Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 желтоқсандағы № 1141 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2023 № 528 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2023 ж. қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
202 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1141 қаулысымен
бекітілген

Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мүгедектігі бар адамның техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын (бұдан әрі – оңалту құралдары), санаторий-курорттық емдеуді жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін (бұдан әрі – оңалту қызметтерін көрсету) қажет етуін бағалау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнаулы жүріп-тұру құралдары (бұдан әрі – кресло-арбалар) – мүгедектігі бар адамдардың белсенді және баяу жүріп-тұруына арналған техникалық көмек түрі;

      2) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) – мүгедектікті және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеп (белгілемей), куәландырылатын адамның организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларын қажет етуін айқындау;

      3) медициналық және психологиялық-педагогикалық диагностика – әртүрлі кемшіліктерді анықтау және емдеудің, оқыту мен тәрбиелеудің барабар жағдайларын айқындау үшін балалардың психофизикалық дамуын кешенді пәнаралық бағалау;

      4) медициналық куәландыру – жеке тұлғаны онда аурудың болу немесе болмау фактісін анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын айқындау мақсатында зерттеп-қарау;

      5) мультипәндік топ – пациент организмінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жай-күйінің ауырлығына байланысты қалыптастырылатын әртүрлі мамандар тобы;

      6) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедектігі бар адамды оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат;

      7) міндетті гигиеналық құралдар – табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған құралдар;

      8) мүгедектігі бар адамның оңалту әлеуеті – медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде адамның организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші;

      9) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды ықтималдығы және мүгедектігі бар адамның қоғамға интеграциялануының болжамды деңгейі;

      10) оңалту-сараптамалық диагностика – оңалту әлеуетін, оңалту болжамын бағалау;

      11) психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (бұдан әрі – ПМПК) – балаларды зерттеп-қарауды және оларға консультация беруді, ерекше білім беру қажеттіліктерін және білім алу үшін арнаулы жағдайларды бағалауды, білім беру бағдарламасын айқындауды жүзеге асыратын, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға жолдайтын білім беру ұйымы;

      12) протездік-ортопедиялық көмек – мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету және оларды пайдалануға үйрету жөніндегі медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі;

      13) протездік-ортопедиялық құралдар – кем аяқ-қолды немесе дененің басқа да бөліктерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудің салдарынан организмнің бұзылған немесе жоғалған функцияларының орнын толтыратын құралдар;

      14) санаторий-курорттық емдеу – адамдардың санаторий-курорттық ұйымда уақытша болуы жағдайларында жүргізілетін медициналық оңалту түрі;

      15) сурдотехникалық құралдар – есту қабілетінің бұзылуын түзеуге және оның орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның ішінде дыбысты күшейтетін байланыс және ақпарат беру құралдары;

      16) техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар – протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар және міндетті гигиеналық құралдар;

      17) тифлотехникалық құралдар – мүгедектігі бар адамдардың көру қабілетінің бұзылуы салдарынан жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;

      18) тыныс-тіршіліктің шектелуі – адамның өзін-өзі қарап-күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінapa айырылуы;

      19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Мүгедектігі бар адамның оңалту құралдарын және көрсетілетін қызметтерін қажет етуін бағалауды жүргізу тәртібі

      3. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына (бұдан әрі – сыныптауыш) сәйкес мүгедектігі бар адамның қажеттіліктерін бағалау "Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялаудың және оңалтудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10370 болып тіркелген) (бұдан әрі – бұйрық) сәйкес медициналық, медициналық-әлеуметтік көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, мүгедектігі бар адамның құжаттарын қарау, оны қарап-тексеру (жүгінген кезде), организм функцияларының бұзылу және тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін, оңалту болжамы мен әлеуетін айқындау жолымен жүргізіледі.

      4. Сыныптауышқа сәйкес мүгедектігі бар адамның оңалту құралдарын және көрсетілетін қызметтерін қажет етуін бағалауды:

      медициналық ұйымдарда емдеуші дәрігер және (немесе) мультипәндік топ Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес тыныс-тіршілігінің шектелуіне әкелетін организм функциялары тұрақты бұзылған және пациентті МӘС-ке жіберген кезде, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу алдында санаторий-курорттық картаны толтыру кезінде;

      мүмкіндіктері шектеулі балаларды диагностикалау және психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру кезінде ПМПК мамандары;

      ОЖБ әзірлеу үшін оңалту-сараптамалық диагностика және МӘС жүргізу кезінде халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің МӘС бөлімдерінің (бұдан әрі – МӘС бөлімдері) мамандары жүзеге асырады.

      5. Мүгедектігі бар адамның қажеттіліктеріне жүргізілген бағалау негізінде осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген тұлғалар сыныптауышқа сәйкес оңалту құралдарына және көрсетілетін қызметтеріне ұсынымдар қалыптастырылады, олар ОЖБ-да көрсетіледі.

      Мүгедектігі бар балалардың оңалту құралдарын және көрсетілетін қызметтерін қажет етуін бағалау кезінде олардың психофизикалық және психо-сөйлеудегі даму деңгейі және ПМПК ұсынымдары ескеріледі.

      6. Мүгедектігі бар адамның оңалту құралдары мен көрсетілетін қызметтерін қажет етуі оның қажеттіліктеріне сәйкес тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптік қызметті орындаудағы жоғалтқан қабілеттерін қалпына келтіру немесе орнын толтыру мүмкіндігі, сондай-ақ оларды пайдалануының нақты мүмкіндіктері ескеріле отырып бағаланады.

      7. Мүгедектігі бар адамның протездік-ортопедиялық құралдарды және протездік-ортопедиялық көмекті қажет етуін айқындау кезінде:

      1) қолының құрылымы мен функциялары, оның ішінде қолының ұшын пайдалануы;

      2) аяқтарының құрылымы мен функциялары, оның ішінде жүруінің, қысқа қашықтыққа жүруінің, тұрғын үй шегінде жүріп-тұруының шектелу дәрежесі;

      3) қарапайым және күрделі еркін қозғалыстарын, тұру және жүру кезіндегі тепе-теңдігін бақылау;

      4) омыртқаның статодинамикалық функциялары;

      5) статикалық-кинетикалық функциялар;

      6) анатомиялық кемістіктері;

      7) көру функциялары;

      8) зияткерлік функциялары;

      9) сана, бағдарлану функциялары және жаһандық психоәлеуметтік функциялар;

      10) жүрек-қантамыр жүйесінің, тыныс алу жүйесінің, несеп-жыныс жүйесінің функциялары және зат алмасуының бұзылуы;

      11) антропометриялық деректер бағаланады.

      8. Мүгедектігі бар адамның сурдотехникалық құралдарды қажет етуін айқындау кезінде:

      1) зияткерлік функциялары;

      2) жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, базалық жазу және оқу дағдылары;

      3) көру функциялары;

      4) құлақ протезіне көрсеткіштер, оны жүргізу және тиімділігі;

      5) кохлеарлық имплантация операциясын жүргізу және оның тиімділігі бағаланады.

      9. Мүгедектігі бар адамдардың тифлотехникалық құралдарды қажет етуін айқындау кезінде:

      1) зияткерлік функциялары;

      2) сана, бағдарлану функциялары және жаһандық психоәлеуметтік функциялар;

      3) жазу және оқу дағдылары, оның ішінде Брайль бойынша;

      4) есту функциясы;

      5) қолының құрылымы мен функциялары, оның ішінде қолының ұшын пайдалануы, қол саусақтарын сезінуі және дәл қозғалыстарды жүзеге асыруы;

      6) аяғының құрылымы мен функциялары;

      7) вестибулярлық функциялар;

      8) көмірсу алмасуының функциялары;

      9) артериялық қысым функциялары;

      10) көзге қабысатын құрылымдардың функциялары бағаланады.

      10. Жүріп-тұру функцияларының бұзылуы абсолютті және (немесе) ауыр болған жағдайда мүгедектігі бар адамның арнаулы жүріп-тұру құралдарын және міндетті гигиеналық құралдарды (санитариялық жарақтандырылған кресло-орындық, дәретхана бөлмелеріне арналған қайырмалы тіреуіш тұтқалар, ванна бөлмелеріне арналған тұтқалар) қажет етуін айқындау кезінде мыналар бағаланады:

      1) омыртқа осіне (отырған күйде) жүктеме патологиялық процестің өршуіне әкелетін аурулар мен жарақаттардың, сондай-ақ олардың салдарының болуы;

      2) өздігінен жүріп-тұру қабілетінің шектелу дәрежесі;

      3) зияткерлік функциялар және мотивация функциялары;

      4) қолының функциялары және бұлшық ет тонусы;

      5) жақсы көретін көздің көру функциясы;

      6) отырғандағы қалпын және тепе-теңдікті, еркін және еріксіз қозғалыс функцияларын бақылау;

      7) ақыл-есі бұзылатын эпилептикалық (құрысу) ұстамалардың болуы;

      8) есту функциялары;

      9) тұрғын үйді жобалауға, салуға және қоршаған ортаны жайластыруға байланысты кедергілер (кресло-арбаны пайдалану үшін қоршаған ортаның қолжетімділігі);

      10) ұзақ қашықтықты еңсеру мақсатында иінтіректі жетегі бар кресло-арбаны пайдалану саласындағы пациенттің тәжірибесі;

      11) тыныс-тіршіліктің белсенді салаларындағы өмір салты: білім, жұмыс, демалыс және бос уақыт;

      12) физиологиялық параметрлер:

      бөксенің шетінен тізенің ішке бүгілетін жеріне дейінгі аралық;

      жамбас буындарының сүйек доғалары арасындағы аралық;

      өкшеден бүгілген жамбас деңгейіне дейінгі аралық (артқы жағы бойынша);

      орындықтың бетінен арқалығы биіктігінің талап етілетін деңгейіне дейінгі аралық;

      орындық бетінен 90 градус бұрышпен бүгілген шынтаққа дейінгі аралық;

      антропометриялық деректер (салмақ, бел және жамбас көлемі).

      11. Ауруларға және (немесе) жарақаттардың салдарына байланысты зәрді және/немесе нәжісті ұстамау типі бойынша жамбас органдарының функциялары бұзылған кезде мүгедектігі бар адамның міндетті гигиеналық құралдарды (несеп қабылдағыш, уроқабылдағыш, нәжіс қабылдағыш, жөргек, сіңіргіш жайма (жаялық), катетер, стоманың айналасындағы теріні қорғау мен тегістеуге арналған герметик-паста, стоманың айналасындағы теріні қорғау мен күтуге арналған қорғаныш крем, стома айналасындағы теріні қорғауға мен күтуге арналған сіңіргіш ұнтақ (опа), иісті бейтараптандырғыш, стома айналасындағы немесе санның ортасындағы теріні күтуге және өңдеуге арналған тазартқыш) қажет етуін айқындау кезінде:

      1) зәр шығару және дефекация функцияларының бұзылу дәрежесі;

      2) сана, бағдарлану функциялары, жаһандық психоәлеуметтік функциялар;

      3) өздігінен қозғалу қабілеті;

      4) нейробұлшық ет, скелеттік және қозғалысқа байланысты функциялар (қозғалыс шектеулері), ішкі ағзалардың функциялары (соматикалық аурулар);

      5) стомалар кезінде – салу нысаны мен орны;

      6) стома айналасындағы тері;

      7) қуықтың өздігінен босау қабілеті;

      8) антропометриялық деректер (салмағы, бел және жамбас көлемі) бағаланады.

      12. Мүгедектігі бар адамның санаторий-курорттық емделуді қажет етуін бағалау кезінде пациенттің денсаулық жағдайын бағалау, объективті жай-күйін, алдыңғы емдеудің (амбулаториялық, стационарлық) нәтижелерін, зертханалық, функционалдық, рентгенологиялық және басқа да зерттеулердің деректерін талдау негізінде айқындалатын санаторий-курорттық емдеуге медициналық көрсетілімдердің, оған қарсы көрсетілімдердің бар-жоғы ескеріледі.

      Санаторий-курорттық ұйымның бейінін таңдау мәселесін шешу кезінде пациентке санаторий-курорттық емдеу ұсынылған аурудан басқа ілеспе аурулардың бар-жоғы, курортқа бару шарттары, климаттық-географиялық жағдайлардың қарама-қайшылығы, табиғи емдік факторлардың ерекшеліктері және емдеудің басқа да жағдайлары ескеріледі.

      13. Мүгедектігі бар адамның жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін қажет етуін бағалау кезінде организм функцияларының бұзылуы мен өздігінен жүріп-тұруының шектелуінің айқын көрінуі, жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін ұсынуға бұйрықпен бекітілген медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер ескеріледі.

      14. Мүгедектігі бар адамның ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін қажет етуін бағалау кезінде есту және сөйлеу функциялары бұзылуының айқын көрінуі, ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін ұсынуға бұйрықпен бекітілген медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер, сондай-ақ ымдау тілін меңгеру дағдылары ескеріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады