"1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 қыркүйектегі № 653 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімге қол қою туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса беріліп отырған 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2022 жылғы
№ Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге қосымша келісім


      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ

      бұдан әрі "1998 жылғы Келісім" деп аталатын 1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімнің 14-бабын назарға ала отырып,

      жоғарыда аталған 1998 жылғы Келісімнің 2-бабын толық жүзеге асыруға ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

      1. Осы Қосымша келісімнің мақсаттары үшін:

      а) "шетелден келген Католик Шіркеуінің мүшелері" ретінде әрбір архиепископ, епископ, апостолдық әкімші, дін қызметшісі, Монастырлық өмір институтының және Апостолдық өмір қоғамының мүшесі, 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген Католик Шіркеуі субъектілерінің қандай болмасын пасторлық және қайырымдылық қызметінде ынтымақтастық жасайтын Қазақстан азаматтығы жоқ лайықты түрде өкілетті діншіл адам түсініледі;

      b) "Католик Шіркеуінің субъектілері" ретінде 1998 жылғы Келісімнің 3 және 4-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелген барлық заңды тұлғалар, олардан өзгелерін қоса алғанда: архиепархиялар, епархиялар, прелатуралар, экзархаттар, апостолдық әкімшілер, префектуралар, нақты миссиялар, приходтар, монастырлық қауымдастықтар (монастырлар), монастырлық өмір институттары, апостолдық өмір қоғамы, қауымдастықтар, семинариялар, колледждер, мектептер және басқа да діни, білім беру, әлеуметтік-мәдени мекеме түсініледі;

      c) "Католик Шіркеуінің құзыретті органдары" ретінде Қазақстан Республикасының аумағында Католик Шіркеуінің субъектілерін басқаратын архиепископтар, епископтар, апостолдық әкімшілер, прелаттар, экзархаттар және оларға теңестірілген басқа да шіркеу қызметшілері түсініледі.

      2. Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Католик Шіркеуінің шетелден келген, Католик Шіркеуінің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға рұқсат береді.

      3. Католик Шіркеуінің шетелден келген Католик Шіркеуінің қандай да бір субъектісіне ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған мүшелеріне тұрақты тұруға арналған рұқсат алу үшін Католик Шіркеуінің құзыретті органының жазбаша міндеттемелерімен ауыстырылатын төлем қабілеттілігін және тұрғылықты жерін растауды қоспағанда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажет.

      4. Қазақстан Республикасындағы Католик Шіркеуінің құзыретті органдары Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарын Католик Шіркеуінің шетелден келген мүшесінің Қазақстан Республикасында қызмет етуінің тоқтатылғаны туралы күнтізбелік он күн ішінде хабардар етеді. Мұндай хабарлама Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күшін жою үшін негіз болады.

      5. Осы Қосымша келісім бес жыл мерзімге жасалады, ол мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, ол автоматты түрде ұқсас кезеңдерге ұзартылады. Мұндай жағдайда осы Қосымша келісім тиісті хабарлама алынған күннен бастап алты айдан кейін өз қолданысын тоқтатады. Егер Тараптар өзара келісуі бойынша өзгеше шешім қабылдамаса, бұл хабарлама ағымдағы рәсімдерді аяқтауға әсер етпейді.

      6. Айрықша жағдайларда ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы дипломатиялық арналармен Қасиетті Таққа жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Қосымша келісімнің қолданысын уақытша, ішінара немесе толықтай тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл жағдайда осы Қосымша келісімнің қолданысы осындай хабарламаны алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатыла тұрады.

      Осы Қосымша келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы тармақтың бірінші абзацына сәйкес Католик Шіркеуінің шетелден келген, ұзақ мерзімге қызмет етуге тағайындалған, тоқтата тұру кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы мүшелерінің құқықтарын қозғамайды.

      7. Осы Қосымша келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      8. Осы Қосымша келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2022 жылғы ......., ........... әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл теңтүпнұсқалы болып табылады.


      Осы Қосымша келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Қасиетті Тақ үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады