Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі талдамалық баяндаманы және оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 6 қыркүйектегі № 654 қаулысы

      Квазимемлекеттік секторды реформалау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі талдамалық баяндама;

      2) Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі талдамалық баяндаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) бекітілсін.

      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), квазимемлекеттік сектор субъектілері (келісу бойынша):

      1) Іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;

      2) Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы Іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімдерде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ақпарат беріп тұрсын.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жылдың қорытындысы бойынша 25 қаңтардан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы жиынтық ақпарат беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 654 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі талдамалық баяндама

      Мазмұны

      1-бөлім. Кіріспе

      2-бөлім. Квазимемлекеттік сектордың кемшіліктерін талдау

      2.1. Мемлекет меншігіндегі ұйымдарды басқару саясатындағы институционалдық базаны жетілдіру

      2.2. Мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейін қысқарту

      2.3. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде корпоративтік басқаруды жетілдіру

      3-бөлім. Квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі ұсыныстар

      3.1. Квазимемлекеттік секторға қатысты мемлекет меншігі саясатын және квазимемлекеттік сектор арқылы мемлекеттің экономикаға қатысуын бекіту

      3.2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін жүйелеу және жіктеу

      3.3. Квазимемлекеттік сектордағы корпоративтік басқаруды жақсарту

      1-бөлім. Кіріспе

      Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында квазимемлекеттік секторды (бұдан әрі – КМС) реформалау қажеттігін атап өтті. Бұл реформа Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарынан (бұдан әрі – ҰДЖ 2025) туындайды.

      Мынадай нәтижелер мен өзгерістерге қол жеткізу міндеті қойылды:

      1) мемлекеттің экономикаға тікелей қатысу үлесін қысқарту (5-жалпыұлттық басымдықтың 5-міндеті);

      2) ықшам және тиімді КМС (5-жалпыұлттық басымдық бойынша қағидаттық өзгерістер);

      3) бәсекелес ортаны түбегейлі жақсарту (8-жалпыұлттық басымдықтың 1-міндеті).

      Бұрын қабылданған жекелеген шараларға қарамастан экономикадағы КМС үлесі түбегейлі қысқармайды.

      Бірінші кезекте КМС-ды республикалық деңгейде басқаруды реформалауды жүзеге асырып, кейін осы қағидаттар мен тәсілдерді жергілікті деңгейге ауыстыру аса маңызды.

      2-бөлім. Квазимемлекеттік сектордың кемшіліктерін талдау

      Тұтастай алғанда, жоғарыда баяндалған жағдай институционалдық базаны, корпоративтік басқаруды және жалпы КМС мемлекеттік басқаруда бірыңғай даму векторының болмауын қоса алғанда, проблемалардың ауқымды спектрімен түсіндіріледі.

      2.1. Мемлекет меншігіндегі ұйымдарды басқару саясатындағы институционалдық базаны жетілдіру

      Қазақстанда (а) қандай да бір кәсіпорындардың мемлекет меншігінде болу қажеттігін негіздейтін (меншікті негіздеу деп аталатын) және (б) мемлекеттің осы кәсіпорындарды меншік иесі ретінде қалай басқаруы тиіс екенін сипаттайтын (меншік саясаты деп аталатын) мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды мемлекеттік деңгейде басқарудың бірыңғай саясаты (тұжырымдама, бағдарлама, заңнамалық құжат және т.б. түрінде) жоқ.

      Елдің стратегиялық құжаттары – ҰДЖ 2025 пен Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында (Мемлекеттік басқару тұжырымдамасы) КМС ел экономикасындағы үлесінің жоғары болуы, КМС-ның қаржылық нәтижелерінің төмен болуы, әлсіз корпоративтік басқару, меншік саясатына қатысты ашықтық пен айқындықтың болмауы сияқты проблемалар айтылған. Нормативтік және институционалдық базада мыналар көзделуі қажет:

      1) КМС субъектілерінің нақты салаларда жұмыс істеуі, типтері мен мақсаттарын нақты негіздеу;

      2) мемлекеттің КМС меншік иесі функциясын іске асыру жолдары;

      3) КМС субъектілерінің ұйымдық-құқықтық нысанын таңдау кезінде қызметінің негізгі мақсаты (мандаты), орындалатын міндеттері мен негізгі қаржыландыру көзі (бюджеттік немесе бюджеттен тыс) ескерілетін, басшылыққа алынуы қажет нормалар мен қағидаттар;

      4) КМС субъектілерінде осы субьектінің мақсаты мен міндеттерін ескере отырып, корпоративтік басқарудың жеткілікті сипаттамасы;

      5) мемлекет шығуға тиіс секторлар мен салалар және басқа да маңызды мәселелер.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң) және Кәсіпкерлік кодексінің қолданыстағы ережелері ортақ болып табылады және мысалы, КМС субъектілерінің экономиканың кемінде 200 саласында (қызмет түрлері) немесе егер мемлекетке жұмыс істеп тұрған КМС субъектілерінің 50 %-дан астамы тиесілі болса, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

      Алайда құқық нормаларында және мемлекеттік жоспарлау құжаттарында көрініс таба отырып КМС мемлекеттік басқаруды дамытуда нақ сол мемлекеттік активтерді басқару және олардың құнын, бенефициарлар – мемлекет пен қоғам үшін тиімділігі мен қайтарымдылығын арттыру тұрғысынан ортақ векторы болуға тиіс.

      Заңнамада КМС субъектілерінің коммерциялық және коммерциялық емес қызмет түрлері регламенттеліп ажыратылмайды, бұл оларға коммерциялық емес жолмен алынған ресурстарды жеке қатысушылар тарапынан бәсекелестік жағдайында коммерциялық қызметті субсидиялау үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

      Жоғарыда баяндалғанның нәтижесінде КМС барлық спектрі және қолжетімді ұйымдық-құқықтық нысандары тұрғысынан оны құру кезінде де, сол сияқты қызмет барысында да әрбір нақты КМС субъектісінің алдында тұрған қажетті рөлі, функциясы, басты мақсаты мен міндеттері туралы толық түсінік жоқ.

      Бұл, әсіресе практикада, КМС субъектілері экономиканың дәл сол саласында қызметтің негізгі мақсаты ретінде кіріс алуды көздемей, коммерциялық заңды тұлғалар (АҚ) нысанында құрылған кезде байқалады. Мысалы, бұларға "QazIndustry" қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ (бұдан әрі – QazIndustry), "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ (бұдан әрі – QazTrade), "KAZAKH INVEST" ұлттық компаниясы" АҚ (бұдан әрі – KAZAKH INVEST), "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ (бұдан әрі – ӨДҚ), "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ (бұдан әрі – ҰАТ) және т.б. жатады.

      2.2. Мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейін қысқарту

      Экономика салаларына мемлекеттік қатысу басым күйде қалып отыр (2020 жылы тауарлар өндірісінде 46 %-ға дейін және көрсетілетін қызметтер саласында 54 %-ға дейін). Мәселен, мемлекеттің өнеркәсіптегі үлесі айтарлықтай төмендегеніне қарамастан оның қатысуы әлі де болса жоғары және 45,4 % деңгейінде белгіленген. Көлік саласында мемлекеттің үлесі 27,8 %-ды, саудада 7,5 %-ды, денсаулық сақтау және әлеуметтік көрсетілетін қызметтерде 6,9 %-ды, ақпарат пен байланыста 5,6 %-ды құрады.

      2020 жылы КМС субъектілерінің таза кіріс көлемі 738,6 млрд теңгені, борыштық міндеттемелер көлемі 17 267,1 млрд теңгені (40 млрд АҚШ) құрады.

      2020 жылы КМС субъектілерін республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 833,7 млрд теңгені құрады.

      Негізгі холдинг құрылымдарынан тыс республикалық меншіктегі КМС субъектілері 2020 жылы жиынтығы 164 млрд теңге болатын таза шығынға, ал коммуналдық меншіктегілер 36 млрд теңге шығынға ұшырады.

      Ресми коммерциялық ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан мұндай ұйымдардың көпшілігінің шығындылығы айқын, өйткені мемлекеттік меншіктегі КМС субъектілерінің едәуір бөлігін (95 %) іс жүзінде өз функциялары бойынша кіріс алу үшін емес, әлеуметтік салаға (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бос уақытты ұйымдастыру), ғылымға не қоғамдық қызмет көрсету (public service delivery) деп аталатынға немесе мемлекеттік органдарға ғана қызмет көрсетуге, оның ішінде мемлекет функциялары аясында қызмет көрсетуге бағдарланған ұйымдар құрайды, яғни олар мәні жағынан коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

      Өз кезегінде, шын мәнінде коммерциялық КМС субъектілерінің шығынды болуы олардың қызметі мен басқарудың тиімсіз болуына байланысты.

      Мәселен, Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген кәсіпорындарды ескерсек, елде шамамен 6,3 мың КМС ұйымы жұмыс істейді.

      Заңдар (Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабы және Мемлекеттік мүлік туралы заң) деңгейінде айқындалған мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу жағдайлары мен салалары тізбесіне қарамастан, іс жүзінде мұндай қатысудың неғұрлым егжей-тегжейлі өлшемшарттар жүйесі әлі де жоқ.

      Бұдан басқа, Қазақстан заңнамасында қызметтің негізгі мақсаты (мандаты), орындалатын міндеттер мен негізгі қаржыландыру көзі (бюджеттік немесе бюджеттен тыс) ескерілетін КМС субъектісінің тиісті ұйымдық-құқықтық нысанын таңдауда басшылыққа алынуы қажет нормалар мен қағидаттар көзделмеген.

      КМС субъектілері жекеше секторға қолжетімсіз артықшылықтарды пайдалана отырып, көбінесе жеке бизнеспен бәсекелеседі, мысалы КМС субъектілеріне жеке кәсіпорындарға қарағанда ресурстарға, нарықтарға, кредиттерге, лицензияларға/рұқсаттарға, қызмет түрлеріне қол жеткізудің неғұрлым қолайлы шарттары ұсынылады.

      Мемлекет ұлттық экономикаға өзінің жоғары қатысу деңгейін арттыра отырып немесе оны сақтау арқылы Yellow Pages қағидаларының толық сақталуына мүмкіндік бермейді. Әдетте, тиімділігі немесе өнімділігі жоғары емес жеке кәсіпорындармен бәсекелесетін КМС субъектілері нарықта қалады және өседі, бұл жалпы өнімділіктің одан әрі төмендеуіне, инновацияларды тежеуге және түпкілікті нәтижесінде ұзақ мерзімді перспективада экономика өсуінің баяулауына әкеледі.

      ЭЫДҰ елдеріндегі жағдаймен салыстырғанда (орташа көрсеткіш 13) Қазақстанда мемлекет экономиканың 30 секторынан ең кемі 20-сына қатысады. Бұл ретте КМС субъектілері өз қызметін жеке бәсекелестікті дамыту орынды болатын секторларда жүзеге асырады: мысалы өңдеу өнеркәсібі, қаржы нарықтары, көлік, жер қойнауын пайдаланудың жекелеген түрлері және т.б.

      Мемлекетте айқын меншік саясатының болмауы кейде жекеше сектормен және әртүрлі заңды нысандарда бәсекелесетін мандаттары бар КМС субъектілерінің тым артық көп құрылуына алып келді.

      Мемлекеттің қатысуы күрделі шығасылары көп бірқатар желілік секторларда қажет болуы мүмкін екендігіне қарамастан КМС мемлекет араласуының негіз анағұрлым аз тауар нарықтарына қатысады. Мысалы КМС бөлшек электрондық байланыс қызметтері, өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй/қонақ үйлер және қаржы қызметтері сияқты секторларда белсенді жұмыс істейді. Екіншіден, КМС субъектілері нормативтік-құқықтық базадағы және оны қолданудағы олқылықтарға байланысты жекеше сектормен тең емес (бейтарап емес) жағдайларда бәсекелеседі.

      Қазақстандағы бәсекелі бейтараптық олқылықтарын алдын ала бағалау жекеше және мемлекеттік қатысушылар үшін жағдайларды теңестіру мақсатында саяси реформалар орынды болатын бірқатар салаларды көрсетіп берді. Осы алдын ала зерттеу барысында анықталған негізгі реттеуші проблемалардың ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады:

      мемлекет КМС субъектілері үшін бюджеттік қолдауды және басқа да қаржылық артықшылықтарды, мысалы мемлекеттік кепілдіктер мен субсидияланған кредиттерді қамтамасыз етеді, осылайша оларға жеке ұйымдар алдында артықшылық береді;

      КМС субъектілеріне қатысты пайданың коммерциялық нормасына міндетті түрде қол жеткізу туралы талап көзделмеген, бұл тиімсіз кәсіпорындарды қолдау тәуекелін арттырады.

      Осыған байланысты мемлекеттің жекеше сектордың қатысуына қатысты субсидиарлық қағидаты (subsidiarity principle) бойынша экономикаға қатысуын қамтамасыз ету маңызды, яғни мемлекет жекеше сектордың өзі ұсына алмайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ғана ұсынуы қажет. Сондай-ақ бірыңғай "ойын қағидаларын" қолдану маңызды (барлық кәсіпорындарға олардың меншік нысанына және шығу тегіне қарамастан бірыңғай қағидалар жиынтығы қолданылады), бұл ресурстардың тиімділігі төмен өндірушілерден тиімді өндірушілерге ауысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Жекеше субъектілерге қазіргі уақытта КМС үшін бөлінген секторларда бәсекелесуге мүмкіндік бере отырып, Қазақстан экономикасының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Соның көмегімен жекеше секторға қолдау көрсетуге және бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін арттыруға болады.

      2.3. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде корпоративтік басқаруды жетілдіру

      Бүгінгі күні КМС ұйымдары өз қызметтерін жеке корпоративтік (АҚ және ЖШС) және мемлекеттік кәсіпорындар (республикалық және коммуналдық) түріндегі әртүрлі ұйымдық-құқықтық нысандарда жүзеге асыруда.

      Бұл нысандар анықтамасы бойынша коммерциялық болып табылады, яғни олар, ең алдымен, кіріс алу және экономикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді.

      Бұл қолданыстағы басқару жүйесі оларды құрудың және қаржыландыру көзінің ішкі мазмұнының мақсатына сәйкес КМС субъектілерін экономикалық және экономикалық емес санаттарға бөлмейді, азаматтық заңнамаға сәйкес заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысандарының аражігін ажыратудың формальды белгілері бойынша коммерциялық және коммерциялық емес деп қана бөлетінін білдіреді.

      Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар (бұдан әрі – ШЖҚ МК) және жедел басқару құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар немесе қазыналық кәсіпорындар (бұдан әрі – ЖБҚ МК) коммерциялық болуы мүмкін, бұл ретте жедел басқару құқығындағы мемлекеттік мекемелер (мемлекеттік емес органдар) коммерциялық емес болып табылады. Мысалы, "Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталь" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында) және "Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы" қазыналық кәсіпорны коммерциялық болып табылады, ал "Маңғыстау облысы полиция департаментінің емханасы" мемлекеттік мекемесі коммерциялық емес болып табылады.

      Аталған факт ұқсас әлеуметтік міндеттерді орындайтын бір ұйымның коммерциялық табиғатын және басқа ұйымның коммерциялық емес табиғатын айқындау қағидатының жоқ екенін көрсетеді. Келтірілген мысалдардан бірде-бір ұйым мемлекеттік бюджетті толықтыру мақсатында қаржылық дербестікке және кіріс алуға үміткер бола алмайтыны анық. Олардың барлығы мемлекеттік міндеттерді (функцияларды, конституциялық міндеттерді) орындаумен байланысты салаларда қызметін іске асырады. Кез келген коммерциялық қызмет өзін-өзі қамтамасыз етуге ғана және жарғылық мақсаттарға бағытталуы мүмкін.

      Жергілікті және орталық маңызы бар мемлекеттік органдар үшін қосалқы функцияларды атқаратын АҚ мен ЖШС корпоративтік нысандарындағы ведомстволық бағынысты ұйымдарға қатысты осындай жағдай қалыптасты. Мысалы, KAZAKH INVEST және QazTrade өз нысанасына қарай кіріс әкеле алмайды, себебі олар тиісінше Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің жұмысында қосалқы буын қызметін атқарады. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ведомстволық бағынысты QazIndustry және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне ведомстволық бағынысты "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ аталған мемлекеттік органдардың функцияларын іске асыру үшін құрылып, қызметін жүзеге асырады. Осындай жағдай ҰАТ пен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне де қатысты. Сондықтан бұл ұйымдарды ұлттық басқарушы холдингтер (бұдан әрі – ҰБХ) немесе ұлттық холдингтер (бұдан әрі – ҰХ) құрылымындағы АҚ және ЖШС нысанындағы КМС-нің басқа субъектілерімен, әрине кіріс алу мақсатында қаржылық толық дербестікпен құрылатын және жұмыс істейтін жекеше сектордың АҚ-мен және ЖШС-мен де бір қатарға қоюға болмайды.

      Бұл қосалқы ұйымдардың кейбіреуінің өкілеттіктері ұқсас, бірақ әртүрлі министрліктерге бағынады. Мысалы, ӨДҚ (Бәйтерек), QazIndustry (Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі), QazTrade (Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі) ең алдымен Қазақстан Республикасында өндірілген өңдеу өнеркәсібі тауарларын ілгерілетеді.

      Аталған корпоративтік нысандардағы ұйымдар экономикалық қызметті жүзеге асырмайды және негізінен мемлекет қаражаты есебінен қаржыландырылады – осындай КМС субъектілері кірістерінің 90 %-ға дейінгісі мемлекеттен тікелей немесе мемлекеттік сатып алу арқылы түседі.

      Нәтижесінде барлық КМС субъектілеріне заңдарда айқындалған формальды коммерциялық негіздер бойынша ғана бірдей тәсіл қолданылады. Бұл, өз кезегінде, қызметтің іс жүзіндегі басқа мақсаттары мен міндеттеріне қарамастан, ең алдымен, кіріс алуға және дивидендтер төлеуге бағдарланған КМС субъектілерінің нәтижелері мен тиімділігін бағалауда көрінеді.

      Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларында қосалқы рөл атқаратын ұйымдарды корпорациялаудың әсер керісінше болды. Біріншіден, корпоративтік емес нысандарда көрсетілген міндеттерді орындаумен айналысатын КМС ұйымдарындағы жалақы төлемдерінен бюджет ақшасын үнемдеуге ұмтыла отырып, осы ұйымдарды ЖШС немесе АҚ нысандарына ауыстыру үнемдеуді емес, кадрларды жалдау проблемасын шешті, себебі корпоративтік нысандар қосымша басқару буындарын және штат бірліктерін құруды, осы ұйымдардың мемлекеттік бюджеттен түсетін түсімдерге толық тәуелділігі жағдайында (тікелей немесе мемлекеттік сатып алуға қатысу арқылы) олар үшін тиісті сыйақы төлеуді талап етті.

      Екіншіден, осы ұйымдарды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру қажеттігі мен қаржыландыру тәсілдері қосымша бюджет рәсімдеріне, қаржыландыруды алу мақсатында (тіпті сатып алу бір көзден жүргізілсе де) мемлекеттік сатып алуға қатысу қажеттігіне, тікелей бюджеттен алынған пайданың өзінен бюджетке салық төлеуге және түпкілікті нәтижесінде нақты экономикалық белсенділікке іс жүзінде қатысы жоқ сыртқы белгілер бойынша ғана экономикалық белсенділік пен нарық көлеміне алып келді. Мұның бәрі жалпы ел бойынша да, сол сияқты жекелеген тауар нарықтарында да, аумақтарда немесе салаларда да экономикалық статистикалық деректердің шынайылығына әсер етеді.

      Дұрыс корпоративтік басқару ұйымның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      Корпоративтік басқарудың классикалық моделі негізгі үш басқару органын: акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысын не жалғыз акционерді (қатысушыны), директорлар кеңесін және атқарушы органды (алқалы немесе жеке дара) білдіреді. Әр органның аражігі нақты ажыратылған функциялары мен өкілеттіктері бар. Корпоративтік басқару басқару органдарының иерархиясын көздесе де, олардың әрқайсысы іс жүзінде ұйымды басқаруға өз өкілеттіктері шегінде қатысады.

      Мәселен, "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" Заң (бұдан әрі – ҰӘҚ туралы заң) "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – СҚ қоры) ерекше реттеу мен оның мәртебесін белгілейді. СҚ қорында жеке консультативтік-кеңесші орган – СҚ қорын басқару жөніндегі кеңес көзделген.

      Сонымен қатар, СҚ қорының компанияларында атқарушы органдардың жедел өкілеттіктерін СҚ қоры компанияларының директорлар кеңестері деңгейіне қайта бөлу практикасы орын алған. Бұл директорлар кеңестерінің компаниялардың ағымдағы қызметінің мәселелеріне шамадан тыс араласуын көрсетеді, және сол арқылы АҚ атқарушы органының фидуциарлық жауапкершілігін төмендетеді.

      Мәселен, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Жарғысында осы АҚ және/немесе оның еншілес және тәуелді ұйымдарының негізгі лауазымдарының тізбесін бекіту бойынша директорлар кеңесінің өкілеттіктері қарастырылған соған сәйкес олардың, біліктілік талаптарын белгілеуді, тағайындауға келісім беруді, олардың қызметін ҚМГ директорлар кеңесінің бағалауын жүргізеді.

      Жарғыда "негізгі лауазымдар" сөзінің мағынасы болмаған кезде директорлар кеңесі компаниядағы (және/немесе оның еншілес және тәуелді ұйымдарындағы) кез келген лауазымды "негізгі лауазым" ретінде тануға және оны тағайындауға кандидаттарды келісуге құқылы.

      Жоғарыда көрсетілген корпоративтік нысандардағы (АҚ және ЖШС) КМС субъектілері меншік иесі моделінің тиесілілігіне қарамастан, қажет болған кезде жалпы басшылықты жүзеге асыратын: директорлар кеңестері, байқау кеңестері, басқармалар және басқа алқалы корпоративтік басқару органдарының өкілеттіктері мен функцияларын есепке алмағанда, іс жүзінде "қол режимінде" басқарылады. Бұл ретте қажетті талаптарды қанағаттандыратын кандидаттарды іріктеу және оларды тағайындау тетігі жоқ.

      Осының салдарынан директорлар кеңестері мен атқарушы органдар КМС субъектілерін белгілі бір дәрежеде тек номиналды түрде басқарады.

      Басқа жағдайларда холдингтердің тікелей портфельдік өндірістік компанияларында басқарма, директорлар кеңесі түрінде алқалық басқару органдары артығымен құрылады, бұл олардың номиналды түрде болуына алып келеді.

      3-бөлім. Квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша ұсыныстар

      Жоғарыда аталған проблемаларды шешу және қолайлы халықаралық оң тәжірибені енгізу үшін КМС мынадай негізгі бағыттарда реформалау ұсынылады:

      біріншіден, КМС-ға қатысты мемлекет меншігінің, меншік иесі және жауапты институттар ретіндегі ағымдағы функцияларын қайта қарай келе, нақты даму векторы бар КМС арқылы мемлекеттің экономикаға қатысуына байланысты түсінік пен негіздемесін (саясатын) бекіту;

      екіншіден, КМС-дағы мемлекеттік меншіктің әзірленген негіздемесі және функциялары, мақсаттары, саны бойынша КМС бүкіл спектрін одан әрі жекешелендіру, жою және оңтайландыру пайымын ашатын енгізілген институционалдық саясат негізінде КМС, сондай-ақ мемлекет меншігінде толық немесе ішінара болуын жалғастыратын КМС субъектілерін жүйелеу және жіктеу;

      үшіншіден, КМС субъектілерімен корпоративтік басқаруды жақсарту.

      Аталған бағыттардағы жұмыс мынадай жолмен іске асырылатын болады.

      3.1. Квазимемлекеттік секторға қатысты мемлекет меншігі саясатын және квазимемлекеттік сектор арқылы мемлекеттің экономикаға қатысуын бекіту

      Жоғарыда айтылғандай, Қазақстандағы КМС басқаруда меншік негіздемесін және меншік саясатын қамтитын мемлекет меншігіндегі кәсіпорындарды бірыңғай басқару саясатының болмауы басты мәселе.

      Мемлекеттік меншікті басқару саясатын және нақты даму векторы бар КМС енгізу осы проблеманың шешімі болуға тиіс.

      Бұл жағдайда саясат, ең алдымен, ең алдымен Мемлекеттік мүлік туралы заңға, Кәсіпкерлік Кодекске, басқа да заңнамалық актілер мен нормативтік және институционалдық құжаттарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы енгізілген, шешімдер қабылдау және ұтымды нәтижелерге қол жеткізу үшін басқарушылық нұсқаулардың, қағидаттардың, қағидалардың, өлшемшарттар мен алгоритмдердің ойластырылған жүйесін білдіреді.

      Кәсіпкерлік кодексін 192-бабына мемлекеттік меншікті негіздеуге қатысты өзгерістер енгізу және экономикалық қызмет субъектісі ретінде осындай мемлекеттің қатысуын негіздейтін өлшемшарттарды нақтылау бойынша жұмыс жүргізу қажет.

      Тұтастай алғанда, заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерде қайта қаралған мемлекеттің нарықтағы экономикалық (кәсіпкерлік) қатысу шарттары, КМС өлшемшарттары, санатталуы (сыныпталуы), холдинг құрылымдарын құру, тиісті ұйымдық-құқықтық нысанды таңдау жағдайлары, олардың КМС басқару моделі, жекешелендіру немесе жою арқылы мемлекеттік меншіктен шығу тәртібі, КМС-ның мемлекет меншігінде болуын қайта қарау және негіздеу, сондай-ақ құру және қызметінің негізін қалаушы міндеттер мен мақсаттарына сүйене отырып, КМС есептілік жүйесі мен тиімділігін бағалау өлшемшарттары қарастырылуға тиіс.

      Мемлекеттік меншікті, оның ішінде КМС-ты басқару жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүйелі сипаты осы мемлекеттік басқару бөлімін ретке келтіруге және КМС ретінде құру, қайта ұйымдастыру, оңтайландыру, сенімгерлік басқаруға беру және жекешелендіру жөнінде ерікті шешімдер қабылдауды болдырмауға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл дамып келе жатқан нарық жағдайында мемлекеттік монополияны жекешеге алмастыруға жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздікке ықпал ететін және/немесе нарық субъектілерінің маңызды қуатқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ететін сындарлы инфрақұрылымнан айырылып қалуына жол бермеудегі маңызы зор.

      Бұдан басқа, нормативтік құқықтық актінің иерархиясына байланысты әртүрлі дәрежедегі толыққанды саралаудағы барлық өзгерістер жиынтығында мыналарды құрайды:

      1) нақты экономика секторларын, нақты ұйымдық-құқықтық нысанға байланыстыра отырып, мерзімді қайта қарау нәтижесінде активтердің белгілі бір уақыт аралығында мемлекеттік сектор мен КМС меншігінде болуын негіздейтін шектерді, өлшемшарттары мен жағдайларды, жекешелендіру немесе тарату, сенімгерлік басқаруға беру нәтижесінде олардың шығуын;

      2) мемлекеттік сектор мен КМС меншігінде болуын негіздеу шеңберінде, оның ішінде мерзімді қайта қарау нәтижесінде белгілі бір уақыт аралығында мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың нысандары және олардың алдында тұрған негізгі мақсаттары мен міндеттері бойынша құрамы мен санаттары (сыныптамасы);

      3) ұйымдардың мемлекеттік сектор мен КМС меншігінде болу мақсаттарын айқындау, олардың белгілі бір уақыт аралығындағы қызметінің индикаторлары (болжамдар): қаржылық және қаржылық емес көрсеткіштер, тиімділік өлшемшарттары;

      4) корпоративтік басқару моделі: санатына, құрудың негізгі мақсатына және олардың болуын негіздейтін КМС алдына қойылған міндеттерге байланысты.

      3.2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін жүйелеу және жіктеу

      КМС басқару жөніндегі саясатты енгізу шеңберінде экономикалық қызметті жүзеге асыратын КМС орнықты жіктемесін әзірлеу және оларды жергілікті деңгейде де, орталық деңгейде де КМС барлық спектрін басқару моделін қалыптастыру кезінде пайдалануды жүйелеу ұсынылады.

      Бұл КМС субъектілерінің қызметін реттеуге, оларды құру кезінде тұжырымдалған басты мақсаттар мен міндеттерге бағыттауға мүмкіндік береді, басқарушылық және бюджеттік шығындарын азайтады, қажет болған жағдайларда және салаларда жеке бизнес үшін кеңістік пен нарықты босатады.

      КМС жіктемесін имплементациялау мақсатында қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған мемлекеттік және мемлекет қатысатын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың барлық спектріне тексеру жүргізу, олардың қызметінің ауқымы мен спектрін тарылта отырып, оларды оңтайландыруды жүзеге асыру және тиісті нарық пен қызметке жеке бизнесті жібере отырып, біріктіру, жекешелендіру және тарату жолымен олардың санын қысқарту ұсынылады. Бұл ҰДЖ 2025 белгіленгендей, КМС ықшамдылығының белгілі бір деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

      Экономикалық қызметті жүзеге асыратын КМС субъектілерін жіктеуді экономикалық қызметті жүзеге асырмайтын және мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік заңды тұлғалардан қол үзіп жүргізу мүмкін емес. Мемлекеттің экономикалық қызметке қатысуының барлық спектрін қамту қажет.

      КМС қызметінің қолданыстағы құрылымға қатысты жаңа институционалдық құрылымын ЭЫДҰ елдері тәжірибесінің үлгісі бойынша: бейэкономикалық және экономикалық деген екі негізгі топқа жіктеу ұсынылады.

      Мұндай ажыратудың өлшемшартын екі негізгі факторға сүйене отырып бекіту ұсынылады, олар болған жағдайда ұйым экономикалық немесе экономикалық емес топқа жатқызылуы тиіс:

      1) қаржыландырудың негізгі көзі, бюджеттік немесе бюджеттен тыс (тәсілге қарамастан – тікелей мемлекеттік тапсырма арқылы, бюджеттік кредиттерді бөлу); және

      2) қызметтің негізгі мақсаты (мандат) мен оның шеңберінде қойылған міндеттердің сипаты.

      Бұл ретте осы мақсаттар мен міндеттердің негізінде экономикалық, сол сияқты бейэкономикалық ұйымдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемшарттары жасалуы тиіс.

      Бейэкономикалық ұйымдарға жұмыс істеу тәсіліне қарамастан, бюджеттен қаржыландыруға толығымен тәуелді және қызметі іс жүзінде кіріс алуға бағытталмаған ұйымдарды жатқызу ұсынылады.

      Қазіргі уақытта бейэкономикалық ұйымдарға әртүрлі тәсілдермен (мемлекеттік тапсырма, бюджеттік кредит бөлу, жарғылық капиталды ұлғайту арқылы және т. б.) түсетін бюджеттік қаржыландыру іс жүзінде осы ұйымдардағы істің нақты жағдайын және функционалын бұрмалайды.

      Осылайша, бейэкономикалық топқа мемлекеттік заңды тұлға нысанындағы ұйымдарды жатқызу ұсынылады. Бұл ретте нысанды іріктеуде оңтайландыру және қателіктерді болдырмау мақсатында бір ғана "мемлекеттік кәсіпорын" ұйымдық-құқықтық нысанын пайдалану ұсынылады. Алайда оның анағұрлым кеңейтілген, шаруашылық дербестігі жоғары жедел басқару құқығында пайдалану қажеттілігі ескеріледі.

      Бейкономикалық мемлекеттік ұйымдар өздерінің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттердің сипатына байланысты КМС субъектілеріне жатпауы тиіс, өйткені олар кіріс алу мақсатында жұмыс істемейді. Алайда, мұндай ұйымдар кеңейтілген шаруашылық дербестікке ие бола отырып, кейбір жағдайларда монополияға қарсы органның рұқсатымен және мемлекеттік меншікті басқару саясаты мен Yellow Pages қағидаттары шеңберінде міндеттерді орындаудан және оларды құру мен қызметінің негізгі мақсатынан ауытқымай, қатаң шектелген көлемде және жағдайларда коммерциялық (ақылы) негізде қызметтер көрсету мүмкіндігіне ие болуға тиіс.

      Бұл шектеулерді осы ұйым құрылған және қызметті мониторингтеу мен бағалау жүйесі бағытталған қызметтің басым мақсаттары мен міндеттеріне назар аударуды сақтау және қолдау мақсатында белгіленуі маңызды.

      Қызметтің негізгі мақсатының сипаты бойынша бейэкономикалық мемлекеттік ұйымдарды өз кезегінде үш санатқа бөлу ұсынылады:

      1) халыққа денсаулық сақтау, білім беру, өнер, бос уақытты ұйымдастыру және спорт саласында мемлекет атынан қызмет көрсететін әлеуметтік санаттар (мысалы, балабақшалар мен бөбекжайлар, мектептер мен колледждер, ауруханалар мен емханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар, музыкалық мектептер мен мұражайлар, театрлар мен филармониялар, стадиондар мен спорт клубтары);

      2) тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында мемлекеттік органдарға қызмет көрсететін немесе билік институттарының функционалдық қызметін қамтамасыз ететін қосалқы санаттар. Аталған белгілерге сәйкес мұндай ұйымдарға, мысалы KAZAKH INVEST, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" АҚ, "СК-Фармация" ЖШС, "Ұлттық тестілеу орталығы" РКМС, "Ұлттық геологиялық қызмет" АҚ, QazIndustry, QazTrade, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ жатады;

      1) іргелі ғылыми салаларда, дәстүрлі түрде қаржыландырылмайтын жеке секторларда ізденістерді жүзеге асыратын, бірақ бұл ретте өзіне тікелей әлеуметтік немесе қосалқы міндеттер жүктемейтін ғылыми-зерттеу санаттары жатады. Мысалы "Жану проблемалары институты", "Математика және математикалық модельдеу институты", "Ядролық физика институты" ШЖҚ МК, "Сейсмология институты" ЖШС, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы және т. б.

      Тиісінше, бейэкономикалық ұйымдардың алдында кірістілік бөлігінде талаптар қойылмауға тиіс, ал олардың тиімділік көрсеткіштері әлеуметтік және қосалқы қызметтерді сапалы көрсету, стратегиялық (түйінді) индикаторларға қол жеткізуге байланысты болуы тиіс. Бұл ұйымдарды қамтамасыз ету негізінен бюджеттен, сметалық қағидаттан және мемлекеттік тапсырысты орналастыру жолымен жүзеге асырылуы тиіс.

      Мұндай нысан, шаруашылық дербестік пен бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландырудың транспарантты қағидалары да осындай ұйымдарды корпоративтік басқару бөлігінде мемлекеттік аппаратқа жүктемені азайтуға және қажетті кадрлардың кетуін болдырмау үшін оларды басқару және еңбекақы төлеу, негізгі сарапшы кадрларды жалдау мәселелерінде икемділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Қосалқы кәсіпорындарда еңбекақы мәселесі шешуші мәселе болып табылады, себебі дәл осы мәселенің сақталмауы бұрын өзінің мәні тұрғысынан коммерциялық емес мемлекеттік ұйымдарды негізсіз жаппай корпорациялауды (заңды тұлғалардың корпоративтік нысандарына қайта құруды) тудырған болатын. Сонымен қатар, экономикалық емес ұйымдарды осылай корпорациялау артық корпоративтік басқару органдарының және еңбекақы қоры, директорлар кеңесін, корпоративтік хатшыларды, ішкі комитеттерді және т. б. ұстау бойынша қосымша шығындарды көздейтін буындардың пайда болуына, мемлекеттік органдар жұмыскерлерінің уақыты мен назарын аударуға әкеп соқтырды. Ал осы ұйымдардағы корпоративтік басқару жеке корпоративтік секторда байқалатын стандарттар мен практикаларға сәйкес келмейді.

      Қазіргі уақытта қызметін АҚ немесе ЖШС нысанында жүзеге асыратын экономикалық емес ұйымдарды қосалқы үлгідегі мемлекеттік кәсіпорындарға ауыстыру кезінде әртүрлі министрліктер жетекшілік ететін аралас салалардағы осындай қосалқы кәсіпорындардың ведомствоаралық және бюджетаралық бағыныстылығын көздеу ұсынылады. Бұл экономиканың дәл сол бір салаларында міндеттерді орындайтын қайталанатын ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың қызметін және құрылуын болдырмауға мүмкіндік береді (жоғарыда отандық өңдеу өнеркәсібі өнімдерін ілгерілету бойынша қайталанатын міндеттері бар КДҚ, QazIndustry және QazTrade мысалға келтірілген). Тиісінше, қазақстандық өңдеу өнеркәсібін қолдау және ілгерілету (ел ішінде де, шетелде де) жөніндегі жаңа өнеркәсіптік саясатты іске асыру мәселесінде бір қосалқы мемлекеттік кәсіпорын құруды көздеген орынды.

      Экономика салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жүйесінде қосалқы буын ретінде бейэкономикалық ұйымдарды сақтау орталық және жергілікті атқарушы органдарда институционалдық жадыны сақтаудың негізгі факторы болып табылады. Мұндай практика, Ұлыбританияда, Норвегияда, Аустралияда және басқа елдерде бар.

      Экономикалық қызмет ұйымдарына өз қызметінен кіріс алу мақсатында ғана АҚ мен ЖШС корпоративтік нысандарында жұмыс істеуге тиіс КМС субъектілері жатады. Басқаша айтқанда, экономикалық ұйымдар ғана КМС субъектілері бола алады.

      Тиісінше, КМС субъектілері бейэкономикалық мемлекеттік ұйымдардан, ең алдымен, бюджеттен тыс қаражат есебінен жұмыс істеу және қызметін қолдау мүмкіндігімен ерекшеленеді. Бұл қаражат, әдетте, кәсіпкерлік қызметтің нәтижесінде түседі: көрсетілетін қызметтерге төлем, тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау, инвестициялау және т. б.

      Экономикалық ұйымның белгілеріне сай келетін жедел басқару немесе шаруашылық жүргізу құқығында жұмыс істейтін қазіргі коммерциялық мемлекеттік кәсіпорындарды АҚ және ЖШС корпоративтік нысандарына ауыстыру ұсынылады. КМС экономикалық субъектілерін заңды тұлғалардың корпоративтік нысандарында ғана жүзеге асыру ЭЫДҰ елдерінің үрдістеріне және озық практикасына сәйкес келеді.

      КМС болашақ субъектілері атынан экономикалық ұйымдарды екі санатқа бөлу ұсынылады:

      1) инфрақұрылымдық ұйымдар – сындарлы және қоғамдық маңызы бар коммерциялық инфрақұрылым объектілерін пайдалану мен дамытуға арналған экономикалық ұйымдар;

      2) өндірістік-қаржылық ұйымдар – стратегиялық инвестициялық бағыттар мен салалардағы экономикалық ұйымдар.

      КМС инфрақұрылымдық субъектілеріне толық жекешелендіру қамтамасыз етілмейтін жағдайларда (су және жылумен жабдықтау, абаттандыру, қалдықтарды жинау және жою жөніндегі кәсіпорындар, жолаушылар тасымалы және т. б.) коммуналдық кәсіпорындар мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін, сондай-ақ сындарлы инфрақұрылым сегменттері: "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания" АҚ (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) электр берудің магистральдық желілерін, магистральдық темір жолдарды, магистральдық құбырларды, республикалық маңызы бар ақылы автожолдарды, кәбілдік кәріз бен талшықты оптикалық байланыс желілерін және т. б. жатқызу ұсынылады.

      КМС өндірістік-қаржылық субъектілеріне "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ, "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ, "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ тасымалдау сегментін, "Қазақтелеком" АҚ байланыс қызметтерінің сегментін және т. б. ұйымдарды жатқызу ұсынылады.

      КМС инфрақұрылымдық субъектілерінен қоғамдық мүдделер теңгерімі мен белгіленген тарифтерді ескере отырып, кірістілікті күту қажет, ал олардың тиімділік көрсеткіштері стратегиялық индикаторларға қол жеткізу және ең алдымен инфрақұрылымды сапалы дамыту бойынша қойылған міндеттерді іске асыру бағытталуы тиіс.

      КМС өндірістік-қаржылық субъектілерінен, ең алдымен, кірістілік пен дивидендтерді күту қажет. Дивидендтерді төлей отырып, теңгерімді дамудың стратегиялық бағыттарындағы инвестициялық индикаторларға қол жеткізу олардың тиімділігінің көрсеткіштері ретінде жүруі тиіс.

      Реформаны жүргізудің бірінші кезеңінде КМС дәл осы өндірістік-қаржылық субъектілерін шоғырландыруды және орталықтандыруды жүзеге асыру ұсынылады.

      Қосымша шығындарды және шешімдер қабылдауда жеделдіктің аз болуын болжайтын артық корпоративтік органдар мен буындарды құру және олардың жұмыс істеуіне жұмсалатын шығыстарды қысқарту мақсатында КМС субъектілері үшін ЖШС нысанын инфрақұрылымдық ұйымдар үшін, сондай-ақ аралық, портфельдік компаниялар мен арнайы мақсаттағы компаниялар (SPV) құру кезінде барынша кеңінен пайдалану ұсынылады.

      Дегенмен, кейбір жағдайларда ЖШС нысанындағы КМС субъектілерінде өндірістік (операциялық) ЖШС болған және ол жоғарыдан холдингтік корпоративтік құрылымдарсыз басқарылатын кезде қызметке жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдарының (бақылау кеңестерінің) болуы қажет екенін атап өту маңызды.

      Сипатталған тәсілдер КМС субъектілерінде акционерлік қоғамдарға ұқсас, бірақ артық корпоративтік буынсыз және оларды ұстауға арналған шығынсыз тиісті корпоративтік басқаруды құруға мүмкіндік береді.

      АҚ нысанын холдингтер ретінде әрекет ететін КМС субъектілері үшін және осы кәсіпорындар капитал нарықтарында, оның ішінде IPO кезінде үлестік қаржыландыруды тартқан жағдайларда, яғни корпоративтік басқару дауыс беретін инвесторлардың көптігін болжаған кезде пайдалану ұсынылады.

      КМС субъектілерін құрудың және олардың қызметінің барлық жағдайларында компанияларды басқарудың жауапкершілігін шоғырландыру мақсатында, егер капитал тарту жағдайларында немесе нақты жағдайда тиімді корпоративтік басқарудың ең үздік практикаларының талабы бойынша алқалылық талап етілмесе ғана, алқалы атқарушы органды емес, көбіне жеке-дара атқарушы органды белгілеу ұсынылады.

      Экономиканың әртүрлі салаларында бәсекелестікті дамыту КМС субъектілеріне қатысты қандай да бір заңнамалық артықшылықтарды, оның ішінде оператордың немесе ұлттық компанияның (бұдан әрі – ҰК) арнайы мәртебесін беру арқылы болдырмайды.

      Бұл ретте ҰБХ мен ҰХ мәртебелері анағұрлым нақты ажыратуды не оңтайландыруды талап етеді, соның нәтижесінде заңнамада холдинг функцияларын атап көрсететін және одан аспайтын бірыңғай мәртебе көзделетін болады.

      Қазіргі қолданыстағы заңнама кәсіпкерлікті және өнеркәсіптік-инновациялық дамуды қолдау мақсатында қаржылық, консалтингтік және сервистік қызметтер көрсету үшін мемлекеттік АҚ-ға қатысты ұлттық даму институты (бұдан әрі – ҰДИ) мәртебесін беру мүмкіндігін де көздейтінін атап өту маңызды. Бұл ретте заң мұндай мәртебенің қажеттігінің негіздемесін де, осыған байланысты қандай да бір шектеулерді де ашып көрсетпейді. ҰДИ мәртебесі белгілі бір қызмет түріне жасырын жасанды мемлекеттік монополияны білдіруі мүмкін, оны консалтинг, сервис және басқалар сияқты жеке сектор жүзеге асыра алады. Сонымен қатар, ҰДИ ретіндегі қызметі кіріс алуды және дивидендтер бөлуді көздемейді. Демек, ҰДИ қызметі экономикалық қызмет болып табылмайды және экономикалық емес ұйымдар санатына жатады. Мұндай қызмет мемлекеттік органдардың салалық саясатты іске асыруы мақсатында қажет болған жағдайларда жоғарыда айтылғандай, корпоративтік нысанның орнына қосалқы мемлекеттік кәсіпорын нысанын пайдалану ұсынылады.

      Қысқаша ұсынылатын жіктеу келесі кестеде берілді.

Өлшем

Бейэкономикалық ұйымдар
(КМС емес)
 

Экономикалық ұйымдар
(КМС)
 

1

2

3

4

Функциясы

Ведомстволық бағынысты ұйымдар

Инфрақұрылымдық:
сыни коммерциялық инфрақұрылым объектілерін пайдалану және дамыту;
қоғамдық маңызды коммерциялық инфрақұрылым объектілерін пайдалану және дамыту;
табиғи монополиялар

Өндірістік-қаржылық:
кірістілік пен нарықтық құнды арттыру;
ұлттық қауіпсіздік мақсатында мемлекеттің стратегиялық салаларға қатысуы.

әлеуметтік: мектептер, бөбекжай, ауруханалар, өрт сөндіру бөлімдері және т.б.

қосалқы:
МО үшін ақпараттық-талдамалық қолдау;
ұлттық даму институттары

ғылыми-зерттеу:
іргелі салалардағы ғылыми және ғылыми-зерттеу ұйымдары

Қаржыландыру

Негізінен бюджеттік

Жеке, табыс есебінен, реттелетін тарифтер шеңберінде

Жеке, қарапайым кәсіпкерлік қызмет есебінен

Еңбекке ақы төлеу жүйесі

Азаматтық қызметшілер торы бойынша

Нарықтық

Нарықтық

Нарықтық

Нарықтық

Меншік нысаны

Мемлекеттік

Жеке

Жеке

Мемлекеттік иелену деңгейі

100%

100%

30-51-75%

Мүлікті өндіріп алу мүмкіндігі

Жоқ, ақшадан басқасы

Иә

Жекешелендіру мүмкіндігі

Жоқ, жекешелендірудің орнына тарату жүргізіледі

Иә, мемлекет меншігіндегі иеліктен шығарылмайтын сындарлы инфрақұрылымды сақтай отырып, бұғаттаушы қатысу деңгейіне дейін

Иә, бұғаттайтын қатысу деңгейіне дейін

Ұйымдық-құқықтық нысаны

Мемлекеттік кәсіпорын (ағымдағы форматты қайта қарай отырып)

Үлестік қаржыландыруды тарту жағдайларынан басқа, көбінесе ЖШС

АҚ – холдингтер және үлестік қаржыландыруды тартатындар;
ЖШС – SPV және операциялық кәсіпорын ретінде

Мүлікке құқықтар

Кеңейтілген жедел басқару

Иеліктен шығарылмайтын сындарлы инфрақұрылымға меншік құқығы, сенімгерлік басқару

Меншік құқығы

Пайданы бөлу

Жүзеге асырылмайды

Кірістер көбінесе инфрақұрылымды ұстауға және дамытуға бағытталады

Міндетті

Кәсіпкерлік қызметтің мүмкіндігі

Жоқ, жеке негізгі емес коммерциялық көрсетілетін қызметтерден басқа

Иә, ҚР БҚДА бекіткен шектерде және түрлерде

Басқару тәсілі

Даму институттары үшін корпоративтік басқару элементтері бар әкімшілік

Корпоративтік, қоғамдық ерекшелікті ескере отырып

Корпоративтік, ерекшеліктері жоқ

Басқару органдары

Жеке-дара басшы

Жеке-дара басшы, ЖШС-дағы БК және АҚ-дағы ДК

АҚ және ЖШС туралы заңнамаға сәйкес

Стратегиялық KPIs

Белгіленген қаржылық емес көрсеткіштерге қол жеткізу

Инфрақұрылымдық мақсаттарды ескере отырып, белгіленген қаржы-экономикалық және қаржылық емес көрсеткіштерге қол жеткізу

Белгіленген қаржы-экономикалық және қаржылық емес көрсеткіштерге қол жеткізу

Қоғамдық мүдделік ұйымы

Жоқ

Иә

Иә

Есеп жүргізу және қаржылық есептілікті дайындау негізі

ҚСҮҚЕХС,
Мемлекеттік сектордың шоғырландырылған қаржылық есептілігі

ҚЕХС,
Мемлекеттік сектордың шоғырландырылған қаржылық есептілігіне кіреді
КМС біріктірілген есептілігіне кіреді

ҚЕХС,
Мемлекеттік сектордың шоғырландырылған қаржылық есептілігіне кіреді,
КМС біріктірілген есептілігіне кіреді

      Сонымен қатар директорлар кеңесінің мүшелерін, әсіресе ҰБХ, ҰХ, ҰК-ға қатысты ұсыну мен тағайындаудың ашық процесін енгізуді ескере отырып, КМС-ның қалған экономикалық субъектілеріне біртіндеп көшіре отырып, КМС директорлар кеңестері (бұдан әрі – ДК) және байқау кеңестері (бұдан әрі – БК) мүшелерінің тәуелсіздігін нығайту және кәсібилендіру жүргізілуі тиіс.

      3.3. Квазимемлекеттік секторда корпоративтік басқаруды жақсарту

      КМС субъектілерін корпоративтік басқаруды жақсарту мақсатында негізгі іс-шараларды үш бағытта шоғырландыру ұсынылады:

      Біріншіден, мемлекет ақпараттандырылған және белсенді меншік иесі ретінде әрекет етуі тиіс, осылайша КМС басқару ашық есеп берушілік негізде және жоғары кәсібилік пен тиімділік деңгейінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Меншік құқықтарын жүзеге асыру Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі, оның ішінде мемлекеттің КМС қатысты меншік саясаты шеңберінде нақты бекітілуі тиіс.

      Мемлекеттік органдардың КМС өзара қарым-қатынасын орнату қажет. Меншік иесі өз міндеттерін тиімді жүзеге асыру үшін мүмкіндіктер мен құзыреттерге ие болуы тиіс. Мыналар меншік иесінің негізгі функцияларының қатарына кіреді, оның ішінде:

      акционерлердің/қатысушылардың жалпы жиналысына қатысу және дауыс беру құқығын жүзеге асыру;

      нақты құрылымдалған және ашық процесс шеңберінде қызметке жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдарына (ДК және БК) кандидаттарды ұсынуға белсенді қатысу;

      КМС әрбір субъектісі үшін мақсаттар мен тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін айқын анықтау және олардың қызметіне мониторинг жүргізу;

      Корпоративтік басқару кодексінің сақталуын қадағалау, мониторингтеу және әдіснамалық қолдау.

      КМС субъектілері қызметінің тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау жөніндегі функцияларды іске асыру шеңберінде, кем дегенде, жалпы түсім/айналым, пайыздар мен салықтарды шегергенге дейінгі пайда (EBIT), пайыздарды, тозу мен амортизацияны шегергенге дейінгі пайда (EBITDA), таза пайда/залал, активтердің пайдалылығы (ROA), операциялық іс-әрекеттен түсетін ақша ағыны, жалпы инвестициялар, меншікті капиталдың пайдалылығы (ROE), меншікті капитал мен активтердің арақатынасы (E/A), айналым капиталы (WC), дивидендтер және жұмыспен қамту үлесі сияқты экономикалық КМС стандартты қаржылық көрсеткіштерін бақылау қажет. КМС субъектілерінің басқару органдары тиімділік көрсеткіштерін тиісті түрде талқылауы және бекітуі тиіс. Әрбір нақты КМС субъектісі үшін тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (қаржылық та, қаржылық емес те) оның басқару органы (байқау кеңесі/директорлар кеңесі) өзінің стратегиясы (миссиясы мен пайымы), акционерлердің белгіленген заңнамалық нормалары мен үміттері негізінде айқындайды және даму кезеңдеріне байланысты өзгеруі тиіс.

      Екіншіден, АҚ-дағы және ЖШС-дағы негізгі басқару органы ретінде ДК және тиісінше БК қызметінің тиімділігін арттыру қажет. Акционер (құрылтайшы) КМС субъектілеріне өз мақсаттарына жету үшін толық операциялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.

      Мемлекеттің КМС субъектілерін басқаруға қатысуы КМС субъектілерінің ДК және БК құрамындағы өкілдігі арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс.

      КМС республикалық субъектілері үшін ДК және БК мүшелігіне кандидаттардың тізілімін (тәуелсіз мүшелер мен мемлекет өкілдері үшін бөле отырып) жасау және акциясының 100%-ы (қатысу үлесі) немесе акцияларының мажоритарлық пакеті (қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі КМС субъектілерінде ДК және БК-ге кандидаттарды ұсынудың құзыреттерін бағалауға негізделген нақты құрылымдалған және айқын процесін нормативтік тұрғыдан бекіту қажет. Осы процесті регламенттеу мемлекеттің ДК және БК-ге кандидаттар ұсынуға қатысу белсенділігін арттырады және ДК және БК құрамының әртараптандырылуына және теңгерімділігіне ықпал ететін болады.

      Кадр әлеуетін арттыру үшін КМС субъектілерінің директорлар кеңесі мен байқау кеңесінің мүшелеріне, оның ішінде жоғарыда көрсетілген тізілімде олардың мүшелігіне кандидаттарға қойылатын минималды бірыңғай біліктілік талаптарды енгізуді көздеу қажет.

      Корпоративтік басқаруды жақсарту мақсатында директорлар кеңестеріне көбінесе білікті тәуелсіз директорларды енгізуді қамтамасыз еткен жөн.

      Сондай-ақ КМС субъектілерінде ДК және БК төрағасының қадағалауымен ДК және БК қызметінің нәтижелері мен тиімділігіне жыл сайын және тиісті түрде құрылымдалған бағалау жүргізілуі тиіс. Бұл ДК және БК жұмысын жақсарту үшін салаларды айқындауға, ал ДК және БК мүшелері өз міндеттерін формалды түрде орындаған жағдайда оларды құрамнан шығару туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. ДК және БК мүшелерінің жауапкершілігін күшейту үшін меншік иесі алдында ДК және БК қызметі туралы есепті жыл сайын тыңдауды өткізу қажет.

      Үшіншіден, КМС субъектілері неғұрлым ашық және транспарентті болуы тиіс.

      Мемлекеттік тізілімнің интернет-ресурстарының және қаржылық есептілік депозитарийінің функционалын олардың интерфейсін жеңілдетіп және оны пайдаланушылар үшін бейімдей отырып, пысықтау қажет. Мемлекеттік тізілімнің интернет-ресурсында: жиынтық тізілімді мемлекеттік мекемелер мен КМС субъектілеріне бөлу, тек ұйымдық-құқықтық нысандар бойынша ғана емес, КМС санаттары бойынша сұрыптау (коммерциялық/коммерциялық емес, инфрақұрылымдық, стратегиялық/даму институттары, әлеуметтік/саясатты іске асыратын) мүмкіндігін қарастырған жөн. Сондай-ақ, мемлекеттік тізілімнің интернет-ресурсының барлық КМС субъектілері немесе жекелеген санаттары бойынша біріктірілген және ірілендірілген деректерді (кірістер, салықтар, қызметкерлер саны және т.б.) енгізу бөлігінде талдамалық құрамдасын пысықтау қажет. Қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсы да КМС субъектілері қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелеріне, сондай-ақ ұйымдық-құқықтық нысандар, экономика секторлары және т.б. бойынша әртүрлі комбинацияларға жиынтық талдау жүргізу мүмкіндігін көздеуі тиіс.

      Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша корпоративтік басқаруды қосымша бюрократиялық рәсімге айналдырмау маңызды, осыған байланысты корпоративтік басқару институтын АҚ және ЖШС нысанында тіркелген экономикалық маңызы бар КМС субъектілеріне қатысты толық көлемде қолдану және корпоративтік басқарудың кейбір элементтерін өзге де экономикалық емес мемлекеттік ұйымдарда (мысалы, ЖОО және денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары) енгізу ұсынылады.

      Қорытынды

      Жоғарыда көрсетілген ұсыныстар кешенін қоса беріліп отырған Іс-шаралар жоспары шеңберінде іске асыру әлемдік деңгейге және халықаралық жоғары стандарттарға сәйкес келетін тиімді, жинақы және ашық КМС қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

      Қосымша:
      Қазақстан Республикасының заңнамасындағы КМС реформалауға бағытталған негізгі өзгерістердің тізбесі.

  Қазақстан Республикасындағы
квазимемлекеттік секторды
реформалау жөніндегі
  талдамалық баяндамаға
қосымша

      КМС реформалауға бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамасындағы негізгі өзгерістердің тізбесі

      Осы қосымшада КМС реформалауға байланысты нормативтік-құқықтық актілердің тізбесі, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, күшін жою және қолданыстағысына қосымша өзгерістер болжанатын нормативтік құқықтық өзгерістер негіздемесінің қысқаша сипаттамасы келтіріледі.

      Көрсетілген тізбе мен негіздемелер алдын ала жасалған. Оларды одан әрі нақтылау жұмыстары және мазмұны Қазақстан Республикасы басшылығының КМС реформалау мәселелері бойынша қабылдаған шешімдеріне байланысты болады.

      I. Заңнамалық актілер деңгейіндегі өзгерістер

      Бұл өзгерістерді "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу арқылы қабылдау көзделген, атап айтқанда:

      1. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі

      Мыналарға:

      1) ұйымдардың мемлекет меншігінде болуын негіздеуге;

      2) мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу өлшемшарттарын, жағдайлары мен нысандарын нақтылауға және толықтыруға бағытталған түзетулер, оның ішінде жұмыс істеп тұрған КМС субъектілері үшін ерекшеліктерді жою.

      2. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі

      КМС субъектілері мен мемлекеттік мекемелердің ақпаратты https://www.gosreestr.kz уақтылы және дұрыс ұсынбағаны үшін қызметінің мәселелері бойынша КМС субъектілері БҚДА қорытындыларын, келісімдері мен нұсқамаларын орындамағаны үшін қосымша жауапкершілік түрін енгізуге бағытталған түзетулер.

      3. "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы

      Мыналарға:

      1) КМС ұғымын айқындауға және нақтылауға;

      2) мемлекет меншігіндегі экономикалық және бейэкономикалық ұйымдардың аражігін ажыратуға, оларды жүйелеу мен сыныптауға, олардың қызметін шектеуге, меншік иесінің оларға қатысты функцияларын жүзеге асыру және жалпы корпоративтік заңнама тұрғысынан басқару түрлеріне, ерекшеліктеріне;

      3) рұқсат етілетін ұйымдық-құқықтық нысандармен, тиімділік өлшемшарттары және олардың корпоративтік басқарудың жалпы модельдерімен арақатынаста сыныптауды, сондай-ақ дивидендтік саясаттың жалпы талаптарын ескере отырып, КМС қызметінің салаларын, шектерін, негізгі мақсаттарын (мандаттарын) және түрлерін белгілеуге;

      4) ұйымдардың мемлекет меншігінде болуын негіздеуге;

      5) КМС холдингтік құрылымдары мен модельдеріне қойылатын талаптарды белгілеуге;

      6) КМС болуға тиісті жеке сектордағы бәсекелестермен салыстыруға болатын рентабельділік нормасы талабын енгізуге;

      7) мемлекет атынан меншік иесінің функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органның рөлін, оның ішінде:

      мемлекеттік кәсіпорындар (экономикалық емес ұйымдардың) басшыларына, КМС ДК және ЖО мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеуге;

      КМС ДК және ЖО мүшелігіне кандидаттардың тізілімін жүргізуге және оларды КМС тағайындау тәртібіне;

      КМС арқылы мемлекеттің экономикаға қатысу негіздемесін мерзімді қайта қарауға құзыреттер бөлігінде күшейтуге бағытталған түзетулер.

      4. Өзге де әртүрлі заңнамалық актілер

      Жоғарыда сипатталған негізгі түзетулерге сәйкестендіру мақсатында редакциялық сипаттағы нақтылайтын ілеспе түзетулер.

      II. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер деңгейіндегі өзгерістер

      1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңес туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 6 желтоқсандағы № 1116 Жарлығы.

      Күшін жою.

      2. "Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 қаулысына түзетулер.

      3. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының корпоративтік басқару кодексін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 қарашадағы № 1403 қаулысына түзетулер.

      4. "Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 193 бұйрығына түзетулер.

      5. "Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 14 ақпандағы № 14 бұйрығына түзетулер.

      6. "Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығына түзетулер.

      7. "Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқаруды бағалау қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2011 жылғы 6 маусымдағы № 157 бұйрығына түзетулер.

      8. "Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 бұйрығына түзетулер.

      9. "Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 5 қазандағы № 21 бұйрығына түзетулер.

      10. "Мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 207 бұйрығына түзетулер.

      11. "Мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілерінің деректерін енгізудің, сондай-ақ мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізудің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 636 бұйрығына түзетулер.

      12. "Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 362 бұйрығына түзетулер.

      13. Квазимемлекеттік секторды директорлар кеңестері және байқау кеңестерінің кандидаттар мүшелігіне қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы жаңа бұйрық.

      14. Квазимемлекеттік секторды директорлар кеңестері және байқау кеңестері кандидаттардың мүшелігіне тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту және оларды квазимемлекеттік секторды тағайындау туралы жаңа бұйрық.

      15. Квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер іске асырылатын өзге де заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер.


  Қазақстан Республикасының
  Үкіметінің
2022 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 654 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасындағы квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі іс-шаралар жоспары


Р/с

Іс-шараның атауы

Аяқтау нысаны

Іске асыру мерзімі

Жауаптылар


1

2

3

4

5

1.

Қаржыландыру көздері (бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат) бойынша бөле отырып және олардың қызметінің ағымдағы негізгі мақсатын көрсете отырып, барлық КМС субъектілерін түгендеу

ҰЭМ-ге ақпарат

2022 жылғы қыркүйек

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)
 

2.

"Экономикалық" және "бейэкономикалық" санаттар бойынша және "инфрақұрылымдық ұйымдар","өндірістік-қаржылық", "әлеуметтік", "көмекші" түрлері бойынша сыныптауға сәйкес КМС субъектілерінің аражігін ажырату

ҰЭМ-ге ақпарат

2022 жылғы қазан

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)
 

3.

Мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін ұйымдық-құқықтық нысандарды қайта қарау бойынша (оның ішінде кейбір нысандарды алып тастау бойынша мәселе), сондай-ақ жіктеу қорытындылары бойынша Экономикалық емес ұйымдар үшін жаңа бірыңғай ұйымдық-құқықтық нысанды пайдалану туралы ұсыныстар әзірлеу

ҰЭМ-ге ақпарат

қазан
2022 жылғы

ОМО, ЖАО, МҚК субъектілері (келісім бойынша)

4.

Мемлекеттік қатысу секторларын (салаларын), мерзімдері мен шектерін ескере отырып, Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабын қайта қарау жолымен КМС арқылы кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысу өлшемшарттарын қайта қарау, рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін қысқарту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар

2022 жылғы қазан

БҚДА (келісу бойынша)

5.

Неғұрлым кеңейтілген жедел басқару құқығымен және шаруашылық дербестігі басым (ақылы қызметтер көрсету, еңбекке ақы төлеу, қызметті қаржыландыру бөлігінде) экономикалық емес мемлекеттік ұйымдардың қызметін регламенттеу бойынша ұсыныстар әзірлеу

ҰЭМ-ге ұсыныстар

2022 жылғы қазан

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)
 

6.

Тиесіліліктің шекті нормативтерін, оның ішінде "Самұрық-Қазына" қоры үшін регламенттеу (қайта қарау) арқылы КМС-тегі әкімшілік (өнімсіз) шығындарды қысқарту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп

2022 жылғы қазан

Қаржымині, ҰЭМ, СЖРА (келісу бойынша)

7.

Жүргізілген КМС-тің аражігін ажыратуды және портфельдік компаниялар деңгейінде кадрларды, операциялық және сатып алу қызметін корпоративтік басқару жөніндегі функцияларды бөлуді ескере отырып, "Самұрық-Қазына" АҚ-ның міндеттерін, стратегиясын, портфелін және иелену мен басқару құрылымын қайта қарау (Қорды басқару жөніндегі кеңесті және Қоғамдық кеңесті тарату)

Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп

2022 жылғы қараша

ҰЭМ, Қаржымині, СЖРА (келісу бойынша), Самұрық-Қазына" АҚ (келісу бойынша)

8.

Cыныптауды ескере отырып, "квазимемлекеттік сектор субъектілері" ұғымының жаңа анықтамасын әзірлеу

ҰЭМ-ге ұсыныстар

2022 жылғы қараша

ОМО, ЖАО

9.

Жекешелендіруге, таратуға, қайта ұйымдастыруға және оңтайландыруға жататын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне есеп

2022 жылғы қараша

ҰЭМ, БҚДА (келісу бойынша), Қаржымині, ЖАО

10.

КМС қызметінің сапасын арттыруға баса назар аудара отырып, олардың барлықтарының мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін мониторингтеу және бағалау әдіснамасын қайта қарау

ҰЭМ-ге ұсыныстар

2022 жылғы желтоқсан

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)

11.

Жауапкершілік шараларын бекіте отырып, тиісті тізілімді қалыптастыру үшін мемлекеттің (акционердің) өкілдері және тәуелсіз мүшелер ретінде БК және КМС ДК мүшелігіне кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу

ҰЭМ-ге ұсыныстар

2022 жылғы желтоқсан

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)

12.

Меншік иесінің функциясын мемлекеттің (саясатты әзірлеуші, реттеуші) өзге функцияларынан, сондай-ақ МҚК мемлекетті басқару моделінен бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу

ҰЭМ-ге ұсыныстар

2022 жылғы желтоқсан

ОМО, ЖАО, МҚК субъектілері (келісім бойынша)

13.

Осы Жоспарда көзделген іс-шаралар шеңберінде әзірленген ұсыныстар негізінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік секторды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірлеу

Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

2023 жылғы наурыз
 

ҰЭМ, ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)

14.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға
2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін мораторий енгізу

Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы

2023 жылғы қаңтар

ҰЭМ, Қаржымині

15.

Лауазымды тұлғалар үшін KPI белгілей отырып, оның ішінде қызметтің шығындылығына жол бермеу бойынша, КМС қызметінде корпоративтік басқарудың озық практикаларын енгізу

ҰЭМ-ге есеп

жыл сайын, 2023-2025 жылдар

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)

16.

Мемлекеттік мүлікті түгендеу қорытындыларын цифрландыра отырып, КМС-тің барлық субъектілері немесе жекелеген санаттар (ҰБХ, ҰХ, ҰК) бойынша мемлекеттік мүлік тізілімін және оның талдамалық құрамдас бөлігін (кірістер, салықтар, жұмыскерлер саны және т.с.с.) өзектілендіру және жаңғырту

мемлекеттік мүліктің өзектілендірілген тізілімі

2023 жылғы
4-тоқсан

Қаржымині, "АЕО" АҚ (келісу бойынша)

17.

Мемлекеттік мүлікті басқару есебінен түскен қаражатты (жалдау төлемдері, сенімгерлік басқаруға беруден түсетін пайда, жекешелендіруден түсетін қаражат) жеке есепке алуды енгізе отырып, мемлекеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне КМС-қа енгізу

Қазақстан Республикасының Заңының жобасы

2028 жылғы қаңтар

Қаржымині

18.

Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындау

Қазақстан Республикасының Парламентіне ұлттық баяндама

2024 жылдан бастап жыл сайын

Қаржымині

19.

Мемлекеттік мүлікті дамыту мен басқарудың, оның ішінде мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқартуды қамтитын жаңа моделіне сәйкес КМС трансформациясының жыл сайынғы мониторингін жүргізу

ҰЭМ-ге ақпарат

жыл сайын, 2023-2025 жылдар

ОМО, ЖАО, КМС субъектілері (келісу бойынша)

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

      БҚДА – Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

      СЖРА – Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

      КМС – квазимемлекеттік сектор

      Қаржымині – Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

      ҰЭМ – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      ЖАО – жергілікті атқарушы органдар

      ОМО – орталық мемлекеттік органдар

      АҚ – акционерлік қоғам

      "Самұрық-Қазына" АҚ – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы

      "АЕО" АҚ – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есептеу орталығы" акционерлік қоғамы

      ҰК – ұлттық компаниялар

      ҰХ – ұлттық холдингтер

      ҰБХ – ұлттық басқарушы холдингтер

      БК – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі байқау кеңестері

      ДК – акционерлік қоғамдардағы директорлар кеңесі

      KPI – Key Perfomance Indicator (қызметтің түйінді көрсеткіштері)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады