Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Қатені түзеу

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 10 қазандағы № 802 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 10 қазандағы
№ 802 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі

      екі мемлекеттің өзара пайдасы үшін экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдіре отырып,

      бір Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауға және оларды қолдауға ниеттене отырып,

      екі Уағдаласушы Тарап мемлекеттерінің экономикалық өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында осы инвестицияларды көтермелеу және қорғау қажеттілігін мойындай отырып,

      инвестициялар үшін тұрақты негізді қамтамасыз ету және экономикалық ресурстарды барынша тиімді пайдалану үшін инвестицияларға қатысты әділ және тең құқықты режим талап етілетіндігімен келісе отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Анықтамалар

      Егер өзгеше белгіленбесе, осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай сөздер мен терминдердің тиісті мағыналары болады:

      1. "Инвестор" термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыратын субъектісін білдіреді, атап айтқанда:

      a) Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің азаматы болып табылатын және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыруға құқылы жеке тұлға;

      b) Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті тәртіппен құрылған не өзге де тәртіппен құрылған және жеке меншікте не мемлекет меншігінде немесе бақылауында болғанына қарамастан осындай Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында нақты экономикалық қызметпен бірге өздерінің орналасқан жері болатын компанияларды, корпорацияларды, іскерлік қауымдастықтарды және басқа да ұйымдарды қоса алғанда, заңды тұлғалар.

      Неғұрлым айқындылық үшін заңды тұлғалар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген немесе ұйымдастырылған ресми мекемелерді, билік органдарын, егеменді қорлар мен институттарды қамтиды.

      2. "Инвестициялар" термині бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес салған активтердің кез келген түрін білдіреді.

      Инвестициялар түрлері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ сервитуттар, кепілдіктер, ипотекалар, кепілдер және соған ұқсас құқықтар сияқты басқа мүліктік құқықтар;

      b) компанияның акциялары, борыштық міндеттемелері немесе компанияға қатысудың кез келген ұқсас нысандары;

      c) ақшалай талаптар немесе экономикалық құндылығы бар келісімшарттың орындалуын кез келген қамтамасыз ету;

      d) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қорғалатын авторлық құқықтар, тауар белгілері, патенттер, техникалық процестер және ноу-хау сияқты зияткерлік және өнеркәсіптік меншік құқықтары;

      e) өндірістік қызметке арналған концессиялар, оның ішінде табиғи ресурстарды барлауға, қайта өңдеуге, өндіруге және игеруге арналған құқықтар сияқты ұлттық заңнамада немесе келісімде берілген экономикалық сипаттағы кез келген құқықтар.

      Активтер бастапқыда салынған немесе қайта салынған нысанның ешқандай өзгерісі егер мұндай өзгеріс осы Келісімге және Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, осы Келісімнің мағынасында олардың "инвестициялар" ретіндегі дәрежесіне әсер етпейді.

      3. "Кірістер" термині инвестициялардан алынған нәтиже мен инвестициялар нәтижесінде алынған ақшаны білдіреді, және атап айтқанда, оларды ғана емес пайданы, дивидендтерді, пайыздарды, капитал өсімінен түскен кірістерді, роялти мен гонорарларды қамтиды.

      4. "Еркін пайдаланылатын валюта" термині Халықаралық валюта қорының сыныптамасына сәйкес халықаралық операциялар бойынша есеп айырысу үшін кеңінен қолданылатын валютаны білдіреді.

      5. "Аумақ" термині:

      а) Қазақстан Республикасына қатысты: өзінің мемлекеттік егемендігі қолданылатын құрлықты, суды, жер қойнауын, әуе кеңістігін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы шегіндегі аумақ, сондай-ақ өзінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан Республикасы егеменді құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын немесе кейіннен жүзеге асыра алатын Мемлекеттік шекарадан тыс кез келген аймақ;

      b) Қатар Мемлекетіне қатысты: Қатар Мемлекетінің құрлығы, ішкі сулары мен аумағы, олардың түбі мен жер қойнауы, олардың үстіндегі әуе кеңістігі, сондай-ақ халықаралық құқықтың, ұлттық заңнаманың ережелеріне сәйкес Қатар Мемлекетінің егеменді құқықтары мен юрисдикциясы қолданылатын экономикалық аймақ пен континенттік қайраң.

      6. "Үшінші тарап" термині Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттеріне қатысы жоқ инвесторларға немесе мемлекеттерге қолданылады.

2-бап

Келісімнің қолданылу аясы

      1. Осы Келісімнің ережелері бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырған және осы Келісім күшіне енгенге дейін немесе одан кейін жасалғанына не жасалмағанына қарамастан, соңғы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай деп танылған барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ орын алған оқиғалардан туындайтын қандай да бір талаптарға немесе осы Келісім күшіне енгенге дейін қойылған талаптарға қатысты қолданылмайды,

      Осы Келісімнің ережелері:

      a) Үкіметтің қолдауымен алынатын қарыздарды, кепілдіктерді немесе сақтандыруды қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптар берілген субсидияларға немесе гранттарға, немесе мұндай субсидиялардың немесе гранттардың тек қана Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің инвесторларына немесе олардың инвестицияларына берілетініне не берілмейтіндігіне қарамастан, мұндай субсидияларды немесе гранттарды алуға немесе үздіксіз алуға байланысты кез келген шарттарға;

      b) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен реттелетін салық салу мәселелеріне;

      c) мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      2. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің халықтың денсаулығын, қауіпсіздікті, қоршаған ортаны немесе еңбек құқықтарын қорғау сияқты қажетті мақсаттарға қол жеткізу үшін талап етілетін шамада өз мемлекетінің аумағында басқару жөніндегі өкілеттіктерді басқару және жүзеге асыру құқығына әсер етпейді. Мемлекеттік реттеу шаралары немесе Уағдаласушы Тараптардың кез келгені заңнамасындағы өзгерістер мен инвесторлардың күтулері арасындағы қайшылық фактісінің өзі атап айтқанда, олардың пайданы күтуі не оларға теріс әсер ету фактісі осы, Келісім бойынша міндеттемені бұзу болып табылмайды.

3-бап

Инвестицияларды көтермелеу және қорғау

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларға жәрдемдесу мақсатында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларын көтермелейді және оларға қолайлы жағдайлар жасайды.

      2. Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің инвесторлары жүзеге асырған инвестициялары әділ және тең құқықты режимді, сондай-ақ екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында толық қорғау мен қауіпсіздікті пайдаланады.

      Неғұрлым айқындылық үшін "әділ және тең құқықты режимге" сілтеме жасау сот немесе әкімшілік талқылау барысында сот төрелігінен бас тартпау және әдеттегі халықаралық құқықтың ең төмен стандартына сәйкес процестік нормаларды бұзбау міндеттемесін білдіреді. "Толық қорғау мен қауіпсіздікке" сілтеме жасау әдеттегі халықаралық құқықтың ең төмен стандартына сәйкес талап етілетін қарым-қатынастың ең төмен стандарты шеңберінен шығатын қарым-қатынасты талап етпейді.

      3. Осы Келісімнің немесе Уағдаласушы Тараптар мен олардың мемлекеттері арасындағы жекелеген халықаралық инвестициялық келісімнің кез келген ережесін бұзу осы бапты бұзу орын алды деп белгілемейді.

4-бап

Неғұрлым қолайлы режим

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвестициялары мен инвесторларына ұқсас мән-жайлар кезінде кез келген үшінші мемлекеттің инвестициялары мен инвесторларына бергеннен кем емес қолайлы режимді береді.

      Неғұрлым айқындылық үшін осы бап тиісті инвестициялар жүзеге асырылғаннан кейін оларға қатысты режимді белгілейді.

      2. Неғұрлым айқындылық үшін осы бапта "осыған ұқсас мән-жайларға" сілтеме жасау инвестицияның барлық мән-жайының әрбір жағдайында жан-жақты зерделеуді талап етеді.

      3. Осы Келісімде аталған ұқсас мән-жайларда берілуге тиіс неғұрлым қолайлы режим материалдық қорғау шеңберінде қандай да бір қорғанның ескертпесіне қолданылмайды және осы Келісімде қамтылған инвестициялық дауларды реттеу тетіктерін немесе шарттарда немесе халықаралық инвестициялық келісімдерде көзделетін соттың юрисдикциясына жататын кез келген ережелерді қамтымайды.

      4. Осы бап осы Келісімге қол қойылған күнге дейін күшіне енген екіжақты немесе көпжақты халықаралық инвестициялық келісімге сәйкес Уағдаласушы Тарап беретін режимге қолданылмайды. Алайда, осы бап осы тармақта жоғарыда аталған, болашақта өзгертілетін, жаңартылатын немесе ұзартылатын және осы Келісімге қол қойылғаннан кейін күшіне енетін барлық келісімдерге қолданылады.

      5. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес берілетін режим бір Уағдаласушы Тарапты екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына және олардың инвестицияларына:

      a) оның кез-келген қолданыстағы немесе болашақтағы еркін сауда туралы келісімге, кеден одағына, ортақ нарыққа және валюта одағына мүшелігінен немесе олармен қауымдастығынан;

      b) толық немесе негізінен салық салуға қатысты кез келген халықаралық көпжақты немесе екіжақты келісімнен немесе уағдаластықтан немесе толық немесе негізінен салық салуға қатысты кез келген ұлттық заңнамадан қолдануға туындайтын кез келген режимнің басымдығын, преференцияларды немесе артықшылықтарды қолдануға міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

5-бап

Ұлттық режим

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында осыған ұқсас мән-жайлар кезінде екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына және олардың инвестицияларына өз инвесторларына және олардың инвестицияларын басқаруға, ұстауға, пайдалануға немесе оларға билік етуге қатысты олардың инвестицияларына беретіннен кем емес қолайлы режимді береді.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың сезімтал секторларын және (немесе) олармен байланысты кәсіпкерлік қызмет түрлерін белгілеу құқығын өзінде қалдырады, олар шектелуге немесе алып тасталуға тиіс.

      3. Неғұрлым айқындылық үшін осы бапта "осыған ұқсас мән-жайларға" сілтеме жасау инвестицияның барлық мән-жайының әрбір жағдайында жан-жақты зерделеуді талап етеді.

6-бап

Экспроприация және өтемақы

      1. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы, екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына тиесілі инвестицияларды мемлекет меншігіне алмауға немесе тікелей немесе жанама экспроприациялау бойынша мақсатты шараларды немесе оларға ұқсас әсері бар кез келген басқа да шараларды (бұдан әрі "экспроприация" деп аталатын), егер мұндай шаралар қоғамдық мүдде үшін қабылданбаса, қолданбауға тиіс. Экспроприация тиісті құқықтық рәсім шеңберінде, кемсітусіз негізде және тиімді, жылдам және барабар өтемақы төленген жағдайда жүзеге асырылуға тиіс. Мұндай өтемақы экспроприация алдында немесе алдағы экспроприация туралы жұртшылыққа белгілі болғанға дейін қайсысы ертерек келетініне байланысты (бұдан әрі "бағалау күні" деп аталатын) экспроприацияланған инвестициялардың әділ нарықтық құнының өлшемшарттарына сәйкес келуге тиіс. Өтемақы сомасы экспроприация күнінен бастап төлем күніне дейінгі әдеттегі коммерциялық мөлшерлеме бойынша пайыздарды қамтуға тиіс, осы Келісімнің 9-бабына ("Төлемдер мен аударымдар") сәйкес жүргізілуге және нақты жүзеге асырылатын болуға тиіс.

      2. Егер тараптар арасында өтемақы сомасы туралы келісімге қол жеткізілмесе, ол осы Келісімнің 12-бабының ("Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу") ережелеріне сәйкес шешілуге тиіс.

      3. Мұндай нарықтық құн бағалау күні осы валюта үшін қолданылатын нарықтық айырбас бағамы бойынша еркін пайдаланылатын валютада көрсетілуге тиіс. Өтемақы кідіріссіз төленуге тиіс және ресми түрде танылып, еркін пайдаланылатын валютада аударылуға тиіс. Өтемақы экспроприация күнінен бастап төлем күніне дейінгі пайыздарды да қамтуға тиіс.

      4. Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағының кез келген бөлігінде өзінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес тіркелген немесе құрылған және ондағы акциялар екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторларына тиесілі заңды тұлғаның активтерін экспроприациялаған жағдайда, ол екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің осы акциялардың иелері болып табылатын инвесторларына ұсынылатын инвестицияларға қатысты барабар және тиімді өтемақыға кепілдік беретіндей осы баптың қолданылуын қамтамасыз етеді.

      5. Неғұрлым айқындылық үшін Уағдаласушы Тараптар:

      a) экспроприация тікелей де немесе жанама да болуы мүмкін екенін өзінің жалпы түсінетінін растайды:

      i. инвестициялар мемлекет меншігіне алынған немесе өзгеше түрде меншік құқығын ресми түрде беру немесе тікелей алып қою арқылы тікелей экспроприацияланған кезде тікелей экспроприация орын алады;

      ii. Уағдаласушы Тараптың шарасы немесе шаралар сериясы тікелей экспроприацияға баламалы әсерге ие болған кезде жанама экспроприация орын алады, өйткені меншік құқығын ресми берусіз немесе тікелей алып қоюсыз өз инвестицияларына иелік ету, пайдалану және билік ету құқығына қоса алғанда, ол инвесторды өзінің инвестицияларына меншіктің негізгі атрибуттарынан айтарлықтай айырады.

      b) Уағдаласушы Тараптың шарасы немесе шаралар сериясы нақты жағдайда жанама экспроприация болып табылатынын не табылмайтынын айқындау әрбір нақты жағдайда фактілерге негізделген, басқалармен қатар, төмендегілер сияқты факторларды ескере отырып тергеп-тексеру жүргізуді талап ететінін өзінің жалпы түсінетінін растайды:

      i. шараның немесе шаралар сериясының экономикалық әсері, Уағдаласушы Тараптың шарасы немесе шаралар сериясы инвестициялардың экономикалық құнына теріс әсер ету фактісінің өзі жанама экспроприацияның орын алғанын растайды;

      ii. Уағдаласушы Тарап жүзеге асырған шараның немесе шаралар сериясының ұзақтығы;

      iii. шараның немесе шаралар сериясының сипаты, атап айтқанда олардың объектісі мен мән-мәтіні.

      6. Неғұрлым айқындылық үшін шараның немесе бірқатар шаралардың әсері оның мақсаттары тұрғысынан соншалықты елеулі және шектен тыс болатын сирек мән-жайларды қоспағанда, климаттың өзгеруін, қоғамдық моральді, әлеуметтік қорғауды немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты және деректерді қорғауды немесе мәдени әртүрлілікті ынталандыру мен қорғауды қоса алғанда, қоғамдық денсаулық сақтауды, әлеуметтік көрсетілген қызметтерді, мемлекеттік білім беруді, қауіпсіздікті, қоршаған ортаны қорғау сияқты заңды саяси мақсаттарды қорғау үшін әзірленген және қолданылатын Уағдаласушы Тараптардың кемсітпейтін шаралары жанама экспроприация болып табылмайды.

7-бап

Залалдарды өтеу

      1. Екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында соғыс немесе басқа да қарулы қақтығыс, төтенше жағдай, революция, көтеріліс немесе бүлік салдарынан өз инвестицияларынан залал шеккен Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің инвесторларына екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті тарапынан реституцияға, залалдарды өтеуге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты инвестор үшін қолайлылығы кем емес режим берілетін болады.

      2. Осыдан туындайтын төлемдер нарықтық айырбас бағам бойынша еркін пайдаланылатын валютада болуға тиіс.

8-бап

Төлем балансын қорғауға арналған шектеулер

      1. Төлем балансын елеулі түрде бұзған және сыртқы қаржылық қиындықтар немесе олардың туындау қаупі төнген жағдайда Уағдаласушы Тарап инвестициялармен байланысты төлемдерге немесе аударымдарға шектеулерді енгізуі немесе сақтауы мүмкін. Экономикалық даму процесінде Уағдаласушы Тараптың төлем балансына ерекше қысым жасау, басқалармен қатар, оның экономикалық даму бағдарламасын іске асыру үшін жеткілікті қаржы резервтерінің деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз ету үшін шектеулерді қолдануды талап етуі мүмкін деп танылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған шектеулер:

      а) Халықаралық валюта қоры Келісімінің баптарына сәйкес келуге;

      b) екінші Уағдаласушы Тараптың коммерциялық, экономикалық және қаржылық мүдделеріне қажетсіз залал келтіруге жол бермеуге;

      с) осы баптың 1-тармағында сипатталған мән-жайларды жою үшін талап етілгеннен аспауға;

      d) осы баптың 1-тармағында баяндалған жағдайдың жақсаруына қарай уақытша сипатта болуға және біртіндеп күші жойылуға; және

      е) ұлттық режим негізінде және екінші Уағдаласушы Тарапқа кез келген үшінші мемлекетке қарағанда кем емес қолайлы етіп қолданылуға тиіс.

      3. Екінші Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған не белгіленген кез келген шектеулер туралы не осындай шектеулерге қатысты кез келген өзгерістер жөнінде дереу хабардар етілуге тиіс.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қандай да бір шектеулер белгілеген Уағдаласушы Тарап өзі қабылдаған шектеулерді қайта қарау мақсатында екінші Уағдаласушы Тараппен консультацияларға бастама жасауға тиіс.

9-бап

Төлемдер мен аударымдар

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап инвесторлар барлық салықтық міндеттемелерін орындағаннан кейін инвесторларға екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторлары осы мемлекеттің аумағында жүзеге асырған осындай инвестицияларға байланысты төлемдердің еркін аударылуын қамтамасыз етеді, атап айтқанда, бірақ олармен шектелмей:

      а) инвестицияларға қызмет көрсету және оларды ұлғайту үшін пайдаланылатын капитал және қосымша капитал сомаларын;

      b) кірістерді;

      c) инвестицияларға байланысты ол бойынша пайыздарды қоса алғанда, қандай да бір кредитті өтеуді;

      d) акцияларды сатудан түскен пайданы;

      е) сатылған немесе ішінара сатылған немесе таратылған инвесторлар алған кірісті;

      f) бір Уағдаласушы Тарап мемлекеті жеке тұлғаларының немесе екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларға байланысты жұмыс істейтін шетелден тартылған басқа да персоналдың кірісін;

      g) инвестициялық дау бойынша төлемдерді;

      h) осы Келісімнің 6-бабына ("Экспроприация және өтемақы") сәйкес өтемақыны қамтиды.

      2. Осы бапқа сәйкес аударымдар еркін пайдаланылатын кез келген валютада және аударым күніне қолданыста болатын нарықтық айырбастау бағамы бойынша кідіріссіз жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Сот қаулысына сәйкес Уағдаласушы Тарап, егер мыналарға:

      а) банкроттыққа, төлем қабілетсіздігіне немесе кредиторлардың құқықтарын қорғауға;

      b) инвестицияларда жүзеге асыру жөніндегі операциялық қызметке байланысты қылмыстық немесе қылмыстық жазаланатын қылмыстарға;

      c) инвестицияларды жүзеге асыру жөніндегі операциялық қызметке ғана байланысты сот талқылаулары барысында бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің сақталуын қамтамасыз етуге; және

      d) салықтық төлемдерді орындамауға байланысты күтпеген бұзушылықтарды анықтайтын болса, белгілі бір кезеңге қаражат аударуды кешіктіруі мүмкін.

      Мұндай кідіріс әділ және кемсітушіліксіз негізде және адал ниетпен жүзеге асырылуға тиіс.

      4. Уағдаласушы Тараптар осы бапта айтылған аударымдарға кез келген үшінші мемлекет жүзеге асырған инвестициялардан туындайтын аударымдарға берілетін режимнен қолайлылығы кем емес режим беруге міндеттенеді.

10-бап

Суброгация

      1. Егер Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы өз инвесторларының кез келгенінің инвестицияларына қатысты коммерциялық емес тәуекелдер үшін қандай да бір өтемақыға кепілдік берсе және осындай инвесторларға осы Келісім бойынша олардың талаптарына қатысты төлемдер жүргізсе, екінші Уағдаласушы Тарап бірінші Уағдаласушы Тараптың немесе оның уәкілетті органының суброгацияға байланысты осы инвесторлардың құқықтарын жүзеге асыруға және талаптарын қорғауға құқығы бар екеніне келіседі. Концессиялық құқықтары немесе талаптар мұндай инвесторлардың бастапқы құқықтарынан немесе талаптарынан аспауға тиіс.

      2. Суброгация жағдайында, осы баптың 1-тармағында айқындалғандай, егер мұндай инвесторға Уағдаласушы Тарап немесе оның уәкілетті органы уәкілеттік бермесе, инвестордың талап қоюға құқығы жоқ.

11-бап

Артықшылықтардан бас тарту

      1. Хабарламадан кейін Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің мыналарға:

      a) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңды тұлғасы болып табылатын осындай Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторына және егер мұндай заңды тұлға үшінші Тараптың инвесторларына тиесілі немесе олардың бақылауында болса және бас тартушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің осы үшінші Тараппен дипломатиялық қатынастары болмаса, осындай инвестордың инвестицияларына;

      b) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңды тұлғасы болып табылатын осындай Уағдаласушы Тараптың инвесторына және егер үшінші Тараптың инвесторы осы заңды тұлғаны иеленсе немесе бақыласа және ол екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында елеулі коммерциялық операциялар жүргізбесе, осындай инвестордың инвестицияларына қатысты артықшылықтарынан бас тарта алады.

12-бап

Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу

      1. Осы Келісім бойынша қабылдаушы Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы арасындағы қабылдаушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларға тікелей байланысты туындайтын кез келген дау мүмкіндігінше, дау тараптары арасында бейбіт жолмен шешілуге тиіс.

      2. Егер мұндай дауды осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес реттеу туралы жазбаша сұрау салынған күннен бастап алты ай ішінде реттеу мүмкін болмаса, мүдделі инвестор өз қалауы бойынша дауды шешу үшін:

      a) инвестициялар жүзеге асырылған мемлекеттің аумағындағы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің құзыретті сотына; немесе

      b) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қойылған мемлекеттер мен басқа да мемлекеттердің азаматтары арасындағы инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа; немесе

      c) Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) қабылдаған ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентіне сәйкес (бұдан әрі "ЮНСИТРАЛ Төрелік регламенті" деп аталады) "ad hoc" халықаралық төрелік сотына; немесе

      d) дау тараптарының келісуі бойынша "Астана" халықаралық қаржы орталығының Халықаралық төрелік орталығына немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының сотына; немесе

      e) дау тараптарының келісуі бойынша Қатар Халықаралық реттеу және төрелік орталығына; немесе

      f) дау тараптарының келісуі бойынша кез келген басқа да төрелік мекемелерге немесе кез келген басқа да төрелік регламентке сәйкес бере алады.

      Инвестор жоғарыда аталған дауды шешу жолдарының бірін таңдағаннан кейін, қалғандарын қолдану мүмкін емес.

      3. Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторы осы баптың 2-тармағында көзделген төрелік даудың нысанасына, мазмұнына және бөлшектеріне қатысты құпиялылықты сақтайды.

      Егер инвестор болжамды бұзушылық туралы алғаш білген күннен бастап 5 (бес) жылдан астам уақыт өтсе, осы баптың 2-тармағына сәйкес реттеу үшін ешқандай талап қоюға болмайды.

13-бап

Үшінші тұлғалардың дауларды қаржыландыруы

      1. Үшінші тараптар дауды қаржыландырған жағдайда мұндай қаржыландырудан пайда алатын дау тарапы даудың екінші тарапына және сотқа (төрелікке) қаржыландыру туралы келісімнің бар екені және сипаты туралы, сондай-ақ қаржыландыруды жүзеге асыратын үшінші тараптың атауы мен мекенжайын ашып көрсетуге тиіс.

      2. Мұндай хабарлама талап берілген кезде не егер қаржылық келісім жасалған болса немесе талап берілгеннен кейін субсидия немесе грант берілетін болса, келісім жасалғаннан немесе субсидия немесе грант берілгеннен кейін дереу жіберілуге тиіс.

      3. "Үшінші тараптардың қаржыландыруы" дау тарапы болып табылмайтын, бірақ даудың нәтижесіне байланысты сыйақының орнына рәсімге байланысты шығыстарды ішінара немесе толық қаржыландыру мақсатында тараптардың бірімен келісім жасасатын мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасының кез келген қаржыландыруын немесе дау тарапы болып табылмайтын мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасының грант немесе субсидия нысанындағы кез келген қаржыландыруын білдіреді.

14-бап

Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу

      1. Екі Уағдаласушы Тарап та өздерінің арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе орындауға байланысты туындайтын кез келген дауларды адал және ынтымақтастық арқылы әділ және жедел реттеуге ұмтылады. Осыған байланысты екі Уағдаласушы Тарап та осындай реттеуге қол жеткізу үшін тікелей объективті келіссөздер жүргізуді бастауға міндеттенеді. Егер келіспеушіліктер Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің келіссөздер жүргізу туралы жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап алты ай ішінде реттелмейтін болса, ол кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша үш мүшеден тұратын "ad hoc" Төрелігіне берілуі мүмкін.

      2. Сұрау салу алынған күннен бастап екі ай ішінде әрбір Уағдаласушы Тарап бір-бір төрешіні тағайындайды және осылайша тағайындалған екі төрешіні екі ай ішінде және екі Уағдаласушы Тараптың мақұлдауымен Төрелік төрағасы ретінде үшінші тарап азаматын тағайындайды.

      3. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзім ішінде қажетті тағайындаулар жүргізілмесе, кез келген Уағдаласушы Тарап қандай да бір басқа келісім болмаған жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Халықаралық Сотының Төрағасына кез келген қажетті тағайындауды жүргізуді ұсына алады. Егер БҰҰ Халықаралық Сотының Төрағасы Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылса немесе көрсетілген функцияны өзгеше түрде орындай алмаса, көрсетілген тағайындауларды орындау үшін БҰҰ Халықаралық Сотының Вице-Президенті шақырылуы тиіс. Егер БҰҰ Халықаралық Сотының Вице-Президенті Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылса немесе егер ол өзге себептермен көрсетілген функцияны орындай алмаса, қандай да бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің азаматы болып табылмайтын БҰҰ Халықаралық Сотының одан кейінгі мүшесі қажетті тағайындауларды жүзеге асыру үшін шақырылатын болады.

      4. Төрелік өз шешімдерін көпшілік дауыспен қабылдайды. Мұндай шешімдер екі Уағдаласушы Тарап үшін де түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап Төреліктегі өз мүшесінің және Төрелік талқылаудағы өз өкілдіктерінің шығыстарын көтереді; Төрелік төрағасының шығыстарын және қалған шығыстарды Уағдаласушы Тараптар тең үлестермен төлейді. Алайда Төрелік екі Уағдаласушы Тараптың бірінің шығыстардың неғұрлым жоғары үлесін көтеретіні туралы шешім қабылдай алады және бұл шешімнің екі Уағдаласушы Тарап үшін де міндетті күші болады. Төрелік өзінің жеке рәсімдерін айқындайды.

      5. Егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Гаагадағы (Нидерланды) Төреліктің Тұрақты палатасы төрелік жүргізетін орын болады.

      6. Барлық талап қоюлар ұсынылуға тиіс және егер өзгеше келісілмесе, барлық тыңдаулар Төреліктің төрағасы тағайындалған күннен бастап алты ай ішінде аяқталуға тиіс. Төрелік өз шешімін түпкілікті талап қоюлар берілген күннен немесе жалпы сессиялардың жабылу күнінен бастап екі ай ішінде қайсысының кейін болуына қарай қабылдауға тиіс.

      7. Егер нақ сол дау осы Келісімнің 12-бабының ("Уағдаласушы Тарап пен екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы арасындағы дауларды реттеу") ережелеріне сәйкес басқа Төрелікке берілсе және әлі де осы Төреліктің қарауында болса, осы баптың ережелеріне сәйкес дауды Төрелікке беруге жол берілмейді.

15-бап

Неғұрлым қолайлы жағдайлар

      1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі мемлекетінің ұлттық заңнамасы немесе осы Келісімге қосымша Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттері арасында қазіргі уақытта қолданылып жүрген немесе кейіннен белгіленген халықаралық құқық бойынша міндеттемелер екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторларының инвестицияларына осы Келісімге сәйкес көзделген режимге қарағанда неғұрлым қолайлы режимге құқық беретін жалпы немесе нақты ережені қамтыса, мұндай ереже осы Келісімнен инвестор үшін неғұрлым қолайлы шамада басым күшке ие болады.

      2. Бір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің инвесторына беретін шарттар оның ұлттық заңнамасына немесе қабылдаушы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жасалған нақты шарттың немесе келісімнің басқа ережелеріне сәйкес осы Келісім бойынша көзделгендерге қарағанда неғұрлым қолайлы болып табылатын барлық жағдайларда, осы инвесторға неғұрлым қолайлы жағдайлар қолданылуға тиіс.

16-бап

Транспаренттік

      Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің заңдарын, қағидаларын, рәсімдерін, әкімшілік қаулылары мен жалпы қолданылатын сот шешімдерін, сондай-ақ екінші Уағдаласушы Тарап мемлекеті инвесторының бірінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларына қатысты болуы мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялайды немесе өзгеше түрде, ұлттық заңнамаға сәйкес жұртшылыққа ұсынады.

17-бап

Күшіне енуі және өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Уағдаласушы Тараптар өзара келісу бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

18-бап

Қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім 10 (он) жыл бойы қолданылады және егер бастапқы немесе кез келген кейінгі кезең өткенге дейін бір жылдан кешіктірілмей Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімді ұзартпау ниеті туралы хабардар етпесе, автоматты түрде осындай кезеңдерге ұзартылады.

      Егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу мерзімі ішінде жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты тоқтатылған күнінен бастап он жыл ішінде оның іске асырылуына әсер етпейді.

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 2008 жылғы 4 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ауыстырады.

      2. Осыны куәландыру үшін өздерінің тиісті үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      Екі түпнұсқада тең түпнұсқалы екі данада қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қатар МемлекетініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады