Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 4 тамызда Нұр-Сұлтанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Андорра Княздігінің Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Андорра Княздігінің Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Андорра Княздігінің Үкіметі
Тарап мемлекеттері арасындағы достық қарым-қатынастарға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
өз мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттерінің аумағына кіруін жеңілдету мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды жол жүру құжаттарының иелері осы Келісімнің Уағдаласушы тараптарының бірінің аумағына көп мәрте келуге/кетуге қатысты Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірмей бірінші келген кезінен бастап 365 күннен тұратын әрбір кезең ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезеңге екінші Тарап мемлекетінің аумағына бір мәрте немесе көп мәрте кіру, шығу, транзит, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін көрсетілген 90 (тоқсан) күндік мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады.
2. Жұмысқа орналасу немесе оқу мақсатында екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы баптың 1-тармағында көзделген барынша көп кезеңнен ұзағырақ қалуға ниет білдірген бір Тарап мемлекетінің азаматтары, жарамды жол жүру құжаттарының иелері осы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес талап етілетін тиісті визаны алуға тиіс.
2-бап
1. Дипломатиялық паспорт; қызметтік паспорт; Қазақстан Республикасы азаматының паспорты; қайтып оралуға арналған куәлік Қазақстан Республикасының қолданыстағы жол жүру құжаттары болып табылады.
2. Дипломатиялық паспорт; қызметтік паспорт; уақытша жол жүру құжаты Андорра Князьдігінің қолданыстағы жарамды жол жүру құжаттары болып табылады.
3-бап
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынаспен саяхаттаушылар үшін ашық пункттер арқылы кіріп, шыға алады немесе транзитпен өте алады және соңғы Тарап мемлекетінің кіруге, шығуға және транзитке қатысты шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылатын заңнамасын сақтауға тиіс.
4-бап
1. Осы Келісім екінші Тарап мемлекеті азаматтарының өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіптің қорғалуын немесе халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында кіруіне немесе болуына рұқсат алуына бас тарту бойынша Тараптар құқығын шектемейді.
2. Осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің нон-грата персоналарына немесе қолайсыз азаматтарына себептерін көрсетпестен, өз мемлекетінің аумағына кіруіне тыйым салу немесе өз мемлекетінің аумағында олардың болуын тоқтату бойынша Тараптар құқығын шектемейді.
5-бап
Андорра Князьдігінің аумағында болған кезінде өзінің жол жүру құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары Андорра Князьдігінің аумағында аккредиттелген Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық бөлімшелері ұсынған жол жүру құжаттарын пайдалана отырып, Андорра Князьдігінің аумағынан тыс жерлерге шыға алады. Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтары Андорра Князьдігінің құзыретті органдары тарапынан виза немесе басқа да рұқсат алу қажеттілігінсіз Андорра Князьдігінің аумағынан тыс жерлерге шыға алады. Қазақстан Республикасының аумағында болу кезінде өзінің жол жүру құжаттарын жоғалтқан Андорра Князьдігінің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында Испания Корольдігінің не Француз Республикасының дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық бөлімшелері ұсынған жол жүру құжаттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шыға алады.
Мұндай жағдайларда Андорра Князьдігінің азаматтары Қазақстан Республикасының құзыретті органдары тарапынан виза немесе басқа да рұқсат алу қажеттілігінсіз Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шыға алады.
6-бап
Бір Тарап мемлекетінің форс-мажорлық мән-жәйлар салдарынан бірінші келген кезінен бастап 365 күннен тұратын әрбір кезең ішіндегі күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағынан кету мүмкіндігі жоқ азаматтары олардың болу мемлекетінің аумағынан шығуы үшін қажетті уақыт кезеңіне дейін болуын ұзартуға рұқсат беру үшін осы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына өтінішпен жүгінуге тиіс.
7-бап
1. Тараптар осы Келісім күшіне енген кезге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімінің 2-бабында көрсетілген өздерінің жарамды жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
2. Жаңа жол жүру құжаттары енгізілген немесе қолданыстағылары өзгерген жағдайда Тараптар біріне бірі бұл туралы дереу хабарлайды және осындай жол жүру құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ олардың қолданылуына қатысты ақпаратты олар ресми енгізілгенге немесе өзгертілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
8-бап
1. Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіптің қорғалуын немесе халық денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету арқылы уақытша, ішінара немесе толық тоқтата тұруға құқығы бар. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткеннен кейін тоқтатыла тұрады. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданысын уақытша, толық немесе ішінара қалпына келтіру күнін келіседі.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды іске асыратын Тарап мемлекетінің аумағындағы екінші Тарап мемлекеті азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
10-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
11-бап
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кейін тоқтатылады.
Нұр-Сұлтан қаласында 2022 жылғы "4" тамызда әрқайсысы қазақ, каталан, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Андорра КнязьдігініңҮкіметі үшін |