Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 қарашадағы № 861 қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 152-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 2 қарашадағы
№ 861 қаулысымен
бекітілген

Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 152-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі – бірыңғай жүйе) Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған мониторингтің қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану, адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын табиғи және антропогендік ортаның зиянды факторларының әсерінен, сондай-ақ климат өзгеріcінің әсерінен және климат өзгерісінің болжамды әсерінен қорғау мәселелерін тікелей немесе жанама түрде қамтитын барлық жүйесін, кіші жүйесін және түрін біріктіретін, мемлекет қамтамасыз ететін көп мақсатты жүйені білдіреді.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) бастапқы деректер – мониторинг түрлерінің нәтижелері бойынша алынған және жинақтап-қорытуға, өңдеуге немесе талдауға ұшырамаған деректер. Өндірістік мониторингтің өңделмеген деректері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесінен алынған деректер бастапқы деректерге жатады.

      Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының элементі болып табылады;

      2) ақпараттық өнім – алғашқы деректерді жинақтап-қорыту, өңдеу және талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат. Ақпараттық өнімге талдамалық есептер, анықтамалар, баяндамалар, мәтіндік мазмұндағы өзге де құжаттар, картографиялық ақпарат, статистикалық нысандар мен есептілік, өндірістік экологиялық бақылау жөніндегі есептілік, сондай-ақ біріктірілген (статистикалық) сипаттағы өзге де ақпарат жатады.

      4. Жүйе мынадай элементтерді қамтиды:

      1) бірыңғай жүйеге қатысушылар;

      2) Кодекске сәйкес бірыңғай жүйе құрылымына енгізілген мониторингтің жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері;

      3) "Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – деректер банкі).

2-тарау. Жүйе деректерін жинауға, жинақтауға, сақтауға, есепке алуға, жүйелеуге, жинақтап-қорытуға, өңдеуге және талдауға қойылатын бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және өзге де талаптар

      5. Жүйелерде және кіші жүйелерде ақпарат жинауды, сондай-ақ оны жинақтауды, сақтауды, есепке алуды, жүйелеуді, жинақтап-қорытуды, өңдеуді және талдауды үйлесімді ақпараттық жүйелері бар бірыңғай жүйе қатысушылары өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.

      6. Бірыңғай жүйені жүргізу жөніндегі қызметті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      7. Ақпарат жинау рәсімі қоршаған ортаның жай-күйі мен оның ластануының ықтимал теріс өзгерістерін уақтылы анықтау және алдын алу үшін мониторинг деректерінің жеделдігін, толықтығын және анықтығын қамтамасыз етуге тиіс.

      8. Ақпарат мониторинг түріне қарамастан мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) бақылау пунктінің географиялық координаттары және сәйкестендіргіші (елді мекеннің, әкімшілік және (немесе) географиялық объектінің атауы);

      2) өлшенетін параметр және оның мәні;

      3) мониторинг нәтижелері;

      4) мониторинг объектісінің атауы.

      9. Бірыңғай жүйеге қатысушылар ақпарат жинауды құзыреті шегінде тоқсан сайын тоқсанның екінші айының бірінші күніне дейін, деректер банкіндегі деректерді жаңарту арқылы жүргізеді.

      10. Деректерді жинақтау деректер банкінде жүзеге асырылады.

      11. Жүйеде деректерді жүйелеу электрондық түрде және мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) экологиялық мониторинг;

      2) табиғи ресурстар мониторингі;

      3) арнайы мониторинг;

      4) метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг;

      5) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі.

      12. Мониторингті жүзеге асыру нәтижелері бойынша алынған деректерді өңдеуді және талдауды бірыңғай жүйенің әрбір қатысушысы жүзеге асырады.

      13. Бірыңғай жүйеге қатысушылар ұсынған ақпаратты есепке алуды, жинақтап-қорытуды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      14. Деректер банкіндегі деректер 5 жыл сақталады.

      Ақпаратты электрондық түрде сақтау істен шығуға төзімді, сондай-ақ сыртқы әсерлерден және санкцияланбаған қол жеткізуден қорғалған арнаулы бағдарламалық-техникалық кешендер пайдаланылып орындалады.

      15. Бірыңғай жүйені енгізу кезінде "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысына сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары ескеріледі.

      16. Бірыңғай жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету деректердің салыстырмалығын және ақпараттық ресурстардың үйлесімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай ұйымдастырушылық, әдіснамалық, метрологиялық және ақпараттық тәсіл негізінде жүзеге асырылады.

      17. Арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ақпараттық жүйелер немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бар болса, олар бірыңғай жүйенің кіші жүйелерінде мәліметтерді толықтыру мен жаңартуды оларды интеграциялау немесе деректер банкімен автоматтандырылған деректер алмасу арқылы жүзеге асырылады.

3-тарау. Бірыңғай жүйеге қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл және жұмыс процесін үйлестіру тәртібі

      18. Мыналар:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;

      2) арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар;

      3) бірыңғай жүйе құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдар;

      4) Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті жеке және заңды тұлғалар бірыңғай жүйеге қатысушылар болып табылады.

      19. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингін жүзеге асыратын арнайы уәкілетті органға мыналар жатады:

      1) әскери-сынақ полигондарының мониторингін, сондай-ақ төтенше экологиялық ахуал аймақтарындағы және экологиялық апат аймақтарындағы экологиялық жағдай мониторингті ұйымдастыруды жүзеге асыратын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;

      2) "Байқоңыр" зымыран-ғарыш кешені мониторингінің жұмыс істеуін ұйымдастыруды жүзеге асыратын ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган;

      3) санитариялық-эпидемиологиялық мониторингін жүзеге асыратын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;

      4) жер мониторингін жүргізуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган;

      5) жер қойнауының мемлекеттік мониторингін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті орган;

      6) жануарлар дүниесінің мониторингін жүзеге асыратын жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның ведомствосы;

      7) су объектілерінің мемлекеттік мониторингін жүзеге асыратын су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы;

      8) Кодекстің 157-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген құзырет шегінде жергілікті атқарушы органдар.

      20. Бірыңғай жүйеге қатысушылар арасындағы жұмыс процестерін үйлестіруді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      21. Бірыңғай жүйеге қатысушылар арасында, оның ішінде деректер банкі шеңберінде ақпарат алмасу өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Бірыңғай жүйені жүргізу үшін қажетті ақпарат алмасу бірыңғай жүйеге қатысушыларға деректер банкіне рұқсат беру арқылы электрондық коммуникациялар құралдары бойынша жүзеге асырылады.

      Бағдарламалық құралдар жүйесі бірыңғай жүйеге қатысушылар арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ете отырып, ақпаратты бірыңғай әдістемелік негізде жинақтауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      22. Бірыңғай жүйенің құрылымына енгізілген мониторинг жүйелері, кіші жүйелері мен түрлері шеңберінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйін қағадалау Жерді қашықтан зондтау деректері пайдаланылып та жүргізіледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.04.2023 № 304 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Бірыңғай жүйе мынадай мониторинг жүйелерін қамтиды:

      1) экологиялық мониторинг;

      2) табиғи ресурстар мониторингі;

      3) арнайы мониторинг;

      4) метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг;

      5) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі.

      24. Экологиялық мониторинг Кодекстің 159-бабына сәйкес жүргізіледі.

      25. Табиғи ресурстар мониторингі Кодекстің 160-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Арнайы мониторинг Кодекстің 161-бабында көзделген түрлерді қамтиды.

      27. Кодекстің 166-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, жалпымемлекеттік және халықаралық маңызы бар арнайы мақсаттағы қызметтер көрсетуді және арнаулы ақпарат дайындауды қамтитын метеорологиялық және гидрологиялық мониторинг пен қоршаған орта жай-күйінің мониторингін жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға – Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асырады.

4-тарау. Деректер банкін, оның құрылымы мен ақпарат көздерін, сондай-ақ оған бірыңғай жүйеге қатысушылардың және өзге де мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізу қағидаларын, деңгейлерін, тәртібі мен шарттарын қалыптастыру және оның жұмыс істеу тәртібі

      28. Бірыңғай жүйеге қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өздерінде бар қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингі жүйелеріне қолжетімділік береді.

      29. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган деректер банкін қалыптастыру және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін жұмыс тобын құрады, оның құрамына бірыңғай жүйеге қатысушылардың өкілдері кіреді.

      30. Деректер банкін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 40-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Деректер банкі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілгеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тәжірибелік пайдалану сатысында интеграцияланбаған мониторинг жүйелерін интеграциялауды жүзеге асырады.

      31. Деректер банкіне жаңа мониторинг жүйелерін қосу және (немесе) ондағы деректерге өзгерістер енгізу жаңа ақпараттық жазбалар жасау арқылы жүзеге асырылады.

      32. Деректерді жинақтау, сақтау, жүйелеу, интеграциялау және автоматтандырылған алмасуды, бірыңғай жүйеге қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылды және жұмыс процестерін үйлестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін ақпаратқа қолжетімділік беруді автоматтандыру деректер банкінің жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылады.

      Деректер банкін құруды, оның жұмыс істеуін, жүргізілуі мен пайдаланылуын ұйымдастыруды, сондай-ақ осыған байланысты барлық жұмыс процесінің үйлестірілуін қамтамасыз етуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      33. Деректер банкі:

      1) бірыңғай жүйенің құрылымына енгізілген мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің деректер банктері;

      2) табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрлары;

      3) қалдықтардың мемлекеттік кадастры;

      4) мемлекеттік климат кадастры;

      5) мемлекеттік көміртек кадастры;

      6) озонды бұзатын заттарды тұтынудың мемлекеттік кадастры;

      7) Қазақстан Республикасының ластағыштардың шығарылуы мен көшірілуінің тіркелімі;

      8) экологиялық рұқсаттардың және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларациялардың мемлекеттік тізілімі;

      9) қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі;

      10) тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімі арасында деректерді интеграциялау мен автоматтандырылған алмасуды қамтамасыз етеді.

      34. Деректер банкіне электрондық нысанда:

      1) объектінің операторлары Кодекстің 187-бабына сәйкес өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша мерзімді есептер;

      2) тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері Кодекстің 368-бабына сәйкес көліктің қозғалысы туралы толық навигациялық ақпарат ұсынады.

      35. Бірыңғай жүйені жүргізу үш деңгейде жүзеге асырылады:

      1) жергілікті деңгейде өндірістік мониторинг, қоғамдық мониторинг және жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің нақты учаскелерінде, елді мекендерден тыс жерлерде, жерүсті және жерасты су объектілерінен тыс жерлерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұйымдастыратын мониторинг түрлері жүргізіледі;

      2) өңірлік деңгейде өңірлердің физикалық-географиялық және экономикалық ерекшеліктері, экологиялық жүктемесі бар аймақтардың және қоршаған ортаның жай-күйі мен табиғи ресурстарды пайдалануға ықпал ететін табиғи және антропогендік факторлар кешенінің бар-жоғы ескеріле отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде мониторинг түрлері жүргізіледі;

      3) республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын, қажет болған кезде жалпымемлекеттік маңызы бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілер бөліп алынып мониторинг жүргізіледі.

      36. Деректер банкіне қол жеткізу мынадай шарттар сақтала отырып беріледі:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар және біріңғай жүйенің құрылымына енгізілген мониторинг түрлерін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген ұйымдар барлық ақпаратпен (бастапқы деректерге және ақпараттық өнімге) танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігімен шектеусіз қол жеткізуге құқылы;

      2) жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, барлық ақпараттық өніммен танысу, көшіру және қайта жаңғырту мүмкіндігімен шектеусіз қол жеткізуге құқылы.

      37. Жеке және заңды тұлғалар деректер банкіндегі ақпараттық өнімге тікелей электрондық құралдардың көмегімен кедергісіз қол жеткізе алмаған жағдайларда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ақпараттық өнімді тиісті сұрау салуды алғаннан кейін бір айдан кешіктірмей басқа кез келген тиімді құралдардың көмегімен беруді қамтамасыз етеді.

      38. Деректер банкіне қолжетімділік өтеусіз негізде беріледі.

      39. Бірыңғай жүйені жүргізуді қаржыландыру Кодекстің 158-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады