Валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің келісілген тәсілдері және ырықтандыру шараларын қабылдау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 716 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің келісілген тәсілдері және ырықтандыру шараларын қабылдау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. "Валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің келісілген тәсілдері және ырықтандыру шараларын қабылдау туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 194 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 21 қыркүйектегі
№ 714 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің келісілген тәсілдері және ырықтандыру шараларын қабылдау туралы КЕЛІСІМ

      Армения Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Орталық банкі, Беларусь Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қырғыз Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі, Ресей Федерациясының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Орталық банкі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 64-бабының 4-тармағына сәйкес валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің келісілген тәсілдерін әзірлеу және ырықтандыру шараларын қабылдау мақсатында

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Жалпы ережелер

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің тәсілдерін және ырықтандыру шараларын айқындайды.

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар Шартта (атап айтқанда, Шартқа № 8 және № 15 қосымшаларда) айқындалған мағынада түсініледі.

2-бап Мүше мемлекеттердің аумағында шетел валютасын сатып алу және сату (конверсиялау)

      Мүше мемлекеттердің аумақтарында шетел валютасын және чектерді (оның ішінде жол чектерін) сатып алу және сату (конверсиялау) аумағында тиісті операция жүргізілетін мемлекеттің валюталық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3-бап Мүше мемлекеттер резиденттерінің валюталық операциялары

      1. Осы Келісімде және осы мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүше мемлекеттің аумағында есеп айырысуды жүргізген кезде шетел валютасын пайдалануға тыйым салынады.

      2. Мүше мемлекеттер мүше мемлекеттердің резиденттері жүзеге асыратын мынадай валюталық операцияларға қатысты валюталық шектеулерді қолданбайды:

      1) тауарларды беруге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге және Одақтың кеден аумағы шегінде ақпарат беруге байланысты бір мүше мемлекеттің резиденттері мен басқа мүше мемлекеттің резиденттері арасындағы есеп айырысу;

      2) басқа мүше мемлекеттің резидент заңды тұлғасы жарғылық капиталына (жарғылық қорына) қатысуды қамтамасыз ету мақсатында бір мүше мемлекет резиденттерінің акцияларды, үлестерді сатып алуына, салымдарды (пайларды) енгізуіне байланысты операциялар бойынша есеп айырысу;

      3) мүше мемлекеттердің ұйымдасқан нарықтары (биржалары) арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды және мүше мемлекеттердің резиденттері эмиссиялаған басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға байланысты бір мүше мемлекеттің резиденттері мен басқа мүше мемлекеттің резиденттері арасындағы есеп айырысу;

      4) бір мүше мемлекет резиденттерінің басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген жылжымайтын мүлікті сатып алуына байланысты операциялар бойынша есеп айырысу;

      5) бір мүше мемлекет резиденттерінің басқа мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарымен тиісті шарттар бойынша кредиттер мен қарыздар беруге, алуға және қайтаруға, пайыз сомалары мен айыппұл санкцияларын төлеуге байланысты операциялары бойынша есеп айырысу;

      6) бір мүше мемлекет резиденттерінің басқа мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарының банк кепілдіктерін алуға және орындауға, сондай-ақ осындай уәкілетті ұйымдармен жасалған кепілдеме және кепіл шарттары бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты операциялар бойынша есеп айырысу;

      7) жеке тұлғалар Одақтың кеден аумағы шегінде жүзеге асыратын ақшалай қаражат аударымдары.

      3. Мүше мемлекеттің заңнамасында өздеріне қатысты осы мемлекеттің аумағында валюталық шектеулер қолданылмайтын өзге де валюталық операциялар көзделуі мүмкін.

      4. Мүше мемлекеттердің резиденттері Одақтың кеден аумағы шегінде мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарымен жеке тұлғалар арасында төлемдер және ақшалай қаражат аударымдарын жүзеге асырған жағдайда уәкілетті ұйымдарда банк шоттарын пайдаланбай, валюталық операциялар бойынша есеп айырысуды жүзеге асыруға құқылы.

      Мүше мемлекеттің заңнамасында осы мемлекеттің аумағындағы уәкілетті ұйымдарда банк шоттарын пайдаланбай, валюталық операциялар бойынша есеп айырысуды жүзеге асырудың өзге жағдайлары көзделуі мүмкін.

      5. Егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, валюталық операцияларды жүргізу тәртібі аумағында валюталық операция жүргізілетін мүше мемлекеттің валюталық заңнамасында белгіленеді.

4-бап Мүше мемлекеттер резиденттерінің және үшінші елдер резиденттерінің шоттары (салымдары)

      1. Бір мүше мемлекеттің резиденттері басқа мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарында шетел валютасында және ұлттық валютада шоттарды (салымдарды) шектеусіз аша алады және олар бойынша операцияларды аумағында көрсетілген шоттар (салымдар) ашылған мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыра алады.

      2. Мүше мемлекеттердің резиденттері үшінші елдерде орналасқан банктерде шетел валютасында және ұлттық валютада шоттарды (салымдарды) аша алады және олар бойынша операцияларды өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асыра алады.

      3. Үшінші елдер резиденттерінің уәкілетті ұйымдарда шетел валютасында және ұлттық валютада шоттарды (салымдарды) ашуға және олар бойынша операцияларды аумағында көрсетілген шоттар (салымдар) ашылған мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқығы бар.

5-бап Ырықтандыру шаралары

      Мүше мемлекеттерде мүше мемлекеттердің резиденттері арасындағы валюталық операцияларға қатысты, сондай-ақ бір мүше мемлекет резиденттерінің басқа мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарындағы банк шоттарын ашуға және жүргізуге қатысты рұқсаттар (жеке рұқсаттар) алу туралы талап қолданылмайды.

      Мүше мемлекеттерде өз мемлекетінің резиденттеріне қатысты шетел валютасын міндетті сату туралы талап қолданылмайды.

      Осы баптың ережелері Шартта көзделген валюталық шектеулер енгізілген жағдайларға қолданылмайды.

6-бап Мүше мемлекеттер резиденттерінің ақшалай қаражатты репатриациялауы

      1. Мүше мемлекеттің резиденттері бейрезиденттермен жасалатын шарттар (келісімшарттар) бойынша, егер өз мемлекетінің заңнамасында өзгеше мерзімдер көзделмесе, осындай шарттарда (келісімшарттарда) белгіленген мерзімдерде:

      1) бейрезиденттерден өз мемлекетінің уәкілетті ұйымдарындағы өздерінің банк шоттарына бейрезиденттерге берілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер, берілген ақпарат үшін көрсетілген шарттардың (келісімшарттардың) талаптарына сәйкес тиесілі ақшалай қаражат алуды;

      2) өз мемлекетінің уәкілетті ұйымдарындағы өздерінің банк шоттарына осы мемлекеттің аумағына әкелінбеген (осы мемлекеттің аумағында алынбаған) тауарлар, орындалмаған жұмыстар, көрсетілмеген қызметтер, берілмеген ақпарат үшін бейрезиденттерге төленген ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Осы бапта көзделмеген жағдайларда мүше мемлекет резиденттерінің ақшалай қаражатты репатриациялауы туралы талап осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қолданылады.

      Мүше мемлекеттің заңнамасында осы мемлекет резидентінің ақшалай қаражатты шетел валютасында немесе ұлттық валютада осы мемлекеттің уәкілетті ұйымдарындағы өзінің банк шоттарына есепке жатқызбауға құқылы болатын жағдайлар белгіленуі мүмкін.

7-бап Валюталық операцияларды есепке алу және бақылау

      1. Мүше мемлекеттер резиденттерінің және бейрезиденттерінің осы Келісімді және валюталық заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету валюталық бақылаудың (валюталық заңнаманың сақталуын қадағалаудың) мақсаты болып табылады.

      2. Валюталық бақылау (валюталық заңнаманың сақталуын қадағалау) мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) мүше мемлекеттердің резиденттері және бейрезиденттер жүзеге асыратын валюталық операциялардың осы Келісімнің және аумағында осындай операциялар жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің валюталық заңнамасының ережелеріне сәйкестігін айқындау;

      2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктің толықтығын және дәйектілігін тексеру;

      3) валюталық операциялар бойынша төлемдердің негізділігін және оларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың болуын тексеру;

      4) бір мүше мемлекет резиденттерінің басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті ұйымдарында немесе үшінші елдердің банктерінде шоттарды (салымдарды) ашуға және жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын тексеру.

      3. Мүше мемлекетте валюталық бақылау (валюталық заңнаманың сақталуын қадағалау) осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті жүргізу тәртібі мен нысандары халықаралық шарттарға және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.

8-бап Валюталық заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық туралы нормалардың үйлесімдігі

      1. Мүше мемлекеттер валюталық заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылыққа қатысты бөлігінде өз заңнамасының үйлесімдігін қамтамасыз етеді, атап айтқанда:

      1) мынадай бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты:

      заңсыз (тыйым салынған) валюталық операцияларды жүзеге асыру немесе валюталық операцияларды валюталық заңнаманы бұза отырып жүзеге асыру;

      мүше мемлекет резидентінің өзі резиденті болып табылатын мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарындағы өзінің банк шоттарына міндетті аударылуға жататын ақшалай қаражатты репатриациялау міндетін белгіленген мерзімде орындамауы;

      валюталық заңнаманың талаптарына сәйкес ақпаратты, құжаттарды, есепке алу және есептілік нысандарын ұсынбау немесе ұсынудың белгіленген тәртібін және (немесе) мерзімдерін сақтамау;

      2) мүше мемлекет резидентінің өзі резиденті болып табылатын мүше мемлекеттің уәкілетті ұйымдарындағы өзінің банк шоттарына міндетті аударылуға жататын ірі көлемдегі (аса ірі көлемдегі) ақшалай қаражатты репатриациялау жөніндегі міндетін белгіленген мерзімде орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілеуге бағытталған шараларды қабылдайды.

      2. Осы Келісімге қатысушылар 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық заңнаманы бұзғаны үшін санкциялардың түрлері мен мөлшеріне қатысты құқық бұзушылықтардың құрамын және талаптарды үндестіруге бағытталған шараларды қабылдайды.

9-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар Шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.

10-бап Мүше мемлекеттерде валюталық реттеу және валюталық бақылау (валюталық заңнаманың сақталуын қадағалау) шараларын қолдану

      Осы Келісімде ешнәрсе де мүше мемлекетке осы Келісімге қол қойылған күнге осы мемлекеттің заңнамасында көзделген шараларға қарағанда аз ырықтандырылған валюталық реттеу және валюталық бақылау (валюталық заңнаманың сақталуын қадағалау) шараларын қолдану, оның ішінде ақшалай қаражатты репатриациялауды реттейтін шаралар мен ақшалай қаражатты репатриациялау бойынша міндетті орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық шараларын қолдану талабы ретінде түсіндірілмеуге және қолданылмауға тиіс.

11-бап Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақтың құқығына кіреді.

      Осы Келісімге қатысушылардың өзара келісімі бойынша оған осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы баптың үшінші абзацында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Осы Келісім осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейін келесі күні күшіне енеді.

      20__ жылғы "___" ________ _____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.


Армения Республикасының Үкіметі үшін

Армения Республикасының Орталық банкі үшін

Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының Ұлттық банкі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі үшін

Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі үшін

Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының Орталық банкі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады