Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 мамырдағы № 368 қаулысымен мақұлданған |
|
Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі
Тараптар арасында ақпарат алмасуға одан әрі жәрдемдесу мақсатында,
өзара құрмет және теңқұқықты консультациялар негізінде,
ақпарат берудің тиісті тетігін құру туралы келісімге қол жеткізіп,
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар осы Келісім шеңберінде мынадай негізгі бағыттар:
1. Тараптар мемлекеттерінің аумағында болу мақсаттары бойынша Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына визасыз келулер, сондай-ақ берілген визалар саны.
2. Бір Тараптың өз мемлекетінің азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген екінші Тараптың азаматтары туралы мәліметтер беруі бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар мемлекеттерінің азаматтығына қабылдау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес келуге тиіс.
3. Екі Тарап мемлекеттері азаматтарының мүдделерін қорғау үшін Тараптар мемлекеттерінің осы Келісім күшіне енгенге дейін өз азаматтығын ауыстырған азаматтары туралы мәліметтермен өзара алмасу бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптардың құзыретті органдары мұндай мәліметтерді осы Келісім күшіне енгеннен кейін 6 (алты) ай ішінде дипломатиялық арналар арқылы жібереді. Тараптар азаматтардың тізімдерін алған кезде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өзінің бұрынғы азаматтығының болуы не тоқтатылуы туралы адамдар бойынша ақпаратты 2 (екі) ай ішінде жібереді.
4. Тараптар келу, болу және кету қағидаларын бұзған екінші Тарап мемлекетінің азаматтарына қатысты бір-біріне хабарлайды.
Мыналар:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
Қытай Тарапынан – Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасы осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдар болып табылады.
Тараптар жоғарыда аталған құзыретті органдардың ресми атауы мен функциялары өзгерген жағдайда, бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
1. Тараптар алмасатын азаматтар туралы ақпарат: тегін, атын, әкесінің атын (орыс және латын тілдерінде жазылған), жынысын, туған күнін, туған жерін, азаматтығын, тиісті құжаттың сериясын, нөмірін, берілген күнін, оны берген органды, ұлтын, фотосуретін қамтиды.
2. Осы Келісімнің 1-бабының 1, 2 және 4-тармақтарында көрсетілген мәліметтер тоқсан сайын беріледі.
Тараптардың әрқайсысының мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау немесе халықтың денсаулығын қорғау мақсатында осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара уақытша тоқтата тұруға құқығы бар.
Тараптар мұндай шараларды қабылдағаны туралы немесе олардың күшін жойғаны туралы алдын ала, бірақ мұндай шешімді қабылдаған кезден бастап 72 сағаттан кешіктірмей бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайтын болады.
Тараптар осы Келісімнің кейбір немесе барлық ережелерін уақытша қалпына келтіру күні туралы дипломатиялық арналар арқылы уағдаласады.
Осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы барлық даулы мәселелер өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мүдделі Тараптың жәрдем көрсету туралы жекелеген сұрау салулары (бұдан әрі – сұрау салу) бойынша жүзеге асырылады.
Сұрау салу және сұрау салуға жауап жазбаша нысанда, оның ішінде қорғалған электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.
Сұрау салуға Тарап мемлекетінің құзыретті органының басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам қол қояды.
Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде сұрау салулардың үлгілерімен алмасады.
Сұрау салуды орындау мерзімі келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспауға тиіс.
Тараптар осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде ағылшын тілін пайдаланады.
Тараптар сұрау салудың келіп түсу фактілерінің, оның мазмұны мен оған ілеспе құжаттардың құпиялылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ жәрдем көрсету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау егемендікке, қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, басқа да елеулі мүдделерге нұқсан келтіруі мүмкін деп не оның мемлекетінің заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп пайымдаса, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартылады. Сұрау салушы Тарап бас тарту себептері көрсетіле отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабардар етіледі.
Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін осындай мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала келісімі талап етіледі.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы тиісті жазбаша хабарламаны екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жіберу жолымен осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы осындай хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кейін тоқтатылады.
202__ жылғы "___" _____ _________________ қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қытай Халық РеспубликасыныңҮкіметі үшін |