"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 тамыздағы № 594 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы

      2019 жылғы 11 қыркүйекте Бейжіңде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі Тараптар деп аталатын);

      Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикаго қаласында жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) қатысушылар болып табылатынын ескере отырып;

      шектес мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастыққа қатысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылатын практикасын ескере отырып;

      авиациялық оқиғалар мен инциденттерге байланысты апаттық жағдайдағы адамдарға тікелей көмектесудің өмірлік маңызды мәнін сезіне отырып;

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Конвенцияға Қосымшаларда қамтылған терминдер мен анықтамалар қолданылады.

2-бап

      1. Іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындауды Тараптар осы Келісімге сәйкес жүзеге асырады. Мұндай операцияларды ұйымдастыру және орындау үшін Конвенцияға 12-қосымшамен қатар Халықаралық теңіз ұйымы мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Халықаралық авиациялық және теңіздегі іздестіру мен құтқару жөніндегі нұсқаулығы қолданылады.

      2. Осы Келісім теңіздегі іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру мен орындау мәселелерін қамтымайды.

3-бап

      1. Тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын және іргелес ұшу ақпараты аудандары арасындағы шекараны өздері жауапты болатын іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекаралар деп қарайды. Іздестіру және құтқару аудандары арасындағы шекараларға шектеу қою Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасын өзгертпейді немесе жоймайды және оған ешқандай ықпал етпейді.

      2. Әрбір Тарап өзінің іздестіру және құтқару ауданында азаматтық әуе кемелерін іздестіру және құтқару қызметтерінің (бұдан әрі - іздестіру-құтқару қызметтері) болуын қамтамасыз етеді. Мұндай қызметтер тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырады.

      3. Осы Келісімді іске асыру үшін жауапты құзыретті органдар:

      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес іздестіру-құтқару қызметтерінің функцияларын жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар;

      Қытай Халық Республикасынан - Қытайдың Азаматтық авиация басқармасы немесе қазіргі уақытта аталған Басқарма орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген тұлға/орган болып табылады.

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдардың өзгергені туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының аумағындағы, сондай-ақ іргелес ұшу ақпараты аудандарындағы барлық іздестіру-құтқару операциялары Қазақстан Республикасының және тиісінше Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Бірлескен іздестірулер қажеттігі туындаған кезде Тараптар оларды Тараптардың құзыретті органдарының іздестіру-құтқару қызметтерімен келісілген жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырады.

5-бап

      1. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі өзінің іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиға немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет іздестіру және құтқару жөніндегі барлық қажетті шараларды дереу қабылдайды.

      2. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметі екінші Тарап жауапты болатын іздестіру және құтқару ауданындағы авиациялық оқиға немесе инцидент туралы хабарлама алған жағдайда, бұл қызмет мұндай оқиға немесе инцидент туралы екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметін дереу хабардар етеді.

      3. Егер бір Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметіне осы баптың 1-тармағында аталған жағдайда екінші Тарап мемлекетінің іздестіру-құтқару қызметінің көмегіне қажеттілік туындаған жағдайда, бірінші Тараптың құзыретті органы мұндай көмекті сүрата алады. Іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу үшін өздерінің іздестіру-құтқару қызметтерін екінші Тарап мемлекетінің аумағына жіберуге ниеті бар бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың іздестіру мен құтқаруды үйлестіру орталығына немесе осы мақсаттар үшін екінші Тарап тағайындаған органға алдағы операция туралы толық ақпаратты ұсына отырып, сұрау салады. Өз мемлекетінің заңнамасында көзделген шарттарға сәйкес құзыретті орган көмек сұраған Тарап өз мемлекетінің аумағына екінші Тараптың іздестіру-құтқару қызметтерін авиациялық оқиғалар орындарын іздеуге және мұндай оқиғаларда тірі қалған адамдарды құтқаруға дереу кіруге рұқсат береді. Одан әрі шаралар екі Тарап мемлекеттерінің іздестіру-құтқару қызметтерінің өзара іс-қимыл жасауымен қабылданады.

      Ол үшін бір Тараптың құзыретті органы екінші Тараптың іздестіру-құтқару командаларын өз мемлекетінің аумағына жедел кіргізу шарттары туралы қажетті ақпаратты аэронавигациялық ақпарат жинағында жариялайды және мұндай ақпараттыц мәтіндерімен осы екінші Тараптың құзыретті органымен алмасады.

      4. Осы Келісімнің 3 және 4-баптарында айтылған аумақта қауіпті жағдайдағы кез келген адамға көмек мұндай адамның азаматтығына немесе мәртебесіне не бұл адамның қандай жағдайда болғанына қарамастан көрсетіледі.

      5. Құзыретті органдар бір-біріне екінші Тарап мемлекетінде тіркелген әуе кемелерінің қатысуымен болған инциденттер туралы және олардың іздестіру және құтқару ауданында қабылданған шаралар туралы хабарлауға міндеттенеді.

      6. Бір Тараптың құзыретті органы екінші Тарап мемлекетінің дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне осы екінші Тарап мемлекетінің азаматтары - тірі қалған немесе қаза болған адамдарының табылғаны және құтқарылғаны туралы хабарлайды. Ақпарат дереу және мүмкіндігінше, толық аты-жөні, жынысы, туған күні, үйінің мекенжайы, паспортының нөмірі, сондай-ақ тірі қалған адам денсаулық жағдайына немесе қаза тапқан мәйіттің орналасқан жері туралы мәліметтер көрсетіле отырып беріледі.

6-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің құзыретті органдары мен іздестіру және құтқару қызметтерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Мүндай ынтымақтастық іздестіру және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығуларды, мемлекетаралық байланыс арналарын тұрақты тексеруді, іздестіру және құтқару бойынша сарапшылардың өзара сапарларын, іздестіру-құтқару ақпаратын және тәжірибе алмасуды қамтиды.

      2. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты іске асырудың практикалық шаралары бойынша өз араларында қосымша келісім жасасады.

      3. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық мәселелерін қарау және шешу үшін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажетіне қарай Қазақстан Республикасында және Қытай Халық Республикасында кезекпен кездесулер өткізеді.

7-бап

      1. Апаттық жағдайдағы әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсету үшін халықаралық апаттық, шұғыл берілетін, ескерту сигналдары және іздестіру-құтқару операциялары кезінде қолданылатын сигналдар іске қосылады.

      2. Іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге арналған әуе кемелерінде орнатылуға тиіс техникалық құралдардың тізбесі әуе кемесін пайдаланатын мемлекеттің ұлттық заңнамасында айқындалады

8-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде өзінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелері мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты Тараптар арасында туындаған кез келген дау Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арасындағы келіссөздер және консультациялар арқылы шешіледі. Егер құзыретті органдар келісімге келмесе, дау дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

11-бап

      1. Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің қолданысқа енгізілуі үшін тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

      2. Егер Тараптардың бірі осы Келісімге өзгерістер енгізуді ұсынған жағдайда, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мүндай өзгерістерді енгізуге қатысты консультациялар өткізеді. Консультациялар, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, оларды өткізу туралы сұрау салуды алған күннен бастап 60 күн ішінде басталуы тиіс.

12-бап

      Осы Келісім және оған кез келген кейінгі түзетулер Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге жатады.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.

14-бап

      Әрбір Тарап өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы шешімі туралы екінші Тарапқа кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы екінші Тарап хабарлама алған күннен бастап 12 (он екі) ай өткен соң, егер Тараптар бұл кезеңді ол өткенге дейін қысқартуға уағдаласпаса, тоқтатылады.

      2019 жылғы 11 қыркүйекте Бейжіңде әрқайсысы қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер түпнұсқалы болып табылады.

      Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі Үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі Үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады