"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 9-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат бекітілсін.
2. Мемлекеттік органдар осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 275 қаулысымен БЕКІТІЛГЕН |
Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат
1. Кіріспе
Бүгінде Қазақстанның дамуы нарықтық экономикасы бар мемлекет, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі және Орталық Азия өңірінде жаппай танылған көшбасшы ретінде орнықты өсу траекториясына шығуға бағыт алып отыр.
Елдің шикізаттық әлеуетін пайдалануға негізделетін ұлттық экономика бірқатар сын-қатерлерді еңсеріп, жаһандық дағдарыстардың қиын жылдарынан аман қалды.
Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдайдың нашарлауы, саяси және әскери шиеленістер, санкциялық қақтығыстар, пандемияның салдары әлемнің жаңа саяси және экономикалық географиясын қалыптастыру процесіне түрткі болды.
Осының аясында халықаралық институттар әлемдік экономика баяулайды және жаһандық рецессия тәуекелдері туындайды деп болжауда.
Бұл ретте Қазақстан экономикасында оның дамуын тежеп, әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелуге қабілетті жүйелі проблемалар сақталып отыр.
Дамуға жаңа серпін беру үшін экономикалық саясаттың қағидаттары мен тетіктерін қайтадан ой сүзгісінен өткізу, оның болжамдылығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті ынталандыру мақсатында мемлекеттің рөлін айқындау және "ойын қағидаларын" қайта реттеу талап етіледі.
Мемлекет ұлттық қауіпсіздікті, заңның үстемдігін және құқық тәртібін қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту, базалық инфрақұрылымды кеңейту, өңірлік даму, экономикалық процестерді үйлестіру және реттеу жөніндегі стратегиялық функцияларды іске асыруға баса назар аударады.
Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясаттың
(бұдан әрі – Экономикалық саясат) басты қағидасы кірістерді әділ бөле отырып және азаматтардың өмір сүру деңгейін көтере отырып, инклюзивті экономика құру болады.
Саясатты тиімді іске асыру экономикалық белсенді халықтың уәждемесін арттыруға алып келеді және "қоғамдық шарттың" жаңа форматын енгізуге мүмкіндік береді.
2. Ағымдағы жағдайды талдау
Соңғы он жылда Қазақстан экономикасы нақты мәнде 36,4 %-ға өсті. Экономикалық өсудің негізгі драйвері көрсетілетін қызмет саласы болды, оның өсуі 42,6 %-ды құрады, ал тауарлар өндірісі 31,2 %-ға өсті. ЖІӨ құрылымында көрсетілетін қызметтердің үлесі 2,3 п.т. (53,8 %) ұлғайды, ЖІӨ-дегі тауарлар өндірісінің үлесі -0,1 п. т. (40,4 %) төмендеді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің жіктемесіне сәйкес (Атлас-әдісті пайдалана отырып) кіріс деңгейі бойынша Қазақстан экономикасының өсу серпінін қарай отырып, мыналарды атап өту қажет.
2000-шы жылдардың ортасынан бері Қазақстан кіріс деңгейі орташадан жоғары елдерге жатады. Бұл ретте жан басына шаққандағы ЖІӨ 2012 жылдан бері төмендеу траекториясында тұр, ол 9,9 мың АҚШ долларынан 8,7 мың АҚШ долларына дейін төмендеген.
Сонымен бірге соңғы онжылдықтар бойы Эстония, Латвия және Литва сияқты елдер кіріс деңгейі орташадан жоғары елдер санатынан кірісі жоғары елдер санатына өтіп, сапалы серпіліс жасады.
Бұл Қазақстан үшін "орташа кіріс тұзағы" проблемасы әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Бұдан басқа 2012 жылдан бастап пандемиялы 2020 жылға дейін халық табысының нақты өсуі ЖІӨ өсу қарқынынан қалып қойғаны байқалды. Халық табысының өсуі негізінен ЖІӨ өсуі төмендеп, әлеуметтік трансферттердің ұлғаюы есебінен орын алды. Осыдан кейін тренд халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсу қарқынынан ЖІӨ өсу қарқынының артта қалу жағына қарай – 2020 жылы 27 %-ға қарағанда 24,7 %-ға және тиісінше 2021 жылы 33,5 %-ға қарағанда 30,1 %-ға өзгерді.
Осы үрдістерді ескере отырып, экономикалық өсу сапасын қамтамасыз ету қажеттігі туындайды.
Бұл ретте көмірсутектер мен минералды ресурстарды өндіруге және экспорттауға бағдарланған қолданыстағы экономикалық модель одан әрі орнықты және инклюзивті экономикалық дамуды генерациялай алмайды.
Шикізат секторларында жоғары шоғырлану, өнімді шығару мен экспорттау "күрделілігінің", сондай-ақ өңір елдерімен салыстырғанда бәсекеге қабілеттіліктің төмен деңгейлері байқалады. Бұған Қазақстанның "Экономикалық күрделілік индексі" рейтингіндегі 78-позициясы (салыстыру үшін Беларусь – 31-орын, Ресей – 52-орын, Грузия – 63-орын, Қырғызстан – 66-орын) дәлел болып табылады.
Өнеркәсіпті өңірлерде шикізат қорлары сарқылуда, ірі өндірістердің физикалық және моральдық тозуының жоғары деңгейі байқалады. Электр станцияларының ескірген негізгі жабдықтарының айтарлықтай көбеюінен туындаған электр энергиясын нақты тұтыну мен өндіру арасындағы алшақтық артып келеді (70 %-ға дейін).
Тоқырау және экономикада сапалы түрленудің болмауы бюджет параметрлеріне теріс әсер етеді.
Бюджет кірістерінің құрылымында шикізат салаларына тәуелділік жоғары. Түсімдердің серпіні тікелей баға құбылмалылығы қалыпты жағдай болып табылатын нарықтарға тәуелді. Мысалы, соңғы 5 жылда бюджеттің шығыс бөлігі оның шығыс бөлігін толық қамтамасыз ете алатын жеткілікті кіріс базасымен нығайтылмаған. Мәселен, 2021 жылы бюджет шығыстары 18,6 трлн теңге болған жағдайда салық түсімдері 10,7 трлн теңгені құрады. Бұл ретте шығыстардың бір бөлігі (4,5 трлн теңге) Ұлттық қордан трансферттермен өтелді.
Бюджет шығыстары инвестициялық даму жобаларын қамтымайтын ағымдағы шығыстарды ұлғайту есебінен ғана ұлғайды (11 жыл ішінде даму бюджетінің үлесі 23 %-дан 13 %-ға дейін төмендеді).
Республикалық бюджеттің мұнай емес тапшылығы ЖІӨ-нің 10,6 %-ын құрап, 2018 жылғы 883 млрд теңгеден 2021 жылы 8,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Сонымен қатар орта мерзімді перспективада Қазақстан жаңа демографиялық сын-қатерлерге тап болуы мүмкін. Соңғы онжылдықта халықтың құрылымында еңбекке қабілетті халықтың үлесі азайып, халықтың еңбекке қабілетті жастан асқан және әсіресе ол жасқа жетпеген үлесі ұлғайған.
БҰҰ бағалауы бойынша 2050 жылға қарай егде жастағы халықтың саны 2,2 есе өсіп, оның үлесі 14 %-ды құрайды, ал бала жастағы халық санының үлесі 23 %-ға дейін азаяды. Бұл, өз кезегінде, демографиялық жүктеме коэффициентінің өсуіне әкеледі.
Халық құрылымының өзгеруі еңбек нарығына, білім беру және денсаулық сақтау жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақы жүйесіне айтарлықтай әсер етеді.
Осыған байланысты болып жатқан демографиялық үрдістерді ескере отырып, елді бейімдеу және адами капиталды пайдалану үшін қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау қажет.
Сондай-ақ соңғы уақытта сыртқы экономикалық жағдайдың жоғары деңгейдегі белгісіздігі мен құбылмалылығының Қазақстан экономикасына әсері күшейе түсті.
Айталық, жаһандық макроэкономикалық конъюнктурадағы теріс өзгерістер экономикалық байланыстардың бөлшектенуіне әкеледі. Нәтижесінде бүгінде бүкіл әлемдегі инфляция рекордтық деңгейлерге жетті, бұл негізгі жаһандық макроэкономикалық тренд болып табылады. Мәселен, АҚШ пен Еуроаймақта инфляция соңғы 40 жылда ең жоғары деңгейіне жетті.
Осыған жауап ретінде дамыған елдердің орталық банктері ақша-кредит саясатын қатаңдатады. Таяудағы болашақта бұл осы елдердегі экономикалық өсуге кері әсерін тигізуі мүмкін.
Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша әлемдік экономиканың қарқыны 2022 жылғы 3,2 %-дан 2023 жылы 2,7 %-ға дейін төмендейді (2021 жылы – 6 %). Еурокомиссияның болжамына сәйкес Еуропадағы экономикалық өсу 2022 жылғы 3,3 %-дан 2023 жылы 0,3 %-ға дейін қысқарады. ЭЫДҰ бағалауы бойынша әлемдік экономиканың өсуі 2023 жылы 2,2 %-ға дейін, ЭЫДҰ елдерінде – 2022 жылы 2,8 %-дан 2023 жылы 0,8 %-ға дейін (2021 жылы – 5,6 %) баяулайды.
Бұл жағдайлар Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін, осыған байланысты орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатты қайта қарау қажеттігі туындайды.
3. Мақсаттар мен қағидаттар
Экономикалық саясаттың мақсаты ұлттық табыс деңгейінің нақты ұлғаюын қамтамасыз етуге қабілетті орнықты, сапалы және инклюзивті экономикалық өсу болып табылады.
Экономикалық саясатты іске асырудың іргелі шарты заң үстемдігіне жан-жақты кепілдік беру болады.
Экономикалық саясат барлық экономикалық агенттер мен азаматтардың әлеуетін барынша ашу үшін әділдік пен мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Экономикалық саясаттың негізгі қағидаттары:
- жеке меншікке қол сұғылмауына кепілдік беру;
- қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
- адал бәсекелестік;
- мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
- бизнестің салықтық адалдығы;
- кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі болады.
Мемлекет өзінің экономикаға қатысуын жоспарлы түрде қысқартады және кәсіпкерлік үшін қолайлы реттеуші орта құруға баса назар аударады.
Монополияға қарсы заңнама ережелерінің іс жүзінде толық сақталуы қамтамасыз етіледі, экономикалық ынталандырулардың бұрмалануына және нарықтық жағдайлардың деформациялануына әкелетін практикалар жойылады.
Бұл, ең алдымен, жетекші рөлді жеке сектор атқаратын жаппай кәсіпкерлікке негізделген, олигополиялар мен олигархияға тәуелді емес экономикалық жүйе құруға мүмкіндік береді.
Экономикалық саясаттың тиімділігі жалпы ішкі өнімнің өсуі бойынша ғана емес, бірінші кезекте, сапалы жұмыс орындарын құру және азаматтардың нақты кірістерін ұлғайту бойынша бағаланатын болады.
4. Міндеттер мен бағыттар
Экономикалық саясаттың мақсатына қол жеткізудің негізгі шарты макроэкономикалық орнықтылық болып табылады. Ол үшін экономикалық саясаттардың кең ауқымының теңгерімділігі қамтамасыз етілетін болады. Еңбек өнімділігі мен капиталды арттыру халық табысының пропорционалды тұрақты өсуіне алып келеді.
Базалық жағдайларды қалыптастыру үшін мемлекеттік саясат:
- әділ бәсекелестікті дамыту, қолайлы кәсіпкерлік және инвестициялық орта құру, мемлекеттің экономикадағы рөлін нақты айқындау арқылы экономикалық еркіндікті;
- нарықтық баға белгілеуге көшуді;
- технологиялық жаңғыртуды, экспорттық әлеуетті және еңбек өнімділігін арттыруды;
- азаматтарға өздерінің өндірістік қабілеттерін іске асыруға және халықтың өмір сүру сапасын, оның әл-ауқаты мен төлем қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін кірістер алуға мүмкіндік беретін жұмыспен қамтуды;
- тиімді фискалдық және монетарлық саясаттарды іске асыру, бюджет шығыстарын ұтымды ету, мемлекеттік қаржының тұрақтылығы, банк секторын нығайту, қор нарығын дамыту арқылы қаржылық тұрақтылықты;
- барлық азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуі есебінен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуді басты назарға алатын болады.
4.1. Заңның үстемдігі
Заң үстемдігінің кепілдігі елдің сапалы инклюзивті экономикалық дамуы үшін аса маңызды іргелі шарт болып табылады.
Заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі реформалар мемлекеттік биліктің барлық тармақтарын – заңнамалық, атқарушылық және сот билігін қамтитын болады.
Экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты кемсітушілік саясат жойылады, Қазақстан Республикасының халықаралық-шарттық базасына түгендеу жүргізіледі, сондай-ақ дамыған елдердің шарттық базасы зерделенеді.
Бұл халықаралық келісімдер нормаларын ұлттық заңнамаға енгізу дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде экономикалық даму үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қазақстандық заңнаманы жаңғырту жөніндегі кешенді шаралар қабылданатын болады.
Іс жүзінде жұмыс істемейтін немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін нормалар алып тасталып, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге тексеру жүргізілетін болады.
Заманауи технологиялар мен медиацияны пайдалана отырып, тиімді азаматтық сот ісін жүргізу, сотқа дейінгі талқылаулар жүйесін күшейту, айыптау және қорғау тараптары арасындағы нақты жарыспалылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады.
Сот жүйесі Конституцияда және оған сәйкес келетін іс жүргізу кодекстерінде белгіленген сот төрелігі қағидаттарына сүйене отырып, өз қызметін жалғастырады.
Сот жүйесін одан әрі жетілдіру судьялар корпусын жаңартуға және нығайтуға шоғырландырылатын болады. Ол үшін сот төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, сондай-ақ Жоғарғы Сот судьяларының лауазымдарына кандидатураларды сайлауды енгізу арқылы барлық судьялардың тең мәртебесі қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ судьялардың сот төрағаларына тәуелділігі төмендетілетін болады, оның ішінде сот төрағалары позицияларының бір бөлігін және судьялық лауазымдарды қайта құру есебінен төмендетілетін болады.
Азаматтардың, инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін қорғау сапасын арттыру үшін сот жүйесіне құқықтың тиісті салаларында (салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлік меншік және басқалар), оның ішінде корпоративтік сектордан неғұрлым білікті мамандарды тарту үшін жағдайлар мен ынталандырулар жасалатын болады.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға жәрдемдесу жұмысы жалғасатын болады.
Жоғарғы Сот кеңесінің кадрлық функциялары айқын толыққанды институт ретіндегі мәртебесін нығайту сот корпусының тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шығарылған кезде судья заңдылықты өрескел бұзуға жол берсе, күші жойылған әрбір сот актісін Сот жюриінің тексеруі тетігі енгізілетін болады.
Әкімшілік істерді, азаматтық-құқықтық даулар мен өндірістерді әкімшілік әділет жазықтығына ішінара беру отандық сот төрелігін іске асыру сапасын арттырады.
Зияткерлік талдау жүйесін толыққанды енгізу сот төрелігін жүзеге асыруда біркелкілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, аппеляция институты реформаланатын болады.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты институттарының рөлі күшейтілетін болады.
Заңның үстемдігін сақтау жөніндегі реформалар іргелі құқықтар мен бостандықтарды қорғауды қамтамасыз етуге, халық пен кәсіпкерлердің сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
4.2. Жеке секторды дамыту
Жеке секторды кеңейту және дамыту үшін бизнес жүргізуге арналған жағдайларды жақсарту жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылатын болады.
Бұл көп жағдайда адал бәсекелестікті дамыту, проактивті монополияға қарсы саясатты іске асыру, әкімшілік кедергілерді жою және квазимемлекеттік сектор реформаларын жүргізу, оның ішінде жекешелендірудің регламенттелген және ашық процесі есебінен жүргізу арқасында мүмкін болады.
4.2.1. Кәсіпкерлікті дамыту
Жаппай кәсіпкерлікті одан әрі дамыту экономикалық өсудің драйвері және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі арнасы болады.
Кәсіпкерлік қызметті жандандыру және жеке капиталды тарту үшін барынша қолайлы және ынталандырушы жағдайларды қалыптастыру мақсатында "таза парақтан" толыққанды реттеу енгізілетін болады.
Барлық нормативтік құқықтық актілерге тексеру жүргізу арқылы өзекті емес және негізсіз реттеушілік талаптарды жаппай қысқарту жалғасады, олар бизнес үшін ықшам әрі түсінікті жаңа қағидалармен алмастырылады.
Бұл кәсіпкерліктің барынша еркіндігінің жаңа қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қаржылық қолдау шаралары көбінесе бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарға көрсетілетін болады. Бұл ретте еңбекақы қорының өсуі және салық аударымдарының ұлғаюы олардың базалық өлшемшарттары болады.
Бизнесті ірілендіру мақсатында салықтық режимдер реформаланатын болады және заңды тұлғалар құрылтайшыларының орташа жылдық кірісі мен үлестестігін қолдану негізінде шағын және орта бизнес санаттарын айқындаудың бірыңғай өлшемшарттары енгізілетін болады.
Әрбір өңірде және ірі елді мекенде иесіз немесе мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерлердің бар-жоғын бағалау негізінде кәсіпкерлерге жер учаскелерін жедел және ашық бөлу қамтамасыз етілетін болады.
Реттеушілік талаптарды қоса алғанда, мемлекеттің бизнеспен өзара іс-қимылының барлық рәсімдері цифрландырылатын болады.
Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы тексерулер мен жазалаудан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылатын болады.
Мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізу ашық және объективті рейтингтер мен өлшемшарттар негізінде цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы берілетін болады. Бұл транзакциялық шығасыларды айтарлықтай төмендетеді, шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттырады және әкімшілік кедергілерді азайтады.
Нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындардың үлесі 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 40 %-ына дейін жеткізілетін болады.
4.2.2. Монополияға қарсы саясат және бәсекелестікті дамыту
Монополияға қарсы реттеудің негізгі басымдығы жазалаушы тәсілдерден "жеңіл құқық" құралдарын кеңінен қолдануға ауыса отырып, проактивті бәсекелестік саясатты енгізу болады.
Бәсекелестікті қорғау саласындағы саясат монополияға қарсы реттеудің алдын алу шараларының басымдығы, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру, ақпараттық ашықтық пен айқындық негізінде жүзеге асырылатын болады.
Бағаның бұрмалануына, негізгі қуаттарға қол жеткізуге және кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігін қамтамасыз етуге байланысты реттеушілік кедергілерді азайтуға және кейіннен жоюға баса назар аударылатын болады.
Бәсекелестік заңнамасының сақталуын талдауды және оның тиімділігін мониторингтеуді ескере отырып, мемлекеттік қолдау шаралары оңтайландырылатын болады.
Нарықтық баға белгілеуге тікелей немесе жанама кедергі келтіретін барлық заңнамалық және реттеушілік актілер кезең-кезеңімен реттеуден арылатын болады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алынатын медициналық көрсетілетін қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тарифтерді реттеу қолданылатын субъектілерге, сондай-ақ табиғи монополиялар салаларының субъектілеріне мұның қатысы жоқ.
Монополиялық нарықтарда инфрақұрылымға инвестициялар тарту мақсатында "Инвестициялардың орнына тариф" жаңа тарифтік саясатына көшу жүзеге асырылатын болады. Бұл тәсіл өз қаражаты есебінен инфрақұрылымға инвестициялар орнына тарифтер беруді және ашықтықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мониторинг жүйесіне қатысуды білдіреді.
Инновациялық шешімдерді енгізу және шығындардың бір бөлігін тарифтік смета ішінде қайта бөлу және кірістің белгілі бір үлесін монополистің иелігінде қалдыру арқылы жабдықты жаңғырту үшін ынталандыру шаралары қолданылатын болады. Бір мезгілде табиғи монополиялар салаларында және қоғамдық маңызы бар нарықтарда тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан біртіндеп бас тарту жүзеге асырылатын болады.
Тауар нарықтарындағы бәсекелестікті ынталандыру биржалық сауданы дамыту, кіруге әкімшілік және экономикалық кедергілерді қысқарту арқылы жүргізілетін болады.
Мемлекет экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Заңнамалық деңгейде "конгломерат" ұғымы айқындалатын болады. Бір-бірімен байланысты нарық субъектілерінің экономикалық шоғырлануы міндетті рұқсат болған жағдайда ғана мүмкін болады.
"Бірыңғай операторлар" институты регламенттеледі, оның ішінде оларды бәсекелес ортаға беру не тиісті монополияға қарсы реттеуді енгізе отырып, монополистер деп тану арқылы өңірлік деңгейде регламенттелетін болады.
Негізсіз және шектен тыс бюджет шығыстарына жол бермеу мақсатында сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің басымдығын төмен бағадан сапаға ауыстыра отырып, сондай-ақ жергілікті қамтуға басымдық бере отырып, мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесі құрылады.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жаңарту, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға ауыстыру арқылы мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіру жалғасатын болады.
4.2.3. Квазимемлекеттік сектор
Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне өз мақсаттарына тиімді қол жеткізуі үшін операциялық тәуелсіздік берілетін болады.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп төмендету саясаты жалғасады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін жүйелеу және жіктеу есебінен одан әрі жекешелендіру, оңтайландыру және жою жөнінде шешімдер қабылдау сапасы артады.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуді және активтердің әділ нарықтық құнын айқындауды ескере отырып, объектілерді бәсекелес ортаға беру тетіктері қайта қаралатын болады.
Бұл квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін реттеуге, оларды құру кезінде бастапқыда тұжырымдалған мақсаттар мен міндеттерге шоғырландыруға, бюрократиялық, басқарушылық және бюджеттік шығасыларды қысқартуға, сондай-ақ "Yellow Pages" қағидатын ескере отырып, экономикадағы жеке сектордың үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік аппаратты жекелеген іске асыру функцияларынан босату үшін баламалы нұсқа болатын жария құқықтың заңды тұлғалар институты енгізілетін болады.
Корпоративтік басқару саласында алдыңғы қатарлы халықаралық практиканы ескере отырып, директорлар кеңестері мен бақылау кеңестерінің тәуелсіздігін және кәсіптік тұрғыдан дамуын нығайту жөніндегі жұмыс жалғасады.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ (бұдан әрі – Қор) жұмысының жаңа моделі басқарудың ашықтығы арттырыла отырып айқындалатын болады.
Қор инвестициялық компанияға трансформацияланады, ол экономиканың стратегиялық маңызды секторларында компаниялар акцияларының мажоритарлық пакетіне ғана ие болады. Қордың, сондай-ақ оған тиесілі компаниялардың (еншілес компаниялардың) басқа да активтері мен акциялары экономиканы монополиясыздандыру және мемлекет иелігінен алу шеңберінде, оның ішінде "Халықтық IPO" тетігі арқылы жекешелендіріледі.
Қор тең инвестор ретінде Президент айқындайтын, іске асырылуын жеке инвесторлардың қаражатымен ғана жүзеге асыру мүмкін болмайтын аса маңызды жобаларға ғана қатысатын болады.
"Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі" АҚ (бұдан әрі – Холдинг) ESG қағидаттарын (қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, жоғары әлеуметтік сана, корпоративтік басқарудың жоғары сапасы) және корпоративтік басқарудың үздік стандарттарын ұстана отырып, инвестициялар тарту, өнеркәсіптік-инновациялық даму, ұлттық өнім экспортын ілгерілету, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіптік кешен мен тұрғын үй-құрылыс секторын кеңейту салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі түйінді даму институты ретінде өз рөлін арттыруды жалғастырады.
Жобаларды жеке қорландыру үлесі, мемлекеттік және жеке көздерден тартылған қаражаттың айналымы ұлғайтылады, инфрақұрылымдық жобалар мен венчурлік қаржыландыру нарығын кеңейте отырып, орта және жоғары бөліністер өндірісін дамыту қамтамасыз етіледі.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін холдинг тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, оның ішінде коммерциялық ипотека және жалға берілетін тұрғын үй нарығын дамыту, жаңа тұрғын үй құрылысын қорландыру және тозығы жеткен тұрғын үйді реновациялау жөніндегі құралдарды жетілдіруді жалғастырады.
4.3. Макроэкономикалық тұрақтылық
Халықтың әл-ауқатын арттыратын экономиканың сапалы және тұрақты өсуіне қол жеткізу салық-бюджет, ақша-кредит және салалық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын реттілікпен үйлестіруді талап етеді.
4.3.1. Фискалдық саясат
Салық-бюджет саясаты мемлекеттің барлық әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерінің орындалуын ескере отырып, макроэкономикалық және бюджеттік тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталатын болады.
Салық саясаты шеңберінде салық салу шарттарының тұрақтылығы мен ашықтығы, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, салық міндеттемелерін орындаудың қарапайымдылығы қамтамасыз етілетін болады.
Салық базасын ынталандыру мен кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталған салық саясатын жетілдіру жалғасады.
Халықаралық тәжірибе негізінде салық жүктемесін неғұрлым әділ бөлу қажеттігін ескере отырып, жанама салық салу тәсілдері (қосылған құн салығы, акциздер) жетілдірілетін болады.
Бизнесті ынталандыру мақсатында экономика саласына қарай салықтың сараланған мөлшерлемелері тетігі қолданылатын болады.
Бөлшек салықты қолдану кеңейтіледі.
Технологиялық жаңғыртуға және ғылыми әзірлемелерге бағытталған пайдадан корпоративтік табыс салығын азайту немесе одан босату тетіктері енгізіледі.
Жұмыскерлердің жалақысын көтеруді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде бизнестің қарсы міндеттемелері белгіленетін болады.
Арнайы салық режимдері жеңілдетіледі және оңтайландырылады.
Қатты пайдалы қазбаларға салық салу тиімділігі артатын болады.
Үздік халықаралық практикаларды ескере отырып, салық салудың сервиске бағдарланған моделін құру мақсатында салық қызметі органдарының клиентке бағдарлануы салықтық әкімшілендірудің негізі болады.
Салықтық әкімшілендіруді оңайлату және мүмкіндігінше барынша цифрландыру, сондай-ақ салық төлеуден жалтаруға және салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу бойынша жұмыс жалғасады.
Көлеңкелі экономиканы ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендетуге және капиталды елден заңсыз әкетуге жол бермеуге ерекше назар аударылады.
"Бір терезе" қағидаты бойынша фитосанитариялық, ветеринариялық, санитариялық-эпидемиологиялық, радиациялық бақылау және техникалық реттеу жүргізумен интеграцияланған кедендік бақылау енгізілетін болады.
Бюджет саясатының моделі "қаражатты игеруден" "нәтижелерді басқаруға" өту жолымен реформаланады және бюджет қаражатының әрбір жұмсалған теңгесінің экономикалық қайтарымын арттыруға бағытталатын болады. Бұл үшін қаржы жылы ішінде бюджет қаражатын басқарудың икемділігі және оны келесі жылға ауыстыру көзделетін болады.
Бюджет процесінде жоспарлау және орындау кезінде тапшылық пен борыш бойынша міндетті шекті қаржылық нормативтер сақталады.
Шығыстарды жабу бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктері шегінде ғана қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте инфляция бойынша ұзақ мерзімді мақсатқа ұлғайтылған нысаналы ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейінде мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынына тікелей шектеу белгілейтін контрциклдік бюджеттік қағида қолданылатын болады.
Ұлттық қор ресурстарын жұмсаудың тиімділігін арттыру үшін нысаналы трансферттер сыни инфрақұрылымды дамытуға және жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыруға ғана бағытталатын болады. Бұл ретте кепілдендірілген трансферт бойынша контрциклдік қағида қолданылады. Бұл Ұлттық қор активтерінің сақталуын және одан әрі жинақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік борышты басқару оңтайлы құрылымды және оны қаржыландыру көздерін айқындай отырып, міндетті қаржылық шектеулер шегінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесі белсенді қолданылатын болады.
Шығыстардың оңтайлы деңгейі мен құрылымы, оның ішінде ішкі резервтер есебінен сақталатын болады. Сонымен қатар бюджет шығыстарын тексеру және оңтайландыру оларға барынша басымдық беріле отырып тұрақты негізде жүргізіледі.
Бюджетаралық қатынастар саясаты өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін ынталандыруға және қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасына одан әрі орталықсыздандыруға бағытталатын болады.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды қамтамасыз ету үшін кірістер мен шығыстардың қосымша баптарын іске асыруға жауапкершілікті күшейте отырып, оларды жергілікті деңгейге беру жалғасады.
Азаматтарды басым мәселелерді шешуге кеңінен тарту үшін жергілікті деңгейде "халық қатысатын бюджет" практикасы ауқымды таратылатын болады.
4.3.2. Ақша-кредит саясаты
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты болып қала береді.
Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлескен күш-жігері инфляцияның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталатын болады, бұл ұзақ мерзімді орнықты экономикалық өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізге кіруін қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды жалғастырады.
Ақша-кредит саясатының институционалдық және операциялық негіздерін, сондай-ақ құбылмалы айырбас бағамы режимін нығайту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін Ұлттық Банк қаражаты есебінен экономиканы қаржыландыру толығымен тоқтатылатын болады.
Валюталық саясат шеңберінде Ұлттық Банк сыртқы күйзелістерді жоятын, теңгерімсіздіктердің жинақталуын жоққа шығаратын және сонымен бірге елдің алтын-валюта резервтерін орынды пайдалануға және сақтауға мүмкіндік беретін икемді бағам қалыптастыруды ұстанатын болады.
Үкімет және Ұлттық Банк контрциклдік бюджеттік қағидаларды енгізу және мүлтіксіз орындау жолымен фискалдық және монетарлық саясатты үйлестіруді арттыру жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастырады.
Экономиканы қор және сақтандыру нарықтарын дамыту жолымен қаржыландыруды әртараптандыру, қаржы технологияларын белсенді енгізу, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ кредиттеу кезінде кредиттік тәуекелдерді азайту ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің арналарын кеңейту мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
4.3.3. Қаржы секторын дамыту
Қаржы нарығын дамыту елдің экономикалық өсуіне ықпал ете отырып, қоғамның мүддесіне және олардың әл-ауқатының өсуіне қызмет ететін болады.
Тәуекелге бағдарланған қадағалау Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Халықаралық сақтандыру қадағалаушылары қауымдастығының (IAIS) және Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) қағидаттарына сәйкес іске асырылатын болады.
Макропруденциялық саясат шеңберінде экономиканың ықтимал стрестік даму сценарийлерін ескере отырып, жүйелік тәуекелдерді және бүкіл қаржы жүйесінің орнықтылығына әсер ететін институттарды бағалау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Халықтың инвестициялық және жинақтау мүмкіндіктерін арттыру үшін жинақтаушы өнімдер және инвестициялық сақтандыру өнімдері, сондай-ақ, оның ішінде "Халықтық IPO" бағдарламасын іске асыру шеңберінде қор нарығының құралдары тартылады.
Экономиканы кредиттеуде қаржы секторының рөлін арттыру үшін ірі және капиталды көп қажет ететін инвестициялық жобаларда мемлекеттік қаражатты қаржы нарығының ресурстарымен алмастыру қамтамасыз етілетін болады.
Банктерді экономиканың нақты секторын кредиттеуге тарту үшін қосымша ынталандырулар әзірленеді.
Өміршең емес кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауды тоқтату мәселелері пысықталады, дәрменсіз борышкерлерді оңалту және банкроттық рәсімдері жетілдіріледі, сондай-ақ жеке компанияларды корпоративтік басқарудың сапасы мен ашықтығын арттыру жөніндегі шаралар қабылданады.
Экономиканы қаржыландыру тетіктерін кеңейту шеңберінде факторинг, лизинг, синдикатталған кредит беру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) сияқты баламалы құралдарды дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады. Экономиканы қаржыландыруда қор нарығының әлеуетін ұлғайту үшін ірі және орташа капиталдандырудың жеке компанияларын IPO жүргізуге ынталандыру жөніндегі шаралар іске асырылады.
Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшу процестеріне қаржы секторын неғұрлым белсенді тарту үшін ESG орнықты даму қағидаттары кезең-кезеңімен интеграцияланатын болады.
4.4. Экономиканы әртараптандыру
Әртараптандыру саясатының мақсаты экономикадағы кіріс көздерін кеңейту және санын ұлғайту болып табылады.
Бұл мақсатқа орташа және жоғары дәрежеде өңделген өнімдер жасауға, экспорт құрылымын күрделендіруге, еңбек өнімділігін арттыруға, сапалы жұмыс орындарының үлесін ұлғайтуға және шикізатқа қатысты емес тапшылықты қысқартуға бағдарланған технологиялық прогрессивті өнеркәсіпті қалыптастыру арқылы қол жеткізілетін болады.
Мамандандырылған факторлармен қамтамасыз ету шығасыларды азайтады және кәсіпорындарды кейіннен инвестициялар, технологиялар мен құзыреттер трансфертімен жаһандық және өңірлік қосылған құн тізбегіне қосылуға ынталандырады. Өнімділікті арттыруда цифрлық шешімдер мен процестерді автоматтандыру белсенді рөл атқарады.
4.4.1. Проактивті инвестициялық саясат
Мемлекеттік инвестициялық саясат сапалы шетелдік және ішкі инвестицияларды тарту арқылы ел экономикасының орнықты дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады.
Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар проактивті өзара іс-қимылға бағдарланады. Шикізатқа қатысты емес секторға инвестициялар тарту және дамудың шикізаттық моделінен алшақтау түйінді бағдар болып қала береді.
Ішкі нарықты технологиялық жаңғыртуды, құрылымдық түрлендіруді, кеңейтуді және дамытуды, экономиканың орнықты өсу қарқынын қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыруға назар аударылатын болады.
Инвестициялық жобаларды іске асыруға бюджет қаражатын тарту кезең-кезеңімен азайтылады. Мемлекеттік инвестициялар ерекше жағдайларда ғана жеке қаржыландыру жетіспейтін жоғары технологиялық капиталды көп қажет ететін жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Инвестициялық саясатты одан әрі жетілдіру тартылатын шетелдік және ішкі инвестициялардың сапасын арттыруға, отандық қор биржаларын тарта отырып, инвесторлар үшін инфрақұрылымдарды жақсартуға мүмкіндік береді.
Экономикаға инвестициялардың қосымша көлемдерін тарту мақсатында баламалы көздерді дамыту, оның ішінде банк секторының экономиканы қаржыландырудағы рөлін күшейту, көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша шаралар қабылданатын болады.
"Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде МЖӘ-нің жаңа моделіне өту жүзеге асырылатын болады, ол конкурстық негізде келісімшарттар жасасудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Стратегиялық "зәкірлік" инвесторларды таргеттеп тарту және экономика салаларында, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде жаңа экожүйелер қалыптастыру жөніндегі шаралар кеңейтілетін болады. Бұл отандық экспорттық тауарлар номенклатурасының ұлғаюына және оларды әлемдік нарыққа тиімді ілгерілетуге ықпал етеді.
Инвестициялар туралы келісімдер жасасу кезінде оларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсері ескерілетін болады.
Баға мемлекеттік реттелетін салаларда инвестициялық тартымдылықты арттыру ауқымды коммуникациялық науқанмен бірге біртіндеп нарықтық баға белгілеуге көшу арқылы жүзеге асырылатын болады.
Тарифтік реттеудің көрсетілген әдістерін қолдану инвестициялар тартуды ынталандыратын болады, бұл электрмен, жылумен, сумен жабдықтау инфрақұрылымын, сондай-ақ олардың негізгі қорларын кешенді жаңғырту, реконструкциялау және жаңарту үшін қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Тарифтерді ырықтандырудың халыққа ықтимал әсері әлеуметтік қолдаудың атаулы шараларын енгізу арқылы нивелирленетін болады.
Сондай-ақ инвестицияларды тарту саясаты ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық өту талаптарын ескере отырып қайта қаралады.
Жаңа технологияларды таңдау және енгізу кезінде Қазақстан жағдайында мүмкін болатын энергиялық тиімді және "ақылды" технологиялар, климаттық жарамдылық және экономикалық тиімділік басымдыққа ие болады.
Заманауи стандарттарды қолдану және энергия генерациялайтын станциялардың пайдалану шығындарын азайту "жасыл технологияларды" енгізудің негізгі факторлары болады.
Көміртегі бейтараптығының ұзақ мерзімді мақсатына қол жеткізуді ескере отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді экологиялық таза өндіріске, парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге инвестицияларды ынталандыру және көтермелеу жалғасады.
Инвестициялық саясатты тиімді іске асыру 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 25 %-дан астам көлемінде негізгі капиталға инвестициялар деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
4.4.2. Экспорт географиясын кеңейту
Сауда саясатында шикізаттық емес экспорттың өсуіне, сондай-ақ ел өңірлерінің қосылған құнның жаһандық тізбегіне қосылуына назар аударылатын болады. Бұл үшін, оның ішінде экспорттың нақты көрсеткіштеріне назар аудара отырып, Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері жанынан сауда кеңесшілерінің институты енгізілетін болады.
Логистикалық және географиялық мүмкіндіктерді ескере отырып, Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия және Каспий маңы өңірі елдерімен шекаралас сауда-экономикалық орталықтар желісі орналастырылады.
Өз кезегінде, Транскаспий халықаралық көлік маршруты транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді әртараптандыру үшін негізгі байланыстырушы буынға айналады.
Сондай-ақ отандық өндірушілер мен экспорттаушылардың қол жеткізуін шектеусіз, транзиттік тасымалдар үшін бірыңғай цифрлық жасыл дәліз құрылатын болады.
Отандық экспортты жеткізудің жаңа және балама маршруттарын дамыту бойынша жұмыс жүргізіледі. Тиімді экономикалық дипломатия жаңа нарықтарға кепілді қол жеткізу жолындағы түйінді аспект болады. Мемлекетаралық уағдаластықтарды іске асыру жаңа маршруттардың инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қаржы, білім беру, медициналық және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің экспортын ілгерілетуге ерекше назар аударылады.
Мұнай өндірудің өсуіне қарай көмірсутек шикізатын экспорттауға арналған дәліздер әртараптандырылатын болады.
Перспективалы өткізу нарықтарымен еркін сауда аймақтары туралы келісімдер жасасу сыртқы сауданы дамытудың маңызды тетігі болады. Осы келісімдердің тізбесін кеңейту тарифтік және тарифтік емес кедергілерді өзара жою жолымен нарықтарға кіруді қамтамасыз ететін сауданы ырықтандырудың тиімді құралына айналады.
4.4.3. Өндірістік әлеуетті тереңдету
Көрсетілетін қызметтер секторына мультипликативті әсер ете отырып, өңдеу өнеркәсібіне және агроөнеркәсіптік кешенге сүйенумен әртараптандырылған экономика құру экономикалық саясаттың басымдығы болып қала береді.
Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін, оның ішінде көміртегі бейтараптығына өтудің қағидаттары мен мақсаттарын ескере отырып қамтамасыз ету қабылданатын шаралардың түйінді міндеті болады.
Шығарылатын өнімнің қосылған құны жоғары болады. Бизнес субъектілерін жаһандық қосылған құн тізбегіне қосу және оларды елден тыс жерлерде өткізу нарықтарын кеңейту ынталандырылады.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды өндірістік әлеуетті дамыту және тереңдету нүктелеріне айналдыру мақсатында олардың тиімділігі арттырылады. Индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін инвестициялық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілі негізінде арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі жаңа саясатқа өту жүзеге асырылады.
Маңызды индустриялық жобаларды басым емес бағыттарда іске асыратын инвесторларға жер учаскелері салықтық және кедендік преференциялар қолданылмай берілетін болады.
Сондай-ақ барлық инвестициялық міндеттемелерді адал орындаған кәсіпорындар үшін арнайы экономикалық аймақтар аумағында жер меншігі құқығы айқындалатын болады.
4.4.4. Экономика салаларын дамыту
Өнеркәсіп
Индустриялық саясатта кәсіпорындарды сұранысты қолдаудан технологиялық жаңғырту мен трансформациялауды қолдауға қайта бағдарлау жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік қолдау өнім желісін немесе көрсетілетін қызметтерді тереңдету және кеңейту, кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және олардың жаңа нарықтарды игеру мақсаттарына бағытталатын болады.
Индустриялық саясатты іске асыру тәсілдері ірі кәсіпкерлікке шоғырлану практикасынан бас тарту және жаппай өнеркәсіптік кәсіпкерлікті тиімді ынталандыруға қайта бағдарлану жағына қарай қайта қаралатын болады.
Бұл көлік, электр, жылу энергетикасы, сумен жабдықтау, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ дайын өндірістік үй-жайлар мен жабдықтардың лизингі арқылы индустриялық инфрақұрылымды дамытуда жаңа тәсілдерді қолдануды білдіреді.
Тұрақты энергетикалық сектор индустриялық өсудің негізі болады. Адамдардың тұрмыстық қажеттіліктерін және өнеркәсіптің сұраныстарын толық қамтамасыз етуге қабілетті тәуелсіз энергетикалық жүйе құрылатын болады.
Елдің энергия жүйесін біріктіретін электр беру желісінің құрылысын аяқтау арқылы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады.
Шетелдік әріптестермен бірлесіп ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленетін болады.
Ішкі нарық қайта өңдеу көлемін ұлғайту жолымен мұнай өнімдерінің негізгі түрлерімен қамтамасыз етіледі.
Тауарлық газ ресурстарын ұлғайту және елдегі газдандырудың кемінде 60 пайыздық деңгейін қамтамасыз ету үшін жаңа газ өңдеу қуаттары салынатын болады.
Халықаралық алдыңғы қатарлы практиканы ескере отырып, ең үздік қолжетімді технологияларға өту жөніндегі экологиялық заңнама нормаларын іске асыру бойынша кешенді жұмыс жүргізілетін болады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия өндірісінің көлемі ұлғайтылады.
Экологиялық бақылауды күшейту есебінен елдің өнеркәсіптік кәсіпорындарында зиянды заттардың эмиссиясы төмендейді.
Креативті индустрияны дамытуды қолдау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Тау-кен металлургия кешені
Тау-кен металлургия кешені ЖІӨ-де 20 % үлесі бар экономиканың басым секторларының бірі болып табылады.
Саланы одан әрі дамыту шикізатты терең қайта өңдеуге және шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге бағдарланатын болады.
Жер қойнауының геологиялық зерделенуін арттыру мақсатында оның ішінде тиісті заңнамалар мен рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ барлау үшін Қазақстан аумағын барынша ашу есебінен ірі геологиялық барлау компанияларын, отандық және шетелдік юниор-компанияларды тарту бойынша шаралар қабылданады.
Мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын цифрландыру жүргізілетін болады.
Бүкіл ел аумағында зерттеудің озық әдістерін жүргізу және осы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету геологиялық барлауға инвесторларды тартудың маңызды факторы болады. Ол үшін геологиялық ақпараттың бірыңғай дерекқоры енгізіледі.
Қайта өңдеу өндірістері үшін минералдық-шикізат базасын дамыту жөнінде жүйелі жұмыс жалғасады.
Жер қойнауын пайдалану құқықтарын ресімдеу кезіндегі кедергілерді жою, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыруды арттыру мақсатында лицензия алу процестері және байланысты процестер автоматтандырылады.
Ғылым мен техниканың озық салаларын одан әрі дамыту үшін отандық ғылыми-техникалық әлеуетті сақтау және өсіру, озық шетелдік технологиялар мен инновациялар трансфері, жергілікті және жаһандық ойыншыларды металдардың сирек және жерде сирек кездесетін таза түрлерін, қосылыстар мен материалдарды өндіру, қайта өңдеу, байыту, селекциялау, алу сияқты бағыттарға тарта отырып, бірлескен жобаларды әзірлеу металлургиядағы негізгі басымдық болады.
Өңдеу өнеркәсібі
Экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және өңдеу өнеркәсібінің өндірісін дамыту мақсатында отандық қайта өңдеушілердің шикізатқа қолжетімділігі, оның ішінде ел аумағында өндірілетін базалық материалдарды жеткізуді қамтамасыз ету жолымен кеңейтіледі.
Шикізат өндірушілер, қайта өңдеушілер мен салалық мемлекеттік органдар арасында үшжақты келісімдер жасасу тетіктері іске асырылатын болады.
Офтейк-келісімшарттар мен офсеттік мәмілелер жасасу процесін реттеу тетіктерін кеңінен тарату арқылы отандық өндірістердің дамуын ынталандыру жалғасады.
Заманауи ғылымның қолданыстағы жүйесі өнеркәсіптің негізгі активтерінің технологиялық құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз ету мақсатында бизнес қажеттіліктеріне бейімделеді.
Еңбек өнімділігі мен экспорттық себеттің күрделілік деңгейін көтеру үшін экономиканың өнеркәсіптік секторына отандық ғылымның прогрессивті технологиялық шешімдері енгізілетін болады.
Ғылымның, кадр саясатының теңгеріміне және өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа технологиялық құрылымға мемлекет баса назар аударуды жалғастырады.
Ғылым және технологиялық саясат туралы заңның қабылдануы пәрменді шаралардың бірі болады.
Өнеркәсіптік, инновациялық, инвестициялық, экспорттық, білім беру, фискалдық саясаттардың тұтастығын қамтамасыз ететін қабылданған экономикалық тұрғыдан негізделген шешімдер жиынтығы өңдеу өнеркәсібінің орнықты дамуына ықпал етеді.
Көлік
Көлік саласын кеңейту мақсатында коммуникация мен жүк жеткізудің жаңа баламалы бағыттары енгізіледі.
Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылығын сақтай отырып, сенімді транзиттік хаб ретінде оның ұстанымдарын нығайта отырып, отандық өнімнің қауіпсіз және үздіксіз экспортын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені іске асырылуда.
Қазақстан аумағынан өтетін Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (бұдан әрі – ОАӨЭЫ) экономикалық дәліздер желісі бойындағы инвестициялық жобаларға және көліктік бастамаларға ерекше назар аудара отырып, ОАӨЭЫ операциялық кластерлерін тығыз келісуге негіз ретінде мультимодальдық байланысты дамыту жұмысы жалғасады.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық теміржол тасымалдаушысы мандаты мен міндеттерін кеңейту арқылы ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформацияланатын болады, бұл компанияға елдің көліктік транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі жұмысты неғұрлым кешенді жүргізуге мүмкіндік береді.
"Достық – Мойынты", "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желілерін, Алматының айналасындағы айналма тармақты, Қытаймен шекарадағы "Бақты" теміржол өткелін іске қосу қамтамасыз етіледі.
Теңіз тасымалдарында Ақтау портында меншікті паромдар мен "контейнерлік хаб" салу арқылы отандық сауда флотын кеңейте отырып, қазақстандық порттарды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыру басым стратегиялық міндет болып табылады.
Автожол инфрақұрылымын дамыту үшін, бірінші кезекте, "Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат", "Атырау – Астрахань", "Алматы – Қарағанды" және "Талдықорған – Өскемен" басталған магистральдық маршруттары уақтылы және сапалы реконструкцияланатын болады.
FIDIC халықаралық инженер-консультанттар федерациясының қағидаттарын енгізе отырып, автожол саласында реформа жүргізілетін болады.
Көрсетілген қағидаттар шеңберінде халықаралық инвестициялық-құрылыс қызметіне қатысушылардың қарым-қатынастарын реттеу үшін үлгілік келісімшарттар енгізілетін болады. Келісімшарттардың талаптары түсінікті және ашық болады, бұл тапсырыс берушінің де, мердігердің де оларды пайдалануға сенімін қамтамасыз етеді.
Үлгілік шарттар мемлекеттік қаржыландыру және халықаралық банктердің қаржыландыруы кезінде тәуекелдерді әділ бөлу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мақсатында қолданылатын болады.
Сонымен қатар жергілікті маңызы бар жол-көлік инфрақұрылымының сапалы байланысын қамтамасыз ете отырып, оларды оңалтуға, сондай-ақ республикалық маңызы бар автожолдарды салуға және реконструкциялауға ерекше назар аударылатын болады.
Агроөнеркәсіптік кешен
Агроөнеркәсіптік кешенді (бұдан әрі – АӨК) дамыту саясаты еңбек өнімділігін ұлғайту, ауылдық аумақтар мен ауыл шаруашылығын теңгерімді дамыту, отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және АӨК өнімдерінің экспортын ұлғайту арқылы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталатын болады.
Саладағы субсидиялау жүйесі субсидиялардың түрлері мен санын оңтайландыру, оның ішінде өзіндік ерекшелігі бар тауарларды субсидиялаудың барлық түрлерін толық жою арқылы реформаланатын болады.
Өнімді арзандатуға бағытталатын субсидиялау көлемі төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті кредиттеуге ауыстырылып қайта қаралады.
Субсидиялаудың жаңа саясаты ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісі орналасуының үлесін ұлғайта отырып, ауыл шаруашылығының техникалық паркін жаңарту қарқынын жеделдету есебінен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталатын болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін жеңілдікті жағдайлар және өткізу нарықтарына шығу қамтамасыз етілетін болады.
Субсидиялардың тиімді игерілуін бақылау цифрландыру және процестердің "ашықтығын" қамтамасыз ету есебінен сапалы түрде күшейтіледі.
Саладағы еңбек өнімділігін арттыруға кәсіпкерліктің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында аграрлық ғылымды дамыту, сондай-ақ заманауи технологиялар трансфертін белсенді ынталандыру ықпал ететін болады.
Қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі мен экспортын ынталандыру мақсатында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің жаңа кәсіпорындарын салуға және істеп тұрғандарын қосымша жүктеуге және жаңғыртуға бағытталған кешенді шараларды іске асыру жалғасады.
Алып қойылған пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізу бойынша нақты шешімдер қабылданады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, топырақтың жай-күйі, ландшафт, су ресурстарының көздері, ирригациялық жүйелер, көлікпен жету туралы шашыранды ақпарат бірыңғай цифрлық платформада интерактивті карта түрінде біріктірілетін болады.
Кепілдікті қамтамасыз ету ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын пайдалану тетігін әзірлеу және енгізу есебінен кредиттік ресурстардың қолжетімділігі артады.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын ұйымдастыру жөніндегі ауқымды жоба іске асырылатын болады.
Ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу бойынша ірі азық-түлік экожүйелерін қалыптастыру үшін жағдайлар жасалады.
Бұл ретте зәкірлік кәсіпорындар табиғи-климаттық және экономикалық факторларға сүйене отырып, өңірлердің мамандануына сәйкес орналасатын болады.
Өндірісті ұлғайту монодақылдар, суды көп қажет ететін дақылдар алқаптарын оңтайландыруға және жоғары рентабельді баламалы дақылдарды арттыруға ықпал ететін болады.
Тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында отандық селекцияның ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарымен қамтамасыз ету және "селекция-тұқым шаруашылығы-өндіріс" бірыңғай тізбегіне біріктіре отырып, импортқа тәуелділікті азайту және барлық деңгейлерде тұқым шаруашылығын жүргізудің материалдық-техникалық базасын жақсарту жөніндегі шаралар кешені іске асырылатын болады.
Бұдан басқа, оригинаторлардан бастап тауар шаруашылықтарына дейін жоғары репродукция тұқымдарының ілгерілеуін цифрлық форматта қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық жүйе енгізілетін болады.
Мал шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімінің экспортын ілгерілетуге баса назар аударылатын болады.
Мал шаруашылығы өнімі экспортының көлемін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы жануарларын қадағалау мен сәйкестендірудің ақпараттық жүйесін жетілдіру есебінен мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығының суаруға арналған судың жетіспеушілігімен, топырақтың тұздануы мен эрозиясының ұлғаюымен байланысты климаттың өзгеруіне ерекше осалдығын ескере отырып, оларды климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру жалғасады.
Мемлекет ауыл шаруашылығы жерлерін суарудың жалпы ауданын кеңейтуді, суару арналарын және су қоймаларын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді.
Табиғи ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында су биоресурстарын сақтауға бағдарланған инвестицияларды қолдауға арналған мемлекеттік шығыстардың үлесі біртіндеп ұлғаятын болады.
Ішкі және электрондық сауда
Сауда саясатын жетілдіру сауда алаңдарының, жер учаскелерінің қолжетімділігін ұлғайтуға, сауданың заманауи инфрақұрылымын дамыту үшін жағдайлар жасауға және ШОБ-ты қолдауға, сауда нарықтарын жаңғырту, ұлттық тауар өткізу жүйесін құру және тауарларды өткізу тізбектерін оңтайландыру арқылы заманауи сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің өткізу нарықтарына шығуын жеңілдету үшін олардың сауда объектілерімен өзара іс-қимылы кезінде туындайтын кедергілер жойылады. Өндірушілерді, сауда-логистикалық компанияларды, ритейлерлерді, сауда нарықтары мен жақын маңдағы дүкендерді біріктіретін көтерме-тарату жүйесін құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілетін болады.
Тауарларды өткізген кезде өнімнің қауіпсіздігін, сапасын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында өнімге қойылатын талаптар және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау-қадағалау функцияларын тиісінше жүргізу үшін жауапкершілікті күшейте отырып, оның сәйкестігін бағалау рәсімдері белгіленетін болады.
Әлемде қалыптасып жатқан трендтерді ескере отырып, тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету, оларға кепілдік беру және қорғау, сондай-ақ электрондық саудада өткізілетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жандандырылатын болады.
Транзиттік ағындарды ұлғайтуға, елдің транзиттік әлеуетін және оңтайлы логистикалық бағдарды тиімді пайдалануға, электрондық коммерцияның дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік беретін бондтық қоймалар моделін дамыту негізгі бағыттардың бірі болады.
Сонымен қатар ұлттық электрондық сауданы, өңірлік ритейлді, өнім берушілер мен сауда желілері арасындағы өзара қарым-қатынасты белсенді дамыту, дискаунтерлер форматын енгізу, оның ішінде жоғары тұтынушылық мәдениетті қалыптастыру бойынша тиімді шаралар кешені әзірленетін болады.
Туризм
Туристік саланы экономиканың аралас салаларын дамытуға мультипликативтік әсер ететін экономиканың жаңа өсу көзі және бизнестің табысты түрі ретінде қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Туризмді ауқымды дамыту және оған халықты барынша тарту мақсатында туристік қызметтің сапасын стандарттау және сертификаттау жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
Туристік өнім сапасын арттыруға және оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
Шетелдік туристерді тарту үшін құрамдастырылған жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру, визасыз режимді кеңейту, сондай-ақ елді негізгі нысаналы нарыққа шығару бойынша жұмыс жалғасады.
Көрсетілетін туристік қызметтер сапасын барлық кезеңде арттыруға ерекше назар аударылатын болады.
Клиенттердің қажеттіліктерін айқындау және көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша талаптарды қанағаттандыруға бағытталған тиісті стандарттар әзірленетін болады.
Туристік өнімдерді ұсыну бойынша, оның ішінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экотуризм объектілеріне "жұмсақ" инфрақұрылымды дамытуды көздейтін кешенді жұмыс жүргізілетін болады.
Туристік объектілердің инфрақұрылымын дамытудың кешенді тәсілі туризм объектілеріне дейін сапалы және қауіпсіз барар жолды, жылдам және ыңғайлы көлік қатынасын, жол бойында заманауи инфрақұрылымды қамтамасыз ету арқылы енгізілетін болады.
Жақын орналасқан елді мекендердің инфрақұрылымын (жарықтандыру, энергиямен қамтамасыз ету, ҚТҚ шығару, туристік полиция пункттері, жедел жәрдем және төтенше жағдайлар қызметтері) маусымдық кезеңде жүктеме артқан кезде жұмыс істеу үшін резерв қалыптастыра отырып дамыту туризмге серпін береді.
Осы шараларды іске асыру Қазақстанның ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да туристік әлеуетін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететін болады.
Цифрландыру және инновациялар
Қазақстанның өңірлік цифрлық хабқа айналуы бойынша, оның ішінде деректерді өңдеу орталықтарын салу, трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдарды төсеу, ірі халықаралық IT-компанияларды тарту үшін заңнаманы өзектілендіру арқылы шаралар кешені қабылданатын болады.
Салалардағы экономикалық күрделілік индексін көтеру үшін білімді, өндірістік және басқарушылық әдістерді, маркетинг модельдерін және басқаларды беруді көздейтін технологиялар трансферті бағдарламалары іске асырылатын болады.
Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік қорғау, құрылыс, сауда, техникалық реттеу, өнеркәсіп, көлік және байланыс салалары жаппай цифрландырумен қамтылатын болады.
Қалалар мен аудан орталықтарында кеңжолақты интернетке кіру қамтамасыз етіледі.
Республикалық және негізгі облыстық автожолдар сапалы ұялы және интернет-байланыспен қамтылатын болады.
Өңірлік инновациялық хабтар, бизнес-инкубаторлар, технопарктер, венчурлік қорлар, бизнес-періштелер институттары, технологиялық брокерлер, краудфандингтік платформалар, блокчейн технологияларды пайдалану арқылы қаржы құралдарының жаңа буындары белсенді дами түседі.
Ашық архитектура қағидаттарына (Open API) көшу қызмет көрсету тәсілдерін трансформациялау және мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы үшін негізгі бағыт болады.
Аддитивті технологиялар, биотехнологиялар, электрондық элементтер мен тақталар, робот техникасы, жаңа энергетика, оның ішінде энергияның балама көздері, ғарыш техникасы мен технологиясы сияқты "болашақ экономика" үшін технологияларды дамыту бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Отандық зияткерлік құрамдас бөліктің (IP) болуы, әлемдік технологиялық көшбасшылар инвестицияларын тарту, экономиканың жаңа салалары мен секторларының базасы болуға қабілетті жоғары технологиялық өндірістерді ұйымдастыру "болашақ экономиканың" дамуын бағалаудың негізгі параметрлері болады.
4.5. Өңірлік саясат
Елдің өңірлік саясаты өңірлердің ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықтың тұрғылықты жеріне қарамастан олардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар мен факторларды қалыптастыруға бағытталады.
Өңірлік сәйкессіздіктерді еңсеру мақсатында экономикалық және өңірлік саясаттардың конвергенциясы жүргізіледі.
Өңірлік саясат "адамдар инфрақұрылымға" қағидатына сәйкес іске асырылады және ішкі көші-қон процестерімен және демографиялық болжаммен байланыстырылады.
Еңбекке қабілетті азаматтарды басқа өңірлерге көшіру бағдарламасын өзектілендіре отырып, ішкі экономикалық ұтқырлықтың жаңа тетіктері әзірленетін болады.
Орнықты урбандалу үрдісі шеңберінде агломерацияларды дамыту тұрғын саны миллионнан асатын қалаларға елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегі болуға мүмкіндік береді. Өңірлер ішінде өңірлік деңгейдегі жаңа "өсу орталықтары" құрылатын болады.
Елдің индустриялық дамыған өңірлерінде мемлекеттік ынталандыру арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылым салуға, трансшекаралық сауда орталықтарын дамытуға және күшейтуге бағдарланады.
Бәсекелес артықшылықтарды қамтамасыз ету үшін макроөңірлер арасындағы инфрақұрылымдық байланыс күшейтіледі және өңірішілік инфрақұрылымды жаңғырту жүзеге асырылады.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін "Ақылды қалалар" тұжырымдамасын іске асыру мақсатында цифрлық технологияларды қалалардың тыныс-тіршілігі салаларына енгізу жалғасады.
Елде құрылыс секторын дамытуды ынталандыру мақсатында құрылыс саласын реттеуде кешенді және жүйелі тәсілді қамтамасыз ететін кодталған акт қабылданатын болады.
Әрбір қала бойынша жер учаскелерінің функционалдық интерактивті карталары мен коммуналдық желілер сызбалары жасалатын болады. Жер кадастрының өнеркәсіптік мақсаттағы жер учаскелерінің карталары көлік және коммуналдық инфрақұрылымның өзекті сызбаларымен толықтырылатын болады.
4.6. Әлеуметтік әл-ауқат және адами капиталды дамыту
Білімді, дағдылар мен біліктерді тереңдету, сондай-ақ адам денсаулығын нығайту арқылы адами капиталды дамыту экономикалық прогресс пен түрленудің негізгі элементтері болып табылады.
Ғылым мен инновациялардың даму дәрежесі еңбек өнімділігі мен жұмыс орындарының сапалы өсуін, сондай-ақ халықтың табысын әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Ғылыми және практикалық қызметті, білімді коммерцияландыруды және инновациялық экожүйені дамытуды өзара байланыстыру жалғасады.
Ұлттың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекеттің күш-жігері азаматтардың зияткерлік әлеуетін ашуға, жаңа білімдерді игеруге жәрдемдесуге және осы білімді экономикаға жылдам әрі тиімді енгізу үшін жағдай жасауға шоғырланатын болады.
Денсаулық сақтау саласындағы саясат халықтың жалпы өмір сүру жасын ұзартуға және денсаулығын нығайтуға бағытталатын болады.
4.6.1. Білім беру
Білім беру саласында сапалы білім алуға тең қолжетімділіктің болуына ерекше назар аударылатын болады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі баланың базалық өмірлік дағдыларын дамытуға, ECERS (Early Childhood Environment Rating Scale) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру сапасын кешенді бағалау шәкілі бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесін енгізуге шоғырланады.
Тәрбиешілерді даярлау, біліктілігін және аттестатталуын, әлеуметтік мәртебесін көтеру жолымен мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуеті күшейтілетін болады.
Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарға жолдамаларды беру және кезектілікті бөлудің әділдігі "баланың ақшасы" қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйені жаппай пайдалану жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Мектептегі білім беру саясаты қазақстандық жастардың функционалдық сауаттылық дағдыларын нығайтуға, мұғалімдер даярлау мен білім беру контентін жақсартуға бағытталады.
Әрбір қазақстандық оқушыны оқыту және жан-жақты дамыту үшін лайықты жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында заманауи талаптарға жауап беретін жаңа оқушы орындарын құру жұмысы жалғасады.
Елді кеңістікте дамыту басымдықтарын және "білім экономикасына" көшуді ескере отырып, ауылдық елді мекендерде сапалы білім алуға қол жеткізу кеңейтіледі.
Шағын жинақталған мектептердің мұғалімдерін даярлау үшін мамандандырылған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ерекше назар аударылатын болады.
Шағын жинақталған бірнеше мектепті біріктіре отырып, "Тірек мектеп – магнит мектеп" бірыңғай білім беру кешені құрылатын болады. Оқу процесінде онлайн-платформаларды және цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану кеңінен дамитын болады.
Робот техникасы, химия, биология, физика, STEM заманауи мектеп кабинеттері ашылады.
Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізіледі, қажетті оқу материалдары цифрлық форматқа көшіріледі.
Сондай-ақ дербес білім беру ваучерлері енгізіледі. Мемлекет баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына бөлетін барлық қаражат бірыңғай білім беру шоттарында жинақталады.
Техникалық және кәсіптік білім беру (бұдан әрі – ТжКБ) жүйесі тегін кәсіптік білім алуға ниет білдіргендердің барлығын толық қамти отырып, бірінші мамандық дағдыларын кепілді алу, жұмыс күшін жаңа талаптарға бейімдеу жөніндегі міндеттерді шешеді. ТжКБ бар кадрларды даярлауда икемділікті қамтамасыз ету үшін колледждерге жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру мазмұнын және оқу мерзімдерін айқындауда академиялық дербестік беріледі.
Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бағдарланатын болады.
Кәсіпорындардың оқу орындарын қамқорлыққа алуы кеңейтіледі және WorldSkills халықаралық стандарттары енгізіледі.
Жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжирингтік орталықтар, ғылыми-технологиялық парктер құрылады.
Білім беру гранттары жүйесі ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне және өзге де көрсеткіштерге байланысты гранттар мөлшерін саралау жолымен жетілдірілетін болады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге ұзақ мерзімді жеңілдікті кредиттер алу мүмкіндігі беріледі.
Жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларының мазмұны кәсіптік стандарттар мен еңбек нарығын форсайт-зерттеулер негізінде пәнаралық тәсілді қолдана отырып және бизнес өкілдері мен жұмыс берушілерді тарта отырып жаңартылатын болады.
Жоғары оқу орындарының жанындағы эндаумент-қорларды дамыту білім беру экожүйесін дамытудың түйісуі буынына айналады.
Мамандарды еңбек нарығына жылдам интеграциялау мақсатында қолданбалы бакалаврларды даярлау жалғасады.
Қолданбалы ғылымды қаржыландыру, оның ішінде бизнестің ғылыми зерттеулерді бірлесіп қаржыландыруы есебінен кезең-кезеңімен артады, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдайлар жасалады.
Өңірлерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту бойынша шаралар қабылданады, бұл өңірлік экономиканы, корпоративтік басқаруды дамытудың, менеджмент тиімділігін арттырудың, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының әлеуетін күшейтудің драйверлеріне айналатын болады.
4.6.2. Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтау саласындағы саясат салауатты өмір салтын ілгерілетуге және сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталатын болады.
Қазіргі заманғы жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді және оңалту мен сауықтыруда тиімді тәсілдерді енгізу жалғасады.
Денсаулық сақтау жүйесінің адамға бағдарлану қағидатын күшейту үшін халыққа биомедициналық және психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік беретін бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамытудың медициналық-әлеуметтік жобалары кеңінен таратылатын болады.
Телемедициналық қызметтер көрсету жүйесі диагностикалық көрсетілетін қызметтер ауқымын кеңейтуді және заманауи цифрлық шешімдерді пайдалануды қоса алғанда, халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілетін болады.
Перинаталдық қызметтің жұмысы мен перзентханалардың жай-күйі ЭЫДҰ елдерінің халықаралық стандарттарына жақындатылатын болады.
Заманауи жабдықтармен жарақталған және білікті медициналық персоналмен жасақталған заманауи перинаталдық орталықтар желісі салынады.
Онкологиялық қызметтің жұмысы кешенді түрде жаңғыртылатын болады.
Ауыл тұрғындарына қолжетімді бастапқы медициналық-санитариялық көмекті қамтамасыз ете отырып және қажетті медициналық инфрақұрылымы бар көпбейінді орталық ауруханалар желісін дамыта отырып, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жалғасады.
Медицина кадрларын даярлау сапасын арттыру үшін ғылымның, білімнің және клиникалық практиканың үштұғырлығы негізінде жоғары медициналық білімнің интеграцияланған моделін дамыту жалғасады.
Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді университеттік ауруханалар мен клиникалар құрылатын болады.
Отандық денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Медициналық туризмді ынталандыру денсаулық сақтау жүйесін дамытуға серпін береді.
Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін дамыту медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы нақты пациенттің айналасында медициналық ақпаратты шоғырландыруды қамтамасыз етеді, бұл денсаулық сақтау саласында қызметтер көрсету сапасын арттырады.
Ерікті медициналық сақтандырудың рөлін күшейте отырып, денсаулық сақтауды және әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдері қайта қаралады. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің сапасы арта түседі.
4.6.3. Әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері бюджеттің нақты мүмкіндіктері негізге алына отырып, оларды орындауға ұмтылудың конституциялық қағидатына сәйкес іске асырылатын болады.
Халықты әлеуметтік қолдау шараларының атаулы сипатын күшейту үшін отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян жүйесі енгізілетін болады. Осы бастамалар шеңберінде мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары интеграцияланатын болады.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жаңғырту мемлекеттік әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін, МЖӘ тетіктерін және ауқымды түрде цифрландыруды кеңейту арқылы жүргізілетін болады.
Әлеуметтік саясаттың функционалдық міндеттері Әлеуметтік кодексте шоғырландырылады.
Құқықтар мен бостандықтарды қорғау кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау жөніндегі омбудсмен лауазымы енгізілетін болады.
Азаматтардың нақты табысын арттыру үшін жұмыспен қамту саясатында азаматтардың жекелеген санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден барлық еңбекке қабілетті азаматтар санатының нәтижелі жұмыспен қамтылуы үшін бастапқы тең жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескеретін ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі енгізіледі.
Жаппай жұмыспен қамту, еңбек нарығын және еңбек заңнамасын ырықтандыру, жұмыс күшінің дағдыларын күшейту, еңбек делдалдығын дамыту бойынша мемлекеттік және жеке бастамаларды үйлестіру жөніндегі шаралар қабылданады.
Жалдамалы жұмыскерлер құқықтарының сақталуын мемлекеттік қадағалау күшейтілетін болады.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жеңілдікті микрокредит берудің жеке тетігі іске қосылады.
Ерекше қажеттіліктері бар жас кәсіпкерлер қосымша гранттық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Өскелең ұрпақтың тұрғын үй сатып алу немесе білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске асырылатын болады.
Ел азаматтарының мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғауды күшейту жөніндегі қосымша шаралар әзірленеді.
Тапшы кәсіптер бойынша білікті кадрлар мен үздік мамандардың елге келуін ынталандыру, сондай-ақ өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жою тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.
Зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру мақсатында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс шамасының 70 %-ына дейін және ең жоғарғысын – тиісінше 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен көтеру көзделеді.
Жеке компанияларды зейнетақы активтерін басқаруға тарту мүмкіндігін көздейтін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясы әзірленетін болады.
4.7. Мемлекеттік басқаруды реформалау
Азаматтардың барынша қанағаттануы мемлекеттік аппарат жұмысының сапа көрсеткіші болады. Имидждік жобалар мен ситуациялық шешімдердің орнын жүйелі жұмыс басады. Ауқымды қоғамдық бақылау, ашық диалог, азаматтардың пікірін міндетті түрде есепке алу мемлекеттік басқару мен шешімдер қабылдау процесінің ажырамас бөлігіне айналады.
Бұл үшін саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттырумен қатар, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса назар аударылатын болады.
Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру бойынша, оның ішінде саяси қызметшілердің нәтижелілігі мен дербес жауапкершілігін арттыруға баса назар аудара отырып, орталық ведомстволардың сатысын оңтайландыру жолымен әкімшілік реформа іске асырылатын болады.
Деректерге негізделген икемді, бейімделетін, жоғары технологиялық басқару жүйесін құру, мемлекеттік аппараттың құрылымын оңтайландыру, "мемлекет адам үшін" қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұтынушылармен өзара іс-қимыл жасау процестері жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.
"Data-driven government" тұжырымдамасын іске асыру және (evidence-based policy making) фактілерге негізделген саясатты жүргізу мақсатында мемлекеттік басқаруды кең ауқымды цифрлық трансформациялау жүзеге асырылатын болады. Осы жұмыс шеңберінде адамның бүкіл өмірлік циклі барысында қызметтерді проактивті көрсету үшін мемлекеттік дерекқорларды пайдалана отырып, мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен қашықтан өзара іс-қимыл жасауы үшін цифрлық инфрақұрылым жасалатын болады ("Invisible Government" жобасы).
Саясаттардың (бағдарламалардың, жобалардың) халық үшін нақты өзгерістерге ықпал ету призмасы арқылы олардың іске асырылуын бағалау енгізіледі.
Жеке сектордың кәсіпқойлары үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесі қайта қаралатын болады, сондай-ақ елдің барлық кәсіпқой және патриот азаматтарына мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі беріледі.
Жастардың Президенттік кадрлық резервін жасақтау практикасы жалғасады.
Лауазымды тұлғалардың басқарушылық шешімдер қабылдауының дербес ашықтығынан толық ашықтығына көшу қамтамасыз етілетін болады.
5. Қорытынды
Орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясат адал бәсекелестікке, сапалы инвестицияларды проактивті тартуға, технологиялық трансфертке және адами капиталдың жоғары деңгейіне негізделген экономикалық дамудың ашық әрі болжамды моделін құруға бағытталған.
Дамыған және жеткілікті қамтылған кәсіпкерлік сектор еңбек өнімділігінің орнықты өсуінің драйверіне айналады, бұл азаматтардың табыс көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді және олардың нақты өсуі үшін негіз болады.
Экономикадағы мемлекеттік сектор стратегиялық салалар шеңберінде шектелетін болады.
Білім беру және денсаулық сақтау жүйелері арқылы азаматтарға инвестиция салатын және әлеуметтік тұрғыдан неғұрлым осал топтарға қолдау көрсете отырып, барлығына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін экономикалық даму моделі құрылатын болады.
Бұл ретте мемлекет тұрғылықты жеріне қарамастан, жеке бастамаларды дамыту, білім мен дағдыларды, оның ішінде кәсіби дағдыларды әл-ауқатқа трансформациялау мүмкіндігімен арттыру үшін барлық жағдайларды жасайтын болады.
Экономикалық саясат мемлекеттік саясаттарды үйлестіру, экономикалық еркіндік пен қауіпсіздік теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикалық байланыстарды нығайту арқылы жүргізілетін болады. Бұл жоғары жаһандық белгісіздік жағдайында сыртқы күйзелістер салдарын нивелирлеу үшін берік қор жинақтауға мүмкіндік береді және экономикалық өсудің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін негіз болады.
Сыртқы экономикалық дамудың көпвекторлы саясаты елдің экономикалық мүдделерін халықаралық саудада ілгерілету мен қорғаудың тиімді және оралымды жүйесін құруға ықпал ететін болады.
Жиынтығында Экономикалық саясатты іске асыру ұлттың өсіп-өркендеуін және азаматтардың әл-ауқатының нақты өсуін қамтамасыз етеді.
Белгілер мен қысқартулар
АҚ | – | акционерлік қоғам |
АӨК | – | агроөнеркәсіптік кешен |
БҰҰ | – | Біріккен Ұлттар Ұйымы |
ЖІӨ | – | жалпы ішкі өнім |
МЖӘ | – | мемлекеттік-жекешелік әріптестік |
ҚТҚ | – | қатты тұрмыстық қалдықтар |
ОАӨЭЫ | – | Орта Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы |
ТжКБ | – | техникалық және кәсіптік білім беру |
ТЖ | – | төтенше жағдай |
ҰӘҚ | – | ұлттық әл-ауқат қоры |
ШОБ | – | шағын және орта бизнес |
ЭЫДҰ | – | Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы |
ECERS | – | мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру сапасын кешенді бағалау шәкілі (Early Childhood Environment Rating Scale) |
ESG | – | экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (Enviromental, Social, Governance) |
FIDIC | – | Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы (International Federaton of Consulting Engineers) |
IAIS | – | Халықаралық сақтандыруды қадағалау қауымдастығы (International Association of Insurance Supervisors) |
IOSCO | – | Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымы (International Organization of Securities Commissions) |
IPO | – | бастапқы жария ұсыныс (Initial Public Offering) |