"Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 тамыздағы № 608 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

"Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы

      Осы Конституциялық заң прокуратурасының құзыретін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Прокуратураның мақсаты

      Прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шекте және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

2-бап. Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі

      Прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

3-бап. Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің қағидаттары

      1. Прокуратура өз өкілеттігін заңдылық, басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан дербестік, Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беру қағидаттарында жүзеге асырады.

      2. Прокуратура органдарының өз функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне қандай да бір араласуға тыйым салынады.

      3. Прокуратураның кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдар мен мемлекеттік органдардың қызметіне араласуға, олардың қызметіне тексеру тағайындауға, заңда көзделмеген негіздер бойынша ақпарат не құжаттар сұратуға құқығы жоқ.

      4. Прокуратура төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға және Бас Прокурорға бағынуы негізінде прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін құрайды.

      Прокурорлардың бағыныстылығы мыналарды қамтиды:

      1) жоғары тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокуратуралар үшін ұйымдастыру және қызмет мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындаудың міндеттілігі болып табылады;

      2) төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлар алдындағы қызметтік міндеттерін орындағаны үшін жауаптылығы;

      3) жоғары тұрған прокурорлардың қажет болған жағдайларда төмен тұрған прокурорлардың өкілеттіктерін жүзеге асыруы;

      4) төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлар актілерінің күшін жою, оларды кері қайтарып алу, тоқтата тұру немесе өзгерту;

      5) жоғары тұрған прокурорлардың төмен тұрған прокурорлардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), актілеріне жасалған шағымдарды шешуіне құқығы бар.

      5. Бас Прокурор осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен төмен тұрған прокурорларға бағынудың өзге де нысандарын белгілеуі мүмкін.

      6. Прокуратура органдары адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңдардың талаптарына қайшы келмейтіндей шамада жария қағидасы негізінде әрекет етеді.

      7. Прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.

4-бап. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері

      Прокуратура құқық қорғау жүйесінің өзегі бола отырып, адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты нығайту мақсатында мынадай:

      1) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және қалпына келтіру;

      2) заңдылықтың бұзылуын, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтау және жою;

      3) құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру;

      4) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

2-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ

5-бап. Прокуратура органдарының жүйесі

      1. Прокуратура органдарының бірыңғай орталықтандырылған жүйесін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, оған бағынысты ведомстволар, білім беру ұйымы, әскери және көлік прокуратурасының, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (Республикалық маңызы бар қалалардың және Қазақстан Республикасы астанасының прокуратуралары) прокуратуралар, аудандар прокуратуралары мен оларға теңестірілген (қала, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған прокуратуралар) прокуратуралардың органдары құрайды.

      2. Прокуратура ведомстволарын, мекемелерін, білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату, олардың мәртебесі мен құзыретін айқындау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Респубикасының заңнамасына сәйкес прокуратура органдарының қызметін қамтамасыз ету мақсатында өзге де ұйымдар құрылуы мүмкін.

      4. Прокуратура органдарының өз нышандары болады, олардың сипаттамасын Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бекітеді.

6-бап. Прокуратура органдарының құзыреті

      Прокуратура органдары жүктелген міндеттер шегінде:

      1) осы Конституциялық заңға және өзге де заң актілеріне сәйкес заңдылықты жоғары қадағалау:

      мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің және олардың лауазымды адамдарының, меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың қызметіне, сондай - ақ олар қабылдайтын актілер мен шешімдерге;

      әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу;
сотқа дейінгі тергеп-тексеру, қылмыстық қудалау, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі;

      атқарушылық іс жүргізу;

      заңды күшіне енген сот актілерінің тізбесі;

      қылмыстық жазаларды орындау және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге де шараларын қолдану;

      мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу;

      Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін сақтау;

      2) сотта мемлекет мүдделерін білдіру;

      3) қылмыстық қудалау кіреді;

      4) қылмыстық-құқықтық аясында халықаралық ынтымақтастық, қылмыстық қудалау мәселелері бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда, прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) мемлекет мүдделерін білдіру, халықаралық шарттар жасасу, қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық шарттардың жобаларын келісу;

      5) норма шығару қызметіне қатысу;

      6) Құқық қорғау органдары кадрларын даярлау және олардың кәсіптік деңгейін арттыру, сондай-ақ білім беру және ғылыми қызмет болып табылады;

      7) заңдарда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де құзыретке ие болады.

7-бап. Бас прокуратура

      1. Бас прокуратураны Бас Прокурор басқарады.

      2. Бас прокуратура:

      1) прокуратура органдарының функцияларын тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдарының қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді;

      2) заңдардың қолданылуын қадағалау тәжірибесін, заңдылықтың жағдайын, оның ішінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді қолдану арқылы талдау жүргізеді;

      3) прокуратура қызметін жетілдіреді;

      4) норма шығару қызметіне қатысады;

      5) қылмыстық қудалау мәселелері бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда, прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) мемлекет мүдделерін білдіреді, халықаралық шарттар жасасады, қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық шарттардың жобаларын келіседі;

      6) заңнамада белгіленген шектерде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      7) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

8-бап. Бас Прокурор және оның орынбасарлары

      1. Бас Прокурор:

      1) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасының Президентімен бес жыл мерзімге қызметке тағайындалады;

      2) Қазақстан Республикасының Президентімен қызметтен босатады;

      3) Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді;

      4) өзінің өкілеттік мерзімі ішінде, қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны Сенаттың қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібінде жүктелетін әкімшілік жазаға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

      2. Бас Прокурордың бірінші орынбасары және орынбасарлары болады.

      3. Бас Прокурордың бірінші орынбасары мен орынбасарларын Бас Прокурордың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

9-бап. Бас Прокурордың өкілеттіктері

      1. Бас Прокурор:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады;

      2) прокуратура органдарының бүкіл жүйесінің қызметіне басшылық жасайды, оның негізгі басымдықтарын ұйымдастырады және айқындайды;

      3) Қазақстан Республикасының Президентіне Бас прокуратура туралы ережені, прокуратура органдарының жалпы штат санын бекіту, ведомстволарды, прокуратура органдарының білім беру ұйымдарын құру, тарату және қайта ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізеді;

      4) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен прокуратура органдары штат санының лимиті шегінде, еңбек шарты бойынша қызметкерлерді қоспағанда, прокуратура органдарындағы прокурорлардың және өзге де қызметкерлердің штат санын белгілейді;  

      5) Қазақстан Республикасының Президентіне ведомстволардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныс енгізеді;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен білім беру ұйымының басшысын, Бас әскери прокурорды, Бас көлік прокурорын, облыстардың прокурорларын және оларға теңестірілген прокурорларды қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      7) прокурорларды және прокуратура органдарының өзге де қызметкерлерін, зейнеткерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттауға және құрметті атақтарын беруге ұсынады, оларды ведомстволық наградалармен наградтайды;

      8) Қазақстан Республикасының Президенті алдында елдегі заңдылықтың жай-күйі және прокуратура органдары қызметі туралы есеп береді;

      9) Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады;

      10) Бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың жанынан құрылатын үйлестіру кеңестері туралы ережелерді бекітеді;

      11) Бас Прокурордың заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде тікелей көзделген өкілеттіктерін қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінде өз өкілеттіктерін беретін лауазымды адамдарды айқындайды;

      12) Бас прокуратураның алқасы мен консультативтік-кеңесші органдарын құрады, олардың құрамы мен жұмыс регламентін айқындайды;

      13) ведомстволардың, білім беру ұйымдарының, Бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар және оларға теңестірілген прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген прокуратуралардың, сондай-ақ прокуратура органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік мекемелер мен өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдардың құрылымдарын бекітеді;

      14) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережелерді қоспағанда, прокуратура органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері мен білім беру ұйымдарының ережесін (жарғысын) бекітеді;

      15) прокуратура органдары жүйесінің барлық прокурорлары мен өзге де қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады, прокуратураны ұйымдастыру мен оның қызметі мәселелерін реттейтін ережелерді, нұсқаулықтарды, регламенттерді және өзге де құқықтық актілерді бекітеді;

      16) Конституцияның 72-бабының 4-тармағына сәйкес Конституциялық сотқа жүгінеді;

      17) негіздер болған кезде заңды күшіне енген, Конституцияға және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін сот актілеріне наразылық келтіреді;

      18) Жоғарғы сотқа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар істер бойынша сот практикасының мәселелері бойынша соттарға түсіндірме беру туралы ұсыныспен жүгінеді;

      19) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен сот актісінің орындалуын тоқтата тұрады;

      20) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамдарға қол сұғылмаушылығынан айыруға және әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін ұсыну енгізеді;

      21) заңда көзделген жағдайларда жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді келіседі;

      22) келесі мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылдайды:

      прокуратура органдарында жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкілдерінің өтініштерін және жеке қабылдауын Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасымен және Қазақстан Республикасының әкімшілік іс жүргізушілік туралы заңнамасымен реттелмеген бөлігінде қарау;

      прокуратура органдары жүзеге асыратын тексерулер жүргізу, заңдылықтың сақталуын, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, күшіне енген актілерді бағалау;

      прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру;

      анықтауды, тергеуді, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың орындауы үшін міндетті қылмыстық іс жүргізу заңнамасының, жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманың нормаларын қолдану;

      мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу;

      құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінен мәліметтерді қалыптастыру, қол жеткізу, пайдалану, сақтау, қорғау және жою;

      Қазақстан Республикасының Президенті және (немесе) оның келісімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен тағайындалатын лауазымдарды қоспағанда, прокурорларды және прокуратура органдары жүйесінің өзге де қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату;

      ақшалай ризықты, жәрдемақыларды және өзге де төлемдерді төлеу;

      құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулер жүргізу, оларды үйлестіру және мониторингтеу тәртібін айқындау;

      прокуратура органдарының білім беру ұйымына оқуға қабылдау тәртібін айқындау;

      23) осы Конституциялық заңға, өзге де заң актілеріне және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;

      24) өзіне заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10-бап. Прокурордың өкілеттіктері

      1. Прокурор өз құзыретіне сәйкес:

      1) заңдылықтың жай-күйіне тексеру, заңдылықтың сақталуына, талдау, күшіне енген актілерге бағалау жүргізуге міндетті;

      2) осы Конституциялық Заңда және өзге де заңдарда, сондай-ақ Бас Прокурор айқындайтын тәртіппен прокуратура актілерін енгізуге құқылы;

      3) Конституцияға, заңдарға және Президенттің актілеріне қайшы келетін Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелер мен олардың лауазымды адамдарының құқықтық актілеріне наразылық келтіруге;

      4) егер меншік нысанына қарамастан ұйымдардың Конституцияға, заңдарға және Президенттің актілеріне қайшы келетін актілеріне физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдар, кәмелетке толмаған адамдар, сондай-ақ шектелмеген адамдар тобы қатысты болса, наразылық келтіруге;

      5) тыйым салу немесе шектеу сипатындағы заңсыз шаралардың күшін жоюды талап етуге, негіздер болған кезде және заңда көзделген тәртіппен заңсыз актінің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы;

      6) прокуратура органдарындағы материалдар, келіп түскен өтініштер бойынша сараптамалар тағайындауға, уәкілетті органдардан тексерулер жүргізуді және нәтижесі туралы жауап беруді талап етуге құқылы;

      7) прокурордың талап етуі бойынша органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар тексеруге және қорытынды беруге қатысу үшін мамандар бөлуге міндетті;

      8) қауіпсіздікті және қадағалау қызметін қамтамасыз ету үшін тексерулерді жүзеге асыруға басқа да құқық қорғау органдардың қызметкерлерін тартуға құқылы;

      9) жүргізілетін тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді және қаралып отырған өтінішті бағалау мәселелері бойынша лауазымды тұлғалардан, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардың өкілдерінен түсіндірмелер шақыруға және алуға;

      10) жүргізілетін тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау, сондай-ақ өтінішті қарау мәселелері бойынша ақпаратты, материалдар мен құжаттарды, сондай-ақ азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, атқарушылық іс жүргізуді заңда белгіленген тәртіпті сақтай отырып, талап етіп алдыруға және алуға;

      11) дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөнінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге, атқарушылық іс жүргізулерге және өзге де материалдарға, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына заңда белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;

      12) қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында заңда белгіленген талаптарды сақтай отырып, тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға құқылы;

      13) лауазымды адамдар мен өзге де адамдардың өтініштерін қарау, тексерулер жүргізу шеңберінде, егер олар адамның өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса, актілерін, іс-қимылдарын үш жұмыс күніне дейінгі мерзімде тоқтата тұруға міндетті;

      14) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел іздестіру қызметін, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың басшылары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері мәселелері бойынша нұсқаулар беруге;

      15) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдік бойынша адамдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды жеткізудің, ұстаудың заңдылығын, сондай-ақ күзетпен ұстаудағы не бас бостандығын өзге де шектеудегі адамдарды ұстаудың тәртібі мен шарттарын тексеруге;

      16) қамауда ұсталатын, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардың құқықтық жағдайына әсер ететін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері әкімшілігі актілерінің заңдылығын тексеруге, заңсыз шешімдерінің күшін жоюға;

      17) қылмыстық-атқару жүйесі органдарының сотталғандарды басқа мекемеге ауыстыру туралы актілерін қарауға;

      18) тергеу органдарының күдікті адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтінішхаттарын қарауға құқылы;

      19) заңды күшіне енбеген сот актісін қайта қарау туралы жоғыр тұрған сотқа өтініштер енгізу;

      20) наразылық келтіру өз құзыретінің шегінен шыққан жағдайларда, жоғары тұрған прокурорға заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы;

      21) қадағалау жүргізу барысында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге бастамашылық жасайды;

      22) қадағалау жүргізу барысында құпия көмекшілердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерді қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерінің, жедел есепке алу істерін, материалдарды, құжаттарды, ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді, басқа да қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;

      23) жедел-іздестіру және қарсы барлау қызмет іс-шараларын, жасырын тергеу әрекеттерін, оның ішінде байланыс желілерінде жүзеге асырудың заңдылығына тексерулер жүргізуге және оларға заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен санкция беруге;

      24) қадағалау жүргізу барысында заңда белгіленген жағдайларда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге санкция беруге, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырудың заңдылығына, оның ішінде байланыс желісіне тексеру жүргізуге міндетті;

      25) заң бұзушылықтарды жою мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың басшыларынан өздеріне бағынысты органдарда тексеру жүргізуді талап етуге құқылы;

      26) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс қозғауға және іс жүргізуді тоқтатуға құқылы;

      27) атқарушылық құжаттарды жазып берудің және орындауға келтірудің заңдылығын тексеруге міндетті;

      28) қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс мемлекеттің мүдделерін білдіру мәселелері бойынша қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестіру;

      29) қылмыстық істер бойынша адамдарды ұстап беру, өзара құқықтық көмек көрсету туралы, сотталғандарды не психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамдарды беру туралы халықаралық шарттарды, сондай-ақ олармен байланысты құқықтық актілерді орындауға, прокуратура органдарының құзыретіне жататын өзге де халықаралық шарттарды келісуге;

      30) қылмыстық қудалау мәселелері бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдарында және халықаралық ұйымдарда, прокуратураның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) мемлекет мүдделерін білдіру;

      31) осы Конституциялық Заңда және өзге де заңдарда көзделген өзге де әрекеттерді орындауға міндетті.

      2. Прокурор міндетті:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға міндетті;

      2) заңдылықты бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдай отырып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға міндетті;

      3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін іске асыру үшін негізсіз кедергілер жасайтын прокуратура актілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және қабылдануына жол бермеуге міндетті;

      4) мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнаманың талаптарын сақтай отырып, өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған құжаттардың, мәліметтердің және өзге де ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті;

      5) қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге құқылы;

      6) қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға құқылы;

      7) заңды күшіне енген сот актілерімен келіспеу туралы өтініштерді процестік заңнамада көзделген тәртіппен қарауға құқылы;

      8) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздар мен хабарламаларды қабылдау және тіркеу кезінде заңдылықтың сақталуын тексеруге;

      9) заңсыз жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтатуға құқылы;

      10) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік үй-жайларында және жеке басының бостандығын шектейтін өзге де орындарда, гауптвахталарда, мәжбүрлеу сипатындағы шараларды орындайтын мекемелерде, арнаулы мекемелер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде заңсыз ұсталған және жүрген адамдарды дереу босатуға міндетті;

      11) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын адамдардың заңсыз қаулылары мен шешімдерінің күшін жоюға міндетті;

      12) заңдарда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

11-бап. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет

      1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет Бас прокуратураның мемлекеттік органның функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыратын ведомствосы болып табылады.

      2. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет:

      1) мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргізуді;

      2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерi беретiн мемлекеттiк құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәлiметтерiнiң тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына, жеткiлiктiлiгiне қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы саладағы ақпаратты жинау, тiркеу, өңдеу, жинақтау, жиынтықтау және сақтау әдiстемесiн белгiлейдi;

      3) қылмыстық істерді тергеп-тексеру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу, тексерістер тағайындау туралы актілерді есепке алу және тіркеу процестеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаменттері, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі әскери және көлік департаменттері бар және оны Төраға басқарады.

      4. Осы салада мемлекеттік құқықтық статистиканы жүзеге асырудың, арнайы есепке алу мен қадағалауды жүргізудің құқықтық негізі мен қағидаттары осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалады.

12-бап. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы

      1. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы прокуратура органдарының білім беру ұйымы болып табылады:

      1) ішкі істер және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына қызметке алғаш рет кіретін адамдарды бастапқы кәсіптік даярлауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      2) құқық қорғау органдары қызметкерлерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрған қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін және кәсіптік деңгейін арттыруды жүзеге асырады;

      3) құқық қорғау қызметі саласында ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді үйлестіреді және жүргізеді;

      4) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асырады;

      5) құқық қорғау органдары қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, құқық қорғау қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша шетелдік және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      6) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

      2. Құқық қорғау органдары академиясының ректоры:

      1) Құқық қорғау органдары академиясының қызметіне басшылық жасайды;

      2) Құқық қорғау органдары академиясының білім алушылары, бағынысты қызметкерлері және өзге де қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер және басқа да ұйымдастырушылық-өкімдік актілер шығарады;

      3) Құқық қорғау органдары академиясының алқалы және консультативтік-кеңесші органдарын құрады;

      4) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

13-бап. Әскери прокуратура органдары

      1. Бас прокуратураның әскери прокуратурасы, өңірлік және гарнизондық әскери прокуратуралар Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіне кіреді және Бас Прокурорға бағынады.

      2. Әскери прокуратура органдарын Бас әскери прокурор басқарады.

      3. Бас әскери прокурор:

      1) әскери прокуратура органдарының қызметіне басшылық жасайды;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады;

      3) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының үйлестіру кеңесін басқарады;

      4) өзіне заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорлары:

      1) өңір прокуратурасының және гарнизонның қызметіне басшылық етеді;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті өкімдер шығарады;

      3) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      5. Әскери прокуратура органдары қызметіндегі заңдылықты қадағалауды жүзеге асырады:

      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының;

      2) қорғаныс және мемлекеттің әскери қауіпсіздігі саласындағы өзге де мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың аумағында жүзеге асырылады.

14-бап. Көлік прокуратурасының органдары

      1. Бас прокуратураның Бас көлік прокуратурасы, өңірлік көлік прокуратуралары Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының жүйесіне кіреді және Бас Прокурорға бағынады.

      2. Бас көлік прокуроры:

      1) көлік прокуратурасы органдарының қызметіне басшылық жасайды;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады;

      3) көлікте Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесін басқарады;

      4) өзіне заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Аймақтық көлік прокурорлары:

      1) өңірлік көлік прокуратураларының қызметіне басшылық жасайды;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті өкімдер шығарады;

      3) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Көлік прокуратурасының органдары:

      1) теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельстік және магистральдық құбыржол көлігі, ғарыш қызметі және кедендік реттеу саласындағы мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелердің, өзге де ұйымдардың қызметінде;

      2) лауазымды және өзге де тұлғалардың іс-әрекеттерінде (әрекетсіздігінде), сондай-ақ олар қабылдайтын темір жол, автомобиль, теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельстік және магистральдық құбыржол көлігі, ғарыш қызметі және кедендік реттеу саласындағы актілер мен шешімдерде;

      3) көлік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің басқа да аяларында өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15-бап. Облыстар мен оларға теңестірілген прокурорлар және прокуратуралар

      1. Облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратураларды тиісті прокурорлар басқарады.

      2. Облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар:

      1) облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметіне басшылық жасайды;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады;

      3) прокуратура алқасын құрады, оның жұмыс регламентін және алқа мүшелерінің мәртебесін айқындайды;

      4) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі тиісті үйлестіру кеңестерін басқарады;

      5) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

16-бап. Аудандық прокурорлар мен оларға теңестірілген өзге де прокурорлар мен прокуратуралар

      1. Аудандық прокуратуралар мен оларға теңестірілген прокуратураларды Бас Прокурор тағайындайтын тиісті прокурорлар басқарады.

      2. Аудандық прокурорлар мен оларға теңестірілген прокурорлар:

      1) аудандық прокуратуралар мен оларға теңестірілген прокуратуралардың қызметіне басшылық етеді;

      2) барлық бағынысты қызметкерлер мен жұмыскерлер үшін міндетті өкімдер шығарады;

      4) заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3 тарау. ЖОҒАРЫ ҚАДАҒАЛАУДЫҢ ШЕКТЕРІ МЕН НЫСАНДАРЫ. СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІН БІЛДІРУ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ. ӨТІНІШТЕРДІ ҚАРАУ. ПРОКУРОР ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕПІЛДІКТЕРІ.

17-бап. Жоғары қадағалау нысандары мен шектері

      1. Жоғары қадағалау Қазақстан Республикасының атынан заңдылықтың жай-күйіне тексеру, талдау, күшіне енген актілерді бағалау арқылы жүзеге асырылады.

      2. Заңдылықтың сақталуына тексеру тағайындау және жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, сондай-ақ күшіне енген актілерді бағалау тәртібі осы Конституциялық заңда, заң актілерінде және Бас Прокурордың актілерінде айқындалады.

      3. Қарсы барлау қызметі және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы жоғары қадағалау қарсы барлау туралы заңнаманың және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңнаманың ерекшелігімен жүзеге асырылады.

18-бап. Заңдылықтың сақталуын тексеру

      1. Заңдылықтың сақталуын тексеру:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің;

      2) Бас Прокурордың тапсырмалары негізінде тағайындалады.

      2. Бас Прокурор орынбасарларының, облыс және оларға теңестірілген прокурорлардың, аудан прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың тексеру тағайындау және жүргізу туралы шешімдері қабылданады:

      1) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды өзі дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың;

      2) шектелмеген адамдар қатарының;

      3) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың алдын алуға қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің;

      4) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау үшін қабылданады.

      3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша не олармен келісім бойынша жүргізіледі.

      4. Тексеру жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда тіркеледі.

      Заңдылықтың сақталуын тексеру отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде жүргізіледі.

      Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемінің елеулі болуына байланысты оны жүргізу мерзімі ерекше жағдайларда отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Сараптама тағайындалған, сондай-ақ шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған жағдайларда – оларды алғанға дейін, сондай-ақ тексеру жүргізуге кедергі келтіретін өзге де жағдайларда тексеру тоқтатыла тұруы мүмкін.

      Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.

      Тексерулерді тағайындау туралы қаулыларды тіркеудің тәртібі және оларды жүргізу мерзімдері қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару заңнамасы, атқарушылық іс жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі шеңберінде жүргізілетін тексерулерге қолданылмайды.

      5. Тексеруді жүзеге асыру кезінде:

      1) егер құжаттар, ақпараттар тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;

      2) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асыруға;

      3) адамдардың өмірі, денсаулығы, заңдылық пен қоғамдық тәртіп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарлардың туындауына қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, тексерілетін субъектінің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруге прокурордың құқығы жоқ.

19-бап. Заңдылықтың жай-күйін талдау

      1. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлардың тексеруді жүзеге асыруы кезінде:

      1) объектіге тексеру жүргізу үшін келген адамдарды:

      тексерілетін субъектіге тексеру тағайындау туралы қаулы бермеген;

      мұндай тіркеу міндетті болған кезде құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркеусіз тексеру жүргізген;

      осы Конституциялық заңның 18-бабының 3-тармағында көрсетілген мерзімдер аяқталған;

      тексеруді тағайындау туралы қаулыда көрсетілмеген адамдардың тексеру жүргізген;

      заңнамада көзделген кезде мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы рұқсатты растайтын құжаттың болмаған жағдайда кіргізбеуге құқылы;

      2) Келесі жағдайларда:

      жүргізілетін тексеру нысанасына немесе тексеруді тағайындау туралы қаулыда көрсетілген кезеңге жатпайтынды тексерген;

      тиісті рұқсат немесе ондай мәліметтермен және құжаттармен танысуға құқық беретін құжат болмаған кезде мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер болған жағдайда мәліметтер мен құжаттарды бермеуге құқықы;

      3) тексеруді тағайындау туралы қаулыға, сондай-ақ прокуратура органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.

      2. Тексерілетін субъектілер не олардың уәкілетті өкілдері прокурорлар тексерулер жүргізген кезде:

      1) прокуратура органдарының лауазымды адамдарының тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.

      Прокуратура органдары лауазымды адамдарының режимдік объектілердің аумағына және үй-жайларына кіруі тексерілетін ұйымда белгіленген өткізу және объектішілік режимдер туралы талаптарды ескере отырып қамтамасыз етіледі;

      2) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, прокуратура органдарының лауазымды адамдарына тексеру нәтижелері туралы анықтамаға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін беруге;

      3) тексеруді тағайындау туралы қаулымен және оның нәтижелері туралы анықтамамен танысуға және қол қойғызып алуға;

      4) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы талаптарға сәйкес тексеруді жүзеге асыратын адамдар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

20-бап. Заңдылық жағдайын талдау

      Заңдылықтың жай-күйін талдау прокурорлардың субъектілерге (объектілерге) бармастан статистикалық деректерді, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін, азаматтық және қылмыстық істердің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарын, сондай-ақ өзге де ақпарат көздерін зерделеу арқылы жүргізіледі.

      Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері анықтама түрінде ресімделеді. Заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері бойынша осы Заңға сәйкес прокурорлық қадағалау не ден қою шаралары қабылданады.

21-бап. Күшіне енген актілерді бағалау

      1. Прокуратура күшіне енген актілерге бағалауды зерделеу жолымен жүргізеді:

      1) Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мекемелерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың лауазымды адамдарының актілері мене шешімдерін;

      2) меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардың актілері мен шешімдерін, егер бұл актілер мен шешімдер физиологиялық себептерге байланысты адамдарға, психикалық ауытқуларды және өзге де мән-жайларды анықтау мүмкін емес, кәмелетке толмаған адамдардың, өз құқықтарын қорғауды өз бетінше жүзеге асыруға, сондай-ақ шектеусіз адамдар тобы немесе қоғамдық сипатта болған жағдайларға қатысты болса;

      3) сот (судья) үкімдерінің, шешімдерінің, қаулыларының және өзге де актілерінің, сондай-ақ қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылықтар.

      2.Заңды күшіне енген сот актілерін бағалау қылмыстық процестік, азаматтық іс жүргізу туралы заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, әкімшілік сот ісін жүргізу заңнамада көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

22-бап. Сотта мемлекет мүддесін білдіру

      1.Прокуратура органдары қылмыстық процестік, азаматтық процестік заңдарында, әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңдарда көзделген негізде және тәртіппен сотта мемлекет мүддесін білдіреді.

      2. Прокуратура органдары, егер адамның және өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтың құқықтарын, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау талап етілсе, сотқа талап қоюмен (арызбен) жүгінуге құқылы.

      3. Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат берудің негіздері мен тәртібі қылмыстық іс жүргізу, азаматтық процестік заңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасында айқындалады.

23-бап. Қылмыстық қудалау

      Прокурор мемлекет атынан қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

24-бап. Жолданымдарды қарау

      1. Прокуратура органдары:

      1) егер адамның және азаматтың физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және өзге де мән-жайларға байланысты өз құқықтарын және заңды мүдделерін, кәмелетке толмаған адамдарды, сондай-ақ шектелмеген адамдар тобын қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмаса, оның мүдделерін қорғау үшін;

      2) адамның және азаматтың құқықтарын және заңды мүдделерін, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделерін қорғау үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган болмаған жағдайларда;

      3) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, мекемелер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен олардың лауазымды адамдары тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін;

      4) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруді болғызбау мақсатында;

      5) жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заңдылықты бұзу фактілері бойынша;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша;

      7) Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша жолданымдарды қарайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданымды қарау мерзімі оның прокуратура органдарына келіп түскен күнінен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.

      3. Жолданымды дұрыс шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан басқа мемлекеттік органдардан, мекемелерден, ұйымдардан ақпарат алу қажет болған жағдайларда өтінішті қарау мерзімі прокуратура органы басшысының не оның орынбасарының дәлелді шешімімен қисынды, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Жолданым бойынша тексеріс тағайындалған жағдайда, қарау мерзімдері оны жүргізу мерзімі ескеріле отырып айқындалады. Арыз иесіне аралық жауап жіберіледі. Түпкілікті жауап арыз иесіне тексеріс нәтижелері бойынша ол аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде хабарланады.

      4. Жолданымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы арыз иесіне мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.

      5. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар жағдайларды қоспағанда, мұндай жолданымда иесі бүркемеленген жолданымдар прокуратура органдарында қарауға жатпайды.

      6. Егер қайта жасалған жолданымдар жаңа дәлелдер немесе жаңадан анықталған мән-жайлар келтірілмесе, ал осының алдындағы жолданымның материалдары бойынша арыз берушіге белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе, жолданымды қарау тоқтатылады.

      7. Осы баптың талаптары қарау тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында, қылмыстық-атқару заңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласындағы заңнамасында белгіленген өтініштерге қолданылмайды.

25-бап. Прокуратура органдарының шешімдеріне, актілеріне және лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа дейін реттеу

      1. Прокуратура шешімдеріне, актілеріне не прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым шешім қабылданған немесе әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей прокуратура органдарына беріледі және оны жоғары тұрған прокурор қарайды.

      Мұндай шағымды қарау мерзімі жиырма жұмыс күнін құрайды.

      Шағымдану мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шағым берген адамның өтінішхаты бойынша бұл мерзімді шағымды қарайтын прокуратура органы қалпына келтіруі мүмкін.

      2. Шағымды сотқа дейінгі тәртіппен қарау нәтижелері прокурордың шешіміне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген тәртіппен сотқа шағым жасау үшін негіз болып табылады.

      3. Осы баптың 1-тармағының талаптары қарау тәртібі қылмыстық- процестік, азаматтық процестік, қылмыстық-атқару заңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметі салаларындағы заңнамаларда белгіленген шағымдарға қолданылмайды.

26-бап. Прокурор қызметінің құқықтық кепілдіктері

      1. Прокурордың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына кедергі жасау немесе оның заңсыз шешім қабылдауы мақсатында оған қандай да бір нысанда ықпал ету заңдарда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      2. Прокурордың жүргізілетін тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді, қаралатын өтініштерді бағалау және өз өзге де өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберіндегі талаптары мен сұрау салулары жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының орындауы үшін міндетті.

      3. Жүргізіліп жатқан тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді және қаралып отырған өтініштерді бағалау мәселелері бойынша органдар, мекемелер, ұйымдар мен лауазымды адамдар прокурордың талап етуі бойынша органдар, мекемелер, ұйымдар мен лауазымды адамдар мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге заңда белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтай отырып, прокурор белгілеген мерзімде, бірақ кемінде үш жұмыс күні ішінде жүргізілетін тексеру мәселелері бойынша қажетті ақпаратты,құжаттарды және өзге де материалдарды беруге міндетті.

      Прокурор мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария еткені үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады.

      4. Қажет болған жағдайларда, адам өмірі, денсаулығы, қоғам мен мемлекет мүдделері үшін орны толмас салдарды, заңдылық пен құқық тәртібін жаппай бұзуды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіруді болғызбау мақсатында сұратылған ақпарат, құжаттар және өзге де материалдар дереу ұсынылады.

      5. Прокурор өзінің іс жүргізуіндегі материалдардың, актілердің, сот істері мен өтініштердің мәні бойынша қандай да бір түсініктеме бермейді. Материалдарды танысу үшін біреуге беру заңдарда көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады.

      Іс жүргізуінде жатқан прокурордың рұқсатынсыз тексерулер мен істердің материалдарын жария етуге ешкімнің құқығы жоқ.

      6. Жүргізілген тексеру, заңдылығының жай-күйін талдау, қаралатын өтініштер шеңберінде прокурордың талап етуі бойынша жеке және лауазымды адамдар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан органдардың, мекемелер мен ұйымдардың өзге де өкілдері түсініктемелер беру үшін келуге міндетті.

      7. Прокуратура органдарына шақыру, әлеуметтік сипаттағы төтенше, кризистік жағдайлар туындаған немесе осы жағдайлар кезінде болмай қоймайтын мән-жайларды қоспағанда, уақтылы келу үшін жеткілікті мерзімдерде хабарлама (хабарлама) жіберу жолымен жүргізіледі.

      8. Хабарлама телефонограммамен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша мәтіндік хабарламамен немесе электрондық мекенжай бойынша, оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар жеделхатпен немесе тапсырысты хатпен не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      9. Шақырылған адам шақыру бойынша белгіленген мерзімде келуге кедергі келтіретін себептер туралы шақырушы прокурорды алдын ала хабардар етуге міндетті.

      10. Жеке және лауазымды адамдар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан органдардың, мекемелер мен ұйымдардың өзге де өкілдері дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, Бас Прокурордың, оның орынбасарларының, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың, олардың орынбасарларының, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлардың уәжді қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.

      11. Прокурордың күштеп әкелу туралы қаулысын ішкі істер органы орындайды.

      12. Жетекті түнгі уақытта жүргізуге болмайды.

      13. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар және он сегіз жасқа толмаған адамдар, олардың заңды өкіліне хабарламай, жүкті әйелдер, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты өзінің болатын орнын қалдыра алмайтын немесе қалдырмауға тиіс адамдар күштеп әкелуге жатпайды, мұны дәрігер куәландыруға тиіс.

      14. Прокурордың заңды талаптарын орындамау не прокурордың талап етуі бойынша дәлелсіз себептермен келмей қалу заңдарда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

27-бап. Прокуратура органдарының жауапкершілігі

      1. Прокуратура қызметкерлері өз қызметін жүзеге асыру кезінде заңда белгіленген жауаптылықта болады.

      2. Прокуратура органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері іс-әрекеттерімен келтірілген залал заңнамада көзделген тәртіппен өтеледі.

4-тарау. ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ҚЫЗМЕТІ. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНДАҒЫ АЛҚА. НОРМА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАТЫСУ.

28-бап. Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру

      1. Құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді прокуратура органдары осы органдардың өзара іс-қимылын, өзара ақпарат алмасуды және ортақ міндеттерді іске асыру кезінде олардың іс-қимылдарын келісуді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Прокуратура органдары көрсетілген қызметті Бас прокуратураның, Бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген прокуратуралардың жанынан құрылатын тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестерінің шеңберінде жүзеге асырады.

      2. Үйлестіру кеңестерінің шешімдерін қатысушы мемлекеттік органдар бірлескен, ведомстволық құқықтық актілер шығару және (немесе) тиісті іс-шараларды жүзеге асыру арқылы іске асырады.

      3. Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

29-бап. Прокуратураның адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі өзара іс-қимылы

      1. Адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және қалпына келтіру мақсатында прокуратура өзара іс-қимыл жасайды:

      1) меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, мекемелермен және олардың лауазымды адамдарымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және өзге де ұйымдармен;

      2) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге жүргізеді және оның қызметіне жәрдем көрсетеді.

      2. Прокуратура органдарының шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы қылмыстық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді қылмыстық процестен тыс қайтару мәселелері бойынша мемлекет мүдделерін білдіру шеңберінде жүзеге асырылады.

30-бап. Прокуратура органдарындағы алқалар

      1. Прокуратура органдарының жүйесінде алқалар құрылады.

      2. Алқа жұмысының регламентін, оның құрамын прокуратура органдарының бірінші басшылары айқындайды.

      3. Алқа отырыстарында прокуратура органдары қызметінің мәселелері, сондай-ақ Бас Прокурордың, прокуратура органдарының бірінші басшыларының қалауы бойынша мүдделі тұлғалардың қатысуымен алқалы түрде қарауды талап ететін заңдылықтың анықталған бұзушылықтарына байланысты өзге де мәселелер қаралады.

      4. Алқаның шешімдері оның мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және прокуратура органдарының бағынысты қызметкерлері мен жұмыскерлері үшін міндетті болып табылады.

31-бап. Заң шығару қызметіне қатысу

      Прокуратура органдары заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) өз құзыреті шегінде уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдарға қолданыстағы заңнаманы оның қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің жаңа қажеттіліктеріне сәйкестігі тұрғысынан жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді;

      2) прокуратураның құзыреті мен функцияларын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;

      3) заң мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген норма шығару қызметінде өзге де функцияларды орындайды.

5-тарау. ПРОКУРАТУРА АКТІЛЕРІ

32-бап. Прокуратура актілерінің жүйесі

      1. Прокуратура актілерінің жүйесін мыналар:

      1) прокурорлық қадағалау актілері: наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну, қаулы;

      2) прокурорлық ден қою актілері: қолдаухат, арыз (талап), өтініш, заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндірме;

      3) прокуратура органдарын ұйымдастыру және олардың қызметі мәселелерін реттейтін актілер: бұйрықтар, өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар, регламенттер және басқалар құрайды.

      2. Осы Конституциялық заңда белгіленген негізде, тәртіппен және шекте енгізілген прокурорлық қадағалау актілері олар жіберілген органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың қарауы, орындауы үшін міндетті.

      3. Прокуратура актілерін қарамау, сол сияқты тиісінше қарамау, орындамау не прокурордың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      4. Прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілгеннен кейін актіде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған адамдарды тарту мерзімдері акт жіберілген күннен бастап тоқтатыла тұрады.

33-бап. Наразылық

      1. Прокурор Конституцияға, Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне қайшы келетін актілерге, заңды күшіне енген актілерге, мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық келтіреді.

      2. Заңсыз акт, шешім қабылдаған органға, мекемеге, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамға немесе жоғары тұрған органға не жоғары тұрған лауазымды адамға наразылық келтіріледі. Органның, мекеменің, лауазымды немесе өзге де уәкілетті адамның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық дәл осындай тәртіппен жасалады.

      3. Прокурордың наразылығын тиісті орган немесе лауазымды адам күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиіс.

      Прокурор наразылықты қараудың ол бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттігіне байланысты өзге де, бірақ үш жұмыс күнінен кем емес мерзімін белгілеуге құқылы.

      Наразылықты қарау нәтижелері туралы дереу прокурорға жазбаша нысанда хабарланады. Наразылықты оны қарағанға дейін оны келтірген не жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.

      Орган немесе лауазымды адам наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы прокурорға хабарлауға міндетті.

      4. Наразылықта прокурор заңсыз актінің күшін жоюды не оны Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Президентінің актілеріне және республика ратификациялаған халықаралық шарттарға, нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіруді, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекетін (әрекетсіздігін) тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтіруді талап етеді.

      5. Наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген мамандандырылған прокурорлар наразылық білдірілген құқықтық актінің не әрекеттің (әрекетсіздіктің) орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

      6. Заң актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғары аудиторлық палатаның актілері (жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша) прокурорлардың наразылық білдіруіне жатпайды.

      7. Заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру, сондай-ақ олардың орындалуын тоқтата тұру негіздері, тәртібі, мерзімдері қылмыстық процестік, азаматтық процестік заңнамасында және әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамада айқындалады.

34-бап. Санкция

      1. Прокурор заңда белгіленген жағдайларда құқық шектеу сипатындағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтер алуға санкция (келісім) береді.

      2. Санкцияны (келісімді) не оны беруден бас тартуды прокурор санкцияны (келісімді) сұратуға негіз болған материалдарды зерделегеннен кейін лауазымды адамның қаулысына бұрыштама және қол қою арқылы ресімдейді.

      Санкция (келісім) беруден бас тартылған жағдайда оның себептері мен негіздері көрсетіледі.

      3. Заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға байланысты жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын және жасырын тергеу іс-әрекеттерін қоспағанда, осы бапта көрсетілген іс-әрекеттерге санкция (келісім) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамаға сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін.

35-бап. Нұсқау

      1. Прокурор:

      1) сотқа дейінгі тергеп-тексеру;

      2) жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттері;

      3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізу;

      4) атқарушылық іс жүргізу;

      5) жазаларды орындау;

      6) прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерістер;

      7) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері;

      8) заңда белгіленген өзге де жағдайлар бойынша жазбаша нұсқаулар береді.

      2. Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары орындау үшін міндетті.

36-бап. Ұсыну

      1. Прокурор өз құзыреті шегінде:

      1) заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы;

      2) қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы;

      3) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қол сұғылмаушылық құқығы бар адамдарды одан айыру мәселелері бойынша;

      4) заңда белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.

      2. Ұсыным онда көрсетілген заңдылықты бұзушылықтарды лауазымды адамның нмесе органның жлю жөнінде күнтізбелік отыз күн ішінде, ал егер адам мен азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекет қауіпсіздігі үшін прокурор белгілеген мерзімде орны толмас салдарлар туындауы мүмкін жағдайларжа, шаралар қолданыла отырып қаралуға тиіс.

      Прокурор ұсынуды қарау кезінде қатысуға құқылы. Мемлекеттік орган немесе лауазымды адам ұсынуды қарау уақыты мен орны туралы ұсынуды қарау күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей прокурорды хабардар етуге тиіс.

      Ұсынуды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы ұсыныс қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде прокуратураға хабарланады.

37-бап. Қаулы

      1. Прокурор қаулы шығарады:

      1) қылмыстық іс жүргізу заңнамасында, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген жағдайларда;

      2) тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы;

      3) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы;

      4) жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату туралы;

      5) құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұру туралы;

      6) тексеру жүргізу туралы;

      7) мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың ұйымдары, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ олардың лауазымды және өзге де адамдары негізсіз жүзеге асыратын тыйым салу не шектеу сипатындағы әрекеттер мен шаралардың күшін жою туралы;

      8) күзетпен ұсталған, бас бостандығын айыру орындарында жаза өтеп жатқан, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға қатысты қылмыстық-атқару жүйесінің органдары қолданылған тәртіптік жазалар мен көтермелеулердің күшін жою туралы;

      9) лауазымды және өзге де адамның актісін немесе әрекетін тексеру не өтінішті қарау аяқталғанға дейін үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру туралы;

      10) сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою туралы;

      11) прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы;

      12) заңдарда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

      2. Прокурордың қаулысы ол белгілеген мерзімде міндетті түрде орындалуға жатады. Қаулыға шағымдану оның қолданылуын тоқтатпайды.

38-бап. Өтінішхат

      Заңды күшіне енбеген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты прокурор Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізеді.

39-бап. Арыз (талап)

      1. Заңда белгіленген тәртіпте және негіздер бойынша прокурор арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуге құқылы.

      2. Прокурорлық қадағалау актілері қабылданбаған не олар қараусыз қалдырылған кезде прокурор органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен актілерін заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінеді.

40-бап. Үндеу

      Бас Прокурор және оның орынбасарлары, Бас әскери және көлік прокурорлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, аудандық және оларға теңестірілген өзге де прокурорлар заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ азамат пен адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға үндеу жасауға құқылы.

      Өтініш бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып немесе өзге де жария тәсілмен таратылады.

41-бап. Заңды бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру

      Құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы жазбаша, ауызша не жария нысанда түсіндіреді және оларға заңда белгіленген жауаптылық туралы ескертеді.

42-бап. Прокуратура актілерін жариялау

      1. Бас Прокурордың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнаманың талаптары сақтала отырып, ресми жариялануға тиіс.

      2. Өз қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету үшін прокуратура органдары органдар мен лауазымды адамдардың адамның және азаматтың конституциялық және заңмен қорғалатын өзге де құқықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін бұзатын заңсыз әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне прокуратура актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай алады.

43-бап. Прокурордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен қадағалау актілеріне шағым жасау

      1. Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне жоғары тұрған прокурорға не сотқа осы Конституциялық Заңда және өзге де заңдарда белгіленген жағдайларда және тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      2. Прокурордың актілеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.

      Прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе актілеріне шағым бойынша шешім шығарылғанға дейін сот не жоғары тұрған прокурор олардың орындалуын тоқтата тұруға құқылы.

      3. Жоғары тұрған прокурор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шағымы бойынша не өз бастамасы бойынша төмен тұрған прокурор актілерінің күшін жоя, кері қайтарып ала, тоқтата тұра немесе өзгерте алады.

6-тарау. ПРОКУРАТУРА ОРГАНДАРЫНЫҢ КАДРЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

44-бап. Прокуратура органдары кадрларының құрамы

      1. Прокуратура органдарының кадрларын прокурорлар және өзге де қызметкерлер құрайды.

      2. Прокурор – прокуратура органдары жүйесіндегі қызметте тұрған, офицерлік құрамның сыныптық шені немесе әскери атағы берілген Қазақстан Республикасының азаматы.

      3. Прокуратура органдарының өзге қызметкерлеріне мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, қатардағы және сержанттық құрамның әскери қызметшілері, азаматтық қызметшілер және еңбек шарты бойынша қызметкерлер жатады.

      4. Сыныптық шендер немесе әскери атақтар берілетін прокуратура органдары жүйесі лауазымдарының тізбесін, сондай-ақ оларға сәйкес шекті сыныптық шендерді немесе әскери атақтарды Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      5. Прокурорлар осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді.

      6. Әскери прокуратура органдарының, қатардағы және сержанттық құрамның әскери қызметшілері осы Конституциялық заңда көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес қызмет өткереді, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген мәртебеге ие болады, құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.

      7. Прокуратура органдарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері қызметтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      8. Әскери міндетті прокурорлар прокуратура органдарында арнайы есепте тұрады.

45-бап. Прокурорларды құқықтық қорғау және әлеуметтік қолдау шаралары

      1. Прокуратура органдарының жүйесін қаржылық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Прокуратура органдарының қазынашылық органдарда тиісті шоттары болуы мүмкін.

46-бап. Прокуратура органдары кадрларының еңбегіне ақы төлеу және оларды зейнетақымен қамсыздандыру

      1. Прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабының 9-1) тармақшасында белгіленген тәртіппен бекітілетін бюджет есебінен қамтылатын органдар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.

      2. Прокуратура органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігіне байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар төлеу заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Прокуратура органдарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу құқығымен босатылған, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) және қызметке жарамсыз деп танылған прокурорлардың салтанатты іс-шаралар мен ресми қабылдауларда нысанды киім киіп жүруге құқығы бар.

47-бап. Қызметтік куәліктер және мөр

      1. Бас Прокурорға, Бас Прокурордың орынбасарларына, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасына белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі береді.

      2. Бас Прокурор прокуратура органдарының басшылары бағынысты қызметкерлерге белгіленген үлгідегі қызметтік куәліктер береді.

      3. Қызметтік куәлік прокурордың жеке басын, оның сыныптық шенін немесе әскери атағын, лауазымын, атыс қаруын және өзге де қаруды алып жүру және сақтау құқығын растайтын құжат болып табылады.

      4. Прокуратура органдарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде өз атауы жазылған мөрлері болады.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

48-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады