"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 28 қыркүйектегі № 759 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов


  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      143-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілердің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілердің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.".

      2. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 2-бап мынадай мазмұндағы 44-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "44-3) ротациялық төлемдер – басқа жерге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үйді жалдау мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес белгіленетін төлемдер;";

      2) 110-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы азаматтарын еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, оның ішінде лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерін қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғынжайды беру және оны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде оларды қоныстандыруға арналған қызметтік тұрғынжайды пайдалануға осы Заңның 90, 93 және 95-баптарының қағидалары қолданылмайды.

      Лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге ротациялау орны бойынша қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда ротациялау төлемдері төленеді.

      Ротациялық төлемдер басқа жерге ротацияланған мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен ротациялық төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.";

      3) 111-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Заңның 109-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастарына байланысты қызметтік тұрғынжай берiлiп, ол қатынастарды тоқтатқан жұмыскерлер, оның ішінде лауазымға ротациялау тәртібімен тағайындалған мемлекеттік қызметшілер өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.".

      3. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 10-1) және 10-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін осы Заңда көзделген ерекшеліктермен келісімшарт бойынша мемлекеттік органдарға тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;

      10-2) келісімшарттық қызметшінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы еңбек нәтижелерімен (сапалық/сандық көрсеткіштер) өзара байланысты оның функционалдық міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу жағдайларын және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін шарт;";

      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) мемлекеттік әкімшілік лауазымның санаты – мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың жиынтығы;";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес қызметтік әдеп стандарттарында белгіленген мінез-құлық қағидалары;";

      2) 3-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негізінде қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның ішінде, келісімшарттық қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.";

      3) 5-баптың 2-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілердің кадр құрамы жай-күйінің мониторингін жүргізеді;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын, оны ұйымдастыруды, сондай-ақ тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындайды;";

      7-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен келісу арқылы мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жалақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 10-1) және 10-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, оны жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша тексеру жүргізеді;

      10-2) мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмыс, аралас қашықтықтан жұмыс, икемді кестені қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 15-1), 15-2), 15-3) және 15-4) тармақшалармен толықтырылсын:

      "15-1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен келісу арқылы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      15-2) мемлекеттік әкімшілік және саяси қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуге байланысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіседі;

      15-3) мемлекеттік органдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келіседі;

      15-4) Басқа жерге ротацияланған мемлекеттік қызметшілердің ротациялық төлемдерінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын әзірлейді;";

      4) 6-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) келісімшарттық қызметшілерді іріктеуді және олармен келісімшарт жасасу процесін ұйымдастырады;";

      5) 10-баптың 15) тармақшасының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) мемлекеттік органның жолдамасы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға, тікелей оқу аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы міндеттемелерді орындамау адамның мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеуіне әкеп соғады.";

      6) 12-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) тиісті нормативтік құқықтық актілермен бекітілген орталық мемлекеттік органның штат санының лимиті шегінде мемлекеттік органның штат санын және штат кестесін орталық мемлекеттік органның басшысы келіскеннен кейін бекіту;

      Бұл норма сыртқы саяси қызмет саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға қолданылмайды.";

      7) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакциясында жазылсын:

      "2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік саяси лауазымға орналасуға кандидаттар осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына, олар болған жағдайда, сай болуға тиіс.

      Мемлекеттік саяси қызметшіні тағайындау (сайлау) алдындағы бір жыл ішінде тікелей бағынышты қызметші сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін отставкаға кеткен мемлекеттік саяси қызметшіні мемлекеттік саяси лауазымға тағайындауға (сайлауға) жол берілмейді.";

      8) 15-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы алып тасталсын;

      9) 16-бапта:

      3-тармақта:

      14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат бойы болмауы негізінде шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар азаматты осындай шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, судья лауазымынан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты;";

      мынадай мазмұндағы 14-1) және 14-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "14-1) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты босатылған адам;

      14-2) мемлекеттік қызметке қабылдауға өзге шектеулері бар адамдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде теріс себептер бойынша мемлекеттік әкімшілік немесе саяси қызметтен босатылған адам;";

      10) 19-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Заңның 27-бабының 8-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.";

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары тағайындайтын не сайлайтын саяси қызметшілерді қоспағанда, осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіретін азаматтар арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқарады.";

      11) 20-баптың 1-тармағының бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген азаматтар үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарға сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өту туралы қойылатын шарттар мемлекеттік органның жұмысқа қабылдау туралы актісінде көзделеді.

      Қызметін бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау қорытындысының нәтижелері бойынша не теріс себептер бойынша бұрын мемлекеттік лауазымнан шығарылған және мемлекеттік қызметке қайтадан кіретін азаматтарға сынақ мерзімі міндетті түрде белгіленеді.";

      12) 27-баптың 3-тармағының бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын өзге де интернет-ресурстарда және мерзімді баспасөз басылымдарында қосымша жариялауға жол беріледі.

      Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын өзге де интернет-ресурстарда және мерзімді басылымдарда қосымша жариялауға жол беріледі.".

      13) 29-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Б" корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына, төменгіні қоспағанда, орналасу үшін мемлекеттік орган ішкі конкурс өткізеді, оған осы мемлекеттік органның, оның ведомстволарының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда айқындалған өзге адамдар да қатысуға құқылы.";

      14) 33-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі.     

      Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын жоғарылату, төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.";

      15) 35-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу түрлерінің бірі ғана және мемлекеттік органның актісінде нақты сіңірген еңбегі көрсетіле отырып, бір рет қана қолданылуы мүмкін.

      Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.";

      16) 41-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттары мен лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      Ротация жүргізудің тәртібінде және мерзімдерінде, ротациялауға жататын мемлекеттік қызметшілердің санаттарында және лауазымдарында көзделген ротациядан бас тарту, осы тармақтың алтыншы бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдер қабылдау үшін негіз болып табылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының Президенті өзге шешім қабылдамаса, бір жыл ішінде адамды ротация жүзеге асырылған алдыңғы лауазымға, сондай-ақ ротациядан бас тартуына байланысты лауазымы төмендетілген немесе қызметтен шығарылған лауазымға тағайындауға жол берілмейді.

      Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшілер "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі, ал қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда, ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық міндеттерін атқаруы кезеңінде ротациялық төлемдер жүргізіледі.

      "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін өңіраралық ротациялауды үйлестіруді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Егер Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедектігі бар адам, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) болып табылатын немесе асырауында "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 11-бабының 1-тармағында белгіленген жастағы ата-анасы (ата-аналары) – зейнеткер (зейнеткерлер) мемлекеттік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі.

       Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.";

      17) 44-баптың 4-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, мемлекеттік органдағы төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болғанда және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.";

      18) 49-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде көзделген қызметтік әдеп стандарттарын сақтауға міндетті.

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.";

      19) 53-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен есептеледі.";

      20) 57-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.

      Мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген іссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге бару және кері қайту жөніндегі шығыстарға, тұрғын үй-жай жалдау жөніндегі шығыстарға кепілдіктер мен құқық қолданылады.";

      21) 59-бап:

      15) тармақшадағы "жеткен жағдайларда тоқтатылады." деген сөздер "жеткен;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 15-1) және 15-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "15-1) осы Заңның 60-бабының 5-тармағына сәйкес сенім жоғалтқан;

      15-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуын ескере отырып, ротациядан бас тартқан жағдайларда тоқтатылады.";

      мынадай мазмұндағы жиырмасыншы бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы баптың 3), 4), 5), 6), 7), 11), 12), 13), 14) және 15-1) тармақшаларына сәйкес қызметтен босатылған мемлекеттік саяси қызметшілер терiс уәждемемен жұмыстан шығарылған болып танылады.";

      22) 60-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер өздерінің лауазымдық өкілеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сенімін жоғалтуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің шешім бойынша қызметтен шығарылуы мүмкін.";

      23) 61-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 20-2) тармақпен толықтырылсын:

      "20-2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптардың сақталуын ескере отырып, ротациядан бас тартқан жағдайларда тоқтатылады;";

      24) мынадай мазмұндағы 64-1-баппен толықтырылсын:

      "64-1-бап. Келісімшарттық қызметшілер

      1. Келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік органдарға түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін тартылуы мүмкін.

      2. Келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік лауазымды атқара алмайды.

      3. Келісімшарттық қызметшілерді тарту тәртібін, келісімшарттық қызметшілер тартылатын жобалардың түрлерін, еңбекке ақы төлеу шарттарының мәселелерін және олардың қызметін реттеудің өзге де мәселелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      4. Келісімшарттық қызметшіні қабылдау ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамның ұсынуы бойынша келісімшарт жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.

      Келісімшарттық қызметші лауазымына үміткер азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Келісімшарттық қызметшінің біліктілік талаптарын және оның мемлекеттік органмен өзара іс-қимыл алгоритмін уәкілетті органмен келісу бойынша ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органның лауазымды адамы бекітеді.

      Келісімшарттың мерзімі қойылған міндеттерді орындау кезеңіне, бірақ ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңі ішінде ұзарту мүмкіндігімен күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.

      5. Келісімшарттық қызметшінің:

      1) басшыдан келісімшартқа сәйкес міндеттер мен көлемді дәл айқындауды талап етуге;

      2) өз қызметін орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдар алуға;

      3) келісімшарт талаптарына сәйкес еңбекке ақы төлеуді уақтылы және толық көлемде алуға құқығы бар.

      6. Келісімшарттық қызметші:

      1) келісімшарт талаптарын сақтауға;

      2) еңбек міндеттерін орындауға және еңбек тәртібін сақтауға. Тараптардың келісімі бойынша икемді жұмыс уақыты режимі, қашықтықтан жұмыс істеу режимі және келісімшарттағы қызметті өзге қызметпен қоса атқару қолданылуы мүмкін;

      3) жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;

      4) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға;

      5) мүдделер қақтығысын болдырмау, болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға;

      6) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның ішінде келісімшарт бұзылғаннан кейін Заңмен белгіленген уақыт ішінде сақтауға міндетті, ол туралы жария етпеу туралы тиісті міндеттемеге қол қояға міндетті.

      7. Келісімшарттық қызметшінің:

      1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;

      2) қызмет бабын келісімшарт қызметіне байланысты емес мақсаттарда пайдалануға құқығы жоқ.

      Келісімшарттық қызметке:

      1) он сегіз жасқа дейінгі;

      2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;

      3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi келісімшарттық қызметші лауазымыға үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;

      4) келісімшарттық қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      5) сот келісімшарттық қызметші тартылатын қызмет түрімен айналысу құқығынан айырған;

      6) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

      8) келісімшарттық қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;

      9) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      10) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;

      11) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;

      12) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      13) келісімшарттық қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Бұл ретте келісімшарттық қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат келісімшарттық қызметке жіберілмейді;

      14) жұмыста (қызметте) дәлелді себепсіз қатарынан үш және одан көп сағат болмауы негізінде қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, сот лауазымынан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған азаматты;

      15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.

      Мүдделер қақтығысын болғызбау үшін жобаларды іске асыруға тартылған мемлекеттік қызметшілердің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаты болып табылатын азамат келісімшарттағы қызметші ретінде қабылдана алмайды.

      Мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау туралы міндеттемелер келісімшартта жазылады.

      Келісімшарттық қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы беріледі.

      8. Келісімшарттық қызметшілерді мемлекеттік құпияларға жіберу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      9. Жұмыс кестесі және өзге де жеке еңбек жағдайлары тараптардың келісімі бойынша келісімшартта белгіленеді.

      10. Келісімшарттық қызметшінің еңбегіне ақы төлеу тараптардың келісімі бойынша орындалған жұмыс көлемінің (қойылған міндеттердің) сандық, уақыттық (міндеттерді, жобаларды іске асыру кезеңдері) және сапалық параметрлері көрсетіле отырып, келісімшартта белгіленеді.

      Келісімшарттық қызметшілердің еңбекақысы мемлекеттік органға ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен не ұлттық және өзге де жобаларды іске асыруға көзделген қаражаттан жүзеге асырылады.

      11. Келісімшарт тараптардың келісімі бойынша бұзылуы мүмкін, келісімшартты бұзудың өзге де талаптары, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу келісімшартта баяндалады.

      Келісімшарттық қызметші мен мемлекеттік орган арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады