Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 наурыздағы № 234 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 17 наурыздағы
№ 234 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 3) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады.

      1) геопортал – телекоммуникация құралдары арқылы кеңістіктік деректерге және кеңістіктік деректердің геосервистеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      2) интероперабельділік – кеңістіктік деректердің, метадеректердің, техникалық және бағдарламалық құралдардың функционалдық және ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қабілеттілігін білдіретін өзара үйлесімділік қағидаты;

      3) кеңістіктік деректер – жергілікті жер объектілерінің орналасқан жері туралы мәліметтер қамтылатын, белгілі бір нысанда және координаттық есептеу жүйесінде ұсынылған ақпарат;

      4) кеңістіктік деректер иелері – кеңістіктік деректер және олардың жинақтары бар жеке және заңды тұлғалар;

      5) кеңістіктік деректердің меншік иелері – кеңістіктік деректер, олардың жинақтары мен сервистерін құру, жаңарту үшін мемлекеттік тапсырыстың тапсырыс берушілері болып табылатын Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары және жергілікті атқарушы органдары;

      6) метадеректер – кеңістіктік деректер мен геосервистердің жинақтарын сипаттайтын ақпарат;

      7) Ұлттық кеңістіктік деректердің инфрақұрылымы (бұдан әрі – ҰКДИ) – нысаны, орналасқан жері мен қасиеттері туралы мәліметтерді қамтитын, картографиялық негізде көрсетілген, оның ішінде координаттар пайдаланыла отырып ұсынылған кеңістіктік объектілер туралы деректер;

      8) Ұлттық кеңістіктік деректер қоры (бұдан әрі – ҰКДҚ) – геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алынуға, ұзақ сақталуға жататын цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректердің жалпымемлекеттік, салааралық маңызы, арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар жиынтығы;

      9) GML форматы – бұл электрондық ақпараттық ресурстарға, мемлекеттік кадастрларға, регистрлерге, тізілімдерге, мәліметтер базасына, оның ішінде географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарға арналған модельдеу тілі және интернеттегі географиялық транзакциялар үшін ашық алмасу тілі;

      10) TMS, WMTS тайлдық сервистер – интернет арқылы географиялық байланған картаның фрагменттерін (тайлдарды) орындау уақыты белгіленіп есептелген қызмет көрсетуге арналған геосервистер;

      11) WCS растрлық сервистері – стандартты интерфейсті анықтауға арналған геосервистер және әр өлшеу нүктесінде берілген мәндерден тұратын геокеңістіктік қамтуға интероперативті қолжетімділікті қамтамасыз ететін операциялар;

      12) WFS векторлық сервистері – интернет желісі арқылы объектілер мен объектілердің қасиеттері деңгейінде географиялық ақпаратты беруге арналған геосервистер;

      13) WMS растрлық сервистері – картографиялық сервер жасаған геоақпараттық жүйелердің дерекқорындағы деректер негізінде интернет арқылы геоақпараттық кескіндерге қызмет көрсетуге арналған геосервистер.

      3. ҰКДИ-ге бюджет қаражаты есебінен құрылатын кеңістіктік деректер жиынтығы кіреді, сондай-ақ кеңістіктік деректер иелерінің өтінімдері бойынша кеңістіктік деректер жиынтықтары енгізілуі мүмкін.

      4. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қоспағанда, кеңістіктік деректер жиынтығы ҰКДИ мемлекеттік геопорталында ұсынылады және жарияланады.

      5. Кеңістіктік деректер базалық кеңістіктік деректер мен тақырыптық кеңістіктік деректерден тұрады.

      Географиялық ақпараттық жүйелерде интеграциялау және бірлесіп пайдалану үшін біріздендірілген негіз ретінде жалпыға бірдей қолжетімді стандартталған кеңістіктік деректердің жиынтығы базалық кеңістіктік деректер болып табылады.

      Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері ғылыми, өндірістік немесе өзге де қызмет процесінде жасайтын кеңістіктік деректер тақырыптық кеңістіктік деректерге жатады.

      6. ҰКДИ-дің негізгі компоненттері бюджет қаражаты есебінен қалыптастырылатын базалық кеңістіктік деректер жинағы және тақырыптық кеңістіктік деректер жинағы болып табылады.

      7. Кеңістіктік деректердің негізгі нысандары:

      1) векторлық деректерге, мыналар: кадастрлық ақпарат, географиялық объектілердің атаулары, шекаралар, атаулы ақпарат, гидрография және гидротехникалық құрылыстар, рельеф, көлік инфрақұрылымының объектілері, өсімдіктер, топырақ, жер учаскелері, ғимараттар мен құрылыстар, инженерлік коммуникациялар, салынған аумақтар кіреді;

      2) Жерді қашықтықтан зондтау (бұдан әрі – ЖҚЗ) деректері: аэрофототүсірілім және ғарыштық түсірілім;

      3) ортофотожоспарлар: ЖҚЗ деректері негізінде алынған геоөнім;

      4) картографиялық сервистерге, мыналар: векторлық сервистер WFS, растрлық сервистер WMS, WFS, тайлдық сервистер TMS, WMTS кіреді.

      8. Кеңістіктік деректердің әрбір жинағына және сервистерге Заңның 13-бабының 23) тармақшасына сәйкес геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган бекітетін Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасау қағидаларымен бекітілген құрылымға және анықтамалыққа сәйкес метадеректер міндетті түрде қоса беріледі.

2-тарау. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректерді ұсыну тәртібі

      9. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ҰҚДИ жүргізу ҰҚДИ мемлекеттік геопорталы арқылы жүзеге асырылады.

      10. Кеңістіктік деректердің меншік иелері өздері жасаған кеңістіктік деректерді кеңістіктік деректердің жинағы және сервистері (бұдан әрі – кеңістіктік деректер) түрінде кадастрларды, географиялық ақпараттық жүйелер мен ресурстарды, геопорталдарды, геосервистерді (бұдан әрі – кеңістіктік деректер ресурстары) қоса алғанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы оларды интеграциялау жолымен ҰҚДИ-ге ұсынады.

      11. Кеңістіктік деректердің меншік иелері кеңістіктік деректер ресурстары болмаған кезде кеңістіктік деректерді:

      1) векторлық түрдегі электрондық жеткізгіштерде;

      2) пошта жөнелтімі арқылы немесе қолма-қол қағаз жеткізгіште ұсынуды жүзеге асырады.

      12. Электрондық жеткізгіштерде берілген жағдайда, кеңістіктік деректер жинағы GML форматында бірыңғай алмасу форматында беріледі.

      13. ҰҚДИ-ді тұрақты жаңарту мақсатында кеңістіктік деректердің меншік иелері осы ҰҚДИ мемлекеттік геопорталына мынадай ақпаратты:

      1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – жергілікті жер объектілерінің өзгеруіне әкеп соққан табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды;

      2) жергілікті атқарушы органдар – сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәліметтерді;

      3) қатты пайдалы қазбалар бөлігінде (уран өндіруді қоспағанда) жер қойнауын пайдалануды мемлекеттік басқару, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу саласындағы уәкілетті орган – пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттік есепке алу жөніндегі ақпаратты және жер қойнауы мемлекеттік қорының бірыңғай кадастрының деректерін;

      4) көлік, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті орган – қала құрылысы, құрылыс және көлік инфрақұрылымы саласындағы қызмет туралы ақпаратты;

      5) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган – су пайдаланудың мемлекеттік есебі туралы ақпаратты және мемлекеттік су кадастрының деректерін;

      6) орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган – орман қорын мемлекеттік есепке алу туралы ақпаратты және мемлекеттік орман кадастрының деректерін;

      7) жануарлар дүниесін және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган – жануарлар дүниесінің мемлекеттік кадастры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастры деректерін;

      8) жер ресурстары саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының жер балансынан және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен алынған деректерді;

      9) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган – ғарыштан алынған ЖҚЗ деректерін, цифрлық ортофотожоспарларды ұсынады.

      14. ҰҚДИ жүргізу кеңістіктік деректердің меншік иелерінен келіп түскен базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жиынтығын қалыптастыру және өзектендіру, жүйелеу, жинақтау және тіркеу жолымен жүзеге асырылады.

      15. Кеңістіктік деректердің меншік иелері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҰҚДИ-ға орталық мемлекеттік органдар немесе жергілікті атқарушы органдардан кеңістіктік деректерді қабылдау-беру актісі (бұдан әрі – қабылдау-беру актісі) негізінде ҰҚДИ-ге енгізу үшін кеңістіктік деректерді береді.

      16. ҰҚДИ-ге енгізу үшін кеңістіктік деректердің меншік иелерінің кеңістіктік деректерді беруі мемлекеттік тапсырысты орындаушыдан қабылданған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырылады.

      17. Қабылдау-беру актісі және оған қоса берілетін кеңістіктік деректер ҰҚДИ-ге:

      кеңістіктік деректердің меншік иелері кеңістіктік деректер ресурстары арқылы;

      электрондық не қағаз жеткізгіште пошта жөнелтімі арқылы не қолма-қол беріледі.

      18. Кеңістіктік деректердің меншік иелері кеңістіктік деректердің ресурстары ҰҚДИ-мен интеграцияланғаннан кейін, оларды қабылдау-беру актісі жаңартылған кезде ағымдағы жылдың соңына дейін ұсынады.

      19. Қабылдау-беру актісін және осындай акті бойынша берілетін кеңістіктік деректерді ҰКДҚ-ны жүргізуге уәкілетті мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – мемлекеттік кәсіпорын) қарайды.

      20. Мемлекеттік кәсіпорын кеңістіктік деректер мен метадеректерді олар келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде кеңістіктік деректер мен метадеректердің мазмұнына, құрылымына интероперабельділікке тексеруді жүзеге асырады.

      21. Кеңістіктік деректер, метадеректер интероперабельділік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік кәсіпорын анықталған сәйкессіздіктердің барлығын міндетті түрде көрсете отырып, кеңістіктік деректер иесіне 2 (екі) жұмыс күні ішінде сәйкессіздіктерді жою үшін қайтарады.

      22. Кеңістіктік деректердің меншік иесі 10 (он) жұмыс күні ішінде кеңістіктік деректердің көрсетілген сәйкессіздіктерін жояды және оларды осы Қағидалардың 16, 17, 20 және 21-тармақтарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік кәсіпорынға қайта ұсынады.

      23. Кеңістіктік деректердің иелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кеңістіктік деректердің жинағы мен сервистері (бұдан әрі – кеңістіктік деректер) түрінде өтінім бойынша кеңістіктік деректерді ұсына алады.

      24. Өтінімге осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҰҚДИ-ге кеңістіктік деректердің иелерінен алынған кеңістіктік деректерді қабылдау-беру актісі қоса беріледі.

      25. Кеңістіктік деректердің иелерінен алынған кеңістіктік деректерді ҰҚДИ-да қарау және қабылдау тәртібі осы Қағидалардың 16, 17, 20, 21 және 22-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      26. ҰҚДИ-ге енгізілген кеңістіктік деректердің толықтығы, дұрыстығы және өзектілігі үшін кеңістіктік деректерді мемлекеттік кәсіпорынға ұсынған кеңістіктік деректердің меншік иелері және иелері жауапты болады.

      27. Мемлекеттік кәсіпорын мен кеңістіктік деректерді беретін кеңістіктік деректердің меншік иесі немесе иесі арасында қабылдау-беру актісіне қол қойылған күннен бастап кеңістіктік деректер берілген болып есептеледі.

      28. Бюджет қаражаты есебінен құрылатын кеңістіктік деректер ҰҚДИ мемлекеттік геопорталында қабылдау-беру актісіне қол қойылғаннан кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде орналастырылады.

      29. Кеңістіктік деректерді, метадеректерді тексеруді және қабылдауды, сондай-ақ оларды ҰҚДИ мемлекеттік геопорталында орналастыруды, тұтынушылардың ҰҚДИ мемлекеттік геопорталында орналастырылған кеңістіктік деректерге, метадеректерге қол жеткізуін техникалық және технологиялық қамтамасыз етуді мемлекеттік кәсіпорын қамтамасыз етеді.

  Ұлттық кеңістіктік деректер
инфрақұрылымына кеңістіктік
деректерді ұсыну қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына орталық мемлекеттік органдар немесе жергілікті атқарушы органдардан кеңістіктік деректерді қабылдау-беру актісі

      Біз, төменде қол қоюшылар ________________________________________

      ________________________________________________________________

      (орталық мемлекеттік органдар немесе жергілікті атқарушы органдардан атауы)

      атынан ________ негізінде әрекет ететін _______________ және ҰКДҚ атынан

      __________________ негізінде әрекет ететін ____________________ бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар, осы актіні жасадық. ______________ ҰКДҚ жүргізуге уәкілетті мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – мемлекеттік кәсіпорын) мынадай кеңістіктік деректерді және оларға метадеректерді қабылдады:

      1.________________________________________________________________

      2.________________________________________________________________

      3.________________________________________________________________

      (нақты берілетін кеңістіктік деректердің, метадеректердің немесе кеңістіктік деректерді бар жаңартылған ресурстар тізбесі көрсетіледі)

      Тасымалдаушылар туралы мәліметтер: ________________________________

      (электрондық түрде немесе қағаз тасығышта)

      Көрсетілген кеңістіктік деректер, кеңістіктік деректердің жинақтары мемлекеттік тапсырыс негізінде орындалған:

      _________________________________________________________________

      (мемлекеттік тапсырыс деректемелерін қамтитын кеңістіктік деректерді жасауға немесе жаңартуға мемлекеттік тапсырыс туралы мәліметтер көрсетіледі)

      Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыстарды орындаушының атауы: ________

      _____________________________________________________________________

      (мемлекеттік тапсырыс бойынша орындаушының толық атауы көрсетіледі)

      Тараптардың бір-біріне шағымдары жоқ. Қосымша: ___ парақ.

Орталық мемлекеттік органнан немесе жергілікті атқарушы органнан
_________________________________
Аты, тегі, әкесінің аты _____________ м.о.


Мемлекеттік кәсіпорыннан
_________________________________
Аты, тегі, әкесінің аты ___________ м.о.

  Ұлттық кеңістіктік деректер
инфрақұрылымына кеңістіктік
деректерді ұсыну қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жинақтарын ұсыну туралы өтінім

      Жасалған Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына базалық және тақырыптық кеңістіктік деректер жиынтығын қабылдауды және енгізуді сұраймын

      ____________________________________________________________________

      (кеңістіктік деректер иесінің атауы)

1.

Кеңістіктік деректер туралы мәліметтер*:

1.1.



1.2.



1.3.



2.

Кеңістіктік деректерді ұсыну нысаны, саны:

2.1.

электронды түрде


2.2.

қағаз тасығышта


3.

Қалыптасқан кеңістіктік деректерді ҰКДИ-ге орналастыру тәсілі:

3.1.

ҰКДИ мемлекеттік геопорталына орналастыру


3.2.

ҰКДҚ жүргізуге кәуілетті мемлекеттік кәсіпорынның ресми сайтында орналастыру


3.3.

веб-сервистерді пайдалана отырып орналастыру


4.

Өтініш беруші (жеке тұлға) туралы мәліметтер:


4.1.

тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың түрі



4.2.

заңды мекенжайы



4.3.

телефон, электрондық поштасы


5.

Өтініш беруші (заңды тұлға) туралы мәліметтер:


5.1.

толық атауы, мемлекеттік тіркеу күні, БСН



5.2.

заңды мекенжайы



5.4.

телефон, электрондық поштасы


6.

Өкілеттіктерді растайтын құжат бойынша өтініш берушінің өкілі туралы мәліметтер:


6.1.

тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, жеке басын куәландыратын құжаттың түрі (жеке басты сәйкестендіру үшін)



6.2.

заңды мекенжайы



6.3.

телефон, электрондық пошта


      * нақты берілетін кеңістіктік деректердің тізбесі, саны (парақ, шаршы шақырым, қума шақырым).

      Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына ұсынылатын базалық және тақырыптық кеңістіктік деректердің жинақтары өз қаражатым есебінен құрылғанын және меншік болып табылатынын растаймын.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

Кеңістіктік деректер иесінен


___________________________________________________
(жеке тұлғаның не заңды тұлғаның уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы, мөрі (бар болса))

ҰКДҚ жүргізуге уәкілетті мемлекеттік кәсіпорыннан қабылдады


 
___________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)) м.о.

  Ұлттық кеңістіктік деректер
инфрақұрылымына кеңістіктік
деректерді ұсыну қағидаларына
3-қосымша

      Нысан

Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымына кеңістіктік деректер иелерінен кеңістіктік деректерді қабылдау-беру актісі

      Біз, төменде қол қоюшылар __________________________________________

      __________________________________________________________________

      (кеңістіктік деректер иесінің атауы, жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      атынан _______________ , негізінде әрекет ететін ________________ , және ҰКДҚ атынан _____________ , негізінде әрекет ететін ________________ , бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар, осы актіні жасадық ____________ , ҰКДҚ жүргізуге уәкілетті мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – мемлекеттік кәсіпорын) мынадай кеңістіктік деректерді және оларға метадеректерді қабылдады:

      1.___________________________________________________________________

      2.___________________________________________________________________

      3.___________________________________________________________________

      (нақты берілетін немесе жаңартылатын кеңістіктік деректердің, кеңістіктік деректер жинақтарының және метадеректердің тізбесі)

      Тасымалдаушылар туралы мәліметтер:____________________________________

      _____________________________________________________________________

      (электронды түрде не қағаз тасығышта)

      Тараптардың бір-біріне шағымдары жоқ. Қосымша: ___ парақ.

Кеңістіктік деректер иелерінен


_________________________________________________
(жеке тұлғаның не заңды тұлғаның уәкілетті өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), қолы, мөрі (бар болса))

ҰКДҚ жүргізуге уәкілетті мемлекеттік кәсіпорыннан қабылдады


 
_________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)) м.о.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады