"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 27 қыркүйектегі № 756 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қаңтардағы № 45 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.01.2024 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-1-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою тәртібін айқындайды.";

      2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру ұйымына, медициналық немесе басқа да ұйымға келіп түскен күннен бастап немесе осындай балаларға қорғаншылық немесе қамқоршылық белгіленген күннен не патронат тәрбиешімен шарт жасалған күннен бастап үш ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қояды.";

      8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Азаматтарды есепке қою үшін "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы мынадай құжаттар ұсынылуы қажет (ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды азаматтардан талап етуге жол берілмейді):

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою туралы өтініш (өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екенін жергілікті атқарушы органның тексеруіне келісімі көрсетіледі);

      2) ақпараттық жүйеде деректер болмаған жағдайда азаматтық хал актілерін (туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері.

      Өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайларда соңғылары өздерін өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;

      3) ақпараттық жүйеде деректер болмаған жағдайда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне (мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қоспағанда) соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметтерді қосымша ұсынады;

      4) ақпараттық жүйеде деректер болмаған жағдайда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар санатына жататын азаматтар жұмыс (қызмет) орнынан анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;

      5) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі берген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының түпнұсқасын қосымша ұсынады;

      6) отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық зерттеп-тексеру нәтижелері бойынша) түпнұсқасын қосымша ұсынады;

      7) отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар болып, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші тиісті ауру түрін растайтын құжатты қосымша ұсынады.

      Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын растайтын құжаттардың, некеге тұру немесе бұзу, қайтыс болу, туу туралы куәліктің, өзіне меншік құқығында тиесілі (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы анықтаманың мәліметтері, тіркелген мекенжайы туралы мәліметтер, басқа адамдарды отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімі, көрсетілетін қызметті алушының халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері санатына тиесілілігін растайтын құжаттардың мәліметтері, салық салынатын табысы туралы мәліметтер көрсетілетін қызметті берушіге "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасының барлық мүшесі үшін ұсынылады.

      Жұмыс орны бойынша есепке қою үшін мемлекеттік кәсіпорынның не мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті, сондай-ақ осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады. Өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы жергілікті атқарушы органның мәліметтерін мемлекеттік мекемелер немесе кәсіпорындар www.gosreestr веб-порталында орналасқан "Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жалдау шарттарының тізілімі" ақпараттық ресурсының құралдары арқылы алады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттардың мәліметтерін жаңарту, өзгерту немесе толықтыру үшін өтініш беруші портал арқылы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті, сондай-ақ осы тармақта көзделген қажетті құжаттарды негіздер туындаған не ұялы телефонға sms-хабарламаны алған кезден бастап береді.

      9. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектегі реттік нөмірі көрсетілген хабарлама бере отырып, есепке қою не есепке қоюдан дәлелді бас тарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме өтініш берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды.

      Жергілікті атқарушы органдардың шешіміне сәйкес өтініш берушіге хабарлама порталдағы "жеке кабинетке" электрондық құжат түрінде жіберіледі. Мемлекеттік кәсіпорын не мемлекеттік мекеме шешімге сәйкес өтініш берушіні жазбаша түрде пошта арқылы не қолма-қол хабардар етеді.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру үшiн есепке қоюдан мынадай негіздер бойынша бас тартылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) оларда қамтылатын деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Заңда және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-1-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.";

      көрсетілген Қағидаларға 1-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 756 қаулысына
қосымша
  Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үйге немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы
орган жалдаған тұрғын үйге
мұқтаж Қазақстан
Республикасының азаматтарын
есепке қою қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  Астана, Алматы және Шымкент
қалаларының, ауданның және
облыстық маңызы бар қаланың
жергілікті атқарушы органының
тұрғын үй қатынастары
саласындағы функцияны жүзеге
асыратын құрылымдық
бөлімшеcінің атауы
  азамат __________________
  (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса),
  жеке сәйкестендіру нөмірі
  (бұдан әрі – ЖСН)

Өтініш

      Мені "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 75-бабының 1-тармағына сәйкес ___ бөлмелі мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй/жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу үшін мыналарға сәйкес есепке қоюды сұраймын:

      1) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдарды есепке қою тізімі

      ________________________________________________________________

      (Заңның 74-бабының 2-тармағына сәйкес тізімнің атауы)

      2) санаты________________________________________________________

      3) отбасы құрамы:________________________________________________

      (туыстық дәрежесі)

      ЖСН: ___________________;

      4) қосымша табысы туралы мәліметтер (жетiм балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қоспағанда, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жататын азаматтар үшін):

      ____________________________________________________________________;

      (еңбекақы (зейнеткерлік салық салынатындарды қоспағанда), әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын; кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн; балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алимент түрiндегi; жеке қосалқы шаруашылықтан – мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс; өзге де табыс және өтініш берердің алдындағы соңғы он екі ай ішіндегі табыстың атауы мен сомасы);

      5) отбасында жүктілігі жиырма екі аптадан асқан әйелдің бар екені туралы мәліметтер, ЖСН: ____________________________________________________;

      6) мүгедектігі бар бала туралы мәліметтер, ЖСН______________________;

      7) мүгедектік, қарттар, жүрек-қан тамыр аурулары және басқа да ауыр науқасқа шалдыққандар туралы мәліметтер (қажеттісінің астын сызу), ЖСН:_______________________________________________________________;

      8) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектік туралы мәліметтер, ЖСН:_______________________________________________________________;

      9) жұмыс орны туралы мәліметтер: _________________________________

      (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санаттары бойынша азаматтардың тізімі үшін);

      10) қорғаншы (қамқоршы) және патронат тәрбиеші туралы мәліметтер:

      ____________________________________________________________________

      (ЖСН, қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу туралы бұйрықтың нөмірі мен күні не патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың нөмірі мен күні, қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу туралы шешім қабылдаған, патронаттық тәрбие туралы шарт жасасқан органның атауы);

      11) авариялық тұрғын үй туралы мәліметтер:___________ (жылжымайтын мүлік объектісінің түрі, кадастрлық нөмірі, облыс, аудан, елді мекен, көше, үй, корпус, пәтер);

      12) ауданы (тиістіден кем), жиынтықталуы және қабаттылығы сәйкес келмейтін тұрғын үй бөлінген кезде келісімі не одан бас тартуы:

      келісемін не келіспеймін (қажеттісінің астын сызу);

      13) ұялы телефон нөмірі: _________________________________________;

      14) электрондық пошта ___________________________________________.

      Менде және менімен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде осы елді мекенде тұрақты пайдалануда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйдің бар немесе жоқ екенін тексеруге қарсы емеспін.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін

      20__ жылғы "__" __________ __________________ (қолы)

      Қосымша: 1.________________________

      2.________________________

      ____________________

      (күні, қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады