Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венесуэла Боливариан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1123 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венесуэла Боливариан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1123 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венесуэла Боливариан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венесуэла Боливариан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – "Тараптар")

      екі мемлекет арасындағы екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерінің жүріп-тұруын жеңілдетуге деген мүдделілікті ескере отырып;

      төмендегі туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптардың жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттарының иелері әрбір кірген кезден бастап күнтізбелік тоқсан (90) күннен аспайтын мерзімге екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз кіруге, онда қалуға және шығуға құқығы бар.

      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік тоқсан (90) күннен асатын кезеңге қалуға ниет білдірсе, онда олар тиісті визаны екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіретін күнге дейін алуға міндетті.

2-бап

      1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктердің немесе консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін виза алудан босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес сол елдің аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн ішінде қабылдаушы мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелуі тиіс.

      3. Қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бұл рәсім аккредиттелген қызметкерлердің жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын отбасы мүшелеріне қолданылады.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік шекараның рұқсат етілген өту пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетіне кіруге, оның аумағы арқылы жүріп өтуге немесе одан кетуге құқылы.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы қабылдаушы Тарап мемлекетінің аумағында нон-грата тұлға деп аталған немесе қолайсыз деп танылған осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдардың келуінен бас тарту, өз аумағында болуын қысқарту немесе тоқтату құқығын өзінде қалдырады.

5-бап

      Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтауға және құрметтеуге міндетті.

6-бап

      Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық немесе қызметтік паспортын жоғалтқан жағдайда, дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме тиісті шаралар қабылдау үшін қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарын ең қысқа уақытта хабардар етуге және жаңа жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорт, немесе тиісті жол жүру құжатын беруге міндетті.

7-бап

      1. Осы Келісім шеңберінде Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап кемінде күнтізбелік отыз (30) күн ішінде осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген жарамды паспорттардың және 6-бабында көрсетілген жол жүру құжатының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Дипломатиялық және қызметтік паспорттар өзгерген жағдайда Тараптар осындай өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді және тиісті үлгілерді олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз (30) күннен кешіктірмей жібереді.

8-бап

      1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын ішінара немесе толық тоқтата тұру құқығын өзіне қалдырады.

      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген, қабылдаушы мемлекеттің шекарасын бұрын кесіп өткен адамдардың құқықтарын қозғамайды.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің күшіне ену талаптарына сәйкес күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер жолымен дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

11-бап

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік тоқсан (90) күн өткен соң тоқтатылады.

      2022 жылғы "21" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Венесуэла БоливарианРеспубликасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады