"Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерін, қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 13 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 мамырдағы № 356 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерін, қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы № 13 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерінде, қағидаларында:

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін 200000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесін қолдану үшін Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрі – өтініш беруші) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) филиалдары немесе "электрондық үкімет" порталы (бұдан әрі – ЭҮП) және уәкілетті орган айқындаған өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы жүгінеді.";

      5-тармақтың бірінші және екінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. ЭҮП және уәкілетті орган айқындаған өзге ақпараттандыру объектілері арқылы жүгінген кезде:

      1) өтініш беруші "жеке кабинетке" кіруді жүзеге асырады, өтінішті электрондық түрде толтырады және осы Қағидалардың 3-тармағының екінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркейді.";

      6-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік корпорация жанындағы тексеріп-қарау пунктінде тексеріп-қарауды және нөмірлік агрегаттардың, көлік құралының мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісінің тіркеу құжаттарында көрсетілген есептік деректерге сәйкестігін салыстырып тексеруді және олардың төлнұсқалығын белгілеуді (жасырын, жалған немесе қандай да бір өзге тәсілдермен өзгертілген нөмірлік агрегаттарды анықтауды) ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкері жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Егер Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттердің аумағына әкелінген көлік құралының кедендік тазартудан өтуі расталмаса, бұл ретте көлік құралы бұған дейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органында тіркеу есебінде тұрмаған болса, Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінсе және іздестіруде болмаса, мұндай көлік құралын алғашқы тіркегені үшін 200000 теңге мөлшеріндегі алым мөлшерлемесін қолдануға және оны иеліктен шығару мүмкіндігінсіз, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқығымен ғана бастапқы тіркеуге:

      1) өтініш;

      2) ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкері берген көлік құралын тексеріп-қарау актісі;

      3) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган техникалық тексеріп-қарау операторларының тізіліміне енгізген техникалық тексеріп-қарау операторы берген міндетті техникалық тексеріп-қараудан өткенін растайтын техникалық тексеріп-қараудың диагностикалық картасы негізінде жол беріледі.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады