Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Жоба |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Кәсіптік біліктілік туралы
Осы Заң белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға үміткер жеке тұлғаның кәсіптік біліктілігін тану тәртібімен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) білім – кәсіптік тапсырма шеңберінде әрекеттерді орындау үшін қажетті зерттелген және игерілген ақпарат;
2) біліктілік бағдарламасы – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде белгілі бір жабдықты, әдістемені және (немесе) құралдарды пайдалана отырып, белгілі бір еңбек жағдайларында білімді, машықты және дағдыны қолдануға біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау үшін пайдаланылатын шаралар кешені;
3) дағды – кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;
4) кәсіптік біліктілікті тануға үміткер кандидат (бұдан әрі – кандидат) – белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыру мақсатында, өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін жүгінген жеке тұлға;
5) информалды білім – білім беру ұйымдарынан және білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдардан тыс күнделікті қызмет барысында алынатын және оқу нәтижелерін растайтын құжат берумен сүйемелденбейтін білім беру түрі;
6) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат – кандидаттың белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауы үшін кәсіптік біліктіліктің сәйкестігін куәландыратын құжат;
7) кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер (бұдан әрі – біржолғы ваучер) – тіркелген жұмыссыз адамдарға берілетін және оның кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша тегін негізде кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін негізінде өту құқығын куәландыратын электрондық құжат;
8) кәсіп – жеке адам еңбек қызметінің шеңберінде жүзеге асыратын және оны орындау үшін белгілі бір біліктілік талап етілетін негізгі қызмет түрі;
9) кәсіптер тізілімі – кәсіптік біліктіліктерді тану жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша электрондық нысанда жүйеленген ақпарат жиынтығы;
10) кәсіптік біліктілік – кәсібі бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;
11) кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал ол болмаған кезде біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және шешім қабылдау рәсімі;
12) кәсіптік біліктіліктерді тану орталығы (бұдан әрі – тану орталығы) – осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттелген және кәсіптік біліктіліктерді тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
13) Қазақстан Республикасы қызметтердің ұлттық сыныптаушысы –Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын қызметтер атауларын көрсететін және оларды орындалатын жұмыстардың түрлеріне сәйкес деңгейі мен мамандану дағдылары бойынша сыныптайтын стандарттау жөніндегі құжат;
14) құзырет – еңбек функциясын құрайтын бір немесе бірнеше кәсіптік міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін дағдыларды қолдану қабілеті;
15) икемділік – кәсіптік міндет шеңберінде жекелеген бірлі-жарым әрекеттерді физикалық тұрғыдан және (немесе) ақыл-оймен орындау қабілеті;
16) өтініш беруші – кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
17) салалық мемлекеттік органдар – мемлекеттік басқарудың тиісті аясында (саласында) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
18) уәкілетті орган – кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
19) ұлттық біліктілік жүйесі – еңбек нарығы тарапынан біліктілікке сұраныс пен ұсынысты реттеудің және оларды танудың құқықтық және институционалдық құралдарының кешені;
20) формалды емес білім беру – оқыту орны, мерзімдері және нысаны ескерілмей білім беру қызметтерін көрсететін білім беру ұйымдары жүзеге асыратын және оқыту нәтижелерін растайтын құжат берумен бірге жүргізілетін жоспарланған және ұйымдастырылған білім беру түрі.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Заңның күші:
1) мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілеріне;
3) судьяларға;
4) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, мәслихат депутаттарына қолданылмайды.
3-бап. Ұлттық біліктілік жүйесі
Ұлттық біліктілік жүйесі мынадай құрам бөліктерден:
1) ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерінен;
2) кәсіптік стандарттардан;
3) кәсіптер тізілімінен;
4) біліктілік бағдарламаларынан;
5) тану орталықтарынан тұрады.
4-бап. Ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерінің, кәсіптік стандарттардың, кәсіптер тізілімінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптар
1. Ұлттық біліктілік шеңбері біліктілік деңгейлерінің бірыңғай шәкілі және әрбір біліктілік деңгейі үшін кәсіптік қызметтің жалпы сипаттамалары болып табылады.
2. Салалық біліктілік шеңбері орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын білімнің, икемдіктің, дағдының және құзыреттің сипатына қарай салада кәсіптік біліктілік деңгейлері бойынша талаптарды сынақтайды.
3. Кәсіптік стандарт формалды және (немесе) формалды емес және (немесе) информалдық білім беруді, біліктілік деңгейі мен құзыреттілікті, белгілі бір қызмет түрі үшін еңбек мазмұнын, сапасы мен жағдайларын ескере отырып, білімге, шеберлікке, дағдыларға, жұмыс тәжірибесіне қойылатын жалпы талаптарды айқындайды.
Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреттер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген кәсіптерді қоспағанда, кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және (немесе) оларды өзектендіруді жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық біліктілік шеңберлері негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді және оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы бекітеді.
Осы Заңда белгіленген тәртіппен кәсіптік біліктіліктерді тану жүргізілетін кәсіптердің тізіліміне енгізілген кәсіптердің кәсіптік стандарттарын әзірлеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Кәсіптер тізілімі:
1) ұлттық қызметтер сыныптауышына сәйкес кәсіп атауын;
2) ұлттық және салалық біліктілік шеңберлеріне сәйкес кәсіптік біліктіліктің атауы мен деңгейің;
3) кәсіптік біліктіліктерді тану шарттарын;
4) кәсіптік стандарттың атауы мен деректемелерін, ал олар болмаған кезде біліктілік талаптары көрсетіледі;
5) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту үшін қажетті құжаттар тізбесін;
6) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың қолданыс мерзімін;
7) салалық мемлекеттік органның атауын көздейді.
Кәсіптер тізілімін жүргізуді уәкілетті орган Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асырады.
5-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы
1. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы – мыналарды:
1) Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша деректер базасын, қима үлгілерді және макеттерді;
2) ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерін;
3) қызметтердің ұлттық сыныптауышын;
4) бекітілген кәсіптік стандарттарды;
5) кәсіптер тізілімін;
6) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің тізбесін;
7 тану орталықтарының тізбесін;
8) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалыптастырылған кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен жеке тұлғалар туралы деректер базасын;
9) кәсіптік біліктілікті тану туралы берілген құжаттардың тізілімін;
10) онлайн режимінде кәсіптік біліктілікті тану рәсімін ұйымдастыруға және жүргізуге арналған құралдарды;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе.
2. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын өзге де ақпараттық жүйелермен интеграцияны қалыптастыруды, сүйемелдеуді және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша деректерді талдауды және өңдеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның қызметін үйлестіреді;
3) білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеуді және (немесе) өзекті етуді жүзеге асырады;
4) кәсіптер тізілімін қалыптастыру, өзекті ету және жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
5) кәсіптік стандарттарды әзірлеу, өзекті ету және оларға әдіснамалық сараптама жүргізу қағидаларын және оларды қаржыландыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
6) республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіптік стандарттарды әзірлеу мәселесін Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің қарауына шығарады;
7) кәсіптік біліктіліктерді тану жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
8) біліктілік бағдарламасының нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
9) Қазақстан Республикасының өңірлері арасында біржолғы ваучерлерді беру, қаржыландыру және бөлу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің қызметі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
11) тану орталықтарын аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасының жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
13) республикалық бюджет қаражаты есебінен ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті тануға қажеттілігін айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеу және рәсімдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
15) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде кәсіптер тізілімін мақұлдайды.
16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Салалық мемлекеттік органдардың құзыреті
Салалық мемлекеттік органдар:
1) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу арқылы жыл сайынғы негізде уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) салалық біліктілік шеңберлерін әзірлейді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген құзыреттер бойынша және мемлекеттік заңды тұлғалар көрсететін қызметтерге кәсіптік стандарттарды әзірлейді және бекітеді;
4) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу арқылы жыл сайынғы негізде кәсіптік стандарттарды, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен әзірлеуге ұсынылатын стандарттарды өзекті ету және (немесе) әзірлеу жөнінде ұсыныстар әзірлейді және уәкілетті органға жібереді;
5) жергілікті атқарушы органдармен келісу арқылы жыл сайынғы негізде ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті тану қажеттілігін қалыптастырады және уәкілетті органға жібереді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі мен функциялары
1. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында консультациялық-кеңесші орган – Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес құрылады.
Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңесті құруды, оның ұйымдастырылуы мен жұмыс тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның өкілдері, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің және кәсіпкерлік субъектілерінің төрағалары кіреді.
2. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Ұлттық біліктілік жүйесін дамытудың басымдықтарын айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
2) кәсіптер тізілімін қалыптастыру және (немесе) өзекті ету жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
3) ұлттық біліктілік шеңберін бекітеді;
4) кәсіптік стандарттарды, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен әзірлеуге ұсынылатын стандарттарды өзекті ету және (немесе) әзірлеу жөнінде ұсыныстар және ұсынымдар әзірлейді;
5) республикалық бюджет қаражаты есебінен ағымдағы және болашақ кезеңдердегі кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, кәсіптік біліктілікті тануда еңбек нарығының қажеттілігін талдау үшін мемлекеттік басқару салалары (аясы) бойынша ұсыныстар және ұсынымдар әзірлейді.
3. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі туралы ақпарат Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады және жарты жылда кемінде бір рет жаңартылып отырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы:
1) кәсіптік стандарттарды әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыреттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген кәсіптерді қоспағанда, кәсіптік стандарттарды бекітеді;
2) тану орталықтарын аккредиттеуді жүзеге асырады;
3) тану орталықтарының қызметін мониторингтеуді жүзеге асырады;
4) Ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру жөнінде уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің қызметі мен функциялары
1. Мемлекеттік басқару саласының (аясының) мүдделерін білдіру мақсатында салалық мемлекеттік органның жанынан кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес жұмыс істейді.
Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің құрамына жұмыс берушілердің, кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің өкілдері, білім беру ұйымдарының өкілдері және мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) тәуелсіз сарапшылар кіреді.
2. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес өз қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің қызметі туралы үлгілік ереже негізіндегі ережені әзірлейді және бекітеді.
3. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер:
1) кәсіптер тізіліміне кәсіптерді өзекті ету және (немесе) енгізу бойынша ұсыныстарды келіседі;
2) салалық біліктілік шеңберлерін бекітеді;
3) кәсіптік стандарттарды келіседі;
4) кәсіптік стандарттар болмаған кезде біліктілік талаптарын әзірлейді және келіседі;
5) мемлекеттік басқарудың тиісті саласындағы (аясындағы) тану орталықтарының қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.
12-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган
Осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша консультациялық және әдіснамалық қызметті жүзеге асыратын кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғам нысанында құрылады.
3-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ
13-бап. Кәсіптік біліктілікті танудың негізгі қағидаттары
Кәсіптік біліктілікті тану:
1) объективтілік;
2) ашықтық пен айқындық;
3) кәсіптік біліктілікті тану ұйымдарын білім беру ұйымдарынан тәуелсіздігі қағидаттарда жүзеге асырылады:.
14-бап. Кәсіптік біліктілікті тану тәртібі мен шарттары
1. Кәсіптік біліктілікті тануды кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша тану орталықтары осы Заңда белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Кәсіптік біліктіліктерді танудың өзге тәртібі, егер белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға үміткер адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде еңбек қызметін жүзеге асыру үшін міндетті шарт болып табылатын еңбекті реттеудің ерекшеліктері айқындалған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.
3. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алуға үміткер кандидаттар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тану орталықтарында кәсіптік біліктіліктерді тану рәсімінен өтеді.
Кәсіптік біліктілікті тану кандидаттың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қаражаты есебінен ерікті түрде жүргізіледі.
4. Кәсіптік біліктілікті тану орталықтарының тану рәсіміне қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшін біліктілік бағдарламалары бекітіледі.
Біліктілік бағдарламалары тиісті кәсіптік стандарттардың талаптарын ескереді, ал олар болмаған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген біліктілік талаптары пайдаланылады.
5. Кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша кәсіптік біліктіліктерді тану тәртібі туралы ақпарат тану орталықтарының интернет-ресурстарында, ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.
15-бап. Кандидаттардың құқықтары
Кандидаттардың:
1) салалық мемлекеттік органдардан, тану орталықтарынан қолжетімді нысанда кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану тәртібі туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
2) біліктілік бағдарламасына сәйкес тану рәсімінен өтуге;
3) кәсіптік біліктілікті тану саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқығы бар.
16-бап. Тану орталығының міндеттері
Тану орталығы:
1) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында тіркелуге және өзінің құрылымы мен қызметі, кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметтің құны туралы ақпаратты жариялауға;
2) кандидаттарға кәсіптік біліктіліктерді тануды жүргізу тәртібі туралы ақпаратты, кәсіптік біліктіліктерді тану үшін қажетті құжаттар тізбесін, оның ішінде емтиханды немесе емтихандарды өткізу және (немесе) қайта тапсыру мерзімдері мен шарттарын қоса алғанда, өзінің интернет-ресурстарында орналастыру арқылы ұсынуды қамтамасыз етуге;
3) кәсіптік біліктіліктерді тану процесінде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік және санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға және осы талаптар бұзылған кезде дереу ден қоюға;
4) біліктілік бағдарламаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын жүргізу тәртібіне сәйкес кәсіптік біліктілікті танудан өткен адамдардың келісімі бойынша кәсіптік біліктілікті тану туралы берілген құжаттар туралы мәліметтерді жіберуге;
6) кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияларды қарау тәртібін сақтауға;
7) кәсіптік біліктіліктерді тану жөніндегі көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеуге міндетті.
17-бап. Кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін кандидатқа қойылатын талаптар
Кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін кандидат:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет түрінің сипатын, өндіріс ерекшелігі мен еңбек қауіпсіздігі жағдайларын негізге ала отырып, белгіленген еңбек функцияларын орындау үшін жасына сәйкес келуге;
2) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қағидаларға сәйкес кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын табыс етуге;
3) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен кезде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.
18-бап. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес және информалды білім беруді тану
1. Формалды емес және (немесе) информалды білім беру арқылы алынған оқу нәтижелерін, егер формалды емес және (немесе) информалды білім беру нәтижелерін тану жөніндегі талаптар тиісті кәсіптік стандарттарда, ол болмаған кезде біліктілік талаптарында белгіленсе, тану орталықтары кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде таниды.
2. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес білім беруді тану туралы шешім қабылдау үшін кандидат ұйым берген сертификатты немесе оқуды аяқтағаны туралы куәлікті тану орталықтарына табыс етеді.
3. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде информалды білім беруді тану туралы шешім қабылдау үшін кандидат алған оқу нәтижелерінің сипаттамасын тану орталығына табыс етеді.
19-бап. Дағдыны немесе дағдыларды тану
Тану орталықтарында жеке дағдыны немесе дағдыларды бір кәсіп шеңберінде тануға жол беріледі.
1. Жекелеген дағдыны немесе дағдыларды тану, егер дағдыны немесе дағдыларды тану жөніндегі талап тиісті кәсіптік стандарттармен, ал олар болмаған кезде біліктілік талаптарымен белгіленген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Жеке дағдыны немесе дағдыларды тану кезінде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатта дағдының немесе дағдылардың атауы, кәсіптік біліктілік пен кәсіптің атауы көрсетіледі.
20-бап. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алу тәртібі
1. Емтихан немесе емтихандарды тапсырған кандидаттар кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алады.
2. Егер кандидат өзінің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде емтиханнан немесе емтихандардан өтпеген жағдайда, тану орталығы емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыруға уақыт тағайындайды.
3. Егер кандидат емтиханнан немесе емтихандардан өту қорытындылары бойынша теріс шешім алған жағдайда, тану орталығы кандидат үшін ұсынымдар береді және кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қағидаларға сәйкес емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыру мерзімдерін айқындайды.
4. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың нысаны кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қағидалармен айқындалады.
5. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың қолданыс мерзімі кәсіптер тізіліміне сәйкес белгіленеді.
21-бап. Кәсіптік біліктіліктерді тану мәселелері жөніндегі апелляцияларды қарау ерекшеліктері
1. Кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша тану орталығы шешімінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, кандидат нәтижелер туралы хабардар етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тану орталығына апелляцияға өтініш беруге құқылы.
2. Кандидаттың апелляцияға берген өтінішін ол тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тану орталығының қарауына жатады.
3. Тану орталығы тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша шешімнің нәтижелерімен келіспейтіні туралы кандидаттың апелляцияға берген өтінішін қарау үшін:
1) апелляциялық комиссия құруға;
2) кандидатты апелляцияға берілген өтінішін қарау қорытындылары туралы хабардар етуге міндетті.
Апелляциялық комиссия кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қағидаларға сәйкес құрылады.
4-тарау. ТАНУ ОРТАЛЫҚТАРЫН АККРЕДИТТЕУ
22-бап. Тану орталықтарын аккредиттеу
1. Тану орталықтарын аккредиттеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ерікті және өтеусіз негізде жүргізеді.
2. Аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді:
1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдауды, қарауды;
2) ұсынылған құжаттарға сараптаманы;
3) өтініш берушіні орналасқан жері бойынша зерттеп-қарауды;
4) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдауды;
5) қолданыс мерзімі үш жыл болатын аккредиттеу аттестатын беруді;
6) аккредиттеуден кейінгі шарт жасасуды қамтиды.
3. Тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу, оның қолданысын тоқтата тұру және тоқтату тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Тану орталықтарын қайта аккредиттеу осы баптың 1-тармағында көзделген барлық кезең сақтала отырып жүргізіледі. Қайта аккредиттеуге өтінімді өтініш беруші аккредиттеу аттестатының қолданыс мерзімнің өтуіне дейін алты айдан кешіктірмей береді.
23-бап. Аккредиттеу өлшемшарттары
1. Өтініш беруші мынадай өлшемшарттарға сай келуге:
1) заңды тұлға мәртебесі болуға;
2) меншік, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығында, бірлескен қызмет туралы шарт негізінде немесе уақытша иеленуде және пайдалануда кәсіптік біліктілікі тану жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті үй-жайы, жабдығы және материалдық ресурстары болуға;
3) ұсынған кәсіптері кәсіптер тізілімінде болуға;
4) біліктілік бағдарламалары жобалары уәкілетті орган белгіленген талаптарға сәйкес келуге.
2. "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабы 4-тармағының 1-10) тармақшаларында көрсетілген білім беру ұйымдарының жанынан тану орталықтарын құруға жол берілмейді.
24-бап. Аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау
1. Аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім табыс етілген құжаттарды сараптау және өтініш берушінің орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеп-қарау нәтижелері негізінде қабылданады.
2. Оң шешім қабылданған жағдайда он жұмыс күні ішінде аккредиттелген тану орталықтары тізбесіне мәліметтер енгізіле отырып, сериялық нөмірімен аккредиттеу аттестаты беріледі және аккредиттеуден кейінгі шарт жасалады.
Аккредиттеуден кейінгі шарт тану орталықтары қызметінің мониторингін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тану орталығы арасында жасалады.
Аккредиттеуден кейінгі шарттың нысанын уәкілетті орган бекітеді.
3. Тану орталықтары қызметінің мониторингі Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тану орталықтарының кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізу нәтижелерін бақылауы арқылы жүзеге асырылады.
Тану орталықтарының қызметі мониторингінің нәтижелері бойынша аккредиттеу өлшемшарттарының бұзылғаны анықталған жағдайда, осы Заңның 25-бабының 1-тармағына сәйкес шаралар қабылданады.
4. Теріс шешім қабылданған кезде өтініш берушіге шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде пошта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы жазбаша түрде уәжді бас тарту жіберіледі, ол тиісінше өтініш беруші пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі қойған күнінен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынды деп есептеледі.
5. Өтініш беруші аккредиттеуден бас тарту жөніндегі шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.
25-бап. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу және оның қолданысын тоқтату
1. Аккредиттеу аттестатын Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мынадай жағдайларда:
1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы тану орталығының жазбаша өтініші болған;
2) кәсіптік біліктіліктерді тану тәртібі бұзылған жағдайларда;
3) аккредиттеу өлшемшарттарының және аккредиттеуден кейінгі шарт талаптарының бұзылуы анықталған кезде тану орталықтары қызметінің мониторингі қорытындылары бойынша;
4) Тану орталықтарында кәсіптік біліктілігін тану туралы құжат алған адамдарға қатысты расталған шағымдары анықталған жағдайда кері қайтарып алады.
2. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқиғалар басталған және (немесе) осы баптың 1-тармағында көзделген бұзушылықтар анықталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қабылдайды.
3. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі тану орталығына осы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы арқылы электрондық тәсілмен жіберіледі.
4. Аккредиттеу аттестатының қолданыс:
1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің болуы;
2) аккредиттеу аттестатының қолданыс мерзімінің тоқтатылуы;
3) тану орталығы қызметінің тоқтатылуы (таратылуы), қайта ұйымдастырылуы (қосылуы, бірігуі, бөлінуі, бөлініп шығуы, қайта құрылуы);;
4) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы негіздер бойынша тоқтатылады.
5-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
26-бап. Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілікті тануға жіберетін кандидаттарға өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер
Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілікті тануға жіберетін кандидаттарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер беріледі.
27-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктілікті тануды есепке алу
Жұмыскерлерде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың болуы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде ескеріледі.
28-бап. Кәсіптік біліктілікті танудың ваучерлік жүйесі
1. Кәсіптік біліктілікті тегін негізде тану үшін тіркелген жұмыссыз адамдарға уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес бір реттік ваучер алуға құқылы. Бір жолғы ваучер жылына бір рет беріледі және ваучерде көрсетілген қолданыс мерзімі ішінде пайдаланылуға тиіс.
2. Кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту үшін кәсіптік біліктілікті және тану орталығын таңдауды кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша бір реттік ваучер алған адамдар жүзеге асырады.
3. Егер қолданыс мерзімі ішінде пайдаланылмаса жағдайда, бір реттік ваучер жойылады. Біржолғы ваучердің қолданыс мерзімі біржолғы ваучерді алған адамның еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде ұзартылуға жатады.
4. Бір реттік Ваучер негізінде кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге арналған шығыстарды өтеудің мөлшері мен тәртібі бір реттік ваучерлерді беру, қаржыландыру және Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларында белгіленеді.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |