1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2023 жылға арналған жоспары бойынша қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2022 жылғы 30 желтоқсанға дейін қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей тарапына жіберсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы № 1045 қаулысымен бекітілген |
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2023 жылға арналған жоспары бойынша қорытынды
1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің 2022 жылғы 10 қарашадағы № 26745/3дснг нотасы) Ресей Федерациясының "Ресейдің ғарыштық қызметі" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалары бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2023 жылға арналған жоспарын келіседі.
Бұл ретте пайдаланылуы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық шарттармен реттелмеген Қостанай және Ақтөбе облыстарының аумағында "Союз-2" тасымалдағыш зымырандарының бөлінетін бөлшектерінің жаңа құлау аудандарын пайдалануды көздейтін ғарыш аппараттарын ұшыру тиісті халықаралық шарттарға қол қойылып, олар күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін.