін жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.

      5. Ұлттық орталықтың қызметкерлері өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы негізінде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

      6. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктері қызметкерлерінің ақшалай қамтылымы, оларды медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.

21-бап. Қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      2. Уәкілдің ақшалай қамтылымы, оған медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мемлекеттік лауазымдарды атқаратын, бірақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кепілдіктер деңгейінде айқындалады.

      3. Республикалық бюджетте жыл сайын жекелеген бюджеттік бағдарламамен Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражат көзделеді.

      4. Ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілік ұсынады.

22-бап. Уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері

      1. Осы Конституциялық заңды іске асыру мақсатында Уәкіл және Ұлттық орталықтың басшысы бұйрықтар шығарады.

      2. Уәкілдің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, мемлекеттік және орыс тілдерінде лауазымының атауы көрсетілген белгіленген үлгідегі өз бланкісі болады.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕ

23-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Конституциялық заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 7-баптың 15) тармақшасын және 17-баптың 2-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады