Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Боливия Көпұлтты Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 1124 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2022 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Боливия Көпұлтты Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Ескерту. Нормативтік құқықтық
актіге қоса тіркелген
халықаралық Келісімнің мәтіні
ресми болып табылмайды. ҚР
халықаралық Келісімінің
жасасқан тілдердегі ресми
куәландырылған көшірмесін ҚР
халықаралық Келісімдерін
тіркеуге, есептеуге және
сақтауға жауапты ҚР Сыртқы
істер министрлігінен алуға
болады
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1124 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Боливия Көпұлтты Мемлекетінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Боливия Көпұлтты Мемлекетінің Үкіметі,

      Тараптардың 2013 жылғы 17 мамырда дипломатиялық қарым-қатынастар орнатқанын назарға ала отырып,

      қос мемлекеттің арасындағы екіжақты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      дипломатиялық, ресми және қызметтік паспорттар иелерінің сапарларын жеңілдетуге мүдделілікті ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Шарттың нысанасы

      1. Қазақстан Республикасының жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттары иелерінің және Боливия Көпұлтты Мемлекетінің жарамды дипломатиялық және ресми паспорттары иелерінің әрбір кірген кезде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспайтын кезең ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз кіруге, онда болуға, транзитпен өтуге және одан шығуға құқығы бар.

      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен асатын мерзімге қалуға ниет білдірсе, онда мұндай жағдайда олар екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген күнге дейін тиісті визаны алуға міндетті.

2-бап Визасыз режим қағидалары

      1. Осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген Тараптар мемлекеттерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері болып табылатын азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру үшін визаны алдын ала алудан босатылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаушы мемлекеттің аумағына кірген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде қабылдаушы мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелуге тиіс.

      3. Бұл рәсім қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес бірге тұратын, жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспорттарды иеленетін олардың отбасы мүшелеріне қолданылады.

3-бап Шекараны кесіп өту пункттері

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік шекараның рұқсат етілген кесіп өту пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруге, транзитпен өтуге және одан шығуға құқығы бар.

4-бап Кіргізуден бас тарту құқығы

      Тараптар екінші Тарап мемлекетінің болуы қошталмайтын деп қарастырылуы мүмкін азаматтарының, атап айтқанда, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығына және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін адамдардың өз аумағына келуінен бас тарту, болуын қысқарту немесе тоқтату құқығын өзінде қалдырады.

5-бап Заңнаманы сақтау

      Бір Тарап мемлекетінің осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болу кезеңінде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірмей, болатын мемлекеттің заңнамасын сақтауға және құрметтеуге міндетті.

6-бап Дипломатиялық, қызметтік немесе ресми паспортты жоғалту

      Бір Тарап мемлекетінің азаматы екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортын жоғалтқан жағдайда дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме тиісті шаралар қабылдау үшін қабылдаушы Тарап мемлекетінің құзыретті органдарын дереу хабардар етеді және жаңа жарамды дипломатиялық, ресми немесе қызметтік паспортты не тиісті жол жүру құжатын береді.

7-бап Жарамды паспорттардың даналарымен алмасу

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар осы Келісімге қол қойылған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген жарамды паспорттардың және 6-бабында көрсетілген жол жүру құжатының үлгілерімен дипломатиялық арналар арқылы алмасады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға қатысты қандай да бір өзгерістер болған жағдайда Тараптар бұл туралы екінші Тарапты хабардар етеді және оған олар қолданысқа енгізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей тиісті үлгілерді жібереді.

8-бап Осы Келісімнің қолданысын уақытша тоқтата тұру

      1. Тараптар ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті немесе халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша, не толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өздерінде қалдырады.

      2. Тараптар осы Келісімді тоқтата тұру туралы шешім күшіне енетін күнге дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей, бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етеді.

      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру осы Келісімнің 1-бабының 1-тармағында көрсетілген, екінші мемлекеттің аумағында жүрген Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтарын қозғамайды.

9-бап Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы дипломатиялық арналар бойынша шешіледі.

11-бап Күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің орындағаны туралы хабарламасын Боливия Көпұлтты Мемлекетінің Үкіметі дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісім 5 (бес) жылға жасалады және автоматты түрде ұқсас бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.

      3. Тараптар кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылатын күнге дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн бұрын жазбаша хабарлама жіберу арқылы оның қолданысын тоқтата алады.

      2022 жылғы "21" қыркүйекте Нью-Йорк қаласында әрқайсысы қазақ, испан, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Мәтіндер арасында алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Боливия Көпұлтты МемлекетініңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады